Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 11 мамырдағы № 37-VII ҚРЗ.

      2019 жылғы 22 тамызда Скопьеде жасалған Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ АДАМДАРДЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы қылмыстылықпен күресте неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге және адамдарды ұстап беру саласында екі мемлекет арасындағы қатынастарды реттеуге ниет білдіре отырып,

      осы Шартта ешнәрсе де Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының халықаралық құқықтан туындайтын құқықтарына және міндеттемелеріне нұқсан келтірмеуі тиістігін атап өте отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-БАП АДАМДЫ ҰСТАП БЕРУ МІНДЕТТЕМЕСІ


      Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес, өз аумағында жүрген адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін Сұрау салушы Уағдаласушы Тараппен іздестіріліп жатқан адамдарды ұстап беруге міндеттенеді.

2-БАП АДАМДЫ ҰСТАП БЕРУГЕ ӘКЕП СОҒАТЫН ҚЫЛМЫСТАР

      1. Осы Шарттың мақсатында адамды ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп сұрау салуды жолдаған кезде Уағдаласушы Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын болып табылатын және оларды жасағаны үшін кемінде 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе неғұрлым қатаң жаза көзделетін қылмыстар танылады.

      2. Ұстап беру туралы сұрау салу Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың соты оны ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға соттаған адамға қатысты болған жағдайда, егер адамның жазаны өтемеген мерзімі кемінде 6 айды құраса ғана, ұстап беру мүмкін болады.

      3. Осы баптың мақсатында, жасалған іс-әрекеттің екі Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын не табылмайтынын айқындау үшін:

      a) жасалған іс-әрекеттердің Уағдаласушы Тараптардың заңнамасы бойынша бір санаттағы қылмыстарға жатқызылуы не жатқызылмауы немесе жасалған қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологиямен аталуы маңызды емес; және

      b) ұстап беруге сұратылып отырған адамның іс-әрекеттері тұтастай назарға алынады және егер Уағдаласушы Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыстың құрамдас бөліктерінің айырмашылығы болса, ол маңызды емес.

      4. Егер адамды ұстап беру салық салу, қаржылық міндеттемелер, кедендік баждар немесе валюталық реттеу саласындағы заңнаманы бұзушылықпен байланысты қылмыстарды жасағаны үшін сұратылатын болса, Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың, заңнамасындағыдай салық салу, қаржылық міндеттемелер, кедендік баждар немесе валюталық реттеу туралы ұқсас ережелердің Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасында қамтылмайтыны уәжімен адамды ұстап беруден бас тартуға болмайды.

      5. Қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған жағдайда, егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасында осындай мән-жайлар кезінде өзінің аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделсе, адамды ұстап беру қанағаттандырылуға тиіс.

      6. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі Уағдаласушы Тараптың заңнамаларымен әрқайсысы жазаланатын бірнеше қылмысқа қатысты болса, бірақ олардың кейбірі осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген белгілерді қамтымайтын болса, онда Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап адамды барлық қылмысқа қатысты ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.

3-БАП ҰСТАП БЕРУДЕН БАС ТАРТУ

      1. Осы Шарт шеңберінде адамды ұстап беру мынадай мән-жайларда:

      a) Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс өлім жазасына жазапанатын жағдайда, егер Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда, орындалмайтыны туралы Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа жеткілікті кепілдіктер бермесе;

      b) іздестіріліп жатқан адам оны ұстап беру талап етіліп отырған қылмыс үшін Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында айыпталған, сотталған, ақталған немесе оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған жағдайда;

      c) егер осындай қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында жасалып, оның заңнамасы бойынша ескіру мерзімдері өткен жағдайда;

      d) егер ұстап беру талап етіліп отырған адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың азаматы болса;

      е) адамды ұстап беруге сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша оның аумағында ішінара немесе толық жасалу себебі бойынша тергеп-тексерілетін жағдайда;

      f) Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап қылмыстың ауырлығын және Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың мүдделерін ескере отырып, іздестіріліп жатқан адамның жеке мән-жайларына байланысты оны ұстап беру адамгершілік қағидаттарына үйлеспейді деп санаса;

      g) егер адамды ұстап беру сұратылып отырған іс-әрекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы бойынша әдеттегі кылмыстық құқыққа сэйкес қылмыстар болып табылмайтын әскери кылмыстарға қатысты болса;

      һ) Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың адамды ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік, діни, жыныстық тиесілілігіне, ұлтына қатысты себептер бойынша немесе саяси уәждер бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында берілген немесе адам осы себептердің кез келгені бойынша сотталуы мүмкін деп болжауға негізді себептері болған жағдайда;

      і) егер адам сұратылып отырған қылмысты Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап саяси қылмыс ретінде немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс ретінде қараса;

      j) егер адамды ұстап беру оны төтенше сотқа беру үшін немесе осындай сот тағайындаған үкімді немесе түзеуге ықпал ету шарасын орындау мақсатында сұратылса;

      k) егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап адамды ұстап беру егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін немесе өзінің конституциясына немесе заңнамасына қайшы келеді деп санаса;

      1) егер ұстап беру сұратылып отырған адамға Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап пана берсе, жүргізілмейді.

      2. Бас тарту себептері уәжді болуға тиіс.

4-БАП ҰСТАП БЕРУДЕН БАС ТАРТЫЛҒАН ЖАҒДАЙДА ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ

      1. Егер адамды ұстап беруден іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы негізінде ғана бас тартылса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша сол адамды қылмыстық қудалауға ұшыратуға тиіс. Осы мақсатта Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа тиісті құжаттарды жіберу туралы сұрау салуға құқылы.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа мұндай сұрау салу бойынша қабылданған әрекеттер туралы және талқылау қорытындылары туралы уақтылы хабарлайды.

5-БАП ҰСТАП БЕРУДІ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ НЕМЕСЕ УАҚЫТША ҰСТАП БЕРУ

      1. Егер ұстап беру сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында басқа қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылса немесе жазасын өтеп жатса, онда адамды ұстап беру іс бойынша іс жүрғізу аяқталғанға дейін, жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты хабардар етуге міндетті.


      2. Егер адамды ұстап беруді кейінге қалдыру ескіру мерзімінің өтуіне алып келуі мүмкін болса немесе қылмысты тергеп-тексеруді елеулі түрде қиындататын болса, онда Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес ұстап беру сұратылып отырған адамды уақытша ұстап беруі мүмкін.

      3. Уақытша ұстап берілген адам қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін, бірақ оны берген күннен бастап 90 күннен кешіктірмей Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа дереу қайтарылуға тиіс. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап, егер осындай ұзарту үшін жеткілікті негіздер болса, адамды уақытша ұстап беру кезеңін сұрау салу бойынша ұзарта алады.

6-БАП ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы Тараптар айқындаған орталық органдар өзара тікелей, дипломатиялық арналар арқылы не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы;

      Солтүстік Македония Республикасы үшін - Солтүстік Македония Республикасы Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.

      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап орталық органдарға байланысты кез келген өзгерістер туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тарапқа хабар береді.

7-БАП ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ ЖӘНЕ ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалып, Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың орталық органының мөрімен куәландырылуға тиіс және мыналарды:

      a) аты мен тегін, туған күнін, жынысын, егер белгілі болса, азаматтығы туралы ақпаратты, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді және іздестіріліп жатқан адамның жеке басын және оның тұрған жерін сәйкестендіруге ықпал етуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болса, тану деректерін, фотосуреттерін және саусақ іздерін;

      b) қылмыс жасалған күнін және орнын көрсете отырып, ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;

      c) ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмысты саралайтын және ол үшін жазаны белгілейтін тиісті заңның мәтінін;

      d) қылмыс үшін қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың уақытын шектеуге қатысты тиісті заңның мәтінін және ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа қатысты оның қолданылуы жөніндегі ақпаратты;

      е) ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағының шегінен тыс жерде жасалған кезде мұндай қылмыс бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың юрисдикциясы көзделетін тиісті заңның мәтінін қамтуға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:

      a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, оған Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың соты немесе құзыретті органы куәландырған күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулының немесе айыптау актісінің, сондай-ақ қамаққа алу туралы сот шешімінің немесе ордерінің көшірмелері;

      b) егер сұрау салу үкімді орындауға байланысты болса, оған Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың соты немесе құзыретті органы куәландырған, заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесі, егер қажет болса, өтелген және өтеуге жататын жаза бөліктері туралы анықтама қоса берілуге тиіс.

      3. Егер адам сырттай сотталған болса, егер Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа адамнын қорғалу құқығына кепілдік беретін, сот талқылауының қайта қаралуына құқығы бар екендігіне кепілдік берсе, ұстап беру қанағаттандырылуы мүмкін.

      4. Іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.

      5. Мұндай сұрау салу техникалық коммуникация құралдарын пайдалана отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.

8-БАП ҚОСЫМША АҚГІАРАТ

      1. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуда ұсынылған ақпарат осы Шартқа сәйкес ұстап беру туралы сұрау салуды қарау үшін жеткіліксіз деп есептесе, ол ескертілген уақыт кезеңі ішінде қосымша ақпаратты сұрата алады.

      2. Егер ұстап беру сұратылып отырған адам қамаққа алынған болса, ал ұсынылған қосымша ақпарат жеткіліксіз болса немесе ескертілген уақыт кезеңі ішінде алынбаса, адам күзеттен босатылуы мүмкін. Мұндай босату Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың адамды ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды беруіне кедергі келтірмеуге тиіс.

      3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзеттен босатылса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап бұл туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты уақтылы хабардар етуге тиіс.

9-БАП ЭКСТРАДИЦИЯЛЫҚ/АЛДЫН АЛА ҚАМАҚҚА АЛУ

      1. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Уағдаласушы Тараптардың бірі адамды ұстап беру туралы сұрау салуды бергенге дейін іздестіріліп жатқан адамға қатысты экстрадициялық/алдын ала қамаққа алуды сұрата алады. Мұндай сұрау салу осы Шарттың 7-бабының 5-тармағында көзделген тәртіппен берілуі мүмкін.

      2. Экстрадициялық/алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу жазбаша нысанда ресімделеді және мыналарды:

      a) егер белгілі болса, іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы туралы ақпаратты қоса алғанда, оның сәйкестендіру деректерін, сипаттамасын;

      b) егер белгілі болса, іздестіріліп жатқан адамның тұрған жерін;

      c) қылмыстың мән-жайларын, оның жасалған уақыты мен орнын қысқаша баяндауды;

      d) осы қылмыс үшін заңда көзделген жазалау шарасын, сондай-ақ ескіру мерзімдеріне қатысты заңның баптарын көрсете отырып, іс-әрекеттің қылмыс болып танылатынына негіз болатын тиісті заңнамалық актілердің көшірмелерін;

      е) қамаққа алу немесе ұстап алу туралы қаулылардың немесе заңды күшіне енген сот үкімінің бар екенін растауды; және

      f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салудың ұсынылатынына кепілдікті қамтуға тиіс.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап осындай сұрау салуды алғаннан кейін іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алу үшін қажетті шараларды қабылдауға және оның нәтижелері туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты дереу хабардар етуге тиіс.

      4. Егер Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап қамаққа алынған күннен бастап 40 күн ішінде осы Шарттың 7-бабында көрсетілген қажетті құжаттарды бермесе, қамаққа алынған адам босатылуы мүмкін. Мұндай босату, егер сұрау салу кейіннен алынған болса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қарауға кедергі келтірмейді.

10-БАП ҰСТАП БЕРУДІҢ ОҢАЙЛАТЫЛҒАН РӘСІМІ

      Егер іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың сотын немесе басқа құзыретті органдарын ұстап беруге өзінің келісетіндігі туралы хабардар етсе, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап, егер бұл өзінің заңнамасында көзделген болса, адамды ұстап беру рәсімін тездету үшін барлық қажетті шараларды қолдануға тиіс.

11-БАП АДАМДЫ ҚАЙТА ҰСТАП БЕРУ

      Егер ұстап берілген адам ұстап берілген қылмысы үшін жазаны Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағында түпкілікті өтегенге дейін екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына қайтса, онда ол Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы негізінде қайта ұстап берілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда осы Шарттың 7-бабында көзделген құжаттарды беру енді талап етілмейді.

12-БАП БӘСЕКЕЛЕС СҰРАУ САЛУЛАР

      1. Егер бір адамды ұстап беру екі немесе одан көп мемлекетпен сұратылатын болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап өз шешімі туралы сол мемлекетті, сондай-ақ екінші Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты хабардар ете отырып, адамның қай мемлекетке ұстап берілетінін айқындауға тиіс.

      2. Адам ұстап берілетін мемлекетті айқындау кезінде Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап мыналарды:

      a) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын;

      b) сұрау салулардың халықаралық шартқа сәйкес жасалған-жасалмағанын;

      c) қылмыстың жасалған уақыты мен орнын;

      d) жасалған қылмыстардың ауырлығын;

      е) сұрау салушы мемлекеттер арасында оны одан әрі ұстап беру мүмкіндігін;

      f) сұрау салуларды беру күнін қоса алғанда, бірақ олармен шектеліп қоймай барлық факторды ескеруге тиіс.

13-БАП АДАМДЫ БЕРУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты шешім қабылданысымен, ол жөнінде Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында екі Уағдаласушы Тарап үшін қолайлы жерде беруге тиіс.

      3. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап белгілейтін уақыт кезеңі ішінде Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағынан адамды алып кетуге тиіс және егер адамды осы уақыт кезеңі шегінде алып кетпесе, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап адамды күзеттен босатуға және осы қылмыс үшін оны ұстап беруден бас тартуға құқылы.

      4. Егер ерекше мән-жайлар Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың ұстап берілген адамды алып кетуіне кедергі келтіретін болса, екінші Уағдаласушы Тарап бұл туралы хабардар етіледі және мұндай жағдайда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген талаптар қолданылмайды. Мұндай жағдайда, Уағдаласушы Тараптар осы бапқа сәйкес адамды берудің жаңа датасы туралы өзара уағдаласуға тиіс.

14-БАП МЕНШІКТІ ЖӘНЕ ЗАТТАРДЫ БЕРУ

      1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында табылған, ұстап берілген адам қылмыс жасау нәтижесінде сатып алған немесе заттай дәлелдемелер ретінде талап етілуі мүмкін барлық меншік Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша берілуге тиіс.

      2. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша жоғарыда аталған меншік пен заттар, егер тіпті іздестіріліп жатқан адамның қайтыс болуына немесе қашып кетуіне байланысты адамды ұстап беруді қанағаттандыру мүмкін болмаса да, оған берілуге тиіс.

      3. Егер осы балтың 1-тармағында көрсетілген меншік пен заттар Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың қылмыстық істі тергеп-тексеруі үшін талап етілсе, ол қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін оларды беруді уақытша кейінге қалдыра алады.

      4. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы немесе үшінші тараптардың құқықтарын қорғау осыны талап етсе, кез келген берілген меншік пен заттар Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа оның сұрау салуы бойынша тегін қайтарылуға тиіс.

15-БАП АРНАЙЫ ҚАҒИДА

      1. Ұстап берілген адам мыналарды:

      a) адамды ұстап беру қанағаттандырылған қылмыстарды немесе атауы басқаша, адамды ұстап беру қанағаттандырылған нақ сол фактілерге негізделген қылмысты;

      b) адам ұстап берілгеннен кейін жасалған қылмысты, немесе

      с) егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап осыған келісім бергенін қоспағанда, Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапта ұстап алынбайды, айыпталмайды немесе сотталмайды, келісімді алу үшін осы Шарттың 7-бабында корсетілген құжаттар мен аталған адам тиісті қылмысқа байланысты жасаған айғақтар қоса берілген сұрау салу жіберіледі. Егер әрбір нақты жағдайда осы Шартта белгіленген ұстап беру талаптары сақталған болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап келісімін береді.

      2. Ұстап берілген адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың келісімінсіз, өзін ұстап бергенге дейін жасаған қылмысы үшін үшінші мемлекетке ұстап берілмейді.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтары, егер:

      a) адам өзін ұстап бергеннен кейін Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан кетіп қалса және өз еркімен қайтып оралса; немесе

      b) адам Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан еркін кетіп қалуына мүмкіндігі болған күннен бастап 30 күн ішінде одан кетпесе, ұстап берілген адамды ұстап алуға, айыптауға және соттауға немесе бұл адамды үшінші мемлекетке ұстап беруге кедергі келтірмейді.

16-БАП НӘТИЖЕЛЕР ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАЛАР

      Сұрау салу бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық істі тергеп-тексерудің немесе сот үкімін орындаудың нәтижелері туралы не адамды үшінші мемлекетке беру туралы Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа дереу хабар беруге міндетті.

17-БАП ТРАНЗИТ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың заңнамасы шеңберінде үшінші мемлекет Уағдаласушы Тараптардың біріне ұстап берген адамды екінші Уағдаласушы Тараптың аумағы арқылы тасымалдауға жазбаша сұрау салу бойынша рұқсат берілуге тиіс. Мұндай сұрау салу, егер белгілі болса, азаматтығы туралы ақпаратты қоса алғанда, транзиттік тасымалдауға жататын адамның деректерін, істің мән-жайының қысқаша сипаттамасын қамтуға, сондай-ақ үшінші мемлекеттің адамды ұстап бергенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс.

      2. Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары транзиттік тасымалдау шарттарын келіседі.

      3. Егер транзиттеу транзит мемлекетінің аумағына уақытша қонбай әуе көлігімен жүзеге асырылса, оған рұқсат талап етілмейді. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағында жоспарланбаған қону орын алса, ол осы баптың 1-тармағында көзделген транзиттеу туралы сұрау салуды жіберуді талап етуі мүмкін. Транзит мемлекеті транзиттеуге рұқсат беру туралы сұрау салуды күту үшін тасымалданатын адамды 15 күн бойы күзетпен ұстауды қамтамасыз етеді.

18-БАП ШЫҒЫСТАР

      1. Осы Шартты орындауға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің заңнамасына және осы Шартқа сәйкес көтереді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуға байланысты туындайтын, өзінің юрисдикциясындағы кез келген рәсімдер бойынша шығыстарды көтереді.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап ұстап берілуі талап етілетін адамды ұстап алуға және қамаққа алуға, немесе меншікті тәркілеуге және беруге байланысты өз аумағында шеккен шығыстарды көтереді.

      4. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап, транзиттеу бойынша шығыстарды қоса алғанда, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағынан адамды тасымалдау шығыстарын көтереді.

19-БАП ДАУЛАР МЕН КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ

      1. Осы Шарттың ережелерін қолдану барысында туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары консультациялар жүргізу арқылы шешеді.

      2. Егер мұндай даулар мен келіспеушіліктер Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары арасында шешілмесе, олар дипломатиялық арналар арқылы шешуге жатады.


20-БАП ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      3. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      4. Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      5. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның колданылуы кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру жөніндегі рәсімдер оларды толық аяқтағанға дейін күшінде қалады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      2019 жылғы 22 тамызда Скопьеде әрқайсысы қазақ, македон және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.


ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫ
ҮШІН

СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ
РЕСПУБЛИКАСЫ
ҮШІН


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады