"Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 26 маусымдағы № 348-VI ҚРЗ.

      1-бап. "Автомобиль көлiгi туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 15, 134-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 16, 129-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 1-2, 1-құжат; № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 8, 44-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 87-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 9, 46-құжат; № 19-І, 100, 101-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-I, 65-құжат; 2017 ж., № 9, 17-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; № 24, 93-құжат; 2019 ж., № 8, 45-құжат; № 21-22, 91-құжат; 2020 жылғы 7 мамырда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 28-1) және 32) тармақшалармен толықтырылсын:

      "28-1) халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отырудың ақпараттық жүйесі – автокөлік құралдарының орналасқан жерін айқындауды, сондай-ақ сәйкестендіру құралдарының тұтастығын қамтамасыз ететін навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін пайдалана отырып жұмыс істейтін ақпараттық жүйе;";

      "32) электрондық сәйкестендіргіштер (навигациялық пломбалар) –автокөлік құралының қозғалыс маршруты, сондай-ақ құрылғының сақталуы (ашылуы) туралы ақпаратты халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отырудың ақпараттық жүйесіне беруді қамтамасыз ететін құрылғылар.";

      2) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:

      "14-1-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отырудың ақпараттық жүйесінің ұлттық операторы

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отырудың ақпараттық жүйесінің ұлттық операторын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде айқындайды.

      2. Халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отырудың ақпараттық жүйесінің ұлттық операторы:

      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптарды сақтайды және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында айқындалған және (немесе) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес навигациялық спутниктік жүйелерді пайдалана отырып, халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тасымалдаушыларға электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалана отырып, халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынады.";

      3) 45-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасына немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің бірінен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекетке халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүзеге асырылған кезде мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен Мемлекеттік шекарасында автокөлік құралдарының жүк бөліктерін электрондық сәйкестендіргіштермен (навигациялық пломбалармен) пломбалайды.

      Электрондық сәйкестендіргіштердің (навигациялық пломбалардың) сақталуын халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылар қамтамасыз етеді.

      Электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалану тәртібін салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындайды.

      Кедендік бақылаумен өтетін жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын қоспағанда, электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) жалға алу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады