Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 10 қарашадағы № 105-VІ ҚРЗ.

      1933 жылғы 26 желтоқсанда Монтевидеода қол қойылған Ұстап беру туралы конвенция мынадай мәлімдемелермен ратификациялансын:

      1) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 2-бабының бірінші сөйлеміне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарын ұстап бермейді;

      2) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 15-бабы бойынша міндеттемелерді өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ

Америка Мемлекеттерінің Жетінші Халықаралық Конференциясы
Монтевидео қаласында, Уругвай Республикасы,
1933 жылғы желтоқсан

Ұстап беру туралы конвенция

      Америка мемлекеттерінің жетінші халықаралық конференциясында етілген үкіметтер;

      Ұстап беру туралы конвенцияны жасасуға ниет білдіре отырып, мынадай Өкілетті өкілдерді тағайындады:

      Гондурас: Мигель Хаз Бараона, Августо эль Коелло, Луис Богран;

      Америка Құрама Штаттары: Бордел Хулл, Александр У. Уеделл, И.Рубен Кларк, И. Буллер Рит, Спруэлла Браден, Мисс Софонисба Р. Брекинридж;

      Сальвадор: Гектор Дэвид Кастро, Артуро Рамон Авила, И Биприано Кастро;

      Доминикан Республикасы: Хулио М. Бестеро;

      Гаити: Джастин Барау, Франсис Сальгадо, Антоан Пьер Паул, Едмонд Мангонес;

      Аргентина: Барлос Яведра Ламас, Пуан Ф. Бафферата, Рамон С. Бастилло, Карлос Бреббиа, Исидоро Риуз Морено, Луис А. Родеста Коста, Рауль Пребисч, Даниэль Антоколец;

      Венесуэла: Цезар Кумета, Луис Бурион, Джос Рафаэль Монтилла;

      Уругвай: Альберто Мейн Джуан Йос Амезага, Йос Лу Антуна, Йан Барлос Бланко, Иенора Лофиа А.В.де Пемичели, Марлин Р. Ечегойен, Луис Альберто де Еррера, Педро Манини Риос, Матео Маркус Кастро, Родольфо Меззера, Октавио Морато, Луис Маркус, Зефило Пенейро Бейн, Дардо Регулез, Йос Серато, Йос Бедро Варела;

      Парагвай: Юсто Растор Бенитез, Джеронимо Риарт, Хоркио А. Фернандэс, Сенорита Мариа Ф, Джонизалез;

      Мексика: Йос Мануэль Риг Басауранк, Альфонсо Рейес, Басилио Вадилло, Дженаро В.Васкес, Ромко Ортега, Мануель Й. Сиера, Эдуардо Суарез;

      Панама: И.Д. Аросемена, Эдуардо Е. Холгуин, Оскар Р. Мюллер, Магин Тонс;

      Боливия: Касто Роджас, Дэвид-Хвестеуи, Артуро Тинто Эскальер;

      Гватемала: Альфрэдо Икиннер Клек, Йос Гонсалез Бампо, Карлос Фалазар, Мануэль Арройо;

      Бразилия: Афранио де мэлло Франко, Лусилло А. да банха Буено, Франсиско Луис да Сильва Бампос Джильберто Амандо, Карлос багас, Сануель Рибейро;

      Эквадор: Августо Агуерр Апарицио, Гамберто Альборноз, Антони Фарра, барбос Сиг Вилассар, Артуро Савон;

      Никарагуа: Леонардо Аргелло, Мануэль баулеро Рейес, Карлос Куадра Йасос;

      Колумбия: Альфонсо Лопез, Раймундо Ривас, йос Камачо Саррено;

      Чили: Мигель Кручая Локорнал, Октавио Синозет Сильва, Густаво Ривера Рамон Гутиеррез, Феликс Нието дельРио, Франциско Фигиоро Санчез, Бенджамен Койен;

      Перу: Альфредо Солфи Муро, Фелипэ Барреда Лаос, Луи Фернан Киснерос;

      Куба: Анджел Альберто Джирауди, Герминио Сартель Вила, Альфредо Ногуейра;

      олар тиісінше және заңды нысанда өздерінің өкілеттіктерін алғаннан кейін төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттердің әрқайсысы өздерінің аумағында болуы мүмкін айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды талап етуге құқығы бар мемлекеттердің кез келгеніне беру міндеттемесін өзіне алады. Бұл құқық мынадай мән-жайларда ғана:

      а) талап етуші Мемлекеттің ұстап берілуі сұратылып отырған адамға тағылатын іс-әрекет үшін соттауға және жазалауға юрисдикциясы болғанда;

      b) ұстап берілуі сұратылып отырған іс-әрекет талап етуші және ұстап беруші мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қылмыс және кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен жазаланатын болып табылғанда пайдаланылуы мүмкін.

2-бап

      Егер ұстап берілуі сұратылып отырған адам талап жіберіп отырған мемлекеттің азаматы болып табылса, оны ұстап беру немесе ұстап бермеу туралы шешімді ұстап беруші Мемлекет өзінің заңнамасы немесе істің мән-жайлары негізінде қабылдайды. Егер айыпталушы ұстап берілмеген болса, соңғы Мемлекет ол айыпталған қылмыс үшін, егер мұндай қылмыс алдыңғы баптың (b) тармақшасында көзделген шарттарға сай келсе, оған қарсы шаралар қолдануға міндетті. Шығарылған үкім талап етуші Мемлекеттің назарына жеткізілуге тиіс.

3-бап

      Ұстап беру:

      а) егер айыпталушы адам қамаққа алынған кезге дейін талап етуші немесе ұстап беруші Мемлекеттің заңнамаларына сәйкес жаза немесе үкім бойынша ескіру мерзімі өтіп кетсе;

      b) егер айыпталушы жазаны қылмыс жасаған елде өтесе немесе оған осы қылмысы үшін кешірім немесе рақымшылық жасалса;

      c) егер айыпталушы экстрадициялау туралы өтінішхат негізделген, оған айып тағылған іс-әрекет үшін талап жіберілген Мемлекетте сотталған немесе соның соттауында болса;

      d) егер айыпталушы талап етуші Мемлекеттің қандай да бір төтенше трибуналының немесе сотының алдына баруға тиіс болса, жүзеге асырылмайды. Әскери соттар мұндай соттарға жатпайды;

      e) егер қылмыс саяси немесе сондаймен байланысты болса, жүзеге асырылмайды. Мемлекет басшысының немесе оның отбасы мүшелерінің өміріне және жеке басына қарсы қастандық саяси қылмыс болып есептелмейді;

      f) егер қылмыс әскери ғана болып табылса немесе дінге қарсы бағытталса, жүзеге асырылмайды.

4-бап

      Алдыңғы бапта көзделген ерекшеліктерді қолдану немесе қолданбау туралы шешімді қабылдау ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген Мемлекеттің айрықша құзырына жатады.

5-бап

      Ұстап беру туралы сұрау салуды тиісті дипломатиялық өкіл жасауға тиіс. Мұндай өкіл болмаған кезде бұл функцияны консулдық агенттер орындай алады немесе үкіметтер бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасай алады. Ұстап беру туралы әрбір сұрау салуға сұрау салу жіберіліп отырған елдің тілінде мынадай құжаттар қоса берілуге тиіс:

      a) егер айыпталушыны талап етуші Мемлекеттің соттары соттаған болса және оған үкім шығарған болса, үкімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі;

      b) егер адам тек айыпталса – құзыретті судья айып тағылған қылмыстың дәл сипаттамасын келтіре отырып берген күзетпен қамауға алу туралы қаулының теңтүпнұсқалы көшірмесі, оған қолданылатын заңдардың көшірмесі мен іс-әрекетке және жазалауға қатысты заңдардың көшірмесі;

      c) айыпталушыға да және сотталған адамға да қатысты ұстап берілуі сұратылып отырған адамды сәйкестендіруге көмектесе алатын, оның жеке басы туралы барлық ықтимал мәліметтер ұсынылуға тиіс.

6-бап

      Егер ұстап берілуі сұратылып отырған адам оны ұстап беру сұратылып отырған Мемлекетте ұстап беру туралы сұрау салуға дейін жасаған қылмысы үшін сотталуда болса немесе сотталған болса, ұстап беру дереу жүзеге асырылуға тиіс, бірақ айыпталушыны талап етуші Мемлекетке нақты беру сот процесі немесе жазаны өтеу аяқталғанға дейін кейінге қалдырылады.

7-бап

      Егер адамды сол бір қылмысы үшін ұстап беруді бірнеше мемлекет сұратса, аумағында осы қылмыс жасалған Мемлекетке артықшылық берілуге тиіс. Егер ол бірнеше қылмыс бойынша сұратылған болса, ұстап беруші Мемлекеттің заңнамасына сәйкес ең үлкен жаза көзделген қылмыс шекараларында жасалған мемлекетке артықшылық берілуге тиіс.

      Егер ұстап беру сұратылып отырған Мемлекет әртүрлі іс-әрекеттерді ауырлығы бойынша бірдей деп бағаласа, артықшылық сұрау салудың басымдығы бойынша айқындалатын болады.

8-бап

      Ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруші Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес қаралады және ұстап берілуі сұратылып отырған адамның құқықтық қорғаудың барлық құралдарын және сол заңнамада көзделген құралдарды жоғарыда аталған заңнамада көзделгендегідей сот немесе әкімшілік органдары алдында пайдалануға құқығы бар.

9-бап

      Ұстап беру туралы сұрау салу 5-бапта көзделген тәртіппен алынғаннан кейін ұстап беру сұратылып отырған мемлекет ұстап берілуі сұратылып отырған адамды ұстау үшін барлық қажетті шараларды пайдалануға тиіс.

10-бап

      Сұрау салушы Мемлекет, егер, ең болмаса, адамды күзетпен қамауға алу туралы сот қаулысы болса және егер Мемлекет сонымен бірге кейіннен ұстап беруді сұрататын болса, байланыстың кез келген құралын пайдалана отырып, адамды күні бұрын немесе алдын ала ұстауды сұратуға құқылы. Ұстап беру сұратылып отырған Мемлекет айыпталушыны қамаққа алу туралы тез арада қаулы шығаруға тиіс. Егер сұрау салушы Мемлекет адамды қамаққа алу туралы хабардар етілгеннен кейін көп дегенде екі ай ішінде осы Мемлекет ұстап беру туралы сұрау салуды жібермесе, күзетпен ұсталған адам босатылуға жатады және 5-бапта көзделген тәртіптен басқа жағдайда оны ұстап беруді қайта сұратуға болмайды.

      Адамды күні бұрын немесе алдын ала ұстау нәтижесінде туындауы мүмкін кез келген залал үшін айрықша жауапкершілікті талап етуші Мемлекет көтереді.

11-бап

      Егер ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған соң және сұратылған адам талап етуші Мемлекеттің дипломатиялық агентінің қарамағына берілгеннен кейін, бұл туралы агент хабардар етілген кезден бастап екі ай ішінде адам белгіленген орынға этаппен жөнелтілмесе, ол босатылуға жатады және оны дәл сол себеп бойынша қайтадан күзетке алуға болмайды.

      Мүдделі елдердің ортақ шекарасы болған жағдайда, осы екі айлық мерзім қырық тәулікке дейін қысқартылады.

12-бап

      Адамды ұстап беруден бас тартылғаннан кейін дәл сол іс-әрекеті үшін қайтадан сұрау салуға болмайды.

13-бап

      Ұстап беруді сұратып отырған Мемлекет ұстап берілген адамды алып бару үшін бір немесе бірнеше айдауылды айқындауға құқылы, бірақ бұл айдауылдар ұстап беруді жүзеге асырған Мемлекет немесе транзит Мемлекеті полициясының немесе басқа органдарының бұйрықтарын орындауға тиіс.

14-бап

      Ұстап берілген адамды сұрау салушы Мемлекетке беру шекарада ең ыңғайлы жерде немесе егер беру теңізде жүргізілсе, ең ыңғайлы портта жүзеге асырылуға тиіс.

15-бап

      Ұстап берілген адамның ұстап беруді сұратуға себеп болған құқыққа қарсы іс-әрекетті жасау жолымен алынған немесе дәлелдеме ретінде пайдаланылуы ықтимал мүлкі айыпталушыны қашу немесе өлім сияқты қандай да бір айрықша төтенше мән-жайларға байланысты берудің мүмкін болмауына қарамастан, тәркіленуге және талап етуші елге берілуге жатады.

16-бап

      Адамды қамаққа алу, оның күзетпен қамауға алу мен ұстау және тасымалдау, сондай-ақ алдыңғы бапта көрсетілген мүлікті тасымалдау бойынша шығыстарды ол берілген кезге дейін ұстап беруді жүзеге асыратын Мемлекет көтереді, ал одан кейін бұларды талап етуші Мемлекет көтереді.

17-бап

      Ұстап беру қанағаттандырылған кезден бастап талап етуші Мемлекет:

      a) мүдделі тарап өзінің келісімін берген жағдайларды қоспағанда, ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген кезге дейін жасалған және аталған сұрау салуға енгізілмеген жалпы қылмыстық қылмыс үшін адамды соттамауға және жазаламауға;

      b) ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген кезге дейін жасалған саяси қылмысы үшін немесе саяси қылмыспен байланысты қылмысы үшін адамды соттамауға және жазаламауға;

      c) егер айыпталушы жасырынған елдің заңнамасына сәйкес өлім жазасы қолданылмайтын болса, оған ауырлығы бойынша өлім жазасының алдында тұрған жазаны қолдануға;

      d) ұстап беруді қанағаттандырған мемлекетке шығарылған үкімнің теңтүпнұсқалы көшірмесін ұсынуға міндеттенеді.

18-бап

      Қол қоюшы мемлекеттер ұстап берілуін басқа Мемлекет үшінші мемлекеттің пайдасына жүзеге асырған кез келген адамды өзінің аумағы арқылы транзиттеуге ол жасырынған ел ұстап беруді жүзеге асырған келісімнің түпнұсқасын немесе расталған көшірмесін ғана сұратып, рұқсат беруге міндеттенеді.

19-бап

      Егер қылмыс осы Конвенцияны ратификациялау туралы құжат сақтауға берілген кезге дейін жасалса, ұстап беру туралы бірде-бір сұрау салу осы Конвенцияның ережелеріне негізделе алмайды.

20-бап

      Осы Конвенция, әдетте, қол қоюшы Мемлекеттердің әрқайсысында пайдаланылатын құқықтық рәсімдерге сәйкес ратификацияланады және ратификациялау туралы тиісті құжат сақтауға берілгеннен кейін отыз күннен соң олардың әрқайсысы үшін күшіне енеді. Уругвай Республикасының Сыртқы істер министрі ратификациялаудың жоғарыда аталған мақсатында теңтүпнұсқалы расталған көшірмелерді үкіметтерге береді. Ратификациялау туралы құжат Вашингтонда Пан-Америка Одағы Ұйымының архивіне сақтауға тапсырылады, ол қол қойған үкіметтерді осындай сақтауға берілгені туралы хабардар етеді. Осындай хабарламалар ратификациялау туралы құжаттарды алмасу ретінде қаралуға тиіс.

21-бап

      Осы Конвенция қол қоюшы Мемлекеттер арасында қазіргі кезде қолданыста жүрген екіжақты немесе ұжымдық шарттардың күшін жоймайды немесе оларды өзгертпейді. Әйтсе де, егер көрсетілген шарттардың кез келгені өзінің қолданысын тоқтатса, осы Конвенция күшіне енеді және егер тиісті Мемлекеттердің әрқайсысы алдыңғы бапта сипатталған шарттарды орындаған болса, олардың арасында тез арада қолданылады.

22-бап

      Осы Конвенция белгіленбеген мерзімде күшінде қалады, бірақ бір жыл бұрын Пан-Америка Одағына хабарлама жолдау арқылы денонсациялануы мүмкін, ол оны басқа да қол қоюшы үкіметтерге қайта жіберуге тиіс. Осы мерзім өткеннен кейін Конвенция оны денонсациялаған тарап үшін өз қолданысын тоқтатады, бірақ қалған Жоғары Уағдаласушы Тараптар үшін күшінде қалуға тиіс.

23-бап

      Осы Конвенция қол қоюшы болып табылмайтын Мемлекеттердің оған қосылуы және кіруі үшін ашық. Тиісті құралдар Пан-Америка Одағының архивтеріне сақтауға тапсырылады, ол бұл туралы басқа Жоғары Уағдаласушы Тараптарды хабардар етеді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, келесі Уәкілетті адамдар, 1933 жылғы 26 желтоқсанда Монтевидео қаласында Уругвай Республикасы, испан, ағылшын, португал және француз тілдеріндегі осы Конвенцияға қол қойды және оларды өздерінің мөрлерімен бекітті.

      Ескертпелер

      Америка Құрама Штаттарының делегациясы, осы Ұстап беру туралы конвенцияға қол қоя отырып, келесі баптарға ескертпелер жасайды:

      2-бап (екінші сөйлем, ағылшын тіліндегі мәтін);

      3-баптың d-тармағы;

      12, 15, 16 және 18-баптар.

      Сальвадордың Ұстап беру туралы америкааралық шарттың 18-бабының негізгі қағидаттарын қабылдағанына қарамастан, ол егер бір шет мемлекет өз азаматтарын екіншісіне берсе, көрсетілген азаматтарды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат бере отырып, Саяси Конституцияға сәйкес тыйым салынған өз азаматтарын беруде ынтымақтаса алмайтыны туралы нақты шарт қоя отырып, ескертпені қолданады.

      Мексика Ұстап беру туралы конвенцияға, оның 3-бабы 2-тармағына қатысты Мексиканың ішкі заңнамасы дінге қарсы қылмыстарды мойындамайтыны жөнінде мәлімдей отырып, қол қояды. Ол Конвенцияның факультативтік шартына қол қоймайды.

      Эквадордың өздерімен Эквадор Ұстап беру туралы конвенцияларға қол қойған Елдермен қарым-қатынастарда осы шартта көрсетілген, барлық қатынастарда орныққан, аталған Конвенцияларға қайшы келмейтін ережелерді қабылдайтыны туралы мәлімдемесі.

      1933 жылғы 26 желтоқсанда Монтевидео қаласында испан, ағылшын, португал және француз тілдерінде қол қойылған Ұстап беру туралы конвенция мәтінінің қазақ тілдегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Халықаралық ынтымақтастық
басқармасының бастығы
Г. Қойгелдиев

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Конвенцияның испан, ағылшын, португал және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады