Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 7 қарашадағы № 246-V ҚРЗ

      2013 жылғы 11 қарашада Екатеринбургте жасалған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы
ШAРТ

(2014 жылғы 22 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 1, 3-құжат)

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы тату көршілікті, жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, жақындасу мен интеграция үшін құқықтық негіздің нығаюына ықпал еткен 1992 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, сондай-ақ 1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеу қаласында қабылданған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны жоғары бағалай отырып,
      XXI ғасырдың талаптарына сай келетін мәңгілік достық пен ынтымақтастық қатынастарының жаңа деңгейіне көше отырып, тарихи қалыптасқан берік байланыстар мен тату көршілік дәстүрлеріне сүйене отырып,
      стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге ұмтыла отырып және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің әлеуетін толық іске асыру, шарттық-құқықтық базаны және мемлекетаралық интеграция институттарын жетілдіру, оның шеңберінде іс жүзінде өзара іс-қимыл жасау мақсатында екіжақты қатынастарды одақтастықтың рухына сай келетін сапа жағынан жаңа деңгейге көтеруге ниет білдіре отырып,
      Қазақстан және Ресей халықтарының арасындағы терең тарихи және рухани байланыстарына негізделген достық пен одақтастық қатынастарды нығайту екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру бойынша алдында тұрған ортақ міндеттерді шешуге, орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға, жаһандық экономика шеңберінде ұлттық бәсекеге қабілеттілікті жан-жақты жаңғыртуға және күшейтуге ықпал етеді, еуразиялық кеңістіктегі бейбітшілік ісіне, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қызмет етеді деп есептей отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, 1975 жылғы 1 тамыздағы Хельсинки Қорытынды актісінің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының басқа да құжаттарының мақсаттары мен қағидаттарына өзінің адалдығын растай отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Aзиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберіндегі бірлескен уағдаластықтар мен халықаралық міндеттемелерді растай отырып,
      келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демократиялық, ортақ еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын қалыптастыру идеясын ілгерілетуге өзінің берік шешім туралы мәлімдей отырып,
      сыртқы саясат саласында және әскери-саяси салада тығыз ынтымақтастықтың, еуразиялық кеңістік пен бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық қатынастарда блоктық тәсілдерді еңсеру және жаңа бөлісу желілерін болдырмау мақсатында бірлескен күш-жігердің қажеттігін мойындай отырып,
       төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде тең құқылы және егемен мемлекеттер ретінде бір-бірімен өзара іс-қимылды дамытады. Олар мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқықтылық және ішкі істерге араласпау, қысым жасаудың экономикалық және өзге де тәсілдерін қоса алғанда, күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қорқытпау, аумақтық тұтастық, шекаралардың мызғымастығы, дауларды бейбіт жолмен реттеу, адам құқықтарын және негізгі бостандықтарын құрметтеу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаттарын, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа алуға міндеттенеді.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарт ережелерінде айқындалған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтық тұтастығын және бар шекараларының мызғымастығын растайды және құрметтейді.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар олардың кез келгеніне қарсы бағытталған қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспайтын болады. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған қандай да бір іс-қимылдарға қатысудан немесе осындай іс-қимылдарды қолдаудан қалыс қалады және оның аумағын осы екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы агрессияны немесе өзге де дұшпандық іс-қимылдарды дайындау немесе жүзеге асыру мақсатында пайдалануға жол бермейді.
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы үшінші мемлекеттер мен екінші Уағдаласушы Тарап арасында қарулы қақтығыстар туындаған кезде осы мемлекеттерге көмек көрсетпейтін болады.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар келісілген сыртқы саясатты жүргізеді, еуразиялық кеңістік пен бүкіл әлемде бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру ісінде тығыз өзара іс-қимыл жасайды. Осы мақсатта Уағдаласушы Тараптар тең құқылы стратегиялық әріптестікті нығайтады. Өздерінің сыртқы саясатын үйлестіру мүддесінде Тараптар, ең алдымен, екіжақты қатынастар мәселелері, өзара мүдделілікті білдіретін өзекті халықаралық проблемалар бойынша тұрақты түрде пікір алмасып және ұстанымдарды келісе отырып, жоғарғы және жоғары деңгейлерде тұрақты кездесулер тетігін пайдаланады және жетілдіреді.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар қарусыздандыру және жаппай қырып-жою қаруларының барлық түрлерін және оларды жеткізу құралдарын таратпау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар терроризмге және экстремизмнің өзге де күштеу көріністеріне, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың әртүрлі нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қарудың заңсыз айналымына, мәдени құндылықтардың контрабандасына және оларды заңсыз әкетуге, көлік қызметіне заңсыз араласу актілеріне, заңсыз көші-қонға, оның ішінде өзінің аумағы арқылы жеке тұлғаларды заңсыз алып өтуге, адам саудасына қарсы күресте, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.

7-бап

      Уағдаласушы Тараптар екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы қатынастар мен байланыстарды дамытуға және нығайтуға жәрдемдеседі.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында тұратын өз азаматтарының құқықтарын қорғайды, олардың арасындағы халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес оларға қолдау көрсетеді.
      Уағдаласушы Тараптар екі мемлекет азаматтарының еркін жүріп-тұруын өзара қамтамасыз етуді қоса алғанда, көші-қон процестерін басқару жөніндегі келісілген шаралар кешенін жүзеге асырады.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында тұратын аз ұлттар мен этникалық топтардың этникалық, тілдік, мәдени және діни ерекшелігін қорғауды қамтамасыз етеді, осы ерекшелікті сақтау және дамыту, осы адамдардың мәдени, әлеуметтік және экономикалық өмірге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың заңнамасына сәйкес мемлекеттік істерге тиімді қатысуы үшін жағдайлар жасайды.
      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың диаспоралары арасында мәдени-ағартушылық және ақпараттық жұмысты жүзеге асыратын сол Тараптың ақпараттық-мәдени орталықтарының қызметін қолдайды, олар орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген талаптар шеңберінде көрсетілген диаспоралардың бірлестіктерімен байланыс жасайды.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптар тең құқықтылық, еріктілік және саяси егемендікке қысым жасамастан өзара тиімділік қағидаттарында еуразиялық интеграцияны тереңдету мақсатында Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістікті одан әрі нығайтуға жәрдемдеседі.

11-бап

      Уағдаласушы Тараптар өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны, барлық меншік нысандарының шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тікелей байланысты сапалы жаңа деңгейге шығару, Уағдаласушы Тараптардың өңірлері деңгейінде өзара іс-қимыл жасау мақсатында сауда-экономикалық, инвестициялық және ғылыми-техникалық салалардағы өзара тиімді интеграциялық ынтымақтастықты кеңейтеді. Уағдаласушы Тараптар көрсетілген салаларда өз заңнамасын үйлестіру бойынша шаралар қабылдайды.

12-бап

      Уағдаласушы Тараптар инвестицияларды ынталандыру мен өзара қорғауды, сондай-ақ түрлі нысандағы бірлестіктер мен Уағдаласушы Тараптардың екеуінің де азаматтары, кәсіпорындары және экономикалық ынтымақтастықтың басқа субъектілері арасындағы тікелей байланысты дамытуды қоса алғанда, кәсіпкерлік және өзге шаруашылық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.

13-бап

      Уағдаласушы Тараптар электр энергетикасы саласындағы өзара тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асырады.

14-бап

      Уағдаласушы Тараптар тең құқылы және өзара тиімді стратегиялық әріптестік негізінде көмірсутек ресурстарын барлау, өндіру, қайта өңдеу мен тасымалдау саласында өзара іс-қимыл жасайды.

15-бап

      Уағдаласушы Тараптар экономикалық байланыстарды нығайту, қолайлы инвестициялық және сауда жағдайларын жасау, ядролық отын циклі саласында ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру, атом энергетикасының объектілерін салу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында тұрақты интеграциялық байланыстарды қалыптастыру үшін жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, әлемдік нарықта жаһандық өсу мен жетекшілік жағдайларды қамтамасыз ету және осындай ынтымақтастықты ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының халықаралық міндеттемелеріне толықтай сәйкес сапасы жағынан жаңа деңгейге көшіру арқылы атом энергетикасы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады.

16-бап

      Уағдаласушы Тараптар интеграция шеңберінде көлік және коммуникация саласында, оның ішінде ақпараттық көлік жүйелерін және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады, сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді кедергісіз тасымалдауды жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.

17-бап

      Уағдаласушы Тараптар мүшесі Уағдаласушы Тараптардың бірі болып табылатын халықаралық ұйымдарға қатысуда немесе оларға кіруге бір-біріне қолдау көрсете отырып, әртүрлі халықаралық экономикалық, қаржы және басқа да ұйымдар мен институттар шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.

18-бап

      Уағдаласушы Тараптар қорғаныс және әскери-техникалық салалардағы байланыстарды өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қолдау мүдделерінде екі жақты стратегиялық әріптестіктің маңызды құрамдасы ретінде қарастыра отырып, оларды тереңдетеді және жетілдіреді.
      Уағдаласушы Тараптар ортақ әскери қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге бағытталған іс-қимылдарды келіседі, екі мемлекеттің қарулы күштерін қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруға бағытталған әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара тиімді желіні жүргізеді.

19-бап

      Уағдаласушы Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен дағдарысты жағдайларға ден қоюдың пәрменді жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірлескен шараларды қабылдайды. Уағдаласушы Тараптар 1992 жылғы 15 мамырда Ташкент қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың, өздерінің әскери доктриналарының келісілген ережелерінің және қорғаныс жеткіліктігі қағидатының негізінде ортақ әскери-стратегиялық кеңістік шеңберінде сенімді бірлескен қорғанысты қамтамасыз етуде белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды.

20-бап

      Уағдаласушы Тараптар Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы трансшекаралық қыр көрсетулерге, қатерлер мен тәуекелдерге қарсы тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатында келісілген шекаралық саясат жүргізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының сыртқы шекараларын қорғау саласында ынтымақтастықты нығайтады.

21-бап

      Уағдаласушы Тараптар ғарыш техникасын жасау және қолдану мен осындай ынтымақтастықтың түрлі нысандарын дамыту мәселелеріне тиісті назар аудара отырып, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырады.
      Уағдаласушы Тараптар «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану ісінде стратегиялық әріптестікті дамытады, жаңа технологиялар мен экологиялық қауіпсіздік пайымдауларын есепке ала отырып, ғарыш айлағының инфрақұрылымын жаңғыртуға өзара тарту деңгейін арттыруға, бірлескен ғарыш жобаларын іске асыруға, оның ішінде ұшыру қызметтерін көрсету бойынша жәрдемдеседі.

22-бап

      Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері мен Ресей Федерациясының субъектілері арасында өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға, олардың тиімді өзара іс-қимылы үшін қолайлы жағдайлар жасауға, екі елдің өңірлері арасындағы сауда, шаруашылық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жәрдемдеседі.

23-бап

      Уағдаласушы Тараптар ғылыми-зерттеу орталықтары мен жобалау-конструкторлық мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды көтермелей отырып, білім, ғылым және техника саласындағы ынтымақтастықты дамытады, оның ішінде нанотехнологиялар, наноөнімдер және басқа да инновациялық технологиялар саласындағы бірлескен бағдарламалар мен әзірлемелерді жүзеге асыруға, Уағдаласушы Тараптардың білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде бірлескен оқыту бағдармаларын әзірлеу мақсатында барынша жәрдемдеседі.
      Уағдаласушы Тараптар кадрлар даярлау, ғалымдар, мамандар және студенттер алмасу саласында білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды өзара тануда бірлесіп іс-қимыл жасайды және қолайлы жағдайлар туғызады.

24-бап

      Уағдаласушы Тараптар денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты дамытады.
      Уағдаласушы Тараптар халықтың денсаулығын қорғау мен жақсарту, дәрілік заттар мен медициналық өнімдер айналымын реттеу, табиғи-ошақты және басқа да қауіпті инфекцияларға қарсы іс-қимыл жасау, медицина ғылымын дамыту, медициналық және фармацевтикалық бейіндегі саланың кадрларын даярлау саласында тәжірибе алмасу бойынша өздерінің бірлескен іс-әрекеттерінің қажеттілігін мойындайды.
      Уағдаласушы Тараптар келісілген әлеуметтік саясат жүргізеді, осы мақсаттарда әлеуметтік қорғаудың ұлттық жүйелері мен тиісті заңнаманы үйлестіруге жәрдемдеседі.

25-бап

      Уағдаласушы Тараптар екі ел халықтарының рухани және мәдени жақындастығын сақтауға барынша жәрдемдеседі.
      Уағдаласушы Тараптар шығармашылық одақтар мен бірлестіктердің, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерінің арасында тарихи қалыптасқан байланыстар мен қатынастар негізінде бірыңғай мәдени кеңістікті нығайту үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы халықтарының этникалық және тілдік ерекшеліктерін сақтап қалуына жәрдемдеседі, мәдениеттің, өнердің, туризм мен спорттың әртүрлі салаларында ынтымақтастықты, еркін ақпарат алмасуды барынша көтермелейді.

26-бап

      Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің қоршаған ортасын және трансшекаралық су ағындарын қорғауға ерекше назар аудара отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
      Уағдаласушы Тараптар энергия-экологиялық стратегия мен жасыл технология трансфертін іске асыру жөніндегі жаһандық әріптестік шеңберінде екіжақты және көпжақты деңгейлердегі ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын қолдайды және көтермелейді.
      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарындағы ірі экологиялық апаттардың зардаптарын жоюда бір-біріне жәрдем көрсетеді, сондай-ақ табиғи және техногендік факторларды тудыратын және халықтың тыныс-тіршілігі үшін қауіп төндіретін төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара көмек көрсетеді.

27-бап

      Осы Шартты орындау мақсатында Уағдаласушы Тараптар ынтымақтастықтың өзара мүддені білдіретін нақты салаларында халықаралық шарттар жасай алады.

28-бап

      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

29-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулар Уағдаласушы Тараптардың арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

30-бап

      Осы Шарт ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталарымен алмасқан күні күшіне енеді.
      Осы Шарт 5 жыл мерзімге жасалады. Егер Уағдаласушы Тараптардың біреуі осы Шарттың қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде екінші Уағдаласушы Тарапты дипломатиялық арналар арқылы бастапқы немесе кез келген келесі кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей хабардар етпесе, оның қолданылуы келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.

31-бап

      Уағдаласушы Тараптардың келісімімен осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      2013 жылғы «11» қарашада Екатеринбург қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің бірдей күші бар.

      ҚAЗAҚСТAН РЕСПУБЛИКAСЫ                     РЕСЕЙ ФЕДЕРAЦИЯСЫ
              ҮШІН                                     ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады