2010 жылғы 10 қыркүйекте Бейжіңде жасалған Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілермен күрес туралы конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢСЫЗ АКТІЛЕРМЕН КҮРЕС ТУРАЛЫ
КОНВЕНЦИЯ
ОСЫ КОНВЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР
азаматтық авиацияға қарсы бағытталған заңсыз актілер адамдардың және мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретініне, әуе қатынасын, әуежайлар мен аэронавигацияның қызметін елеулі түрде бұзатынына және әлем халықтарының барлық мемлекет үшін азаматтық авиацияның қауіпсіз және бір ретке келтіріліп жұмыс істеуіне деген сеніміне нұқсан келтіріп отырғанына ТЕРЕҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРІП,
азаматтық авиацияға қарсы қатердің жаңа түрлері мемлекеттерден жаңа келісілген күш-жігер мен ынтымақтастық саясатын талап ететінін ТАНИ ОТЫРЫП,
мұндай қатерлерге қарсы неғұрлым тиімді іс-қимыл жасау үшін азаматтық авиацияға қарсы заңсыз актілерді болғызбауда және олармен күресте халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық шеңберлерін табанды түрде нығайту қажет екеніне КӨЗ ЖЕТКІЗЕ ОТЫРЫП,
ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ КЕЛІСТІ:
1-бап
1. Егер адам заңсыз және әдейі:
a) ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортындағы адамға қатысты зорлық-зомбылық актісін жасаса, егер мұндай акт осы әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін болса; немесе
b) пайдаланылып жатқан әуе кемесін қиратса немесе осы әуе кемесіне оны қатардан шығаратын немесе оның ұшу кезіндегі қауіпсіздігіне қатер төндіре алатын зақым келтірсе; немесе
c) пайдаланылып жатқан әуе кемесіне осындай әуе кемесін қирата алатын немесе оны қатардан шығаратын зақым келтіре алатын немесе оның ұшу кезіндегі қауіпсіздігіне қатер төндіретін зақым келтіре алатын құрылғыны немесе затты қандай да бір тәсілмен орналастырса немесе орналастыруға алып келетін әрекет жасаса; немесе
d) аэронавигациялық құралдарды қиратса немесе зақымдаса немесе оның пайдаланылуына араласса, егер кез келген мұндай акт әуе кемелерінің ұшу кезіндегі қауіпсіздігіне қатер төндіре алатын болса; немесе
е) көрінеу жалған мәліметтер хабарлап, сол арқылы ұшып келе жатқан әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндірсе; немесе
f) пайдаланылып жатқан әуе кемесін өлім, елеулі түрде мертіктіру немесе мүлікке немесе қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіру мақсатында пайдаланса; немесе
g) пайдаланылып жатқан әуе кемесінің бортынан кез келген БХЯ қаруын немесе жарылғыш, радиоактивті немесе соған ұқсас заттарды өлім, елеулі дене зақымын немесе мүлікке немесе қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіретіндей немесе келтіре алатындай тәсілмен босатып жіберсе немесе тастаса; немесе
һ) әуе кемесіне қарсы немесе пайдаланылып жатқан әуе кемесінің бортында кез келген БХЯ қаруын немесе жарылғыш, радиоактивті немесе соған ұқсас заттарды өлім, елеулі дене зақымын немесе мүлікке немесе қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіретіндей немесе келтіре алатындай тәсілмен пайдаланса; немесе
і) Қатысушы мемлекет уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға атқарған қызмет түрлерін қоса алғанда, Қатысушы мемлекеттің қатысуымен атқарылған қызмет түрлеріне қатысты бұл 3) және 4) тармақшаларда көзделген қылмыс болып табылмаған жағдайда, егер мұндай заттарды немесе материалдарды тасымалдау пайдалануға немесе қызметке сәйкес келсе немесе 7-бапта айтылған шарттарды қоса алғанда, өзі қатысушысы болып табылатын, қолданылатын, таратпау туралы көпжақты шартқа сәйкес оның құқықтарына, міндеттемелері мен міндеттеріне сәйкес келетін пайдалану немесе қызмет үшін жүзеге асырылса,
әуе кемесінің бортында:
1) халықты қорқыту немесе үкіметті немесе халықаралық ұйымды қандай да бір әрекетті жасауға немесе оны жасаудан тартынуға мәжбүрлеу мақсатында, өлім немесе елеулі дене зақымын немесе залал келтіруге немесе оларды келтіру қатерін төндіруге арналғанын біле тұра, ұлттық заңнамада көзделгендей шарт қойып немесе онсыз, қандай да бір жарылғыш затты немесе радиоактивті материалды; немесе
2) 2-бапта айқындалғандай оның БХЯ қаруы екенін ұғына отырып кез келген БХЯ қаруын;
3) олардың ядролық жарылғыш құрылғыларға байланысты қызметте немесе Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жасалған кепілдіктер туралы келісімге сәйкес кепілдіктермен қамтылмаған басқа да ядролық қызметте пайдалануға арналғанын ұғына отырып, арнайы ыдыратқыш материалды өңдеуге, пайдалануға немесе өндіруге арнайы түрде арналған немесе дайындалған кез келген бастапқы материалды, арнайы ыдыратқыш материалды не жабдықты немесе материалды; немесе
4) оларды осындай мақсатқа пайдалануға заңды рұқсатсыз және сондай ниетпен, БХЯ қаруын жобалауға, өндіруге немесе жеткізуге едәуір үлес қосатын кез келген жабдықты, материалдарды немесе бағдарламалық қамтылымды не тиісті технологияны тасымалдауды орындаса, тасымалдауға алып келетін әрекетті жасаса немесе тасымалдауға ықпал етсе, осы кез келген адам қылмыс жасаған болып табылады.
2. Егер адам кез келген құрылғыны, затты немесе қаруды пайдаланып, заңсыз және әдейі:
a) халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайдағы адамға қатысты денсаулығына елеулі зиян немесе өлім келтіретін немесе келтіруі мүмкін зорлық-зомбылық актісін жасаса; немесе
b) халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайдың жабдығын және құрылысын не әуежайда тұрған, пайдаланылып жатпаған әуе кемесін қиратса немесе елеулі зақымдаса немесе әуежай қызметтерінің жұмысын бұзса,
егер мұндай акт осы әуежайдағы қауіпсіздікке қатер төндірсе немесе қатер төндіре алатын болса, осы кез келген адам қылмыс жасаған болып табылады.
3. Егер адам:
a) осы Баптың 1-тармағының а), b), с), d), f), g) және һ) тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың қандай да бірін немесе 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасау қатерін төндірсе; немесе
b) кез келген адамның осындай қылмыстың жасалу қатерімен қорқытылуын заңсыз және әдейі туындатса,
қатер нақты болып табылатынын куәландыратын мән-жайлар кезінде де, осы кез келген адам қылмыс жасаған болып табылады.
4. Егер адам:
a) осы Баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмыстардың қандай да бірін жасауға ұмтылса; немесе
b) осы Баптың 1, 2, 3 немесе 4 а) тармақтарында көрсетілген қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастырса немесе оларға басшылық жасаса; немесе
c) осы Баптың 1, 2, 3 немесе 4 а) тармақтарында көрсетілген қылмысқа сыбайлас ретінде қатысса; немесе
d) басқа адамның осы Баптың 1, 2, 3, 4 а), 4 b) немесе 4 с) тармақтарында көрсетілген қылмыс болып табылатын іс-әрекетті жасағанын немесе осы адамды осындай қылмыс үшін құқық қорғау органдары қылмыстық қудалау үшін іздестіріп жатқанын немесе осындай қылмыс үшін сотталғанын біле тұрып, осы адамның тергеп-тексеруден, қудалаудан немесе жазалаудан қашуына заңсыз және әдейі көмектессе де, осы кез келген адам қылмыс жасаған болып табылады.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет мына іс-әрекеттердің екеуі немесе біреуі қасақана жасалғанда да:
a) осы Баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасау үшін бір немесе бірнеше адаммен сөз байласса, оның үстіне, егер бұл ұлттық заңнамада көзделген болса, сондай-ақ сөз байласуға қатысушылардың біреуінің осы сөз байласуды іске асыру үшін қандай да бір әрекет жасайтыны болжанса; немесе
b) ортақ мақсатпен әрекет ететін адамдар тобының осы Баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмыстардың біреуін немесе одан көбін жасауға кез келген өзгеше түрде жәрдемдессе және мұндай жәрдемдесу:
i) егер мұндай қызмет немесе мақсат осы Баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасауға байланысты болып, топтың қылмыстық әрекетінің немесе мақсатының жалпы сипатын қолдау мақсатында көрсетілсе; не
ii) топтың осы Баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасау пиғылын ұғына отырып көрсетілсе, осы Баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмыстардың кез келгенін іс жүзінде жасағанына немесе жасауға ұмтылғанына қарамастан, оларды қылмыс ретінде таниды.
2-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
a) әуе кемесі жүк тиелгеннен кейін оның барлық сыртқы есіктері жабылған кезден бастап осындай есіктердің кез келгені жүк түсіру үшін ашылатын кезге дейін кез келген уақытта ұшып келе жатыр деп есептеледі; мәжбүрлі қону жағдайында құзыретті билік әуе кемесі үшін және оның бортындағы адамдар мен мүлік үшін жауаптылықты өз мойнына алғанға дейін ұшу жалғасып жатыр деп есептеледі;
b) әуе кемесі жердегі персоналының немесе экипаждың нақты ұшу үшін әуе кемесін ұшу алдындағы дайындық басталған кезден бастап кез келген қонудан кейін жиырма төрт сағат өткенге дейін пайдаланылып жатқан деп есептеледі; кез келген жағдайда да пайдаланылу кезеңі әуе кемесінің осы Баптың а) тармағында айқындалғандай, ұшудың барлық кезеңі ішінде жалғасады;
c) "аэронавигациялық құралдар" әуе кемесін навигациялауға қажетті сигналдарды, деректерді, ақпаратты немесе жүйелерді қамтиды;
d) "уытты химикат" тіршілік процестеріне өзінің химиялық әсер етуі есебінен адамның немесе жануарлардың өліміне әкелуі, уақытша естен тандыратын әсер етуі немесе тұрақты зиян келтіруі мүмкін кез келген химикатты білдіреді. Бұған шығу тегіне немесе өндірілу тәсіліне қарамастан және объектілерде, оқ-дәрілерде немесе тағы басқа бір жерде өндірілгеніне қарамастан, барлық осындай химикаттар жатқызылады;
е) "радиоактивті материал" өздігінен ыдырайтын (бір немесе бірнеше түрдегі иондаушы сәулеленуді, мысалы альфа-сәулелену, бета-сәулелену, нейтронды сәулелену және гамма-сәулелену шығарумен қоса жүретін процесс) нуклидтерден тұратын және өздерінің радиологиялық қасиеттеріне немесе өзінің бөліну қасиеттеріне орай өлімге әкелуі, елеулі зақым келтіруі не меншікке немесе қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіруі мүмкін ядролық материалды және басқа да радиоактивті заттарды білдіреді;
f) "ядролық материал" плутоний-238 бойынша 80 %-дан асатын изотоптар шоғырланған плутонийді қоспағанда, плутонийді; уран-233-ті; уран-235-тің немесе уран-233-тің изотоптарымен байытылған уранды; табиғатта кеннен немесе кен қалдықтарынан ерекшеленетін нысанда кездесетін изотоптар қоспасынан тұратын уранды; немесе жоғарыда аталған элементтердің біреуін немесе одан көбін қамтитын кез келген материалды білдіреді;
g) "уран-235-тің немесе уран-233-тің изотоптарымен байытылған уран" уран-235-тің немесе уран-233-тің изотоптарын қамтитын немесе осы изотоптар жиынтығының артық пайызы уран-238 изотопымен салыстырғанда табиғатта кездесетін уран-238 изотопымен салыстырғандағы уран 235 изотопының пайызына қарағанда жоғары көлемде болатын екі изотопты да қамтитын уранды білдіреді;
һ) "БХЯ қаруы":
а) мыналар:
i) олардың шығарылған жері немесе өндірілу әдісі қандай болғанына қарамастан, профилактикалық, қорғаушы немесе басқа да бейбіт мақсаттарға арналмаған түрлердегі және мөлшерлердегі микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер немесе уыттар; немесе
ii) осындай агенттерді немесе уыттарды дұшпандық мақсаттарда немесе қарулы қақтығыста пайдалануға арналған қару, жабдық немесе жеткізу құралдары болып табылатын "биологиялық қаруды";
b) жиынтығында немесе жеке алғанда:
і) уытты химикаттар мен олардың прекурсорлары:
A) өнеркәсіптік, ауылшаруашылықтық, зерттеу, медициналық, фармацевтикалық немесе өзге де бейбіт мақсаттарға; немесе
B) қорғау мақсаттарында, атап айтқанда, уытты химикаттардан қорғауға және химиялық қарудан қорғауға тікелей байланысты мақсаттарға; немесе
C) химиялық қаруды қолдануға байланысты емес және химикаттардың уытты қасиеттерін соғыс жүргізу құралдары ретінде пайдалануға тәуелді емес әскери мақсаттарға; немесе
D) елдегі тәртіпсіздіктермен күресті қоса алғанда, құқық қорғау мақсаттарына арналған жағдайларды қоспағанда, уытты химикаттар мен олардың прекурсорлары;
түрлері мен көлемдері осындай мақсаттарға сай келетін жағдайларда;
ii) осындай оқ-дәрілер мен құрылғыларды қолдану нәтижесінде босатылатын b) і) тармақшасында көрсетілген уытты химикаттардың уытты қасиеттері есебінен өлтіретіндей қырып-жоюға немесе өзге де зиян келтіруге арнайы түрде арналған оқ-дәрілер мен құрылғылар;
iii) b) іі) тармақшада көрсетілген оқ-дәрілер мен құрылғыларды қолдануға байланысты тікелей пайдалануға арнайы түрде арналған кез келген жабдық болып табылатын "химиялық қаруды";
с) ядролық қаруды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды білдіреді.
і) "прекурсор" уытты химикатты өндірудің кез келген сатысына қандай да бір тәсілмен қатысатын кез келген химиялық реагентті білдіреді. Бұған бинарлы немесе көпқұрамдасты химиялық жүйенің кез келген шешуші құрамдасы жатады;
j) "бастапқы материал" және "арнайы ыдыратқыш материал" терминдері 1956 жылғы 26 қазанда Нью-Йоркте жасалған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Жарғысындағыдай мәнге ие болады.
3-бап
Әрбір Қатысушы мемлекет 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты қатаң жазалау шараларын қолдануға міндеттенеді.
4-бап
1. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі құқығының қағидаттарына сәйкес, өзінің аумағындағы немесе өзінің заңдары бойынша құрылған заңды тұлғаны басқаруға немесе оған бақылау жасауға жауапты, осындай түрде әрекет ететін жеке тұлға 1-бапта көрсетілген қылмысты жасаған жағдайда, осы заңды тұлғаны жауаптылыққа тартуға болатындай қажетті шараларды қабылдай алады. Мұндай жауаптылық қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сипатта болуы мүмкін.
2. Мұндай жауаптылық осы қылмыстарды жасаған жеке адамдардың қылмыстық жауаптылығына нұқсан келтірілмей басталады.
3. Егер Қатысушы мемлекет заңды тұлғаны осы Баптың 1-тармағына сәйкес жауаптылыққа тарту бойынша қажетті шаралар қабылдаса, ол қолданылатын қылмыстық, азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік санкциялардың тиімді, шамалас болуын және тежеуші әсер етуін қамтамасыз етеді. Мұндай санкциялар қаржылық санкцияларды қамтуы мүмкін.
5-бап
1. Осы Конвенция әскери, кеден немесе полиция қызметтерінде жұмыс істейтін әуе кемелеріне қолданылмайды.
2. 1-баптың 1-тармағының а), b), с), е), f), g), һ) және і) тармақшаларында көзделген жағдайларда, осы Конвенция, тек қана егер:
a) әуе кемесінің нақты немесе межеленген ұшып шығу немесе қону орны осындай әуе кемесі тіркелген мемлекеттің аумағының шегінен тыс жерде болса; немесе
b) қылмыс әуе кемесі тіркелген мемлекеттен өзге мемлекеттің аумағында жасалса, әуе кемесі халықаралық ұшуды немесе ішкі авиажолдарындағы ұшуды орындайтынына не орындамайтынына қарамастан қолданылады.
3. Осы Баптың 2-тармағына қарамастан, 1-баптың 1-тармағының а), b), с), е), f), g), һ) және і) тармақшаларында көзделген жағдайларда, осы Конвенция, егер қылмыскер немесе болжамды қылмыскер осы әуе кемесі тіркелген мемлекеттен өзге мемлекеттің аумағында болса да қолданылады.
4. 15-бапта көрсетілген Қатысушы мемлекеттерге қатысты және 1-баптың 1-тармағының а), b), с), е), f), g), h) және і) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, осы Конвенция, қылмыс жасалған не қылмыскер немесе болжамды қылмыскер кез келген өзге мемлекеттің аумағында болған жағдайды қоспағанда, егер осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында көрсетілген орындар 15-бапта көрсетілген мемлекеттердің біреуінің аумағы шегінде орналасқан болса қолданылмайды.
5. 1-баптың 1-тармағының d) тармақшасында көзделген жағдайларда, егер аэронавигациялық құралдар халықаралық аэронавигация үшін пайдаланылса ғана, осы Конвенция қолданылады.
6. Осы Баптың 2, 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері 1-баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда да қолданылады.
6-бап
1. Осы Конвенциядағы ешнәрсе халықаралық құқыққа сәйкес, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның мақсаттары мен қағидаттарына және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес мемлекеттер мен тұлғалардың басқа да құқықтарын, міндеттемелері мен міндеттерін қозғамайды.
2. Халықаралық гуманитарлық құқықпен реттелетін осы терминдердің осы құқықта түсіндірілу ретімен қарулы күштердің қарулы қақтығыс кезіндегі әрекеті осы Конвенцияда реттелмейді, ол сондай-ақ мемлекеттердің әскери күштері өздерінің ресми функцияларын жүзеге асыру мақсатында қолданатын әрекеттерді де реттемейді, өйткені олар халықаралық құқықтың басқа нормаларымен реттеледі.
3. Осы Баптың 2-тармағының ережелері өзге қатынастардағы заңсыз актілерді ақтаушы немесе заңды етуші ретінде немесе басқа заңдар негізінде сот арқылы қудалауға кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмейді.
7-бап
Осы Конвенциядағы ешнәрсе 1968 жылғы 1 шілдеде Вашингтонда, Лондонда және Мәскеуде қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, 1972 жылғы 10 сәуірде Вашингтонда, Лондонда және Мәскеуде қол қойылған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар әзірлеуге, өндіруге және олардың қорларын молайтуға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияға немесе 1993 жылғы 13 қаңтарда Парижде қол қойылған Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтау мен қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға сәйкес осындай шарттарға Қатысушы мемлекеттерге қатысты құқықтарды, міндеттемелерді және міндеттерді қозғамайды.
8-бап
1. Әрбір Қатысушы мемлекет мынадай:
a) қылмыс осы мемлекеттің аумағында жасалған;
b) қылмыс осы мемлекетте тіркелген әуе кемесінің бортында немесе оған қатысты жасалған;
с) бортында қылмыс жасалған әуе кемесі оның аумағына қонған және болжамды қылмыскер әлі оның бортында болған;
d) қылмыс негізгі қызмет орны немесе егер жалға алушының мұндай қызмет орны болмаса, тұрақты болатын жері осы мемлекетте орналасқан жалға алушыға экипажсыз жалға берілуге әуе кемесінің бортында немесе оған қатысты жасалған;
е) қылмысты осы мемлекеттің азаматы жасаған жағдайларда, 1-бапта көрсетілген қылмыстарға өзінің юрисдикциясын белгілеуге қажет болуы мүмкін шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет мынадай:
a) қылмыс осы мемлекеттің азаматына қарсы жасалған;
b) қылмысты, әдетте, осы мемлекеттің аумағында тұратын азаматтығы жоқ адам жасаған жағдайларда да, кез келген осындай қылмысқа қатысты өз юрисдикциясын белгілей алады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет болжамды қылмыскер өзінің аумағында болған және өзі осы адамды осындай қылмыстарға қатысты осы Баптың қолданылатын тармақтарына сәйкес өз юрисдикциясын белгіленген Қатысушы мемлекеттердің ешбіріне де 12-бапқа сәйкес ұстап бермеген жағдайда, 1-бапта көрсетілген қылмыстарға өзінің юрисдикциясын белгілеу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қабылдайды.
4. Осы Конвенция ұлттық заңнамаға сәйкес кез келген қылмыстық юрисдикцияны жүзеге асыруды жоққа шығармайды.
9-бап
1. Аумағында қылмыскер немесе болжамды қылмыскер болатын кез келген Қатысушы мемлекет мән-жайлардың осыны талап ететініне көз жеткізіп, осы адамды күзетпен қамауға алады немесе осы адамның болуын қамтамасыз ететін басқа да шараларды қабылдайды. Күзетпен қамауға алу және басқа да шаралар осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, бірақ олар қылмыстық-процестік әрекеттерді немесе ұстап беру жөніндегі әрекеттерді қолдану үшін қажетті уақыт ішінде ғана жалғаса алады.
2. Мұндай мемлекет фактілерді алдын ала тергеп-тексеруді дереу жүргізеді.
3. Осы Баптың 1-тармағына сәйкес күзетпен ұсталып отырылған кез келген адамға өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің жақын жердегі тиісті өкілімен дереу байланыс орнатуына жәрдем көрсетіледі.
4. Қатысушы мемлекет осы Бапқа сәйкес адамды күзетпен қамауға алған кезде ол 8-баптың 1-тармағына сәйкес юрисдикциясын белгілеген және юрисдикциясын белгілеп, 21-баптың 4-тармағының а) тармақшасына сәйкес депозитарийді хабардар еткен Қатысушы мемлекеттерді және егер өзі мақсатқа сай деп тапса, кез келген басқа мүдделі мемлекеттерді осы адамның күзетпен ұсталу фактісі туралы және осы адамды ұстап алуға негіз болған мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді. Осы Баптың 2-тармағында көзделген алдын ала тергеп-тексеруді жүргізетін Қатысушы мемлекет өзі алған деректер туралы жоғарыда аталған Қатысушы мемлекеттерге дереу хабарлайды және өзінің юрисдикцияны жүзеге асыру ниетінің бар-жоғын көрсетеді.
10-бап
Аумағында болжамды қылмыскер жүрген Қатысушы мемлекет, егер ол осы адамды ұстап бермейтін болса, қандай да бір ерекшеліксіз және қылмыс өзінің аумағында жасалғанына не жасалмағанына қарамастан, қылмыстық қудалау мақсаттары үшін істі өзінің құзыретті органдарына беруге міндетті. Бұл органдар шешімді осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес елеулі сипаттағы кез келген әдеттегі қылмыс жағдайындағы сияқты қабылдайды.
11-бап
Осы Конвенцияға сәйкес күзетпен ұсталып отырған немесе өзіне қатысты кез келген басқа шаралар қолданылған немесе талқылау жүзеге асырылып жатқан кез келген адамға әділетті қарым-қатынас жасалуына, оның ішінде осы адам аумағында болатын мемлекеттің заңнамасына және адам құқықтары туралы ережелерді қоса алғанда, халықаралық құқықтың қолданылатын ережелеріне сәйкес барлық құқықтар мен кепілдіктерді пайдалануына кепілдік беріледі.
12-бап
1. 1-бапта көрсетілген қылмыстар Қатысушы мемлекеттер арасында жасалған ұстап беру туралы кез келген шартқа ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде енгізілуге жатады деп есептеледі. Қатысушы мемлекеттер мұндай қылмыстарды өздерінің арасында жасалатын ұстап беру туралы кез келген шартқа ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде енгізуге міндеттенеді.
2. Егер ұстап беруді шарттың болуына негіздейтін Қатысушы мемлекет өзімен ұстап беру туралы шарты жоқ басқа Қатысушы мемлекеттен ұстап беру туралы өтініш алса, ол 1-бапта көрсетілген осындай қылмыстарға қатысты осы Конвенцияны өз қалауы бойынша, ұстап беру үшін заңды негіз ретінде қарай алады. Ұстап беру өзіне ұстап беру туралы өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасында көзделген басқа талаптарға сәйкес жүргізіледі.
3. Ұстап беруді шарттың болуына негіздемейтін Қатысушы мемлекеттер өздерінің арасындағы қатынастарда 1-бапта көрсетілген қылмыстарды өзіне ұстап беру туралы өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес, ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде қарайды.
4. Қатысушы мемлекеттер қылмыстардың әрқайсысын ұстап беру мақсаттары үшін, ол жасалған орнында ғана емес, 8-баптың 1-тармағының b), с), d) және е) тармақшаларына сәйкес өз юрисдикциясын белгілеуге міндетті және 8-баптың 2-тармағына сәйкес юрисдикциясын белгіленген Қатысушы мемлекеттердің аумағында да жасалғандай қарайды.
5. Қатысушы мемлекеттер 1-баптың 5-тармағының а) және b) тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың әрқайсысын ұстап беру мақсаттары үшін баламалы ретінде қарайды.
13-бап
1-бапта көрсетілген қылмыстардың ешбірі ұстап беру немесе өзара құқықтық көмек мақсаттары үшін саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс немесе саяси уәждерден туындаған қылмыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан да осындай қылмысқа байланысты ұстап беру немесе өзара құқықтық көмек туралы өтінішті оның саяси қылмысқа немесе саяси қылмыспен байланысты қылмысқа немесе саяси уәждерден туындаған қылмысқа қатысты болуы негізінде ғана қабылдамай қоюға болмайды.
14-бап
Егер сұрау салынатын Қатысушы мемлекеттің 1-бапта көрсетілген қылмыстарға байланысты ұстап беру туралы немесе осындай қылмыстарға қатысты өзара құқықтық көмек туралы өтініш осы адамды оның нәсіліне, діни сеніміне, ұлтына, этностық шығу тегіне, саяси нанымдарына немесе жынысына байланысты сот арқылы қудалауды немесе жазалауды мақсат тұтады немесе осы өтінішті қанағаттандыру осы адамның жағдайына аталған себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтіруі мүмкін деп пайымдауына орынды негіздері болса, осы Конвенциядағы ешнәрсе қандай да бір адамды ұстап беру немесе өзара құқықтық көмек көрсету міндетін жүктеуші ретінде түсіндірілмейді.
15-бап
Бірлескен немесе халықаралық тіркелуге жататын әуе кемелерін пайдаланатын бірлескен әуе-көлік пайдалану ұйымдарын немесе халықаралық пайдалану агенттіктерін құратын Қатысушы мемлекеттер әрбір әуе кемесіне қатысты осы Конвенцияның мақсаттарында юрисдикциясын жүзеге асыратын және тіркеу мемлекеті ретінде әрекет ететін өздерінің арасындағы мемлекетті тиісті түрде көрсетеді және бұл туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысын хабардар етеді, ол мұндай хабарламаны осы Конвенцияның барлық Қатысушы мемлекеттеріне жібереді.
16-бап
1. Қатысушы мемлекеттер халықаралық құқыққа және ұлттық заңнамасына сәйкес 1-бапта көрсетілген қылмыстарды болғызбау мақсатында барлық іс жүзінде жүзеге асырылатын шараларды қабылдауға тырысатын болады.
2. 1-бапта көрсетілген қылмыстардың біреуін жасау нәтижесінде ұшу кейінге қалдырылған немесе тоқтатылған кезде аумағында әуе кемесі, жолаушылар немесе экипаж болатын кез келген Қатысушы мемлекет оның жолаушылары мен экипажының жол-сапарын мүмкіндігінше тезірек жалғастыруына жәрдемдеседі және әуе кемесі мен оның жүгін заңды иелеріне кідіріссіз қайтарады.
17-бап
1. Қатысушы мемлекеттер 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты қолданылған қылмыстық-процестік әрекеттерге байланысты бір-біріне барынша толық құқықтық көмек көрсетеді. Барлық жағдайда да өзіне өтініш жолданған Мемлекеттің заңнамасы қолданылады.
2. Осы Баптың 1-тармағының ережелері қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмекті толықтай немесе ішінара реттейтін немесе реттей алатын кез келген басқа екіжақты немесе көпжақты шарт бойынша міндеттемелерге әсер етпейді.
18-бап
1-бапта көрсетілген қылмыстардың біреуі жасалады деп ойлауға негізі бар кез келген Қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, өзінде бар кез келген тиісті ақпаратты, өзінің пікірі бойынша, 8-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мемлекеттер болып табылатын Қатысушы мемлекеттерге береді.
19-бап
Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес:
a) қылмыстың мән-жайларына;
b) 16-баптың 2-тармағына сәйкес қолданылған әрекеттерге;
c) қылмыскерге немесе болжамды қылмыскерге қатысты қабылданған шараларға және атап айтқанда, ұстап беру жөніндегі кез келген әрекеттің немесе басқа да құқықтық әрекеттердің нәтижелеріне қатысты өзінде бар кез келген тиісті ақпаратты мүмкіндігінше тезірек Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Кеңесіне хабарлайды.
20-бап
1. Екі немесе одан да көп Қатысушы мемлекеттің арасындағы осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты, келіссөздер арқылы реттеле алмайтын кез келген дау олардың біреуінің өтініші бойынша төрелікке беріледі. Егер Тараптар төрелік туралы өтініш жасалған күнінен бастап алты ай ішінде төрелікті ұйымдастыру туралы мәселе бойынша келісімге келе алмаса, дау осы Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша Сот Статутына сәйкес Халықаралық Сотқа берілуі мүмкін.
2. Әрбір Мемлекет осы Конвенцияға қол қою, оны ратификациялау, қабылдау немесе бекіту немесе оған қосылу кезінде өзін алдыңғы тармақтың ережелерімен байланысты емеспін деп есептейтіні туралы мәлімдеме жасай алады. Басқа Қатысушы мемлекеттер осындай ескертпе жасаған кез келген Қатысушы мемлекетпен өзара қарым-қатынастарда алдыңғы тармақтың ережелерімен байланысты болмайды.
3. Алдыңғы тармаққа сәйкес ескертпе жасаған кез келген Қатысушы мемлекет осы ескертпені депозитарийді хабардар ету арқылы кез келген уақытта алып тастай алады.
21-бап
1. Осы Конвенция 2010 жылғы 30 тамыз - 10 қыркүйек аралығында Бейжіңде болған Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі дипломатиялық конференцияға қатысқан мемлекеттердің қол қоюы үшін 2010 жылғы 10 қыркүйекте Бейжіңде ашық болады. 2010 жылғы 27 қыркүйектен кейін осы Конвенция ол 22-бапқа сәйкес күшіне енгенге дейін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Монреальдағы Штаб-пәтерінде барлық мемлекеттің қол қоюы үшін ашық болады.
2. Осы Конвенция ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар осы арқылы депозитарий болып тағайындалатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
3. Осы Баптың 2-тармағына сәйкес осы Конвенцияны ратификацияламаған, қабылдамаған немесе бекітпеген кез келген мемлекет оған кез келген уақытта қосыла алады. Қосылу туралы құжат депозитарийге сақтауға тапсырылады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Конвенцияны ратификациялағаннан, қабылдағаннан, бекіткеннен немесе оған қосылғаннан кейін:
a) депозитарийді 8-баптың 2-тармағына сәйкес өз ұлттық заңнамасы шеңберінде өзінің белгілеген юрисдикциясы туралы хабардар етеді және депозитарийді кез келген өзгеріс туралы дереу хабардар етеді;
b) отбасы мүшелерін жауаптылықтан босатуға қатысты өзінің қылмыстық құқығының қағидаттарына сәйкес өзінің 1-баптың 4-тармағының d) тармақшасының ережелерін қолданатынын мәлімдей алады.
22-бап
1. Осы Конвенция ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжат сақтауға тапсырылған күннен кейін екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін осы Конвенцияны ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе оған қосылған әрбір мемлекет үшін осы Конвенция осындай мемлекет өзінің ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатын сақтауға тапсырған күнінен кейін екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
3. Осы Конвенция күшіне енген бойда оны депозитарий Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркейді.
23-бап
1. Кез келген Қатысушы мемлекет депозитарийді жазбаша түрде хабардар ету арқылы осы Конвенцияны денонсациялай алады.
2. Денонсация депозитарий хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
24-бап
Қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда осы Конвенцияның мына құжаттар:
a) 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенция;
b) 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда жасалған Азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенцияны толықтыратын Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайлардағы зорлық-зомбылықтың заңсыз актілерімен күрес туралы 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қойылған хаттама алдында артықшылықты күші болады.
25-бап
Депозитарий осы Конвенцияға барлық Қатысушы мемлекетке және осы Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекетке әрбір қол қойылу күні, ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе қосылу туралы әрбір құжаттың сақтауға тапсырылған күні, осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы дереу хабар береді және оларға басқа да тиісті ақпаратты хабарлайды.
Осыны КУӘЛАНДЫРУ РЕТІНДЕ тиісті түрде уәкілеттік берілген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Конвенцияға қол қойды.
Екі мың оныншы жылғы қыркүйек айының оны күні Бейжіңде орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтін осында көрсетілген күннен бастап тоқсан күн ішінде Конференция Төрағасының өкілеттіктері шеңберінде Конференция хатшылығы оларды бір-біріне сәйкес келтіру тұрғысынан тексергеннен кейін теңтүпнұсқалылыққа ие бола отырып, бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Конвенция Халықаралық азаматтық авиация ұйымының архивтерінде сақтауда қалдырылады, ал оның куәландырылған көшірмелерін депозитарий осы Конвенцияның барлық Уағдаласушы мемлекетіне жібереді.
РҚАО-ның ескертпесі!Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.