Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 267-V ҚРЗ

      Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы 2010 жылғы 27 мамырда Парижде жасалған хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы 1988 жылғы 25 қаңтарда Страсбургте жасалған конвенция осы Заңға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес мәлімдемелермен және ескертпелермен қоса ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

«Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек
туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы
хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық
істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы
конвенцияны ратификациялау туралы»   
2014 жылғы 26 желтоқсандағы     
№ 267-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының 
Заңына                
1-қосымша              

Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға
өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулері бар
Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға
мәлімдемелер

      1. Қазақстан Республикасы Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция (бұдан әрі – Конвенция) соларға қатысты қолданылатын және Конвенцияның 2-бабының 2-тармағына сәйкес Конвенцияның А қосымшасына енгізілетін салықтар мыналар болып табылатынын мәлімдейді:
      1) 2-бап, 1-тармақ, а) тармақша:
      і) жеке табыс салығы;
      корпоративтік табыс салығы;
      әлеуметтік салық;
      2) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      іі) әлеуметтік аударымдар;
      міндетті зейнетақы жарналары;
      міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;
      3) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      ііі) А. мүлік салығы;
      4) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      ііі) В. жер салығы;
      5) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      ііі) С. қосылған құн салығы;
      6) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      ііі) D. акциздер;
      7) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      ііі) Е. көлік құралы салығы;
      8) 2-бап, 1-тармақ, b) тармақша:
      ііі) G. экспортқа рента салығы;
      ойын бизнесі салығы;
      жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;
      бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер.
      2. Қазақстан Республикасы Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының d) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасына қатысты Конвенцияның В қосымшасында анықтамасы көрсетілген «құзыретті орган» деген терминмен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі немесе оның уәкілетті өкілі түсінілетінін мәлімдейді.
      3. Қазақстан Республикасы Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының e) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасына қатысты Конвенцияның С қосымшасында анықтамасы көрсетілген «ұлттық тұлғалар» деген терминмен мыналар түсінілетінін мәлімдейді:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтығы бар барлық жеке тұлғалар;
      2) өз мәртебесін Қазақстан Республикасының заңдары негізінде алған барлық заңды тұлғалар, серіктестіктер немесе қауымдастықтар.

«Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек
туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы
хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық
істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы
конвенцияны ратификациялау туралы»   
2014 жылғы 26 желтоқсандағы     
№ 267-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының 
Заңына                 
2-қосымша               

Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға
өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулері бар
Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға
ескертпелер

      1. Қазақстан Республикасы Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) 30-бабы 1-тармағының а) тармақшасына сәйкес Конвенцияның А қосымшасына Қазақстан Республикасы енгізген салықтарды немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді қоспағанда, басқа Тараптардың Конвенцияның 2-бабы 1-тармағының b) тармақшасында тізілген салықтарының кез келген түрлеріне қатысты қандай да бір көмек көрсетпеу құқығын өзіне қалдырады.
      2. Қазақстан Республикасы Конвенцияның 30-бабы 1-тармағының b) тармақшасына сәйкес Конвенцияның 2-бабының 1-тармағында тізілген салықтардың барлық түрлері үшін кез келген салықтық талапты орындау немесе әкімшілік айыппұлды өндіріп алу бойынша көмек көрсетпеу құқығын өзіне қалдырады.
      3. Қазақстан Республикасы Конвенцияның 30-бабы 1-тармағының с) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасына қатысты Конвенция күшіне енген күнге немесе Қазақстан Республикасы Конвенцияның 30-бабы 1-тармағының а) немесе b) тармақшаларына сәйкес жасалған ескертпені алып тастаған күнге қолданыстағы кез келген салықтық талапқа қатысты көмек көрсетпеу құқығын өзіне қалдырады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ДАМУ ҰЙЫМЫ

Қол қою туралы хаттама ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулерімен Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция

      2013 жылғы 23 желтоқсанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Париждегі штаб-пәтерінде Үкімет атынан өкілеттіктер берілген Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Даненов мырза мынаған қол қойды:

2010 жылғы 27 мамырда Парижде жасалған Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулерімен 1988 жылғы 25 қаңтарда Страсбургте жасалған Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция.

      Осы Хаттаманы Құқықтық қатынастар директорының орынбасары Josee FECTEAU мырза біреуі ЭЫДҰ мұрағатында сақталатын және екіншісі Қазақстан Республикасының өкіліне жолданатын екі данада жасағанын және қол қойғанын растау үшін.

Құқықтық қатынастар директорының орынбасары
Josee FECTEAU мырза

Салық істері бойынша
өзара әкімшілік көмек туралы
конвенция

      Мәтін 2011 жылғы 1 маусымда күшіне енген Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамасының ережелеріне сәйкес өзгертілді.

Кіріспе

      Осы Конвенцияға қол қойған Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттер және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер,
      адамдардың, капиталдардың, тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің халықаралық қозғалысының дамуы - осы процестердің тиімділігіне қарамастан - салық салуды болдырмау және одан жалтару ықтималдығының өсуіне әкеп соққанын және сондықтан салық органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды талап ететінін ескере отырып;
      салық салуды болдырмаумен және одан жалтарумен күресу үшін соңғы жылдары халықаралық деңгейде екі жақты, сол сияқты көпжақты негізде қолға алынған барлық жан-жақты күш-жігерді құптай отырып;
      мемлекеттер арасындағы үйлесімді күш-жігер салық төлеушілердің құқықтарын тиісінше қорғауды бір мезгілде қамтамасыз ете отырып, кез келген түрдегі салықтарды алу мәселелерінде әкімшілік көмектің барлық нысандарын дамыту мақсаттарында қажеттілік болып табылатындығын ескере отырып;
      халықаралық ынтымақтастық салықтық жауапкершілікті тиісінше анықтау кезінде жәрдемдесуде және салық төлеушіге оның құқықтарын қамтамасыз етуде кезінде көмек көрсетуде маңызды рөл атқаруы мүмкін екендігін тани отырып;
      әрбір адамға заңда белгіленген тәртіпке сәйкес айқындалған құқықтарға ие болу және міндеттерді атқару қабілетін беретін негізгі қағидаттар барлық мемлекеттерде салық мәселелері бойынша қолданылатын ретінде танылуға тиіс екендігін және мемлекет кемсітушілік пен қосарланған салық салудан тиісті қорғауды қоса алғанда, салық төлеушілердің заңды мүдделерін қорғау жөнінде күш-жігерін салуға тиіс екенін ескере отырып;
      осыған байланысты, Мемлекеттер ақпараттың құпиялылығын қорғау қажеттігін назарға ала отырып және жеке өмірді қорғаудың халықаралық құралдарының күшін және жеке деректерді пайдалануды ескере отырып, шараларды жүзеге асыруға және ақпаратты беруге тиіс екендігіне кәміл сеніп;
      ынтымақтасудың жаңа шарттары туындағанын және ынтымақтасудың жаңа шарттарынан пайда алу және сонымен бірге салық саласында өзара іс-қимыл жасаудың ең жоғары халықаралық стандарттарын енгізу үшін Мемлекеттердің қалың тобына қолжетімді сан қырлы құрал жасау ниеті бар екендігін ескере отырып;
      Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция жасасуға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I ТАРАУ. КОНВЕНЦИЯНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ САЛАСЫ

1-бап
Конвенцияның мақсаты және ол қолданылатын тұлғалар

      1. Тараптар IV тараудың ережелеріне сәйкес, салық істері бойынша бір-біріне әкімшілік көмек көрсетеді. Мұндай көмек қажет болған кезде сот органдары қолданатын шараларды көздеуі мүмкін.
      2. Мұндай әкімшілік көмек:
      a) бір мезгілде салықтық тексерулерді жүргізуді және шетелде салықтық тексерулерге қатысуды қамтитын ақпарат алмасудан;
      b) қамтамасыз ету шараларын қабылдауды қоса алғанда, салықтарды алу бойынша көмектен; және
      c) құжаттарды жіберуден тұрады.
      3. Тарап тиісті тұлға Тараптың немесе кез келген өзге мемлекеттің резиденті не ұлттық тұлғасы болып табылатындығына не табылмайтындығына қарамастан әкімшілік көмек көрсетеді.

2-бап
Конвенция қамтитын салықтар

      1. Конвенция:
      a) мынадай салықтарға:
      i) табысқа немесе пайдаға салынатын салықтарға,
      ii) табыс пен пайдаға салынатын салықтан бөлек белгіленген капиталдың өсіміне салынатын салықтарға,
      iii) Тарап белгілеген таза активтерге салынатын салықтарға; және
      b) мынадай салықтарға:
      i) Тараптың мемлекеттік құрылымдарының немесе жергілікті билік органдарының атынан белгіленген табысқа, пайдаға, капиталдың өсіміне немесе таза активтерге салынатын салықтарға,
      ii) орталық үкіметке не жария құқыққа сәйкес құрылған әлеуметтік қорғау мекемелеріне төленетін әлеуметтік қорғауға арналған міндетті жарналарға,
      iii) Тарап белгілеген кедендік баждарды қоспағанда, салықтардың өзге түрлеріне, атап айтқанда:
      A. мүлікке, мұраға немесе сыйға салынатын салықтарға,
      B. жылжымайтын мүлікке салынатын салықтарға,
      C. қосылған құн салығы немесе сатудан алынатын салық сияқты тұтынуға салынатын жалпы салықтарға,
      D. акциздер сияқты тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге салынатын арнайы салықтарға,
      E. автокөлік құралдарын пайдалануға немесе иеленуге салынатын салықтарға,
      F. автокөлік құралдарынан өзге, жылжымалы мүлікті пайдалануға немесе иеленуге салынатын салықтарға,
      G. кез келген өзге салықтарға;
      iv) Тараптың мемлекеттік құрылымдарының немесе жергілікті билік органдарының атынан белгіленген жоғарыда ііі тармақшада көрсетілген салықтардың санаттарына қолданылады.
      2. Конвенция қолданылатын қазіргі бар салықтар 1-тармақта көрсетілген салықтардың санаттарына сәйкес А қосымшасында санамаланған.
      3. Тараптар А қосымшасына енгізілетін, 2-тармақта көрсетілген тізімнің өзгеруіне әкеп соқтыратын кез келген өзгерістер туралы Еуропа Кеңесі Бас хатшысын немесе ЭЫДҰ Бас хатшысын (бұдан әрі - депозитарийлер деп аталатын) хабардар етеді. Мұндай өзгерістер депозитарийлер осындай хабарламаны алған кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
      4. Конвенция сондай-ақ, осы Тарапқа қатысты Конвенция күшіне енгеннен кейін Уағдаласушы мемлекетте А қосымшасында санамаланған қолда бар салықтарға қосымша түрде немесе олардың орнына енгізілген, мәні жағынан бірдей немесе ұқсас салықтарға олар белгіленген кезден бастап қолданылады және бұл жағдайда тиісті Тарап салықтың енгізілгені туралы депозитарийлердің бірін хабардар етеді.

II ТАРАУ. НЕГІЗГІ АНЫҚТАМАЛАР

3-бап
Анықтамалар

      1. Егер мәнмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
      a) «сұрау салушы мемлекет» және «сұрау салынатын мемлекет» терминдері салық істері бойынша әкімшілік көмек көрсету үшін жүгінген тиісінше кез келген Тарапты және осындай көмек үшін сұрау салынатын кез келген Тарапты білдіреді;
      b) «салық» термині 2-бапқа сәйкес Конвенция қолданылатын әлеуметтік қорғау мақсаттарына арналған кез келген салықты немесе алымды білдіреді;
      c) «салық талабы» термині салықтың кез келген сомасын, сол сияқты ол бойынша пайыздарды, тиісті әкімшілік айыппұлдарды және төлеуге жататын және әлі төленбеген өндіріп алуға ілеспе шығыстарды білдіреді;
      d) «құзыретті орган» термині В қосымшасында көрсетілген тұлғалар мен органдарды білдіреді;
      e) Тарапқа қатысты «ұлттық тұлғалар» термині:
      i) осы Тараптың азаматтығына ие барлық жеке тұлғаларды, және
      ii) құқықтық жағдайы осы Тараптың қолданыстағы заңдарымен бекітілетін барлық заңды тұлғаларды, әріптестіктерді, қауымдастықтарды және басқа ұйымдарды білдіреді.
      Осыған байланысты өтінішпен жүгінген әрбір Тарап үшін жоғарыда көрсетілген терминдер С қосымшасында анықталғанындай түсініледі;
      2. Егер Конвенцияның ережелерінде өзгеше көзделмесе, Тарап оны қолданған кезде онда анықталмаған кез келген термин Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты осы Тараптың заңнамасында ол үшін белгіленген мағынаға ие болады.
      3. Тараптар В және С қосымшаларына енгізілетін кез келген өзгерістер туралы депозитарийлердің бірін хабардар етеді. Мұндай өзгерістер аталған Депозитарий хабарламаны алған кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі келесі айдың бірінші күні күшіне енеді.

III ТАРАУ. КӨМЕК НЫСАНДАРЫ

I бөлім
АҚПАРАТ АЛМАСУ

4-бап
Жалпы ережелер

      1. Тараптар кез келген ақпаратпен, атап айтқанда осы бөлімнің ережелеріне сәйкес, Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты заңнаманың сақталуын әкімшілендіру немесе мәжбүрлеп қамтамасыз ету үшін шамамен маңызды болып табылатын ақпаратпен алмасады.
      2. Алып тасталды.
      3. Кез келген Тарап Депозитарийлердің біреуіне жіберілген өтініш арқылы өзінің ішкі заңнамасына сәйкес өзінің билік органдары 5 және 7-баптарға сәйкес өз резидентіне немесе ұлттық тұлғасына қатысты ақпаратты берер алдында оларды хабардар ете алатынын көрсетуі мүмкін.

5-бап
Сұрау салу бойынша ақпарат алмасу

      1. Сұрау салушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекетке 4-бапта аталған, жекелеген тұлғаларға немесе операцияларға қатысты кез келген ақпаратты береді.
      2. Егер сұрау салынатын мемлекеттің салық істерінде бар ақпарат ақпарат беру туралы сұрау салуды қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болса, осы мемлекет сұрау салушы мемлекетті сұралатын ақпаратпен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

6-бап
Автоматты түрде ақпарат алмасу

      Істердің санаттарына қарай және өзара уағдаластық бойынша анықталатын рәсімдерге сәйкес екі және одан да көп Тараптар 4-бапта көрсетілген ақпаратпен автоматты түрде алмасады.

7-бап
Ерікті түрде ақпарат алмасу

      1. Тарап алдын ала сұрау салмастан, мынадай мән-жайларда, егер:
      a) аталған Тараптардың біріншісінің басқа Тарапта салықтық шығындардың болуы мүмкін деп пайымдауға негіздері бар болса;
      b) салықтарды төлеуге жауапты тұлға аталған Тараптардың біріншісінде басқа Тарапта салық мөлшерінің ұлғаюына немесе салық жауаптылығына әкеп соғуы мүмкін салық мөлшерін азайтуға немесе салық төлеуден босатылуға ие болса;
      c) Тарапта салық салынуға жататын тұлға мен басқа Тарапта салық салынуға жататын тұлға арасындағы сауда мәмілелері бір немесе бірнеше елдер арқылы бір немесе басқа Тарапта немесе екеуінде де төлеуге жататын салықтың мөлшері азаятындай түрде жүргізілсе;
      d) Тараптың төлеуге жататын салықтың мөлшерін сақтау компаниялар тобы шеңберінде пайданы қасақана аудару салдары болып табылуы мүмкін деп пайымдауға негізі болса;
      e) аталған Тараптардың біріншісіне басқа Тарап жіберген ақпарат соңғы Тарапта салық жауаптылығының мөлшерін анықтау үшін қажет болып табылуы мүмкін ақпаратты алуға мүмкіндік берсе, қолда бар ақпаратын басқа Тарапқа жібереді.
      2. Әрбір Тарап 1-тармақта жазылған ақпарат басқа Тарапқа беру үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін қажет болатын осындай шараларды қабылдайды және осындай рәсімдерді жүргізеді.

8-бап
Бір мезгілдік салықтық тексерулер

      1. Екі және одан да көп Тараптар біреуінің сұрау салуы бойынша бір мезгілде салықтық тексерулерді жүргізу жағдайларын және рәсімдерін анықтау мақсаттары үшін бірлесіп консультация жүргізеді. Тартылған Тараптардың әрқайсысы өзінің жеке салықтық тексеру жүргізуге қатысатынын немесе қатыспайтынын шешеді.
      2. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін бір мезгілде салықтық тексеру екі немесе одан да көп Тараптар арасында әркім өзінің аумағында іске қатысты осылайша алынған кез келген мәліметтер алмасу мақсатында Тараптарда оларға қатысты өзара мүдделілік немесе өзара байланысты мүдделері бар тұлғаның немесе тұлғалардың салықтық істеріне бір мезгілде тексеру жүргізу уағдаластығын білдіреді.

9-бап
Шетелдегі салықтық тексерулер

      1. Сұрау салынатын мемлекеттің құзыретті органдары сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдарының өкілдеріне сұрау салынатын мемлекетте салықтық тексерудің тиісті бөлігіне қатысуға рұқсат бере алады.
      2. Егер сұрау салу қанағаттандырылса, сұрау салынатын мемлекеттің құзыретті органдары сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдарын мұндай салықтық тексеру жүргізудің уақыты, орны туралы, тексеруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдар немесе ресми тұлғалар, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін сұрау салынатын мемлекет белгілеген міндетті рәсімдер мен шарттар туралы барынша қысқа мерзімде хабардар етеді. Салықтық тексеруге қатысты барлық шешімдерді сұрау салынатын мемлекет қабылдайды.
      3. Тарап 1-тармақта аталған сұрау салуларды жалпы ереже бойынша қабылдамау ниеті туралы депозитарийлердің біреуін хабардар ете алады. Мұндай өтініш кез келген уақытта жасалуы не кері қайтарып алынуы мүмкін.

10-бап
Қайшы келетін ақпарат

      Егер Тарап басқа Тараптан тұлғаның салықтық істері туралы өзінде бар ақпаратқа қайшы келетін ақпарат алса, онда ол осы ақпаратты берген Тарапты бұл туралы хабардар етеді.

II бөлім
САЛЫҚТАРДЫ ӨНДІРІП АЛУ БОЙЫНША КӨМЕК

11-бап
Салықтық талаптардың орындалуы

      1. Сұрау салушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша сұрау салынатын мемлекет 14 және 15-баптардың ережелеріне сәйкес, егер олар оның өзінің салықтық талаптары болатыны сияқты аталған мемлекеттердің алғашқысының салықтық талаптарын орындауға қажетті қадамдарды қолданады.
      2. 1-тармақтың ережесі, егер мүдделі Тараптар дау туғызбайтын өзгені көздемесе, оларды сұрау салушы мемлекетте мәжбүрлеп өндіріп алуға рұқсат беретін құжаттың нысанасы болып табылатын салықтық талаптарға ғана қатысты қолданылады.
      Дегенмен, егер талап сұрау салушы мемлекет тұрақты тұратын елі болып табылмайтын тұлғаға қойылса, егер мүдделі Тараптар өзгеше көздемесе, егер талап енді дау туғызбайтын болса ғана 1-тармақ қолданылады.
      3. Қайтыс болған адамға немесе оның мүлкіне қатысты салықтық талаптарды орындау бойынша көмек көрсету жөніндегі міндеттеме мүліктің немесе осы мүлікке немесе оны алушыларға қатысты талаптың орындалуға жататындығына не жатпайтындығына қарай мүліктің әрбір мұрагері алған меншіктің құнымен шектелген.

12-бап
Қамтамасыз ету шаралары

      Сұрау салушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша сұрау салынатын мемлекет салық сомасын өндіріп алу мақсатында, егер тіпті талап дауланса да немесе мәжбүрлеп өндіріп алуға рұқсат беретін құжаттың нысанасы болып табылмаса да, қамтамасыз ету шараларын қолданады.

13-бап
Сұрау салуға қоса берілетін құжаттар

      1. Осы бөлімге сәйкес әкімшілік көмек көрсету туралы сұрау салуға мыналар қоса беріледі:
      a) салықтық талап Конвенция қолданылатын салыққа қатысты екендігі туралы, ал салықты өндіріп алу жөнінде сұрау салумен жүгінген жағдайда, 11-баптың 2-тармағына сәйкес салықтық талап дау туғызбайтыны немесе дау туындамайтыны туралы өтініш;
      b) сұрау салынатын мемлекетте мәжбүрлеп өндіріп алуға рұқсат беретін құжаттың ресми көшірмесі, және
      c) өндіріп алу немесе қамтамасыз ету шараларын қолдану үшін талап етілетін өзге де кез келген құжат.
      2. Сұрау салушы мемлекетте салықтық талапты орындауға мүмкіндік беретін құжат, егер қажет болса және сұрау салынатын мемлекеттің қолданыстағы ережелеріне сәйкес, көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау қабылданған кезден бастап қысқа мерзімде орындауға қабылданады, соңғы мемлекетте салықтық талапты орындауға мүмкіндік беретін құжатпен ресми танылады, толықтырылады және ауыстырылады.

14-бап
Мерзімдер

      1. Кез келген кезеңге жататын, онсыз салықтық талап орындалмайтын мәселелер сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасымен реттеледі. Көмек туралы сұрау салуда осы кезеңге қатысты нақты ережелер қамтылады.
      2. Сұрау салынатын мемлекет көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау үшін қолданатын, осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзінің салдарында 1-тармақта аталған кезеңнің барысын тоқтата тұруы немесе тоқтатуы мүмкін әрекеттің де сұрау салушы мемлекеттің заңмасына сәйкес осындай салдары болады. Сұрау салынатын тарап мұндай әрекеттер туралы сұрау салушы мемлекетке хабарлайды.
      3. Сұрау салынатын мемлекет кез келген жағдайда да бастапқы құжатпен мәжбүрлеп өндіріп алуға рұқсат етілген күннен бастап он бес жылдық кезең аяқталғаннан кейін ұсынылған көмек туралы сұрау салуды орындауға міндетті емес.

15-бап
Басымдық

      Орындалуына көмек көрсетілетін салықтық талап сұрау салынатын мемлекетте, егер орындауға пайдаланылған рәсім оның өзінің салықтық талаптарына қатысты дәл солай болып табылғанының өзінде, осы мемлекеттің салықтық талаптарын орындауға қатысты арнайы ұсынылатын ешқандай да басымдылыққа ие болмайды.

16-бап
Төлемнің мерзімін ұзарту

      Сұрау салынатын мемлекет, егер оның заңнамасы немесе әкімшілік практикасы осыған ұқсас мән-жайларда жол берсе, төлемнің мерзімін ұзартуға немесе төлемді бөліп төлеуге рұқсат беруі мүмкін, бірақ оның алдында ол осы туралы сұрау салушы мемлекетке хабарлайды.

III бөлім
ҚҰЖАТТАРДЫ ЖІБЕРУ

17-бап
Құжаттарды жіберу

      1. Сұрау салушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша сұрау салынатын мемлекет құжаттарды, оған қоса сот шешімдеріне жататын, сұрау салушы мемлекеттен шығатын және Конвенция қолданылатын салыққа жататын құжаттарды жібереді.
      2. Сұрау салынатын мемлекет құжаттарды:
      a) осыған ұқсас құжаттарды жіберу үшін оның ұлттық заңнамасында белгіленген әдісті пайдалану арқылы;
      b) мүмкіндігіне қарай, оны сұрау салушы мемлекет ұсынған арнайы әдісті немесе оның өз заңнамасы бойынша осы үшін қолданылуға болатын оған жақын әдісті пайдалану арқылы тиімді түрде жібереді.
      3. Тарап құжатты басқа Тараптың аумағындағы тұлғаға пошта бөлімшесі арқылы тікелей жібере алады.
      4. Осы Конвенцияда ештеңе де Тараптың өз ішкі заңнамасына сәйкес құжаттарды жіберудің кез келген әдісін заңды күшінен айыратын ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
      5. Осы бапқа сәйкес құжатты ұсынған кезде оның аудармасын қоса беру міндетті емес. Бұл ретте, егер алушы құжат жасалған тілді түсінбесе, сұрау салынатын мемлекет құжаттың аудармасын немесе оның өз тілінде немесе өзінің ресми тілінің бірінде қысқаша жазылған мазмұнын алуы үшін қажетті шараларды қолданады. Ол сұрау салушы мемлекетке құжаттың не сұрау салынатын мемлекеттің, Еуропа Кеңесінің немесе ЭЫДҰ ресми тілдерінің біріне аудармасын не қысқаша жазылған мазмұнын қоса беруді балама ретінде ұсынуы мүмкін.

IV ТАРАУ. КӨМЕКТІҢ БАРЛЫҚ НЫСАНДАРЫНА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЕРЕЖЕЛЕР

18-бап
Сұрау салушы мемлекет беретін ақпарат

      1. Көмек көрсету туралы сұрау салуда, егер бұл қажет болса мыналар:
      а) құзыретті орган жүгінген сұрау салуға бастамашылық жасаған билік органының немесе агенттіктің атауы;
      b) өзіне қатысты сұрау салу жүргізілген тұлғаның атауы, мекенжайы немесе оны анықтауға ықпал ететін өзге де кез келген мәліметтер;
      c) ақпаратты беру бойынша көмек туралы сұрау салынған жағдайда сұрау салушы мемлекет өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ақпарат алуды қалайтын нысан;
      d) салықты өндіріп алу бойынша немесе қамтамасыз ету шараларын қолдану бойынша көмек туралы сұрау салынған жағдайда салықтық талаптың сипаты, оның құрамдас бөліктері және өзінің есебінен салықтық талап сомалары өндіріліп алынуы мүмкін қаражат;
      е) құжаттарды беру бойынша көмек туралы сұрау салынған жағдайда жіберуге жататын құжаттың сипаты мен мазмұны;
      f) сұрау салу сұрау салушы мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына сәйкес келетіні-келмейтіні және ол 21.2 g-баптың талаптарына сәйкес өзін ақтайтыны-ақтамайтыны көрсетіледі.
      2. Сұрау салуға қатысы бар кез келген өзге де ақпарат өзіне белгілі болған кезде сұрау салушы мемлекет оны сұрау салынатын мемлекетке жібереді.

19-бап
Алып тасталды

20-бап
Көмек туралы сұрау салуды орындау

      1. Егер көмек көрсету туралы сұрау салу орындалса, сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекетке қолданылған шаралар мен көмек нәтижелері туралы қысқа мерзім ішінде хабарлайды.
      2. Егер сұрау салуды орындаудан бас тартылса, сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекетке осы шешім туралы және бас тарту үшін негіздер туралы қысқа мерзім ішінде хабарлайды.
      3. Егер ақпаратты беру туралы сұрау салуға қатысты сұрау салушы мемлекет ақпарат алудың өзі қалаған нысанын айқындаса және сұрау салынатын мемлекет осыны орындай алатын жағдайда болса, сұрау салынатын мемлекет оны сұратылған нысанда береді.

21-бап
Тұлғаларды қорғау және көмек көрсету бойынша міндеттемелерді шектеу

      1. Осы Конвенцияда ештеңе де сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасымен немесе әкімшілік практикасымен тұлғаларға берілген құқықтарды және кепілдіктерді қозғамайды.
      2. Осы Конвенцияның ережелері, 14-бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, сұрау салынатын Мемлекетке:
      a) оның өзінің заңнамасына немесе әкімшілік практикасына немесе сұрау салушы Мемлекеттің заңнамасына немесе әкімшілік практикасына қайшы келетін шараларды жүзеге асыру;
      b) жария тәртіпке (ordre public) қайшы келетін шараларды жүзеге асыру;
      c) өзінің ішкі заңнамасына немесе әкімшілік практикасына сәйкес немесе сұрау салушы Мемлекеттің заңнамасына немесе әкімшілік практикасына сәйкес алынуы мүмкін емес ақпаратты беру;
      d) кез келген сауда, іскерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіби құпияның немесе өзара сауда қатынастарының немесе ашылуы жария тәртіпке (ordre public) қайшы келетін ақпараттың ашылуына әкеп соғуы мүмкін ақпаратты беру;
      e) мұндай жағдайларда және ол салық салуды сұрау салушы Мемлекетте жалпы қабылданған салық салу қағидаттарына немесе қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияның немесе сұрау салынатын Мемлекет сұрау салушы Мемлекетпен жасасқан кез келген өзге де конвенцияның ережелеріне қайшы келеді деп танығанда, әкімшілік көмек көрсету;
      f) әкімшілендіру немесе сұрау салушы Мемлекеттің салық заңнамасы ережелерін немесе онымен байланысты, осындай мән-жайларда сұрау салушы Мемлекеттің ұлттық тұлғасымен салыстырғанда, сұрау салынатын Мемлекеттің ұлттық тұлғасын қолайсыз жағдайға әкелетін кез келген талапты орындауды мәжбүрлі қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік көмек көрсету;
      g) сұрау салушы Мемлекет, мұндай шараларға жүгіну шамадан тыс қиындықтарды туғызатын жағдайларды қоспағанда, өзінің заңдарына немесе әкімшілік практикасына сәйкес қолжетімді барлық тиесілі шараларды орындамаған жағдайда әкімшілік көмек көрсету;
      h) әкімшілік шығындар мұндай Мемлекет үшін сұрау салушы Мемлекет алуы мүмкін болатын пайдаға шамалас емес екені анық болып табылатын жағдайларда өндіріп алу бойынша көмек көрсету міндеттемелерін жүктейтіндей түрде түсіндірілмейді.
      3. Егер сұрау салушы Мемлекет ақпаратты Конвенцияға сәйкес сұраса, онда сұрау салынатын Мемлекет, тіпті егер сұрау салынатын Мемлекет, өзінің салық мақсаттары үшін осы ақпаратқа мұқтаж болмаса да, сұратылатын ақпарат алу үшін ақпарат жинау жөніндегі өзінің шараларын қолданады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме осы Конвенцияда қамтылған шектеулерге ұшыраған, бірақ ешбір жағдайда да мұндай шектеулер, атап айтқанда 1 және 2-тармақтарда көрсетілгендерді қоса алғанда, сұрау салынатын Мемлекеттің ол мұндай ақпаратқа мүдделі емес болғандықтан ғана ақпаратты беруінен бас тартуына рұқсат ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
      4. Осы Конвенцияның ережелері, атап айтқанда 1 және 2-тармақтардың ережелерін қоса алғанда, ешбір жағдайда ақпарат банктің, өзге де қаржы мекемесінің, атаулы иесінің немесе агент немесе сенімді тұлға ретінде әрекет ететін тұлғаның билігінде болғандықтан ғана немесе ол оның жеке қатысуы үлесіне жататындықтан сұрау салынатын Мемлекеттің ақпарат беруінен бас тартуына рұқсат ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

22-бап
Құпиялылық

      1. Осы Конвенцияға сәйкес Тарап алған кез келген ақпарат құпиялы және осы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат секілді осындай түрде және беруші Тарап өзінің ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес белгілеуі мүмкін кепілдіктерге сәйкес дербес деректерді қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін талап етілетін шекте қорғалған болып есептеледі;
      2. Кез келген жағдайда мұндай ақпарат осы Тараптың салығына қатысты есептеумен, алумен, сот тәртібімен өндіріп алумен, мәжбүрлі өндіріп алумен немесе шағымдарды қараумен немесе жоғарыда айтылғандарды бақылаумен байланысты тұлғаларға немесе билік органдарына (соттарды және әкімшілік немесе бақылау органдарын қоса алғанда) ғана ашып көрсетілуге жатады. Жоғарыда айтылған тұлғалар немесе билік органдары ғана және осындай мақсаттарда ғана осы ақпаратты пайдалана алады. 1-тармақтың ережелеріне қарамастан, олар осы ақпаратты осындай салықтарға қатысты ашық сот талқылауында немесе сот шешімдерінде ашуы мүмкін.
      3. Егер Тарап 30-баптың 1-тармағының а) тармақшасында көзделген ескертпе жасаса, осы Тараптан ақпарат алатын кез келген басқа Тарап ескертпе жасалған салыққа қатысты көмек көрсету мақсаты үшін оны пайдаланбайды. Осыған ұқсас мұндай ескертпе жасаған Тарап та ескертпе жасалған салыққа қатысты көмек көрсету мақсаттары үшін осы Конвенцияға сәйкес алынған ақпаратты пайдаланбайтын болады.
      4. 12 және 3-тармақтардың ережелерін қозғамай, Тарап алған ақпарат беруші Тараптың заңнамасына сәйкес мұндай ақпарат өзге де мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін болғанда және осы Тараптың құзыретті органдары мұндай пайдалануға рұқсат бергенде өзге мақсат үшін пайдаланылуы мүмкін. Тарап басқа Тарапқа берген ақпаратты соңғысы бірінші аталған Тараптың құзыретті органының алдын ала рұқсатына сәйкес үшінші Тарапқа беруі мүмкін.

23-бап
Рәсімдер

      1. Сұрау салынатын Тарап осы Конвенцияға сәйкес қабылдаған шараларына қатысты рәсімдерді осы мемлекеттің тиісті органы ғана өткізеді.
      2. Сұрау салушы мемлекет осы Конвенцияға сәйкес қабылдаған шараларына қатысты, атап айтқанда өндіріп алу мәнмәтінінде салық талабының болу фактісіне немесе мөлшеріне немесе оның орындалуына мүмкіндік беретін құжатына қатысты рәсімдерді осы мемлекеттің тиісті органы ғана жүргізеді. Осындай рәсімдер жүргізілген жағдайда сұрау салушы мемлекет сұрау салынатын мемлекетке хабарлайды ол жоғарыда аталған орган шешім қабылдағанға дейін өзіндегі рәсімдерді тоқтата тұрады. Бұл ретте сұрау салушы мемлекет жүгінген жағдайда сұрау салынатын мемлекет өндіріп алу мақсаттары үшін сұрау салуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолданады. Сұрау салынатын мемлекетке мұндай рәсімдер туралы кез келген мүдделі тұлғада хабарлауы мүмкін. Мұндай ақпаратты алу жөнінде қажеттілік туындаған жағдайда сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекетпен осы мәселелер бойынша консультация жүргізеді.
      3. Көрсетілген рәсімдер шеңберінде түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін сұрау салынатын мемлекет немесе өзге жағдайда сұрау салушы мемлекет көмек туралы сұрау салуды орындау үшін өзінде бар осындай шешімі және оның ережелері туралы басқа мемлекетті хабардар етеді.

V ТАРАУ. АРНАЙЫ ЕРЕЖЕЛЕР

24-бап
Конвенцияны қолдану

      1. Тараптар осы Конвенцияны имплементтеу мақсатында бір-бірімен өздерінің тиісті құзыретті органдары арқылы консультация жүргізеді. Ол үшін құзыретті органдар тікелей жүгіне алады, сондай-ақ бағынысты органдарға да өздерінің атынан әрекет етуге уәкілеттік бере алады. Екі немесе одан да көп Тараптың құзыретті органдары Конвенцияны қолдану сипатын өзара келісуі мүмкін.
      2. Егер сұрау салынатын мемлекет осы Конвенцияны қолданудың сол немесе өзге жағдайда күрделі және жағымсыз салдары болуы мүмкін деп есептесе, онда сұрау салынатын мемлекет пен сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдары консультациялар өткізеді және өзара уағдаластыққа қол жеткізу арқылы қалыптасқан жағдайды шешуге ұмтылады.
      3. Тараптардың құзыретті органдарының өкілдерінен тұратын үйлестіруші орган осы Конвенцияның ЭЫДҰ аясында имплементтелуін және дамытылуын қадағалайды. Осы мақсатта үйлестіруші орган Конвенцияның негізгі мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін кез келген шараларды ұсынады. Атап айтқанда, ол салық мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жетілдірудің жаңа әдістері мен рәсімдерін зерделеу жөніндегі форум ретінде әрекет етеді және қажет болған жағдайда Конвенцияға өзгерістерді немесе түзетулерді ұсына алады. Конвенцияға қол қойған, бірақ әлі ратификацияламаған, қабылдамаған немесе мақұлдамаған мемлекеттер үйлестіруші органның отырыстарында байқаушылар ретінде өкілдік етуі мүмкін.
      4. Тарап үйлестіруші органнан Конвенцияның ережелерін түсіндіру жөнінде өздерінің пікірлерін шығару туралы сұрата алады.
      5. Екі немесе одан да көп Тарап арасында Конвенцияны имплементтеуге немесе түсіндіруге қатысты қиындық немесе күмән туындаған жағдайда, осы Тараптардың құзыретті органдары өзара уағдаластыққа қол жеткізу арқылы проблеманы шешу үшін барлық күшін салады. Уағдаластық туралы үйлестіруші органға хабарланады.
      6. ЭЫДҰ Бас хатшысы осы Конвенцияға қол қойған, Конвенцияны әлі ратификацияламаған, қабылдамаған немесе бекітпеген Тараптар мен мемлекеттерге 4-тармақтың ережелеріне сәйкес үйлестіруші орган білдірген пікір туралы және жоғарыда жазылған 5-тармаққа сәйкес қол жеткізілген өзара уағдаластықтар туралы хабарлайды.

25-бап
Тіл

      Көмек туралы сұрау салулар және оларға жауаптар ЭЫДҰ және Еуропа Кеңесінің ресми тілдерінің бірінде немесе мүдделі Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы өзара уағдаластық бойынша кез келген басқа тілде жасалады.

26-бап
Шығыстар

      Егер мүдделі Тараптар өзге екіжақты уағдаластыққа қол жеткізбесе:
      a) көмек көрсетуге арналған әдеттегі шығыстар сұрау салынатын мемлекет есебінен өтеледі;
      b) көмек көрсетуге арналған төтенше шығыстар сұрау салушы мемлекет есебінен өтеледі.

VI ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап
Өзге де халықаралық келісімдер және уағдаластықтар

      1. Осы Конвенцияда көзделген көмек көрсету мүмкіндіктері қолданыстағы немесе болашақтағы халықаралық келісімдерде немесе мүдделі Тараптар арасындағы басқа уағдаластықтарда немесе салық мәселелері бойынша ынтымақтастыққа жататын басқа да уағдаластықтарда қамтылғандарды шектемейді және олармен шектелмейді.
      2. 1-тармаққа қарамастан, Еуропалық Одақтың мүше мемлекеттері болып табылатын Тараптар өздерінің өзара қарым-қатынастарында Конвенцияда көзделген жәрдемдесу мүмкіндіктерін қолдануы мүмкін, өйткені олар Еуропалық Одақтың қолданылатын қағидаларында көзделген мүмкіндіктерге қарағанда, неғұрлым кең өзара іс-қимылды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

28-бап
Конвенцияға қол қою және оның күшіне енуі

      1. Осы Конвенция Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттері мен ЭЫДҰ-ға мүше елдердің қол қоюы үшін ашық. Ол ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар депозитарийлердің біріне сақтауға беріледі.
      2. Осы Конвенция 1-тармақтың ережелеріне сәйкес бес мемлекет Конвенцияның ережелерімен байланысты болуына өз келісімін білдірген кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
      3. Кейіннен Конвенцияның ережелерімен байланысты болуына өз келісімін білдірген Еуропа Кеңесінің кез келген мүше мемлекетіне немесе ЭЫДҰ-ғa кез келген мүше елге қатысты ол ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар сақтауға тапсырылған кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
      4. 2010 жылғы 27 мамырда қол қоюға ашық, Конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттама («2010 жылғы Хаттама») күшіне енгеннен кейін Конвенцияның Тарапы болатын Еуропа Кеңесінің кез келген мүше мемлекеті немесе ЭЫДҰ-ға кез келген мүше ел, олар Депозитарийлердің біріне жазбаша хабарламада басқа ниетін білдірген жағдайлардан басқа, осы Хаттамамен өзгертілген Конвенцияның Тарапы болады.
      5. 2010 жылғы Хаттама күшіне енгеннен кейін Еуропа Кеңесінің немесе ЭЫДҰ-ның мүшесі болып табылмайтын кез келген Мемлекет 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген осы Конвенцияға қол қоюға және оны ратификациялауға шақыру туралы өтінішпен жүгінуі мүмкін. Осындай кез келген өтініш оны Тараптарға жіберетін Депозитарийлердің біріне жіберіледі. Депозитарий Еуропа Кеңесінің Министрлер комитетіне және ЭЫДҰ Кеңесіне де хабарлайды. Осы Конвенцияның қатысушысы болуға өтінішпен жүгінетін Мемлекеттерді шақыру туралы шешімді Конвенция Тараптары үйлестіруші орган арқылы консенсуспен қабылдайды. 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген Конвенцияны ратификациялайтын кез келген Мемлекетке қатысты осы тармаққа сәйкес осы Конвенция ратификация құралы Депозитарийлердің біріне сақтауға тапсырылған күннен бастап үш айлық кезең өткеннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
      6. 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген осы Конвенцияның ережелері 2010 жылғы Хаттамамен енгізілген өзгерістер ескеріле отырып, Тарап үшін Конвенция күшіне енген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе кейін басталатын салық кезеңдеріне қатысты әкімшілік көмекке немесе салық кезеңі жоқ жағдайлар үшін 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген Конвенция Тарапқа қатысты күшіне енген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе кейін жүзеге асырылған салық аударымдарына қатысты әкімшілік көмекке қолданылады. Кез келген екі немесе одан да көп Тарап 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген Конвенция бұрынғы салық кезеңдеріне немесе салық аударымдарына қатысты әкімшілік көмекке қолданылатынына өзара келісуі мүмкін.
      7. 6-тармаққа қарамастан, сұрау салушы Тараптың қылмыстық құқығына сәйкес қудалануға жататын қасақана қылыққа қатысты істерге байланысты 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген осы Конвенцияның ережелері ол Тарап үшін күшіне енген күнінен бастап бұрынғы салық кезеңдеріне немесе салық аударымдарына қатысты қолданылады.

29-бап
Конвенцияны аумақтық қолдану

      1. Әрбір мемлекет қол қою кезінде, ратификациялау туралы құжатты сақтауға тапсыру, қабылдау немесе бекіту кезінде Конвенция қолданылатын аумақты немесе аумақтарды айқындай алады.
      2. Кез келген мемлекет кез келген уақытта кейіннен депозитарийлердің бірінің атына өтініш жіберу арқылы өтініште көрсетілген кез келген басқа аумаққа Конвенцияны қолдануы мүмкін. Осындай аумаққа қатысты Конвенция Депозитарий осындай өтінішті алған күннен бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
      3. Осындай өтініште айқындалған кез келген аумаққа қатысты алдыңғы кез келген екі тармаққа сәйкес жасалған кез келген өтініш депозитарийлердің біріне жіберілетін хабарлама арқылы кері қайтарып алынуы мүмкін. Өтініш Депозитарий осындай хабарламаны алған кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні кері қайтарылған болып есептеледі.

30-бап
Ескертпелер

      1. Кез келген мемлекет қол қою кезінде не ратификациялау туралы құжатты сақтауға тапсыру, қабылдау немесе бекіту кезінде немесе кейіннен өзіне мынадай:
      a) 2-баптың 1-тармағының b) тармақшасында санамаланған басқа Тараптар салықтарының кез келген түрлеріне қатысты Конвенцияға А қосымшасына сәйкес салықтардың осы түрлерінің біреуіне өзінің ішкі салықтарын қоспаған жағдайда қандай да бір көмек көрсетпеу;
      b) кез келген салықтық талапты орындау бойынша немесе салықтардың барлық түрлері үшін әкімшілік айыппұлды өндіріп алу бойынша не 2-баптың 1-тармағында санамаланған нақты түрге немесе бірнеше түрге қатысты көмек көрсетпеу;
      c) осындай мемлекетке қатысты Конвенция күшіне енген күні қолданылатын кез келген салықтық талапқа қатысты немесе егер жоғарыда жазылған а) немесе b) тармақшаларына сәйкес бұрын ескертпе жасалса, тиісті санаттың салықтарына қатысты осындай ескертпені алып тастау күніне, көмек көрсетпеу;
      d) барлық салықтарға арналған немесе 2-баптың 1-тармағында санамаланған бір немесе бірнеше салық түрлеріне арналған құжаттарды жіберу бойынша көмек көрсетпеу;
      e) 17-баптың 3-тармағында көзделгендей құжаттарды поштамен жіберуге рұқсат бермеу;
      f) 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген Конвенция Тарап үшін күшіне енген жылдың алдындағы үш жылдық кезеңнің бірінші жылының 1 қаңтарынан немесе одан кейін басталатын салықтық кезеңдерге жататын әкімшілік көмек үшін ғана немесе салық кезеңі жоқ жағдайларда 2010 жылғы Хаттамамен өзгертілген Конвенция Тарапқа қатысты күшіне енген жылдың алдындағы үш жылдық кезеңнің бірінші жылының 1 қаңтарынан немесе одан кейін жүргізілген салық есептеулеріне қатысты әкімшілік көмек үшін ғана 28-баптың 7-тармағын қолдану құқығын қалдыра алады.
      2. Басқа ешқандай ескертпелерге жол берілмейді.
      3. Тарапқа қатысты Конвенция күшіне енгеннен кейін бұл Тарап 1-тармақта санамалған ратификациялау, қабылдау немесе бекіту кезінде жасамаған, бір немесе одан да көп ескертпе жасай алады. Осындай ескертпелер Депозитарийлердің біреуі ескертпені алған кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
      4. 1 және 3-тармақтарға сәйкес ескертпе жасаған кез келген Тарап депозитарийлердің біреуінің атына хабарлама жіберу арқылы оны толық немесе ішінара алып тастауы мүмкін. Осы Депозитарий осындай хабарламаны алған күні ескертпе алып тасталған болып есептеледі.
      5. Осы Конвенция ережелерінің біреуіне қатысты ескертпе жасаған Тарап кез келген басқа Тараптың осы ережені қолдануын талап ете алмайды; ол бұл ретте, егер оның ескертпесі ішінара болып табылса, осы ережені өзі қабылдаған шамада қолдануды талап ете алады.

31-бап
Күшін жою

      1. Кез келген Тарап кез келген уақытта депозитарийлердің біреуіне хабарлама жіберу арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады.
      2. Мұндай жағдайда осы Тарапқа қатысты Конвенцияның қолданысы депозитарий хабарлама алған кезден бастап үш ай өткеннен кейінгі айдың бірінші күні тоқтатылады.
      3. Конвенцияның күшін жойған кез келген Тарап өзі Конвенцияға сәйкес алынған құжаттарға немесе ақпаратқа ие болып тұрғанда 22-баптың ережелерімен байланысты болып қалады.

32-бап
Депозитарийлер және олардың функциялары

      1. Өзіне қатысты әрекет жасалған, хабарлама жіберілген немесе ақпарат хабарланған Депозитарий Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттеріне және ЭЫДҰ-ға мүше елдерге және осы Конвенцияның кез келген Тарапына:
      а) кез келген қол қою туралы;
      b) ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттарды тапсыру туралы;
      c) 28 және 29-баптардың ережелеріне сәйкес осы Конвенция күшіне енген кез келген күн туралы;
      d) 4-баптың 3-тармағының немесе 9-баптың 3-тармағының ережелеріне сәйкес жасалған кез келген өтініш туралы және осындай өтінішті кері қайтарып алу туралы;
      e) 30-баптың ережелеріне сәйкес жасалған кез келген ескертпе және 30-баптың 4-тармағының ережелеріне сәйкес кез келген ескертпені алып тастау туралы;
      f) 2-баптың 3 немесе 4-тармақтарының, 3-баптың 3-тармағының29-баптың немесе 31-баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес алынған кез келген хабарлама туралы;
      g) осы Конвенцияға қатысты кез келген басқа әрекет, хабарлама немесе хабар туралы хабарлайды.
      2. 1-тармақтың ережелеріне сәйкес хабар алатын немесе хабарлауды жүзеге асыратын Депозитарий бұл туралы басқа депозитарийге дереу хабарлайды.
      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
      Депозитарийлер Салық істері бойынша Өзара Әкімшілік Көмек туралы Хаттамамен өзгертілген Хаттаманың Х.4-бабына сәйкес 2011 жылғы 1 маусымда ағылшын және француз тілдерінде жасады, бұл ретте екі мәтін де теңтүпнұсқалы болып табылады, екі данада, оның біреуі әрбір Депозитарийдің мұрағатына депозитке салынады. Депозитарий, әрбір Тарапқа және тарап болуға құқық берілген әрбір мемлекетке Хаттамамен өзгертілген Келісімнің куәландырылған көшірмелерін жібереді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Конвецияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады