"Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 11 қаңтардағы № 135-VI ҚРЗ.

1-бап. "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 21-ІІ, 129-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 1-бапта:

      1) тармақшадағы "квазимемлекеттік сектор субъектілерінің" деген сөздер "мемлекеттік аудит объектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақшадағы "объектілерінде" деген сөз "барысында" деген сөзбен ауыстырылсын;

      6) тармақшадағы "бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің", "тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген басқа қызмет кезінде" деген сөздер тиісінше "тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген, бюджеттік қаражатты, мемлекет, мемлекеттік аудит объектілерінің", "басқа қызметпен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) мемлекеттік аудитор – мемлекеттік аудитті және (немесе) қаржылық бақылауды жүзеге асыратын, мемлекеттік аудитор сертификаты бар мемлекеттік қызметші;";

      мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) мемлекеттік аудитордың ассистенті – бухгалтерлік есеп және аудит саласында кәсіби білімі, мемлекеттік аудитке қатысу құқығы бар мемлекеттік қызметші;";

      2) 3-баптың 2-тармағының 2) тармақшасында:

      "мемлекеттік органдар" деген сөздер "мемлекеттік аудит объектілері" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "мемлекет" деген сөзден кейін "пен квазимемлекеттік сектор субъектілері" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 5-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы "бюджетке" деген сөздің алдынан "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 10-бапта:

      1-тармақтың 5) тармақшасындағы "қызметтері құрайды." деген сөздер "қызметтері;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) штат саны шеңберінде бірінші басшының ұйғаруы бойынша құрылатын, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық бағынысты аумақтық органдарының ішкі аудит қызметтері құрайды.";

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Ішкі аудит қызметтері Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, Есеп комитетінде құрылмайды.";

      5) 11-бап алып тасталсын;

      6) 12-баптың 4-тармағының 13) тармақшасы алып тасталсын;

      7) 14-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігіне, оның ішінде шоғырландырылған қаржылық есептілігіне және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жыл сайынғы аудит жүргізеді;";

      2) тармақшаның екінші және үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "техникалық-экономикалық негіздемені, қаржылық-экономикалық негіздемені және бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын түзетуге байланысты шығыстарға;

      республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының, кредиттердің, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздардың пайдаланылуына, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекет кепілгерлігімен және кепілдігімен тартылатын қарыздарды алу шарттарын сақтауына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары, депутаттық сауалдар бойынша мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылуына, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша;";

      7) тармақша алып тасталсын;

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) Есеп комитетімен келісу бойынша ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 10-1) және 11-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-1) Есеп комитетімен келісу бойынша ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың жұмысын үйлестіру үшін, оның ішінде басқа мемлекеттік органдармен немесе ұйымдармен өзара іс-қимыл жөнінде құқықтық актілер қабылдайды;";

      "11-1) электрондық ішкі мемлекеттік аудит қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      8) 15-бапта:

      2) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мыналарға:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері үшін – мемлекеттік органда, оның ведомстволарында, аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі аудит қызметтері үшін – жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы атқарушы органдарда, олардың бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;

      3) мыналарға:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері үшін – мемлекеттік органда, оның ведомстволарында, аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі аудит қызметтері үшін – жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы атқарушы органдарда, олардың бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі процестердің (бизнес-процестердің) тәуекелдерін басқару жүйесі негізінде ішкі бақылау мен басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) республикалық және коммуналдық активтер мен мүліктің сақталуына тексеру жүргізеді;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мыналарға:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері үшін – мемлекеттік органда, оның ведомстволарында, аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ішкі аудит қызметтері үшін – жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы атқарушы органдарда, олардың бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында сәйкестік аудитін жүргізеді;";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер тиісті объектілер Есеп комитетінің, тексеру комиссияларының және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енгізілмесе, ішкі аудит қызметтері орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс мемлекеттік аудит жүргізеді.";

      9) 16-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ішкі мемлекеттік аудит шеңберінде мемлекеттік органның қызметін жетілдіру мақсатында мемлекеттік органның бірінші басшысы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі басқаратын консультативтік-кеңесші орган – Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес құрылады.";

      10) 17-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) жеке мемлекеттік аудитті жоспарлау және оны жүргізу. Жеке мемлекеттік аудит жоспарланған кезде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 97-бабына сәйкес жүргізілетін ағымдағы бақылау нәтижелері ескеріледі;";

      11) 18-бапта:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Ішкі аудит қызметтерінде мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдарда – ішкі аудит қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекітеді.";

      5-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) техникалық-экономикалық негіздемені, қаржылық-экономикалық негіздемені және бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын түзетуге байланысты мәселелер бойынша;";

      3) тармақшадағы "бұзушылықтардың анықталған фактілері бойынша тексерулер бөлігінде" деген сөздер алып тасталсын;

      12) 22-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік аудитордың ассистенті мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша құжаттарға (аудиторлық есепке) қол қоймайды.";

      13) 27-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Есеп комитетіне республикалық бюджет жобасын бағалау жөніндегі қорытындыда көрсетілген ұсынымдарды орындау бойынша қолданылған шаралар туралы ақпаратты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң бекітілгеннен кейін үш ай ішінде жібереді.";

