Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 14 ақпандағы № 554-IV Заңы.

      2000 жылғы 15 маусымда Женевада Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 88-сессиясында қабылданған Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенция ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
183-КОНВЕНЦИЯ

      Конференцияның сексен сегізінші сессиясында қабылданған

      Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны

      қайта қарау туралы конвенция

      Женева, 2000 жылғы 15 маусым

      тең түпнұсқалық мәтін

АНАНЫ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ
1952 ЖЫЛҒЫ (ҚАЙТА ҚАРАЛҒАН) КОНВЕНЦИЯНЫ
ҚАЙТА ҚАРАУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

      Халықаралық Еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі,

      Женевада шақырған және 2000 жылғы 30 мамырда өзінің 88-сессиясына жиналған,

      Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы еңбек саласында барлық әйелдердің теңдігіне, сондай-ақ ана мен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне одан әрі жәрдемдесу үшін Ананы қорғау туралы 1952 жылғы Конвенция (қайта қаралған) мен Ұсынымды қайта қарау қажеттігін атап көрсете отырып, сол арқылы мүше мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік даму деңгейіндегі айырмашылықты, сондай-ақ кәсіпорындар сипатының әртүрлілігін және ұлттық заңнама мен тәжірибеде көзделген ананы қорғау деңгейіндегі айырмашылықтарды мойындай отырып,

      Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының (1948 ж.), Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ конвенциясының (1979 ж.), Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының (1989 ж.), Пекин Декларациясы және Іс-әрекет тұғырнамасының (1995 ж.), Халықаралық еңбек ұйымының еңбекші әйелдерге қатысты мүмкіндіктер мен қатынас теңдігі туралы декларациясының (1975 ж.), Халықаралық еңбек ұйымының Еңбек саласындағы негіз қалаушы қағидаттар мен құқықтар және оларды іске асыру механизмдері туралы декларациясының (1998 ж.), сондай-ақ еңбекші әйелдер мен ерлер үшін мүмкіндіктер мен қатынас теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық еңбек конвенциялары мен ұсынымдарының, атап айтқанда 1981 жылғы Отбасылық міндеттері бар еңбекшілер туралы конвенцияның ережелерін атап көрсете отырып,

      еңбекші әйелдердің жағдайын және жүктілігін қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі үкімет пен қоғамның жалпы міндеті болып табылатынын ескере отырып,

      сессия күн тәртібінің төртінші тармағы болып табылатын Ананы қорғау туралы 1952 жылғы Конвенция (қайта қаралған) мен Ұсынымды қайта қарау туралы бірқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып және

      бұл ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын беруді ұйғара отырып, екі мыңыншы жылғы он бесінші маусымда Ананы қорғау туралы 2000 жылғы Конвенция деп аталуы мүмкін мына Конвенцияны қабылдайды.

ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсатында "әйел" термині қандай да бір кемсітушіліксіз кез келген әйел жынысты адамды, ал "бала" термині қандай да бір кемсітушіліксіз кез келген баланы білдіреді.

2-бап

      1. Осы Конвенция тәуелді еңбектің әйелдерге тән емес түрлерімен айналысатын әйелдерді қоса алғанда, жалданып жұмыс істейтін барлық әйелдерге қатысты қолданылады.

      2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын әрбір мүше мемлекет мүдделі жұмыс берушілер мен еңбекшілердің өкілді ұйымдарымен консультация өткізгеннен кейін, егер Конвенцияның оларға қолданылуы айтарлықтай сипаттағы ерекше проблемалардың туындауына әкеп соғатын болса, еңбекшілердің шектеулі санаттарын осы Конвенцияның қолданылу аясынан толық немесе ішінара алып тастай алады.

      3. Алдыңғы тармақта көзделген мүмкіндіктерді пайдаланатын әрбір мүше мемлекет Халықаралық еңбек ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынылатын өзінің осы Конвенцияның қолданылуы туралы бірінші баяндамасында еңбекшілердің осындай тәсілмен алып тасталған санаттарын атап көрсетеді және оларды алып тастаудың себептерін көрсетеді. Өзінің кейінгі баяндамаларында мүше мемлекет осы Конвенция ережелерінің қолданылу аясын осы санаттарға біртіндеп кеңейту мақсатында қабылданған шараларды сипаттайды.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

3-бап

      Әрбір мүше мемлекет жұмыс берушілер мен еңбекшілердің өкілді ұйымдарымен консультация өткізгеннен кейін, жүкті әйелдердің немесе бала емізетін аналардың құзырлы биліктің айқындауы бойынша ананың немесе баланың денсаулығына зиянды болып табылатын не қолда бар бағалау бойынша ананың немесе оның баласының денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін жұмысты орындамауы тиістігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды.

ЖҮКТІЛІККЕ ЖӘНЕ БОСАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДЕМАЛЫС

4-бап

      1. Медициналық куәлікті ұсынғаннан кейін немесе ұлттық заңнамада және тәжірибеде көзделген босанудың болжамды мерзімін куәландыратын өзге тиісті тексеруден кейін, өзіне қатысты осы Конвенция қолданылатын әйел жүктілігі мен босануы бойынша ұзақтығы 14 аптадан кем емес демалыс алуға құқылы.

      2. Әрбір мүше мемлекет жоғарыда көрсетілген демалыс ұзақтығын осы Конвенцияның ратификациялануын сүйемелдейтін декларацияда көрсетеді.

      3. Әрбір мүше мемлекет кейіннен Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына жүктілікке және босануға байланысты демалыстың мерзімін арттыру туралы жаңа декларацияны ұсына алады.

      4. Ана мен баланың денсаулығын сақтау қажеттігін ескере отырып, егер ұлттық деңгейде үкімет пен жұмыс берушілер мен еңбекшілердің өкілді ұйымдарының арасында өзге мерзім келісілмеген болса, жүктілікке және босануға байланысты демалыс бала туылғаннан кейін ұзақтығы алты апта болатын міндетті кезеңді қамтиды.

      5. Жүктілікке және босануға байланысты демалыстың босану алдындағы бөлігі болжамды босану мерзімі мен нақты босанған күні аралығында өткен кезеңге тең уақытқа, босанудан кейінгі міндетті демалыстың қандай да бір бөлігінің мерзімі қысқартылмай ұзартылады.

АУРУ НЕМЕСЕ АСҚЫНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДЕМАЛЫС

5-бап

      Медициналық куәлік ұсынылғаннан кейін жүктілік немесе босану себебінен ауру, асқыну жағдайында немесе асқыну қаупі болған жағдайда, жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезеңіне дейін немесе одан кейін қосымша демалыс беріледі. Мұндай демалыстың сипаты және ең ұзақ мерзімі ұлттық заңнамаға және тәжірибеге сәйкес белгіленеді.

ЖӘРДЕМАҚЫЛАР

6-бап

      1. Ұлттық заңнамаға немесе ұлттық тәжірибеге сәйкес келетін кез келген өзге тәсілге сәйкес 4 немесе 5-баптарда көрсетілген демалысқа байланысты жұмыста жоқ әйелдерге ақшалай жәрдемақылар беріледі.

      2. Ақшалай жәрдемақылар әйелдің өзіне және баласына санитарлық-гигиеналық тұрғыдан лайықты жағдай мен тиісті өмір деңгейін қамтамасыз етерліктей деңгейде белгіленеді.

      3. Егер ұлттық заңнамаға немесе тәжірибеге сәйкес 4-бапта көрсетілген демалысқа байланысты төленетін ақшалай жәрдемақыларды есептеу алдыңғы табысының негізінде жүзеге асырылатын болса, онда мұндай ақшалай жәрдемақылардың мөлшері әйелдің алдыңғы табысының немесе жәрдемақыларды есептеу кезінде ескерілетін табысының кемінде үштен екі бөлігі деңгейінде белгіленеді.

      4. Егер ұлттық заңнамаға немесе тәжірибеге сәйкес 4-бапта көрсетілген демалысқа байланысты төленетін ақшалай жәрдемақылардың мөлшерін айқындау үшін басқа әдістер қолданылатын болса, онда мұндай жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен алдыңғы тармақтың ережелерін қолдану кезінде алынатын сома деңгейінде белгіленеді.

      5. Әрбір мүше мемлекет ақшалай жәрдемақы алу құқығын беретін шарттарды осы Конвенцияның қолданылу аясына жататын әйелдердің айтарлықтай көп бөлігі қанағаттандыра алуын қамтамасыз етеді.

      6. Егер әйел ұлттық заңнамаға сәйкес немесе ұлттық тәжірибеге сәйкес келетін кез келген өзге тәсілмен белгіленетін ақшалай жәрдемақыларды aлу құқығын беретін шарттарға сай келмесе, онда ол мұндай көмекті бөлу үшін талап етілетін кіріске тексеру жүргізген жағдайда, әлеуметтік көмек қорларынан төленетін барабар жәрдемақы алуға құқылы.

      7. Медициналық көмек әйелге және оның баласына ұлттық заңнамаға сәйкес не ұлттық тәжірибеге сәйкес келетін кез келген өзге тәсілмен көрсетіледі. Медициналық көмек босануға дейінгі, босану кезіндегі және одан кейінгі кезеңдегі көмекті, сондай-ақ қажет болған жағдайда ауруханаға салуды қамтиды.

      8. Әйелдердің еңбек нарығындағы жағдайын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 4 және 5-баптарда аталған демалысқа байланысты жәрдемақылар міндетті әлеуметтік сақтандыру қорларынан немесе қоғамдық қорлардан не ұлттық заңнамада және тәжірибеде айқындалған тәртіпке сәйкес төленеді. Жұмыс беруші өзінде жалданып жұмыс істейтін әйелге кез келген мұндай ақшалай жәрдемақыларды төлеуге байланысты тікелей шығыстарға:

      а) бұл мүше мемлекеттің Халықаралық еңбек ұйымының осы Конвенциясын қабылдаған күнге дейін қолданылған ұлттық заңнамасында немесе тәжірибесінде көзделген; немесе

      b) бұл үкімет пен жұмыс берушілер мен еңбекшілердің өкілді ұйымдарының арасында ұлттық деңгейде қол жеткізілген келісім мәні болған жағдайларды қоспағанда, өзінің бұған нақты айқын келісімінсіз жеке жауаптылықта болмайды.

7-бап

      1. Экономикасы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жеткілікті дамымаған мүше мемлекет, егер ақшалай жәрдемақылар ұлттық заңнамаға сәйкес белгіленетін ауыру немесе еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында төленетін жәрдемақылар ставкасынан төмен емес мөлшерде төленетін болса, жоғарыда 6-баптың 3 және 4-тармақтарында жазылған ережелерді сақтайтын болып есептеледі.

      2. Алдыңғы тармақта көзделген мүмкіндіктерді пайдаланатын мүше мемлекет Халықаралық еңбек ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес жолданған осы Конвенцияның қолданылуы туралы өзінің бірінші баяндамасында оның себептерін түсіндіреді және берілетін ақшалай жәрдемақылардың мөлшерін көрсетеді. Өзінің кейінгі баяндамаларында мүше мемлекет жәрдемақылар мөлшерін біртіндеп арттыру мақсатында қандай шаралар қабылдағанын көрсетеді.

ЖҰМЫС ОРНЫН САҚТАУ ЖӘНЕ КЕМСІТУШІЛІККЕ ЖОЛ БЕРМЕУ

8-бап

      1. Жұмыс берушінің әйелді жүктілігі немесе бала тууына және соның салдарына немесе емізілетін баланы тамақтандыруға байланысты емес себептермен жұмыстан босатуын қоспағанда, оның жүктілігі кезеңінде немесе 4 немесе 5-бапта көзделген демалысқа байланысты жұмыста болмаған кезеңінде немесе ұлттық заңнамада белгіленетін оның жұмысқа қайта оралғанынан кейінгі кезеңде жұмыстан босатуы заңсыз болып табылады. Жұмыстан босатудың себебі жүктілікке немесе босануға және соның салдарына немесе емізілетін баланы тамақтандыруға байланысты емес екенін дәлелдеу ауыртпалығы жұмыс берушіге жүктеледі.

      2. Жүктілігі және босануы бойынша демалысы аяқталғаннан кейін әйелге еңбекақысының бұрынғы ставкалар бойынша төленуімен, өзінің бұрынғы немесе балама жұмыс орнына қайта оралу құқығына кепілдік беріледі.

9-бап

      1. Әрбір мүше мемлекет 2-баптың 1-тармағының ережесіне қарамастан, жұмыспен қамтуға қолжетімділікті қоса алғанда, жүктілік пен босанудың жұмыспен қамту саласындағы кемсітушілікке себеп болмауын қамтамасыз ететін қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Алдыңғы тармақта көрсетілген шаралар:

      a) жүкті әйелдер немесе бала емізетін аналардың орындауына ұлттық заңнамада тыйым салынған немесе шектелген жұмыстарға; немесе

      b) ана мен баланың денсаулығына айтарлықтай айқын қауіп төндіретін жұмыстарға қатысты ұлттық заңнамада талап етілген жағдайларды қоспағанда, әйел жұмысқа орналасқан сәтте одан жүктілікке талдау жасауды немесе осындай талдау жасалғаны туралы анықтама ұсынуды талап етуге тыйым салуды қамтиды.

БАЛА ЕМІЗЕТІН АНАЛАР

10-бап

      1. Әйелге баласын емізу үшін күніне бір немесе бірнеше үзіліс жасау немесе жұмыс уақытын күнделікті қысқарту құқығы беріледі.

      2. Емізілетін баланы тамақтандыруға арналған үзілістерге немесе жұмыс уақытын күнделікті қысқартуға жол берілетін мерзім, оның саны мен ұзақтығы, сондай-ақ жұмыс уақытын күнделікті қысқарту рәсімдері ұлттық заңнамаға және тәжірибеге сәйкес айқындалады. Бұл үзілістер немесе жұмыс уақытын күнделікті қысқарту жұмыс уақыты ретінде есептеледі және оның ақысы тиісті тәсілмен төленеді.

МЕРЗІМДІК ҚАЙТА ҚАРАУ

11-бап

      Әрбір мүше мемлекет 4-бапта көрсетілген демалыс ұзақтығын арттырудың және 6-бапта көрсетілген ақшалай жәрдемақылардың сомасын немесе ставкасын арттырудың орындылығын жұмыс берушілер мен еңбекшілердің неғұрлым өкілді ұйымдарымен консультация өткізе отырып, мерзімді зерттеп отырады.

ҚОЛДАНЫЛУЫ

12-бап

      Осы Конвенция ұжымдық шарттар, төрелік қаулылар, сот шешімдері сияқты өзге құралдардың көмегімен немесе ұлттық тәжірибеге сәйкес келетін кез келген өзге тәсілмен қолданылатын жағдайларды қоспағанда, заңнама арқылы қолданылады.

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

13-бап

      Осы Конвенция Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарайды.

14-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми грамоталар Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына тіркеу үшін жолданады.

15-бап

      1. Осы Конвенцияның ратификациялау грамоталарын Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры тіркеген Халықаралық еңбек ұйымының мүше мемлекеттері үшін ғана міндетті күші болады.

      2. Ол Бас директор Ұйымға мүше екі мемлекеттің ратификациялау грамоталарын тіркеген күннен кейін 12 айдан соң күшіне енеді.

      3. Кейіннен осы Конвенция әрбір мүше мемлекет үшін оның ратификациялау грамотасы тіркелген күннен кейін 12 айдан соң күшіне енеді.

16-бап

      1. Осы Конвенцияны ратификациялаған әрбір мүше мемлекет оның алғаш күшіне енген күнінен бастап он жыл өткеннен кейін, оны Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына тіркеу үшін жолдаған денонсациялау туралы өтінішімен денонсациялай алады. Денонсация тіркелген күнінен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған және алдыңғы тармақта көрсетілген он жыл өткеннен кейін бір жылдық мерзімде осы бапта көзделген денонсациялау құқығын пайдаланбаған әрбір мүше мемлекет үшін Конвенция келесі он жылға күшінде қалатын болады және кейіннен ол оны әр он жыл өткеннен кейін осы бапта көзделген тәртіпте денонсациялай алады.

17-бап

      1. Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры өзіне Ұйымға мүше мемлекеттер жолдаған барлық ратификациялау грамоталары мен денонсациялау туралы өтініштердің тіркелгені туралы Халықаралық еңбек ұйымының барлық мүше мемлекеттерін хабардар етеді.

      2. Бас директор Ұйымға мүше мемлекеттерді өзі алған екінші ратификациялау грамотасының тіркелгені туралы хабардар ете отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшіне енетін күніне аударады.

18-бап

      Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры алдыңғы баптардың ережелеріне сәйкес өзі тіркеген барлық ратификациялау грамоталары мен денонсациялау туралы өтініштер жөніндегі толық мәліметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тіркеу үшін жолдайды.

19-бап

      Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі қажет деп есептеген жағдайларда, осы Конвенцияның қолданылуы туралы баяндаманы Бас конференцияға ұсынады және оны толық немесе ішінара қайта қарау туралы мәселені Конференцияның күн тәртібіне енгізудің орындылығын қарайды.

20-бап

      1. Егер Конференция осы Конвенцияны толық немесе ішінара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және егер жаңа конвенцияда өзгеше көзделмесе, онда:

      a) мүше мемлекеттердің ішінде қандай да бірінің жаңа қайта қарайтын конвенцияны ратификациялауы, жоғарыдағы 16-баптың ережелеріне қарамастан, жаңа қайта қарайтын конвенция күшіне енген жағдайда, осы Конвенцияны автоматты түрде тез арада денонсациялауға әкеп соқтырады;

      b) жаңа қайта қарайтын конвенция күшіне енген күнінен бастап осы Конвенция Ұйымға мүше мемлекеттердің ратификациялауы үшін ашық болуын тоқтатады.

      2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бірақ қайта қарайтын конвенцияны ратификацияламаған мүше мемлекеттер үшін кез келген жағдайда нысаны мен мазмұны бойынша күшінде қалады.

21-бап

      Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.

      Конвенцияның осы тең түпнұсқалық мәтінін Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы өзінің Женевада өткізілген сексен сегізінші сессиясында мақұлдады және 2000 жылғы 15 маусымда жабылуында қол қойды.

      Осының дәлелі ретінде біз осы құжатқа 2000 жылғы он алтыншы маусымда қол қойдық.

      Конвенцияның осы тең түпнұсқалық мәтінін Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы өзінің Женевада өткізілген сексен сегізінші сессиясында мақұлдады және 2000 жылғы 15 маусымда жабылуында қол қойды.

      Осының дәлелі ретінде біз осы құжатқа 2000 жылғы он алтыншы маусымда қол қойдық.

      Конференцияның төрағасы

      Марио Альберто Фламарик

      Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры

      Хуан Сомавиа

      Конвенцияның осында берілген мәтіні Халықаралық еңбек конференциясының төрағасы және Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры қол қойған түпнұсқалық мәтіннің дәл көшірмесі болып табылады.

      Көшірме түпнұсқамен дәлме-дәл және мазмұны бойынша толық болып табылады.

      Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры үшін

      Джанель Диллер

      Халықаралық еңбек ұйымының заң кеңесшісі

      Халықаралық еңбек ұйымы

      Әкімшілік кеңсесі

Өтініш (декларация)

      Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы Конвенцияның 4-бабы 2-тармақшасына сәйкес (183-Конвенция) Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан, Қазақстан Республикасында жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы 18 аптадан (қиналып босанған немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда - 20 апта) тұратындығын растаймын.

Қазақстан Республикасы


Еңбек және халықты әлеуметтік


қорғау министрі

Г. Әбдіқалықова


ХЕҰ № 183 Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің тізбесі

мемлекет

ратификацияланған күні

мәртебесі

Албания

24.07.2004

ратификацияланды

Австрия

30.04.2004

ратификацияланды

Әзірбайжан

29.10.2010

ратификацияланды

Беларусь

10.02.2004

ратификацияланды

Белиз

09.11.2005

ратификацияланды

Босния және Герцеговина

18.01.2010

ратификацияланды

Болгария

06.12.2001

ратификацияланды

Куба

01.06.2004

ратификацияланды

Кипр

12.01.2005

ратификацияланды

Венгрия

04.11.2003

ратификацияланды

Италия

07.02.2001

ратификацияланды

Латвия

09.02.2009

ратификацияланды

Литва

23.09.2003

ратификацияланды

Люксембург

08.04.2008

ратификацияланды

Мали

05.06.2008

ратификацияланды

Молдова Республикасы

28.08.2006

ратификацияланды

Марокко

13.04.2011

ратификацияланды

Нидерланды

15.01.2009

ратификацияланды

Румыния

23.10.2002

ратификацияланды

Сербия

31.08.2010

ратификацияланды

Словакия

12.12.2000

ратификацияланды

Словения

01.03.2010

ратификацияланды


      ратификацияланды: 20 ескертпемен ратификацияланды - 0 қолдану мүмкіндігі туралы өтініш - 0 жойылды - 0

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады