Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 176-VII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Конституциялық заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:

      1) 6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жоғарғы Сот Төрағасы сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынуы негiзiнде Жоғары Сот Кеңесімен келісу бойынша әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын белгiлейдi.";

      2) 9-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы алып тасталсын;

      3) 12-баптың 4) тармақшасы алып тасталсын;

      4) 14-баптың 1-тармағының 9) тармақшасы алып тасталсын;

      5) 16-баптың 1-тармағының 5) және 8) тармақшалары алып тасталсын;

      6) 20-баптың 1-тармағының 9-1) және 9-2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-1) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде уәкілетті органның құрылымын және штат кестесін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келіседі;

      9-2) Қазақстан Республикасының Президентіне уәкілетті органның басшысын тағайындау туралы ұсыну енгізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган басшысының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;";

      7) 22-баптың 2-1-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) судьялардың еңбегіне ақы төлеу шарттарын бекітеді;";

      8) 29-1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Судьяның кәсiптік мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн аурулардың тiзбесi уәкілетті орган мен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның бiрлескен нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.";

      9) 4-бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-бөлім. Сот әкімшілігі";

      10) 56-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-бап. Сот әкімшілігі

      1. Қазақстан Республикасының Президенті құратын уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға құқықтық статистикалық құжатталған ақпаратты ұсынуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Тиісті уәкілетті мемлекеттік орган және уәкілетті органның облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері уәкілетті органның бірыңғай жүйесін құрайды.

      3. Уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.

      4. Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Сот Кеңесімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен уәкілетті органның басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      5. Уәкілетті органның басшысы уәкілетті органның және оның облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің құрылымын және штат кестесін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітеді.

      6. Уәкілетті органның қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Уәкілетті органның қызметкерлері мәртебесі, жалақы деңгейі, материалдық, қаржылық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етудің өзге де жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тиісті қызметкерлеріне теңестіріледі.".

      2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:

      6-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 1-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-2) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің басқа да түрлерін жүзеге асыру үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мөрлерінде;".

      3. "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" 2015 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:

      1) 1-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қор биржасы – Орталықта қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға;";

      2) 2-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасында сақтандыру, банктік қызметтер көрсету, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар, цифрлық активтер, электрондық коммерция және инновациялық жобалар нарығын дамыту;";

      3) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:

      "4-1-бап. Цифрлық активтер саласындағы реттеудің ерекше режимі

      1. Цифрлық активтер ұғымы және олардың түрлері, сондай-ақ Орталықта цифрлық активтерді шығару (цифрлық майнингті қоспағанда), орналастыру, айналысқа жіберу, сақтау тәртібі мен шарттары Орталық актілерінде айқындалады.

      2. Цифрлық активтер биржаларына қойылатын талаптар және оларды Орталықта лицензиялау тәртібі Орталық актілерінде айқындалады.

      3. Цифрлық активтер биржалары ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін:

      1) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығының көрсетілетін қызметтерін сатып алуға;

      2) Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығын және цифрлық активтер биржасына қызметтер көрсететін ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығын өз бетінше анықталған ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғалары туралы "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізу қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде құлақтандыруға;

      3) ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғаларын басқару жөніндегі саясатты және олардың қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету жоспарын әзірлеуге және іске асыруға;

      4) цифрлық активтер биржаларына Орталықтың актілерінде көзделген өзге де талаптарды сақтауға тиіс.

      4. Цифрлық активтер биржалары тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында жеке және заңды тұлғаларды қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алуға, иеленуге және олармен операциялар жасауға байланысты тәуекелдер туралы хабардар етуге міндетті.

      5. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер биржасының және (немесе) цифрлық активтерге байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар Орталық қатысушысының Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі мен тетіктері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Орталық актісінде айқындалады.

      6. Цифрлық активтер биржалары есептілігінің тізбесі, оны ұсыну мерзімдері мен тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша Орталық актісінде айқындалады.";

      4) 6-бапта:

      3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Цифрлық активтер биржасын қоспағанда, Орталық қатысушылары Орталықтың аумағында мынадай қаржылық қызметтерді көрсетуден алған кірістері бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады:";

      7-тармақ:

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларын қолдану мақсаты үшін қор биржасының ресми тізімдеріндегі бағалы қағаздар деп Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес айқындалған бағалы қағаздар түсініледі.";

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының ережелері Орталықтың, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мен салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірлескен актісінде айқындалған өлшемшарттарға сәйкес биржада сауда-саттығы жүзеге асырылған бағалы қағаздар бойынша дивидендтерге қолданылады.";

      5) 12-баптың 3-тармағында:

      5) тармақшадағы "Орталық" деген сөз "тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, Орталық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы актілерді әзірлейді, оларды жария талқылауға шығарады және оларды қабылдайды, сондай-ақ Орталық қатысушыларының оларды сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;".

      2-бап. Осы Конституциялық заң:

      1) "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 4) тармақшасының төртінші, бесінші және алтыншы абзацтарын;

      2) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 4) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 2) тармақшасын;

      4) 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 3) тармақшасын;

      5) 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады