2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашғабатта жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім «Қазақстан Республикасы осы Келісімнің 1-бабында келтірілген және одан әрі Келісімнің 2-бабында пайдаланылатын «резидент-банк» терминін Қазақстан Республикасы Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған, осы Тараптың құзыретті органының арнайы рұқсатының (лицензиясының немесе өзге де негіздемесінің) негізінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар және оның заңнамасы бойынша банк деп танылған заңды тұлға деп түсінетіндігін мәлімдейді.» деген ескертпемен ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
Тараптардың интеграцияланған валюта нарығын құруды басым міндет деп тани отырып,
ТМД үкіметтерінің басшылары Кеңесінің 2003 жылғы 25 сәуірдегі Шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын құрудың ұйымдық негіздері мен қағидаттарын назарға ала отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығында шетел валюталарымен конверсиялық операциялар жасауға Тараптардың резидент-банктерінің тең құқылы және өзара тиімді қатысуы үшін жағдайлар жасау қажеттігін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
интеграцияланған валюта нарығы - жұмыс істеудің және мемлекеттік реттеудің ортақ қағидаттарымен біріктірілген, Тараптардың ішкі валюта нарықтарының жиынтығы;
резидент-банк - өз мемлекетінің құзыретті органының арнайы рұқсаты (лицензиясы немесе өзге де негіздемесі) негізінде тиісті Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға немесе өзге де құқықтық құрылым;
банкаралық конверсиялық операциялар - интеграцияланған валюта нарығында резидент-банктер жүзеге асыратын шетел валютасын сатып алу-сату мәмілелері;
құзыретті органдар - Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес валюталық реттеуді және банктік қадағалауды жүзеге асыратын, Тараптардың орталық (ұлттық) банктері және басқа да мемлекеттік органдары.
2-бап
Әрбір Тарап басқа Тараптардың мемлекеті заңнамасына сәйкес өз мекемесі берген валюталық операцияларды жүзеге асыру құқығына ие резидент-банктерінің осы Тараптың резидент-банктеріне ұсынылғаннан қолайлылығы кем емес жағдайларда банкаралық конверсиялық операцияларды жүргізу үшін өзінің ұлттық валюта нарығына кіруін қамтамасыз етеді.
3-бап
Банкаралық конверсиялық операцияларды жасаған кезде тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құзыретті органдардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіру, сондай-ақ интеграцияланған валюта нарығына қатысушыларға Тараптар заңнамасының ережелеріне және жалпы қабылданған халықаралық практикаға негізделген талаптарды келісу ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің валюта-қаржы саласында өзара іс-қимыл жасауын жүзеге асыратын ТМД органына жүктеледі.
4-бап
Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
5-бап
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
6-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
Даулы мәселелерді консультациялар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін болмаған жағдайда, дау Тараптары мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша ТМД Экономикалық Сотына немесе өзара келісім бойынша басқа рәсімге жүгінеді.
7-бап
Осы Келісімнің ережелері халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде құрылған және әрекет ететін, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер құрылтайшылары болып табылатын, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінде тұрақты орналасқан банктерге қолданылады.
8-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
9-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің, сондай-ақ барлық Тараптардың келісімімен - осы Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген басқа да мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісу туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашғабат қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Молдова Республикасы үшін
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын
ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 2-бабына АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЕСКЕРТПЕСІ
Армения Республикасы Келісімнің 2-бабында көзделген міндеттемелерді банкаралық конверсиялық операцияларды жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялау, реттеу, бақылау және қадағалау саласындағы ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.
Армения Республикасының
Президенті С. САРГСЯН
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын
ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЕСКЕРТПЕСІ
Қазақстан Республикасы осы Келісімнің 1-бабында келтірілген және одан әрі Келісімнің 2-бабында пайдаланылатын «резидент-банк» терминін Қазақстан Республикасы Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған, осы Тараптың құзыретті органының арнайы рұқсатының (лицензиясының немесе өзге де негіздемесінің) негізінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар және оның заңнамасы бойынша банк деп танылған заңды тұлға деп түсінетіндігін мәлімдейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Осымен қоса беріліп отырған мәтін 2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашхабад қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекет басшылары кеңесінің отырысында қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
ТМД Атқарушы комитетінің
Төрағасы - ТМД Атқарушы
хатшысының бірінші орынбасары В. Гаркун
Осы арқылы бұл мәтіннің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің қазақ тіліне дәлме-дәл аудармасы болып табылатындығын растаймын.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
Төрағасының орынбасары О. Смоляков