2019 жылғы 1 ақпанда Алматыда жасалған Кеме қатынасы туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Кеме қатынасы туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
Үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы хаттаманы (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 24 қосымша) іске асыру мақсатында
су көлігі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
құқықтардың теңдігі мен өзара тиімділік қағидаттарына сүйене отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай мағынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"ішкі су жолдары" - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі - мүше мемлекеттер) навигациялық белгілермен немесе өзге де тәсілмен белгіленген, кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кемелерге шет мемлекеттердің туын көтеріп жүзуге рұқсат етілген табиғи немесе қолдан жасалған су қатынасы жолдары;
"екіжақты тасымалдар" - кемеде туы көтерілген бір мүше мемлекеттің ішкі су жолдарының порттарынан (порттарына) басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдарының порттарына (порттарынан) жүктерді, жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау, сүйретіп жүзу;"кеме капитаны" - кемеде туы көтерілген мүше мемлекетті заңнамасына сәйкес аттестатталған және лауазымға тағайындалған, кемені басқаруды, оның ішінде кемені жүргізуді, кеменің жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кемедегі тәртіпті сақтау, су ортасын қорғау, кемеге, кемедегі адамдар мен жүкке зиян келтіруді болғызбау жөнінде шаралар қабылдауды жүзеге асыратын және кеме иесінің өкілі болып табылатын мүше мемлекеттердің бірінің азаматы;
"мүше мемлекеттің құзыретті органы" - ішкі су көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің органы;
"аралас ішкі су жолдары" - бір мезгілде екі және одан шөп шектес мүше мемлекеттердің аумағында орналасқан бір су объектісі бассейніне кіретін ішкі су жолдарының учаскелері;
"кеме" - мүше мемлекеттердің бірінің туын көтеріп жүзетін, ұлттық кеме тізіліміне немесе мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кемелердің басқа да тиісті ресми тізбесіне енгізілген, өзінің кеме тізілімінде немесе кемелердің басқа да тиісті ресми тізбесінде тіркеген мүше мемлекет резидентінің иелігіндегі, кеме қатынасы мақсаты үшін пайдаланылатын кез келген кеме. Аталған ұғым спорттық желкенді және серуендік кемелерді, әскери корабльдерді, коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын басқа да мемлекеттік кемелерді қамтымайды;
"кеме иесі" - кеменің меншік иесі болып табылатынына/табылмайтынына немесе оны өзге де заңды негізде пайдалануына қарамастан, өз атынан кемені пайдаланатын, мүше мемлекеттің аумағында оның заңнамасына сәйкес тіркелген заңды немесе жеке тұлға;
"кеме қатынасы" - жүктерді, жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау, кемелерді және жүзу объектілерін сүйретіп жүзу үшін кемелерді пайдалануға байланысты қызмет;
"ішкі су жолдары арқылы транзиттік өту" - егер мұндай жүзу мүше мемлекеттің мемлекеттік шекарасын кесіп өту арқылы басталса және аяқталса, мүше мемлекеттің бірінің кемелерінің басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдарында жүктерді тиемей және түсірмей, жолаушыларды отырғызбай және түсірмей басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдарымен жүзуі;
"мүше мемлекеттің уәкілетті органы" - өкілеттіктеріне осы Келісімді іске асырумен байланысты мәселелер кіретін мүше мемлекеттің атқарушы билік органы;
"экипаж мүшесі" - рейс кезінде кеменің бортында кемені пайдалануға немесе оған қызмет көрсетуге, оның ішінде жолаушыларға қызмет көрсетуге байланысты міндеттерді орындаумен тікелей айналысатын және кеме рөліне енгізілген кез келген адам.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда қолданылады.
2-бап
1. Осы Келісім ішкі су жолдарымен кемелердің жүзу тәртібін айқындайды.
2. Бір мүше мемлекет порттарының арасында басқа мүше мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелердің тасымалдауы мен сүйретіп жүзуін және басқа мүше мемлекеттің және үшінші елдердің порттарына (порттарынан) тасымалдауды қоспағанда, мүше мемлекеттердің туын көтеріп жүзетін кемелердің кемеде туы көтерілген мүше мемлекет пен басқа мүше мемлекет арасында аралас ішкі су жолдарында жүктерді, жолаушыларды және олардың багажын тасымалдауды, сүйретіп жүзуді, ішкі су жолдары арқылы транзиттік өтуді, екіжақты тасымалдауды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Кеме ішкі су жолдарында болған кезде аумағында осы жолдар орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасы сақталады. Әрбір Тарап басқа мүше мемлекеттердің туын көтеріп жүзетін кемелерге өз мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кемелерге берілетін дәл сол құқықтарды ұсынады.
4. Кемелер ішкі су жолдарымен жүзген кезде орыс тілі қарым-қатынас жасау тілі болып табылады.
5. Тараптар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ішкі су жолдарында ұсынылатын реттелетін қызметтерді көрсетудің бірдей шарттарын қамтамасыз етеді.
3-бап
1. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кемелердің жүзуі үшін ашық мүше мемлекеттердің аумақтарындағы ішкі су жолдарымен мүше мемлекеттердің туын көтеріп кемелердің жүзуі аумағында ішкі су жолдары орналасқан мүше мемлекеттің уәкілетті органына кеме иесі немесе оның өкілі кеменің ішкі су жолдарына кіруіне дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей беретін өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Мүше мемлекеттің уәкілетті органы теріс шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге өтуге өтінішті қарау қорытындысы туралы хабарлайды. Ішкі су жолдарына кіруге кеме габариттерінің ішкі су жолдарында кеме жүзуінің кепілдік берілген габариттеріне сәйкес келмеген, аумағында осы жолдар орналасқан мүше мемлекет заңнамасының талаптарына кеменің сәйкес келмейтіні туралы мәліметтер болған жағдайда, сондай-ақ мүше мемлекеттің қорғанысын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бас тартылады.
2. Екіжақты тасымалдау хабарлама негізінде жүзеге асырылады, оған сәйкес мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жыл сайын 1 сәуірге дейін жүктерді, жолаушылар мен олардың багажын тасымалдауды жүзеге асыру, кемеде туы көтерілген бір мүше мемлекеттің ішкі су жолдарының порттарынан (порттарына) басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдарының порттарына (порттарынан) сүйретіп жүзу үшін жоспарланатын кемелердің алдын ала тізімдерін келіседі.
3. Кемелер ішкі су жолдарына кірген (шыққан) кезде аумағында осы жолдар орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін жерге жақын орналасқан мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктінде шекаралық және басқа да бақылау түрлерінен өтуге міндетті.
4. Ішкі су жолдарымен жүзуге аумағында осы жолдар орналасқан, мүше мемлекет заңнамасының осындай кемеге қолданылатын талаптарына сай келетін кемелерге жол беріледі.
5. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ішкі су көлігі саласында мемлекеттік бақылауды (мемлекеттік порттық бақылауды) жүзеге асыруға уәкілетті мүше мемлекеттердің органдары өз құзыреті шегінде кемелердің кеме қатынасының қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді, сондай-ақ осы кемелердің экипаж мүшелерінің мүше мемлекеттердің ішкі су көлігі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасын сақтауын тексеруді жүзеге асыруға құқығы бар.
6. Кемелердің ішкі су жолдарының жекелеген учаскелеріндегі қозғалысын шектеу немесе тыйым салу аумағында осы жолдар орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес порттарда қолданылатын шекаралық, кедендік және өзге де рәсімдерді жеңілдету және оңайлату үшін қажетті шараларды қабылдайды.
8. Мүше мемлекеттердің құзыретті органдары мүше мемлекеттердің ішкі су көлігі саласындағы заңнамасы және оған енгізілген өзгерістер туралы ақпарат алмасады.
9. Кемелерді лоцмандық алып өту мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4-бап
Кемелердің ішкі су жолдарымен жүзу кезінде:
мүше мемлекеттердің заңнамасында олардың аумақтарына әкелуге және қозғалысына тыйым салынған жүктерді тасымалдауына;
балық аулау, гидрографикалық, зерттеу және кемелердің ішкі су жолдарымен өтуіне байланысты емес басқа да қызметті жүргізуіне жол берілмейді.
5-бап
1. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары кемелердің ішкі су жолдарымен жүзуі кезінде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында навигациялық жабдық құралдарының санаттары, кеме жүрісінің кепілдік берілген габариттері, кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарының жұмыс істеу мерзімдері туралы, сондай-ақ ішкі су жолдарында кемелердің қозғалысына енгізілетін шектеулер мен тыйым салулар туралы бір-біріне хабарлайды.
2. Мүше мемлекеттің туын көтеріп ішкі су жолдарымен жүзуді жүзеге асыратын кемелердің, оның ішінде су бетіндегі габариттерді қоса алғанда, сүйретіп жүзетін объектілердің габариттері аумағында осы жолдар орналасқан мүше мемлекет заңнамасының талаптары ескеріле отырып, жүзу маршрутындағы ішкі су жолдарының белгіленген габариттерінен аспауға тиіс.
3. Тараптар навигациялық кезеңде өз мемлекеттерінің ішкі су жолдарында кеме жүрісінің мәлімделген кепілдік берілген габариттеріне, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарының жұмыс істеу мерзімдеріне, сондай-ақ ішкі су жолдарының жекелеген учаскелерінде кемелер қозғалысына енгізілген шектеулермен тыйым салуларға сәйкес мүше мемлекеттердің туларын көтеріп жүзетін кемелердің кедергісіз жүзуіне қауіпсіз жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.
6-бап
1. Бір мүше мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелер басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдары арқылы транзиттік өту кезінде және екіжақты тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кемедегі қорларды толықтыруға, адамдарға медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ төтенше мән-жайлар мен өзге де оқиғаларға байланысты іс-қимылдар жасау үшін осы басқа мүше мемлекет айқындаған, мүше мемлекеттердің туларын көтеріп жүзетін кемелер кіруі үшін ашық тұратын порттарға тәуліктің кез келген уақытында тоқтай алады.
Аталған тоқтаған уақытта екіжақты тасымалдауды жүзеге асыру кезінде межелі порттарды және жөнелту порттарын қоспағанда, жүк операцияларын, жолаушыларды отырғызуға (түсіруге), өзге де коммерциялық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
2. Кеме осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ авария, көлік оқиғасы, жазатайым оқиға, дүлей апат жағдайында және өзге де айрықша жағдайларда тоқтаған кезде кеме капитаны немесе ол уәкілеттік берген тұлға бүл туралы ішкі су жолдары бассейнінің әкімшілігін немесе ішкі су жолдарының осы учаскесіндегі кеме қатынастарын реттейтін органды хабардар етуге тиіс.
7-бап
1. Тараптар кеме туын көтеріп жүзетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген кеме бортындағы кеме құжаттарын өзара таниды.
2. Тараптар халықаралық шарттар және (немесе) өз мемлекеттерінің заңнамасы негізінде мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес берілген экипаж мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарды өзара таниды. Мыналар, оның ішінде:
Армения Республикасында - Армения Республикасы азаматының паспорты;
Беларусь Республикасында - Беларусь Республикасы теңізшісінің ұлттық жеке куәлігі немесе Беларусь Республикасы азаматының паспорты;
Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы азаматының паспорты немесе теңізшінің жеке куәлігі;
Қырғыз Республикасында - Қырғыз Республикасынан тыс жерде Қырғыз Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын Қырғыз Республикасының жалпы азаматтық паспорты;
Ресей Федерациясында - Ресей Федерациясы теңізшісінің жеке куәлігі, азаматының паспорты немесе Ресей Федерациясынан тыс жерде Ресей Федерациясы азаматының жеке басын куәландыратын Ресей Федерациясы азаматының паспорты осындай құжаттар болып табылады.
3. Тараптар кемелердің капитандары мен экипаж мүшелерінің кемеде туы көтерілген мүше мемлекет атынан берілген біліктілік құжаттарын таниды.
Кеме экипаждарының ең аз құрамына қойылатын талаптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде мүше мемлекеттердің құзыретті органдары жасасатын жекелеген халықаралық ведомствоаралық шартпен айқындалады.
8-бап
1. Кемелердің экипаждары мүшелерінің мүше мемлекеттер аумақтарына келуі, кетуі, онда болуы және орын ауыстыруы мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бір мүше мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кеме экипажының мүшелері басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдарында және аумағында болған кезде осы басқа мүше мемлекеттің заңнамасын сақтамағаны үшін жауаптылықта болады.
3. Бір мүше мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кеме экипажының мүшелері басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдарында және аумағында болған кезде осы басқа мүше мемлекеттің азаматтық юрисдикциясы кеме бортындағы ішкі тәртіп пен еңбек қатынастарына қатысты дау болған жағдайларда қолданылмайды.
9-бап
1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ішкі су жолдарында басқа мүше мемлекеттердің туларын көтеріп жүзетін кемелерге және кеме экипаждарының мүшелеріне авариялар, көлік оқиғалары және жазатайым оқиғалар кезінде қажетті көмек көрсетеді.
2. Басқа мүше мемлекеттің аумағында апатқа ұшыраған, мүше мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемеге осы басқа мүше мемлекет осындай жағдайларда өз туын көтеріп жүзетін кемелерге ұсынатын қызметтерді, артықшылықтар мен жеңілдіктерді ұсынады.
3. Ішкі су жолдарындағы аварияларды, көлік оқиғалары мен жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді аумағында осындай авариялар, көлік оқиғалары мен жазатайым оқиғалар болған мүше мемлекеттің уәкілетті органы жүргізеді. Аталған тергеп-тексеруді жүргізуге осындай аварияларға, көлік оқиғаларына немесе жазатайым оқиғаларға ұшыраған кеме туын көтеріп жүзетін мүше мемлекеттің уәкілетті органының қатысуға құқығы бар.
4. Мүше мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемемен немесе кеменің қатысуымен болған аварияның немесе көлік оқиғасының салдарынан келтірілген залалды өтеу туралы талап арыздарды қарау және осы залалды өтеу, егер тасымалдау (тіркеп сүйреу) шартымен өзгеше көзделмесе, ішкі су жолдарында осындай авариялар немесе көлік оқиғалары болған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап
Тараптар уәкілетті және құзыретті органдары арасындағы, сондай-ақ су көлігі саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы іскерлік қатынастар мен ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға ықпал етеді.
11-бап
1. Тараптар осы Келісімнің іске асырылуына жауапты уәкілетті және құзыретті органдарды айқындайды.
2. Тараптар осы Келісімнің депозитарийіне осы Келісімнің іске асырылуына жауапты уәкілетті және құзыретті органдар туралы бір мезгілде хабарлай отырып, осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы ақпарат береді. Уәкілетті немесе құзыретті органның атауы өзгертілген жағдайда тиісті Тарап бүл туралы депозитарийді хабардар етеді.
3. Мүше мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағында көрсетілген өтінішті қарау тәртібін белгілейді және қажет болған жағдайда мұндай тәртіпке өзгерістер енгізеді.
4. Мүше мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген құжаттардың үлгілерімен, сондай-ақ осы құжаттарды беру қағидаларымен алмасады.
Көрсетілген құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда мүше мемлекеттердің құзыретті органдары мұндай өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына жаңа құжаттардың үлгілерін және оларды беру қағидаларын жібереді.
12-бап
1. Мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының және (немесе) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өкілдері осы Келісімді іске асыру және ішкі су көлігі саласындағы өзара мүддені білдіретін мәселелерді талқылау мәселелері бойынша кездесуі мүмкін.
2. Тараптар ішкі су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыруға және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар бөлігінде өздерінің ұлттық заңнамасын үйлестіру және біріздендіру үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсайды.
13-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
14-бап
1. Осы Келісім депозитарий дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.
2019 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.
Армения Республикасының Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
---|
Осы мәтін 2019 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласында:
Армення Республикасының Үкіметі үшін - Армения Республикасының Көлік, байланыс және ақпараттық технологиялар министрі А.В. Аршакян;
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін - Көлік және коммуникация министрінің орынбасары А.А. Ляхнович;
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін - Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж.М. Қасымбек;
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін - Қырғызстан Республикасының Көлік және жолдар министрі Ж.С. Бешенов;
Ресей Федераңиясының Үкіметі үшін - Көлік министрі Е.И. Дитрих қол қойған Кеме қатынасы туралы келісімнің толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын осы арқылы куәландырамын.
Түпнұсқа дана Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Құқықтық департаментінің директоры |
В.И.Тараскин |