Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 29 қазандағы № 374-V ҚРЗ

Баспасөз ақпараты

      2015 жылдың 29 қазанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
      Заң «Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспары - 100 қадамды», сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 720 Жарлығымен мақұлданған Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымын іске асыру мақсатында әзірленген.
      Заңмен жекелеген заңнамалық актілерге түзетулер енгізіледі.
      «Прокуратура туралы» Заңға Мемлекет басшысының 2015 жылғы 4 мамырдағы № 15 Жарлығымен құрылған Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметін регламенттеу бойынша толықтырулар енгізілген.
      Академия қызметінің негізгі бағыттары ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резервінде тұрған қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру, құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу және оларды үйлестіру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру айқындалған.
      «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға енгізілген түзетулер құқық қорғау жүйесін кадрлық қамсыздандырудың құқықтық базасын жетілдіреді. «Кадрлық болжам», «кадрлық жоспарлау», «бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші», «моральды-психологиялық жағдай», «ротацияны жоспарлау» секілді және басқа да новеллалар енгізіледі.
      Қызметке қабылданған жас қызметкерлер арнайы бағдарлама бойынша дайындықтан өтетін болады. Бұл олардың құқық қорғау қызметіне бейімделуі, кәсіби қалыптасуы және жүктелген міндеттерді сапалы орындау қасиеттерінің дамуы үшін қажет. Заңмен сондай-ақ тәлімгерлік институты бекітіледі.
      Құқық қорғау қызметіне кандидаттардың және резервтегілердің ведомстволық дерекқорын құру қарастырылады. Қол жеткізген нәтижелерге қарай жалақы төлеудің дифференциациясына негізделген ынталандыру жүйесі енгізіледі.
      Тәртіптік теріс қылықтардың ауырлығын бағалау жүйесін және тәртіптік жауапкершілік қалыптастыру тәртібін Мемлекет басшысы айқындайтын болады.
      2014 жылы мемлекеттік басқаруды реформалау барысында құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Экономикалық тергеу қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалану құқығы беріледі.
      Үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселесі нақтыланды.
      Енді осындай демалыста болу кезеңі құқық қорғау қызметіндегі еңбек өтіліне, арнаулы атақ, сыныптық шен беру немесе біліктілік сыныбын белгілеу үшін еңбек сіңірген жылдарға есептелетін болады.
      «Азаматтық қорғау туралы» Заңға енгізілген түзетулермен Ішкі істер министрлігіне Арнаулы атақтар, біліктілік сыныптары берілетін өртке қарсы қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет лауазымдарының, сондай-ақ аталған қызметтер санының нормативтерінің тізімін бекіту құқығы беріледі. Бұдан басқа, аталған қызметтердің қызметкерлерін нысандық киіммен және арнаулы киім-кешекпен қамтамасыз ету мәселелері реттелді.
      Қабылданған Заңмен құқық қорғау органдарына тұрғындардан сатып алынған техникалық ақаусыз және пайдалануға жарамды травматикалық әсер беретін ұңғысыз атыс қаруы мен газ қаруын беру тәртібін бекітуге Үкіметтің құзіреті көзделген.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз