2013 жылғы 7 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабын басқару және пайдалану туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде «Достық»
бірлескен ортақ су торабын басқару және пайдалану туралы
келісім
(2015 жылғы 7 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 1, 6-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
мемлекеттер арасындағы достық және тату көршілік қарым қатынастарды одан әрі дамыту және нығайту мақсатында;
2001 жылғы 12 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді негізге ала отырып;
Тараптардың трансшекаралық өзендер саласындағы ұзақ достық ынтымақтастығын ескере отырып;
Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабының (бұдан әрі - бірлескен ортақ су торабы) әлеуметтік, экономикалық және экологиялық құндылығын мойындай отырып;
Бірлескен ортақ су торабын тең құқылы және ұтымды басқаруға және оның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән бере отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар бірлескен ортақ су торабының тең үлеске ие екі
мемлекеттің ортақ меншігі болып табылатынын мойындайды.
Бірлескен ортақ су торабы:
1) реттелген жеткізу және бұру арналарын;
2) ағызу және шаю саңылаулары бар бөгетті;
3) кіру және шығу шлюздері бар ирелең каналдарды;
4) магистральдық каналдардың бас шлюздерін;
5) автоматтандыру, электрмен жабдықтау және бақылау аспаптары бар диспетчерлік пунктті;
6) Тараптардың әрқайсысының аумағында бірлескен су торабына
ұзындығы 200 метр кірме жолдарды қамтиды.
2. Бірлескен ортақ су торабының осі арқылы өтетін түйісу сызығы оның бөлу шекарасы болып табылады. Бірлескен ортақ су торабы осінің екі жағы Тараптардың әрқайсысының басқару учаскелері болып табылады.
3. Қорғас өзенінің төменгі ағысының экологиялық жай-күйін
кепілдікпен қамтамасыз ету үшін ең төменгі экологиялық су жіберу
секундына 1,7 текше метрден кем болмауға тиіс.
2-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар
мемлекеттерінің уәкілетті органдары (бұдан әрі — уәкілетті органдар)
мыналар болып табылады:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитеті;
Қытай Тарапынан - Қытай Халық Республикасының Шыңжан өндірістік-құрылыс корпусы.
2. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өз бөлігінде бірлескен ортақ су торабын бірлесіп басқаруға және пайдалануға жауапты мына ұйымдарды (бұдан әрі - жауапты ұйымдар) белгілейді:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
Қытай Тарапынан - Қытай Халық Республикасы Шыңжан өндірістік-құрылыс корпусының 4-ші ауыл шаруашылығы дивизиясының ирригациялық басқармасы.
3. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары бірлескен ортақ су торабын пайдалану және басқару бойынша жауапты ұйымдардың қызметін жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.
Жауапты ұйымдар бірлескен ортақ су торабын пайдалануды және техникалық жай-күйін бақылауды қамтамасыз етеді.
4. Уәкілетті органдар мен жауапты ұйымдардың атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.
3-бап
1. Бірлескен ортақ су торабын пайдалану және басқару:
бірлескен ортақ су торабының пайдалану сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
су көлемін және экологиялық су жіберуді реттеудің белгіленген қағидаттарын сақтауды;
тасқын судың өтуін қамтамасыз етуді қамтиды.
2. Бірлескен ортақ су торабын басқару және пайдалану тәртібі Қорғас өзеніндегі «Достық» бірлескен ортақ су торабын пайдалану қағидаларында регламенттеледі, ол Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары келісу арқылы бекітеді.
4-бап
1. Бірлескен ортақ су торабын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында бірлескен ортақ су торабын пайдалану жөніндегі қазақстан-қытай бірлескен қызметі (бұдан әрі - бірлескен пайдалану қызметі) құрылады.
2. Бірлескен пайдалану қызметі тұрақты негізде жұмыс істейді және тепе-теңдік қағидаты бойынша жауапты ұйымдардың қызметкерлерінен тұрады.
3. Тараптардың жауапты ұйымдары өз отырыстарын Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің аумағында кезектесіп өткізеді. Кездесулердің мерзімділігін жауапты ұйымдар айқындайды. Тараптардың біреуінің бастамасы бойынша жауапты ұйымдардың кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін. Жауапты ұйымдардың отырыстарында қабылданатын шешімдер хаттамалармен ресімделеді.
4. Пайдалану қызметі бірлескен ортақ су торабын пайдаланудың сенімділігі мен қауіпсіздігін, су торабы тұстамасында Қорғас өзенінің арнасында сол уақыттағы жалпы су пайдаланымынан кез келген Тараптың тең үлесте су алу шарттарын, сондай-ақ экологиялық су жіберудің белгіленген көлемінің сақталуын және тасқын судың өтуін қамтамасыз етеді.
5-бап
1. Тараптар инженерлік жабдықтар мен конструкцияларды тиісті жай-күйде күтіп ұстауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ бірлескен ортақ су торабының өз бөлігін қауіпсіз және қалыпты пайдалануға кедергі келтіретін кез келген іс-әрекеттерді болдырмауға міндеттенеді.
2. Тараптар екінші Тарапты хабардар еткеннен кейін бірлескен ортақ су торабының өз бөлігінде жоспарланған және жоспарланбаған жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
3. Тараптардың бірде біреуі екінші Тараптың келісуінсіз реконструкциялау, кеңейту, жөндеу және нығайту бойынша жұмыстар жүргізу арқылы бірлескен ортақ су торабының параметрлерін, стандарттарын және пайдалану режимін өзгертуді жүзеге асыруға құқылы емес.
4. Тараптар кемінде күнтізбелік 10 күн бұрын өзеннің іргелес аумақтарын су басуды және олардың су астында қалуын, сондай-ақ жағалау жиегінің сумен шайылуын болдырмау үшін инженерлік жұмыстарды жүргізу туралы екінші Тарапты хабардар етеді. Бұл жұмыстар жағалау жиегінің тұрақтылығына әсер етпеуге тиіс.
6-бап
Әрбір Тарап персоналды ұстауды, ағымдағы және күрделі жөндеуді, қалпына келтіруді немесе реконструкциялауды қоса алғанда, бірлескен ортақ су торабын басқаруға және пайдалануға қаржылай қаражатты дербес бөледі.
Тараптар тиісті шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде көтереді.
7-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары, жауапты ұйымдары, бірлескен пайдалану қызметтері және қадағалау органдары өкілдерінің мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің және бірлескен ортақ су торабы шегінде бірлескен жұмыстар жүргізуінің оңайлатылған тәртібі Тараптар мемлекеттерінің шекара өкілдерінің келісуі бойынша жүзеге асырылады.
2. Бірлескен ортақ су торабын басқару және пайдалану Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қолданыстағы халықаралық шарттардың ережелеріне және Тараптар мемлекеттерінің Мемлекеттік шекара туралы ұлттық заңнамаларына сәйкес келуге тиіс.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты кез келген даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
9-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданысын өзінің тоқтату ниеті туралы басқа Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.
2013 жылғы 7 қыркүйекте, Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Хаттаманың қытай және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.