2015 жылғы 20 ақпанда Вашингтонда жасалған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |
Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
ШАРТ
(2016 жылғы 6 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 6, 111-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" немесе "Мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары
ынтымақтастық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету арқылы тергеп-тексеру, қылмыстық қудалау және қылмыстылықтың алдын алу саласында екі Тараптың да құзыретті органдары жұмысының тиімділігін арттыруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап Қолданылу аясы
1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар тергеп-тексеруге, қылмыстық қудалауға және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ қылмыстық істерге қатысты талқылауға байланысты бір-біріне өзара көмек көрсетеді.
2. Осы Шарттың мақсаттары үшін тергеп-тексеру және іс жүргізу Сұрау салушы Мемлекетте қылмыстық қудалау үшін бағытталуы мүмкін жағдайлардағы заңнамалық ережелерді бұзатын қылмыстарға байланысты тергеп-тексеруді және іс жүргізуді қамтиды.
3. Көмек мыналарды:
а) адамдардың айғақтарын немесе арыздарын алуды;
b) құжаттарды, материалдарды және заттай дәлелдемелерді беруді және олардың төлнұсқалығын куәландыруды;
с) адамдардың және заттардың орналасқан жерін анықтауды немесе оларды сәйкестендіруді;
d) құжаттар тапсыруды;
е) осы Шартқа сәйкес айғақтар беру үшін немесе басқа да көмек көрсету үшін күзетпен ұсталып отырған адамдарды беруді;
f) тінту мен алып қоюды жүргізуді;
g) активтерді анықтауды, ізіне түсуді, оқшаулауды, оларға тыйым салу мен оларды тәркілеуді және тиісті іс жүргізуге көмек көрсетуді; және
h) Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасымен тыйым салынбаған көмектің өзге де кез келген түрін қамтиды.
4. Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасы бойынша көмек қажет болатын жағдайларды қоспағанда, Сұрау салушы Мемлекеттің аумағында тергеп-тексеру, қылмыстық қудалау немесе іс жүргізу нысаны болып табылатын әрекеттің Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмысты құрайтынына қарамастан көмек көрсетіледі.
5. Осы Шарт тек қана Тараптар арасында өзара құқықтық көмек көрсету мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Осы Шарттың ережелері қандай да бір жеке тараптардың қандай да бір мәліметтерді алу, жасыру, алып тастау не сұрау салуды орындауға кедергі келтіру құқығының туындауына әкеп соқпайды.
2-бап Орталық органдар
1. Тараптардың әрқайсысы сұрау салудың орындалуға жататынын және оның қалайша орындалуға тиіс екендігін айқындау мақсатында, сондай-ақ сұрау салуды орындау үшін немесе оны басқа құзыретті органдардың орындауына беру үшін осы Шартқа сәйкес сұрау салуларды жолдау және алу үшін орталық органды тағайындайды.
2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура орталық орган болып табылады. Америка Құрама Штаттары үшін Бас Прокурор немесе Бас Прокурор тағайындайтын тұлға орталық орган болып табылады.
3. Орталық органдар осы Шартты орындау мақсатында сұрау салуды жібереді және бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
4. Орталық органдар осы Шартты неғұрлым тиімді қолдануға жәрдем көрсету мақсатында өзара келісілген мерзімдерде консультациялар жүргізеді. Орталық органдар осы Шартты іске асыруға жәрдем көрсету үшін қажет болуы мүмкін осындай практикалық шаралар туралы да уағдаласа алады.
3-бап Көмек көрсетуге қойылатын шектеулер
1. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы, егер:
а) сұрау салу жалпы қылмыстық құқық бойынша қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа байланысты болған;
b) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне қатер төндіретін; немесе
с) сұрау салу осы Шарттың ережелеріне сәйкес келмеген жағдайда көмек көрсетуден бас тарта алады.
2. Осы баптың 1-тармағы негізінде көмек көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін Сұрау салынатын Мемлекет қажет деп есептейтін осындай жағдайларды сақтаған кезде көмек көрсетуге болатындығы туралы мәселені қарау үшін Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органымен консультациялар жүргізеді. Егер Сұрау салушы Мемлекет осындай шарттарда көмекті қабылдаса, ол осы шарттарды сақтауға тиіс.
3. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы, егер сұрау салу негізделген қылмысқа Сұрау салушы Мемлекетте бір жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болса немесе сұрау салу елеулі материалдық залал келтіруге әкеп соқпаған қылмысқа байланысты болса; және Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы қылмыстық онша ауыр емес сипаты осы сұрау салуды орындау үшін қажетті ресурстардың жұмсалатын шығыстарын ақтамайды деп шешетін болса да, көмек көрсетуден бас тарта алады.
4. Егер Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы көмек көрсетуден бас тартса, ол Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органына бас тартудың себептері туралы хабарлайды.
4-бап Сұрау салудың нысаны мен мазмұны
1. Көмек туралы сұрау салу және оған байланысты хат-хабар жазбаша нысанда жасалып, оған Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органының лауазымды адамы қол қояды. Сұрау салу, егер мұны Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы талап етсе, кейіннен сұрау салудың түпнұсқасын жіберумен факсимильді байланыс арқылы немесе электрондық пошта арқылы жіберуді қоса алғанда, жедел тәсілмен жолдануы мүмкін. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салуды өзге де нысанда қабылдай алады. Кез келген осындай шұғыл жағдайда сұрау салуды растау, егер Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы өзгеше келіспесе, сұрау салу алынған күннен кейін он (10) тәулік ішінде жазбаша түрде жүзеге асырылады. Сұрау салу, егер өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Сұрау салынатын Мемлекеттің тілінде ресімделеді.
2. Сұрау салу мыналарды:
а) сұрау салуға қатысы бар тергеп-тексеруді, қылмыстық қудалауды немесе іс жүргізуді жүзеге асыратын органның атауын;
b) істің мәнін және тергеп-тексерудің, қылмыстық қудалаудың немесе іс жүргізудің сипатын баяндауды, оның ішінде фактілерді және солардың негізінде олардың сұрау салу жасалып отырған нақты қылмыстық құқық бұзушылықтарды қалай құрайтынын баяндауды, сондай-ақ қолданылатын жазалау шараларын;
с) сұрау салынған дәлелдемелердің, ақпараттың немесе өзге де сұрау салынатын көмектің сипатын; және
d) дәлелдемелер, ақпарат немесе өзге де көмек сұратудың мақсаттарын көрсетуді қамтиды.
3. Сұрау салуда қажет және мүмкін болатынына қарай:
а) дәлелдемелер алынуы қажет қандай да бір адамның жеке басы және орналасқан жері туралы деректер;
b) құжат тапсырылуы қажет адамның жеке басы және орналасқан жері туралы, осы адамның жүргізілетін талқылаумен байланысы және құжатты тапсыру тәртібі туралы деректер;
с) іздестіріліп отырған адамның жеке басы және ықтимал орналасқан жері туралы деректер;
d) тінтуге жататын жердің немесе адамның және алып қоюға жататын заттардың дәл сипаттамасы;
е) кез келген айғақтарды немесе мәлімдемелерді алу және жазып алу тәртібінің сипаттамасы;
f) сұрау салуды орындау кезінде жүзеге асыруға жататын кез келген нақты рәсімнің сипаттамасы;
g) куәға қойылуы қажет сұрақтардың тізбесі;
h) Сұрау салынатын Мемлекеттің шегінен тыс аумаққа шақыртылатын адамның құқығы болатын төлемдерді төлеу және шығыстарды өтеу туралы ақпарат; және
і) сұрау салуды орындауға жәрдемдесу мақсатында Сұрау салынатын Мемлекеттің назарына жеткізілуі мүмкін кез келген өзге де ақпарат қамтылады.
4. Егер Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салудың оны орындау үшін жеткілікті ақпаратпен қамтылмағанын айқындаса, Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы Сұрау салушы Мемлекетке сұрау салуды орындауға қажет болуы мүмкін осындай қосымша ақпаратты беру туралы өтініш жасай алады.
5-бап Сұрау салуды орындау
1. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салуды дереу орындайды немесе егер, ол мақсатқа сай болса, оны орындау юрисдикциясына ие органға орындау үшін жолдайды. Сұрау салынатын Мемлекеттің құзыретті органдары сұрау салуды орындау үшін өздерінің өкілеттіктері шеңберінде барлық мүмкіндікті жасайды. Сұрау салынатын Мемлекеттің соттары сотқа шақыру өкілеттіктеріне, тінту жүргізуге шешімдерді немесе сұрау салуды орындауға қажетті басқа да шешімдерді қабылдау өкілеттіктеріне ие болады. Сұрау салынатын Мемлекеттің басқа да құзыретті органдары шақыру қағаздарын беруге, тінту жүргізуге шешімдерді немесе олар Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасы бойынша осы өкілеттіктерге ие болса, сұрау салуды орындауға қажетті басқа да шешімдер қабылдауға құқылы.
2. Сұрау салынатын Мемлекетпен көмек көрсетуге арналған сұрау салуды орындаудан туындайтын кез келген іс жүргізуде Сұрау салушы Мемлекеттің мүдделерін білдіруі үшін Сұрау салынатын Мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдайды.
3. Осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, сұрау салулар Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасына сәйкес орындалады. Дегенмен, Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасында тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, орындаудың сұрау салуда көрсетілген тәртібін сақтау қамтамасыз етіледі.
4. Егер Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Мемлекетте жүзеге асырылатын тергеп-тексеруге, қылмыстық қудалауға немесе іс жүргізуге кедергі келтіреді деп айқындаса, ол оны орындауды кейінге қалдыра алады немесе Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органымен консультациядан кейін қажеттіліктер ретінде айқындалған шарттарды сақтаумен байланыстыра алады. Егер Сұрау салушы Мемлекет көмекті осындай шарттарда қабылдаса, ол осы шарттарды сақтауға тиіс.
5. Сұрау салынатын Мемлекет сұрау салуды алу фактісінің, оның мазмұнының және сұрау салуды орындау нәтижелерінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін Сұрау салушы Мемлекеттің осындай құпиялылық туралы өтініші болған кезде өзіне байланысты болатынның барлығын жасайды. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салуды оның құпиялылығын бұзбай орындау мүмкін болмаған жағдайда ол туралы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органына хабарлайды, ол сұрау салуды осындай жағдайларда орындауға болатынын-болмайтынын шешеді.
6. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы алынған сұрау салудың орындалу барысы жөнінде Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органының негізделген сұрау салуларына ден қояды.
7. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салуды орындаудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органына дереу хабарлайды. Егер сұрау салуды орындаудан бас тартылса, Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы осындай бас тартудың себептері туралы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органына хабарлайды.
8. Сұрау салынатын Мемлекет сұрау салуды орындау нәтижесінде алынған хат-хабарлардың, құжаттардың немесе өзге де ақпараттың аудармасын жүзеге асыруға міндетті емес.
6-бап Шығыстар
1. Сұрау салынатын Мемлекет сарапшылардың сыйақыларын төлеуді, жазбаша және ауызша аударманы төлеуді, көшірме жасау бойынша шығындарды, сондай-ақ адамдардың осы Шарттың 10 және 11-баптарына сәйкес жол жүруімен байланысты төлемдер мен шығыстарды қоспағанда, сұрау салуды орындауға байланысты барлық шығыстарды көтеруге міндеттенеді. Көрсетілген сыйақыларды, төлемдерді және шығыстарды Сұрау салушы Мемлекет төлейді. Жоғарыда көрсетілген шығыстарды төлеу осы бапқа сәйкес олар жүктелген Мемлекеттің ішкі рәсімдеріне сай жүзеге асырылады.
2. Күтпеген шығыстар туындаған жағдайда Тараптардың орталық органдары шығыстарды кім және қалай көтеретіндігін айқындау үшін бір-бірімен консультация жүргізеді.
7-бап Пайдалануға қойылатын шектеулер
1. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы Сұрау салушы Мемлекетке сұрау салуда көрсетілгеннен басқа кез келген тергеп-тексеру, қылмыстық қудалау немесе іс жүргізу барысында осы Шартқа сәйкес алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органының алдын ала келісімінсіз пайдаланбау туралы өтініш жасай алады. Мұндай жағдайларда Сұрау салушы Мемлекет ақпаратты немесе дәлелдемелерді пайдалануды шектеу туралы өтінішті қанағаттандырады.
2. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы осы Шартқа сәйкес берілетін ақпараттың немесе дәлелдемелердің құпиялылығын сақтау немесе осы ақпаратты немесе дәлелдемелерді өздері ескере алатын шарттар сақталған кезде ғана пайдалану туралы өтініш жасай алады. Егер Сұрау салушы Мемлекет ақпаратты немесе дәлелдемелерді осындай шарттармен қабылдаса, ол осы шарттардың сақталуы үшін мүмкін болатын барлық жағдайды жасайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, қылмыстық қудалау барысында ақпаратты пайдалануға немесе жария етуге Сұрау салушы Мемлекеттің Конституциясында осыны жасауға міндеттеме көзделген жағдайларда рұқсат етіледі. Сұрау салушы Мемлекет осындай болжанатын жария ету туралы Сұрау салынатын Мемлекетті алдын ала хабардар етеді.
4. Сұрау салушы Мемлекетте осы бапқа сәйкес жария етілген ақпарат немесе дәлелдемелер кез келген мақсатта пайдаланылуы мүмкін.
8-бап Сұрау салынатын Мемлекетте айғақтар немесе дәлелдемелер алу
1. Сұрау салынатын Мемлекетте жүрген, осы Шартқа сәйкес айғақтар беру талап етілетін адам қажет болған кезде келуге және айғақтар беруге немесе құжаттарды, материалдарды немесе заттай дәлелдемелерді қоса алғанда, заттарды табыс етуге міндетті.
2. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы өтініш болған кезде айғақтарды алудың немесе дәлелдемелерді қабылдап алудың күні және орны туралы алдын ала ақпарат береді.
3. Сұрау салынатын Мемлекет сұрау салуды орындау барысында сұрау салуда көрсетілген адамдардың қатысуына жол береді және бұл адамдарға айғақтар немесе дәлелдемелер беретін адамға сұрақтар қоюына рұқсат етеді.
4. Егер осы баптың 1-тармағында аталған адам Сұрау салушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзінің иммунитеті, әрекетке қабілетсіздігі немесе артықшылықтары туралы мәлімдесе, айғақтар оған қарамастан алынуы тиіс, ал оның жасаған мәлімдемесі туралы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органы сол Тарап органдарының шешім қабылдауы үшін хабардар етіледі.
5. Сұрау салынатын Мемлекеттің аумағында осы бапқа сәйкес алынған немесе осы бапқа сәйкес алынған айғақтардың нысаны болып табылатын дәлелдемелер куәландыру жолымен, оның ішінде, егер сөз осы Шартқа қоса берілген А нысанында көрсетілген тәртіппен іскерлік құжаттар туралы болса, расталуы мүмкін. А нысанымен расталған құжаттар Сұрау салушы Мемлекеттің дәлелдемелері ретінде қабылданады.
9-бап Мемлекеттік ведомстволардың материалдары
1. Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекетке жалпы қолжетімді материалдардың көшірмелерін, оның ішінде Сұрау салынатын Мемлекеттің мемлекеттік мекемелері мен ведомстволары иелік ететін кез келген нысандағы құжаттарды немесе ақпаратты береді.
2. Сұрау салынатын Мемлекет сол Мемлекеттің мемлекеттік мекемелері мен ведомстволары иелік ететін, жұртшылыққа қолжетімді емес кез келген құжаттардың көшірмелерін, материалдарды немесе ақпаратты оның өз құқық қорғау немесе сот органдарына осы көшірмелер қолжетімді болатын шамада және жағдайларда бере алады. Осы тармақтың негізінде Сұрау салынатын Мемлекет өз қалауы бойынша сұрау салуды толықтай немесе ішінара қабылдамауға құқылы.
3. Осы баптың ережелеріне сәйкес берілген ресми материалдарды осы Шартқа қоса берілетін В нысанының көмегімен ресми тұлға растауы мүмкін. Ешқандай қосымша куәландыру талап етілмейді. Осы тармаққа сәйкес расталған құжаттар Сұрау салушы Мемлекетте дәлелдемелер ретінде жарамды болады.
10-бап Сұрау салушы Мемлекеттің органдарына келу
1. Егер Сұрау салушы Мемлекет осы Шартқа сәйкес көмек көрсету мақсатында адамның өз аумағына немесе Сұрау салушы Мемлекеттің үшінші мемлекеттің аумағындағы тиісті органдарына келуі туралы сұрау салған жағдайда, Сұрау салынатын Мемлекет осы адамды Сұрау салушы Мемлекеттің тиісті органына келуге шақырады. Сұрау салушы Мемлекет осындай келуге байланысты шығыстар өтемақысының көлемі туралы хабарлайды. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы осы адамнан алынған жауап туралы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органына дереу хабарлайды.
2. Сұрау салушы Мемлекетте осы бапқа сәйкес жүрген адамды өзінің азаматтығына қарамастан, осы адамның Сұрау салынатын Мемлекеттен кетуіне себеп болған қандай да бір болмасын әрекеттері үшін немесе үкімдер бойынша шақыруға, күзетпен қамауға алуға немесе бас бостандығын кез келген басқадай шектеуге болмайды. Мұндай адам сұрау салуда көрсетілгеннен басқа көмек көрсетуге міндетті емес.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген қолсұғылмаушылық кепілдігі, егер онда көрсетілген адам:
а) өзінің болуы бұдан әрі қажет болып табылмайтыны туралы өзі хабардар етілген кезден бастап және кетуге физикалық жағынан мүмкіндігі бар бола тұра, жеті (7) тәулік ішінде Сұрау салушы Мемлекеттен кетіп қалмаса; немесе
b) Сұрау салушы Мемлекеттен кетіп қалып, кейін өз еркімен қайтып оралса, тоқтатылады.
Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органы өзінің қалауы бойынша, егер ол үшін жеткілікті негіздер бар деп шешсе, осы кезеңді ұлғайта алады.
11-бап Күзетпен ұсталып отырған адамдарды беру
1. Сұрау салынатын Мемлекетте күзетпен ұсталып отырған, осы Шартқа сәйкес көмек көрсету үшін Сұрау салушы Мемлекетте болуы сұратылған адамның Сұрау салынатын Мемлекеттен Сұрау салушы Мемлекетке осы мақсатпен бұл адамның келісімі болған кезде, сондай-ақ екі Тараптың да орталық органдарының келісімі болған кезде беріледі.
2. Сұрау салушы Мемлекетте күзетпен ұсталып отырған, осы Шартқа сәйкес көмек көрсету үшін Сұрау салынатын Мемлекетте болуы сұратылған адамның Сұрау салушы Мемлекеттен Сұрау салынатын Мемлекетке бұл адамның осындай беруге келісімі болған кезде, сондай-ақ екі Тараптың да орталық органдарының келісімі болған кезде ауыстырылуы мүмкін.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
а) егер беруші Мемлекет өзгеге рұқсат бермесе, қабылдап алушы Мемлекет берілген адамды күзетпен ұстауға құқылы және міндетті;
b) қабылдап алушы Мемлекет берілген адамды беруші Мемлекеттің қарамағына бұған мән-жайлар мүмкіндік берісімен не екі Тараптың да орталық органдарының өзгедей уағдаластығына сәйкес қайтарады;
с) қабылдап алушы Мемлекет берілетін адамды қайтару үшін беруші Мемлекеттің экстрадициялау рәсімдеріне бастамашылық жасауын талап етпейді; және
d) қабылдап алушы Мемлекетте берілген адамның күзетпен қамауда болу кезеңі беруші Мемлекетте берілген адамға тағайындалған жазаны өтеу мерзіміне есептеледі.
12-бап Адамдардың немесе заттардың орналасқан жерін анықтау немесе оларды сәйкестендіру
Егер Сұрау салушы Мемлекет Сұрау салынатын Мемлекеттегі адамдарды немесе заттарды сәйкестендіруге не олардың орналасқан жерін анықтауға талпынса, онда Сұрау салынатын Мемлекет олардың орналасқан жерін немесе олардың сәйкестендірілуін растау үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
13-бап Құжаттарды тапсыру
1. Сұрау салынатын Мемлекет осы Шарттың ережелеріне сәйкес Сұрау салушы Мемлекет жіберген көмек көрсету туралы кез келген сұрау салуға толық немесе ішінара қатысы бар кез келген құжатты тапсыру үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
2. Сұрау салушы Мемлекет келуі белгіленгенге дейінгі ақылға қонымды мерзімде адамның Сұрау салушы Мемлекеттің құзыретті органына келуін көздейтін құжатты тапсыру туралы кез келген сұрау салуды береді.
3. Сұрау салынатын Мемлекет сұрау салуда көрсетілген нысан бойынша құжаттардың тапсырылғанын растауды қайтарады.
14-бап Тінту және алып қою
1. Егер сұрау салуда Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасы бойынша осындай әрекеттерді негіздейтін жеткілікті ақпарат қамтылса және айтылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасына да сәйкес қылмыс болып табылса, Сұрау салынатын Мемлекет тінту, алып қою және Сұрау салушы Мемлекетке қандай да бір затты беру туралы сұрау салуды орындайды.
2. Өтініш болған кезде өзінің сақталуында алып қойылған зат бар әрбір лауазымды адам осы Шартқа қоса берілген С нысанының көмегімен оның сақталуының үздіксіздігін, оның төлнұсқалығын және қолсұғылмаушылығын растайды. Одан әрі куәландыру талап етілмейді. Осы куәландыру Сұрау салушы Мемлекетте дәлелдемелер ретінде жарамды болады.
3. Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекеттен берілетін заттарға қатысты үшінші тараптардың мүдделерін қорғау үшін қажет болып табылатын шарттардың сақталуын талап ете алады.
15-бап Заттарды қайтару
Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекеттің осы Шартқа сәйкес сұрау салуды орындау тәртібінде оған берілген кез келген затты, оның ішінде құжаттарды, материалдарды немесе заттай дәлелдемелерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде қайтаруын талап ете алады.
16-бап Тәркілеу рәсімдерінде көмек көрсету
1. Сұрау салынатын Мемлекет үкім шығара отырып тәркілеу рәсімдеріне; сондай-ақ қылмыстық мінез-құлыққа негізделген, үкім шығарусыз тәркілеу туралы сот ісін жүргізуде; осы іс жүргізу қамауға алу, меншікті алып қою немесе тәркілеумен байланысты болса, олар:
а) қылмыстан түскен табысты білдірсе не осы табыстың тікелей немесе жанама туындысы болып табылса;
b) қылмыс жасаудың құралы болып табылса не қылмыс жасауға өзге де жолмен пайдаланылған немесе пайдалануға арналса; немесе
c) қамауға алу немесе алып қою қаулысының не сот шешімінің немесе тәркілеу қаулысының объектісі болып табылатын немесе болатын осы тармақтың а) тармақшасында сипатталған меншіктің құнына баламалы немесе сәйкес келсе;
сұрау салуда Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасы бойынша осындай әрекеттерді негіздейтін жеткілікті ақпараттың қамтылуы жағдайында Сұрау салушы Мемлекетке көмек туралы сұрау салуды орындайды.
2. Осы бапқа сәйкес ұсынылатын көмек:
а) осы баптың 1-тармағында сипатталған меншікті оқшаулауды, тыйым салуды, алып қоюды немесе тәркілеуді;
b) егер бұл Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе, осы баптың 1-тармағында сипатталған меншікті оқшаулау, тыйым салу немесе алып қою қаулыларын; сондай-ақ Сұрау салушы Мемлекеттің сот немесе басқа да құзыретті органдары қабылдаған осыған ұқсас меншікке қатысты тәркілеу туралы түпкілікті қаулыларды немесе сот шешімдерін орындауды; және
с) осы Шартта сипатталған көмектің кез келген басқа да түрін қамтиды.
3. Осы бапқа сәйкес оқшауланған, тыйым салынған, алып қойылған немесе тәркіленген меншік Сұрау салушы Мемлекетпен консультациялар жүргізусіз иеліктен шығарылуға жатпайды.
4. Сақтауында тәркіленген меншік бар Тарап барлық мүлікті немесе оның бір бөлігін басқа Тарапқа немесе Тараптар арасындағы консультациялардан кейін басқа Тарап көрсеткен көмекке немесе басқа мемлекеттің көмегіне барабар көлемде меншікті тәркілеуге көмек көрсеткен кез келген басқа мемлекетке бере алады. Бұл мақсатқа орай болғанда және тиісті сұрау салу болған кезде меншік қылмыстың салдарынан жәбірленушіге келтірілген залалдың өтемі үшін немесе меншікті өзінің заңды иелеріне қайтару үшін Сұрау салушы Мемлекетке басымдық тәртіппен кері қайтарылады. Тараптар қажет болған жағдайда тәркіленген меншікті берудің шарттары туралы нақты келісімдер жасай алады.
5. Тараптар өздерінің тиісті заңнамалары шеңберінде қылмыстан жәбірленушілерге реституция ұсынуға байланысты сот ісін жүргізу бөлігінде бір-біріне көмек көрсетеді.
6. Сұрау салынатын Мемлекет егер талқылау заты болып табылатын меншіктің құны көмек көрсетуге ақылға қонымды дәрежеде жұмсалуы күтілетін ресурстардан болмашы асып түсетін болса, осы бапқа сәйкес көмек көрсетуден бас тарта алады. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы осы тармаққа сәйкес көмек көрсетуден бас тартпас бұрын Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органымен консультация жүргізеді.
17-бап Басқа шарттармен үйлесімділігі
Осы Шарт Тараптардың өзара көмек көрсетуінің бір ғана тетігі ретінде пайдалану үшін арналмаған. Тараптар бір-біріне қолданылатын екіжақты және көпжақты келісімдерді, өздерінің заңнамасының ережелерін және басқа да уағдаластықтарды немесе практиканы қоса алғанда, бірақ олармен шектеліп қалмай, кез келген қолжетімді басқа да құралдар арқылы көмек бере алады. Егер Тараптың бірі екінші Тараппен ақпаратты немесе дәлелдемелерді ерікті түрде бөлісуге ниет білдірсе, осы Шартқа сәйкес ол үшін ешқандай сұрау салу талап етілмейді.
18-бап Дауларды реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген дау Тараптар арасында консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
19-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Осы Шартқа Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Шарттың 20-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
20-бап Ратификациялау, күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы
1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және ратификациялау туралы құралдармен алмасу мүмкіндігінше қысқа мерзімде дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.
2. Осы Шарт ратификациялау туралы құралдармен алмасқан кезден бастап күшіне енеді.
3. Тараптардың кез келгені осы Шарттың қолданысын екінші Тарапқа жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жолдау жолымен тоқтата алады. Осы Шарттың қолданысын тоқтату тиісті хабарлама күнінен бастап алты (6) ай өткен соң жүргізіледі.
Осыны куәландыру үшін, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2015 жылғы 20 ақпанда Вашингтон қаласында қазақ және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасы | Америка Құрама Штаттары |
үшін | үшін |
А нысаны
КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАМАНЫҢ ТӨЛНҰСҚАЛЫҒЫНЫҢ
КУӘЛІГІ
Мен, _______________________________ (аты-жөні), жалған мәлімдеме немесе куәландыру бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы хабардар бола тұра, _________________________ (құжаттама сұратылған компанияның атауы) қызметкері екенімді және ресми түрде _____________(лауазымы атауы) лауазымын атқаратынымды растаймын;
және бұдан әрі қоса берілген барлық құжаттардың ________________ (құжат сұратылған компанияның атауы) қарамағындағы түпнұсқалық құжаттың түпнұсқалары немесе телнұсқалары болып табылатындығын мәлімдеймін.
Мен, бұдан әрі:
А) осы құжаттарды оның мән-мағыналық мазмұны туралы тиісті мәліметтерге ие тұлғаның бұларда жазылған мән-мағыналық мазмұнды баяндай отырып, бір мезгілде немесе шамамен бір мезгілде жасағандығын (немесе ол берген ақпараттан алынғандығын);
В) осы құжаттар ұдайы жүзеге асырылатын коммерциялық қызмет барысында жүргізілгендігін;
С) коммерциялық қызмет осы деректерді есепке алуды ұдайы жүргізуге сүйенетіндігін; және
D) егер осыған ұқсас құжат түпнұсқа болып табылмаған жағдайда, оның түпнұсқаның телнұсқасы болып табылатындығын мәлімдеймін.
______________ ________________
[қолы] [күні]
В нысаны
ШЕТЕЛДІК РЕСМИ ҚҰЖАТТАРДЫҢ ТӨЛНҰСҚАЛЫҒЫНЫҢ
КУӘЛІГІ
Мен, _______________________________ (аты-жөні), жалған мәлімдеме немесе куәландыру берілгені үшін қылмыстық жауаптылық туралы хабардар бола тұра, _________________________ (елдің атауы) үкіметінде _________________________ (лауазымның ресми атауы) лауазымын атқаратынымды және осы лауазымда ___________________ (елдің атауы) заңнамасымен, _________________________ қоса берілген және төменде сипатталған құжаттардың ______________________ (елдің атауы) мемлекеттік бөлімі немесе ведомствосы болып табылатын _____________ (бөлімнің немесе ведомствоның атауы) тізіліміне енгізілген немесе тіркелген түпнұсқа ресми құжаттардың төлнұсқа және дұрыс көшірмелері болып табылатындығын растауға уәкілетті екенімді растаймын.
Құжаттардың сипаттамасы:
___________________________
[қолы]
___________________________
[лауазымы]
___________________________
[күні]
С нысаны
ТӘРКІЛЕНГЕН ЗАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ КУӘЛІК
Мен, ___________________________ (аты-жөні), жалған мәлімдеме немесе куәландыру берілгені үшін қылмыстық жауаптылық туралы хабардар бола тұра, ___________________________ (елдің атауы) үкіметінде ___________________________ (лауазымның ресми атауы) лауазымын атқаратынымды растаймын. Мен сақтауға төменде санамаланған заттарды ________(орны) _________(күні)_______________________(аты-жөні) өзім алған кездегі жай-күйде (немесе егер, олар өзгерген болса, төменде көрсетілген жай-күйде) алдым.
Заттардың сипаттамасы:
Менің сақтауымда болған заттардың жай-күйінің өзгеруі (егер мұндайлар болса):
___________________________(қолы)
___________________________(лауазымы)
Ресми мөр ___________________________(орны)
___________________________(күні)
2015 жылғы 20 ақпанда Вашингтон қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың қазақ және ағылшын тілдеріндегі мәтіннің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.
Начальник Департамента
международного сотрудничества
Генеральной прокуратуры
Республики Казахстан С. Досполов
РҚАО-ның ескертпесі!Бұдан әрі Шарттың ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.