      14) 31-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган камералдық бақылау жүргізу қағидаларында белгіленген нысан бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны ресімдейді және бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде анықталған бұзушылықтар сипатымен қоса мемлекеттік аудит объектілеріне жібереді.";

      15) 32-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақта көзделген ден қою шарасы бұзушылықты жою мүмкін емес жағдайларда қолданылмайды.";

      2-тармақтың 3) тармақшасындағы "алып қоюдан басқа, мемлекеттік аудит объектісінің барлық шығыс операцияларына қолданылады." деген сөздер "алып қоюдан;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген операциялар бойынша банктік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуден басқа, мемлекеттік аудит объектісінің барлық шығыс операцияларына қолданылады.";

      16) мынадай мазмұндағы 36-1-баппен толықтырылсын:

      "36-1-бап. Мемлекеттік аудитор ассистентінің құқықтары мен міндеттері

      1. Мемлекеттік аудитор ассистентінің мынадай құқықтары бар:

      1) мемлекеттік аудит жүргізуге қатысу;

      2) ішкі аудит қызметін қоспағанда, қызметтік куәлігі мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының тексеру тағайындау туралы актісін көрсеткен кезде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге рұқсат алу;

      3) осы тармақтың 2) тармақшасының талаптарын сақтай отырып, тиісті мемлекеттік аудит объектісіндегі тауар-материалдық запастарға және өзге де активтерге түгендеу жүргізу;

      4) осы Заңның 22-бабында көзделген құжаттарды қоспағанда, аудит барысында құжаттарды жасау және оларға қол қою;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге құқықтарды жүзеге асыру.

      2. Мемлекеттік аудитордың ассистенті:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

      2) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

      3) бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;

      4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтауға;

      5) қызметтік әдеп талаптарын сақтауға;

      6) мемлекеттік аудит объектісі басшысының (лауазымды адамдарының) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірулер беруге;

      7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге, оның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді жария етпеуге;

      8) мүдделер қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлауға;

      9) мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша қабылданатын тиісті құжаттарды мемлекеттік аудит барысында алынған және жиналған ақпарат пен нақты деректерге ғана негіздеуге;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      3. Мемлекеттік аудитордың ассистенті аудит барысында өзі жасаған және қол қойған құжаттар үшін дербес жауаптылықта болады.";

      17) 39-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сертификаттауды Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жүргізеді, оның құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен бір өкіл, Қазақстан Республикасының Үкіметінен бір өкіл, Есеп комитетінен бес өкіл, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органнан бес өкіл, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары (келісу бойынша) кіреді.

      Есеп комитеті Ұлттық комиссияның жұмыс органы болып табылады, ол берілген ұсыныстар негізінде саны кемінде он төрт адам болатын комиссияның дербес құрамын бекітеді.";

      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Ұлттық комиссия мынадай негіздер бойынша:

      1) кәсіби әдеп талаптарын сақтамағаны үшін сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органының ұсынуы бойынша;

      2) кәсіби әдеп талаптарын сақтамағаны үшін ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша;

      3) қаржылық бұзушылық фактілерінің көрсетілмеуі орын алған анық емес аудиторлық есеп берген және аудиторлық есебі мемлекеттік аудит материалдарының сапасын бақылаумен расталмаған мемлекеттік аудиторға қатысты тиісті мемлекеттік аудит органының ұсынуы бойынша;

      4) осы Заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес Есеп комитеті жүргізген бақылау барысында мемлекеттік аудитордың материалдары танылмауына себеп болған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын бірнеше рет (бір жылда үш реттен көп) бұзғаны үшін мемлекеттік аудитор сертификатын қайтарып алуды жүзеге асырады.

      Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарға алғаш рет жол берген мемлекеттік аудиторларға ескерту шығарылады.";

      18) 5-тарау мынадай мазмұндағы 39-1-баппен толықтырылсын:

      "39-1-бап. Мемлекеттік аудиторлар лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары

      1. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылатын мемлекеттік аудиторлар лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) бекітеді.

      2. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жатқызылатын мемлекеттік аудиторлар лауазымына кандидаттар Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін арнайы біліктілік талаптарына сай келуге тиіс.";

      19) 45-баптың 1-тармағы "қаржы жылы үшін" деген сөздерден кейін "республикалық бюджеттің атқарылуы туралы" деген сөздермен толықтырылсын;

      20) 57-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ішкі аудит қызметі мемлекеттік органда, оның ведомстволарында, аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында және (немесе) тиісті бюджеттен қаржыландырылатын және (немесе) қаражат алатын, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы жергілікті атқарушы органдарда, олардың бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмыста консультациялық көмек көрсетеді.";

      21) 58-бап мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Орталық мемлекеттік орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ішкі аудит қызметінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын сақтау мәселелері жөніндегі басшысының хаттарды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жіберген кезде қол қою құқығы бар.

      Қол қою құқығы бірінші басшының (әкімнің) тиісті бұйрығымен ресімделеді.";

      22) 60-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "60-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының құқықтық актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі

      1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы баптың 3-тармағында көзделген талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының бюджеттік қаражатты мақсатсыз және (немесе) негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты құқықтық актілеріне шағым жасау оларды орындауды тоқтата тұрмайды.

      3. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарына және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларына шағым жасаған кезде туындайтын дауларды апелляциялық реттеу осы Заңда көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда дауларды апелляциялық реттеу міндетті болып табылады.";

      23) мынадай мазмұндағы 60-1, 60-2, 60-3, 60-4, 60-5 және 60-6-баптармен толықтырылсын:

      "60-1-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарына және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларына шағым жасаған кезде туындайтын дауларды апелляциялық реттеу тәртібі мен мерзімдері

      1. Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, мемлекеттік аудит объектісі ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарына және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасына (бұдан әрі – шағым) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган жанындағы Дауларды апелляциялық реттеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комссия) осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасауға құқылы.

      2. Шағым ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға мынадай мерзімдерде:

      1) мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын қол қойылған құжаттар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні;

      2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.

      3. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға берілу тәсіліне қарай мыналар шағым беру күні болып табылады:

      1) келу тәртібімен – ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган шағымды алған күн;

      2) пошта арқылы – пошта немесе өзге байланыс ұйымының қабылдау туралы белгісі қойылған күн.

      60-2-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны

      1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.

      2. Шағымда мыналар көрсетілуге тиіс:

      1) шағымға қол қойылған күн;

      2) шағым берілетін ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның атауы;

      3) шағым беріп отырған тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бұл жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса) не толық атауы, оның тұрған жері (орналасқан жері);

      4) сәйкестендіру нөмірі;

      5) мемлекеттік аудит жүргізген ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның атауы;

      6) шағым беріп отырған мемлекеттік аудит объектісі өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;

      7) қоса берілетін құжаттардың тізбесі.

      3. Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.

      4. Шағымға мемлекеттік аудит объектісінің басшысы не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды.

      5. Шағымға мыналар қоса беріледі:

      1) мемлекеттік аудит объектісі өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;

      2) іске қатысы бар өзге де құжаттар.

      60-3-бап. Шағымды қараудан бас тарту

      1. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган мынадай жағдайларда шағымды қараудан бас тартады:

      1) осы Заңның 60-1-бабының 2-тармағында белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп шағымды беру;

      2) шағымның нысаны мен мазмұны осы Заңның 60-2-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) шағымды мемлекеттік аудит объектісінің өкілі болып табылмайтын адамның беруі;

      4) мемлекеттік аудит объектісінің шағымда баяндалған мәселелер бойынша сотқа талап қою арызын беруі.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган шағым келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде шағымды қараудан бас тарту туралы мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.

      Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік аудит объектісінің сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бас тарту себебін көрсете отырып, шағымды қараудан бас тарту туралы мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.

      3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы мемлекеттік аудит объектісінің, егер ол жол берілген бұзушылықтарды жоятын болса, осы Заңның 60-1-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім шегінде шағымды қайта беру құқығын жоққа шығармайды.

      60-4-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау тәртібі

      1. Шағымды қарау мерзімдерін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту жағдайларын қоспағанда, Комиссия шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде шағым бойынша ұсыным шығарады.

      2. Шағымды қарау мерзімі осы Заңның 60-6-бабында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұруы және (немесе) ұзартылуы мүмкін.

      3. Шағым мемлекеттік аудит объектісі шағым жасап отырған мәселелер шегінде қаралады.

      4. Комиссия шағымды қарау кезінде қажет болған жағдайда:

      1) мемлекеттік аудит жүргізген ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органына шағымда баяндалған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмені жазбаша нысанда беру туралы сұрау салулар жіберуге;

      2) мемлекеттік органдарға және заңды тұлғаларға, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарына осындай органдар мен заңды тұлғалардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;

      3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысына шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы ұсыным жасауға;

      4) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысына тиісті негіздемемен шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұсыным жасауға құқылы.

      60-5-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару

      1. Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін Комиссия жазбаша нысанда ұсыным шығарады және оны ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысына ұсынады.

      2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысы шағымды қарау қорытындысы бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

      2) осындай шешімнің қабылдануын негіздей отырып, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы.

      Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган басшысының осы Заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен шығарған шешімі ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдарының орындауы үшін міндетті.

      60-6-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту

      1. Мемлекеттік органдарға және заңды тұлғаларға, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салу жіберілген жағдайда, осы Заңның 60-4-бабының 1-тармағында белгіленген шағым қарау мерзімі жауап алынған кезге дейін тоқтатыла тұрады.

      2. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру туралы ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган тоқтата тұру себептерін көрсете отырып, мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.

      3. Осы Заңның 60-4-бабының 1-тармағында белгіленген шағым қарау мерзімі мемлекеттік аудит объектісі шағымға толықтырулар ұсынған жағдайда он бес жұмыс күніне ұзартылады.";

      24) 62-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы "2019" деген цифрлар "2020" деген цифрлармен ауыстырылсын.

2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады