Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 437-V ҚРЗ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Конституциялық заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 172-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 10, 343-құжат; 2006 ж., № 23, 137-құжат; 2007 ж., № 12, 82-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2011 ж., № 3, 30-құжат):
      33-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Республика Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аппараттарының, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы аппаратының қызметкерлері Республика Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.».
      2. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 410-құжат; 2006 ж., № 23, 136-құжат; 2008 ж., № 20, 77-құжат; 2010 ж., № 24, 147-құжат; 2012 ж., № 5, 38-құжат; 2014 ж., № 16, 89-құжат; № 21, 119-құжат; 2015 ж., № 14, 75, 76-құжаттар):
      1) 3-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      «5. Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының ерекше мәртебесі болады.»;
      2) 4-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Осы бапта көзделген талаптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотына қолданылмайды.»;
      3) 11-баптың 6-тармағындағы «Қоғамдық кеңес», «Қоғамдық кеңестің» деген сөздер тиісінше «Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес», «Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің» деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 16-баптың 1-тармағының 9-1) тармақшасы алып тасталсын;
      5) 16-1-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «1-1) тәртіптік теріс қылық жасаған судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы материалды Сот жюриіне беру туралы мәселені талқылайды және талқылау қорытындысы бойынша тиісті шешім шығарады;»;
      6) 17-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге де iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, оларға қатысты кассациялық саты функцияларын жүзеге асырады және сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрулер бередi.»;
      2-тармақта:
      3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-1) Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп, аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кадр резервін (бұдан әрі – кадр резерві) қалыптастырады;»;
      3-2) тармақша алып тасталсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмысты ұйымдастыру тәртібін Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша бекітеді.»;
      7) 18-бап мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
      «7. Жоғарғы Соттың жанында Сот төрелігі академиясы жұмыс істейді.»;
      8) 20-бапта:
      1-тармақта:
      4-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «4-1) сот актілерін заңда көзделген негіздер бойынша қайта қарау туралы ұсынулар енгізеді;»;
      9-3) тармақша алып тасталсын;
      2-тармақта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды баламалы негізде Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына енгізеді;»;
      3) тармақша алып тасталсын;
      3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-1) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесіне облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидатураларды баламалы негізде ұсынады;»;
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) республика судьяларын ведомстволық наградалармен наградтайды, «Құрметті судья» атағын береді және осы Атақты беру тәртібі туралы ережені бекітеді;»;
      мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «8-1) қажет болған кезде сот төрелігін іске асыру үшін судья лауазымында болудың шекті жасына толмаған отставкадағы судьяларды тартады;»;
      9) 22-баптың 1-тармағында:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) нормативтiк қаулылар қабылдайды, сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрулер береді және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
      Нормативтік қаулылар Жоғарғы Соттың жалпы отырысында Жоғарғы Сот судьялары санының кемінде үштен екі даусымен және Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кемінде төрттен үш кворумы болған кезде қабылданады;»;
      6) тармақшадағы «, кадр резервіне алынған адамдардың тізімін бекітеді» деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 6-1) және 6-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «6-1) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесіне бекітуге енгізуі үшін Кадр резерві жөніндегі республикалық комиссия төрағасының және комиссия мүшелерінің кандидатураларын қарайды;
      6-2) Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп, аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру үшін кандидатуралар тізімін бекітеді;»;
      7-1) тармақша алып тасталсын;
      10) 22-1-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «1-1) тәртіптік теріс қылық жасаған судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы материалды Сот жюриіне беру туралы мәселені талқылайды және талқылау қорытындысы бойынша тиісті шешім шығарады;»;
      2-тармақтағы «тоғыз», «екі судьядан» деген сөздер тиісінше «он бір», «үш судьядан» деген сөздермен ауыстырылсын;
      11) 24-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Судьялар лауазымға Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сайланады немесе тағайындалады және оларға тұрақты негiзде өкiлеттiктер беріледі.»;
      12) 26-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген судьяны лауазымға сайлау, тағайындау, оның өкiлеттiктерiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның отставкаға құқығымен;»;
      13) 28-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      «1-1. Судьялық жұмыста жиырма жылдан астам өтілі бар судьяларды қоспағанда, судьялар әрбір бес жыл сайын Сот жюриінде кәсіби қызметін бағалаудан өтеді.»;
      14) 29 және 30-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Аудандық соттың судьясы болып:
      1) жиырма бес жасқа толған;
      2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар;
      3) біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады);
      4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған;
      5) негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған (мамандандырылған магистратурада оқу бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады);
      6) полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде бес жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, сондай-ақ тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша нысандағы кепілгерлігін алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
      Кепілгерлік бергенге дейінгі екі жыл ішінде тәртіптік жазаға тартылған судья кепілгерлік бере алмайды.
      Судья кепілгерлік берген кезде объективті болуға, өзіне белгілі болған анық деректерді басшылыққа алуға міндетті. Кепілгерлік берген кезде судья белгіленген өлшемшарттарды:
      1) судьяның кепілгерлік берілетін адаммен таныс болған уақыт кезеңін, сондай-ақ танысу мән-жайларын;
      2) өзі кепілгерлік беретін адаммен бірлескен жұмыс тәжірибесін (осындай тәжірибе болған кезде);
      3) өзі кепілгерлік беретін адамның кәсіби және коммуникативтік дағдыларын, жеке және іскерлік қасиеттері туралы судьяға белгілі болған мәліметтерді;
      4) судьяға анық белгілі болған өзге де мәліметтер мен деректерді ескереді.
      Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасауға болады.
      Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады.
      3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде он жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, оның ішінде бес жыл облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігін алған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.
      Жоғарғы Сот Төрағасының лауазымына кандидатқа судьялық өтілдің болуы, Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысының және тиісті жазбаша кепілгерліктің қажеттілігі туралы талаптар қолданылмайды.
      4. Судьялыққа кандидаттар негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, тұрақты негізде сотта ақы төленетін біржылдық тағылымдамадан өтеді. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.»;

      «30-бап. Сот судьясының, төрағасының, сот алқасы
                төрағасының лауазымына кандидаттарды іріктеу

      1. Судья лауазымына кандидаттарға шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, жынысына, саяси көзқарасына, діни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан, лауазымға орналасуға тең құқық қамтамасыз етіледі.
      2. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымдарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос лауазымдарға орналасуға өтініш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының талаптарына сай келетін адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады.
      3. Облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасының енгізген ұсынуы бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
      4. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
      Облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
      Бұл ретте аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беріледі.
      Аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген өлшемшартқа қосымша ұйымдастырушылық қабілеттері де ескеріледі.
      Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьялары арасынан ұсынылады.
      Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа да соттар төрағаларының, сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымдарға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.
      Жоғарғы Сот Төрағасының лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
      Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.»;
      15) мынадай мазмұндағы 30-1-баппен толықтырылсын:

      «30-1-бап. Судьяның кәсіби қызметін бағалау

      1. Судьяның кәсіби қызметін бағалау деп оның кәсіби білімінің деңгейін және оны сот төрелігін іске асыру кезінде қолдана білуін, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік пен адамгершілік қасиеттерін және оның осы Конституциялық заңда және Судья әдебі кодексінде қойылатын талаптарға сай келуін бағалау танылады.
      Судьяның кәсіби қызметін бағалау судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілікті бағалау және оның өсуін ынталандыру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауаптылықты арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүдделерін қорғау мақсатында жүргізіледі.
      Судьяның кәсіби қызметін бағалау судья лауазымындағы жұмысының бір жылдағы нәтижелері бойынша бірінші рет жүргізіледі. Кейіннен судьяның кәсіби қызметін бағалау әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.
      Жиырма және одан көп жыл судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.
      2. Судья жұмысының нәтижелері бір жыл мерзім өткеннен кейін Сот жюриінің біліктілік комиссиясының отырысында қаралады және Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғары Сот Кеңесінің бекітуіне енгізіледі.
      Судья жұмысының нәтижелері мынадай өлшемшарттардың негізінде қаралады:
      1) сот төрелігін іске асыру сапасының көрсеткіштері;
      2) судья әдебінің нормалары мен еңбек тәртібін сақтау.
      3. Судьяның кәсіби қызметін бағалауды Сот жюриінің біліктілік комиссиясы жүзеге асырады.»;
      16) 31-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Қазақстан Республикасының Президентi жергiлiктi және басқа да соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң ұсынымы бойынша бес жыл мерзiммен лауазымға тағайындайды.
      Аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттардың төрағалары және сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары тиісті сотта өздері атқаратын лауазымына қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды.»;
      17) 33-баптың 1-тармағының 3-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) және 11-1) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот жюриінің шешiмi болса;»;
      18) 34-бапта:
      1-тармақта:
      5) және 11) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) осы судьяға қатысты айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi, қылмыстық істің ақталмайтын негіздер бойынша сотқа дейінгі сатыда тоқтатылуы;»;
      «11) кәсiби жарамсыздығына орай судьяның атқаратын лауазымына сай келмейтiнi туралы Сот жюриі біліктілік комиссиясының шешiмi;»;
      мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «11-1) судьяның тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін оны лауазымынан босату қажеттігі туралы Сот жюриі тәртіптік комиссиясының шешімі;»;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың осы баптың 1-тармағының 5), 11) және 11-1) тармақшаларында көзделген негіздері теріс уәждер деп танылады.»;
      19) 34-1-баптың 2-тармағындағы «65 жасқа» деген сөздер «алпыс бес жасқа» деген сөздермен ауыстырылсын;
      20) 35-бапта:
      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мiнсiз беделi, кемiнде жиырма жыл судьялық жұмыс өтiлi бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығына жататынын, жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiн және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерiн сақтай отырып, лауазымынан құрметпен кету нысанында судья өкiлеттiктерінің тоқтатылуы отставка болып табылады.»;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Отставкаға шыққан кезде судьяға жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.»;
      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:
      «2-2. Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаражатынан ақы төленетін лауазымға орналасқан жағдайда тоқтатыла тұрады.
      Республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаражатынан ақы төленетін лауазымда болуы тоқтатылған жағдайда, судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қайта басталады.»;
      3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Судьяның отставкасын тоқтату үшін негіздер қаралғанға дейін судьяның отставкасы тоқтатыла тұрады.»;
      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      «6. Отставкадағы және судья лауазымында болудың шекті жасына толмаған судьялар, олардың келісімі болған кезде судьяның уақытша болмауы кезеңінде, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге сот төрелігін іске асыруға тартылуы мүмкін.»;
      21) 36 және 38-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «36-бап. Жоғары Сот Кеңесi

      Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және оның жұмысын ұйымдастыру «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.»;

      «38-1-бап. Сот жюриі

      1. Жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін Сот жюриі құрылады.
      Сот жюриі біліктілік және тәртіптік комиссиялардан тұрады.
      Біліктілік комиссиясы жеті мүшеден – облыстық соттардың екі судьясынан, Жоғарғы Соттың екі судьясынан және отставкадағы үш судьядан тұрады.
      Тәртіптік комиссия тоғыз мүшеден – аудандық соттардың үш судьясынан, облыстық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұрады.
      2. Облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасының шешімдері судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің тәртіптік комиссиясының қарауы үшін негіз болып табылады.
      Жеке және заңды тұлғалар судьяның әрекеттеріне шағым жасаудың барлық өзге де қолда бар тәсілдерін пайдаланған болса, олардың өтініштері де судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің қарауы үшін негіз болып табылады.
      3. Сот жюриi мен оның комиссияларын қалыптастыру және олардың жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ Сот жюриінің материалдарды, тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.»;
      22) мынадай мазмұндағы 38-2-баппен толықтырылсын:

      «38-2-бап. Жоғарғы Соттың жанындағы Сот төрелігі
                  академиясы

      Жоғарғы Соттың жанындағы Сот төрелігі академиясы (бұдан әрі – Академия) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын, сот жүйесі кадрларын қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және ғылыми қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.
      Жоғарғы Сот Академияны жалпы басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
      Академияны құруды, оның мәртебесін және жұмысын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.»;
      23) 39-баптың 1 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Судья тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
      Қызметтік міндеттерін атқару не қызметтен тыс кездегі кінәлі әрекет (әрекетсіздік) салдарынан осы Конституциялық заңның және (немесе) Судья әдебі кодексінің ережелері бұзылып, бұл сот билігі беделін түсіруге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге алып келген тәртіптік теріс қылық болып табылады.
      Судья тәртiптiк жауаптылыққа:
      1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн;
      2) судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн;
      3) еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн тартылуы мүмкін.»;
      «3. Судьялық қате, сондай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту, егер бұл ретте жоғары тұрған сот сатысының сот актiсiнде көрсетiлген, заңды өрескел бұзушылықтарға жол берiлмеген болса, судьяның жауаптылығына алып келмейді.
      Судьяның кінәлі әрекеттеріне байланысты емес, материалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және қолданбауға алып келген іс-әрекет судьялық қате деп танылады.»;
      24) 42-баптың 1-тармағында:
      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс жүргізу, жеке тұлғалардың өтініші бойынша тәртіптік іс жүргізуді қозғауды қоспағанда, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себеппен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.»;
      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Жеке тұлғалардың өтініші бойынша судьяға қатысты тәртiптiк iс жүргізу қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себеппен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, өтініш келіп түскен күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қозғалуы мүмкiн.»;
      25) 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «44-бап. Сот жюриінің шешімдері

      1. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін бағалау туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
      1) атқаратын лауазымына сай деп тану;
      2) жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына тағайындауға ұсыным жасау;
      3) жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсыным жасау;
      4) басқа сотқа, басқа мамандыққа ауыстыруға ұсыным жасау;
      5) кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану.
      Біліктілік комиссиясының осы баптың 1-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көзделген шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
      2. Судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешім судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау кезінде теріс нәтиже алған судьяға қатысты қолданылмайды.
      Бұл жағдайда Сот жюриі судьяның біліктілігін арттыру және бір жыл өткеннен кейін кәсіби қызметті қайтадан бағалауды жүргізу туралы шешім шығарады.
      Судьяның кәсіби қызметін қайтадан мерзімді бағалаудың нәтижелері теріс болған жағдайда, Сот жюриі судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешім шығарады.
      Лауазымға тағайындалған күннен бастап бір жылдың қорытындысы бойынша судьяның кәсіби қызметін қанағаттанарлықсыз деп бағалау туралы біліктілік комиссиясының шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуі үшін негіз болып табылады.
      3. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы материалды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
      1) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;
      2) тәртіптік іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы.
      Тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірі шығарылады:
      1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;
      2) тәртiптiк iс жүргiзудi тоқтату туралы.
      Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы судьяның отставкаға құқығын растау туралы өтініші бойынша материалды, сондай-ақ отставканы тоқтату туралы материалды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
      1) судьяның отставкаға құқығын растау туралы;
      2) судьяның отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы;
      3) судьяның отставкасын тоқтату туралы;
      4) судьяның отставкасын тоқтатудан бас тарту туралы.
      4. Сот жюриі комиссияларының шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы тиісті ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуі үшін негіз болып табылады.
      5. Сот жюриі комиссияларының шешіміне судья Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасай алады.
      6. Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным беруден бас тартуы не Жоғары Сот Кеңесінің судьяға қандай да бір тәртіптік жаза қолданудың негізсіздігі туралы шешімі Сот жюриі тиісті комиссияларының өздері шығарған шешімнің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.»;
      26) 55-1-баптың бірінші абзацындағы «шешiмi бойынша», «шешім бойынша» деген сөздер тиісінше «шешімі негізінде», «шешім негізінде» деген сөздермен ауыстырылсын.
      3. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» 2015 жылғы 31 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 14, 76-құжат):
      1-баптың 1) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жиырма жылдан асатын судьялық жұмыс өтілінің әрбір жылы үшін, ал 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін отставкаға шыққан судьяларға – он бес жылдан асатын судьялық жұмыс өтілінің әрбір жылы үшін отставкадағы судьяның өмір бойғы ай сайынғы қамтылымының мөлшері судьяның соңғы атқарған лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының бір пайызына ұлғайтылады.».
      2-бап. Осы Конституциялық заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады