Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 5 мамырдағы № 154-VІ ҚРЗ.

      (2018 жылғы 21 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 4, 52-құжат)

      2018 жылғы 12 қаңтарда Вашингтонда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі

      Тараптардың үкіметтері арасындағы қатынастардың кеңейіп жатқанын, үкіметаралық диалог және көптеген салалардағы байланыстар едәуір жиі және қарқынды болып жатқанын, ал Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарына екіжақты сапарларды жүзеге асыру шеңберінде ұшулар саны өсіп жатқанын мойындай отырып;

      2010 жылғы 12 қарашада Вашингтонда қол қойылып, 2011 жылғы 12 мамырда күшіне енген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді қосымшасымен назарға ала отырып;

      Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі - АҚШ Үкіметі) қажетті дипломатиялық рұқсаты бар және АҚШ бақылайтын әуе кеңістігін кесіп өтетін немесе АҚШ-тың аумағына қонатын не одан ұшып шығатын қандай да бір шетелдік үкіметтердің әуе кемелеріне көрсетілетін аэронавигациялық қызмет үшін төлемақы алмайтынын мойындай отырып; және

      Осы Келісімнің мақсатына мемлекеттік әуе кемелерінің ұшулары үшін бір Тараптың екінші Тараптан алатын Аэронавигациялық төлемақы туралы АҚШ Үкіметінің қазіргі көзқарастары мен ұстанымдарына, сондай-ақ Тараптар арасында Мемлекеттік әуе кемелерінен аэронавигациялық алымдар алуға қатысты тұтастай қамтитын келісім жасау мақсатында жүргізілетін қандай да бір болашақ талқылаулардың нәтижелеріне нұқсан келтіру кірмейтінін ұғына отырып;

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:

      1) "Аэронавигациялық алымдар" әуе қозғалысын ұйымдастыруға, байланыс, навигация және бақылау жүйелеріне, аэронавигацияны метеорологиялық қамтамасыз етуге, іздеу мен құтқаруға және/немесе аэронавигациялық ақпарат қызметтерін/аэронавигациялық ақпаратты басқаруға ұшудың барлық кезеңдерінде (жақындап қону, әуеайлақ ауданда және маршрутта) алынатын алымдар;

      2) "Аэронавигациялық ақпарат" әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ету, әуе қозғалысына қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару мақсаттары үшін деректерді жинау, талдау және өңдеу нәтижесінде алынған ақпарат;

      3) "Дипломатиялық рұқсат" Тараптардың бірінің сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын органының өз аумағының үстінен ұшып өтуді орындау үшін мұндай ұшып өтулерге оның аумағына қонудың кіру-кірмеуіне қарамастан, Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша берілген және екінші Тараптан дипломатиялық арналар бойынша алынған рұқсаты;

      4) "Мемлекеттік әуе кемесінің ұшуы" дипломатиялық рұқсаттың бір Тарап сұрататын және екінші Тарап беретін әуе кемесінің ұшуы. Осы терминді анықтау кезінде Тараптардың ешқайсысы өз әуе кемелеріне, егер бұл кемелер мемлекеттік мақсаттар үшін қолданылмаса не кез келген коммерциялық қызметтерге қолданылса, екінші Тараптың дипломатиялық рұқсатын сұрамау туралы уағдаластық бар;

      5) "Транзит" өз мемлекетінің аумағынан тысқары жерде басталатын және аяқталатын, Тараптардың бірінің әуе кеңістігі арқылы әуе кемелері жүзеге асыратын өту.

2-бап

      1. Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың ресми сұрау салуы бойынша өз мемлекеті аумағының үстінен ұшып өтуді орындауға, осындай рұқсат берілген сапарлар сол Тарап мемлекетінің аумағына қонуға байланысты болғанда дипломатиялық рұқсат беретін мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуына қолданылады. Мұндай мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуына аэронавигациялық алымдар алынбайды.

      2. Сондай дипломатиялық рұқсаттарда осы Келісімді орындау мақсатында тікелей осы Келісімге сілтеме жасалады.

      3. Осы Келісім транзиттік ұшып өтуге қолданылмайды, яғни ол басқа Тараптың мемлекеті аумағының үстінен қонбай ұшып өтуді жүзеге асыратын Тараптардың әуе кемелеріне қолданылмайды.

      4. Осы Келісім үкіметтік мақсаттар үшін пайдаланылмайтын не кез келген коммерциялық қызметте пайдаланылатын әуе кемелеріне қолданылмайды.

3-бап

      Осы Келісім 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенция бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттеріне әсер етпейді.

4-бап

      Осы Келісімнің талаптарын орындау үшін Тараптардың уәкілетті органдары:

      қазақстандық Тараптан - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті;

      америкалық Тараптан - Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Елшілігі.

      Тараптардың уәкілетті органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.

5-бап

      Тараптар осы Келісімге өзара жазбаша келісім бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

7-бап

      1. Осы Келісімнің белгілі бір қолданылу мерзімі жоқ және Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өзінің мемлекетішілік рәсімдерін орындауды аяқтағаны туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күні күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім осы хабарлама алынған күннен бастап он екі (12) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      Осыны куәландыру үшін өзінің тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2018 жылғы 12 қаңтарда Вашингтон қаласында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Америка Құрама ШтаттарыныңҮкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады