1923 жылғы 12 қыркүйекте Женевада жасалған, 1947 жылғы 12 қарашада Нью-Йорк, Лейк Саксессте қол қойылған Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен Порнографиялық басылымдар айналысының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы № 96-V Заңы

      1923 жылғы 12 қыркүйекте Женевада жасалған, 1947 жылғы 12 қарашада Нью-Йорк, Лейк Саксессте қол қойылған Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен Порнографиялық басылымдар айналысының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенция мынадай ескертпемен ратификациялансын: «Қазақстан Республикасы өзіне осы Конвенцияның 5-бабын қолданыстағы ұлттық заңнаманың шеңберінде ғана орындау жөніндегі міндеттемелерді алады».

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. НАЗАРБАЕВ.

1923 жылғы 12 қыркүйекте1 Женевада жасалған, 1947 жылғы 12
қарашада2 Нью-Йорк, Лейк Саксессте қол қойылған Хаттамаға
сәйкес енгізілген түзетулерімен Порнографиялық басылымдар
айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы
халықаралық конвенция3

1-бап

      Жоғары Уағдаласушы Тараптар төменде тізбеленген әрекеттердің біріне кінәлі кез келген адамды әшкерелеу, қудалау және жазалау мақсатында барлық шараларды қолдануға және соның негізінде
      мыналар:
      1) шығармаларды, суреттерді, гравюраларды, картиналарды, баспа басылымдарын, бейнелерді, афишаларды, эмблемаларды, фотосуреттерді, кинематографиялық фильмдерді немесе басқа порнографиялық заттарды сату немесе тарату немесе оларды көпшілікке көрсету мақсатында дайындау немесе сақтау;
      2) жоғарыда тізбеленген порнографиялық материалдарды немесе заттарды жоғарыда көрсетілген мақсаттарда жеке өзі немесе басқа адам арқылы әкелуі, алып өтуі, әкетуі немесе оларды қандай да бір жолмен айналысқа шығаруы;
      3) тізбеленген порнографиялық материалдардың немесе заттардың кез келгенімен байланысты қоғамдық немесе жеке бизнесті жүргізу немесе оған қатысу немесе олармен қандай да бір түрде кез келген операциялар жасау, оларды тарату, көпшілікке көрсету немесе прокаттау мақсатында бизнес жүргізу;
      4) қудалауға жататын айналымды немесе сауданы көтермелеу мақсатында қандай да бір адам жоғарыда тізбеленген жазаланатын іс-әрекеттермен айналысатынын қандай да бір жолмен жарнамалау немесе жария ету, жоғарыда тізбеленген порнографиялық материалдар мен заттарды қалай және кім арқылы тікелей не делдалдар арқылы алуға болатынын алдын ала хабарлау немесе жариялау жазалауға жататынын келіседі.
________________________
      1 Ұлттар Лигасы, Шарттар тізбесі, XXVII том, 213-бет; XXXI том, 260-бет; XXXV том, 314-бет; XXXIX том, 190-бет; XLV томы, 122-бет; LIV томы, 391-бет; LIX томы, 357-бет; LXXXIII том, 394-бет; LXXXVIII том, 313-бет; XCII томы, 368-бет; XСVI томы, 191-бет; C томы, 211-бет; CXI томы, 403-бет; CXXVI томы, 433-бет; CXLII томы, 341-бет; CLII томы, 294-бет; CLVI томы, 186-бет; CLX томы, 335-бет; CLXIV томы, 361-бет; CLXXII томы, 398-бет; CLXXXI томы, 357-бет; CXCVII томы, 295-бет және CC томы, 501-бет.
      2 Көрсетілген томның 169-бетін қараңыз.
      3 1947 жылғы 12 қарашадағы Хаттаманың V бабы § 2 көзделгендей, оған түзетулер күшіне енген кезден бастап 1950 жылғы 2 ақпанда күшіне енді.
      Хаттаманың түзетулеріне сәйкес қатысушы мемлекеттер:

Ауғанстан
Албания
Австралия
Бельгия
Бирма
Канада
Қытай
Чехословакия
Дания

Египет
Финляндия
Гватемала
Венгрия
Үндістан
Италия
Мексика
Нидерланд
Жаңа Зеландия

Норвегия
Пәкістан
Түркия
Оңтүстік Африка Одағы
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы
Біріккен Корольдік
Югославия

2-бап

      1-бапта көзделген теріс қылықтардың бірін жасайтын адамдар аумағында құқық бұзушылық не құқық бұзушылықты құрайтын элементтердің бірі жасалған Уағдаласушы Тарап сотының соттылығында болады. Егер мемлекеттің заңнамасы мүмкіндік берсе, тіпті ол, егер құқық бұзушылықты құрайтын элементтер өздері азаматтары болып табылатын Уағдаласушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалса да, егер олар сол жерде анықталса, сол Уағдаласушы Тараптың сотының бірдей түрде соттылығында болады.
      Дегенмен әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің заңнамасында көзделген ережелерге сәйкес non bis in idem қағидатын қолдануға тиіс.

3-бап

      Осы Конвенцияда көрсетілген құқық бұзушылықтарға жататын сот тапсырмаларын беру:
      1) сот органдарының арасындағы тікелей қатынастар арқылы; немесе
      2) сұрау салу жасалатын елдегі сұрау салуды жіберуші елдің дипломатиялық немесе консулдық өкілі арқылы жүргізілетін болады; бұл өкіл сот тапсырмасын құзыретті сот органдарына немесе сұрау салумен жүгінетін елдің Үкіметі уәкілеттік берген органға тікелей жібереді және бұл органдардан сот тапсырмасының орындалғанын анықтайтын құжаттарды тікелей алады.
      Жоғарыда тізбеленген жағдайлардың әрқайсысында сот тапсырмасының көшірмесі жіберілетін елдің жоғары инстанциясының органдарына міндетті түрде жолданатын болады;
      3) немесе дипломатиялық арналар арқылы жүргізілетін болады.
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы қалған Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысын осы Тараптың сот тапсырмасы ретінде өзі мойындайтын жоғарыда тізбеленген беру әдісі немесе әдістері туралы хабардар етеді.
      Осы баптың 1) және 2) әдістеріне сәйкес беруге байланысты туындауы мүмкін кез келген қиындықтар дипломатиялық арналар арқылы реттелетін болады.
      Өзгеше келісім болмаған кезде сот тапсырмасы не сұрау салу жіберілетін органның тілінде не мүдделі екі елдің арасында келісілген тілде жазылуға тиіс немесе ол сұрау салуды жіберуші елдің дипломатиялық немесе консулдық өкілі немесе сұрау салу жіберілетін елдің аудармашысы куәландырған осы екі тілдің біріне аудармасымен қоса жіберілуге тиіс.
      Сот тапсырмаларын орындау салықтарды немесе қандай да бір өзге шығыстарды төлеуге жатпайды.
      Осы бапта ештеңе де Уағдаласушы Тараптар тарапынан қылмыстық саладағы дәлелдемелер жүйесіне қатысты өз заңдарынан қандай да бір ауытқуларға жол беру міндеттемесін құраушы ретінде түсіндірілмейді.

4-бап

      Қазіргі кезде заңнамасы осы Конвенцияның ережелерін тиімді іске асыру үшін жеткілікті дәрежеде емес Уағдаласушы Тараптар осы мақсаттарға қажетті шараларды алдын ала қолданады немесе өздерінің тиісті заң шығарушы органдарына ұсынады.

5-бап

      Қазіргі кезде заңнамасы Конвенцияның мақсаттарын толық қамтымайтын Уағдаласушы Тараптар 1-бапта көзделген қандай да бір мақсаттармен немесе осы бапты бұза отырып, осы бапта көрсетілген порнографиялық материалдар мен заттар дайындалады немесе болуы мүмкін деп болжауға болатын жерлерде тінту жүргізу үшін ережелерді көздеуге және тең дәрежеде оларды қамаққа алуды, тәркілеуді және жоюды көздеуге келіседі.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің бірінің аумағында 1-баптың ережелері бұзылған жағдайда, бұзу объектілері басқа Тараптың аумағында дайындалды немесе соның аумағынан әкелінді деп ұйғаруға болатын кезде онымен келіседі, тиісті орган 1910 жылғы 4 мамырдағы Келісімге сәйкес мұндай материал немесе зат оның елінен импортталды немесе дайындалды деп болжанып отырған басқа Тараптың органына дереу хабарлайды және бір мезгілде оған қажетті шараларды қолдануға мүмкіндік беретін толық мәліметтерді хабарлайды.

7-бап

      Француз және ағылшын тілдеріндегі мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылатын осы Конвенция осы күнмен белгіленетін болады және Конференцияда өкілдік ететін кез келген Мемлекеттің, Ұлттар Лигасының кез келген мүшесінің және Ұлттар Лигасының Кеңесі осы мақсатта осы Конвенцияның көшірмесін жіберетін кез келген Мемлекеттің қол қоюы үшін 1924 жылғы 31 наурызға дейін ашық болады.

8-бап

      Осы Конвенция ратификациялануға жатады. Ратификациялық грамоталар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына берілетін болады, ол олардың сақтауға тапсырылғаны туралы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерге және Ұйымның мүше болып табылмайтын, Бас Хатшы Конвенцияның көшірмесін жіберген мемлекеттерге хабарлайды.
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы осы Конвенцияға қатысы бар әрбір грамотаның расталған көшірмесін Француз Республикасының Үкіметіне дереу жолдайды.
      Ұлттар Лигасы Жарғысының 18-бабының ережелеріне сәйкес Бас Хатшы осы Конвенцияны ол күшіне енген күні тіркейді.

9-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер осы Конвенцияға қосыла алады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі осы Конвенцияны ресми жіберуді шешкен, бұл Ұйымға мүше болып табылмайтын мемлекеттерге де осы қатысты болады.
      Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына Хатшылықтың мұрағаттарында сақтау үшін жіберілетін акт арқылы орындалатын болады. Бас Хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелеріне, сондай-ақ Бас Хатшы Конвенцияның көшірмесін жіберген, осы Ұйымға мүше болып табылмайтын мемлекеттерге осындай тапсыру туралы дереу хабарлайды.

10-бап

      Жеке хабарламасыз осы Конвенцияны ратификациялау, сол сияқты осы Конвенцияға қосылу Конвенцияның өзі сияқты, оны ратификациялаған немесе оған қосылған Мемлекеттің немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы мүшесінің бүкіл аумағында нақ сол күні күшіне енетін 1910 жылғы 4 мамырдағы Келісімге бір мезгілде және толық қосылуына әкеп соғады.
      Бұл ереже 1910 жылғы 4 мамырдағы аталған Келісімнің 4-бабының нормаларына нұқсан келтірмей қолданылады, егер қандай да бір Мемлекет тек осы Келісімге ғана қосылуды жөн көрген жағдайда ол қолданыста болып қала береді.

11-бап

      Осы Конвенция Ұлттар Лигасының Бас Хатшысы екі ратификациялық грамотаны алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

12-бап

      Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының жазбаша хабарламасы арқылы күшін жоюы мүмкін. Күшін жою Бас Хатшы хабарламаны алған күннен бастап бір жылдан соң жарамды болады және Біріккен Ұлттар Ұйымының күшін жоюшы мүшесіне немесе Мемлекетке қатысты ғана жарамды болады.
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы күшін жою туралы өзі алған әрбір өтініш туралы Конвенцияға қол қойған немесе Конвенцияға қосылған Біріккен Ұлттар Ұйымы Мүшелерінің әрқайсысына және қатысатын немесе қосылған басқа Мемлекеттерге хабарлайды.
      Осы Конвенцияның күшін жою осы арқылы, егер хабарламада жеке айтылмаған болса, 1910 жылғы 4 мамырдағы Келісімнің онымен бір мезгілдегі күшін жоюына әкеп соқпайды.

13-бап

(Алып тасталды)

14-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы осы Конвенцияға қандай тараптар қол қойғанын, ратификациялағанын, қосылғанын немесе оның күшін жойғанын көрсететін ерекше тізімді жүргізетін болады. Осы тізіммен кез келген уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше кез келген мемлекет немесе Ұйымның мүше болып табылмайтын, Бас Хатшы Конвенцияның көшірмесін жіберген кез келген мемлекет таныса алады.
      Бұл тізім мүмкіндігіне қарай ұдайы жарияланып отыратын болады.

15-бап

      Осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Уағдаласушы Тараптар арасында туындауы мүмкін кез келген келіспеушіліктер, егер оларды тікелей келіссөздермен шешу мүмкін болмаса, Халықаралық Соттың шешуіне жіберілетін болады. Егер араларында келіспеушілік туындаған Тараптар немесе олардың бірі Халықаралық Соттың Жарғысына қол қоймаса немесе оны қабылдамаса, онда олардың келіспеушілігі Тараптардың келісімі бойынша не Халықаралық Сотқа не төрелік сотқа берілетін болады.

16-бап

      Егер қол қойған немесе қосылған Тараптардың бесеуі осы Конвенцияны қайта қарауды талап етсе, онда Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі осы мақсат үшін Конференцияны шақыруға тиіс болады. Барлық жағдайларда, әрбір бесжылдық кезең аяқталған соң Кеңес мұндай шақырылымның орындылығын қарайтын болады.

      Осы мәтін 1923 жылғы 12 қыркүйекте Женевада жасалған, 1947 жылғы 12 қарашада Нью-Йорк, Лейк Саксессте қол қойылған Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен Порнографиялық басылымдар айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияның қазақ тіліндегі ресми аудармасы екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігінің
      Штаб-департаменті
      бастығының орынбасары                      М. Әбдішев

1910 жылғы 4 мамырда Парижде қол қойылған Ұлыбритания, Австрия
және Венгрия, Бельгия, Бразилия, Дания, Франция, Германия,
Италия, Нидерланд, Португалия, Ресей, Испания, Швейцария және
Құрама Штаттар арасындағы Порнографиялық басылымдар айналысының
жолын кесуге қатысты келісім

      Төменде тізбеленген, өздерінің тиісті заңнамаларының шегінде порнографиялық басылымдарға қатысты құқық бұзушылықтарды іздестіру және олардың жолын кесу мақсатында мәліметтерді өзара хабарлауды жеңілдетуге бірдей ниет қойған державалардың үкіметтері, сол үшін Келісім жасауға шешім етті және соның негізінде 1910 жылғы 18 сәуірден бастап 4 мамырды қоса алғанда, Парижде конференцияға жиналған өздерінің уәкілдерін тағайындады және мынадай қаулылар туралы келісті:

I бап

      Уағдаласушы үкіметтердің әрқайсысы:
      1. Құрамдас элементтерінің халықаралық сипаты бар порнографиялық шығармаларға, суреттерге, бейнелерге немесе заттарға қатысты өздерінің ішкі заңнамасын бұзуды құрайтын іс-әрекеттерді іздестіруді және олардың жолын кесуді жеңілдетуі мүмкін кез келген мәліметтерді орталықтандыруға;
      2. Алдыңғы тармақта көрсетілген басылымдарды немесе заттарды әкелуге кедергі келтіруі мүмкін кез келген мәліметтерді, барлығын ішкі заңнаманың шеңберінде жеткізуге, сондай-ақ оларды алып қоюды қамтамасыз етуге немесе жеделдетуге;
      3. Осы Келісімнің нысанасына қатысты олардың мемлекеттерінде шығарылған немесе шығарылатын заңдарды хабарлауға уәкілеттік берілген  органды анықтауға немесе белгілеуге міндеттенеді.
      Осы бапқа сәйкес уағдаласушы үкіметтер өздері тағайындаған құзыретті орган туралы бір-біріне Француз Республикасының Үкіметі арқылы хабарлайды.

II бап

      І бапта көрсетілген органның басқа Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысында белгіленген құзыретті органмен тікелей байланысу мүмкіндігі болады.

III бап

      І бапта көрсетілген орган, егер өз елінің ішкі заңнамасы бұған қайшы келмесе, осы елде шығарылған үкімдер туралы анықтамаларды барлық басқа Уағдаласушы мемлекеттердің құзыретті органдарына хабарлауға міндетті болады, өйткені бұл І бапта көзделген құқық бұзушылықтарға жататын болады.

IV бап

      Келісімге қатысушылар болып табылмайтын мемлекеттердің осы Келісімге қатысуына болады. Олар өз ниетін акт арқылы нотификациялайды, ол осы актінің расталған көшірмесін Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысына дипломатиялық жолмен жіберетін және сонымен бір мезгілде оларға тапсыру күнін хабарлайтын Француз Республикасы Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылатын болады.
      Осы күннен кейін алты айдан соң Келісім қосылушы мемлекеттің бүкіл аумағында күшіне енеді, осылайша ол Уағдаласушы мемлекет болады.

V бап

      Осы Келісім ратификациялау грамоталарын сақтауға тапсырған күннен бастап алты айдан соң күшіне енеді.
      Егер Уағдаласушы мемлекеттердің бірі Келісімнен бас тартқан жағдайда, бұл күшін жою тек осы мемлекетке қатысты күшінде болады.
      Күшін жою акт арқылы нотификацияланатын болады, ол осы актінің расталған көшірмесін Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысына дипломатиялық жолмен жіберетін және сонымен бір мезгілде оларға тапсыру күнін хабарлайтын Француз Республикасы Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылатын болады.
      Осы күннен кейін он екі айдан соң Келісім оның күшін жойған мемлекеттің бүкіл аумағында өз күшін жоғалтады.

VI бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады, Уағдаласушы мемлекеттердің алтауының ғана осыны жасауға жағдайы болған кезде ратификациялау грамоталары Парижде сақтауға тапсырылатын болады.
      Ратификациялау грамоталарын тапсырудың кез келген себебі бойынша Хаттама жасалатын болады, оның расталған көшірмесі Уағдаласушы тараптардың әрқайсысына дипломатиялық жолмен берілетін болады.

VII бап

      Егер Уағдаласушы мемлекеттердің бірі осы Келісім оның колонияларының, иеліктерінің немесе сот консулдық округтарының біреуі немесе бірнешеуі үшін күшіне енгенін қаласа, ол осы мақсатта өзінің ниетін акт арқылы нотификациялайды, ол осы актінің расталған көшірмесін Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысына дипломатиялық жолмен жіберетін және сонымен бір мезгілде оларға тапсыру күнін хабарлайтын Француз Республикасы Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылатын болады.
      Осы күннен кейін алты айдан соң Келісім нотификация актісінде көрсетілген колонияларда, иеліктерде және сот консулдық округтарда күшіне енеді.
      Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің осы Келісімді өздерінің колонияларының, иеліктерінің немесе сот консулдық округтарының біреуіне немесе бірнешеуіне қатысты күшін жою осы баптың 1-абзацында көрсетілген нысанға және шарттарға сәйкес орындалатын болады. Күшін жою Француз Республикасы Үкіметінің мұрағаттарына күшін жою туралы актінің тапсырылған күнінен бастап он екі айдан соң жарамды болады.

VIII бап

      1910 жылғы 4 мамыр болып көрсетілетін осы Келісімге порнографиялық басылымдар айналымының жолын кесу жөніндегі конференцияда өкілдік ететін уәкілетті державалар Парижде осы жылдың 31 шілдесіне дейін қол қоюы мүмкін.
      1910 жылғы 4 мамырда Париж қаласында бір ғана данада қол қойылды, оның расталған көшірмесі қол қойған үкіметтердің әрқайсысына берілетін болады.

      (Қолдары)

      Осы мәтін 1910 жылғы 4 мамырда Парижде қол қойылған Ұлыбритания, Австрия және Венгрия, Бельгия, Бразилия, Дания, Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Португалия, Ресей, Испания, Швейцария және Құрама Штаттар арасындағы Порнографиялық басылымдар айналымының жолын кесуге қатысты келісімнің қазақ тіліндегі ресми аудармасы екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігінің
      Штаб-департаменті
      бастығының орынбасары                 М. Әбдішев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады