Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 3 шілдедегі № 261-VІ ҚРЗ.

      2017 жылғы 7 шілдеде Нью-Йоркте жасалған Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ

Ядролық қаруға тыйым салу туралы
ШАРТ

      Осы Шартқа қатысушы мемлекеттер,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын іске асыруға үлес қосуға табандылық таныта отырып,

      ядролық қаруды кез келген қолданудың гуманитарлық апатты салдарына байланысты үлкен алаңдаушылық білдіре отырып және ядролық қару ендігі жерде ешқашан ешбір жағдайда қолданылмайтындығына кепілдік беретін жалғыз тәсіл болып қалатын, осыдан туындайтын мұндай қаруды түбегейлі жою қажеттілігін мойындай отырып,

      ядролық қарудың одан әрі болуынан, соның ішінде кездейсоқтық, жаңсақтық немесе әдейі қолдану нәтижесінде, ядролық оқ-дәрілердің кез келген жарылысынан туындайтын тәуекелдерді ұғына отырып және осы тәуекелдер бүкіл адамзаттың қауіпсіздігіне әсер ететіндігін әрі барлық мемлекет ядролық қаруды кез келген қолдануды болғызбауға жауапты екенін көрсете отырып,

      ядролық қаруды қолданудың апатты салдары барабар ескерілмейтінін, ұлттық шекаралар шегінен шығатынын, адамзаттың аман қалуына, қоршаған ортаға, әлеуметтік-экономикалық дамуға, жаһандық экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне және қазіргі әрі болашақ ұрпақтың денсаулығына елеулі қатер туғызатынын әрі әйелдер мен қыздарға, соның ішінде иондаушы сәулелену нәтижесінде пропорционалды емес жоғары дәрежеде әсер ететінін ұғына отырып,

      ядролық қарусыздандыруға және ең жоғары жаһандық қоғамдық игілік болып табылатын және қауіпсіздіктің ұлттық әрі ұжымдық мүдделеріне сай келетін, ядролық қарудан азат әлемді құру мен сақтаудың аса қажеттілігіне қатысты адамгершілік императивтерін мойындай отырып,

      ядролық қаруды қолданудың құрбандарына ("хибакуси") келтірілген қисынсыз азаптар мен зиян туралы, сондай-ақ ядролық қарудың сынақтары әсер еткен адамдарды еске ала отырып,

      жергілікті халыққа ядролық қаруға байланысты іс-қимылдың пропорционалды емес күшті әсерін мойындай отырып,

      барлық мемлекеттің халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтарының халықаралық құқығын қоса алғанда, қолданылатын халықаралық құқық нормаларын әрқашан сақтауы қажеттігін растай отырып, халықаралық гуманитарлық құқықтың қағидаттары мен нормаларына, атап айтқанда қарулы қақтығыстағы тараптардың соғыс жүргізу әдістері мен құралдарын таңдау құқығы шексіз болып табылмайтын қағидатқа, айырманы жүргізу қағидасына, іріктеусіз сипаттағы шабуылдарға тыйым салуға, шабуыл кезіндегі шамаластық пен сақтық, шектен тыс зақым немесе шектен тыс азап әкелуге қабілетті қаруды қолдануға тыйым салу қағидаларына және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаларды негізге ала отырып,

      ядролық қаруды кез келген қолдану қарулы қақтығыс кезеңінде қолданылатын халықаралық құқық нормаларына және атап айтқанда халықаралық гуманитарлық құқықтың қағидаттары мен нормаларына қайшы келер еді деп санай отырып,

      ядролық қаруды кез келген қолдану ізгілік қағидаттарымен және қоғамдық сананың талаптарымен үйлеспейтінін растай отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес мемлекеттер өздерінің халықаралық қатынастарында кез келген мемлекеттің аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы күш көрсету немесе оны қолдану қатерінен және Біріккен Ұлттар Ұйымының Мақсаттарымен үйлеспейтін қандай болмасын басқа да түрде қауіп төндіруден тартынуға тиіс екендігін және қарулану ісі үшін әлемдік адами және экономикалық ресурстарды мейлінше аз мөлшерде тарта отырып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға және қолдауға жәрдемдесу қажет екендігін еске сала отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 24 қаңтарда қабылданған бірінші қарарына және ядролық қаруды жоюға шақыруды қамтыған кейінгі қарарларға сілтеме жасай отырып,

      ядролық қарусызданудың баяу қарқынына, әскери құрылыс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамаларында, доктриналары мен стратегияларында сақталып отырған ядролық қаруға сүйенуге және ядролық қаруды шығару, сақтау мен жаңғырту бағдарламаларына экономикалық және адами ресурстардың жұмсалуына алаңдаушылық білдіре отырып,

      ядролық қаруға заңдық міндеттеуші тыйым салу ядролық қарудан азат әлемді құру мен сақтау, оның ішінде ядролық қаруды қайтымсыз, тексерілетін әрі ашық жою ісіне маңызды үлес екенін мойындай отырып және осы мақсатта шаралар қолдануға табандылық таныта отырып,

      жалпыға бірдей және толық қарусыздану жолында қатаң және тиімді халықаралық бақылаумен шынайы прогреске қол жеткізу мақсатында шаралар қабылдауға табандылық таныта отырып,

      барлық аспектілерде қатаң және тиімді халықаралық бақылаумен ядролық қарусыздануға әкелетін келіссөздерді еркін ерік-жігер рухында жүргізу және аяқтау міндеттемесі бар екендігін растай отырып,

      сондай-ақ ядролық қарусыздану және таратпау режимінің іргетасы болып табылатын Ядролық қаруды таратпау туралы шартты толық және тиімді жүзеге асыру халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін өмірлік маңызды мәні бар екендігін растай отырып,

      Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың өмірлік маңыздылығын және онда көзделген бақылау режимінің ядролық қарусыздану мен таратпау режимінің негізгі элементтерінің бірі екендігін мойындай отырып,

      тиісті өңірдің мемлекеттері арасында ерікті түрде жасалған уағдаластықтар негізінде ядролық қарудан азат халықаралық деңгейде танылған аймақтар құру жаһандық және өңірлік деңгейлерде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің нығаюына әрі ядролық қаруды таратпау режимінің орнығуына жәрдемдесетініне және ядролық қарусызданудың мақсатына қол жеткізуге ықпал ететіндігіне сенімділікті растай отырып,

      осы Шарттың ешқандай ережесін оған қатысушы мемлекеттердің ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда кемсітушіліксіз зерттеуді, өндіруді және пайдалануды дамытатын ажырамас құқығын қозғаушы ретінде түсіну қажет еместігін ерекше атай отырып,

      әйелдердің де, сонымен қатар ерлердің де, тең, толық және тиімді катысуы тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті ынталандыру мен қамтамасыз етудің айтарлықтай маңызды факторларының бірі болып табылатындығын мойындап және ядролық қарусыздануда әйелдердің тиімді қатысуын қолдау мен нығайтуға бейілді бола отырып,

      бейбітшілік пен қарусызданудың барлық аспектілеріндегі мәселелер бойынша білім берудің және қазіргі әрі келешек ұрпақ үшін ядролық қаруды қолданудың тәуекелдері мен салдары туралы хабардарлықты арттырудың маңыздылығын мойындап және осы Шарттың қағидаттары мен нормаларын таратуға бейілді бола отырып,

      ядролық қаруды толық жоюға шақыру көрсеткіші болған ізгілік қағидаттарын орнықтырудағы қоғамдық сананың рөлін баса айта отырып және осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы, Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай халықаралық қозғалысы, басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, дінбасылар, парламентарийлер, ғалымдар және хибакуси қабылдаған күш-жігерді атап көрсете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Тыйымдар

      Әрбір қатысушы мемлекет ешқашан және ешқандай жағдайда:

      a) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлемеуге, сынамауға, шығармауға, дайындамауға, өзге де жолмен алмауға, иеленбеуге және жинамауға;

      b) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды қайсыбіреуге бермеуге, сондай-ақ осындай қаруды немесе жарылғыш құрылғыларды тікелей де, жанама түрде де бақылауды бермеуге;

      c) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды қайсыбіреуден қабылдамауға, сондай-ақ осындай қаруды немесе жарылғыш құрылғыларды тікелей де, жанама түрде де бақылауға алмауға;

      d) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды қолданбауға және оларды қолдану қатерін төндірмеуге;

      е) қайсыбіреуге осы Шарт бойынша қатысушы мемлекет үшін тыйым салынған кез келген әрекетті жүзеге асыруға ешқандай түрде көмек көрсетпеуге, көтермелемеуге және итермелемеуге;

      f) қайсыбіреуге осы Шарт бойынша қатысушы мемлекет үшін тыйым салынған кез келген әрекетті жүзеге асыруға ешқандай түрде көмекке ұмтылмауға және көмекті алмауға;

      g) өз аумағында немесе оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде кез келген ядролық қарудың немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылардың кез келген орналастырылуына, қондырылуына немесе өрістеуіне жол бермеуге міндеттенеді.

2-бап
Өтініштер

      1. Әрбір қатысушы мемлекет осы қатысушы мемлекет үшін осы Келісім өз күшіне енгеннен кейін 30 күннен кешіктірмей Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына өтініш ұсынады, онда ол:

      a) осы қатысушы мемлекет үшін осы Шарт күшіне енгенге дейін оның меншігінде, иелігінде немесе бақылауында ядролық қару немесе ядролық жарылғыш құрылғылар болған-болмағандығын және ол ядролық қаруға байланысты барлық объектілерді жоюды немесе қайтымсыз конверсиялауды қоса алғанда, өзінің ядролық қару бағдарламасын жойғандығын-жоймағандығын хабарлайды;

      b) 1-баптың (а) тармағына қарамастан, меншігінде, иелігінде немесе бақылауында кез келген ядролық қарудың немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылардың бар-жоғын хабарлайды;

      c) 1-баптың (g) тармағына қарамастан, өз аумағында немесе оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде басқа мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі немесе бақылауындағы кез келген ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылардың бар-жоғын хабарлайды.

      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы барлық осындай алынған өтініштерді қатысушы мемлекеттерге жөнелтеді.

3-бап
Кепілдіктер

      1. 4-баптың 1 немесе 2-тармақтары қолданылмайтын әрбір қатысушы мемлекет болашақта қабылдауы мүмкін кез келген тиісті қосымша құжаттарға зиян келтірместен, осы Шарт өз күшіне енген кезде қолданыста болған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің кепілдіктеріне қатысты кем дегенде өз міндеттемелерін сақтап қалады.

      2. 4-баптың 1 немесе 2-тармақтары қолданылмайтын әрбір қатысушы мемлекет, егер Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жан-жақты кепілдіктер туралы келісімді (INFCIRC/153 түзетулермен бірге) әлі жасамаған болса, оны жасасады және қолданысқа енгізеді. Осындай келісім бойынша келіссөздер осы қатысушы мемлекет үшін осы Шарт күшіне енгеннен кейін 180 күн ішінде басталады. Келісім осы қатысушы мемлекет үшін осы Шарт күшіне енгеннен кейін 18 айдан кешіктірілмей күшіне енеді. Бұдан әрі әрбір қатысушы мемлекет осындай міндеттемелерді ол болашақта қабылдауы мүмкін кез келген тиісті қосымша құжаттарға зиян келтірместен сақтап қалады.

4-бап
Ядролық қарудың толықтай жойылуына қол жеткізу

      1. 2017 жылғы 7 шілдеден кейін меншігінде, иелігінде немесе бақылауында ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылары болған және ол үшін осы Шарт күшіне енгенге дейін ядролық қаруға байланысты барлық объектілердің жойылуын немесе қайтымсыз конверсиялануын қоса алғанда, өзінің ядролық қару бағдарламасын жойған әрбір қатысушы мемлекет оның ядролық қару бағдарламасының қайтымсыз жойылуын тексеру үшін осы баптың 6-тармағына сәйкес тағайындалған құзыретті халықаралық органмен ынтымақтастық жасайды. Құзыретті халықаралық орган қатысушы мемлекеттерге баяндама ұсынады. Мұндай қатысушы мемлекет Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік мәлімдеген ядролық материалдың ауыспауына және тұтастай осы қатысушы мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдың бейбіт ядролық қызметтен немесе кызметтің болмауына қатысты сенімді растауларды ұсынуға жеткілікті кепілдіктер туралы келісім жасасады. Осындай келісім бойынша келіссөздер осы Шарт осы қатысушы мемлекет үшін күшіне енгеннен кейін 180 күн ішінде басталады. Келісім осы Шарт осы қатысушы мемлекет үшін күшіне енгеннен кейін 18 айдан кешіктірмей күшіне енеді. Бұдан әрі осы қатысушы мемлекет кепілдіктерге қатысты осындай міндеттемелерді ол болашақта қабылдауы мүмкін кез келген тиісті қосымша құжаттарға зиян келтірместен сақтап қалады.

      2. 1-баптың (а) тармағына қарамастан, меншігінде, иелігінде немесе бақылауында ядролық қаруы немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылары бар кез келген қатысушы мемлекет оларды жедел дайындық жай-күйінен дереу шығарады және ядролық қаруға байланысты барлық объектілерді жоюды немесе қайтымсыз конверсиялауды қоса алғанда, осы қатысушы мемлекеттің ядролық қару бағдарламасының тексерілетін және қайтымсыз жойылуын заңды міндеттейтін, нақты мерзімдерді көздейтін жоспарға сәйкес, бірақ қатысушы мемлекеттердің бірінші кеңесінде белгіленген мерзімнен кешіктірмей оларды мүмкіндігінше тезірек жояды. Қатысушы мемлекет, осы қатысушы мемлекет үшін осы Шарт күшіне енгеннен кейін 60 күннен кешіктірмей қатысушы мемлекеттерге немесе қатысушы мемлекеттер тағайындаған құзыретті халықаралық органға осы жоспарды ұсынады. Бұдан әрі бұл жоспар құзыретті халықаралық органмен келісіледі, олардың рәсімдеу қағидаларына сәйкес бекіту үшін қайсысы бірінші жүргізілетініне байланысты қатысушы мемлекеттердің келесі кеңесіне немесе шолу конференциясына ұсынады.

      3. Жоғарыдағы 2-тармақ қолданылатын қатысушы мемлекет Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен мәлімделген бейбіт ядролық қызметтегі ядролық материалдың ауыспауына және тұтастай осы қатысушы мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдың немесе қызметтің болмауына қатысты сенімді растаулар ұсынуға жеткілікті кепілдіктер туралы келісім жасасады. Осындай келісім бойынша келіссөздер 2-тармақта көрсетілген жоспарды жүзеге асыру аяқталған күннен кешіктірмей басталады. Келісім келіссөздер басталған күннен кейін 18 айдан кешіктірмей күшіне енеді. Бұдан әрі бұл қатысушы мемлекет кепілдіктерге қатысты осындай міндеттемелерді ол болашақта қабылдауы мүмкін кез келген тиісті қосымша құжаттарға зиян тигізбестен, сақтап қалады. Осы тармақта көрсетілген келісім күшіне енгеннен кейін қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына ол осы бап бойынша өз міндеттемелерін орындағандығы туралы түпкілікті өтінішті ұсынады.

      4. 1-баптың (b) және (g) тармақтарына қарамастан өзінің аумағында немесе оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде басқа мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі немесе бақылауындағы кез келген ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылары бар әрбір қатысушы мемлекет мүмкіндігінше тезірек, бірақ қатысушы мемлекеттердің бірінші кеңесінде белгіленетін мерзімнен кешіктірмей осындай қарудың шұғыл шығарылуын қамтамасыз етеді. Осындай қаруды немесе басқа да жарылғыш құрылғыларды шығарғаннан кейін осы қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына осы бап бойынша өз міндеттемелерін орындағандығы туралы өтініш ұсынады.

      5. Осы бап қолданылатын әрбір қатысушы мемлекет қатысушы мемлекеттердің әрбір кеңесіне немесе әрбір шолу конференциясына осы бап бойынша оның міндеттемелері толықтай орындалмайынша орындалу барысы туралы баяндамаларды ұсынады.

      6. Қатысушы мемлекеттер осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес ядролық қаруға байланысты барлық объектілердің жойылуын немесе қайтымсыз конверсиялануын қоса алғанда, ядролық қару бағдарламаларының қайтымсыз жойылуын келісу және тексеру үшін құзыретті халықаралық орган немесе органдар тағайындайды. Егер осы баптың 1 немесе 2-тармақтары қолданылатын қатысушы мемлекет үшін осы Шарт күшіне енгенге дейін мұндай тағайындау болмаса, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы талап етілуі мүмкін кез келген шешімдерді қабылдау үшін қатысушы мемлекеттердің кезектен тыс кеңесін шақырады.

5-бап
Ұлттық жүзеге асыру

      1. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті шараларды қолданады.

      2. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шарт бойынша адамдардың немесе оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы аумақта қатысушы мемлекет үшін тыйым салынған кез келген әрекеттің жүзеге асыруын болдырмау және жолын кесу үшін қылмыстық санкцияларды қолдануды қоса алғанда, барлық тиісті құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды қолданады.

6-бап
Құрбандарға көмек және қоршаған ортаны қалпына келтіру

      1. Әрбір қатысушы мемлекет халықаралық гуманитарлық құқықтың және адам құқығы құқықтарының қолданылатын нормаларына сәйкес ядролық қаруды қолданудан немесе сынаудан зардап шеккен, оның юрисдикциясындағы адамдарға жас және гендерлік факторларды ескере отырып, кемсітушіліксіз, медициналық көмекті, сауықтыру және психологиялық қолдауды қоса алғанда, тиісті түрде көмек көрсетеді, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық интеграцияны қамтамасыз етеді.

      2. Әрбір қатысушы мемлекет ядролық қаруды немесе басқа да жарылғыш құрылғыларды сынауға немесе қолдануға байланысты әрекеттер нәтижесінде ластанған оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы аудандарға қатысты осындай түрде ластанған аудандардың қоршаған ортасын қалпына келтіру үшін қажетті және тиісті шараларды қолданады.

      3. Жоғарыдағы 1 және 2-тармақтар бойынша міндеттемелер халықаралық құқық немесе екіжақты келісімдер бойынша кез келген басқа мемлекеттердің міндеттері мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап
Халықаралық ынтымақтастық және көмек

      1. Әрбір қатысушы мемлекет осы Шартты жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатында басқа қатысушы мемлекеттермен ынтымақтасады.

      2. Осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде әрбір қатысушы мемлекет басқа қатысушы мемлекеттерден, мүмкін болған кезде, көмек сұрауға және алуға құқылы.

      3. Осыны істей алатын әрбір қатысушы мемлекет осы Шарттың одан әрі жүзеге асырылуына жәрдемдесу мақсатында ядролық қаруды қолданудан немесе сынаудан зардап шеккен қатысушы мемлекеттерге техникалық, материалдық және қаржылық көмек көрсетеді.

      4. Осыны істей алатын әрбір қатысушы мемлекет ядролық қаруды немесе басқа ядролық жарылғыш құрылғыларды қолдану немесе сынау құрбандарына көмек көрсетеді.

      5. Осы бапқа сәйкес көмек, атап айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі, халықаралық, өңірлік және ұлттық ұйымдар немесе мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар немесе мекемелер, Қызыл Крестің Халықаралық комитеті, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының Халықаралық федерациясы немесе Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай ұлттық қоғамдары арқылы немесе екіжақты негізде ұсынылуы мүмкін.

      6. Халықаралық құқық бойынша болуы мүмкін кез келген басқа міндеттерге немесе міндеттемелерге зиян келтірместен, ядролық қаруды немесе кез келген басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды пайдаланған немесе сынаған қатысушы мемлекет құрбандарға көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру мақсатында аталған қатысушы мемлекеттерге көмек көрсетуге жауапты болады.

8-бап
Қатысушы мемлекеттердің кеңесі

      1. Қатысушы мемлекеттер қарау және қажет болған жағдайда осы Шарттың тиісті ережелеріне сәйкес оны қолдануға немесе жүзеге асыруға байланысты кез келген мәселелерді шешу және:

      a) осы Шартты жүзеге асыруға және оның жай-күйіне қатысты мәселелерді;

      b) осы Шартқа қосымша хаттамаларды қоса алғанда, белгіленген мерзімдерде ядролық қару бағдарламаларын тексерілетін және қайтымсыз жою шараларына қатысты мәселелерді;

      c) осы Шарттың ережелеріне қатысты және олармен келісілетін кез келген басқа мәселелерді қоса алғанда, ядролық қарусыздану бойынша одан арғы шараларды қарау үшін тұрақты түрде жиналады.

      2. Қатысушы мемлекеттердің бірінші кеңесін осы Шарт күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы шақырады. Егер қатысушы мемлекеттер өзге шешім қабылдамаса, қатысушы мемлекеттердің кейінгі кеңестерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы екі жылдық негізде шақырады. Қатысушы мемлекеттердің кеңесі өзінің бірінші сессиясында өз рәсімінің қағидаларын қабылдайды. Олар қабылданғанға дейін ядролық қарудың толық жойылуына әкелуі мүмкін ядролық қаруға тыйым салу туралы заңдық міндеттейтін құжатты келісу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Конференциясы рәсімінің қағидалары қолданылады.

      3. Қатысушы мемлекеттердің кезектен тыс кеңестерін, ол қажет болуы мүмкін деп саналған кезде кез келген қатысушы мемлекеттің жазбаша өтініші бойынша осы өтінішті кем дегенде қатысушы мемлекеттердің үштен бірі қолдаған жағдайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы шақырады.

      4. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін бес жыл өткен соң Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Шарттың қолданысын және Шарттың мақсаттарына қол жеткізу прогресін қарау үшін конференция шақырады. Егер қатысушы мемлекеттер өзге шешім қабылдамаса, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы мақсатта алты жыл сайынғы аралықта кейінгі шолу конференцияларын шақырады.

      5. Осы Шартқа қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің тиісті құрылымдары, басқа тиісті халықаралық ұйымдар мен мекемелер, өңірлік ұйымдар, Қызыл Крестің Халықаралық комитеті, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының Халықаралық федерациясы және тиісті үкіметтік емес ұйымдар қатысушы мемлекеттердің кеңестеріне және шолу конференцияларына байқаушылар ретінде шақырылады.

9-бап
Шығыстар

      1. Қатысушы мемлекеттердің кеңестерін, шолу конференцияларын және қатысушы мемлекеттердің кезектен тыс кеңестерін өткізуге байланысты шығыстарды қатысушы мемлекеттер және осы Шартқа қатысушы болып табылмайтын, оларға байқаушы ретінде қатысып отырған мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті түрде түзетілген жарналар шәкіліне сәйкес жабады.

      2. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының осы Шарттың 2-бабына сәйкес өтініштерді, 4-бабына сәйкес баяндамаларды және 10-бабына сәйкес ұсынылған түзетулерді таратуға байланысты шығыстарын қатысушы мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті түрде түзетілген жарналар шәкіліне сәйкес жабады.

      3. 4-бапқа сәйкес талап етілетін тексеру бойынша шараларды жүзеге асыруға байланысты шығыстарды, сондай-ақ ядролық қаруға байланысты барлық объектілерді жоюды немесе конверсиялауды қоса алғанда, ядролық қаруды немесе басқа ядролық жарылғыш құрылғыларды жоюға және ядролық қару бағдарламаларын таратуға байланысты шығыстарды тиісті қатысушы мемлекеттер жабады.

10-бап
Түзетулер

      1. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін кез келген уақытта кез келген қатысушы мемлекет Шартқа түзетулер ұсына алады. Ұсынылатын түзету мәтіні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолданады, ол оны барлық қатысушы мемлекеттерге жібереді және осы ұсынысты қарау қажеттілігі туралы олардың пікірлерін сұратады. Егер қатысушы мемлекеттердің көпшілігі ұсынысты жібергеннен кейін 90 күннен кешіктірмей Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын осы ұсыныстың одан әрі қаралуын қолдайтындары туралы хабардар етсе, ұсыныс олардың қайсысы бірінші кезекте өткізілетініне қарай, қатысушы мемлекеттердің келесі кеңесінде немесе шолу конференциясында қаралады.

      2. Қатысушы мемлекеттердің кеңесі немесе шолу конференциясы қатысушы мемлекеттердің үштен екісі түрінде көпшілік қабылдаған түзетулерді келісуі мүмкін. Депозитарий әрбір қабылданған түзетуді барлық қатысушы мемлекеттерге жолдайды.

      3. Ратификациялау немесе түзетуді қабылдау туралы өз құжатын сақтауға өткізген әрбір қатысушы мемлекет үшін түзету қабылдау кезінде көпшілікті құраған қатысушы мемлекеттер ратификациялау немесе қабылдау туралы осындай құжаттарды сақтауға өткізгеннен кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді. Кейіннен ол кез келген басқа қатысушы мемлекет үшін түзетуді ратификациялау немесе қабылдау туралы өз құжатын сақтауға өткізгеннен кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді.

11-бап
Дауларды реттеу

      1. Осы Шартты қолдануға немесе түсіндіруге байланысты екі немесе одан көп қатысушы мемлекет арасында дау туындаған кезде тиісті қатысушылар келіссөздер немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 33-бабына сәйкес қатысушылардың таңдауы бойынша басқа бейбіт құралдар арқылы дауды реттеу мақсатында бірлескен консультациялар өткізеді.

      2. Қатысушы мемлекеттердің кеңесі өзінің ізгі қызметтерін ұсынып, мүдделі қатысушы мемлекеттерді олардың таңдауы бойынша реттеу рәсімін бастауға шақыра отырып және осы Шарт пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының тиісті ережелеріне сәйкес кез келген келісілген рәсімге қатысты соңғы шекті мерзімге ұсыным жасап, дауды реттеуге ықпал ете алады.

12-бап
Әмбебаптық

      Әрбір қатысушы мемлекет барлық мемлекеттердің Шартқа жалпыға бірдей қосылуын қамтамасыз ету мақсатын көздей отырып, осы Шартқа катысушы болып табылмайтын мемлекеттердің Шартқа қол қоюына, оны ратификациялауына, қабылдауына, бекітуіне немесе қосылуына түрткі болады.

13-бап
Қол қою

      Осы Келісім 2017 жылғы 20 қыркүйектен бастап Нью-Иорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.

14-бап
Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу

      Осы Шартты оған қол қойған мемлекеттер ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге тиіс. Шарт қосылу үшін ашық.

15-бап
Күшіне енуі

      1. Осы Шарт елуінші ратификациялау грамотасын немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға өткізілгеннен кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Өзінің ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізетін кез келген мемлекет үшін елуінші ратикациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға өткізілген күннен кейін осы Шарт осы мемлекет өзінің ратификациялау грамотасын немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізген күннен кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді.

16-бап
Ескертулер

      Осы Шарттың баптарына қатысты ескертулерге жол берілмейді.

17-бап
Қолданылу мерзімі және одан шығу

      1. Осы Шарт мерзімсіз болып табылады.

      2. Әрбір қатысушы мемлекет, егер ол Шарттың мазмұнына байланысты ерекше мән-жайлар оның елінің жоғары мүдделеріне қауіп төндірді деп шешсе, өзінің мемлекеттік егемендігін жүзеге асыру тәртібімен осы Шарттан шығуға құқылы. Мұндай шығу туралы ол депозитарийді хабардар етеді. Мұндай хабарламада оның жоғары мүдделеріне қауіп төндірді деп қарастырылған ерекше мән-жайлар туралы мәлімдеме қамтылуға тиіс.

      3. Мұндай шығу депозитарий шығу туралы хабарламаны алған күннен кейін 12 ай өткен соң ғана күшіне енеді. Алайда, егер осы он екі айлық кезең өткен соң шығып жатқан қатысушы мемлекет қарулы қақтығыс тарапы болып табылса, бұл қатысушы мемлекет қарулы қақтығыс тарапы болуды тоқтатқанға дейін осы Шарт және кез келген қосымша хаттамалар бойынша мән-жайлармен байланысты болып қала береді.

18-бап
Басқа келісімдермен байланыс

      Осы Шартты жүзеге асыру егер осы міндеттемелер Шартпен келісілсе, қатысушы мемлекеттердің олар қатысып отырған казіргі халықаралық келісімдерге қатысты міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

19-бап
Депозитарий

      Осы арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Шарттың депозитарийі болып тағайындалады.

20-бап
Теңтүпнұсқалы мәтіндер

      Осы Шарттың ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Екі мың он жетінші жылғы жетінші шілдеде Нью-Иоркте ЖАСАЛДЫ.


      Шарттың орыс тіліндегі мәтінімен қазақ тіліндегі аудармасының тең түпнұсқалығын куәландырамын.

      ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау
департаментінің Мемлекеттік тіл
басқармасының басшысы
Д.Дүйсебаев

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады