2018 жылғы 20 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН БРАЗИЛИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ӨЗАРА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ШАРТ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы
БҰҰ-ның 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясы, БҰҰ-ның 2000 жылғы 15 қарашадағы Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясы және оған Хаттамалар, БҰҰ-ның 2003 жылғы 31 қазандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы және Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар негізінде Тараптардың ынтымақтасу ниетін ескере отырып,
қылмыстар үшін тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудағы тиімділікті, сондай-ақ қылмыстылыққа қарсы күрестің тиімділігін жақсартуға ұмтыла отырып,
сыбайлас жемқорлықты, ақшаны жылыстатуды және адам саудасын, есірткілердің, атыс қаруының, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың заңсыз саудасын, терроризм мен терроризмді қаржыландыруды қоса алғанда, қылмыстық әрекеттің қауіпті түрлеріне қарсы күрестің ерекше маңызын мойындай отырып,
сондай-ақ қылмыстылыққа қарсы күрестегі тиімді құрал ретінде активтерді қайтарудың маңыздылығын мойындай отырып,
адам құқықтары мен заңның үстемдігіне тиісті көңіл бөле отырып,
заң негізінде құрылған әділ соттың шешім шығаруына құқығын қоса алғанда, айыпталушы адамның әділ сот талқылауына құқығын қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктерді назарға ала отырып,
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмекке қатысты Шарт жасасуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
I тарау
Жалпы ережелер
1-бап
Көмектің көлемі
1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес, қылмыстар үшін тергеп-тексеруге немесе қылмыстық қудалауға байланысты қабылданатын кез келген шараларды және қылмыстық жолмен алынған кірістерге немесе қылмыс құралдарына жататын активтерді шектеу, алып қою немесе тәркілеу, сондай-ақ қайтару сияқты уақытша шараларды қоса алғанда, қылмыстық істерге байланысты талқылаулардың мақсаттары үшін өзара құқықтық көмек көрсетеді.
2. Көмек:
a) құжаттарды табыс етуді;
b) куәлік айғақтарды немесе адамдардың арыздарын алуды;
c) осы Шарттың мақсаттары үшін күзетпен ұсталатын адамдарды беруді;
d) іздестіру және алып қою бойынша сұрау салуларды орындауды;
е) құжаттармен, жазбалармен және басқа да дәлелдемелік материалдармен қамтамасыз етуді;
f) адамдарды, заттар мен орындарды сараптамалық зерттеулерді;
g) сараптама қорытындыларын алуды және беруді;
һ) адамдардың тұрған жерін айқындауды немесе оларды сәйкестендіруді;
і) қылмыстың кірістері мен құралдарын шектеуді, алып қоюды, тәркілеуді және пайдалануға ауыртпалық қоюды қоса алғанда, сәйкестендіруді, ізіне түсуді, уақытша шараларды және талқылауларға байланысты көмекті;
j) активтерді қайтаруды;
k) активтерді бөлуді;
l) Орталық органдар арасында келісілуі мүмкін өзге де көмекті қамтиды.
3. Көмек сұрау салудың нысанасы болып табылатын әрекеттің екі Тараптың заңнамасына сәйкес жазаланатынына не жазаланбайтынына қарамастан көрсетіледі.
4. Егер сұрау салу дәлелдемелерді іздеу және алып қою, қылмыстың кірістерін немесе құралдарын шектеу немесе тәркілеу үшін жасалса, Сұрау салынатын Тарап өзінің ішкі заңнамасына сәйкес көмекті өз қарауы бойынша көрсете алады.
5. Осы Шарттың мақсаттарында құқықтық көмекті Сұрау салушы Тараптың заңнамасында қылмысқа қатысты әкімшілік рәсімдерде немесе сот рәсімдерінде әрекет етуге уәкілеттік берілген құзыретті органдар сұратуға құқылы.
2-бап
Орталық органдар
1. Екі Тарап айқындаған орталық органдар:
Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;
Бразилия Федеративтік Республикасы үшін - Әділет министрлігі болып табылады.
2. Осы Шарт бойынша сұрау салулар мен жауаптар тікелей орталық органдар арқылы жіберіледі.
3. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар кез келген уақытта орталық орган ретінде кез келген басқа органды айқындай алады. Екінші Тарапты мұндай айқындау туралы хабардар ету дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.
4. Осы Шарттың мақсаттары үшін орталық органдар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасайды.
3-бап
Көмектен бас тарту
1. Егер:
a) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;
b) қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес саяси сипаты бар қылмыс ретінде қаралатын болса;
c) сұрау салу адамды шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, нәсілі, жынысы, діни сенімі, көзқарасы, тілі, ұлты немесе этникалық тиесілілігі белгісі бойынша қудалау мақсатында жіберілген деп пайымдауға негіздер болса;
d) сұрау салу төтенше немесе осы жағдай үшін құрылған (аd һос) трибуналдың талабы бойынша дайындалса;
е) сұрау салу Сұрау салынатын Тарапта көмек туралы сұрау салуда айтылған нақ сол қылмысы үшін жауаптылыққа тартылған адамға қатысты болса;
f) сұрау салу әдеттегі қылмыстық құқыққа сәйкес қылмыс болып табылмайтын, Сұрау салынатын Тарап әскери қылмыс ретінде танитын қылмысқа қатысты болса, Сұрау салынатын Тараптың орталық органы көмектен бас тарта алады.
2. Егер сұрау салуды орындау жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі келтіретін болса немесе өзінің аумағында қандай да бір адамның қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, Сұрау салынатын Тарап оның орындалуын кейінге қалдыра алады.
3. Осы бапқа сәйкес сұрау салуды орындаудан бас тартпастан немесе оны орындауды кейінге қалдырмастан бұрын Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмекті белгілі бір шарттарда көрсету мүмкіндігі туралы мәселені қарауға құқылы. Осы мақсатта Тараптардың орталық органдары өзара консультациялар жүргізеді және Сұрау салушы Тарап келіскен жағдайда құқықтық көмек оған Тараптар келіскен шарттарда көрсетіледі.
4. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы құқықтық көмекті көрсетуден бас тартса немесе оны кейінге қалдырса, онда ол мұндай бас тартудың немесе кейінге қалдырудың себептері туралы Сұрау салушы Тараптың орталық органын хабардар етеді.
4-бап
Алдын ала шаралар
Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы қауіп төніп тұрған заңды мүдделерді қорғау немесе дәлелдемелерді сақтау мақсатында қазіргі жағдайды сақтау үшін алдын ала шараларды жүзеге асырады.
5-бап
Пайдаланудағы құпиялылық пен шектеулер
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша сұрау салудың түсу фактісіне, оның мазмұнына, оған қоса берілген құжаттарға және оны орындау кезінде алынған кез келген басқа да құжаттар мен материалдарға қатысты құпиялылықты сақтайды. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараппен оның сұрау салуды орындауға мүдделілігі жөнінде консультациялар жүргізеді.
2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың көмек көрсетуі арқылы алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді сұрау салуда көрсетілмеген мақсаттар үшін пайдалануға немесе ашуға алдын ала келісімін сұратады.
3. Көмек көрсету арқылы алынған, көпшілік алдында, сот немесе әкімшілік тыңдауларда ашылған ақпарат немесе дәлелдемелер бұдан әрі кез келген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін. Сұрау салынатын Тарап ақпарат пен дәлелдемелерді өзге түрде пайдалану мүмкіндігін айқындай алады.
4. Осы баптың мазмұны қылмыстық талқылау бойынша Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес қажет шамада ақпаратты пайдалануға немесе ашуға кедергі келтірмейді. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапты кез келген мұндай ашу туралы хабардар етеді.
II тарау
Көмек туралы сұрау салулар
6-бап
Құжаттарды табыс ету
1. Сұрау салынатын Тарап осы Шартқа сәйкес Сұрау салушы Тарап жіберген құжаттарды табыс ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Осы тармақтың ережелері кез келген шақыруға немесе Сұрау салушы Тараптың аумағында құзыретті органның немесе соттың алдында кез келген адамның қатысуын талап ететін басқа рәсімдерге де қолданылады.
2. Сұрау салушы Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың аумағында құзыретті органның алдына адамның келуін талап ететін құжаттарды табыс ету туралы кез келген сұрау салуды келудің белгіленген күніне дейін 90 (тоқсан) тәуліктен кешіктірмей береді.
3. Сұрау салынатын Тарап, мүмкіндігінше, қолданыстағы заңнамада рұқсат етілген шектерде сұрау салуда көрсетілген тәртіппен құжаттарды табыс ету туралы растауды жібереді.
7-бап
Сұрау салынатын Тарапта айғақтар мен дәлелдемелер алу
1. Сұрау салынатын Тараптың қолданыстағы заңнамасында рұқсат етілген шектерде Сұрау салынатын Тараптың аумағында дәлелдемелер алу қажет адам Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес шақыру қағаздарының көмегімен немесе басқа да рұқсат етілген әдістер арқылы айғақтар беру немесе құжаттарды, жазбаларды немесе заттай дәлелдемелерді беру үшін мәжбүрлеп шақырылуы мүмкін.
2. Тиісті өтініш бойынша Сұрау салынатын Тараптың орталық органы осы бапқа сәйкес дәлелдемелер алудың күні мен орны туралы алдын ала хабарлайды.
3. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес сұрау салуды орындау кезінде Сұрау салушы Тараптың сұрау салуда көрсетілген лауазымды адамдарының қатысуына рұқсат бере алады.
8-бап
Сұрау салушы Тарапта айғақтар алу
1. Сұрау салушы Тарап дәлелдемелер беру немесе кез келген талқылау бойынша жәрдемдесу үшін адамның өзінің аумағына келуін сұрата алады.
2. Келу туралы шақыру қағазына жауап бермеген адам кейіннен Сұрау салушы Тараптың аумағына өз еркімен келетін және тағы да тиісті түрде шақырылатын жағдайларды қоспағанда, егер тіпті шақыру қағазында жазалау туралы ескерту қамтылса да, ол қандай да бір жазаға немесе бұлтартпау шарасына тартылмауға тиіс.
3. Сұрау салынатын Тарап адамнан оның Сұрау салушы Тараптың аумағына өз еркімен келуіне келісімін сұратады және оның жауабы туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
9-бап
Күзетпен ұсталатын адамдарды уақытша беру
1. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары күзетпен ұсталатын адам келіскен кезде осы адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша беруге рұқсат етеді.
2. Осы баптың мақсаттары үшін:
a) Сұрау салушы Тарап берілген адамның қауіпсіздігі үшін жауапты болады және адамды күзетпен ұстау жөніндегі міндеттемелерді алады;
b) Сұрау салушы Тарап сұратылып отырған іс-шаралар орындалғаннан кейін берілген адамды Сұрау салынатын Тарапқа қайтарады. Қайтару оны Сұрау салынатын Тараптың аумағында күзеттен босату күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады;
c) Сұрау салушы Тарап берілген адам өз аумағында болған кезеңде Сұрау салынатын Тараптан оны ұстап беру рәсімдеріне бастамашылық жасауды сұрамайды;
d) Сұрау салушы Тараптың аумағында күзетпен ұстау кезеңі адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында тартылған немесе тартылуға міндетті болатын бас бостандығынан айыру мерзіміне есептеледі.
10-бап
Қолсұғылмаушылықтың кепілдігі
1. Сұрау салушы Тараптың аумағындағы адам көмек туралы сұрау салу негізінде:
a) осы адамның Сұрау салушы Тараптың аумағына келуінің алдында болған кез келген әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін ұстауға, қудалауға, жазалауға немесе жеке бас бостандығын қандай да бір басқа шектеулерге ұшырамайды;
b) сұрау салуға қатыстысынан басқа кез келген тергеп-тексеруде немесе талқылауда айғақтар беруге немесе жәрдемдесуге мәжбүрленбейді.
2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:
a) оның болуы бұдан әрі талап етілмейтіндігі туралы ресми хабардар етілген кезден бастап 15 (он бес) тәулік ішінде кету мүмкіндігі бола тұра, Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе; немесе
b) кеткеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа өз еркімен қайта оралса, қолданылмайды.
3. Адам осы Шарттың 8-бабына сәйкес келуден бас тартқаны немесе осы Шарттың 9-бабына сәйкес оны беруден бас тартқаны үшін жазалауға немесе кез келген басқа да шектеулерге ұшырамайды.
11-бап
Бейнеконференция арқылы тыңдау
1. Сұрау салушы Тарап тыңдауды бейнеконференция арқылы өткізуді сұрата алады.
2. Сұрау салынатын Тарап тыңдауды бейнеконференция арқылы өткізумен келісе алады.
3. Бейнеконференция арқылы тыңдау туралы сұрау салуда осы Шарттың 22-бабында көрсетілген ақпаратқа қосымша тыңдауға қатысатын құзыретті органдардың атаулары мен басқа да адамдар қамтылуға тиіс.
4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдалуға тиіс адамды өзінің заңнамасына сәйкес шақырады.
5. Бейнеконференция бойынша тыңдауға мынадай қағидалар қолданылады:
a) тыңдау Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының қатысуымен өткізіледі, ол қажет болған жағдайда аудармашының қызметтерін пайдаланады. Бұл орган тыңдалатын адамды сәйкестендіруге және құқықтық рәсімнің тиісті түрде сақталуына жауапты болады. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдау кезінде тиісті құқықтық рәсім сақталмайды деп шешсе, ол тыңдаудың тиісті түрде жалғасуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды;
b) тыңдауды Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы өткізеді немесе өзінің заңнамасына сәйкес оның басшылығымен өткізіледі;
c) Сұрау салушы Тараптың немесе тыңдалатын адамның өтініші бойынша Сұрау салынатын Тарап осы адамға аудармашыны ұсынады;
d) тыңдалатын адам, егер мұндай құқық Сұрау салынатын немесе Сұрау салушы Тараптың заңнамасында танылатын болса, үнсіздік сақтау құқығын пайдалана алады.
6. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдау аяқталғаннан кейін есеп жасайды, онда:
a) тыңдауға қатысқан адамдар қол қойған, тыңдауды өткізу күні мен орны;
b) тыңдалған адамның жеке басы туралы мәліметтер;
c) тыңдауға қатысқан Сұрау салушы Тараптағы басқа да адамдардың жеке басы туралы мәліметтер;
d) міндеттеме немесе берілген ант; және
е) тыңдау өткізілген техникалық жағдайлар қамтылады.
7. Осы баптың 6-тармағында көзделген есепті Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органына береді.
8. Сұрау салынатын Тарап:
a) егер адам айғақтар беруге міндетті болса, оның оларды беруден бас тартуын; немесе
b) жалған айғақтар беруді қоса алғанда, егер бұл куәлар мен сарапшылар оның аумағында тыңдалатындай ұлттық талқылау болатын түрдегідей өзінің заңнамасы үшін қолданылуға тиісті шараларды қабылдайды.
9. Тараптар онда айыпталушы немесе өзіне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеру жүзеге асырылатын адам қатысатын бейнеконференция арқылы тыңдау үшін осы баптың ережелерін қолдана алады. Бұл жағдайда Тараптар бір-бірімен консультациялар жүргізеді және бейнеконференцияны олардың заңнамаларына және қолданыстағы тиісті халықаралық шарттарға сәйкес өткізу туралы мәселені шешеді. Айыпталушы немесе өзіне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеру жүзеге асырылатын адам қатысатын тыңдаулар олар келіскен кезде ғана жүргізілуі мүмкін.
12-бап
Тінту және алып қою
1. Егер сұрау салуда мұндай шараларды қабылдау негіздемесі қамтылса, Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес кез келген заттарды іздеу, алып қою және Сұрау салушы Тарапқа беру бойынша сұрау салуды орындайды.
2. Тараптар иелену дәйектілігін, заттың төлнұсқалығын және оның жай-күйінің тұтастығын растайтын құжатты сұрата алады.
3. Сұрау салынатын Тарап берілетін затқа қатысты үшінші адал тараптың мүдделерін қорғау үшін Сұрау салынатын Тарап қажет деп есептейтін мерзімдер мен шарттарға Сұрау салушы Тараптың келісімін талап ете алады.
13-бап
Ресми құжаттар
1. Сұрау салынатын Тарап, Сұрау салынатын Тараптағы биліктердің иелігіндегі кез келген нысандағы құжаттарды немесе ақпаратты қоса алғанда, жалпыға қолжетімді құжаттардың көшірмелерін Сұрау салушы Тарапқа береді.
2. Сұрау салынатын Тарап өз қарауы бойынша, Сұрау салынатын Тараптағы биліктердің иелігіндегі кез келген нысандағы құжаттарды немесе ақпаратты қоса алғанда, бірақ жалпыға қолжетімді болып табылмайтын кез келген құжаттардың көшірмелерін өзінің құқық қорғау және сот органдарына көшірмелер қолжетімді болатындай көлемде және сондай шарттарда беруі мүмкін.
14-бап
Құжаттар мен заттарды қайтару
Сұрау салушы Тараптың орталық органы, Сұрау салынатын Тараптың орталық органы құжаттарды немесе заттарды қайтарудан бас тартатын жағдайларды қоспағанда, бұл мүмкін болған кезде, осы Шарттың II тарауына сәйкес сұрау салуды орындау кезінде ұсынылған кез келген құжаттарды немесе заттарды қайтарады.
15-бап
Тәркілеу рәсімдеріндегі көмек
1. Тараптар сәйкестендіруді, ізіне түсуді, қылмыстың кірістері мен құралдарын шектеу, алып қою және тәркілеу сияқты алдын ала шараларды қамтитын рәсімдерде бір-біріне көмек көрсетеді.
2. Егер Тараптардың бірінің орталық органына қылмыстың кірістері немесе құралдары екінші Тараптың аумағында екені және осы Тараптың заңнамасына сәйкес шектеу, алып қою немесе тәркілеу сияқты алдын ала шараларға ұшырауы мүмкін екендігі мәлім болса, онда ол бұл туралы екінші Тараптың орталық органына хабарлай алады.
3. Егер Тарап осындай хабарламаны алса, онда ол осы ақпаратты тиісті әрекеттерді қабылдау туралы мәселені шешу үшін өзінің құзыретті органдарына жібере алады. Көрсетілген құзыретті органдар өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды және осы мемлекеттің орталық органы екінші Тараптың қабылданған әрекеттер туралы хабардар болғанына көз жеткізуге тиіс.
III тарау
Тәркіленген активтерді немесе олардың ақшалай баламаларын бөлу
16-бап
Активтерді қайтару
1. Егер Сұрау салушы Тараптың аумағында Сұрау салынатын Тарап алып қойған активтерге қатысты үкім шығарылса, мұндай активтер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес тәркілеу мақсаттары үшін Сұрау салушы Тарапқа қайтарылуы мүмкін.
2. Үшінші адал тұлғалардың немесе жәбірленушілердің осы активтерге мәлімделген құқықтары ескерілуге тиіс.
17-бап
Иемденіп алынған мемлекеттік қаражатты қайтару
1. Заңдастырылғанына немесе заңдастырылмағанына қарамастан және Сұрау салушы Тарапта иемденіп алынған мемлекеттік қаражатты құрайтын активтерді Сұрау салынатын Тарап алып қойған немесе тәркілеген жағдайда, Сұрау салынатын Тарап оларды өткізу бойынша шығыстарды шегере отырып, алып қойылған және тәркіленген активтерді Сұрау салушы Тарапқа қайтарады.
2. Қайтару, әдетте, Сұрау салушы Тараптың түпкілікті сот шешімінің негізінде жүргізіледі; алайда, Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес активтерді талқылау аяқталғанға дейін қайтара алады.
18-бап
Активтерді бөлу туралы сұрау салулар
1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тарап алып қойылған активтерді сақтап отырған Тараптың активтерді бөлуі туралы сұрау салу жасай алады.
2. Сұрау салынатын Тарап өзара келісім бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес осы активтерді Сұрау салушы Тараппен бөлісе алады. Активтерді бөлу туралы сұрау салу, егер айрықша жағдайларда Тараптар арасында өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, тәркілеу туралы түпкілікті шешім күшіне енген күннен бастап 1 (бір) жыл ішінде жіберілуге тиіс.
3. Сұрау салынатын Тарап осы баптың ережелеріне сәйкес дайындалған активтерді бөлу туралы сұрау салуды алғаннан кейін:
a) осы бапта баяндалғандай, активтерді бөлу туралы мәселені қарайды; және
b) Сұрау салушы Тарапқа қарау нәтижелері туралы хабарлайды.
4. Үшінші адал тараптар немесе жәбірленушілер болған жағдайларда, үшінші адал тараптардың немесе жәбірленушілердің құқықтарын қарау Тараптар арасында активтерді бөлу алдында басымдыққа ие болады.
19-бап
Активтерді бөлу
1. Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараппен активтерді бөлісуді ұсынса, ол:
a) өзара келісім бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес бөлуге жататын активтердің үлестерін айқындайды; және
b) осы Шарттың 20-бабына сәйкес Сұрау салушы Тарапқа осы үлеске баламалы ақшалай қаражатын аударады.
2. Активтердің құны болмашы болған кезде оларды бөлу жүзеге асырылмайды. Айрықша жағдайларда Тараптар өзгеше келісе алады.
20-бап
Бөлінген активтерді төлеу
1. Егер Тараптар арасында өзгеше өзара уағдаластыққа қол жеткізілмесе, осы Шарттың 19-бабы 1-тармағының b) тармақшасына сәйкес берілетін кез келген ақшалай қаражат:
a) Сұрау салынатын Тараптың валютасында; және
b) ақшалай қаражатты электрондық аудару немесе чек арқылы төленеді.
2. Мұндай кез келген ақшалай қаражатты төлеу:
а) Сұрау салушы Тараптың орталық органы көрсеткен тиісті мекемеге немесе банктік шотқа; немесе
b) жеке жағдайларда Сұрау салушы Тарап айқындауы мүмкін басқа алушыға немесе алушыларға жүргізіледі, бұл туралы Сұрау салынатын Тарап хабардар етіледі.
21-бап
Шарттарды белгілеу
Егер Тараптар арасында өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа осы Шарттың 19-бабы 1-тармағының b) тармақшасына сәйкес берілетін ақшалай қаражатты пайдалануға қатысты кез келген шарттарды қоя алмайды. Атап айтқанда, ол Сұрау салушы Тараптан осы қаражатты кез келген басқа мемлекетпен, ұйыммен немесе тұлғамен бөлісуді талап ете алмайды.
IV тарау
Рәсімдер
22-бап
Сұрау салулардың нысаны және мазмұны
1. Көмек туралы сұрау салу жазбаша нысанда рәсімделеді және орталық органдар оны бір-біріне электрондық байланыс арқылы бере алады. Сұрау салынатын Тарап түпнұсқаны жіберуді талап еткен кезде, ол 30 (отыз) тәулік ішінде ұсынылады.
2. Сұрау салуда мыналар:
a) сұрау салуға қатысты талқылауды Жүргізіп жатқан құзыретті органның атауы мен мекенжайы;
b) сұрау салуға байланысты іске қолданылатын заңдардың ережелерін қоса алғанда, іс нысанасының сипаттамасы және тергеп-тексеру, қудалау немесе басқа да талқылау мәнінің сипаты;
c) сұрау салу үшін негіз болып табылатын ақпараттың қысқаша баяндамасы;
d) сұратылып отырған дәлелдемелердің немесе өзге көмектің сипаттамасы; және
е) дәлелдемелер немесе өзге көмек сұратылып отырған мақсат қамтылуға тиіс.
3. Қажеттілік пен мүмкіндік шегінде сұрау салуда мыналар:
a) дәлелдемелерді алу талап етілетін адамның жеке басы, туған күні мен тұрғылықты жері туралы мәліметтер;
b) құжаттарды табыс ету талап етілетін адамның жеке басы, туған күні мен тұрғылықты жері туралы мәліметтер, адамның талқылауға қатысы және табыс етуді жүргізудің талап етілетін тәртібі;
c) іздестіріліп жатқан адамның жеке басы мен тұрған жері туралы қолда бар ақпарат;
d) тінту орны мен алып қоюға жататын заттардың нақты сипаттамасы;
е) кез келген айғақтарды немесе мәлімдемелерді алу және жазу тәртібінің сипаттамасы;
f) куәға немесе сарапшыға қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесі;
g) сұрау салуды орындау кезінде ұстануға тиіс кез келген ерекше рәсімдердің сипаттамасы;
һ) Сұрау салушы Тараптың аумағына шақырылған адамның құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы ақпарат;
і) сұрау салуды орындауды жеңілдету үшін Сұрау салынатын Тараптың назарына ұсынылуы мүмкін кез келген басқа ақпарат; және
j) құпиялылыққа қойылатын кез келген талаптар да қамтылуға тиіс.
4. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан сұрау салуды орындау мақсатында Сұрау салынатын Тарап үшін қажетті болып табылатын кез келген қосымша ақпаратты сұрата алады.
23-бап
Тіл
1. Егер өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, көмек туралы сұрау салулар және оларға қоса берілетін кез келген құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жіберіледі және Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліне аудармасы қоса беріледі.
2. Тараптардың әрқайсысының орталық органдары бір-бірімен, оның ішінде осы Шарттың 24-бабының 9-тармағында көзделген мақсаттар үшін ағылшын тілінде қарым-қатынас жасайды.
3. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындау нәтижесінде берілетін құжаттардың аудармасын ұсынуға міндетті емес.
24-бап
Сұрау салуларды орындау
1. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салуды дереу орындайды немесе қажет болған жағдайда оны құзыретті органдарға береді. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сұрау салуды орындау үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Сұрау салынатын Тараптың соттары сұрау салуды орындау үшін қажетті шақыру қағаздарын, тінтуге шешімдерді немесе басқа да шешімдерді беруге уәкілетті.
2. Егер осы Шартта өзгеше көзделмесе, көмек туралы сұрау салулар Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес орындалады.
3. Егер осы Шартта өзгеше көзделмесе, Сұрау салынатын Тарап мұндай формалдылықтар мен рәсімдер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмеген жағдайда, Сұрау салушы Тарап көрсеткен формалдылықтар мен рәсімдерді сақтайды.
4. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың сұрау салуда көрсетілген лауазымды адамдарының сұрау салуды орындауға қатысуына жәрдемдесе алады.
5. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органынан сұрау салуды орындау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін нысанда ақпаратты ұсынуды сұрата алады.
6. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптан алынған сұрау салуды орындау үшін Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қажет болуы мүмкін кез келген шараларды қолдана алады.
7. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органының өтініші бойынша сұрау салуды орындау рәсіміне қатысты кез келген ақпаратты ұсынады.
8. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органына сұрау салудың орындалуына кедергі келтіретін немесе сұратылған әрекетті өзгертуді талап ететін кез келген мән-жайлар туралы дереу хабарлайды.
9. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органына сұрау салуды орындау нәтижелері туралы дереу ақпарат береді.
25-бап
Ерікті түрде ақпарат алмасу
1. Тараптардың бірінің орталық органы мұндай ақпаратты ашу қабылдаушы Тарапқа тергеп-тексеруді немесе сот талқылауын қозғауға немесе жүзеге асыруға көмектесе алады немесе осы Шартқа сәйкес екінші Тараптың сұрау салуды жіберуі үшін себеп болуы мүмкін деп есептесе, ол ақпаратты алдын ала сұрау салусыз екінші Тараптың орталық органына жібере алады.
2. Беруші Тарап өзінің заңнамасына сәйкес қабылдаушы Тараптың мұндай ақпаратты пайдалану шарттарын айқындай алады. Қабылдаушы Тарап осы шарттарды сақтауға тиіс.
26-бап
Растау және куәландыру
Осы Шарттың 2-бабына сәйкес берілген көмек туралы сұрау салулар мен құжаттар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде толығымен жарамды болады.
27-бап
Шығыстар
1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Сұрау салынатын Тарап:
a) сарапшылар көрсететін қызметтердің гонорарларын, осы Шарттың 7-бабының 3-тармағына және 8-бабына сәйкес адамдардың жол жүруіне байланысты шығыстар мен төлемдерді;
b) бейнеконференциялық немесе телевизиялық байланыс жасауға және оған қызмет көрсетуге және осындай рәсімдерді жүргізу кезінде аударманы жүзеге асыруға арналған шығыстарды;
c) осы Шарттың 9-бабына сәйкес күзетпен ұсталатын адамдарды беру бойынша шығыстарды қоспағанда, сұрау салуды орындауға байланысты барлық шығыстарды көтереді.
Мұндай гонорарларды, төлемдер мен шығыстарды, оның ішінде, егер бұл сұратылған болса, аударма, көшірме жасау және аудармашылар көрсететін қызметтер үшін Сұрау салушы Тарап төлейді.
3. Егер Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органын сұрау салуды орындау қосымша шығыстарды талап етуі мүмкін екендігі туралы хабардар етсе, орталық органдар сұрау салу орындалатын шарттар туралы және шығыстарды бөлу тәсілі туралы келісімге қол жеткізу мақсатында консультациялар жүргізеді.
V тарау
Қорытынды ережелер
28-бап
Басқа халықаралық шарттармен үйлесімділік
Осы Шартта баяндалған көмек пен рәсімдер Тараптардың кез келгеніне екінші Тарапқа басқа халықаралық шарттардың ережелері негізінде не өз заңнамасының ережелері негізінде көмекті ұсынуға кедергі келтірмейді. Сондай-ақ Тараптар Тараптардың құзыретті органдары арасындағы қарым-қатынастарда қолданылуы мүмкін кез келген уағдаластыққа, халықаралық шартқа немесе практикаға сәйкес көмек көрсете алады.
29-бап
Консультациялар және дауларды шешу
1. Тараптардың орталық органдары Тараптардың бірінің өтініші бойынша осы Шарттың іске асырылуына қатысты жалпы мәселелер бойынша немесе нақты істер бойынша консультациялар жүргізеді. Орталық органдар осы Шарттың іске асырылуын жеңілдету үшін қажет болуы мүмкін қажетті практикалық шаралар туралы да уағдаласа алады.
2. Тараптар арасында осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
30-бап
Күшіне енуі, өзгерістер мен толықтырулар, қолданылуын тоқтату
1. Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Оның қолданылуы Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылуы мүмкін.
3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылады, жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
4. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін Тараптар бастамашылық жасаған кез келген рәсімдер өздері толық аяқталғанға дейін жүзеге асырылады.
5. Осы Шартқа сәйкес жасалған сұрау салулар ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға қолданылуы мүмкін.
2018 жылғы 20 маусымда Астанада әрқайсысы қазақ, португал және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Шарттың мәтіндерінде айырмашылықтар болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ | БРАЗИЛИЯ ФЕДЕРАТИВТІК |
ҮШІН | РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН |
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұдан әрі осы Шарттың португал және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.