Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 10-13/4 шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 15 қаңтарда № 209-18 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Көкпекті аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Көкпекті аудандық мәслихатының төрағасы
      Т. Сарманов

  Көкпекті аудандық
мәслихатының
2023 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 10-13/4 шешіміне
1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары (бұдан әрі –Қағидалар) Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және Абай облысы Көкпекті ауданының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ережеде қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Көкпекті ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек - жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Абай облысы Көкпекті ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін Көкпекті ауданы ауылдық округтері әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті мөлшері – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері. 3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын) көрсетіледі.

2 тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеу тәртібі

      5. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіз болып табылады:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде болу;

      6) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) дүлей зілзаланың немесе өрттің пайда болған жері бойынша осы жағдай туындаған кезден бастап үш ай ішінде жан басына шаққандағы орташа табысы ескерілмей бір мезгілде беріледі;

      7) өмірлік қиын жағдайда деп танылған, жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға (отбасыларға) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен аспайтын біржолғы табыс беріледі;

      8) амбулаториялық емдеу кезеңінде туберкулезбен ауыратын тұлғаларға-жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен аспайтын 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайын беріледі;

      9) диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған он сегіз жасқа дейінгі балаларға (ата-анасының біріне немесе балалардың өзге де заңды өкілдеріне) жан басына шаққандағы орташа табысы ескерілмей, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде ай сайын беріледі;

      10) азаматтардың келесі санаттарын санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін:

      жасы бойынша зейнеткерлер жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, жыл сайын санаторлық-курорттық жолдама беру арқылы санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі;

      бірінші топтағы мүгедектерді алып жүретін адамдарға санаторлық-курорттық ұйымда болу құнын өтеу үшін санаторлық-курорттық емделуді алғанын растайтын құжаттары бар өтініш негізінде жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай санаторлық-курорттық емделу құнының орнын толтыру ретінде көзделген кепілдік берілген соманың жетпіз пайыз мөлшерінде өтеу (санаторлық-курорттық емделуді алу актісі, шот-фактура).

      Әрбір жеке жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      6. Мерекелік күндер және атаулы күндер әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына ақшалай төлемдер түрінде бір рет көрсетіледі:

      1) 8 наурыз -Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға - 15 000 (он бес мың ) теңге.

      Төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар көп балалы отбасыларға, олар кәмелетке толғаннан кейін оқу орындарын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.

      2) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі-КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамның адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне -150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласында қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезіңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына-150 000 (жүз елу мың) теңге;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге-150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 70 000 (жетпіс мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына-50 000 ( елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 150000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы ҚСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезенде жіберілген әскери міндеттілерге - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде.

      3) 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:

      бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануында болған тұлғаларға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарымен сотталған тұлғаларға -25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндерде болған тұлғаларға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      қуғын-сүргiндердi орталық одақтық органдар: КСР Одағының Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, КСР Одағының Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСР Одағының Iшкi iстер халық комиссариаты - Мемлекет Қауiпсiздiгi министрлiгi - Iшкi iстер министрлiгi жанындағы айрықша кеңестiң, КСР Одағының Прокуратурасы мен КСР Одағының iшкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа органдар шешiмдерi бойынша болған тұлғаларға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуда болған тұлғаларға - 25000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына - 25 000 ( жиырма бес мың) теңге мөлшерінде.

      4) 30 тамыз- Қазақстан Республикасының Конституция күні:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (ата – анасының біріне немесе мүгедектігі бар балалардың өзге де заңды өкілдеріне) - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға-15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.

      5) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күн:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерде болған тұлғаларға – 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде;

      7. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың ) теңгені құрайды.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндер мен атаулы күндеріне орай әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне Үлгілік қағидаларының 12-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін қоса бере отырып, өтініш береді.

      10. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Көкпекті ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай түрде екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      12. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

3-тарау. Қорытынды ереже

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Көкпекті аудандық
мәслихатының
2023 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 10-13/4 шешіміне
2- қосымша

Көкпекті аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7396 болып тіркелген) шешімі.

      2. Көкпекті аудандық мәслихатының "Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2021 жылғы 31 наурыздағы № 4-6/5 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8539 болып тіркелген) шешімі.

      3. Көкпекті аудандық мәслихатының "Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № 26-3/1 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30974 болып тіркелген) шешімі.

      4. Көкпекті аудандық мәслихатының "Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2023 жылғы 12 шілдедегі № 4-5/3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 104-18 болып тіркелген) шешімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады