Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 8 маусымдағы № 48-VII ҚРЗ.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) мазмұны алып тасталсын;

      2) 138-баптың 69) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "69) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының сақталуына;";

      3) 263-баптың 3-тармағының бірінші бөлігі "мүлік" деген сөзден кейін ", квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      15-баптың 2-тармағы "сатып алу," деген сөздерден кейін "квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы," деген сөздермен толықтырылсын.

      3. "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      34-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілгендерді қоспағанда, дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдардың, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы, оның ішінде кепілдік берілген тапсырысты орналастыруы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".

      4. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 2-2), 30-1), 30-2), 30-3), 30-4), 30-5), 30-6), 31-1), 31-2), 31-3), 32-1) және 38) тармақшалары алып тасталсын;

      2) 15-1-бап алып тасталсын;

      3) 179-бапта:

      3-тармақтың екінші сөйлеміндегі "Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз" деген сөздер "Тендер, аукцион және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен өткізілген сатып алу нәтижелері бойынша жасалатын мәмілелерді қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәртібін айқындау, оның басшысы мен жұмыскерлерін тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату, оның жұмыскерлеріне еңбекақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындау мәселелері жатады.";

      4) 180-баптың 2-тармағының екінші сөйлеміндегі "Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз" деген сөздер "Тендер, аукцион және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен өткізілген сатып алу нәтижелері бойынша жасалатын мәмілелерді қоспағанда, құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 181-бапта:

      5-тармақтың бірінші бөлігінің 9) тармақшасындағы "бекіту;" деген сөз "бекіту жатады." деген сөздермен ауыстырылып, 10) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Ұлттық басқарушы холдингтердің (Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда), ұлттық холдингтердің директорлар кеңестерінің айрықша құзыретіне сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәртібін айқындау, оның басшысы мен жұмыскерлерін тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату, оның жұмыскерлеріне еңбекақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындау мәселелері де жатады.";

      6) 12-1-тарау алып тасталсын.

      5. "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 8-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 29-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "29-2) Қордың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын Қор тікелей немесе жанама түрде иеленетін ұйымдардың сатып алуын жүзеге асыру тәртібін бекіту;";

      2) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-бап. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу

      Қордың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын Қор тікелей немесе жанама түрде иеленетін ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".

      6. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      16-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет өз өкілеттіктерін квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органынан, лауазымды адамдарынан тәуелсіз жүзеге асырады, директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне (ол болған кезде) немесе өзге де тәуелсіз басқару органына есеп береді және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету кезінде тәуелсіз болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің құзыреті, қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актісінде айқындалады.".

      7. "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      54-баптың 3-1-тармағының бірінші және екінші бөліктеріндегі "мемлекеттік сатып алу" деген сөздерден кейін ", квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы" деген сөздермен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады