Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 25 ақпандағы № 12-VII ҚРЗ.

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

      Осы заңды қабылдаудың мақсаты халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Заңнамаға түзетулер радиациялық қауіпсіздік және халықтың денсаулығын қорғау саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру міндеттерін шешуге бағытталған.

      Бұл үшін Заңмен келесі өзгерістер енгізілді:

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" және "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарының нормаларын нақты түсіндіру мақсатында терминология мен ұғымдық аппаратты нақтылау;

      халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру, сондай-ақ өкілеттіктердің қайталануын болдырмау мақсатында мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен функцияларын ажырату;

      білім сынағынан өту рәсімдерін ырықтандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға аттестаттаудан қайта өту құқығын беру;

      ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау кезінде авариялық дайындықты және ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюды регламенттеу;

      жүйелерде, жабдықтарда, ядролық қондырғының жобалық және пайдалану құжаттамасында өзгерістер болған жағдайда ғана ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікке қайта сараптама жүргізу;

      атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, ол "бір өтінім" қағидатын қамтамасыз ететін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз