Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 25 желтоқсандағы № 283-VІ ҚРЗ.

      2018 жылғы 29 наурызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Моңғолия,

      егемендікті және теңдікті өзара құрметтеуді негізге ала отырып,

      екі мемлекет арасындағы қылмыстық құқық қатынастарында құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,

      сотталған адамдардың өздері азаматтары болып табылатын мемлекетте жазаны өтеуі олардың қоғамға қайта араласуына ықпал тигізетінін ескере отырып,

      мыналар туралы уағдаласты:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Шарттың мақсатында мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      а) "Беруші Тарап" - сотталған адамды өз аумағынан беретін немесе берген Тарап;

      б) "Қабылдаушы Тарап" - сотталған адамды өз аумағына қабылдайтын немесе қабылдаған Тарап;

      в) "Сотталған адам" - Беруші Тараптағы сотпен белгіленген мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адам.

2-бап
Жалпы ережелер

      Әрбір Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес екінші Тарапқа сотталған адамды Беруші Тарап сотымен шығарылған үкімді орындау үшін беруге құқылы.

3-бап
Орталық органдар

      1. Тараптар осы Шартты іске асыру мақсатында сол үшін айқындалған орталық органдар арқылы бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Моңғолия үшін Әділет және ішкі істер министрлігі болып табылады.

      3. Тараптардың кез келгені көрсетілген орталық органдарды өзгерткен жағдайда, екінші Тарапқа бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлайды.

4-бап
Беру шарттары

      1. Сотталған адамды беру, егер:

      а) сотталған адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылса;

      б) адам Қабылдаушы Тараптың да заңдары бойынша қылмыс болып табылатын әрекет үшін сотталса;

      в) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енсе және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде бір жылды құраса;

      г) сотталған адамның жазбаша келісімі немесе егер сотталған адам жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты өзінің еркін білдіре алмайтын жағдайда, оның заңды өкілінің келісімі бар болса;

      д) екі Тарап беруге келіссе жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Ерекше жағдайларда Тараптар, егер сотталған адамның жазаны өтейтін уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының в) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да, беруге келісе алады.

5-бап
Беруден бас тарту

      1. Егер:

      а) Тараптардың бірі беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнаманың іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;

      б) сотталған адам Беруші Тараптың аумағында талап қою рәсімдеріне тартылған болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.

      2. Тараптардың әрқайсысы осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап сұратып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шеше алады.

6-бап
Сұрау салу және жауап

      1. Сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы Шартқа сәйкес беруге қатысты кез келген Тарапқа жүгіне алады. Сотталған адам беру мәселесі бойынша жүгінген Тарап бұл туралы басқа Тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.

      2. Беру туралы сұрау салуды кез келген Тарап жасай алады. Сұрау салынатын Тарап сұратылып отырған беруге келісетіні немесе келіспейтіні жөніндегі өз шешімі туралы сұрау салушы Тарапты жедел хабардар етеді.

      3. Беру туралы сұрау салулар мен жауаптар жазбаша нысанда жасалады және осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар бойынша жолданады.

7-бап
Құжаттарды ұсыну

      1. Егер беру туралы сұрау салынса және сұрау салынған Тарап одан бас тартпаса, Беруші Тарап Қабылдаушы Тарапқа мынадай құжаттарды және мәліметтерді ұсынады:

      а) үкімге негіз болған заңның тиісті ережелерін қоса алғанда, заңды күшіне енген үкімнің расталған көшірмесі;

      б) жазаның түрі мен мерзімі, сондай-ақ оны есептеу басталған күн көрсетілген мәліметтер;

      в) адамның жазаны өтеу режимі, сотқа дейін ұсталу мерзімдерін қоса алғанда, жаза бөліктерінің өтелген және өтелуге тиіс мерзімі көрсетілген мәліметтер, үкімді өзгерту туралы мәліметтер және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;

      г) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының г) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісім;

      д) сотталған адамның денсаулығының физикалық және психикалық жай-күйі туралы ақпарат.

      2. Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа мынадай құжаттарды және мәліметтерді ұсынады:

      а) сотталған адамның Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылатынын растайтын құжаттар немесе мәліметтер;

      б) әрекет үшін сотталған адамға қатысты үкім шығарылған әрекеттің қылмыстық жазалауға жататынын куәландыратын Қабылдаушы Тарап заңының нормалары;

      в) Беруші Тарап шығарған үкімнің Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындалу тәртібі туралы ақпарат.

8-бап
Сотталған адамды хабардар ету

      1. Тараптардың әрқайсысы өз аумағында осы Шарт өздеріне қолданылатын сотталған адамдарды олардың осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екендігін хабардар етуге тиіс.

      2. Тараптардың әрқайсысы өз аумағындағы сотталғандарды осы Шарттың 6-бабында көзделген беру туралы сұрау салу бойынша Беруші немесе Қабылдаушы Тараптардың қабылдаған шешімдері туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

9-бап
Сотталған адамның келісім беруі және оны растау

      1. Қабылдаушы Тарап сотталған адамның не оның заңды өкілінің беруге оның құқықтық салдарын толық түсініп, оған өз еркімен келісім беретіндігіне және оны беруге арналған келісім арқылы растайтынына көз жеткізуге құқылы.

      2. Беруші Тарап Қабылдаушы Тараптың сұрау салуы бойынша Қабылдаушы Тарапқа уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге келісім білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік береді.

10-бап
Сотталған адамды беру

      Беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда, Тараптар беру уақытын, орнын және тәртібін осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар бойынша консультациялар арқылы айқындайды.

11-бап
Үкімнің орындалуы

      1. Сотталған адамды алғаннан кейін Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Беруші Тарап шығарған үкімнің орындалуын жалғастырады.

      2. Егер Беруші Тарап айқындаған үкім бойынша жазаны өтеу режимдері мен мерзімдері Қабылдаушы Тараптың заңнамасымен үйлеспейтін болса, Қабылдаушы Тарап өз ұлттық заңнамасында соған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазалау шарасын тағайындай отырып, үкімді өзгерте алады. Мұндай өзгерту жағдайында:

      а) Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптың үкімінде қамтылған фактілерді мойындауға міндетті;

      б) Қабылдаушы Тарап бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алуға ауыстыруға құқылы емес;

      в) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі өзінің мәні бойынша және мүмкіндігінше Беруші Тараптың үкіміне сәйкес келуге тиіс;

      г) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі Беруші Тараптың үкімін ауырлатпауға және Қабылдаушы Тараптың заңнамасында осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін көзделген жазаның ең көп мерзімінен аспауға тиіс;

      д) үкімді өзгерту Қабылдаушы Тараптың заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге тиіс;

      е) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне Беруші Тараптың аумағындағы өтелген мерзім қоса есептеледі.

      3. Беруден кейін үкімді одан әрі орындау, үкімді жеңілдетуді және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануды қоса алғанда, Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасымен және қағидаларымен реттеледі.

12-бап
Юрисдикцияны сақтау

      1. Беруші Тараптың өзінің соты шығарған үкімді өзгерту немесе оның күшін жою үшін юрисдикцияны сақтауға құқығы бар.

      2. Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптан, Беруші Тараптың соты шығарған, осы бапқа сәйкес өзгертілген немесе күші жойылған үкімді алған жағдайда, үкімнің орындалуын өзгертеді немесе оның күшін жояды.

13-бап
Кешірім жасау және рақымшылық жасау

      Тараптардың әрқайсысы, екінші Тарапты бұл туралы осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар арқылы дереу хабардар ете отырып, берілген сотталған адамға қатысты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім жасау актісін немесе рақымшылық жасауды қолдануға құқылы.

14-бап
Үкімнің орындалуы туралы хабардар ету

      Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапты үкімнің орындалуы туралы мынадай жағдайларда:

      а) үкім орындалғанда;

      б) сотталған адам қашып кеткенде немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болғанда;

      в) беруші Тарап арнайы хабарлауды талап еткенде хабардар етеді.

15-бап
Транзит

      1. Тараптардың бірі үшінші мемлекетпен ынтымақтаса отырып, екінші Тараптың аумағы арқылы сотталған адамдардың транзитін жүзеге асыратын жағдайда, біріншісі соңғысына осындай транзиттерге арналған рұқсатқа сұрау салу жіберуге тиіс.

      2. Әуе көлігін пайдаланған және екінші Тарап аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген рұқсат талап етілмейді.

      3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы Тараптың транзит туралы өтінішхатын қанағаттандыруға тиіс.

16-бап
Тілі

      Осы Шарттың мақсаттарында Тараптардың орталық органдары бір-бірімен өзара іс-қимыл жасаған кезде орыс тілін пайдаланады. Бір Тараптың ресми тілінде әзірленген материалдар екінші Тараптың ресми тіліне не орыс тіліне аудармамен қамтамасыз етіледі.

17-бап
Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Шарттың мақсаттарында Тараптардың бірінің құзыретті органы дайындаған және осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар арқылы жолдаған кез келген құжат қолтаңбамен және осы құзыретті органның елтаңбалық мөрімен бекітіледі және екінші Тараптың аумағында растаусыз немесе заңдастырусыз пайдаланылады.

18-бап
Шығыстар

      1. Қабылдаушы Тарап:

      а) тек қана Беруші Тарап аумағында жұмсалған шығыстарынан басқа, сотталған адамды тасымалдауға байланысты;

      б) беруден кейінгі үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.

      2. Қабылдаушы Тарап сотталған адамнан шығыстарды толық немесе ішінара өтеуді талап етуге құқылы.

19-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Егер орталық органдар өзара келісімге қол жеткізбесе, осы Шартты түсіндіруге және қолдануға байланысты кез келген келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

20-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 21-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

21-бап
Шарттың күшіне енуі және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталарымен алмасқан күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлай отырып, осы Шарттың қолданылуын кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Шарттың қолданылуы оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабарлама алынған күннен бастап жүз сексен (180) күн өткен соң тоқтатылады. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылған кезеңде басталған, сотталған адамдарды беру жөніндегі іс-шаралар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      3. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін өздеріне қатысты үкім шығарылған сотталған адамдарды беруге де қолданылады.

      Осыны куәландыру үшін осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойған өкілдер, осы Шартқа қол қойды.

      2018 жылғы 29 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, моңғол және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Моңғолияүшін

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың моңғол тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады