Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 10 мамырдағы № 64-VІ ҚРЗ.

      2017 жылғы 10 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) қол қойды.

      Заң Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаңа стандарттары мен ұсынымдарын, сондай-ақ еуропалық озық тәжірибені ескере отырып әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында қабылданды. Заң авиация қызметін бақылау мен қадағалауды жақсартуға, әуе көлігі жүйесінің тиімділігін мен авиациялық қызметтер сапасын арттыруға және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сала субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

      Заңмен сегіз заңнамалық актіге, соның ішінде: "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексіне), "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

      Заң шеңберінде шетел тасымалдаушыларын аккредиттеуге, коммерциялық емес ұйымдарды тартуға, әуе кемелерінің пайдаланушыларының қызметін қадағалауға, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіге, авиациялық оқу орталықтарына қатысты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланды және толықтырылды. Авиация персоналын медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру қарастырылған, авиациялық медицина орталықтарын сертификаттаудың жаңа түрі енгізілді. Авиациялық оқиғаларды тергеп-тексерудің тиімділігі мақсатында тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл институты енгізілуде.

      Әуе кеңістігін икемді пайдалану үшін азаматтық-әскери ынтымақтастыру және үйлестіру қағидаттары бекітілді.

      Әуежайларда бәсекелестікті дамытуға және әуе кемелеріне жерде қызмет көрсету қызметтерін берушілердің қызметтерін регламенттеуге бағытталған нормалар белгіленді.

      Кіші авиацияның дамуындағы әкімшілік кедергілерді жоюға, ұшқышсыз ұшу аппараттарын есепке алуды енгізуге, арнайы ұшуға рұқсаттарға, пайдаланушылардың әуе кемелерін жалға алуға қатысты нормалар енгізілді.

      Бұдан басқа, Заңның бір қатар нормалары азаматтық авиацияның авиациялық қауіпсіздігі бағдарламасын енгізу арқылы авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, медициналық сарапшылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілердің және лауазымды адамдардың жауапкершілігін бекітуге, сондай-ақ сертификаттық тексеру кезінде санаттауды енгізуге бағытталған.

      Қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына, қолданыстағы заңнамалық актілерге қайшы келмейді.

      Заңның қабылдануына байланысты құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдардың туындауына әкеп соқтырмайды.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз