Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 31 қазандағы № 104-VІ ҚРЗ.

      2013 жылғы 2 сəуірде Нью-Йоркте жасалған Қару саудасы туралы шарт (бұдан əрі – Шарт) оның 13-бабының 2-тармағын түсіндіру туралы мынадай мəлімдемемен ратификациялансын:

      "Қазақстан Республикасы Шарттың объектісі мен мақсаттарын тани отырып жəне Шарттың 28-бабына қарамастан, Шартты қолдану кезінде Шарттың орыс тіліндегі мəтінінің 13-бабының 2-тармағындағы "қайта бағыттау" деген термин "заңсыз қайта бағыттау" деп түсінілетінін мəлімдейді".

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

ҚАРУ САУДАСЫ ТУРАЛЫ ШАРТ Біріккен Ұлттар Ұйымы 2013 жыл

Қару саудасы туралы шарт

      Кіріспе

      Осы Шартқа қатысушы мемлекеттер,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      қарулану ісі үшін әлемдік адам ресурстарын және экономикалық ресурстарды мейлінше аз тартумен, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға және қолдауға жәрдемдесуге бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 26-бабына сілтеме жасай отырып,

      кәдімгі қару-жарақтың заңсыз саудасын болғызбау және жою және оларды заңсыз нарыққа немесе санкцияланбаған түпкілікті пайдалану мақсатында және уәкілетті емес түпкілікті пайдаланушыларға, оның ішінде террористік актілерді жасау үшін қайта бағытталуын болғызбау қажеттілігін атап өте отырып,

      мемлекеттердің кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасы саласындағы заңды саяси, экономикалық, коммерциялық мүдделері мен қауіпсіздігі мүдделерін тани отырып,

      мемлекеттердің өз құқықтық немесе конституциялық жүйесі шеңберінде кәдімгі қару-жарақты тек өз аумағы шегінде реттеуге және бақылауға егеменді құқығын растай отырып,

      бейбітшілік пен қауіпсіздік, даму және адам құқықтары Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі қызметінің негізгі үш саласын және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін негізді құрайтынын атап көрсете отырып және даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік және адам құқықтары өзара байланысты екенін және бірін-бірі нығайтатынын мойындай отырып,

      Бас Ассамблеяның 1991 жылғы 6 желтоқсандағы 46/36 Н қарарының мән мәтініндегі қаруды халықаралық берулерге қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарусыздандыру жөніндегі комиссиясының басшылық қағидаттарына сілтеме жасай отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақтың заңсыз саудасын оның барлық аспектілерінде болғызбау және жою және оған қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдар бағдарламасы, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз дайындалуына және айналымына қарсы хаттамасы және мемлекеттерге заңсыз атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақты уақтылы және сенімді анықтауға және қадағалауға мүмкіндік беретін Халықаралық құжаттың қосқан үлесін атап көрсете отырып,

      кәдімгі қару-жарақтың заңсыз және реттелмеген саудасының әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық салдарын және оның қауіпсіздік тұрғысындағы салдарын атап көрсете отырып,

      азаматтық тұлғалар, атап айтқанда, қарулы қақтығыстардың және қарулы күш қолданудың теріс әсер етуін өз басынан кешіретіндердің арасында басым көпшілігін әйелдер мен балалар құрайтынын ескере отырып,

      қарулы қақтығыс құрбандары кездесетін күрделі проблемаларды және олардың тиісті күтімге, оңалтуға және әлеуметтік және экономикалық интеграцияға қажеттілігін атап көрсете отырып,

      осы Шарттың ешқандай ережесі мемлекеттерге осы Шарттың объектісі мен мақсатына ықпал ету үшін қосымша тиімді шаралар қолдануға және қабылдауға кедергі келтірмейтінін атап өте отырып,

      заңды сауданы және заңды иеленуді, сондай-ақ рекреациялық, мәдени, тарихи және спорттық іс-шаралар шеңберінде осындай сауда және осындай иелену мен пайдалану заңмен рұқсат етілген немесе қорғалған жағдайларда кәдімгі қарудың кейбір түрлерін пайдалануды ескере отырып,

      сонымен қатар, қатысушы мемлекеттерге олардың өтініші бойынша осы Шартты жүзеге асыруға көмек көрсетуде өңірлік ұйымдар атқаруы мүмкін рөлді ескере отырып,

      осы Шарттың объектісі мен мақсаты туралы хабардар болу деңгейін арттыруда және оны жүзеге асыруға жәрдемдесуде үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғам мен өнеркәсіп атқаруы мүмкін ерікті және белсенді рөлді мойындай отырып,

      кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасын реттеу және оның қайта бағытталуын болғызбау бейбіт мақсаттарда жүзеге асырылатын халықаралық ынтымақтастыққа және құралдардың, жабдық пен технологиялардың заңды саудасына кедергі келтірмеуге тиіс екенін атап көрсете отырып,

      осы Шартқа жалпы қосылуды қамтамасыз ету дұрыстығын атап өте отырып,

      төмендегі қағидаттарға сәйкес әрекет ету батылдығын терең сезіне отырып:

      Қағидаттар

      - Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабында танылған, барлық мемлекеттердің жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғауға ажырамас құқығы;

      - Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2(3)-бабында көзделгендей, халықаралық дауларды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке және әділеттілікке қатер төндіруге ұшыратпайтындай бейбіт құралдармен шешу;

      - Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2(4)-бабында көзделгендей, кез келген мемлекеттің аумағына қолсұғылмаушылыққа немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы болатын сияқты қандай да бір басқа түрде Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттарымен үйлеспейтін өзінің халықаралық қатынастарында күш қолдану қатерінен немесе оны қолданудан тартыну;

      - Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2(7)-бабына сәйкес мәнісі бойынша кез келген мемлекеттің ішкі құзыретіне кіретін істерге араласпау;

      - атап айтқанда, 1949 жылғы Женева конвенцияларына сәйкес халықаралық гуманитарлық құқықты құрметтеу және құрметтеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес адам құқықтарын құрметтеу және құрметтеуді қамтамасыз ету;

      - барлық мемлекеттердің өздерінің тиісті халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасын тиімді реттеуге және олардың қайта бағытталуын болғызбауға жауапкершілігі, сондай-ақ барлық мемлекеттердің өздерінің тиісті ұлттық бақылау жүйелерін құруға және пайдалануға басты жауапкершілігі;

      - мемлекеттердің өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыру үшін және бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар үшін кәдімгі қару-жарақты сатып алуға, сондай-ақ кәдімгі қару-жарақты шығаруға, экспорттауға, импорттауға және беруге деген заңды ұмтылысын құрметтеу;

      - осы Шартты жүйелі, объективті және кемсітпеу түрінде жүзеге асыру,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап Объект және мақсаты

      Осы Шарттың объектісі:

      - халықаралық және өңірлік деңгейлерде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ету;

      - адамның зардабын азайту;

      - қатысушы мемлекеттердің кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасы саласындағы ынтымақтастығын, транспаренттілігін және жауапты тәртібін көтермелеу, осы арқылы қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімнің нығаюына ықпал ету мақсатында

      - кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасын реттеу немесе реттеуді жетілдіру үшін мүмкіндігінше неғұрлым жоғары жалпы халықаралық стандарттарды белгілеуден;

      - кәдімгі қару-жарақтың заңсыз саудасын болғызбаудан және жоюдан және оның қайта бағытталуын болғызбаудан тұрады.

2-бап Қолданылу аясы

      1. Осы Шарт мынадай санаттар шеңберіндегі кәдімгі қару-жарақтың барлық түрлеріне қолданылады:

      a) жауынгерлік танкілер;

      b) жауынгерлік брондалған машиналар;

      c) үлкен калибрлі артиллериялық жүйелер;

      d) жауынгерлік ұшақтар;

      e) жауынгерлік тікұшақтар;

      f) әскери корабльдер;

      g) зымырандар мен зымырандық ұшыру қондырғылары; және

      h) атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ.

      2. Осы Шарттың мақсаттары үшін халықаралық сауда саласындағы қызмет бұдан әрі "беру" деп аталатын экспортты, импортты, транзитті, ауыстырып тиеуді және брокерлік қызметті қамтиды.

      3. Осы Шарт қатысушы мемлекет немесе оның атынан оның пайдалануы үшін осы қатысушы мемлекет осы кәдімгі қару-жарақтың иесі болып қалған жағдайда, жүзеге асыратын кәдімгі қару-жарақтың халықаралық тасымалдануына қолданылмайды.

3-бап Оқ-дәрілер/зақымдау құралдары

      Әрбір қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтан атылатын немесе ұшырылатын не нысанаға осындай кәдімгі қару-жарақпен жеткізілетін оқ-дәрілердің/зақымдау құралдарының экспортын реттеу үшін ұлттық бақылау жүйесін құрады және пайдаланады және осындай оқ-дәрілерді/зақымдау құралдарын экспорттауға рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде 6-баптың және 7-баптың ережелерін қолданады.

4-бап Бөлшектер мен компоненттер

      Әрбір қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты жинауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түрде экспортталған кезде бөлшектер мен компоненттерді реттеу үшін ұлттық бақылау жүйесін құрады және пайдаланады және осындай бөлшектер мен компоненттерді экспорттауға рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде 6-баптың және 7-баптың ережелерін қолданады.

5-бап Жалпы жүзеге асыру процесі

      1. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шартта жазылған қағидаттарды ескере отырып, осы Шартты жүйелі, объективті және кемсітпеу түрінде жүзеге асырады.

      2. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру үшін ұлттық бақылау тізімін қоса алғанда, ұлттық бақылау жүйесін құрады және пайдаланады.

      3. Әрбір қатысушы мемлекетке осы Шарттың ережелерін кәдімгі қару-жарақтың ең үлкен шеңберіне қолдану ұсынылады. Осы Шарт күшіне енген кезде 2(1)(a-g)-бапта қамтылатын санаттардың ешқайсысының ұлттық анықтамалары Біріккен Ұлттар Ұйымының Кәдімгі қару-жарақ тіркелімінде пайдаланылатын сипаттамалардан кем болмауға тиіс. Осы Шарт күшіне енген кезде 2(1)(һ)-бапта қамтылатын санатқа қатысты ұлттық анықтамалар Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті құқықтық құжаттарында пайдаланылатын сипаттамалардан кем болмауға тиіс.

      4. Әрбір қатысушы мемлекет өздерінің ұлттық заңдарын басшылыққа ала отырып, өзінің ұлттық бақылау тізімін Хатшылыққа ұсынады, ол оны басқа қатысушы мемлекеттердің билігіне ұсынады. Қатысушы мемлекеттерге олардың бақылау тізімдерін жалпыға қолжетімді етіп жасау ұсынылады.

      5. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру үшін қажетті шаралар қолданады және 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты және 3-бапта және 4-бапта қамтылатын құралдарды беруді реттеу үшін тиімді және транспарентті ұлттық бақылау жүйесін құру мақсатында құзыретті ұлттық органдарды тағайындайды.

      6. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шартты жүзеге асыруға қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасу үшін бір немесе одан да көп ұлттық байланыс орталықтарын тағайындайды. Әрбір қатысушы мемлекет 18-бапқа сәйкес құрылған Хатшылыққа өзінің ұлттық байланыс орталығы (өздерінің ұлттық байланыс орталықтары) туралы ақпаратты ұсынады және бұл ақпаратты ұдайы жаңартады.

6-бап Тыйым салулар

      1. Қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты немесе 3-бапта немесе 4-бапта қамтылатын құралдарды беруге, егер осындай беру Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VII тарауы негізінде әрекет ететін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған шараларды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді, атап айтқанда, қару эмбаргосын бұзу болып табылса, рұқсат бермейді.

      2. Қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты немесе 3-бапта немесе 4-бапта қамтылатын құралдарды беруге, егер осындай беру өзі қатысушысы болып табылатын, атап айтқанда, кәдімгі қару-жарақты беруге немесе оның заңсыз айналымына қатысты халықаралық келісімдер бойынша оның тиісті халықаралық міндеттемелерін бұзу болып табылса, рұқсат бермейді.

      3. Қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты немесе 3-бапта немесе 4-бапта қамтылатын құралдарды беруге, егер рұқсат беру туралы шешім қабылданған кезде бұл қару-жарақ немесе құралдар геноцид актілерін, адамзатқа қарсы қылмыстарды, 1949 жылғы Женева конвенцияларын елеулі түрде бұзушылықтарды, азаматтық объектілерге немесе қорғауды пайдаланатын азаматтық тұлғаларға шабуыл немесе өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімдерде айқындалғандай басқа да әскери қылмыстарды жасау үшін пайдаланылатыны туралы анық білетін болса, рұқсат бермейді.

7-бап Экспорт және экспортты бағалау

      1. Егер 6-баппен экспортқа тыйым салынбаған жағдайда, экспорттаушы ролінде болатын әрбір қатысушы мемлекет өзінің юрисдикциясындағы 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың немесе 3-бапта немесе 4-бапта қамтылатын құралдардың экспортына рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде өзінің ұлттық бақылау жүйесін басшылыққа ала отырып, 8(1)-бапқа сәйкес импорттаушы мемлекет ұсынған ақпаратты қоса алғанда, тиісті факторларды ескере отырып, кәдімгі қару-жарақтың немесе құралдардың:

      a) бейбітшілікке немесе қауіпсіздікке ықпал ету немесе оларға залал келтіру;

      b) пайдаланылуы мүмкін:

      i) халықаралық гуманитарлық құқықты елеулі түрде бұзушылықты жасау немесе жасауға жәрдемдесу үшін;

      ii) адам құқықтарының халықаралық құқығын елеулі түрде бұзушылығын жасау немесе жасауға жәрдемдесу үшін;

      iii) осы экспорттаушы мемлекет қатысушысы болып табылатын терроризм туралы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға немесе хаттамаларға сәйкес қылмыс болып табылатын іс-әрекет жасау немесе жасауға жәрдемдесу үшін; немесе

      iv) осы экспорттаушы мемлекет қатысушысы болып табылатын трансұлттық ұйымдасқан қылмыс туралы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға немесе хаттамаларға сәйкес қылмыс болып табылатын іс-әрекет жасау немесе жасауға жәрдемдесу үшін ықтималдығын объективті және кемсітпеу түрінде бағалайды.

      2. Экспорттаушы рөлінде болатын қатысушы мемлекет 1-тармақтың (а) немесе (b) тармақшасында көрсетілген тәуекелдерді азайту үшін қабылдауға болатын сенімді нығайту шаралары немесе экспорттаушы мемлекеттер мен импорттаушы мемлекеттер бірлесіп әзірлеген және келісілген бағдарламалар сияқты шаралардың да бар екенін айқындауға тиіс.

      3. Егер осындай бағалауды жүргізгеннен және тәуекелді жеңілдетудің қолжетімді шараларын қарағаннан кейін экспорттаушы рөлінде болатын қатысушы мемлекет 1-тармақта көрсетілген теріс салдарлардың кез келгені туындауының едәуір тәуекелінің бар-жоғын айқындаса, онда ол экспорттық операцияны жүзеге асыруға рұқсат бермейді.

      4. Осындай бағалауды жүргізу кезінде экспорттаушы рөлінде болатын әрбір қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақ немесе 3-бапта немесе 4-бапта қамтылатын құралдар елеулі гендерлік күш қолдану актілерін немесе әйелдер мен балаларға қатысты елеулі күш қолдану актілерін жасау немесе жасауға жәрдемдесу үшін пайдаланылуы мүмкін тәуекелді ескереді.

      5. Экспорттаушы ролінде болатын       әрбір қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың немесе 3-бапта немесе 4-бапта қамтылатын құралдардың экспортына барлық рұқсаттардың толық жазылуын және экспорттық операцияны жүзеге асырғанға дейін берілуін қамтамасыз етуге шаралар қолданады.

      6. Экспорттаушы рөлінде болатын әрбір қатысушы мемлекет импорттаушы рөліңде болатын қатысушы мемлекетке және транзит немесе ауыстырып тиеу мемлекеттері болып табылатын қатысушы мемлекеттерге олардың өтініші бойынша, бұл ретте өзінің ұлттық заңдарын, практикасын немесе саясатын басшылыққа ала отырып, нақты рұқсат беру туралы тиісті ақпаратты ұсынады.

      7. Егер рұқсат берілгеннен кейін экспорттаушы рөлінде болатын қатысушы мемлекет тиісті жаңа ақпарат алса, онда оған импорттаушы мемлекетпен, орынды болса, консультациялардан кейін рұқсатты қайта бағалауды жүргізу ұсынылады.

8-бап Импорт

      1. Импорттаушы рөлінде болатын әрбір қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңдарына сәйкес тиісінше және іске қатысты ақпараттың экспорттаушы рөлінде болатын қатысушы мемлекетке оның өтініші бойынша осы-экспорттаушы мемлекетке 7-бапқа сәйкес экспорттың өз ұлттық бағалауын жүргізуге көмектесу үшін берілуін қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Бұл түпкілікті пайдалануға және түпкілікті пайдаланушыға қатысты құжаттаманы қамтуы мүмкін.

      2. Импорттаушы рөлінде болатын әрбір қатысушы мемлекет оған 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың импортын қажет болған кезде және оның юрисдикциясы шеңберінде реттеуге мүмкіндік беретін шаралар қолданады. Мұндай шаралар импортқа қатысты жүйелерді пайдалануды қамтуы мүмкін.

      3. Импорттаушы рөлінде болатын әрбір қатысушы мемлекет экспорттаушы рөлінде болатын қатысушы мемлекеттен, егер импорттаушы рөлінде болатын осы қатысушы мемлекет түпкілікті межелі ел болып табылса, қарау сатысындағы экспортқа кез келген рұқсаттар немесе берілген рұқсаттар туралы ақпаратқа сұрау салуы мүмкін.

9-бап Транзит немесе ауыстырып тиеу

      Әрбір қатысушы мемлекет тиісті халықаралық құқықты басшылыққа ала отырып, өз аумағында 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың транзитін немесе оны ауыстырып тиеуді ол қажет және мүмкін болған кезде және өз юрисдикциясы шеңберінде реттеу үшін тиісті шаралар қолданады.

10-бап Брокерлік қызмет

      Әрбір қатысушы мемлекет өздерінің ұлттық заңдарын басшылыққа ала отырып, 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жараққа қатысты өзінің юрисдикциясымен жүзеге асырылатын брокерлік қызметті реттеу үшін шаралар қолданады. Мұндай шаралар брокерлердің брокерлік операциялармен айналысудан бұрын тіркелуі немесе жазбаша рұқсат алуы туралы талапты көздеуі мүмкін.

11-бап Қайта бағыттау

      1. 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты беруге қатыстырылған әрбір қатысушы мемлекет олардың қайта бағытталуын болғызбау үшін шаралар қолданады.

      2. Экспорттаушы ролінде болатын қатысушы мемлекет 5(2)-бапқа сәйкес құрылған өзінің ұлттық бақылау жүйесі арқылы, экспортты қайта бағыттау қаупін бағалау және осындай қауіпті азайту жөніндегі шараларды, мысалы, сенімді нығайту шараларын немесе экспорттаушы мемлекеттер мен импорттаушы мемлекеттер бірлесіп әзірлеген және келісілген бағдарламаларды қабылдау мүмкіндігін қарау жолымен 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты беруді қайта бағыттауды болғызбауға ұмтылады. Болғызбау жөніндегі басқа да шаралардың реті келген жағдайда: экспортқа қатысатын тараптарды тексеруді; қосымша құжаттаманы, сертификаттарды, куәландыруларды ұсыну талабын; экспортқа рұқсат беруден бас тартуды; немесе басқа да тиісті шараларды қамтуы мүмкін.

      3. Импортты, транзитті, ауыстырып тиеу мен экспортты жүзеге асыратын қатысушы мемлекеттер реті келген жағдайда және мүмкін болса, өздерінің ұлттық заңдарын басшылыққа ала отырып, 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты беруді қайта бағыттау қаупін азайту мақсатында ынтымақтасады және ақпарат алмасады.

      4. Қатысушы мемлекет 2(1)-бапта қамтылатын, берілетін кәдімгі қару-жарақтың қайта бағытталуын анықтаған жағдайда, қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңдарын басшылыққа ала отырып және халықаралық құқыққа сәйкес осындай қайта бағытталуға қатысты проблеманы шешу мақсатында тиісті шаралар қолданады. Мұндай шаралар ықтимал қозғаған қатысушы мемлекеттерді хабардар етуді, 2(1)-бапта қамтылатын осындай кәдімгі қару-жарақтың қайта бағытталған жеткізілімдерін тексеріп қарауды және тергеу мен құқық қолданудың көмегімен кейінгі шараларды қолдануды қамтуы мүмкін.

      5. 2(1)-бапта қамтылатын, берілетін кәдімгі қару-жарақтың қайта бағытталуын анағұрлым толық түсіну және болғызбау мақсатында қатысушы мемлекеттерге бір-бірімен осындай қайта бағыттауға қатысты проблеманы шешу жөніндегі тиімді шаралар туралы тиісті ақпарат алмасу ұсынылады. Осындай ақпарат сыбайлас жемқорлықты, алып өтудің халықаралық бағыттарын, заңсыз брокерлерді, заңсыз өнім беру көздерін, жасыру әдістерін, қайта бағыттауға қатысатын ұйымдасқан топтар пайдаланатын жалпы жөнелту нүктелерін немесе межелі орындарды қоса алғанда, заңсыз қызмет туралы ақпаратты қамтуы мүмкін.

      6. Қатысушы мемлекеттерге 2(1)-бапта қамтылатын, берілетін кәдімгі қару-жарақты қайта бағыттау проблемасын шешу мақсатында қолданылған шаралар туралы басқа қатысушы мемлекеттерді Хатшылық арқылы хабардар ету ұсынылады.

12-бап Есепке алуды жүргізу

      1. Әрбір қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңдарын және нормативтік ережелерін басшылыққа ала отырып, 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың экспортын немесе экспорты бойынша нақты операцияларды жүзеге асыруға рұқсаттар беруді ұлттық есепке алуды жүргізеді.

      2. Әрбір қатысушы мемлекетке оның аумағына берілетін, бұл жағдайда түпкілікті межелі орын болып табылатын немесе транзитпен алып жүруге немесе өзінің юрисдикциясындағы аумақтарға қайта тиеуге рұқсат етілген 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты есепке алуды жүргізу ұсынылады.

      3. Әрбір қатысушы мемлекетке мән-жайларға сәйкес осы есепке алу құжаттарына 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың саны, құны, моделі/типі, халықаралық беруге рұқсаттар, кәдімгі қару-жарақты нақты беру туралы мәліметтерді және экспорттаушы мемлекет (экспорттаушы мемлекеттер), импорттаушы мемлекет (импорттаушы мемлекеттер), реті келген жағдайда транзит және ауыстырып тиеу мемлекеті (мемлекеттері) және түпкілікті пайдаланушылар туралы толық ақпаратты енгізу ұсынылады.

      4. Есепке алу құжаттары кемінде он жыл сақталады.

13-бап Есептілікті ұсыну

      1. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шарт осы қатысушы мемлекет үшін күшіне енген кезден бастап бірінші жыл ішінде 22-бапқа сәйкес Хатшылыққа осы Шартты жүзеге асыру мақсатында қабылданған шаралар туралы, оның ішінде ұлттық заңдар, ұлттық бақылау тізімдері және басқа да нормативтік ережелер мен әкімшілік шаралар туралы бастапқы баяндаманы ұсынады. Әрбір қатысушы мемлекет реті келген жағдайда Хатшылыққа осы Шартты жүзеге асыру мақсатында қабылданған кез келген жаңа шаралар туралы ақпаратты ұсынады. Хатшылық қатысушы мемлекеттердің осы баяндамаларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді және оларды қатысушы мемлекеттер арасында таратады.

      2. Қатысушы мемлекеттерге 2(1)-бапта қамтылатын, берілетін кәдімгі қару-жарақты қайта бағыттауға қатысты проблеманы шешуде тиімді болған қабылданған шаралар туралы ақпаратты басқа қатысушы мемлекеттерге Хатшылық арқылы беру ұсынылады.

      3. Әрбір қатысушы мемлекет жыл сайын 31 мамырға қарай Хатшылыққа 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың рұқсат етілген немесе нақты экспорты мен импорты туралы ақпаратты қамтитын алдыңғы күнтізбелік жыл бойынша баяндаманы ұсынады. Хатшылық қатысушы мемлекеттердің осы баяндамаларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді және оларды қатысушы мемлекеттер арасында таратады. Хатшылыққа ұсынылатын баяндама қатысушы мемлекет тиісті шеңберде Біріккен Ұлттар Ұйымына, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Кәдімгі қару-жарақ тіркелімі үшін ұсынған ақпаратты қамтуы мүмкін. Мұндай баяндамаларға коммерциялық пайымдылығы бойынша құпиялы сипаттағы немесе ұлттық қауіпсіздік саласына қатысты ақпарат енгізілмеуі мүмкін.

14-бап Сақтауды қамтамасыз ету

      Әрбір қатысушы мемлекет осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру үшін қажетті ұлттық заңдарды және нормативтік ережелерді сақтауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.

15-бап Халықаралық ынтымақтастық

      1. Қатысушы мемлекеттер осы Шартты тиімді жүзеге асыру мақсатында өздерінің қауіпсіздік мүдделеріне және ұлттық заңдарына сәйкес әрекет ете отырып, бір-бірімен ынтымақтасады.

      2. Қатысушы мемлекеттерге халықаралық ынтымақтастыққа, оның ішінде өздерінің қауіпсіздік мүдделеріне және ұлттық заңдарына сәйкес осы Шартты жүзеге асыру және қолдану тұрғысынан өзара мүдделілікті білдіретін мәселелер бойынша ақпарат алмасуға жәрдемдесу ұсынылады.

      3. Қатысушы мемлекеттерге осы Шартты жүзеге асыруды қолдау мақсатында мән-жайларға сәйкес өзара мүдделілікті білдіретін мәселелер бойынша консультациялар өткізу және ақпарат алмасу ұсынылады.

      4. Қатысушы мемлекеттерге өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес осы Шарттың ережелерін ұлттық жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатында, заңсыз қызмет түрлері мен заңсыз субъектілер туралы ақпарат алмасуды қоса алғанда және 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақтың қайта бағытталуын болғызбау, жою және жолын кесу мақсатында ынтымақтасу ұсынылады.

      5. Қатысушы мемлекеттер бір-біріне өзара келісім бойынша және өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес осы Шартқа сәйкес қабылданған ұлттық шаралардың бұзылуына байланысты тергеу, сот қудалауын және сот ісін жүргізуде кең ауқымды көмек көрсетеді.

      6. Қатысушы мемлекеттерге 2(1)-бапта қамтылатын кәдімгі қару-жарақты беру сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің объектісі болуына жол бермеу мақсатында ұлттық шаралар қабылдау және бір-бірімен ынтымақтасу ұсынылады.

      7. Қатысушы мемлекеттерге осы Шарттың кез келген аспектісіне байланысты алынған сабақтарға қатысты тәжірибе және ақпарат алмасу ұсынылады.

16-бап Халықаралық көмек

      1. Осы Шартты жүзеге асыру кезінде әрбір қатысушы мемлекет құқықтық немесе заң көмегін қоса алғанда, институционалдық әлеует құруда көмек және техникалық, материалдық немесе қаржылық көмекті сұратуы мүмкін. Мұндай көмек, атап айтқанда, қорларды басқаруға, қарусыздандыру, тарату және қайта бірігу бағдарламаларына, үлгілік заңдарға және жүзеге асырудың тиімді әдістеріне қатысты болуы мүмкін. Тиісті мүмкіндіктерге ие әрбір қатысушы мемлекет, егер одан бұл туралы сұраса, мұндай көмекті көрсетеді.

      2. Әрбір қатысушы мемлекет, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, халықаралық, өңірлік, қосалқы өңірлік немесе ұлттық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар арқылы немесе екіжақты негізде көмек сұратуы, ұсынуы немесе алуы мүмкін.

      3. Қатысушы мемлекеттер осы Шартты жүзеге асыруға байланысты халықаралық көмек қажет етілетін қатысушы мемлекеттерге көмек көрсету үшін ерікті нысаналы қор құрады. Әрбір қатысушы мемлекетке осындай қорға қаражат салу ұсынылады.

17-бап Қатысушы мемлекеттердің конференциясы

      1. 18-баппен құрылған уақытша Хатшылық осы Шарт күшіне енгеннен кейін бір жылдан кешіктірмей және кейіннен, егер Қатысушы мемлекеттердің конференциясы осындай шешім қабылдаса, Қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақырады.

      2. Қатысушы мемлекеттердің конференциясы өзінің бірінші отырысында консенсус негізінде рәсімнің өз қағидаларын бекітеді.

      3. Қатысушы мемлекеттердің конференциясы оның қызметін реттейтін қаржылық қағидаларды, сондай-ақ ол құруы мүмкін кез келген қосалқы органдардың қаржыландырылуын, сондай-ақ Хатшылықтың жұмыс істеуін реттейтін қаржылық ережелерді бекітеді. Әрбір кезекті сессияда ол келесі кезекті сессияға дейінгі қаржы кезеңіне арналған бюджетті қабылдайды.

      4. Қатысушы мемлекеттердің конференциясы:

      a) осы Шартты жүзеге асыруға, оның ішінде кәдімгі қару-жарақ саласындағы оқиғаларға шолу жүргізеді;

      b) осы Шартты жүзеге асыруға және оның қолданылуына, атап айтқанда, оған әмбебап сипат беруге жәрдемдесуге қатысты ұсынымдарды қарайды және бекітеді;

      c) 20-бапқа сәйкес осы Шартқа түзетулерді қарайды;

      d) осы Шартты түсіндіруге байланысты мәселелерді қарайды;

      е) Хатшылықтың міндеттерін және бюджетін қарайды және олар бойынша шешімдер қабылдайды;

      f) осы Шарттың қолданылуын жақсарту үшін талап етілуі мүмкін кез келген қосалқы органдарды құру туралы мәселені қарайды; және

      g) осы Шартпен келісілетін кез келген басқа да функцияларды орындайды.

      5. Қатысушы мемлекеттер конференциясының кезектен тыс кеңестері Қатысушы мемлекеттердің конференциясы ол қажет деп санаған немесе кез келген қатысушы мемлекеттің жазбаша өтініші бойынша бұл өтінішті қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен екісі қолдаған жағдайда өткізіледі.

18-бап Хатшылық

      1. Осы Шартпен қатысушы мемлекеттерге осы Шартты тиімді жүзеге асыруда көмек көрсетуге тартылған Хатшылық құрылады. Қатысушы мемлекеттер конференциясының бірінші отырысына дейін осы Шартта қамтылатын әкімшілік функцияларды орындауға уақытша Хатшылық жауап беретін болады.

      2. Хатшылық тиісті түрде кадрлармен жасақталуы тиіс. Хатшылықтың 3-тармақта сипатталған функцияларды тиімді орындауын қамтамасыз ету үшін персоналдың қажетті білімі болуға тиіс.

      3. Хатшылық қатысушы мемлекеттерге есеп береді. Хатшылық барынша шектелген құрылымы бола тұра, мынадай функцияларды орындайды:

      a) осы Шартта көзделген баяндамаларды алады, қолжетімді етеді және таратады;

      b) ұлттық байланыс орталықтарының тізімін жүргізеді және қатысушы мемлекеттер үшін қолжетімді етеді;

      c) Шартты жүзеге асыруда көмек көрсетуге қатысты ұсыныстар мен өтініштерге қатысты үйлестіру орталығы болады және одан бұл туралы сұраған кезде халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдеседі;

      d) Қатысушы мемлекеттер конференциясының жұмысына ықпал етеді, оның ішінде ұйымдастыру мәселелерімен айналысады және осы Шартқа сәйкес өткізілетін отырыстарға қажетті қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді; және

      е) Қатысушы мемлекеттер конференциясының қалауы бойынша басқа да міндеттерді орындайды.

19-бап Дауларды шешу

      1. Қатысушы мемлекеттер консультация жүргізеді және өзара келісім бойынша осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға байланысты олардың арасында туындауы мүмкін кез келген дауды, оның ішінде келіссөздер, делдалдық, татуласу, соттық реттеу жолымен немесе өзге де бейбіт құралдармен шешу мақсатына бір-бірімен ынтымақтасады.

      2. Қатысушы мемлекеттер өзара келісім бойынша осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға қатысты мәселелерге байланысты олардың арасында туындаған кез келген дауды шешу үшін төрелік сотты пайдалануы мүмкін.

20-бап Түзетулер

      1. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін алты жылдан соң кез келген қатысушы мемлекет осы Шартқа түзетулер ұсына алады. Кейіннен ұсынылатын түзетулерді Қатысушы мемлекеттердің конференциясы әрбір үш жылда ғана қарауы мүмкін.

      2. Осы Шартқа түзетулер енгізу туралы кез келген ұсыныс Хатшылыққа жазбаша түрде ұсынылады, ол одан кейін 1-тармаққа сәйкес түзетулер қаралуы мүмкін Қатысушы мемлекеттер конференциясының кезекті отырысына дейін 180 күннен кешіктірмей барлық қатысушы мемлекеттердің арасында осы ұсынысты таратады. Егер қатысушы мемлекеттердің көпшілігі түзетулер таратылғаннан кейін 120 күн ішінде кешіктірмей, өздерінің ұсыныстың қаралуын қолдайтыны туралы Хатшылықты хабардар етсе, 1-тармаққа сәйкес түзетулер қаралуы мүмкін Қатысушы мемлекеттердің кезекті конференциясында түзету қаралады.

      3. Қатысушы мемлекеттер әрбір түзетуге қатысты консенсусқа қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер консенсусты қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігер таусылса, ал ешқандай келісімге қол жеткізілмесе, онда түзету, ең болмағанда Қатысушы мемлекеттер конференциясының осы отырысына қатысқан және дауыс беретін қатысушы мемлекеттер дауысының төрттен үшімен қабылданады. Осы баптың мақсаттары үшін қатысушы және дауыс беретін қатысушы мемлекеттер қатысқан және "жақтап" немесе "қарсы" дауыс беретін қатысушы мемлекеттерді білдіреді. Депозитарий әрбір қабылданған түзетуді барлық қатысушы мемлекеттерге жібереді.

      4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес қабылданған түзету, қатысушы мемлекеттер көпшілігінің түзету қабылданған күні қабылдағаны туралы құжаттарды депозитарийге сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсан күннен соң осы түзетуді қабылдау туралы өз құжатын сақтауға тапсырған әрбір қатысушы мемлекет үшін күшіне енеді. Кейіннен ол осы түзетуді қабылдау туралы өз құжатын сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсан күннен соң кез келген басқа қатысушы мемлекет үшін күшіне енеді.

21-бап Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу

      1. Осы Шарт 2013 жылғы 3 маусымнан бастап және ол күшіне енгенге дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.

      2. Осы Шарт оған қол қойған әрбір мемлекеттің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады.

      3. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін Шартқа қол қоймаған кез келген мемлекеттің қабылдауы үшін ашық болады.

      4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.

22-бап Күшіне ену

      1. Осы Шарт ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы елуінші құжат депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап тоқсаныншы күні күшіне енеді.

      2. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы өз құжатын тапсыратын әрбір мемлекет үшін Шарт, олар ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы өз құжатын сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсан күннен соң күшіне енеді.

23-бап Уақытша қолдану

      Кез келген мемлекет қол қою немесе ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы өз құжатын сақтауға тапсыру кезінде ол бұл мемлекет үшін осы Шарт күшіне енгенге дейін 6-бапты және 7-бапты уақытша негізде қолданатыны туралы мәлімдей алады.

24-бап Қолданылу мерзімі және Шарттан шығу

      1. Осы Шарт мерзімсіз болып табылады.

      2. Әрбір қатысушы мемлекеттің өзінің ұлттық егемендігін жүзеге асыру тәртібімен осы Шарттан шығуға құқығы бар. Ол депозитарийге шығу туралы хабарламаны жолдайды, ол бұл туралы барлық басқа қатысушы мемлекеттерге хабарлайды. Шығу туралы хабарламада осы шығу себептеріне түсініктеме қамтылуы мүмкін. Егер шығу туралы хабарламада неғұрлым кеш мерзім көрсетілмесе, шығу туралы хабарлама депозитарий шығу туралы хабарламаны алғаннан кейін тоқсан күннен соң күшіне енеді.

      3. Шарттан шығу мемлекетті оның Шартқа қатысқан кезеңінде туындаған осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындаудан, оның ішінде онда туындауы мүмкін кез келген қаржылық міндеттемелерінен босатпайды.

25-бап Ескертпелер

      1. Егер тек бұл ескертпелер осы Шарттың объектісі мен мақсаттарына қайшы келмесе, әрбір мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде ескертпелер енгізуі мүмкін.

      2. Қатысушы мемлекет депозитарийді тиісті түрде хабардар ету арқылы кез келген уақытта өз ескертпесін алып тастауы мүмкін.

26-бап Басқа да халықаралық келісімдермен байланыс

      1. Егер бұл міндеттемелер осы Шартпен келісілсе, осы Шартты жүзеге асыру олар қатысып отырған немесе қатысатын қолданыстағы немесе болашақ халықаралық келісімдерге қатысты қатысушы мемлекеттердің міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

      2. Осы Шарт осы Шартқа қатысушы мемлекеттер арасында жасалған қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдердің күшін жою үшін негіз бола алмайды.

27-бап Депозитарий

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Шарттың депозитарийі болып табылады.

28-бап Теңтүпнұсқалы мәтіндер

      Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылатын осы Шарттың төлнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.

      Екі мың он үшінші жылғы екінші сәуірде НЬЮ-ЙОРКТЕ ЖАСАЛДЫ.

      Осымен төлнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтау үшін жіберілген 2013 жылғы 2 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған жоғарыда мазмұндалған мәтіні Қару саудасы туралы шартының куәландырылған көшірмесі болып табылатынын растаймын.

      Бас хатшысы үшін

      Заң мәселелері бойынша заңдық кеңесші

      (заң мәселелері бойынша Бас хатшысының орынбасары)

      Патрисия О'Брайан

      Біріккен Ұлттар Ұйымы

      Нью-Йорк, 2013 жылғы 13 мамыр

      Осы мәтін Қару саудасы туралы шарттың орыс тіліндегі мәтінге сәйкес аударылғанын растаймын.

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

      Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы

      генерал-майор _________________ Б. Сыздықов

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады