1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 25 қарашадағы № 270-VІ ҚРЗ.

      1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2018 жылғы 1 маусымда Душанбеде жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА Ресми куәландырылған мәтін

  Бейресми

1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын үкіметтер 1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттер атынан

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге осы Хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жаза отырып, өзгерістер енгізілсін.

2-бап

      Осы Хаттама оған қол қойған Тараптардың хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті хабарламаларды алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжаттарды беру арқылы Келісімге қатысушы мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылған мемлекет үшін осы Хаттама депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

      2018 жылғы 1 маусымда Душанбе қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Армения Республикасының

Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының

Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшінТәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшінТүрікменстанҮкіметі үшінӨзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшінУкраинаҮкіметі үшін

  1994 жылғы 15 сәуірдегі
Кеден істеріндегі ынтымақтастық
және өзара көмек туралы
келісімге өзгерістер енгізу
туралы хаттамаға
қосымша

Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын үкіметтер 1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге қатысушы мемлекеттер атынан

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы құрылтай құжаттарының мақсаттары мен қағидаттарына қатысты өз ұстанымын растай отырып,

      достық қарым-қатынасты дамытуды, оның ішінде кеден ісі саласындағы ынтымақтастық арқылы дамытуды қалай отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден органдарының ынтымақтасуы арқылы осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасында жолаушылар мен жүк қатынастарын дамытуға және жеделдетуге ықпал етуге ұмтыла отырып,

      кедендік құқық бұзушылықтар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіретінін ескере отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттер кеден органдарының ынтымақтасуы кезінде кеден заңнамасын сақтау мен кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің неғұрлым табысты жүзеге асырылатынына сенімді бола отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:

      "кеден заңнамасы" - осы Келісімге катысушы мемлекеттердің қолданылуы мен орындалуын қамтамасыз ету осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден органдарына тікелей жүктелген, халықаралық шарттарының, заңдары мен заңға тәуелді актілерінің, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден органдары тауарларды, жолаушылардың қол жүгі мен багажын, валюталық және басқа да құндылықтарды, халықаралық пошталық және курьерлік жөнелтілімдерді (экспресс-жүктерді) әкелуге, әкетуге, транзиттеуге, кедендік төлемдерді алуға, жеңілдіктерді ұсынуға, тыйым салулар мен шектеулерді белгілеуге, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы тауарларды өткізуді бақылауға қатысты өз құзыреті шегінде шығарған кез келген құқықтық актілердің жиынтығы;

      "Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары" - осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасуға осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық кеден органдары уәкілеттік берген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық кеден органдары (кеден ісі саласындағы уәкілетті органдар) және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтық кеден органдары;

      "кедендік төлемдер" - Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары алатын кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары және өзге де төлемдер;

      "кедендік құқық бұзушылық" - кеден заңнамасын бұзу немесе бұзуға әрекет жасау;

      "тұлға" - жеке немесе заңды тұлға;

      "есірткі құралдары" - кейінгі өзгерістерімен және толықтыруларымен қоса, 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның тізімдеріне БҰҰ енгізген заттар;

      "психотроптық заттар" - кейінгі өзгерістерімен қоса, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы бірыңғай конвенцияның тізімдеріне БҰҰ енгізген заттар;

      "сұрау салушы кеден органы" - кеден істерінде көмек көрсету туралы сұрау салуды жолдайтын Тарап мемлекетінің кеден органы;

      "сұрау салынатын кеден органы" - кеден істерінде көмек көрсету туралы сұрау салуды алатын Тарап мемлекетінің кеден органы;

      "прекурсорлар" - 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясының Кестелеріне енгізілген есірткі құралдарын және психотроптық заттарды өндіру, дайындау, қайта өңдеу кезінде пайдаланылатын заттар;

      "бақыланатын жеткізілім" - кеден заңнамасын бұза отырып тартылған тұлғаларды анықтау және айқындау мақсатында құзыретті органдардың рұқсатымен немесе бақылауымен осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы тауарлардың заңсыз партияларын әкелуге, әкетуге немесе өткізуге жол берілетін әдіс;

      "Тараптар мемлекеттерінің кедендік шекаралары" - осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарының шегі, ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін - Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік аумағының шегі;

      "кеден ісі" - кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін әдістер мен құралдар жиынтығы.

2-бап
Осы Келісімнің қолданылу саласы

      1. Осы Келісімнің негізінде Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары өз құзыреті шеңберінде және өз мемлекеттерінің кеден заңнамасын сақтай отырып:

      а) Тараптар мемлекеттерінің кедендік шекаралары арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге байланысты кедендік қатынастарды реттеу тәртібін жетілдіру;

      б) кеден заңнамасының сақталуын, оның ішінде тауарлар сыныптамасы, олардың кедендік құны және тауарлардың шығарылған жері туралы декларацияланатын мәліметтердің дұрыстығына, кедендік төлемдердің дұрыс есептелуіне бақылау жүргізуді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарларға қатысты тыйым салулардың, шектеулер мен бақылаудың сақталуын қамтамасыз ету;

      в) кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру;

      г) кеден ісі саласындағы әртүрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өзара көмек көрсету арқылы ынтымақтасуды жүзеге асырады.

      2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерін қозғамайды.

2.1-бап
Сұрау салумен алмасуды ұйымдастыру

      1. Сұрау салулармен және оларға берілетін жауаптармен алмасу Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары арасында, сондай-ақ тікелей Тараптар мемлекеттерінің аумақтық кеден органдары арасында да жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Тараптар мемлекеттерінің сұрау салушы орталық кеден органдарының сұрау салулары Тараптар мемлекеттерінің сұрау салынатын орталық кеден органдарына жолданады.

      3. Тараптар мемлекеттерінің сұрау салушы аумақтық кеден органдарының сұрау салулары тікелей Тараптар мемлекеттерінің сұрау салынатын аумақтық кеден органдарына жолданады.

      4. Сұрау салуды Тараптар мемлекетінің қандай кеден органына жолдау керектігін айқындау мүмкін болмаған жағдайларда, бір Тарап мемлекетінің орталық кеден органы сұрау салуларды екінші Тарап мемлекетінің орталық кеден органының атына жолдайды.

      5. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар арасындағы хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

2.2-бап
Сұрау салуларды жолдау негіздері

      Мыналар:

      а) кеден заңнамасы талаптарының бұзылуын (ықтимал бұзылуын) айғақтайтын деректерді немесе мән-жайларды анықтау;

      б) Тараптар мемлекеттері кеден органдарының құқық қорғау бөлімшелерінің істері мен материалдары бойынша тексерулер жүргізу, әкімшілік процесті жүргізу (іс жүргізуді жүзеге асыру);

      в) осы Келісімнің 7-бабында көзделген жағдайларда құжаттарды беру;

      г) сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында тұратын немесе тіркелген тұлғаларды хабардар ету қажеттігі;

      д) кедендік бақылауды жүргізу сұрау салуларды жолдауға негіздер болып табылады.

3-бап
Кедендік формальдылықтарды оңайлату

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары:

      а) өзара келісім бойынша кедендік операциялар жасауды (кедендік ресімдеуді) жеделдету және кедендік бақылау тиімділігін арттыру, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану арқылы тиімділігін арттыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдайды;

      б) бір-бірінің сәйкестендіру (пломбалар, мөр бедерлері, мөртабандар) құралдарын, бір-бірінің кедендік құжаттарын мойындайды, ал қажет болған жағдайда, өткізілетін тауарларға өздерінің кедендік қамтамасыз етулерін қояды.

4-бап
Куәліктерді ұсыну

      1. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары сұрау салу бойынша бір Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілген тауарлардың екінші Тарап мемлекетінің аумағына заңды негіздерде әкелінгенін растайтын куәліктерді бір-біріне ұсынады. Куәліктерде тауарлар тиісінше ресімделген кедендік рәсімдердің түрі мен нәтижелері көрсетіледі. Бұл екінші Тарап мемлекетінің аумағынан тауарлар кері экспортталған жағдайларға да қатысты болады.

      2. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары сұрау салу бойынша бір-біріне өздеріне бағынысты кеден органдары ұсынған куәліктердің немесе басқа да құжаттардың төлнұсқа құжаттар болып табылатыны және барлық қажетті деректерді қамтитыны туралы мәліметтерді ұсынады.

5-бап
Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына немесе осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында қолданылатын халықаралық құқықтық актілерге сәйкес басқа да тыйым салынған құралдар мен заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес

      1. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары есірткі құралдары мен психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына немесе осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында қолданылатын халықаралық құқықтық актілерге сәйкес тыйым салынған басқа да құралдар мен заттардың (бұдан әрі - басқа да құралдар мен заттар) заңсыз айналымының алдын алу, тергеп-тексеру және жолын кесу бойынша іс-қимыл жасауды жандандыру мақсатында бір-біріне алдын ала сұрау салусыз және мүмкіндігінше қысқа мерзімде:

      а) есірткі құралдарының және психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ басқа да заттар мен құралдардың заңсыз айналымымен айналысатыны туралы белгілі болған немесе соған күдік туғызатын адамдар туралы;

      б) есірткі құралдары мен психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ басқа да құралдар мен заттардың заңсыз айналымы үшін пайдаланылатыны белгілі болған немесе осылай пайдаланылады деп күдік туғызатын контейнерлерді қоса алғанда, көлік құралдары, пошталық және курьерлік жөнелтілімдер (экспресс-жүктер) туралы мәліметтерді хабарлайды.

      2. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары есірткі құралдары мен психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ басқа да құралдар мен заттардың заңсыз айналымының адамдар қолданатын әдістері және оларды бақылаудың жаңа әдістері туралы алдын ала сұрау салусыз бір-біріне хабарлайды.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес Тараптардың кез келгені алған мәліметтер, хабарламалар және құжаттар осы мәліметтерді ұсынған Тарап мемлекетінің кеден органының жазбаша келісімі болған жағдайда, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ басқа да құралдар мен заттардың заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын тараптың құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарына берілуі мүмкін.

      4. Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамалары негізінде және өзара келісім бойынша орталық кеден органдары, қажеттігіне қарай, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, сондай-ақ басқа да құралдар мен заттардың бақыланатын жеткізілімдерін пайдаланады.

      Бақыланатын жеткізілімдерді пайдалану туралы шешімдерді ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары әрбір нақты жағдайда жеке қабылдайды және қажеттігіне қарай қаржылық уағдаластықтарды ескеруі мүмкін.

6-бап
Мәліметтерді беру

      1. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары өз бастамасы бойынша немесе сұрау салу бойынша кеден заңнамасының бұзылуын құрайтын немесе құрауы мүмкін, жасалған немесе дайындалып жатқан іс-әрекеттер туралы барлық қажетті ақпаратты, тауарлар сыныптауышы, олардың кедендік құны және тауарлардың шығарылған жері туралы, кедендік төлемдердің дұрыс есептелуі, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарларға қатысты тыйым салулардың, шектеулердің және бақылаудың сақталуы туралы мәліметтерді тез арада бір-біріне береді.

      2. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары мүмкіндігінше қысқа мерзімде, оның ішінде алдын ала сұрау салусыз, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қарсы күресуге ерекше мүдделі болып отырған ықтимал кедендік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді бір-біріне хабарлайды. Бұл бірінші кезекте:

      а) қоршаған табиғи ортаға немесе халықтың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін тауарларды;

      б) қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш және улағыш заттарды, жарылғыш құрылғыларды;

      в) тарихи, көркем, мәдени немесе археологиялық маңызды құндылығы бар заттарды;

      г) аса маңызды мәні бар және тарифтік емес шектеулер қолданылатын немесе жоғары кедендік баждар немесе салықтар салынуға жататын, кеден органдарының арасында келісілген тізбелерге енгізілген тауарларды;

      д) террористік және/немесе экстремистік бағыттағы немесе ұлтаралық және/немесе конфессияаралық негіздегі араздық пен алауыздықты қоздыру белгілері бар әдебиеттерді, аудио-, бейне- және өзге де материалдарды;

      е) порнографиялық мазмұндағы бейне- және өзге де материалдарды;

      ж) контрафактілі деп пайымдауға негізі бар тауарларды өткізу кезіндегі кедендік құқық бұзушылықтарға қатысы бар.

7-бап
Құжаттарды беру

      1. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары осы Келісім күшіне енгеннен кейін үш айдың ішінде өздерінің арасында кедендік мәселелер бойынша қолданыстағы заңнамалық және өзге де нормативтік актілердің көшірмелерімен алмасады және одан әрі кеден заңнамасына енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы бір-бірін дереу хабардар етіп отырады.

      2. Бір Тарап мемлекетінің кеден органы екінші Тарап мемлекеті кеден органының сұрау салуы бойынша әкімшілік органдардың кеден заңнамасын қолдану мәселелері жөніндегі шешімдерінің көшірмелерін береді.

      3. Құжаттарды беру туралы сұрау салуларда осы бапқа сәйкес осы Келісімнің 11-бабы 2-тармағының "д", "ж" тармақшаларында көзделген ережелерді орындау талап етілмейді.

      4. Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын құжаттарды беру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес құпиялылықты сақтау жағдайларында жүзеге асырылады.

8-бап
Өзара көмек көрсету

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары кеден ісі саласында, оның ішінде мыналарды:

      а) лауазымды тұлғаларды даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды;

      б) кеден мәселелері бойынша сарапшылармен алмасуды;

      в) кеден мәселелеріне қатысты кәсіби, ғылыми және техникалық мәліметтермен алмасуды;

      г) кеден заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес саласында тәжірибе алмасуды жүзеге асыра отырып, өзара көмек көрсетеді.

9-бап
Кеден заңнамасының сақталуын тексеру

      Бір Тарап мемлекетінің орталық кеден органының сұрау салуы бойынша екінші Тарап мемлекетінің орталық кеден органының осы Келісімнің 2.2-бабының "а"), "д") тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тексерулер жүргізуді қамтамасыз етеді. Тексеру нәтижелері осы Келісімнің 12-бабына сәйкес сұрау салушы Тарап мемлекетінің орталық кеден органына хабарланады.

9.1-бап
Құқық қорғау қызметін жүзеге асыру шеңберіндегі сұрау салулар

      1. Тараптар мемлекеттері кеден органдарының құқық қорғау бөлімшелерінің істері мен материалдары бойынша тексерулер жүргізу кезінде бір Тарап мемлекетінің кеден органы:

      а) мәліметтер мен құжаттарды (олардың расталған көшірмелерін) ұсыну туралы;

      б) тұлғалардан түсініктемелер алу туралы;

      в) егер бұл осы Келісімге қатысушы мемлекеттің сұрау салынатын кеден органының заңнамасына қайшы келмеген жағдайда, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы сұрау салуларды екінші Тарап мемлекетінің кеден органына жолдайды.

      2. Әкімшілік процесті жүргізу кезінде (іс жүргізуді жүзеге асыруда) бір Тарап мемлекетінің кеден органы екінші Тарап мемлекетінің кеден органына мынадай:

      а) мәліметтер мен құжаттарды (олардың расталған көшірмелерін) ұсыну туралы;

      б) жекелеген процестік әрекеттер жасау туралы сұрау салуларды жолдайды.

      3. Осы Келісімнің шеңберінде сұрау салынатын кеден органы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген мынадай процестік әрекетті:

      а) тұлғаларға сұрау жүргізуді;

      б) іс бойынша іс жүргізу үшін қажетті құжаттарды (олардың расталған көшірмелерін) талап етуді;

      в) тауарларды, көлік құралдарын, үй-жайлар мен аумақтарды қарап тексеруді ғана жүзеге асырады.

9.2-бап
Хабардар ету

      1. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары сұрау салу бойынша сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің аумағында тұратын немесе сонда құрылған тұлғаларды сұрау салуда және оған қосымшада санамаланған сұрау салушы кеден органы қабылдаған барлық құжаттар мен шешімдер туралы хабардар етеді.

      2. Хабардар ету сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің аумағында қолданылатын заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Хабардар ету сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің аумағында қолданылатын заңнамаға қайшы келмейді деп саналған жағдайда сұрау салуда айтылған нысанда немесе тәсілмен жүзеге асырылады.

9.3-бап
Дәлелдемелер

      Тараптар мемлекеттері кеден заңнамасының ережелеріне сәйкес осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден органдары ресімдеген кедендік бақылау жүргізу нәтижелері, сондай-ақ процестік әрекеттерді орындау нәтижелері және сұрау салулар негізінде алынған материалдар кедендік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде танылады және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес көрсетілген істерді қарау кезінде басқа дәлелдемелермен қатар бағалауға жатады.

10-бап
Сарапшылар мен куәлар

      Егер бір Тарап мемлекетінің сот немесе әкімшілік органдары кедендік құқық бұзушылықтар туралы қаралып отырған материалдарға байланысты тиісті сұрау салумен жүгінген жағдайда, онда екінші Тарап мемлекетінің кеден органы өз қызметкерлеріне осындай сот немесе әкімшілік талқылауларды куәлар немесе сарапшылар ретінде қатысуға уәкілеттік бере алады. Бұл қызметкерлер өздері қызметтік міндеттерін орындау кезінде анықтаған фактілер бойынша айғақтар немесе қорытындылар береді. Сот немесе әкімшілік талқылауға қатысу туралы сұрау салуда Тарап мемлекетінің сұрау салынатын кеден органы қызметкерінің қандай іс бойынша және кім ретінде қатысатыны көрсетілуге тиіс.

11-бап
Сұрау салудың нысаны және мазмұны

      1. Осы Келісімде көзделген сұрау салу Тарап мемлекетінің сұрау салынатын кеден органының бланкісінде, сұрау салу мәтініне сілтемесі бар және оның тиісінше орындауға қажетті құжаттар (олардың расталған көшірмелері) қоса беріле отырып, жазбаша нысанда жолданады.

      2. Сұрау салуда:

      а) сұрау салынатын және сұрау салушы кеден органдарының атауы;

      б) осы Келісімге сілтеме;

      в) сұрау салуды жолдау негізі;

      г) Тарап мемлекетінің кеден заңнамасының сұрау салуды орындау нәтижесінде сақталғандығы тексерілуі тиіс ережелерін көрсету;

      д) сұрау салатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес істің мән-жайының және оның заңдық біліктілігінің қысқаша сипаттамасы (осы Келісімнің 2.2-бабы "д" тармағына сәйкес сұрау салуларды жолдау жағдайларын қоспағанда);

      е) сұрау салынатын құжаттар мен мәліметтердің тізбесі;

      ж) сұрау салуда көрсетілген тұлғалар туралы қолда бар ақпаратты;

      з) сұрау салуды орындауға байланысты өтінішхаттар, тапсырмалар қамтылуы тиіс.

      3. Осы Келісімнің 9.1 және 9.2-баптарына сәйкес сұрау салуларды жолдау кезінде сұрау салуда сондай-ақ мыналар:

      а) кедендік құқық бұзушылық туралы істің нөмірі, егер мұндай ақпарат белгілі болса, келтірілген залалдың көлемі;

      б) орындалуы сұралатын нақты іс-әрекеттердің тізбесі, тұлғаларға қойылуы тиісті сұрақтар, олардың кезектілігі, анықталуы және нақтылануы тиісті мән-жайлар;

      в) хабарламаны табыс ету қажеттігі болған кезде құжат табыс етілуге жататын тұлғаның нақты мекенжайы, табыс етілетін құжаттың атауы, сондай-ақ табыс ету нысаны немесе әдісі;

      г) сұрау салуда көрсетілген іс-шаралардың орындалу мерзімі көрсетіледі.

      4. Сұрау салуды қолжетімді байланыс құралдары арқылы жолдау, оның ішінде кейіннен пошта арқылы түпнұсқасын жібере отырып, факсимильді және электрондық құралдар арқылы жүзеге асырылады.

12-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес және өз құзыреті шегінде сұрау салуларды орындауда бір-біріне жәрдем көрсетеді.

      2. Сұрау салу оны алған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде орындалады. Сұрау салынған ақпаратты ұсыну мерзімін қысқарту қажеттігі болған кезде сұрау салудың мәтінінде себебін көрсете отырып, ескертпе жасалады. Мұндай жағдайда сұрау салуды орындау мерзімі екі аптаға дейін қысқартылуы мүмкін.

      Егер сұрау салынатын кеден органында сұрау салынған ақпарат болмаса, оның ішінде өзге мемлекеттік органдардан ақпарат алу қажет болған жағдайда, ол өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес өз атынан әрекет ете отырып, осы ақпаратты алу үшін шаралар қабылдайды. Бұл жағдайда сұрау салуды орындау мерзімі екі айға дейін ұзартылуы мүмкін.

      3. Осы Келісімнің 9-бабында көзделген сұрау салу оны алған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде орындалады.

      4. Сұрау салынатын кеден органы, егер бұл сұрау салуды орындау үшін қажет болса, сұрау салушы кеден органына қосымша ақпаратты ұсыну туралы өтінішпен жүгіне алады. Аталған өтініш кейіннен поштамен жіберіле отырып, электрондық поштамен немесе факсимильді байланыспен жолданады. Мұндай қосымша ақпаратты сұрау салушы кеден органы сұрау салынатын кеден органының оны ұсыну туралы жазбаша өтініші жолданған күннен бастап екі айдан кешіктірмей ұсынуы тиіс. Бұл жағдайда сұрау салуды орындау мерзімі қосымша ақпаратты алған күннен бастап қайтадан саналады.

      5. Сұрау салуды осы Келісімде белгіленген мерзімде ішінара немесе толық орындау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын кеден органы орындаудың болжамды мерзімдері туралы сұрау салушы кеден органына хабарлайды.

      6. Сұрау салынатын кеден органы сұрау салуға берілген жауапты, сондай-ақ тиісті материалдарды сұрау салушы кеден органына сұрау салуы бар хатқа қол қойған лауазымды тұлғаның атына жолдайды. Бұл ретте алынған сұрау салу деректемелеріне сілтемелер жасау міндетті болады.

      7. Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында дайындалған немесе мекеме немесе оған арнайы уәкілеттік берілген тұлға өз құзыреттері шегінде және белгіленген нысан бойынша куәландырған немесе елтаңбалық мөрмен бекемделген құжаттар басқа Тараптар мемлекеттерінің аумағында қандай да бір қосымша растаусыз қабылданады.

      8. Сұрау салуға берілген жауапта сұрау салынатын кеден органы сұрау салынған мәліметтерді, тиісті түрде куәландырылған, сұрау салудың мәніне қатысы бар кедендік, коммерциялық, көліктік және өзге де құжаттардың көшірмелерін, сұрау салынатын кеден органының пікірі бойынша сұрау салушы кеден органы мемлекетінің заңнамасымен көзделген шешімдер мен шараларды сұрау салушы кеден органының қабылдауына ықпал етуі мүмкін басқа да құжаттар мен мәліметтерді табыс етеді. Тарап мемлекетінің аумақтық кеден органы осы тармақта көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді, егер осындай келісу ұлттық заңнамада көзделген болса, осы Тарап мемлекетінің орталық кеден органымен келіскеннен кейін ұсынады.

      9. Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында ресми құжаттар ретінде қарастырылатын құжаттар басқа Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында ресми құжаттардың дәлелдемелік күшімен қолданылады.

      10. Егер:

      оның орындалуы сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін болса;

      сұрау салу осы Келісімнің 2.1 және 11-баптарында көрсетілген ережелерге және/немесе тәртіпке сәйкес келмесе;

      осы баптың 4-тармағына сәйкес сұрау салынған қосымша ақпарат, сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды жолдаған күннен бастап екі ай ішінде келіп түспесе;

      Тарап мемлекетінің орталық кеден органы Тарап мемлекетінің аумақтық кеден органына осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасуға уәкілеттік бермеген болса;

      сұрау салынатын кеден органына байланысты емес себептер бойынша сұрау салу объективті түрде орындалмаса, сұрау салуды орындаудан бас тартылады.

      11. Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ бас тарту себептері туралы Тарап мемлекетінің сұрау салушы кеден органы дереу жазбаша нысанда хабардар етіледі.

      12. Егер сұрау салынатын кеден органының осы Келісімге қатысушы мемлекетінің заңнамасы процестік әрекеттер жасау үшін уәкілетті лауазымды тұлғаларының арнайы құжаттарды, қаулыларды шығаруын талап еткен жағдайда, онда оларды шығару сұрау салу орындау орны бойынша жүргізіледі.

      13. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының келісуі бойынша сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің аумағындағы процестік әрекеттер сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің заңнамасына сәйкес сұрау салынатын кеден органының өкілдері болғанда немесе олардың қатысуымен жүргізілуі мүмкін.

      14. Сұрау салушы кеден органының өтініші бойынша сұрау салынатын кеден органы сұрау салушы кеден органының тапсырманы орындау кезінде өз өкілдерінің қатысу мүмкіндігін қарау үшін жекелеген процестік әрекеттер жасау туралы тапсырманы орындаудың жоспарланған уақыты мен орны туралы алдын ала хабарлайды.

13-бап
Құжаттар

      1. Сұрату бойынша төлнұсқа құжаттарды беру осы құжаттардың ресми куәландырылған көшірмелері немесе фотокөшірмелері жеткіліксіз болған жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Төлнұсқа құжаттар сұрау салынатын кеден органына мүмкіндігінше қысқа мерзімде қайтарылуы тиіс.

      3. Осы баптың ережелерін қолдану кезінде сұрау салынатын кеден органы мемлекетінің немесе осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.

14-бап
Алынған ақпаратты пайдалану

      1. Осы Келісім шеңберінде алынған кез келген ақпаратты Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары ғана және осы Келісімде көрсетілген мақсаттар үшін ғана пайдаланады.

      Ол, егер осындай ақпаратты ұсынған Тарап мемлекетінің кеден органы өз келісімін жазбаша нысанда білдірген жағдайда ғана берілуі немесе өзге мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін. Осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес сұрау салушы кеден органы айғақтардың хаттамалық жазбаларында, есептерде және куә айғақтарында, сондай-ақ сот талқылауларында осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты дәлелдік база ретінде пайдалануға құқылы.

      2. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратқа қатысты ұқсас сипаттағы және мазмұндағы жеке ақпарат үшін өз мемлекеттерінің заңнамасында көзделген сондай құпиялылық режимін қамтамасыз етеді.

      3. Осы Келісім шеңберінде мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын ақпарат алмасу жүзеге асырылмайды.

15-бап
Шығыстар

      1. Осы Келісімнің негізінде орындалған сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды, сұрау салушы кеден органдары көтеретін және ол сұрау салудың шеңберінде көрсетілген болжанған шығындар туралы алдын ала хабардар болуы тиіс куәларға, сарапшыларға және мемлекеттік қызметте тұрмайтын аудармашыларға арналған шығыстарды қоспағанда, сұрау салынатын кеден органы көтереді.

      2. Осы Келісімді іске асыруға байланысты өзге де шығыстарды өтеу Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары арасындағы жеке уағдаластықтың нысанасы болуы мүмкін.

16-бап
Осы Келісімді орындау

      1. Осы Келісімге сәйкес ынтымақтастық пен өзара көмек Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары арасында тікелей жүзеге асырылады.

      2. Осы Келісім ережелерін орындау мақсатында Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары өз құзыреттері шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді шығаруы, сондай-ақ нақты кедендік мәселелер бойынша жекелеген халықаралық шарттарды жасасуы мүмкін.

      3. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары осы Келісімнің ережелерін іске асыруға байланысты мәселелердің реттелуін қамтамасыз ететін өз құрылымдық бөлімшелерін және лауазымды адамдарын айқындайды және оларға тікелей байланыстарды жүзеге асыру үшін уәкілеттік береді.

      4. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары тікелей байланыстарды жүзеге асыруға уәкілетті тұлғалардың тізімдерімен, сондай-ақ осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары ақпарат алмасуға уәкілеттік берген Тараптар мемлекеттерінің аумақтық кеден органдарының тізімдерімен алмасады және аталған тізімдердегі өзгерістер туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

      5. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары бірлескен шешімдерді қабылдау арқылы осы Келісімнің ережелерін іске асыруға бағытталған іс-қимылдар тәртібін айқындай алады.

      6. Қажет болған жағдайда, Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары осы Келісім ережелерін орындауға байланысты мәселелерді талқылау үшін консультациялар өткізеді.

17-бап
Келісімнің басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Келісімнің ережелері басқа халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар қабылдаған құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

18-бап
Қорытынды ережелер

      1. Әрбір Тарап осы Келісімнен шығу туралы өтінішті барлық Тараптарға тарататын осы Келісімнің депозитарийіне ол туралы жазбаша нысанда кемінде 6 ай бұрын хабарлай отырып, мәлімдей алады.

      2. Осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім, оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      1994 жылғы 15 сәуірде Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған мемлекеттерге оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
      Армения Республикасының Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
      Түрікменстан Үкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
      Украина Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының Үкіметі үшін

1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2018 жылғы 1 маусымдағы хаттамаға Әзербайжан Республикасының ескертпесі

      Келісімнің 5-бабының 4-тармағын қоспағанда.

      Армения Республикасы Әзербайжан Республикасының басып алған барлық аумақтарын босатқанға және агрессия салдарын толық жойғанға дейін Әзербайжан Республикасы Армения Республикасына қатысты осы Келісімде жазылған ешбір құқықтарды, міндеттер мен ережелерді қолданбайды.

      Әзербайжан Республикасы
Премьер-Министрінің

бірінші орынбасары
Ягуб Эюбов

1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Армения Республикасының ерекше пікірі

      1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Әзербайжан Республикасының ескертпе ұсынуына байланысты Әзербайжан Республикасының Таулы Қарабах халқына қатысты этникалық тазарту саясатын қолдануының және Таулы Қарабах Республикасына қарсы әскери агрессияны өрістетуінің нәтижесі болып табылатын Таулы Қарабах қақтығысы реттелгенге дейін Армения Республикасы Әзербайжан Республикасына қатысты көрсетілген Келісімнің ешбір құқықтарын, міндеттері мен ережелерін қолданбайды.

      Бірінші вице-премьер-министр А. Мирзоян

      Осы арқылы қоса беріліп отырған мәтін 2018 жылғы 1 маусымда Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтерінің басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған 1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыда аталған Хаттаманың төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Атқарушы комитет төрағасының
бірінші орынбасары - атқарушы хатшы
В. Гуминекий

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады