2019 жылғы 25 маусымда Парижде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiм ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ
МЕН
БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ (ЮНЕСКО)
АРАСЫНДАҒЫ
ЮНЕСКО АЯСЫНДА МӘДЕНИЕТТЕРДІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫН (2-САНАТ) ҚҰРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(2021 жылғы 15 наурызда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2021 ж., N 1, 7-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы
37С/4 қарарының "Инклюзивті әлеуметтік дамуды қолдау, мәдениеттерді жақындастыру үшін мәдениетаралық диалогты көтермелеу және этникалық қағидаттарды ілгерілету" 6-шы Стратегиялық басым міндетін және ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы кеңейтілген ынтымақтастық, өзара түсіністік пен бейбітшілік үшін дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілету арқылы мәдениеттерді жақындастыруға қатысты халықаралық ынтымақтастықты қолдауға ұмтылатын 36С/40 қарарын ескере отырып,
Бас директорға Бас конференцияның 39-шы отырысында (39С/31 қарар) Қазақстан Республикасының Үкіметімен Бас конференцияның қарауына енгізілген жобаға сәйкес келісім жасасуға уәкілеттілік берілгендігін ескере отырып,
осы Келісімде ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық шеңберін реттейтін, Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығына ұсынылуға тиіс шарттар мен ережелерді айқындауға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап Анықтамалар
1. Осы Келісімде "ЮНЕСКО" Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымын білдіреді.
2. "Үкімет" Қазақстан Республикасының Үкіметін білдіреді.
3. "Орталық" ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын білдіреді.
2-бап
ҚҰРУ
Үкімет 2019-2020 жылдар ішінде Қазақстан Республикасы, Алматы қаласында Орталық құру үшін қажетті шараларды қабылдайды.
3-бап
Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты - Үкімет пен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық шарттарын, сондай-ақ Тараптардың мұндай ынтымақтастықтан туындайтын құқықтары мен міндеттерін айқындау.
4-бап
Құқықтық мәртебе
1. Орталық ЮНЕСКО-дан тәуелсіз.
2. Үкімет өз аумағы шегінде Орталықты өз іс-шараларын жүзеге асыруға қажетті функционалдық дербестікпен және:
(a) шарттар жасасу;
(b) сотқа жүгіну;
(c) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу;
(d) Үкіметтің мүліктерін қоспағанда, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару құқықтық қабілетпен қамтамасыз етеді.
5-бап
Жарғы
Орталықтың Жарғысы:
(a) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы шеңберінде Орталыққа ұсынылған құқықтық мәртебені, өз функцияларын жүзеге асыру үшін және ақша қаражаттарын, көрсетілген қызметтер үшін төлемдерді алу және оның жұмыс істеуі үшін қажетті барлық құралдарды сатып алу үшін қажетті құқықтық қабілетті;
(b) өзінің басқарушы органдарында ЮНЕСКО өкілдігіне рұқсат беретін Орталықтың басқару құрылымын нақты сипаттайтын ережелерді қамтуға тиіс.
6-бап
Функциялар мен міндеттер
Орталықтың функциялары мен міндеттері:
(a) Жібек жолы дамуының арқасында жинақталған ашықтық, төзімділік және бейбіт қатар өмір сүрудің озық тәжірибесіне сүйене отырып, Орталық Азияда дінаралық және мәдениетаралық диалог мәселелері жөніндегі зерттеулерге жәрдемдесу және білім өндірісіне үлес қосу;
(b) жеке және институционалдық білімдер мен қабілеттерді дамыту үшін ақпараттық-ағартушылық семинарлар, симпозиумдар және конференциялар арқылы ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық құзыреттілік пен мәдени сауаттылық жөніндегі әлеуетін және оқыту құралдарын дамыту жөніндегі күш-жігерін қолдау;
(c) Орталық Азияда және одан тыс жерлерде өңір туралы ғылыми өндіріс пен білімдерді ынталандыру үшін жұмылдырушы субъектілер желісінің дамуына жәрдемдесу және әлемнің басқа өңірлерінің ғалымдары арасында көбірек синергия жасау;
(d) білімдер өндірісіне, әлеуетті дамытуға, үйлестіруге, насихаттауға және әріптестікке жәрдемдесетін тиісті іс-шараларға, бағдарламаларға және бастамаларға қатысу болып табылады.
7-бап
Басқарушылар кеңесі
1. Орталықтың қызметі Басқарушылар кеңесінің басқаруымен және бақылауымен жүзеге асырылады, оның құрамы үш жылда бір рет жаңартылып отырады және оған мыналар:
(a) Үкіметтің бірден төртке дейін өкілі;
(b) осы Келісімнің 10-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес Орталықтың атына мүше болу туралы хабарлама жолдаған және Кеңесте өкілдік етуге ниет білдірген мүше мемлекеттердің бірден үшке дейін өкілі;
(c) ғылыми қоғамдастықтың бірден үшке дейін өкілі ("ғылыми қоғамдастық" тиісті университеттер мен зерттеу институттарын білдіреді);
(d) Алматы қаласы әкімінің бір өкілі;
(е) ЮНЕСКО Бас директорының бір өкілі кіреді.
2. Басқарушылар кеңесі:
(a) Орталықтың ұзақ мерзімді және орта мерзімді бағдарламаларын бекітеді;
(b) штат кестесін қоса алғанда, Орталықтың жыл сайынғы жұмыс жоспарын бекітеді;
(c) Орталықтың ЮНЕСКО-ның бағдарламалық мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесін өзін-өзі бағалау жөніндегі екі жылда бір рет дайындалатын есептерді қоса алғанда, Орталықтың директоры ұсынатын жыл сайынғы есептерді қарайды;
(d) Орталықтың қаржылық есептілігінің тәуелсіз аудитінің мерзімді есебін қарайды және қаржылық есептілікті дайындау үшін қажетті бухгалтерлік жазбалардың жүргізілуін бақылайды;
(е) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталықтың қағидалары мен регламентін бекітеді;
(1) Орталықтың жұмысына халықаралық ұйымдардың қатысуы мәселелері жөніндегі шешімдерді қабылдайды.
3. Басқарушылар кеңесі кезекті сессияларды тұрақты негізде, күнтізбелік жылда кемінде бір рет өткізеді. Кезектен тыс сессиялар Кеңес Төрағасының жеке бастамасымен, ЮНЕСКО Бас директорының сұратуымен немесе Кеңес мүшелерінің жай көпшілігімен шақырылады.
4. Басқарушылар кеңесі өзінің рәсімінің қағидаларын қабылдайды. Бірінші отырыс рәсімінің қағидаларын Үкімет және ЮНЕСКО белгілейді.
8-бап
ЮНЕСКО-ның үлесі
1. ЮНЕСКО қажеттілігіне қарай ЮНЕСКО-ның стратегиялық мақсаттары мен міндетгеріне сәйкес Орталықтың бағдарламалық қызметіне:
(a) Орталықтың мамандану салаларында өз сарапшыларының көмегін беру;
(b) қажет болған жағдайда қызметкерлермен уақытша алмасуға қатысу, бұл ретте тиісті қызметкерлердің жалақысын жіберуші ұйым төлейтін болады;
(c) егер бұл стратегиялық бағдарламалық басымдықтардың шеңберінде бірлескен іс-шараларды/жобаны іске асыру үшін қисынды болса, ерекше жағдайларда, Бас директордың шешімі бойынша өз қызметкерлерін уақытша іссапарға жіберу арқылы техникалық көмек көрсете алады.
2. Жоғарыда аталған барлық жағдайларда мұндай қолдау ЮНЕСКО-ның бағдарламалық және бюджет қаражаттары шегінде көрсетіледі және ЮНЕСКО мүше мемлекеттерге олардың қызметкерлерінің қаражаттарды пайдалануы туралы және осындай шығыстарға байланысты есептеулерді ұсынады.
9-бап
Үкіметтің үлесі
1. Үкімет Орталықты басқару және оның тиісінше жұмыс істеуі үшін қажетті барлық ресурстарды ұсынады.
2. Үкімет:
(a) Орталыққа Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, А25Ү5СО/050010, Қабанбай батыр көшесі 94, мекенжайы бойынша орналасқан "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік музейінің базасында тұрақты үй-жай беруге;
(b) үй-жайды күтіп-ұстауды толығымен өзіне алуға;
(c) жыл сайынғы негізде Орталыққа оның бағдарламалары мен іс-шараларын іске асыру үшін қажетті 200 000 АҚШ долларына балама мөлшерде қаражат бөлуге;
(d) ЮНЕСКО Бас директорымен келісу бойынша және Басқарушылар кеңесінің ұсынымы бойынша Басқарушылар кеңесінің Төрағасы тағайындайтын Орталық директорын қоса алғанда, Орталыққа оның функцияларын орындауы үшін қажетті әкімшілік персоналды беруге міндеттенеді.
10-бап
Қатысу
1. Орталықтың мақсаттарына қол жеткізуге өзінің ортақ мүдделілігіне орай Орталықпен ынтымақтастыққа ұмтылатын ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің және оның қауымдастырылған мүшелерінің қатысуын Орталық көтермелейді.
2. Орталықтың қызметіне қатысуға ниет білдірген ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер мен оның қауымдастырылған мүшелері осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Орталыққа хабарлама жібереді. Директор Келісімнің тараптарына және басқа мүше мемлекеттерге осындай хабарламаларды алғаны туралы хабарлайды.
11-бап
Жауаптылық
ЮНЕСКО Орталықтың міндеттемелері бойынша жауап бермейтіндіктен, біріншісі Орталықтың әрекеттері немесе кемшіліктері үшін заңдық тұрғыдан жауапты болмайды, сондай-ақ ол қандай да бір сот процесінде тарап болмайды және/немесе осы Келісімде анық баяндалған ережелерді қоспағанда, ешқандай қаржылық және өзге де міндеттемелерді алмайды.
12-бап
Бағалау
1. ЮНЕСКО:
(a) ЮНЕСКО-ның жаһандық басымдықтарын және байланысты секторалдық немесе бағдарламалық басымдықтар мен тақырыптарды қоса алғанда, С/5 құжатының (Бағдарлама және Бюджет) төртжылдық бағдарламалық кезеңдеріне сәйкес келетін ЮНЕСКО-ның стратегиялық бағдарламалық мақсаттарына және күгілетін нәтижелерге қол жеткізуге Орталықтың үлесін;
(b) Орталық қызметінің осы Келісімде көзделген қызметке сәйкестігін белгілеу үшін кез келген уақытта Орталықтың қызметіне бағалау жүргізе алады.
2. Осы Келісімді шолу үшін ЮНЕСКО-ның стратегиялық бағдарламалық міндеттеріне қол жеткізудегі Орталықтың үлесіне ЮНЕСКО бағалау жүргізеді, ол қабылдаушы ел немесе Орталық есебінен қаржыландырылады.
3. ЮНЕСКО кез келген жүргізілген бағалаулар туралы баяндаманы алғашқы мүмкіндік болған кезде Үкіметке беруғе міндеттенеді.
4. Жүргізілген бағалаудың нәтижелері бойынша Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің мазмұнын қайта қарауды немесе осы Келісімнің 16 және 17-баптарында көзделгендей оның күшін жоюды талап етуге құқылы.
13-бап
ЮНЕСКО-ның атауы мен эмблемасын пайдалану
1. Орталық өзінің ЮНЕСКО-мен байланысын атай алады. Осылайша, ол өзінің атауынан кейін "ЮНЕСКО аясында" деген сөздерді пайдалана алады.
2. Орталық ЮНЕСКО-ның басқарушы органдары белгілеген шарттарға сәйкес ЮНЕСКО-ның эмблемасын немесе оның бір түрін электрондық құжаттар мен веб-парақтарды қоса алғанда, өзінің ресми бланкілерінде немесе құжаттарында пайдалануға құқылы.
14-бап
*Күшіне ену
Осы Келісім Тараптар оған қол қойғаннан кейін, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес және ЮНЕСКО-ның ішкі қағидаларына сәйкес қажетті рәсімдердің аяқталғаны туралы олар бір-бірін жазбаша хабарландырғанда күшіне енеді. Соңғы хабарламаны алған күн осы Келісімнің күшіне енген күні деп есептеледі.
15-бап
Қолданылу мерзімі
Осы Келісім күшіне енген күннен бастап алты жыл бойы күшінде қалады. Осы Келісім Бас директор ұсынатын ұзартудың орындылығын бағалау нәтижелері негізінде ЮНЕСКО Атқарушы кеңесі өзінің ескертулерін ұсынғаннан кейін Тараптардың уағдаласуы бойынша ұзартылады.
16-бап
Күшін жою
1. Әрбір Тараптың осы Келісімді біржақты тәртіппен күшін жоюға құқығы бар.
2. Күшін жою Тараптардың біреуі екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберген хабарламаны алғаннан кейін отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
17-бап
Қайта қарау
Осы Келісім Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша қайта қаралуы мүмкін.
18-бап
Дауларды шешу
1. Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты, келіссөздер арқылы немесе екі тараппен келісілген кез келген өзгеше түрде шешу мүмкін болмайтын даулар түпкілікті шешу үшін төрелік сотқа жіберіледі. Төрелік сот біреуін Үкімет, екіншісін ЮНЕСКО-ның Бас директоры тағайындайтын, ал төраға болатын үшінші төрешіні тағайындалған екі төреші сайлайтын үш мүшені қамтиды. Егер алғашқы екі төреші үшінші төрешіні сайлауға қатысты келісімге келе алмайтын болса, оны Халықаралық соттың Төрағасы тағайындайды.
2. Төрелік соттың шешімі түпкілікті болып табылады.
Осыны куәландыру үшін осы Келісімге қол қоюға тиісінше уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар оған қол қойды.
2019 жылғы 25 маусымда Париж қ. әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей тең түпнұсқалы болып табылады.
Әртүрлі нұсқа арасында алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін |
Премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова |
Бас директоры Одрэ Азуле |
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісім ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.