2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда жасалған Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясы (бұдан әрі – Конвенция) мынадай ескертпелермен ратификациялансын:
1) Конвенцияның 8-бабы 1-тармағының а) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияны өзі тарапы болып табылатын немесе кез келген үкіметтік мекемелер немесе үкіметтік мекеменің атынан әрекет ететін кез келген тұлға тарапы болып табылатын татуласу келісімдеріне қолданбайды;
2) Конвенцияның 8-бабы 1-тармағының b) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияны татуласу келісімінің тараптары Конвенцияны қолдануға келіскен дәрежеде ғана қолданады.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
(бейресми аударма) |
Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясы
Кіріспе
Осы Конвенцияға қатысушылар
оның шеңберінде дауласушы тараптар үшінші тұлғаны немесе тұлғаларды өздерінің дауын достық жолмен шешу талпыныстарына көмек көрсетуді сұрайтын коммерциялық дауларды реттеу әдістерінің бірі ретінде халықаралық сауда үшін медиацияның маңыздылығын мойындай отырып,
медиацияның халықаралық және ұлттық коммерциялық практикада сот талқылауына балама ретінде жиі пайдаланылатынын атай отырып,
медиацияны пайдалану дау коммерциялық қатынастарды тоқтатуға алып келетін жағдайлар санын қысқарту, коммерциялық қызметке қатысушылардың халықаралық операцияларды жүзеге асыруын жеңілдету және мемлекеттердің сот төрелігін іске асыруы процесінде үнемдеуге қол жеткізу сияқты елеулі пайда береді деп есептей отырып,
медиация нәтижесінде қол жеткізілген, әртүрлі құқықтық, әлеуметтік және экономикалық жүйелері бар мемлекеттер үшін қолайлы халықаралық татуласу келісімдері үшін негіз құру үйлесімді халықаралық экономикалық қатынастарды дамытуға жәрдемдесетініне сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап. Қолданылу аясы
1. Осы Конвенция медиация нәтижесінде қол жеткізілген, тараптар коммерциялық дауды реттеу мақсатында жазбаша нысанда жасаған және жасалған кезде халықаралық болып табылатын, яғни:
a) татуласу келісімінің кем дегенде екі тарапының коммерциялық кәсіпорындары әртүрлі мемлекеттерде орналасқан; немесе
b) татуласу келісімі тараптарының коммерциялық кәсіпорындары орналасқан мемлекет:
i) не татуласу келісімі бойынша міндеттемелердің едәуір бөлігі орындалатын мемлекет;
ii) не татуласу келісімінің нысанасы онымен неғұрлым тығыз байланысты мемлекет болып табылмаған келісімдерге ("татуласу келісімдері") қолданылады.
2. Осы Конвенция:
a) тараптардың бірі (тұтынушы) жеке, отбасылық немесе үй мақсаттарында жасаған мәмілелерден туындайтын дауларды реттеу үшін жасалған;
b) отбасы, мұрагерлік немесе еңбек заңнамасына қатысты татуласу келісімдеріне қолданылмайды.
3. Осы Конвенция:
a) мыналарға:
i) сот бекіткен немесе сотта талқылау барысында жасалған; және
ii) осы мемлекеттің сотында сот шешімі ретінде орындалуы мүмкін татуласу келісімдеріне;
b) ресімделген және терелік шешім ретінде орындалуы мүмкін татуласу келісімдеріне қолданылмайды.
2-бап. Анықтамалар
1. 1-баптың 1-тармағының мақсаттары үшін:
a) егер тараптың біреуден артық коммерциялық кәсіпорны болса, онда оның коммерциялық кәсіпорнының тиісті орналасқан жері тараптарға белгілі немесе татуласу келісімін жасасу кезінде олар болжаған мән-жайларды ескере отырып, татуласу келісімі арқылы реттелген даумен неғұрлым тығыз байланысы бар коммерциялық кәсіпорынның орналасқан жері болып табылады;
b) егер тараптың коммерциялық кәсіпорны болмаса, онда оның тұрақты тұрғылықты жері назарға алынады.
2. Татуласу келісімі, егер оның мазмұны қандай да бір нысанда тіркелген болса, "жазбаша нысанда" жасалды деп есептеледі. Татуласу келісімін жазбаша нысанда жасасу туралы талап, егер ондағы ақпарат оны кейіннен пайдалану үшін қолжетімді болып табылса, электрондық хабарды ұсыну арқылы орындалды деп есептеледі.
3. "Медиация" қалай аталатынына және оның жүргізілетін негізіне қарамастан, сол арқылы тараптар тараптарға дауды шешуді нұсқауға өкілеттіктері жоқ үшінші тұлғаның немесе тұлғалардың ("медиатор") жәрдемдесуімен өз дауын достық реттеуге қол жеткізуге тырысатын рәсімді білдіреді.
3-бап. Жалпы қағидаттар
1. Конвенцияға әрбір Қатысушы татуласу келісімін өзінің рәсімдер қағидаларына сәйкес және осы Конвенцияда баяндалған шарттарда орындайды.
2. Егер Тараптардың бірі татуласу келісімі арқылы реттеліп қойған деп сендіретін қандай да бір мәселе бойынша дау туындаса, онда Конвенцияға Қатысушы осы тарапқа осы мәселе реттеліп қойғанын дәлелдеу үшін өзінің рәсімдер қағидаларына сәйкес және осы Конвенцияда баяндалған шарттарда татуласу келісіміне сілтеме жасауға рұқсат етеді.
4-бап. Татуласу келісімдеріне сүйену мүмкіндігіне қатысты талаптар
1. Осы Конвенцияға сәйкес татуласу келісіміне сүйенетін Тарап көмек сұралатын, Конвенцияға Қатысушының құзыретті орғанына:
a) тараптар қол қойған татуласу келісімін;
b) татуласу келісіміне медиация нәтижесінде қол жеткізілгенінің дәлелдемесін, мысалы;
i) медиатордың татуласу келісіміндегі қолын;
ii) медиатордың қолы қойылған, медиацияның орын алғаны көрсетілген құжатты;
ііі) медиацияны әкімшілендірген мекеме берген растаманы; немесе
іv) і), іі) немесе ііі) болмаған кезде - құзыретті орган үшін қолайлы кез келген басқа дәлелдемені ұсынады.
2. Татуласу келісіміне тараптар немесе қолдануға болатын кезде, медиатор қол қоюға тиіс екендігі туралы талап, егер:
a) тараптарды немесе медиаторды сәйкестендіру және тараптардың немесе медиатордың электрондық хабардағы ақпаратқа қатысты ниетін көрсету үшін қандай да бір әдіс пайдаланылған болса; және
b) қолданылған әдіс:
i) не кез келген тиісті уағдаластықтарды қоса алғанда, барлық мән-жайларды ескере отырып, электрондық хабар дайындалған немесе берілген мақсатқа қаншалықты сәйкес келетініне қарай соншалықты сенімді болып табылса;
ii) не бұл тәсілдің өзінің негізінде немесе қосымша дәлелдемелердің көмегімен іс жүзінде көрсетілгендей, жоғарыда а) тармақшасында сипатталған функцияларды орындауға мүмкіндік берген болса, электрондық хабарға қатысты орындалды деп есептеледі.
3. Егер татуласу келісімі көмек сұралатын Конвенцияға Қатысушының ресми тілінде жасалмаған болса, онда құзыретті орган оның осындай тілге аудармасын беруді ұсына алады.
4. Құзыретті орган Конвенция талаптарының орындалуын тексеру мақсатында кез келген қажетті құжатты сұрата алады.
5. Көмек беру туралы өтінішті қарау кезінде құзыретті орган жедел әрекет етеді.
5-бап. Көмек беруден бас тарту үшін негіздер
1. 4-бапқа сәйкес көмек сұралатын Конвенцияға Қатысушының құзыретті органы, оған қарсы көмек сұралатын тараптың өтініші бойынша, егер бұл тарап құзыретті органға:
a) татуласу келісімінің тарапы қандай да бір дәрежеде әрекетке қабілетсіз екенінің;
b) өзіне сенім білдіру мүмкіндігі сұралатын татуласу келісімінің:
i) тараптар оны заңды түрде бағындырған заң бойынша немесе мұндай нұсқау болмаған кезде, 4-бапқа сәйкес көмек сұралатын Конвенцияға Қатысушының құзыретті органы қолдануға болады деп есептейтін заң бойынша маңызсыз болып табылатынының, күші жойылғанының немесе орындалмайтынының;
ii) оның шарттарына сәйкес міндетті күші жоқ екендігінің немесе түпкілікті болып табылмайтынының; немесе
iii) кейіннен өзгертілгенінің;
c) татуласу келісімінде бекітілген міндеттемелердің:
i) орындалғанының; немесе
ii) анық емес немесе түсініксіз екенінің;
d) көмек беру татуласу келісімнің шарттарына қайшы келетінінің;
е) медиатордың медиаторға немесе медиацияға қолданылатын стандарттарды елеулі түрде бұзуы орын алғанының дәлелдемелерін ұсынған жағдайда ғана көмек беруден бас тарта алады, өйткені мұндай бұзушылықсыз бұл тарап татуласу келісімін жасамас еді; немесе
f) медиатор тараптарға езінің бейтараптылығына немесе тәуелсіздігіне қатысты негізді күмән туғызатын мән-жайларды ашпағанының және мұндай ашпау тараптардың біріне елеулі әсер еткенінің немесе тиісті емес әсер еткенінің дәлелдемелерін ұсынған жағдайда ғана көмек беруден бас тарта алады, өйткені бұл ашпаусыз тарап татуласу келісімін жасамас еді.
2. 4-бапқа сәйкес көмек сұралатын Конвенцияға Қатысушының құзыретті органы да, егер ол:
a) көмек беру осы Қатысушының жария тәртібіне қайшы келетін болады; немесе
b) даудың нысанасы осы Қатысушының заңнамасына сәйкес медиация арқылы реттеу объектісі бола алмайды деп санаса, көмек көрсетуден бас тарта алады.
6-бап. Қатарлас өтінішхаттар немесе талаптар
Егер сотқа, төрелікке немесе кез келген басқа құзыретті органға татуласу келісіміне қатысты және 4-бапқа сәйкес сұратылып отырған көмекті қозғауы мүмкін өтінішхат немесе талап берілсе, онда көмек сұралып отырған Конвенцияға Қатысушының құзыретті органы, егер мұны орынды деп санаса, осы шешімді шығаруды кейінге қалдыра алады және бір тараптың өтініші бойынша екінші тарапқа тиісті қамтамасыз етуді беруді нұсқай алады.
7-бап. Басқа заңнама немесе халықаралық шарттар
Осы Конвенция мүдделі тараптардың ешқайсысын осындай татуласу келісіміне сүйену мүмкіндігі сұратылатын Конвенцияға Қатысушының заңнамасында немесе халықаралық шарттарында жол берілетін түрде және шектерде татуласу келісімін пайдаланудың мүмкін болатын құқығынан айырмайды.
8-бап. Ескертпелер
1. Конвенцияға Қатысушы:
a) ол осы Конвенцияны өзі тарапы болып табылатын немесе кез келген үкіметтік мекемелер немесе үкіметтік мекеме атынан әрекет ететін кез келген тұлға тарапы болып табылатын татуласу келісімдеріне бұл өтініште керсетілгендей дәрежеде қолданбайтынын;
b) ол осы Конвенцияны татуласу келісімінің тараптары Конвенцияны қолдануға келіскен дәрежеде ғана қолданылатынын мәлімдей алады.
2. Осы бапта тікелей рұқсат етілгендерді қоспағанда, ешқандай ескертпелерге жол берілмейді.
3. Конвенцияға Қатысушы кез келген кезде ескертпелер жасай алады. Қол қою кезінде жасалған ескертпелер ратификациялау, қабылдау немесе бекіту кезінде расталуға тиіс. Мұндай ескертпелер Конвенцияға тиісті Қатысушыға қатысты осы Конвенцияның күшіне енуімен бір мезгілде күшіне енеді. Осы Конвенцияны ратификациялау, қабылдау немесе бекіту немесе оған қосылу кезінде немесе 13-бапқа сәйкес мәлімдеу кезінде жасалған ескертпелер Конвенцияға тиісті Қатысушыға қатысты осы Конвенцияның күшіне енуімен бір мезгілде күшіне енеді. Конвенцияның осы Қатысушысына қатысты Конвенция күшіне енгеннен кейін сақтауға тапсырылған ескертпелер өздері сақтауға тапсырылған күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.
4. Ескертпелер мен олардың растаулары депозитарийге сақтауға тапсырылады.
5. Осы Конвенцияға сәйкес ескертпе жасаған Конвенцияға кез келген Қатысушы оны кез келген уақытта кері қайтарып ала алады. Мұндай кері қайтарып алулар депозитарийге сақтауға тапсырылады және сақтауға тапсырылғаннан кейін алты айдан соң күшіне енеді.
9-бап. Татуласу келісімдері үшін салдар
Осы Конвенция және кез келген ескертпе немесе оны кері қайтарып алу Конвенцияға тиісті Қатысушыға қатысты Конвенция, ескертпе немесе оны кері қайтарып алу күшіне енген күннен кейін жасалған татуласу келісімдеріне ғана қолданылады.
10-бап. Депозитарий
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Конвенцияның депозитарийі болып тағайындалады.
11-бап. Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту, қосылу
1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда, ал кейіннен Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде қол қоюы үшін ашық болады.
2. Осы Конвенция оған қол қойған субъектілердің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады.
3. Осы Конвенция қол қою үшін ашылған күнінен бастап оған қол қоймаған барлық мемлекеттердің қосылуы үшін ашық болады.
4. Ратификациялау грамоталары немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
12-бап. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдарының қатысуы
1. Егемен мемлекеттер құрған және осы Конвенцияда реттелетін кейбір мәселелерге қатысты құзыретке ие экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы да осы Конвенцияға қол қоя алады, оны ратификациялай алады, қабылдай алады немесе бекіте алады немесе оған қосыла алады. Бұл жағдайда экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы осы Конвенцияда реттелетін мәселелерге қатысты осы ұйымның құзыреті бар шамада Конвенцияға Қатысушының құқықтарына ие болады және міндеттемелерін мойнына алады. Осы Конвенция үшін Конвенцияға Қатысушылар санының маңызы болған жағдайларда экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы Конвенцияға Қатысушы болып табылатын өзінің мүше мемлекеттеріне қосымша Конвенцияға Қатысушы болып есептелмейді.
2. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде депозитарийге осы Конвенцияда реттелетін және соларға қатысты осы ұйымға оның мүше мемлекеттері құзырет берген мәселелерді көрсете отырып, мәлімдеме жасайды. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы осы тармаққа сәйкес жасалған мәлімдемеде көрсетілген құзырет бөлудегі кез келген өзгерістер туралы, оның ішінде құзыреттің жаңадан берілуі туралы депозитарийді дереу хабардар етеді.
3. Осы Конвенциядағы "Конвенцияға Катысушыға", "Конвенцияға Қатысушыларға", "мемлекетке" немесе "мемлекеттерге" кез келген сілтеме осыны мәнмәтін талап еткен кезде экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымына тең дәрежеде қатысты болады.
4. Осы Конвенцияның экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымының өзіне қайшы келетін нормаларына қатысты, осы Конвенцияға дейін немесе одан кейін: а) егер 4-бапқа сәйкес көмек осындай ұйымның мүшесі болып табылатын мемлекетте сұратылса және 1-баптың 1-тармағына сәйкес барлық тиісті мемлекеттер осындай ұйымның мүшелері болып табылса; немесе b) осындай ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сот шешімдерін мойындауға және орындауға қатысты осындай нормалардың қабылданғанына немесе күшіне енгеніне қарамастан, басым күші болмайды.
13-бап. Құқықтық жүйелердің көптігі
1. Егер Конвенцияға Қатысушының осы Конвенцияның реттеу нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша әртүрлі құқық жүйелері қолданылатын екі немесе одан көп аумақтық бірліктері болса, онда ол қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде осы Конвенцияның күші оның барлық аумақтық бірліктеріне немесе олардың біреуіне немесе бірнешеуіне ғана қолданылатыны туралы мәлімдей алады және кез келген уақытта басқа мәлімдемені ұсыну арқылы өзінің мәлімдемесін өзгерте алады.
2. Бұл мәлімдемелер депозитарийдің назарына жеткізіледі және оларда Конвенцияның күші қолданылатын аумақтық бірліктер тікелей көрсетілуге тиіс.
3. Егер Конвенцияға Қатысушының осы Конвенцияның реттеу нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша әртүрлі құқық жүйелері қолданылатын екі немесе одан көп аумақтық бірліктері болса, онда;
a) мемлекеттің құқығына не процестік нормасына кез келген сілтеме тиісті жағдайларда тиісті аумақтық бірлікте қолданылатын құқыққа не процестік нормаға сілтеме ретінде түсіндіріледі;
b) мемлекеттегі коммерциялық кәсіпорынға кез келген сілтеме тиісті жағдайларда тиісті аумақтық бірліктегі коммерциялық кәсіпорынға сілтеме ретінде түсіндіріледі;
с) мемлекеттің құзыретті органына кез келген сілтеме тиісті жағдайларда тиісті аумақтық бірліктегі құзыретті органға сілтеме ретінде түсіндіріледі.
4. Егер Конвенцияға Қатысушы осы баптың 1-тармағына сәйкес ешқандай мәлімдеме жасамаса, онда осы Конвенцияның күші осы мемлекеттің барлық аумақтық бірліктеріне қолданылады.
14-бап. Күшіне ену
1. Осы Конвенция үшінші ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін алты айдан соң күшіне енеді.
2. Егер мемлекет үшінші ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін осы Конвенцияны ратификацияласа, қабылдаса немесе бекітсе немесе оған қосылса, онда осы Конвенция бұл мемлекетке қатысты оның ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаты сақтауға тапсырылғаннан кейін алты айдан соң күшіне енеді. Осы Конвенция 13-бапқа сәйкес қолданылатын аумақтық бірлік үшін Конвенция осы бапта сөз болып отырған мәлімдеме туралы хабардар етілгеннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.
15-бап. Түзетулер енгізу
1. Конвенцияға кез келген Қатысушы оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына ұсыну арқылы осы Конвенцияға түзету ұсына алады. Ұсынылып отырған түзетуді алғаннан кейін Бас хатшы оны Конвенцияға Қатысушыларға осы ұсынысты қарау және ол бойынша дауыс беруді өткізу мақсатында Конвенцияға Қатысушылардың конференциясын өткізудің орындылығына қатысты өз пікірін білдіру өтінішімен бірге жібереді. Егер осындай түзету жіберілген күннен бастап төрт ай ішінде Конвенцияға Қатысушылардың кемінде үштен бірі осындай конференцияны өткізуді жақтаса, онда Бас хатшы бұл конференцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында шақырады.
2. Конвенцияға Қатысушылардың конференциясы әрбір түзету бойынша консенсусқа қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер консенсусқа қол жеткізу бойынша барлық күш-жігер таусылса және ешқандай консенсусқа қол жеткізілмеген болса, онда түзетуді қабылдау үшін соңғы құрал ретінде конференцияға қатысатындар мен дауыс беретіндер арасынан Конвенцияға Қатысушылар дауыстарының үштен екісінің көпшілігі талап етіледі.
3. Депозитарий қабылдаған түзетуді ратификациялау, қабылдау немесе бекіту үшін Конвенцияға барлық Қатысушыларға ұсынады.
4. Қабылданған түзету үшінші ратификациялау грамотасы немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді. Түзету күшіне енген кезде ол оның міндетті сипатына келісімін білдірген Конвенцияға Қатысушылар үшін міндетті болады.
5. Конвенцияға Қатысушы үшінші ратификациялау грамотасы немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін түзетуді ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен кезде, онда түзету осы Конвенцияға Қатысушыға қатысты оның ратификациялау грамотасы немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжаты сақтауға тапсырылған күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.
16-бап. Күшін жою
1. Конвенцияға Қатысушы депозитарийдің атына жазбаша нысанда ресми хабардар ету арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады. Күшін жою осы Конвенция қолданылатын көптеген құқықтық жүйелерде белгілі бір аумақтық бірліктермен шектелуі мүмкін.
2. Күшін жою депозитарий хабарламаны алғаннан кейін 12 айдан соң күшіне енеді. Егер хабарламада күшін жоюдың күшіне енуі үшін анағұрлым ұзақ мерзім көрсетілген болса, онда күшін жою депозитарий хабарламаны алғаннан кейін осындай анағұрлым ұзақ мерзім еткен соң күшіне енеді. Осы Конвенция күшін жою күшіне енгенге дейін жасалған татуласу келісімдеріне қолданылуын жалғастырады.
Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылатын жалғыз төлнұсқа данада ЖАСАЛДЫ.
Осымен жоғарыда келтірілген мәтін 2018 жылғы 20 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясының дәл көшірмесі болып табылатынын нақтылаймын, оның түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға берілген | Настоящим уточняю, что приведенный выше текст является точной копией Конвенции Организации Объединенных Наций о международных мировых соглашениях, достигнутых в результате медиации, принятой в Нью-Йорке 20 декабря 2018 года, оригинал которой передан на хранение Генеральному секретарю Организации Объединенных Наций |
Бас хатшы үшін Бас хатшының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының заң кеңесшісі | За Генерального секретаря Заместитель Генерального секретаря по правовым вопросам и юрисконсульт Организации Объединенных Наций |
Мигель де Серпа Суареш
Біріккен Ұлттар Ұйымы Нью-Йорк, 2019 жылғы сәуір | Организация Объединенных Наций Нью-Йорк, апрель 2019 года |
Расталған көшірме (XXII-4)
Заверенная копия (XXII-4)
2019 жылғы cәуip/апрель 2019 года