"Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 18 ақпандағы № 79-V Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз.

      1-бап. «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 15, 119-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 21-22, 124-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 4-бап мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «8-1) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгі шартын бекіту;
      8-2) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі жер пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шартын бекіту;»;
      2) 8-бапта:
      2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Арнайы экономикалық аймақтар азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі жер учаскелерінде де құрылады.»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтiң басым түрлерiн жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерi арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына арнайы экономикалық аймақты құру мерзiмiне Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес уақытша өтеулi жер пайдалануға (жалға) берiледi.
      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, инфрақұрылым объектiлерiн салуға, сондай-ақ қызметтiң қосалқы түрлерiн жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерi басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймақты құру мерзiмiне Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес уақытша өтеулi жер пайдалануға (жалға) берiледi.
      Басқарушы компания қызметтiң қосалқы түрлерiн жүзеге асыратын тұлғаларға осы тармақтың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес кейiнгi жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
      Басқарушы компанияның жалға алуына уақытша өтеулi жер пайдалануға (жалға) берiлген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерiнде толық немесе iшiнара бюджет қаражаты есебiнен құрылған инфрақұрылым объектiлерi де берiлуi мүмкiн.
      Басқарушы компания қызметтiң қосалқы түрлерiн жүзеге асыратын тұлғаларға кейiнгi жер пайдалануға (қосалқы жалға) берiлген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерiнде толық немесе iшiнара бюджет қаражаты есебiнен құрылған инфрақұрылым объектiлерiн бере алады.»;
      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      «4-1. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) бере алады.
      Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) шарттары тиісінше арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі жер пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шарттарына сәйкес жасалады.
      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының мерзімдері арнайы экономикалық аймақ құрылатын мерзімнен аспауға тиіс.
      Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлға ретінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте, жер учаскесінің меншік иесімен арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.»;
      3) 9-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржылық қамтылымы болуға тиіс.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің қаржылық қамтылымы мынадай тәсілдермен:
      1) ақшамен;
      2) банк кепілдігімен;
      3) кепілгерлікпен;
      4) мүлік кепілімен;
      5) сақтандыру шартымен қалыптастырылады.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш беруші қаржылық қамтылым тәсілдерінің кез келгенін, оның ішінде екі немесе бірнеше тәсілді біріктіріп қолдану жолымен таңдап алуға құқылы.»;
      4) 10-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
      «11) өтініш берушінің қаржылық қамтылымының болуын растайтын құжаттар қоса беріледі.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады