Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 113-VII ҚРЗ.

      2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалған Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер

      егемендікті, заңдылықты, теңдікті және өзара пайданы құрметтеуді, сондай-ақ адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтауды негізге ала отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін негізге ала отырып,

      Тараптар арасында неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,

      бұл мақсатқа қол жеткізуге осы Келісімді жасасу арқылы дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету жүйесін құру ықпал етеді деп есептей отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Терминдер мен анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:

      сұрау салушы Тарап – дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салумен жүгінген Тарап;

      сұрау салынатын Тарап – сұрау салушы Тарап дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салумен жүгінген Тарап;

      дербес деректер – жеке, не сәйкестендірілген не сәйкестендірілуі мүмкін тұлғаға тікелей немесе жанама түрде қатысы бар кез келген ақпарат;

      уәкілетті органдар – Тараптардың осы Келісімді іске асырумен байланысты мәселелерді шешуге уәкілетті мемлекеттік билік органдары.

2-бап

Өзара құқықтық көмек көрсету бойынша міндеттемелер

      1. Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың сұрау салуы бойынша ұлттық заңнамаға және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек (бұдан әрі – құқықтық көмек) көрсетеді.

      2. Осы Келісімнің ережелері қандай да бір жеке және заңды тұлғалардың осы Келісім шеңберінде беруге жататын ақпаратты алуға құқықтың туындауына әкеп соқпайды.

      3. Осы Келісім Тараптардың біріне екінші Тараптың аумағында сол Тарап органдарының құзыретіне ғана жатқызылған өкілеттіктерді жүзеге асыру құқығын бермейді.

3-бап

Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу нысанасы

      Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (бұдан әрі – сұрау салу) нысанасы мынадай:

      а) осы Келісім Тараптары азаматтығының болуы (болмауы) туралы;

      б) осы Келісім Тараптарының аумақтарына тұрақты (уақытша) келуге (онда тұруға) құқық беретін құжаттардың болуы туралы;

      в) Тараптардың азаматтарын, үшінші мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды көші-қон есебіне қою немесе тұрғылықты жері (болатын жері) бойынша тіркеу туралы;

      г) осы Келісім Тараптарының аумағына кіруге құқық беретін визаларды беру туралы;

      д) осы Келісім Тараптарының аумақтарында дербес деректер субъектісінің атына тіркелген жылжымайтын мүлік туралы;

      е) осы Келісім Тараптарының аумақтарында дербес деректер субъектісінде бар мүліктік сипаттағы міндеттемелер туралы;

      ж) осы Келісім Тараптарының аумақтарында дербес деректер субъектісін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы;

      з) жеке басты куәландыратын құжаттар туралы дербес деректер болып табылады.

4-бап

Тараптардың өзара іс-қимылы

      1. Тараптар осы Келісім шеңберінде уәкілетті органдар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімде көзделген сұрау салулар мен оларға жауаптарды тікелей жібереді және алады.

5-бап

Сұрау салудың нысаны және мазмұны

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады.

      2. Сұрау салу:

      а) сұрау салуды өз бастамасымен жолдаған уәкілетті органның атауын;

      б) сұрау салудың мақсатын және сұрау салынатын құқықтық көмектің сипаттамасын;

      в) өзіне қатысты сұрау салу жіберілген дербес деректер субъектісін сәйкестендіретін деректерді (тегі, аты (әкесінің аты), азаматтығы, тұрғылықты жері (немесе болатын жері туралы мәліметтер), туған күні мен туған жері;

      г) қажет болған кезде сұрау салуды орындаудың ерекше тәртібінің сипаттамасын және осы қажеттіліктің негіздемесін;

      д) сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындау кезінде қолдануды өтінетін кез келген нақты рәсімдердің сипаттамасын және ол үшін негіздемені;

      е) қажет болған кезде және мүмкіндігіне қарай сұрау салынатын ақпараттың, құжаттардың немесе анықтамалардың сипаттамасын;

      ж) құпиялылықты қамтамасыз ету үшін талаптар, егер мұндайлар бар болса, және ол үшін негіздемені қамтиды.

      3. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуда көрсетілген мәліметтер оны орындау үшін жеткіліксіз деп санаса, ол қосымша ақпаратты сұрата алады.

      4. Сұрау салуға қол қойылуға және ол сұрау салушы Тараптың уәкілетті органының ресми мөрімен куәландырылуға тиіс.

6-бап

Сұрау салуларды орындау

      1. Сұрау салуларды орындау сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

      2. Сұрау салынатын Тараптың уәкілетті органы жауапты осындай сұрау салуды алған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде ұсынады.

      3. Егер сұрау салуды толық немесе ішінара орындау мүмкін болмаса немесе сұрау салуды орындау едәуір кідіртілсе, сұрау салынатын Тараптың уәкілетті органы сұрау салушы Тараптың уәкілетті органына бұл туралы, сондай-ақ сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін себептері туралы немесе орындаудың кідіртілгені туралы хабарлайды.

      4. Тараптардың уәкілетті органдары жекелеген жағдайларда сұрау салуларды орындаудың өзге тәртібі туралы уағдаласуы мүмкін.

7-бап

Сұрау салуға жауаптың нысаны мен мазмұны

      1. Сұрау салуға жауап жазбаша нысанда жасалады.

      2. Сұрау салуға жауаптың мазмұны:

      а) сұрау салуға жауаптың өзінде көрсетілетін ақпарат;

      б) сұрау салуға жауапқа қоса берілетін және сұрау салудың нысанасы болып табылатын дербес деректерді ашатын құжаттар (түпнұсқалар немесе сұрау салынатын Тараптың уәкілетті органы растаған көшірмелер) түрінде ресімделеді.

8-бап

Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту

      1. Егер:

      а) сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, жариялы тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп пайымдаса;

      б) сұрау салынатын Тарап сұрау салу адамды нәсілі, жынысы, діни нанымы, азаматтығы, этникалық шығу тегі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы белгісі бойынша немесе саяси сенім-нанымдары бойынша қудалау мақсатында ұсынылған деп не бұл себептердің кез келгені бойынша осы адамның жағдайына нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдаса;

      в) сұрау салу осы Келісімнің шарттарына сәйкес келмесе, құқықтық көмектен бас тартылуы мүмкін.

      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы шешім қабылдаудың алдында құқықтық көмек өзі қажет деп санайтын шарттарда көрсетуге бола ма деген мәселені қарайды. Егер сұрау салушы Тарап құқықтық көмекті осындай шарттарда қабылдайтын болса, оларды сақтауға міндеттенеді.  

      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды толық немесе ішінара орындамау туралы өзінің шешімі жөнінде сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді және осындай шешімнің негіздерін көрсетеді.

9-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      1. Осы Келісім шеңберінде ұсынылған және жіберуші Тараптың уәкілетті органының ресми мөрімен куәландырылған құжаттар оларды заңдастырусыз немесе растаудың өзге де нысанынсыз қабылданады.

      Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша осы Келісім шеңберінде жіберілетін құжаттар, егер бұл сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салуда көрсетілгеннен өзгеше түрде расталуы мүмкін.

      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың бірінің аумағында ресми болып табылатын құжаттар екінші Тараптың аумағында да сондай болып танылады.

10-бап

Ақпарат пайдаланудағы құпиялылық және шектеулер

      1. Құпиялылықты бұзу сұрау салуды орындау үшін қажет болып табылатын жағдайларды қоспағанда, сұрау салынатын Тарап сұрау салуды алу фактісіне, оның мазмұнына немесе сұрау салуға байланысты қабылданған кез келген іс-қимылға қатысты құпиялылықты қамтамасыз етеді.

      Егер сұрау салынатын Тарап құпиялылық шарттарын орындай алмайтын болса, ол жоғарыда көрсетілген ақпарат жария етілгенге дейін бұл туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

      2. Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тараптың алдын ала рұқсатынсыз осы Келісімнің негізінде алынған дербес деректерді сұрау салуда көрсетілгеннен өзге мақсаттар үшін пайдаланбайды.

      3. Егер сұрау салушы Тарапқа дербес деректерді сұрау салуда көрсетілгендерге қарағанда өзге мақсаттар үшін жария ету және (немесе) толық немесе ішінара пайдалану қажет болса, ол сұрау салынатын Тараптың, берілуі мүмкін немесе толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін рұқсатын сұратады.

      4. Сұрау салушы Тарап үшінші мемлекеттерге, ұйымдарға және адамдарға сұрау салынатын Тараптың рұқсатынсыз одан алынған дербес деректерді бермейді.

      5. Тараптар жеке тұлға туралы ақпаратты оған құқыққа сыйымсыз немесе кездейсоқ қол жеткізуден, оны жоюдан, өзгертуден, бұғаттаудан, көшіруден, беруден немесе таратудан, сондай-ақ осындай ақпаратқа қатысты өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етеді.

11-бап

Сұрау салынатын Тарапқа құжаттарды қайтару

      Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша осы Келісімге сәйкес берілген құжаттарды, егер олар оған бұдан былай қажет болмаса, қайтарады.

12-бап

Шығыстар

      Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

13-бап

Тілі

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар жіберетін құжаттар орыс тілінде жасалады.

14-бап

Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап

Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша тиісті хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

Даулы мәселелер

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

17-бап

Күшіне ену тәртібі

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      3. Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді олардың орындағаны туралы депозитарийді хабардар еткен кезде, олардың осы Келісімді орындауға жауапты уәкілетті органдарды айқындағаны туралы хабарлайды. Тараптың уәкілетті органының өзгергені туралы 30 күн ішінде депозитарийді жазбаша түрде хабардар етеді.

18-бап

Қосылу

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

19-бап

Қолданылу мерзімі

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жолдап және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған міндеттемелерді реттеп, одан шығуға құқылы.

      2020 жылғы 18 желтоқсанда орыс тiлінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасы үшін
_________________________

Ресей Федерациясы үшін
В.Путин

Армения Республикасы үшін

Тәжікстан Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Түрікменстан үшін

Қазақстан Республикасы үшін
Қ.Тоқаев

Өзбекстан Республикасы үшін
____________________________

Қырғыз Республикасы үшін
Т.Мамытов

Украина үшін

Молдова Республикасы үшін


      Осымен, қоса беріліп отырған мәтін бейнеконференцбайланысты пайдалана отырып, 2020 жылғы 18 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің басшылары кеңесінің отырысына қатысқан ТМД-ға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының қол қою нәтижелері бойынша ресімделген дербес деректермен алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің даналары қолдардың түпнұсқаларымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Атқарушы комитет төрағасының
бірінші орынбасары -
ТМД атқарушы хатшысы
В.А. Гуминский

      Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтінге сәйкес аударылғанын растаймын.

      Қазақстан Республикасы ІІМ
КҚҚК төрағасы
М. Қабденов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады