Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 108-V Заңы

      2012 жылғы 14 мамырда Минскіде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін жер учаскелерін өзара беру туралы
КЕЛІСІМ

(2013 жылғы 14 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 4, 41-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы достық қатынастарды нығайту мақсатында,
      Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы және Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету маңыздылығын түсіне отырып,
      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан Тарапы Беларусь Тарапына Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігін орналастыру үшін Астана қаласы Р. Қошқарбаев даңғылындағы (№ 12) алаңы 0,86 га жер учаскесін жалға алу ақысын жылына 1 (бір) АҚШ доллары деп белгілей отырып, көрсетілген учаскені пайдалану үшін жалға береді.
      Беларусь Тарапы Қазақстан Тарапына Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігін орналастыру үшін Минск қаласы Победителей даңғылы – Орловский көшесі ауданындағы алаңы 0,86 га жер учаскесін жалға алу ақысын жылына 1 (бір) АҚШ доллары деп белгілей отырып, көрсетілген учаскені пайдалану үшін жалға береді.
      Тараптар осы бапта көрсетілген жер учаскелерін жалға алудың бүкіл кезеңі үшін жалға алу төлемін осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 90 күннен кешіктірмей бір мезгілде енгізуге міндеттенеді.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін пайдалану талаптары аумағында жер учаскесі орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен жасалатын жер учаскелерін жалға алу шарттарымен белгіленеді.
      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алу шарттары 49 (қырық тоғыз) жыл мерзімге жасалады және қосымша келісімдер жасасу арқылы келесі 49 жыл кезеңге ұзартылады. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылмаған жағдайда, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінің жалға алу шарттарының қолданысы ұзартылуы мүмкін.

3-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін аумағында жер учаскелері орналасқан мемлекет Тарапының жазбаша рұқсатын алмай, үшінші мемлекеттерге, заңды және жеке тұлғаларға ақы үшін немесе қайтарымсыз бере алмайды.

4-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттар мен құрылыстар оларды тұрғызған мемлекеттің меншігі болып табылады және аумағында жер учаскесі орналасқан мемлекеттің оларды сатып алуға деген басым құқығын ескере отырып сатылуы мүмкін.
      Осы Келісімнің сатылған мүлікке, сондай-ақ ол орналасқан жер учаскелеріне қатысты қолданысы меншік құқығын беру сәтінен бастап автоматты түрде тоқтатылады.

5-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін пайдалану кезінде, сондай-ақ осы жер учаскелерінде ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және пайдалану жұмыстарын жүргізу барысында аумағында жер учаскесі орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген талаптарды сақтайды.

6-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелеріне қандай да бір қарыздар немесе басқа да шектеулермен ауыртпалық салынбағанына, сондай-ақ оларға қатысты кез келген талаптар және реституция құқығы қойылмағандығына кепілдік береді. Осы Келісімнің күшіне енген кезінен бастап қандай да бір талаптар туындаған жағдайда, аумағында жер учаскесі орналасқан мемлекет Тарапы ондай талаптарды өзінің жеке қаражаты есебінен реттейді.

7-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері және оларда салынған ғимараттар мен құрылыстар осы Келісімнің 1-бабында белгіленген жалға алу ақысын қоспағанда, жер учаскесі орналасқан мемлекет аумағында алынатын барлық салықтардан, алымдардан және басқа да міндеттелген төлемдерден босатылады.

8-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелеріндегі жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық жұмыстар, құрылысқа және ғимараттар мен құрылыстар салуға арналған жобаны сараптау сияқты қызмет көрсетудің нақты түрлеріне арналған барлық шығыстар, сондай-ақ оларды пайдалану мен күтіп ұстау бойынша шығыстар, оның ішінде жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға байланысты шығыстар, байланыс қызметі және қызмет көрсетудің басқа да түрлерін, аумағында жер учаскесі орналасқан мемлекеттің қолданыстағы нормативтері мен тарифтеріне сәйкес дербес төлейді.

9-бап

      Екінші Тарапқа жер учаскесін беруші Тарап осы Келісімге сәйкес, инженерлік желілер мен коммуникациялар (сумен, жылумен жабдықтау, кәріз, электр энергиясы, байланыс және басқаларын) жүргізуді жер учаскесінің шекарасына дейін өз қаражатының есебінен, ал жер учаскесінің шекарасы шегінде жер учаскесін жалға алушы Тараптың есебінен қамтамасыз етеді.

10-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген барлық қолданылатын рәсімдерді Тараптар міндетті түрде сақтаған жағдайда, жобалық құжаттаманы келісуде және бекітуде, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде ғимараттар мен құрылыстар салуға рұқсаттар беруді ұйымдастыруда Тараптар бір-біріне жәрдем көрсетеді.

11-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара негізде ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқығын және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалдау құқығын заңды түрде ресімдеуді қамтамасыз етеді.

12-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша, осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісімді түсіндіру және орындау кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды Тараптар өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім, егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы кезеңнің аяқталуына дейін кемінде бір жыл бұрын осы Келісімнің қолданысын тоқтату жөніндегі өз ниеті туралы екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі 49 жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылу арқылы 49 жыл мерзімге жасалады.

      2012 жылғы « 14 » мамырда Минск қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының       Беларусь Республикасының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      2012 жылғы 14 мамырда Минск қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                      Д. Есентаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады