2014 жылғы 3 маусымда Будапештте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мажарстан Үкіметі арасындағы олардың мемлекеттерінің аумағында заңсыз тұратын адамдардың реадмиссиясы туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мажарстан Үкіметі арасындағы олардың мемлекеттерінің аумағында
заңсыз тұратын адамдардың реадмиссиясы туралы
KЕЛІСIM
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мажарстан Үкіметі (бұдан әрі жеке - Уағдаласушы Тарап, бірге - Уағдаласушы Тараптар деп аталатын),
заңсыз көші-қонға қарсы неғұрлым тиімдірек күресу мақсатында өз ынтымақтастығын нығайтуға толық шешім қабылдай отырып,
ұйымдасқан қылмыстық топтардың көшіп-қонушыларды заңсыз әкелу әрекетінің айтарлықтай өсуінe алаңдаушылық білдіре отырып,
Уағдаласушы Тараптардың арасындағы реадмиссия саласындағы ынтымақтастық өзара мүддені білдіретінін назарға ала отырып,
өздерінің мемлекеттерінің аумағында заңсыз жүрген адамдардың реадмиссиясы мен транзитін өзара жеңілдетуге және осы Келісім арқылы Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтарына кіру және онда болу шарттарын орындауды тоқтатқан адамдарды сәйкестендіру, сондай-ақ оларды қауіпсіз және ретпен қайтару үшін жылдам және тиімді рәсімдерді белгілеуге ниет білдіре отырып,
осы Келісім халықаралық құқықтан, атап айтқанда 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамамен енгізілген өзгерістермен бірге 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындардың мәртебесі туралы конвенциядан, 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіден, 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенциядан туындайтын олардың құқықтарына, міндеттері мен жауапкершілігіне нұқсан келтірмейтінін атап өте отырып,
өзаралық және ынтымақтастық рухында әрекет ете отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Өз азаматтарының реадмиссиясы
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың қолдаухаты бойынша, егер адамдардың сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың азаматтары болып табылатындығы дәлелденсе немесе заңды түрде болжам жасалса, сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың мемлекетіне кіру немесе оның мемлекетінің аумағында тұру шарттарын сақтамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды осы Келісімде көзделгеннен басқа одан әрі формальдылықсыз өз мемлекетінің аумағына керi қабылдайды.
2. Егер азаматтық нақты анықтала алмаса, адам болжамды азаматы болып табылатын сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап өзінің құзыретті дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы мүдделі адамның азаматтығын дереу нақтылайды.
3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша адамды қайтару үшін қажетті жол жүру құжаттарын кідіртпей және тегін береді.
4. Егер кейіннен реадмиссиядан кейін 30 күн ішінде мұндай адам беру кезінде сұрау салынатын мемлекеттің азаматы болып табылмағандығы немесе мұндай адамның сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағына кіргеннен кейін сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматтығынан айырылғандығы немесе одан бас тартқандығы, бірақ бұл ретте сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың азаматтығын алмағандығы анықталса, сұрау салушы Уағдаласушы Тарап берілген адамды дәл сол шарттарда керi қабылдайды.
2-бап
Үшіншi мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ
адамдардың реадмиссиясы
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың қолдаухаты бойынша үшінші мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды (бұдан әрі - үшінші мемлекеттердің азаматтары), егер мұндай адамдар сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағынан сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына тікелей кіргендігі және сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағына кіру және онда болу шарттарын сақтамайтындығы немесе орындауды тоқтатқандығы дәлелденсе немесе заңды түрде болжам жасалса, осы Келісімде көзделгеннен басқа, қосымша формальдылықсыз өз мемлекетінің аумағына қайта қабылдауға тиіс.
2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың қолдаухаты бойынша сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында заңсыз қалатын және сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап берген жарамды визасы немесе тұруға ықтиярхаты немесе осындай рұқсаттың қолданылу мерзімі өткенге дейін оның иесіне өз мемлекеттерінің аумағына кіруге және болуға рұқсат беретін кез келген басқа да жарамды құжаты бар үшінші елдердің сол азаматтарын осы Келісімде көзделгеннен басқа одан әрi формальдылықсыз қайта қабылдауға тиіс.
3. Егер екі Уағдаласушы Тараптың да құзыретті органдары 2-тармақта аталған үшінші мемлекеттердің азаматтарына виза немесе тұруға ықтиярхат берсе, керi қабылдау жауапкершілігі визасының немесе тұруға ықтиярхатының мерзімi кешірек өтетін Уағдаласушы Тарапқа жүктеледі.
4. Осы баптың 1-3-тармақтарында көзделген реадмиссияға қатысты міндеттеме:
1) сұрау салушы Уағдаласушы Тарап берген жарамды визасы немесе тұруға ықтиярхаты бар немесе сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдары өзінің аумағына кіргеннен кейін тұруға ықтиярхат берген, немесе
2) сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағынан кетіп қалған және халықаралық шартқа сәйкес сұрау салушы Уағдаласушы Тарап үшінші мемлекеттердің азаматтарын қайтара алатын үшінші мемлекеттің аумағынан сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына кірген, немесе
3) 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамамен енгізілген өзгерістермен бipге 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға сәйкес босқын мәртебесін сұрау салушы Уағдаласушы Тарап мойындаған немесе азаматтығы жоқ адамдар болып табылатын, немесе
4) сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап түпкілікті шешіммен шығарылып жіберілген және шыққан мемлекетіне немесе кез келген басқа үшінші мемлекетке берілген үшіншi мемлекеттердің азаматтарына қолданылмайды.
5. Егер сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап реадмиссиядан кейін 30 (отыз) күн ішінде 1-3-тармақтарда көрсетілген шарттардың орындалмайтынын немесе 4-тармақта көзделген шарттардың қолданылатынын анықтаса, сұрау салушы Уағдаласушы Тарап қандай да бip формальдылықсыз үшінші мемлекеттердің азаматтарын кері қабылдайды.
6. Осы баптың мақсаттары үшін:
"виза" Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары кіру және болу туралы өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес берген жарамды рұқсатты білдіреді, ол үшінші мемлекеттердің азаматтарына транзиттік визаларды қоспағанда, визада белгіленген мерзімге Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруге және онда тұруға құқық береді;
"тұруға ықтиярхат" Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары берген, адамға осы мемлекеттің аумағында тұруына, көп мәрте шығуына және қайтып оралуына құқық беретін жарамды рұқсатты білдіреді. Тұруға ықтиярхат берілген, бірақ әлі пайдаланылмаған визаларды және пана беру туралы қолдаухатты немесе тұруға рұқсат беру туралы қолдаухатты қарау рәсіміне байланысты адамдарға берілген рұқсаттарды қамтымауға тиic.
3-бап
Мерзімдер
1. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап 1 және 2-баптарда айқындалған адамдардың реадмиссиясы туралы сұрау салуды өз мемлекетінің аумағына заңсыз кіру фактісi анықталған немесе онда заңсыз болуы анықталған кезден бастап 90 (тоқсан) күннен кешіктірмей жібереді. Бұл мерзім өткеннен кейін сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап реадмиссия туралы сұрау салуды қарауға міндетті емес.
2. 1 және 2-баптарды қолданған кезде сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап реадмиссия туралы сұрау салуға:
1) өз азаматтарына қатысты сұрау салу алынған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күннен кешіктірмей;
2) үшінші мемлекеттердің азаматтарына қатысты соңғы сұрау салуды алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жауап береді.
3. 2-тармақта көзделген мерзімдер өткеннен кейін сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап:
1) өз азаматтарын 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) реадмиссиясы бұрын келісілген үшінші мемлекеттердің азаматтарын 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей керi қабылдауға тиіс.
4. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап 4-бапқа сәйкес адамдардың транзиті туралы сұрау салуды жоспарланған транзитке дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жіберуге тиіс. Транзит туралы сұрау салуға жауап жоспарланған транзитке дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі.
5. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша 3-тармақта белгіленген мерзімдер беруге байланысты заңдық кедергілер ceбебі бойынша және тек олар жойылғанға дейін ғана бip рет ұзартыла алады.
4-бап
Транзиттік операциялар
1. Уағдаласушы Тараптар екінші Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша үшінші мемлекеттер азаматтарының айдауылмен әуе көлігімен, егер мұндай адамдардың транзитінің барлық мемлекеттерінің аумағы арқылы межелі мемлекетке одан әрі жол жүру мүмкіндігіне және оларды осы мемлекеттің қабылдауына кепілдік берілсе, транзитіне рұқсат береді. Мұндай жағдайда сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың визасы талап етілмейді.
2. Егер қандай да біp себеп бойынша қабылдайтын межелі мемлекетке транзит немесе кіру жүзеге асырыла алмаса, сұрау салушы Уағдаласушы Тарап 1-тармақта көрсетілген адамды керi қабылдау үшін өзіне толық жауапкершілік алады.
3. Үшінші мемлекеттер азаматтарының транзиті тек Уағдаласушы Тараптар мемлекеттік шекараларды кесiп өту үшін белгілеген шекаралық пункттерде ғана жүзеге асырылуға тиіс.
4. Егер:
1) үшінші мемлекеттің азаматы сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық қауіпсіздiгінe, қоғамдық тәртібіне, халқының денсаулығын сақтауға немесе халықаралық қатынастарына қатер төндіретіні, немесе
2) межелі мемлекетте немесе басқа транзит мемлекетінде үшінші мемлекет азаматының азаптауларға немесе адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекетке немесе жазалауға немесе өлім жазасына немесе нәсіліне, діни сеніміне, азаматтығына, белгілі бip әлеуметтік топқа тиесілігіне немесе саяси көзқарасына байланысты қудалауға ұшыраудың нақты қаупi бар екені болжанса, немесе
3) егер үшінші мемлекеттің азаматы шекараны заңсыз кесiп өткені үшін қылмыстық санкцияларды қоспағанда, сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың мемлекетінде немесе басқа транзит мемлекетінде қылмыстық тәртіппен қудаланса, транзиттен бас тартылуы мүмкін.
5. Егер сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап осы баптың 4-тармағында аталған шарттар бола тұра, транзит туралы сұрау салуға бас тартумен жауап берсе, ол бұл туралы сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты жазбаша хабардар етеді.
6. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап ықтимал транзит мемлекеттерінің аумағы арқылы межелі мемлекетке кіру үшін қажетті барлық жарамды рұқсаттар мен жарамды билеттерді, сондай-ақ межелі мемлекеттен қабылдау туралы өтінішті ұсынады.
5-бап
Дербес деректерді қорғау
1. Осы Kелісімдi іске асыру үшін қажетті дербес деректерді өңдеу Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
2. Дербес деректерді қорғау үшін мынадай қағидаттар қолданылады:
1) сұрау салынатын деректердің көлемі, оларды пайдаланудың мақсаты мен құқықтық негізі дербес деректерді беру туралы өтініште көрсетілуге тиіс. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша сұрау салушы Уағдаласушы Тарап берілген жеке деректерді пайдаланғаны туралы ақпаратты ұсынады.
2) дербес деректер тек осы Келісімді iскe асыру үшін жауапты құзыретті органдарға ғана беріле алады. Деректерді басқа органдарға беру тек сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың алдын ала жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
3) беретін Уағдаласушы Тарап берілетін деректердің дәйектілігі мен дәлдігі үшін жауап береді. Қате деректер немесе берілмеуге тиіс деректердің берілгені анықталған жағдайда, алатын Уағдаласушы Тарап бұл факті туралы дереу хабардар етіледі және осы Уағдаласушы Тарап
қате деректерді түзету немесе берілмеуге тиіс деректерді жою үшін шұғыл шаралар қабылдайды.
4) өтініш бойынша мұндай адамға қатысты өңделетін деректер, жоспарланатын пайдаланудың мақсаты және деректер кімге және қандай мақсатта берілгені туралы ақпарат мүдделі адамға ұсынылады.
Ақпарат беруден тек, егер бұл беретін Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында рұқсат етілген жағдайда бас тартылуы мүмкін. Егер қате деректер немесе берілмеуге тиіс деректердің берілгені анықталса, мүдделі адам оның дербес деректерін түзетуді немесе жоюды талап ете алады.
5) беретін Уағдаласушы Тарап деректерді қорғау туралы оның қолданыстағы ұлттық заңнамасында айқындалған деректерді жою үшін мерзімдер белгілейді. Алынған деректер, егер оларды пайдаланудың мақсаты iске асырылса не сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өңделуге жататын алынған деректердің мерзімі өткен немесе берген Уағдаласушы Тарап оларды жоюды сұраған жағдайда жойылады.
6) Уағдаласушы Тараптар деректердi беретін және қабылдайтын органның және адамның атауын, сондай-ақ деректерді беру (қабылдау) және жою фактісі мен күнін қамтуға тиіс, өз кезегінде дербес деректерді берудің, алудың және жоюдың eсебін жүргізеді.
3. Уағдаласушы Тараптар мынадай:
1) адам және қажет болған кезде, отбасы мүшелері туралы толық мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты, кез келген бұрынғы аттары, ол танымал болған басқа да пайдаланылатын аттары, лақап аттары, туған жері мен күні, жынысы, қазіргі және бұрынғы азаматтығы мен тұрғылықты жері);
2) паспорттың немесе басқа да жол жүру құжатының немесе жеке куәліктің деректерін (нөмірі, берілген күні, құжатты берген орган, берген орны, қолданыс мерзімі);
3) Уағдаласушы Тараптардың бірінің немесе үшінші мемлекеттің құзыретті органдары берген кез келген визаның немесе тұруға ықтиярхаттың деректерін;
4) сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағына кіру және онда тұру қағидаларын бұзу туралы актілер тізбесін;
5) реадмиссия немесе транзит үшін құқықтық кедергілерді құрайтын актілерді;
6) бағытын көрсете отырып, реадмиссия (беру) жоспарланған күні мен орны туралы деректерді;
7) егер ол қазіргі уақытта немесе бұрын пана ұсыну немесе азаматтығы жоқ адамның немесе босқынның мәртебесін беру туралы өтініш бергені туралы мәліметтер болған жағдайда, үшінші мемлекеттің азаматтарына қатысты дербес деректерді бiр-бiрiне ғана бере алады.
6-бап
Шығыстар
1. Осы Келісімнің 1 және 2-баптарына сәйкес реадмиссияға жататын адамдарды сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік шекарасына дейін тасымалдау бойынша, сондай-ақ олардың ықтимал қайтып оралуымен байланысты шығыстарды сұрау салушы Уағдаласушы Тарап көтереді.
2. Осы Келісімнің 4-бабының ережелеріне сәйкес үшінші мемлекеттер азаматтарының транзитімен, оларға ілеciп жүрумен, сондай-ақ қайтып оралу мүмкіндігімен байланысты барлық шығыстарды сұрау салушы Уағдаласушы Тарап көтереді.
7-бап
Келісімді iске асыру
Уағдаласушы Тараптардың жауапты министрліктері осы Келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын жасасады, ол:
1) құзыретті органдарды және өзара қарым-қатынас жасау тәсілдерін белгілеуді;
2) адамдардың реадмиссиясын немесе транзитін жүзеге асыру үшін айқындалған мемлекеттік шекарадан өткізудің халықаралық пункттерін;
3) соның негізінде азаматтықты анықтау немесе болжау мүмкін құжаттарды;
4) заңсыз кіру және болу дәлелдемелерін;
5) реадмиссия рәсімінің толық қағидаларын, сондай-ақ адамды қайтару немесе оның транзиті үшін қажетті барлық деректерді көрсете отырып, өтініштердің нысандарын;
6) 6-бапта көрсетілген шығыстарды өтеу шарттары мен қағидаларын айқындайды.
8-бап
Дауларды реттеу
Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін кез келген даулы мәселелерді реттейді, олар бейбіт жолмен: тікелей келіссөздер арқылы, келіссөздер сәтсіз болған кезде - дипломатиялық арналар бойынша шешіледі.
9-бап
Келісімнің қолданысын тоқтата тұру
1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің 1 және 5-баптарында қамтылған ережелерді қоспағанда, қоғамдық тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке немесе қоғамдық саулыққа байланысты себептер бойынша осы Келісімнің қолданысын уақытша негізде толық көлемде немесе ішінарa тоқтата тұруы мүмкін.
2. Уағдаласушы Тараптар осы баптың 1-тармағында аталған шаралардың енгізілгені және тоқтатылғаны туралы бір-бірін дипломатиялық арналар бойынша дереу жазбаша хабардар етеді. Келісімнің қолданысын тоқтата тұру екінші Уағдаласушы Тараптан дипломатиялық арналар бойынша тиісті жазбаша хабарламаны алған кезден бастап келесі күні күшіне енеді.
10-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы
1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың басқа, атап айтқанда, адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық шарттардан туындайтын құқықтарын, міндеттемелері мен жауапкершілігін қозғамайды.
2. Осы Келісім Мажарстанның Еуропа Одағына мүшелігінен туындайтын оның міндеттемелері мен міндеттерін қозғамайды. Осы Келісімнің ережелері iшінарa немесе толық көлемде үзінді келтіріле немесе өз бетінше түсіндіріле алмайды, сондай-ақ Мажарстанның 2003 жылғы 16 сәуірдегі Қосылу туралы шарттан, Еуропалық Одақ туралы шарттан, Еуропалық Одақтың қызмет етуi туралы шарттан және тұтастай Еуропалық Одақтың заңнамасынан туындайтын міндеті мен жауапкершілігі қандай да бip жойыла, өзгертіле немесе қысым жасала алмайды.
3. Осы Keлiciм Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері арасында сотталған адамдарды беруге бағытталған экстрадициялау және құқықтық көмек жағдайында қолданылмайды.
11-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Келісім оның күшіне енуi үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша алынған күннен бастап 30-шы (отызыншы) күні күшіне енеді.
2. Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы баптың 1-тармағында жазылған рәсімге сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
3. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданылуы мұндай хабарламаны екінші Уағдаласушы Тарап алған күннен бастап 60-шы (алпысыншы) күні тоқтатылады.
2014 жылғы 3 маусымда Будапешт қаласында әрқайсысы қазақ, мажар және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Мажарстан Үкіметі
Үкіметі үшін Үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің мажар және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.