Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 28 желтоқсандағы № 170-VII ҚРЗ.

      2021 жылғы 25 қазанда Ашғабатта жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі

      табиғи, техногендік және экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар Тараптардың мемлекеттері үшін қауіп төндіретінін сезіне отырып,

      өз мемлекеттерінің халықтары арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты нығайтуға, мемлекетаралық қарым-қатынастарды барынша дамытуға және Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында жан-жақты ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,

      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы Тараптар мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастықты дамыту екі мемлекеттің әл-ауқаты мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететінін мойындай отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің бірінің күштерімен және құралдарымен жою мүмкін болмайтын төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігін және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында екі мемлекеттің үйлесімді іс-қимылдарының қажеттілігін назарға ала отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін тиімді, практикалық шараларды әзірлеуде және қабылдауда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты табандылықпен нығайту қажеттілігіне сенімді бола отырып,

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасу өзара мүддені білдіретінін ескере отырып.

      екі елдің экологиялық жүйелерінің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ қоршаған орта мониторингін ұйымдастыру жөнінде келісілген саясат жүргізуді талап ететін өзара тәуелділігін негізге ала отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы күш-жігерін қолдай отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап Келісімнің мәні

      Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, апат немесе өзге де зілзала жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету бойынша төтенше жағдайлар саласындағы мамандарды оқыту саласындағы өзара іс-қимылын айқындайды.

2-бап Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      "төтенше жағдай" - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне зиян келтіруге, елеулі материалдық шығынға және халықтың тыныс-тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авариялар, зілзалалар немесе табиғи немесе техногендік сипаттағы апаттар салдарынан туындаған жағдай;

      "төтенше жағдайлардың алдын алу" - төтенше жағдайлардың туындау және олардың адамдар денсаулығына және қоршаған ортаға әсер ету тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шаралары кешені;

      "авариялық-құтқару жұмыстары" - төтенше жағдайлар аймағында адамдардың өмірін құтқару мен олардың денсаулығын сақтау, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін, қоршаған табиғи ортаны қорғау, төтенше жағдайларды жою және оларға тән қауіпті факторлардың әсерін жою немесе барынша төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;

      "төтенше жағдайларды жою" - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, залал мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймақтарын оқшаулауға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;

      "төтенше жағдай аймағы" - төтенше жағдай болған (жарияланған) аумақ;

      "азаматтық қорғаныс" - бұл басқару органдарының мемлекеттік жүйесі және бейбіт және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргізу объектілері мен ел аумағын қазіргі заманғы зақымдау құралдарының зақым келтіру (қирату) факторларының, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерінен қорғау мақсатында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар жиынтығы;

      "жарақ" - көмек көрсету жөніндегі топтың материалдары, техникалық және көлік құралдары, керек-жарағы мен топ мүшелерінің жеке керек-жарағы;

      "қамтамасыз ету материалдары" - төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен халықтың арасында тегін бөліп беруге арналған материалдық құралдар;

      "сұрау салушы Тарап" - көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішпен екінші Тарапқа жүгінетін Тарап;

      "ұсынушы Тарап" - сұрау салушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішін қанағаттандыратын Тарап;

      "құзыретті орган" - осы Келісімді іске асыруға байланысты жұмыстарды басқару және оларды үйлестіру үшін әрбір Тарап тағайындайтын орган;

      "көмек көрсету жөніндегі топ" - төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақпен қамтамасыз етілген ұсынушы Тарап мамандарының ұйымдасқан тобы.

3-бап Құзыретті органдар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін құзыретті органдарды тағайындайды:

      Қазақстан Республикасы тарапынан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі:

      Түрікменстан тарапынан - Түрікменстанның Қорғаныс министрлігі.

      Тараптар өздерінің құзыретті органдары атауларының өзгерістері туралы және олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

4-бап Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сай жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуына негізделеді.

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мыналарды:

      қауіпті техногендік және экологиялық процестердің, сондай-ақ табиғи құбылыстардың мониторингін;

      төтенше жағдайларды болжауды және олардың салдарларын бағалауды;

      халықты төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындауды ұйымдастыруда, оның ішінде төтенше жағдай кезінде медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибе алмасуды;

      мүдделі мемлекеттік құрылымдардың төтенше жағдайларды жою жөніндегі өзара іс-қимылын ұйымдастыруды;

      өнеркәсіптік авариялардың, апаттар мен дүлей зілзалалардың салдарынан болуы мүмкін ластануларға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа төнген қауіп-катерді бағалауды;

      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлауды, әзірлеуді және жүзеге асыруды, ғылыми-техникалық ақпаратпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуды;

      төтенше жағдайлардың алдын алу, туындауы және оларды жою туралы ақпаратпен, мерзімді басылымдармен, әдістемелік және басқа да әдебиетпен, бейне және фотоматериалдармен, сондай-ақ технологиялармен алмасуды;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқулар мен жаттығулар ұйымдастыруды;

      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар ұйымдастыруды;

      екінші Тарап мемлекетінің оқу орындарында мамандар даярлауды, тағылымдамадан өтушілермен, оқытушылармен, ғалымдармен және мамандармен алмасуды;

      Тараптардың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді;

      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсетуді;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында құзыретті органдармен келісілетін басқа да қызметті көздейді.

5-бап Мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдары, өзге де ұйымдары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

6-бап Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, жіберуші Тарап осы Келісімнің 4-бабында белгіленген, төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің межелі пунктке дейін жол жүру, өз өкілдерінің тұру және тамақтану жөніндегі шығыстарын көтереді.

      Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, қабылдаушы Тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап өкілдерінің жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

7-бап Көмек көрсету

      Көмек сұрау салушы Тарап төтенше жағдайдың уақыты, орны, сипаты және ауқымы туралы ақпаратты ұсынатын, қажетті көмек түрі мен оның көлемін көрсететін жазбаша сұрау салу негізінде көрсетіледі.

      Ұсынушы Тарап сұрау салуды аса қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы Тарапты көмек көрсету мүмкіндігі, көлемі мен шарттары туралы немесе көмек көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабардар етеді.

      Көмек көрсету жөніндегі топтарға басшылықты осы топтардың жетекшілері арқылы сұрау салушы Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.

8-бап Көмек түрлері

      Көмек көрсету жөніндегі топтарды, қамтамасыз ету материалдарын жіберу арқылы не өзге де сұралатын нысанда төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетіледі.

      Көмек көрсету жөніндегі топтар төтенше жағдай аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау үшін пайдаланылады.

      Сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың жетекшілеріне төтенше жағдай аймағында және нақты жұмыс учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы хабарлайды және қажет болған кезде осы топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ күзетті, тегін медициналық қызмет көрсетуді ұсынады және олардың іс-қимылдарын үйлестіруді жүзеге асырады.

      Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру 72 сағат ішінде төтенше жағдай аймағында дербес іс-қимылдар жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Егер Тараптар қосымша өзгеше ескермесе, сұрау салушы Тарап ресурстар қоры біткеннен кейін көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен, азық-түлікпен және тұруға арналған үй-жаймен қамтамасыз етеді.

9-бап Көмек көрсету жөніндегі топтардың Мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын виза ресімдемей, өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша белгіленген өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Топ жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі және ұсынушы Тараптың құзыретті органы берген, өзінің өкілеттігін растайтын құжат болуға тиіс. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында визасыз төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанға дейін болады.

      Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу уақытында сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті. Бұл ретте олар ұсынушы Тарап мемлекетінің еңбек, қылмыстық және әкімшілік заңнамасы саласындағы юрисдикциясында болады.

      Көмек көрсету жөніндегі топтардың жүріп-тұруы, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, теміржол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады.

      Көрсетілген көлік түрлерін пайдалану тәртібін тиісті министрліктермен және ведомстволармен келісу бойынша Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары айқындайды.

10-бап Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге арналған жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін әкелінетін және ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары кедендік баждарды, алымдарды және салықтарды төлеуден босатылады.

      Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын кедендік ресімдеу көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамы, әкелінетін және әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесі көрсетілетін, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін хабарламалардың негізінде оңайлатылған нысанда және басым тәртіппен жүргізіледі.

      Көмек көрсету жөніндегі топтарға жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарынан басқа, қандай да бір тауарларды тасымалдауға тыйым салынады.

      Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақтар сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге тиіс. Егер жарақты айрықша мән-жайларға байланысты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген жағдайда сұрау салушы Тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтардың түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың құзыретті және кеден органдарына хабарлау қажет.

      Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі заттары бар медициналық препараттардың қажетті саны әкелінуі мүмкін. Бұл жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі ұсынушы және сұрау салушы Тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен санын көрсете отырып, құрамында есірткі заттары бар медициналық препараттар туралы декларация ұсынады.

      Көрсетілген медициналық препараттар сұрау салушы Тарапқа беруге жатпайды және оларды осы Тарап өкілдерінің бақылауымен тек білікті медициналық персонал ғана пайдаланады.

      Құрамында есірткі заттары бар пайдаланылмаған медициналық препараттар осы препараттардың номенклатурасы мен санын растайтын құжаттардың негізінде сұрау салушы Тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге тиіс. Құрамында есірткі заттары бар жұмсалған медициналық препараттарға сұрау салушы Тараптың кеден органына көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі мен дәрігері қол қойған және сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өкілі куәландырған олардың пайдаланылғаны туралы акт көрсетіледі.

11-бап

Әуе кемелерін пайдалану

      Ұсынушы Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына әуе кемелерінің типі мен тану белгілерін, маршрутын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, ұшу және қону орны мен уақытын көрсете отырып, оларды көмек көрсету үшін пайдалану шешімі туралы хабарлайды.

      Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке әуе кемелерінің ұшуына Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат береді.

      Ұшу Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Тараптар мемлекеттері белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап

Су кемелерін пайдалану

      Ұсынушы Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына су кемелерінің типі мен тану белгілерін, маршрутын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, кету және келу орны мен уақытын көрсете отырып, оларды көмек көрсету үшін пайдалану шешімі туралы хабарлайды.

      Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір портқа келуіне рұқсат етеді.

      Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясымен суда және портта арқандап байлау халықаралық теңіз құқығына және сұрау салушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

13-бап

Шығыстарды өтеу

      Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.

      Сұрау салушы Тарап көмек көрсету туралы өз өтінішін қайтарып ала алады, бірақ бұл жағдайда ұсынушы Тарап өзіне келтірілген шығыстарға өтемақы алуға құқылы.

      Шығыстарды өтеу, егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, ұсынушы Тараптан бұл туралы талап түскеннен кейін дереу жүргізіледі.

      Ұсынушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерін сақтандыратын болады. Сақтандыруды ресімдеу бойынша шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға енгізіледі.

      Ұсынушы Тарап әуе кемелерінің ұшқаны, қонғаны, әуежайда (әуеайлақта) тұрғаны және одан ұшып шыққаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.

      Ұсынушы Тараптың су кемелері порттарға кіргені, қол жеткізгені, маневр жасағаны және порт алымдары үшін ақы төлеуден босатылады.

      Ұсынушы Тараптың әуе және су кемелерінің отынға және техникалық қызмет көрсетуге кеткен шығыстарын өтеу туралы мәселелер әрбір нақты жағдайда жеке шешілетін болады.

      Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, олардың осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды ұлттық заңнамаларға сәйкес көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

14-бап

Залалды өтеу

      Сұрау салушы Тарап адамдар қаза болған немесе жарақат алған жағдайда, сондай-ақ осы Тараптың жабдығы немесе басқа меншігі бүлінген немесе оған залал келтірілген жағдайда, егер мұндай залал осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау барысында келтірілсе, ұсынушы Тарапқа өтемақы төлейді. Өтемақы мөлшері әрбір нақты жағдайда жеке келісіледі.

      Егер көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау кезінде заңды немесе жеке тұлғаға залал келтірсе, онда залалды оның мемлекетінің заңнамасына сәйкес сұрау салушы Тарап өтейді.

      Көмек көрсету жөніндегі топ мүшесінің кінәлі әрекетінің нәтижесінде келтірілген зиянды ұсынушы Тарап өтеуге тиіс.

15-бап

Ақпаратты пайдалану

      Егер Тараптардың құзыретті органдары жазбаша нысанда өзгеше келіспесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен нұсқамаларының негізінде пайдаланылады.

16-бап

Басқа міндеттемелер мен халықаралық шарттар

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

17-бап

Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешілетін болады.

18-бап

Қорытынды ережелер

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

      Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келісім қолданысының тоқтатылуы оның қолданысы тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайтын болады.

      2021 жылғы "25" қазанда Ашхабад қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Түрікменстанның
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады