2019 жылғы 25 қазанда Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XXV бөлімінің ережелерін негізге ала отырып,
бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін арттыруға ұмтыла отырып,
ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігі көбінесе асыл тұқымды жануарлардың пайдаланылуына байланысты екенін ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру мақсатында әзірленді және мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді реттейді.
Мүше мемлекеттердің аумақтарында ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"асыл тұқымды өнім" - асыл тұқымды жануар, оның ұрығы, эмбриондар, дернәсілдер, бал ара пакеттері;
"асыл тұқымдық құндылық" - асыл тұқымды жануардың, асыл тұқымды табынның селекцияланатын белгілерінің деңгейі және оларды ұрпағына беру мүмкіндігі;
"асыл тұқымды жануар" - өсіру үшін пайдаланылатын, мүше мемлекеттердің асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнамасымен белгіленген тәртіппен асыл тұқымды жануарларды есепке алу тізілімінде тіркелген және оны өткізген жағдайда асыл тұқымдық куәлігі (сертификаты, паспорты) бар ауыл шаруашылығы жануары;
"селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс" - ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешені;
"ауыл шаруашылығы жануарлары" - мал шаруашылығы өнімін алу мақсатында өсірілетін жануарлар.
3-бап
Селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде мүше мемлекеттерде асыл тұқымды өнім өндіру саласында бірыңғай талаптарды қолдану мақсатында мүше мемлекеттер осы Келісімге сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының шығарылған жаңа типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын байқаудан өткізуді, асыл тұқымды өнімге молекулалық генетикалық сараптама жүргізуді, туыстас тұқымдарды пайдалану кезінде алынған асыл тұқымды жануарлардың тұқымдарын анықтауды, сондай- ақ асыл тұқымдық құндылықты бағалауды біріздендіруді жүзеге асырады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының шығарылған жаңа типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын байқаудан өткізу тәртібін, асыл тұқымды өнімге молекулалық генетикалық сараптама жүргізу тәртібін, туыстас тұқымдарды пайдалану кезінде алынған асыл тұқымды жануарлардың тұқымдарын анықтау тәртібін, сондай-ақ асыл тұқымдық құндылықты бағалау әдістемелерін Еуразиялық экономикалық комиссия бекітеді.
4-бап
Инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны әзірлеу мен енгізу мақсатында мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету Еуразиялық үкіметаралық кеңес белгілейтін тәртіппен Еуразиялық үкіметаралық кеңес айқындайтын мүше мемлекеттердің жұмыс істеп тұрған мекемелері базасында жүзеге асырылады.
5-бап
Мүше мемлекеттер асыл тұқымды жануарлар және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтермен алмасуды, оның ішінде электрондық түрде алмасуды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Алмасуға жататын мәліметтер құрамын және осындай алмасу тәртібін Еуразиялық экономикалық комиссия бекітеді.
6-бап
Осы Келісімнің 3-бабында көзделген тәртіптер мен әдістемелерді бекіту туралы Еуразиялық экономикалық комиссия актілері күшіне енгенге дейін мүше мемлекеттерде мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген тиісті тәртіптер мен әдістемелер қолданылады.
7-бап
Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіреді.
8-бап
Осы Келісімді қолданумен байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
9-бап
Мүше мемлекеттерінің өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2019 жылғы 25 қазанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жолдайды.
Армения Республикасы үшін | Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |
Осымен, осы мәтін 2019 жылы 25 қазанда Мәскеу қаласында:
Армения Республикасы үшін Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В.Пашинян;
Беларусь Республикасы үшін Беларусь Республикасының Премьер-Министрі С.Н. Румас;
Қазақстан Республикасы үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Мамин;
Қырғыз Республикасы үшін Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі М.Д. Абылгазиев;
Ресей Федерациясы үшін Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Д.М. Медведев қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімнің толық және тең түпнұсқалы көшірмесі екенін куәландырамын.
Төлнұсқа дана Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Құқық департаменті директоры |
В.И. Тараскин |
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімнің қазақ тіліндегі нұсқасы орыс тіліндегі нұсқасына теңтүпнұсқалы болып табылады.
Бекемдеген: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Кадр және әкімшілік қамтамасыз ету департаменті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Н.Т. Аманжолов.