2010 жылғы 24 тамызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы
КЕЛІСІМ
(2018 жылғы 25 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 4, 53-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы және Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында,
1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан Тарапы тәжік Тарапына Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласындағы Ш.Қалдаяқов көшесінің оңтүстігін ала орналасқан жалпы алаңы 1 га жер учаскесін қырық тоғыз (49) жыл мерзімге, жылына 1 теңге мөлшеріндегі жалдау ақысымен өтеусіз жер пайдалануға (жалға алу) береді.
Тәжік Тарапы қазақстан Тарапына Тәжікстан Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Душанбе қаласындағы бірінші дипломатиялық қалашықтағы И.Сомони даңғылында жалпы алаңы 1 га жер учаскесін қырық тоғыз (49) жыл мерзімге, жылына 1 сомони мөлшеріндегі жалдау ақысымен өтеусіз жер пайдалануға (жалға алу) береді.
Тараптар осы бапта көрсетілген жер учаскелерінің жалға алу төлемін бір реттік тәртіппен осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей төлеуге міндеттенеді.
2-бап
Тараптардың осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін кеңейтуге, сатуға, ауыртпалық түсіруге немесе үшінші тараптарға қосалқы жалға беруге құқығы жоқ.
3-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері осы Келісімнің мақсатында оларды пайдалануға кедергі болмайтындай борыштардан, ауыртпалықтардан және үшінші тұлғалардың құқықтарынан бос түрде беріледі.
4-бап
Тараптар дипломатиялық өкілдіктердің объектілерін жобалау және салу кезінде болу мемлекетінің қала құрылысы және сәулет саласындағы ұлттық заңнамасын сақтауға міндеттенеді.
5-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу жер учаскелерін пайдалануға арналған төлемді қоспағанда, болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес салынатын барлық салықтардан, алымдардан, баждардан басым түрде босатылады.
6-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттар мен құрылыстар болу мемлекетінің оларды сатып алуға басым құқығын ескере отырып сатылуы мүмкін.
Сатылған жылжымайтын мүлікке қатысты осы Келісімнің қолданысы автоматты түрде тоқтатылады.
7-бап
Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, ғимаратты жобалау және салу сараптамасы сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп ұстау және жөндеу, электрмен, газбен, сумен және жылумен қамту, байланыс қызметтері және басқа да нақты қызмет көрсету түрлері үшін шығыстарды болу мемлекетінің қолданыстағы нормативтері мен тарифтеріне сәйкес өздері төлейді.
8-бап
Тараптар болу мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген барлық қолданылатын рәсімдерді міндетті түрде сақтау шартымен, Тараптар жобалау құжаттамаларын келісу мен бекітуде, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде ғимараттар мен қосалқы құрылыстарды салуға рұқсат беруді ұйымдастыруда бір-біріне жәрдем көрсетеді.
9-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзаралық негізде ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқықтарын және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алу құқығын заңды түрде ресімдеуді қамтамасыз етеді және құқық белгілейтін тиісті құжаттармен алмасуды бір мезгілде жүргізеді.
10-бап
Өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз ету мақсаты үшін осы Келісімнің 1-бабында көрсетілгеннен басқа жер учаскелерін Тараптардың жалға алуы жеке халықаралық шарттар негізінде жүзеге асады.
11-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды өзара консултациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
13-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім қырық тоғыз (49) жыл ішінде қолданыста болады, егер Тараптардың бірде-біреуі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы ағымдағы қырық тоғыз жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде 1 жыл бұрын жазбаша түрде хабардар етпесе, келесі қырық тоғыз жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
Астана қаласында 2010 жылғы 24 тамызда әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің тәжік тіліндегі мәтіні берілген.