БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Келісім ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.
Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған.
Сонымен қатар, осы Келісім ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.