1992 жылғы 5 қазанда Нью-Йоркте жасалған Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Өкілдігін ашу туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ
Ағылшын тілінен ресми емес аударма
Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының
Өкілдігін ашу туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен
Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы
КЕЛІСІМ
(1992 жылғы 5 қазанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Кіріспе бөлім
Экономикалық дамудың аса маңызды проблемаларын шешуге қосымша күш-жігер жұмсау, әлеуметтік прогреске, тұрмыс жағдайларын жақсартуға жәрдемдесу мақсатымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Алматыда Уақытша Өкілдік ашуына Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы мүдделі екендігін басшылыққа ала отырып;
Жұмыс жағдайларын және осымен байланысты басқа да мәселелерді қоса алғанда, БҰҰ өкiлдiгiнiң толық әрi тиiмдi жұмыс iстеуiне жағдай жасау үшiн, сондай-ақ басты мақсатты жүзеге асыру - Қазақстан Республикасының Үкіметімен және халқымен ынтымақтастық пен өзара түсiнiстiктi нығайту үшiн қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалануға Қазақстан Республикасының Үкiметi келіскендігін басшылыққа ала отырып;
Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйымдық құрылымы ретiнде БҰҰ Өкiлдiгін ашуға және БҰҰ-ның артықшылықтары мен иммунитет жөніндегі конвенциясына сәйкес оның ресми өкiлдерiн қабылдауға Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң келiскендігін еске ала отырып;
Алматыда БҰҰ-ның Уақытша Өкiлдiгiн ашумен байланысты мәселелердi реттеу мақсатымен келісім жасауға ұмтыла отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі достық ынтымақтастық рухында мына төмендегiлер жөнінде уағдаласты:
1-бап
АНЫҚТАМАЛАР
Осы Келiсiмде мына төмендегi анықтамалар пайдаланылады:
а) "Офис" - ұйымдық құрылым ретінде БҰҰ Өкiлдiгi деген мағынаны бiлдiредi, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы бұл ұйымдық құрылым арқылы бiрлескен бағдарламаларды орындауда көмек пен ынтымақтастықты жүзеге асырады;
б) "Yкiмет" - Қазақстан Республикасының Үкiметi деген мағынаны білдiредi;
в) "Басшы органдар" - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс iстейтiн республикалық, аймақтық және басқа компетенттi ұйымдар деген мағынаны бiлдiредi;
г) "Келiсiм" (конвенция) - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтары мен иммунитетi туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 1946 жылы ақпанның 13-iнде бекiткен Конвенция деген мағынаны бiлдiредi;
д) "Тараптар" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасының Yкiметi деген мағынаны бiлдiредi;
е) "Офистiң басшысы" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының өкiлi болып табылатын ресми адам деген мағынаны бiлдiредi;
ж) "Өкiлдік қызметкерлері" - ұлтына қарамастан, БҰҰ қабылдаған штат кестесi мен ережелерге сәйкес жұмыс iстейтiн Ресми өкiл мен өкiлдiк штатының барлық қызметкерлерi деген мағынаны білдіреді, бұған жергілікті жерде жалданған және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 7 желтоқсандағы 76/1/-Қарарына сәйкес сағат бойынша ақы төлеу шарттарымен ақы алып жұмыс істейтін адамдар кірмейді;
з) "Өкілдiк сарапшылары" - ресми қызметкерлерден немесе БҰҰ атынан келiсім бойынша жұмыс істейтiн, миссия жалдаған және Конвенцияның 6, 7-баптарының ережелерi негiзiнде қызмет iстейтiн адамдар деген мағынаны бiлдiредi;
и) "БҰҰ атынан жұмыс iстейтiн адамдар" - өкiлдiктiң тұрақты қызметкерлерiнен өзгеше, шарт бойынша жалданып жұмыс iстейтiн және бағдарламаларды немесе басқа өндiрiстiк қызметтi iске асыратын немесе оларды орындауға көмектесетiн адамдар деген мағынаны бiлдiредi;
к) "ЮНДП" - даму бағдарламалары жөнiндегi Бірiккен Ұлттар Ұйымы деген мағынаны бiлдiредi;
д) "ЮНХЦР" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының эмиграция iстерi жөнiндегi Жоғарғы комиссары деген мағынаны бiлдiредi, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 3 желтоқсандағы 319/IV/-қарарына сәйкес тағайындалады;
м) "ЮНИСЕФ" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 11 желтоқсандағы 57/1/-қарарына сәйкес бекiтiлген;
н) "ЮНЕП" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөнiндегi бағдарламасы, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 1977 жылғы 15 желтоқсандағы 2997/ХХVII/-қарарына сәйкес бекiтiлген;
о) "Өкiлдiк ғимараты" - Қазақстан Республикасындағы БҰҰ пайдаланатын қызмет көрсету және байланыс құралдарын қоса алғанда офис пен оның филиалдары орналасқан және Үкіметке осылай деп мәлімделген үйлер деген мағынаны білдiредi;
п) "Ұйым" - Бірiккен Ұлттар Ұйымы деген мағынаны бiлдiредi;
р) "Тарап" - Қазақстан Республикасы деген мағынаны бiлдіредi.
2-бап
ҚЫЗМЕТТIҢ МАҚСАТТАРЫ МЕН ӨРIСТЕРI
Өкiлдiк мына төмендегiлердi iстеуге тиiс:
1. Экономикалық және әлеуметтiк зерттеулердi өзара жүзеге асыру, техникалық ынтымақтастық, қызметшiлер даярлау және ақпарат тарату арқылы экономикалық даму мен әлеуметтiк прогреске жәрдемдесетiн бағдарламалар бойынша Үкiметпен істес болу.
2. БҰҰ-ның тиiстi қарарларына, шешiмдерiне, нормативтерiне, ережелерiне және саясатына сәйкес елде ЮНДР, ЮНВК, ЮНИСЕФ, ЮНЕП және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының басқа да органдарының жұмысын үйлестіру.
3. Бірiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылығы өкiлдiкке тапсыруы мүмкiн басқа да қызметтi жүзеге асыру.
4. Қажет болған жағдайда БҰҰ өз органдары мен бағдарламалары арқылы Қазақстан Yкіметiмен 18-бапқа сәйкес көмек бағдарламаларына қатысы бар қосымша келісiмдер жасай алады.
3-бап
3АҢДЫ ҰЙЫМДАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЗАҢ ЖҮЗIНДЕГI МҮМКIНДІКТЕРІ
Біріккен Ұлттар, өз Өкілдігі арқылы іс-қимыл жасай отырып,
а) шарт жасасу,
б) қозғалмалы және қозғалмалы емес меншікті сатып алу және оған иелік ету,
в) құқықтық процедураларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуға тиіс.
4-бап
КОНВЕНЦИЯНЫ ҚОЛДАНУ
Конвенция Өкiлдiктiң, оның қызметкерлерi мен сарапшыларының қызметiне, оның меншiгі мен қорларына қолданылуға тиiс.
5-бап
ӨКIЛДIК СТАТУСЫ
1. Бiрiккен Ұлттар осы Келiсiмге немесе төмендегi 18-бапта келiсiлген өзге қосымша шартқа сәйкес өзiне алынған мiндеттемелердi орындау мақсатында елде өзiнiң Өкiлдiгiн ашады және ұстайды.
2. Бiрiккен Ұлттар, оның мүлкi мен активтерi қай жерде және кiмнiң құзырында болғанына қарамастан, соттың кез келген қол сұғушылық нысанына қарсы иммунитетпен пайдаланады, бұған тек БҰҰ-ның өзi иммунитеттен бас тартқан жекелеген жағдайлар жатпайды. Алайда қандай да болсын иммунитеттен бас тарту сот орындау шараларына қатысты емес деп есептеледi.
3. а) Өкілдіктің ғимаратына тиісуге болмайды. Өкілдіктің мүлкі мен активтерiн қай жерде және кiмнiң құзырында болғандығына қарамастан, тiнтуге, реквизициялауға, тәркiлеуге, экспроприациялауға және атқару, әкімшілік, сот, заң немесе басқа әрекет жолымен қол сұғушылықтың қандай да болсын бір нысанына жол берілмейді;
б) Өкiлдiк басшысы келiсiм берген және онымен келiсілген жағдайларды қоспағанда, өздерiнің ресми мiндеттерiн орындау үшін лауазымды кiсiлер Өкiлдiк ғимаратына кiрмеуге тиiс.
4. Лауазымды кiсiлер Өкiлдiктiң қауiпсiздiгi мен қорғалуын, Өкiлдiк ғимаратының iшінде де, сондай-ақ одан тыс жерде де, немесе оған жақын тұста да жекелеген адамдардың немесе топ адамның тыныштықты бұзбауын қамтамасыз етуге күш салуға тиiс.
5. Өкiлдiктiң архивiне, қай жерде және кiмнiң қолында болғандығына қарамастан оған тиесiлi барлық құжаттарға қол сұғылмауға тиiс.
6-бап
ӨКІЛДIКТIҢ ҚОРЛАРЫ, МҮЛКI ЖӘНЕ БАСҚА МЕНШIГI
1. Өкiлдiктiң қызметi қандай да болсын қаржыны бақылаумен, реттеумен немесе кез келген тыйым салу түрiмен шектелмейдi:
а) қорларға, алтынға немесе кез келген келiсiлген затқа ие болып, пайдалана алады; кез келген валютамен есеп ұстап, оны пайдалана және жұмсай алады;
б) өзiнiң қорларын, алтынын немесе валютасын бiр елден екiншi елге немесе кез келген елдiң шегiнде, басқа ұйымдарға немесе БҰҰ жүйесiнiң агенттiктерiне еркiн аудара алады;
в) өзiнiң қаржылық операциялары үшiн ең қолайлы, заңды айырбас шарттарын пайдалана алады.
2. Өкілдік, оның мүлкі, табысы және басқа меншігі:
а) барлық тікелей, жанама салықтардан, жарналардан, алымдардан немесе міндеткерліктен босатылуға тиіс; бұл жерде іс жүзінде тармақтар бойынша айқындалып, белгіленген және тізімде көрсетілген мөлшерде коммуналдық қызмет үшін үкіметке немесе тиісті органдарға төлейтін шығындарынан аспайтын төлемдерден босатуды Өкілдіктің талап етіп отырмағаны түсінікті;
б) Өкiлдiк қызметкерлерiне қажеттi заттарды әкелуде және әкетуде дәстүрлi алымдардан, тыйым салулардан және шектеулерден босатылуға тиiс. Мұндай жолмен әкелiнген бұйымдар, сол елдің үкiметімен келiсiлген жағдайды есепке алмағанда, сол елдiң өзінде сатыла алмайтыны түсiнiктi;
в) өзiнiң баспа өнiмдерi жөнiнде импорт пен экспорттың дәстүрлi алымдарынан, тыйым салуларынан және шектеулерiнен босатыла алады.
7-бап
ӨКIЛДIК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРI
1. Өкiлдiктiң қызметкерлерi:
а) айтқан немесе жазған сөздерi үшiн және лауазымды адам ретінде жасаған іс-әрекеттерi үшiн сот жауапкершiлiгiне тартылмайды. Мұндай иммунитет Өкiлдiкпен жасалған шарт бұзылғаннан кейiн де сақталады;
б) Өкiлдiктiң төлейтiн еңбекақысы мен сыйақысына салынатын салықтардан босатылады;
в) мемлекеттiк қызмет міндеткерлiгiнен босатылады.
2. Бұған қосымша ретінде, Өкілдіктің халықаралық тәртіппен қабылданған қызметкерлері:
а) өзінің әйелімен және өз асырауындағы туысқандарымен бірге иммиграция жөніндегі шектеулерден және шетелдіктер ретінде тіркеуден босатылады;
б) валюта айырбасы жөнiнде Үкiмет жанында аккредитацияланған дипломатиялық миссия құрамына кіретiн тиiстi шендегi лауазымды кiсiлерге берiлетiн артықшылықтарды пайдаланады;
в) өзiнің әйелiмен және өз асырауындағы туысқандарымен бiрге дипломатиялық өкiлдер халықаралық дағдарыс кезiнде пайдаланатын репатриация жөнiндегi жеңiлдiктердi пайдаланады;
г) өзiн қабылдаған елде лауазымдық қызметiне алғаш кiрiскенде өзiнiң жиһаздары мен мүлкiн мемлекеттiк алым-салықсыз алып келуге қақылы.
3. БҰҰ мен елдiң Үкiметi арасында келiсiлуi мүмкiн болғанындай, Өкiлдiктiң басшысы және өзге де лауазымды адамдар өздерiмен шендес дипломатиялық қызметкерге үкiмет беретiн артықшылықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланады. Осы мақсатпен Өкiлдiк басшысының аты-жөнi дипломатиялық тiзiмге енгiзiлуге тиіс.
4. Өкiлдiкке халықаралық тәртіппен алынған қызметкерлер, сондай-ақ төмендегiдей жеңiлдiктердi пайдаланады:
а) үкiметтiң қолданылып жүрген ұйғарымына сәйкес шектеулi мөлшерде жеке пайдаланатын заттарын кеден тексерiсi мен алымынсыз еркiн апара алады;
б) шенiне сай дипломатиялық қызметкерге қатысты үкiметтiң қолданылып жүрген ережесiне сәйкес қатынас құралдарын кеден тексерісі мен алымынсыз, сондай-ақ жанама салықсыз, еркін апара алады.
8-бап
ӨКІЛДІК САРАПШЫЛАРЫ
1. Өкiлдiк сарапшылары Конвенцияның VI бабының 22-23-тармақтарында және VII бабының 26-тармағында толық көрсетiлген артықшылықтарға, иммунитетке және кепiлдiктерге ие болуға тиiс.
2. Өкiлдiк сарапшылары уағдаласушы Тараптар арасында келiсiлген және мақұлданған жағдайда қосымша артықшылықтарды, иммунитетті және жеңілдіктерді пайдалана алады.
9-бап
ӨКIЛДIКТIҢ КӨМЕКШI ҚҰРАМЫ
1. Өкiлдiктiң көмекшi құрамы:
а) айтқан немесе жазған сөздерi үшiн және лауазымды адам ретiнде жасаған iс-әрекеттерi үшiн сот жауапкершiлiгiне тартылмайды. Мұндай иммунитет Өкiлдiкпен жасалған шарт бұзылғаннан кейiн де сақталады;
б) өзінiң әйелiмен және өз асырауындағы туысқандарымен бiрге дипломатиялық өкiлдер халықаралық дағдарыс кезiнде пайдаланатын репатриация жөнiндегi жеңiлдiктердi пайдаланады.
2. Өз міндетін тиімдi атқару мақсатында Өкiлдiктiң көмекшi құрамы жоғарыда 7 және 8-баптарда толық жазылған, сондай-ақ уағдаласушы Тараптар арасында келiсiлген жеңiлдiктерді, артықшылықтарды және кепiлдiктердi пайдалануға тиiс.
10-бап
САҒАТ БОЙЫНША АҚЫ ТӨЛЕУ ШАРТТАРЫМЕН ЖҰМЫС
IСТЕЙТІН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ
Қазақстан азаматтары өздерiнiң БҰҰ қызметкерлерi деген төл мiндеттерiн орындауға қажеттi жеңiлдiктердiң бәрiн пайдалануға тиiс. Жергiлiктi жерде жұмысқа қабылданған және сағат бойынша ақы төлеу шарттары негiзiнде ақы алынатын қызметшiлерге арналған жұмыс шарттары мен жағдайлары БҰҰ қарарларына, БҰҰ-ның компетенттi органдарының шешiмдерiне, нұсқауларына, ережелерiне және саясатына сәйкес болуға тиiс.
11-бап
АРТЫҚШЫЛЫҚТАР МЕН ИММУНИТЕТТЕРДЕН БАС ТАРТУ
Осы Келiсiмге сәйкес көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер қызметшiлердiң жеке мүдделерi үшiн емес, БҰҰ-ның мүдделерi үшiн берiледi. БҰҰ-ның Бас хатшысы, өз пiкiрi бойынша, иммунитет сот әдiлдiгiне кедергi келтiредi және одан Бiрiккен Ұлттардың мүдделерiне нұқсан келтiрмей бас тартуға болады деп есептеген жағдайда 7, 8, 9-баптарғасәйкес кез келген лауазымды адамға берiлген иммунитеттен бас тартуға қақылы әрi мiндеттi.
12-бап
ЖЕҢІЛДІКТЕРДІ ПАЙДАЛАНУ
1. Өкiлдiк қызметкерлерi, сарапшылар және қосалқы қызметшiлер:
а) тек қызмет көрсетiлуiне, визалардың, лицензиялардың және рұқсаттардың тез хатталуына, қажет болған жағдайда төлемақыдан босатылуға;
б) еркiн түрде елге келiп, елден кетуге және ел iшiнде жүрiп-тұруға, ынтымақтастық бағдарламасы тұрғысынан өзара iс-қимыл жасаудың барлық түрлерiнiң бостандығына қақылы.
13-бап
ҮКIМЕТТIҢ ЖӘРДЕМI
1. Үкiмет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының миссиясын бұрын келісiлгенiндей және мүмкiндiгiне қарай:
а) Өкiлдiкке арналған тиiстi үймен;
б) қызмет мақсаттары үшiн жергiлiктi телекоммуникация желiсiнiң ақысын төлеудi;
в) коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсетудiң ақысын төлеудi, сондай-ақ жабдықтар орнатуды және офис үйiн ұстауды;
г) елде өздерiнiң төл мiндеттерiн орындап жүрген Өкiлдiк қызметкерлерiне, миссия сарапшыларына және қосалқы қызметшiлерге қызмет көрсететiн көлiк құралдарымен қамтамасыз етедi.
2. Үкiмет Бiрiккен Ұлттар Ұйымына:
а) Өкiлдiктiң халықаралық тәртiппен қабылданған қызметшiлерiн, миссия сарапшыларын және БҰҰ Өкiлдiгiнiң көмекшi қызметшiлерiн жайғастыруда немесе қолайлы тұрғын үй жағдайларымен қамтамасыз етуде;
б) су, электр, өрт қауiпсіздiгi қызметi және Өкiлдiктiң ғимараты үшiн қажеттi басқа да қызметтер сияқты коммуналдық қызмет көрсету iсiн жолға қоюда және қамтамасыз етуде жәрдемдеседi.
14-бап
БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ҚАТЫНАС ҚҰРАЛДАРЫН
ПАЙДАЛАНУДАҒЫ МҮМКІНДІКТЕР
1. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы қолайлылығы үкiметтiң кез келген дипломатиялық миссияға арнап белгiленген шарттарынан кем емес шарттар негiзiнде ресми байланыс құралдарын пайдаланғаны үшiн, атап айтқанда почта, телеграф, телепринтер, көбейткiш техника, телефон және басқа байланыс құралдарын орнатқаны және пайдаланғаны үшiн тарифтердi пайдаланады, сондай-ақ баспасөз бен радиоға ақпарат бергенi үшiн сыйақы алады.
2. БҰҰ-ның ресми хат-хабар жазысуы немесе басқа да байланысы цензураға ұшырауы мүмкiн емес. Баспасөз өнiмiне, фотографиялық және электрондық ақпаратқа, байланыстың басқа да түрлерiне осындай кепiлдiк берiледi, бұл жөнiнде Тараптар арасында ескертiлуге тиіс. Хат-хабарларды, сондай-ақ тексеруге жатпайтын мөрлер мен пломбаларды жөнелткенде және алғанда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының кодтарды пайдалануына рұқсат берiлуге тиiс.
3. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы БҰҰ тiркеген жиiлiкте және Yкiметтiң офистер арасында ел iшiнде және елден тыс жерде, әсiресе Нью-Йорктегi БҰҰ-ның Штаб-пәтерiмен орнатқан радио және басқа телекоммуникациялық жабдықтарын пайдалануға қақылы.
15-бап
БІРІККЕН ҰЛТТАРДЫҢ ЖАЛАУЫ, ЭМБЛЕМАСЫ ЖӘНЕ РӘМІЗДЕРІ
Бiрiккен Ұлттар, Yкiметпен келiсе отырып, Өкiлдiктiң ғимаратында, көлiк құралдарында және сол сияқтыларда өз жалауын немесе эмблемасын қоя алады, Бiрiккен Ұлттардың құрлықтағы қатынас құралдарында, кемелерінде, авиалайнерлерінде БҰҰ-ның айрықша белгісi немесе эмблемасы болуға тиiс, бұл жөнiнде хабарлануға тиіс.
16-бап
ХАБАРДАР ЕТУ
Өкілдiк өз қызметкерлерінiң, миссия сарапшыларының және көмекші қызметшiлердiң, шетелдiктердің, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының да аты-жөндерi мен лауазымдары туралы және олардың ахуалындағы кез келген өзгерiстер туралы Үкiметтi хабардар етiп отырады.
17-бап
КУӘЛАНДЫРУ
1. Үкiмет, Өкiлдiк басшысының өтініші бойынша, Өкiлдіктiң әр қызметкерiне, миссия сарапшысына, шетелдiктер мен республика азаматтары қатарынан жұмысқа алынған көмекшi қызметшiлерге сағат бойынша ақы төлеу шарттарымен жұмыс iстейтiн адамдардан басқа/жеке адам куәлiгiн бередi.
2. Yкiметтiң ресми өкiлiнiң талап етуi бойынша қызметкерлер 1-тармаққа сәйкес өзiнiң жеке басының куәлiгiн көрсетуге, бiрақ бермеуге тиiс.
3. Қызметшiлер жұмыс iстеп болған соң немесе қайта тағайындағанда Өкiлдiк олардың жеке бастарының барлық куәлiктерiн мiндеттi түрде Үкiметке қайтарып бередi.
18-бап
ҚОСЫМША КЕЛIСIМДЕР
1. ЮНДП, ЮНИСЕФ, ЮНВКР, ЮНЕП және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының басқа да органдары мен бағдарламалары Үкiметпен қосымша Келiсiмдер жасай алады, бұлар үкiмет тиiстi жобаларды жүзеге асыратын шарттар негiзiнде осы Келiсiмнiң құрамдас бөлiгi болады.
2. БҰҰ мен Үкiмет екi тараптың қалауы бойынша қандай да болсын қосымша Шарттар жасай алады.
19-бап
БҰҰ-ҒА ҚАРСЫ МӘЛIМДЕМЕЛЕР
1. Осы Келiсiмге сәйкес БҰҰ бағдарламаларымен ынтымақтасты немесе кез келген қосымша келiсiмдер елдiң Үкiметi мен халқының мүдделерi үшiн іске асырылады, сондықтан ол осы келiсiмде белгiленген iс-қимылдарды жүзеге асырудың бүкiл жауапкершiлiгiне ортақтасады.
2. Үкiмет осы Келiсiмдi немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымына, оның қызметкерлерiне, сарапшыларға немесе БҰҰ-ның мүдделерi үшiн жұмыс iстейтiн көмекшi қызметшiлерге қарсы үшiншi тарап көтеруi мүмкiн басқа қосымша Келiсiмдердi орындауға жанама немесе тiкелей байланысты iс-қимылдар мен салдарлар үшiн ерекше жауапты болады, олардың қауiпсiздiгiне кепiлдiк бередi және қамтамасыз етедi. Үкiмет пен БҰҰ белгiлi бiр нақты шағым-талап салақтыққа немесе қызмет бабымен әдейi жасалған қылмысқа байланысты болып отыр деген келiсiмге келген жағдайлардан басқа кездерде осылай iстеледi.
20-бап
ДАУЛАРДЫ ШЕШУ ТӘРТIБI
Осы Келiсiмдi немесе келiссөз жүргiзiлмеген немесе басқаша түрде келiсiлмеген кез келген басқа қосымша Келiсiмдi түсiндiруге, талдауға және қолдануға қатысты БҰҰ мен Үкiмет арасында туған кез келген келiспеушiлiк Тараптардың кез келгенiнiң талап етуi бойынша арбитраждық сотта қаралуға тиiс. Әрбiр Тарап бір-бiр арбитрдан тағайындайды, ал ол екеуi үшiншi арбитрды төраға ретiнде сайлайды. Егер арбитражға сұрау салынғаннан бастап 30 күннiң iшiнде Тараптардың бiрi арбитрын тағайындамаса немесе арбитрлар тағайындалғаннан бастап 15 күннiң iшінде төрағалық ететiн арбитр сайланбаса, онда Тараптардың кез келген бiреуi өтiнiш бере алады. Арбитраждық соттың процедурасын арбитрлар белгiлейдi және арбитражға байланысты шығындардың бәрiн арбитрлардың бағалауына сәйкес екi Тарап өтейдi. Арбитраждық соттың шешiмiнде оның шығарылуына негiз болуы керек және Тараптар оны түпкiлiктi шешiм ретiнде қабылдауға тиiс.
21-бап
КЕЛIСIМНIҢ КYШIНЕ ЕНУI
Осы Келiсiм БҰҰ мен Yкiмет уәкiлдiк берген адамдар қол қойған сәттен бастап күшiне енедi.
22-бап
КЕЛIСIМ МЕРЗIМIНIҢ БIТУI
Осы Келiсiм Тараптардың бiрi бұл Келiсiмдi бұзғысы келетiнi жөнiнде жазбаша түрде хабарлағаннан кейiн алты айдан соң өз күшiн жояды, әйтсе де БҰҰ-ның функцияларын бiртiндеп тоқтату мақсатында, сондай-ақ Тараптар арасындағы дауларды шешу үшiн осы қосымша кезеңге өз күшiнде қалады.
Осыны растай отырып, Келiсiмге Үкiметтiң және БҰҰ өкiлiнiң атынан уәкiлдiк алғандар ағылшын және қазақ (ресми емес аударма) тiлдерiнде қол қойды.
Осы Келiсiм басқа тiлге аударылған немесе дау туған жағдайда ағылшын тiлiндегi текстке артықшылық берiледi.
Нью-Йоркте жасалды
Қазақстан Республикасы үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін
РҚАО-ның ескертпесі! Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.