Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартын ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қазандағы № 135-V Заңы.

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шарты ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ.


Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы
ШАРТЫ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,

      адамның және азаматтың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін тиімді шаралар қабылдау қажеттілігін сезіне отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін негізге ала отырып,

      адамдарды мемлекетаралық іздестіруде ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін құруға ұмтылысын білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      а) Тараптардың құзыретті органдары – Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес адамдарды мемлекетаралық іздестіру мәселелері бойынша қарым-қатынастар жасауға және мемлекетаралық іздестіру жариялау (тоқтату) туралы шешімдер қабылдауға және/немесе оны жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдар;

      б) адамдарды мемлекетаралық іздестіру - мыналарға:

      анықтау, тергеу органдарынан немесе соттан жасырынып жүрген және қылмыстық жазасын өтеуден жалтарған адамдарды ұстап беру немесе қылмыстық қудалауды жүзеге асыру мақсаттарында оларды табуға, ұстауға және күзетпен қамауға алуға;

      соттардың қуынымдар бойынша шешімдерін орындаудан жалтарған адамдардың жүрген жерін анықтауға;

      хабарсыз кеткен немесе туысқандарымен байланысын жоғалтқан адамдардың жүрген жерін анықтауға;

      өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілеті жоқ адамның жеке басын анықтауға;

      танылмаған мәйіт бойынша адамның жеке басын анықтауға;

      сондай-ақ іздестіруге бастамашы мемлекеттен тыс жерлерде, бірақ Тараптардың аумақтарында іздестіріліп және анықталып жатқан адамдардың барлық санаттары туралы ақпарат ұсынуға бағытталған жедел-іздестіру, іздеу, ақпараттық-талдау және өзге де іс-шаралар кешені;

      в) анықтау, тергеу органынан немесе соттан жасырынып жүрген адам – оған қатысты анықтау, тергеу органының немесе соттың іздестіру жариялау туралы шешімі бар адам;

      г) қылмыстық іс бойынша үкімді немесе қуыным бойынша сот шешімін орындаудан жалтарған адам – қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе соттың шешімімен міндеттемелерді орындауға міндетті, қылмыстық іс бойынша үкімді немесе соттың шешімін орындаудан жалтару мақсатында жасырынып жүрген, жүрген жері белгісіз, оған қатысты соттың іздестіру жариялау туралы шешімі немесе өзге де заңды шешімдер бар адам;

      д) хабарсыз кеткен адам – құзыретті органға оған қатысты жоғалғаны туралы өтініш немесе хабарлама түскен адам;

      е) туысқандарымен байланысын жоғалтқан адам – әртүрлі себептерге байланысты туысқандарымен қандай да бір қарым-қатынас жасамайтын және өзінің жүрген жері туралы мәліметтерді хабарламайтын, оған қатысты құзыретті органға іздестіру туралы өтініш түскен адам;

      ж) өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілеті жоқ адам – ауруына, жасына немесе өзге де жай-күйіне байланысты өзінің жеке басын шынайы анықтауға мүмкіндік беретін деректерді құзыретті органға хабарлауға қабілетсіз адам.

2-бап

      1. Тараптар осы Шартқа, басқа да халықаралық шарттарға және ұлттық заңнамаға сәйкес өзінің құзыретті органдары арқылы адамдарды мемлекетаралық іздестіруде ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      2. Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны сақтауға тапсыру кезінде депозитарийге беріледі.

      Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай мерзімде депозитарийді жазбаша хабардар етеді.

3-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      а) адамдарды мемлекетаралық іздестіру бойынша іс-шаралар жүргізу туралы сұрау салуларды орындау;

      б) іздестіріліп жатқан адамдар туралы жедел, іздестіру, жедел-анықтамалық, криминалистикалық және өзге де ақпаратпен алмасу;

      в) үйлестірілген жедел-іздестіру іс-шараларын жоспарлау және жүзеге асыру;

      г) Тараптардың құзыретті органдарымен келісу бойынша олардың өкілдерін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде іс-әрекеттерді үйлестіру үшін қызметтік іссапарларға жіберу;

      д) Тараптардың құзыретті органдары қызметкерлерінің олар қызметтік іссапарларда болған уақытта жәрдем көрсету;

      е) жұмыс тәжірибесімен алмасу, бірлескен кеңестер, конференциялар мен семинарлар өткізу;

      ж) кадрлар даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда көмек көрсету;

      з) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, әдістемелік ұсынымдармен алмасу;

      и) адамдарды мемлекетаралық іздестірудің орталықтандырылған ақпараттық массивін қалыптастыруға және жүргізуге қатысу.

      2. Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты өзге де өзара қолайлы нысандарда жүзеге асыруы мүмкін.

4-бап

      Тараптардың құзыретті органдары:

      а) анықтау, тергеу органдарынан немесе соттан жасырынып жүрген және қылмыстық жазасын өтеуден жалтарған;

      б) қуынымдар бойынша соттардың шешімдерін орындаудан жалтарған;

      в) хабарсыз кеткен;

      г) туысқандарымен байланысын жоғалтқан адамдарды, сондай-ақ өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілеті жоқ және танылмаған мәйіт бойынша адамның жеке басын анықтау кезінде мемлекетаралық іздестіруді жүзеге асырады.

5-бап

      1. Адамдарды мемлекетаралық іздестіруді ұйымдастыру осы Шартта көзделген сұрау салулар және сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына жіберетін өзге де өтініштер арқылы жүзеге асырылады.

      Егер ақпарат осы Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғаруға негіздер болса, ол екінші Тарапқа сұрау салусыз ұсынылуы мүмкін.

      2. Сұрау салу сұрау салушы Тараптың құзыретті органының ресми бланкісінде жазбаша нысанда жіберіледі, оған осы органның басшысы қол қояды және елтаңбалы мөрмен куәландырылады.

      Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу:

      а) шифрлы жеделхаттармен;

      б) деректерді берудің магистральдық желісі бойынша электрондық түрде;

      в) мәтінді берудің өзге де техникалық құралдарын пайдалана отырып;

      г) кейіннен міндетті түрде үш тәуліктен кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша растай отырып, ауызша берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салуда:

      а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атаулары;

      б) іздестіру ісінің нөмірі, күні және ашу негізі;

      в) сұрау салудың мақсаты және негіздемесі;

      г) қажет болған кезде – сұрау салуды орындаудың ерекше тәртібін сипаттау және бұл қажеттіліктің негіздемесі;

      д) сұрау салуды орындау үшін қажет болуы мүмкін өзге де мәліметтер көрсетіледі.

      Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды тиісті түрде орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

      4. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не болмаса сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, сұрау салуды орындау кейінге қалдырылуы немесе оны орындаудан бас тартылуы мүмкін.

      5. Сұрау салуды орындаудан бас тарту немесе оны орындауды кідірту туралы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы бас тартудың немесе кідіртудің себептерін көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың құзыретті органын хабардар етеді.

6-бап

      1. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салудың мазмұнын жарияламаған жөн деп есептесе, Тараптардың әрқайсысының құзыретті органы алынған мәліметтердің, оның ішінде сұрау салуды алу фактісінің және оның мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      2. Сұрау салуды орындау кезінде құпиялылықты сақтау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына мұндай жағдайларда сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін хабарлайды.

7-бап

      Адамдарды мемлекетаралық іздестірудің орталықтандырылған ақпараттық массивін қалыптастыруды және жүргізуді Мемлекетаралық ақпараттық банк шеңберінде Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Бас ақпараттық-талдау орталығы жүзеге асырады.

8-бап

      Тараптардың құзыретті органдары, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмейтін болса, осы Шартты орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Адамдарды мемлекетаралық іздестіру тәртібі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін жеке құжатпен айқындалады.

10-бап

      Осы Шарт Тараптардың әрқайсысы қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Шартты қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

13-бап

      Осы Шарт оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Шарт тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Шарт ол күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжаттар беру жолымен, оның ережелерін, мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылушы мемлекет үшін осы Шарт қосылу туралы тиісті құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Тараптардың әрқайсысы осы Шарттан шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей мұндай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп және Шарттың қолданылуы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, одан шыға алады.

      Осы Шарттың қолданылуын тоқтату Тараптардың осы Шарттың 6-бабында көзделген құпия ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелерін тоқтатуға әкеп соқпайды.

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тiлiнде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Шартқа қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.

Әзербайжан Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін

Армения Республикасы үшін

Тәжікстан Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Түрікменстан үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Өзбекстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Украина үшін


Молдова Республикасы үшін



      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартының аударылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.

Қазақстан Республикасы


Ішкі істер министрлігінің


Штаб бастығының орынбасары

М.Әбдішев


      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы Шартының куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігінің

      Халықаралық құқық департаментінің

      Басқарма бастығы Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады