Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 7 маусымдағы № 8-VIII ҚРЗ.

      Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған факультативтік хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми ayдарма

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттама

      Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Хаттамаға катысушы мемлекет ("катысушы мемлекет") Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеттің ("Комитет") осы қатысушы мемлекеттің Конвенция ережелерін бұзудың құрбаны болып табылатынын мәлімдеген оның юрисдикциясындағы адамдардан немесе адамдар тобынан немесе олардың атынан хабарларды қабылдау және қарау құзыретін таниды.

      2. Егер хабар осы Хаттамаға катысушы болып табылмайтын Конвенцияға катысушы мемлекетке қатысты болса, Комитет оны қабылдамайды.

2-бап

      Комитет мына жағдайларда:

      a) хабар анонимді болып табылса;

      b) хабар мұндай хабарлар беру құқығын теріс пайдалануды білдірсе немесе Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмесе;

      c) Комитет дәл сол мәселені қараған болса не халықаралық талқылаудың немесе реттеудің басқа рәсімі шеңберінде қаралған болса немесе қаралып жатса;

      d) қолда бар ішкі қорғану құралдары түгел қолданылмаса хабарды қабылдауға келмейтін деп санайды. Қорғану құралдарын қолдану себепсіз созылса немесе пәрменді нәтиже әкеле қоюы екіталай болса, бұл ереже қолданылмайды;

      e) ол анық негізделмеген немесе жеткіліксіз дәлелденген болып табылса не;

      f) хабардың нысанасы болып табылатын фактілер тиісті қатысушы мемлекет үшін осы Хаттама күшіне енгенге дейін орын алған болса, егер тек бұл фактілер аталған күннен кейін де жалғаспаған болса, хабарды қабылдауға келмейтін деп санайды.

3-бап

      Осы Хаттаманың 2-бабының ережелерін ескере отырып, Комитет өзіне ұсынылған кез келген хабарды құпия түрде қатысушы мемлекеттің назарына жеткізеді. Алты ай мерзімде хабардар болған мемлекет Комитетке мәселені немесе осы мемлекеттің қолдануы мүмкін болған қорғану құралын (егер ондай болса) нақтылай отырып, жазбаша түсініктеме немесе мәлімдеме ұсынады.

4-бап

      1. Хабарды алу мен мәні бойынша ұйғарым шығару аралығындағы кез келген кезде Комитет тиісті қатысушы мемлекетке кідіріссіз қарау үшін осы катысушы мемлекеттің болжалды бұзушылықтың құрбанына немесе құрбандарына ықтимал орны толмас зиян келтіруді болғызбау үшін қажет болуы мүмкін уақытша шаралар қабылдауы туралы өтінішті жібере алады.

      2. Комитет осы баптың 1-тармағына сәйкес өзінің дискрециялық құқығын жүзеге асырған кезде, бұл оның хабардың мәні бойынша қабылдауға болатындығына қатысты шешім қабылдағанын білдірмейді.

5-бап

      Осы Хаттамаға сәйкес хабарларды қарау кезінде Комитет жабық отырыс өткізеді. Хабарды зерделегеннен кейін Комитет тиісті қатысушы мемлекет пен мәлімдеушіге өз ұсыныстары мен ұсынымдарын (егер ондайлар болса) жібереді.

6-бап

      1. Егер Комитет қатысушы мемлекет Конвенцияда бекітілген құқықтарды елеулі немесе жүйелі түрде бұзғанын көрсететін анық ақпарат алса, ол осы қатысушы мемлекетке осы ақпаратты зерделеуде ынтымақтасуды және осы мақсатпен тиісті ақпарат бойынша ескертулер беруді ұсынады.

      2. Тиісті Қатысушы мемлекет ұсынуы мүмкін кез келген ескертуді, сондай-ақ өзінде бар кез келген басқа анық ақпаратты ескере отырып, Комитет өзінің бір немесе бірнеше мүшесіне тергеп-тексеру жүргізуді және Комитетке шұғыл түрде баяндама ұсынуды тапсыра алады. Бұл негізді болған жағдайларда және қатысушы мемлекеттің келісімімен тергеп-тексеру оның аумағында болуды қамтуы мүмкін.

      3. Мұндай тергеп-тексерудің нәтижелерін зерделегеннен кейін, Комитет бүл нәтижелерді кез келген түсініктемелерімен және ұсынымдарымен бірге тиісті қатысушы мемлекетке жолдайды.

      4. Комитет жолдаған нәтижелерді, түсініктемелер мен ұсынымдарды алған кезден бастап алты айдың ішінде қатысушы мемлекет оған өз ескертулерін ұсынады.

      5. Мұндай тергеп-тексеру құпия түрде жүргізіледі және процестің барлық кезеңінде қатысушы мемлекетке ынтымақтастық туралы өтініш жасауы болжанады.

7-бап

      1. Комитет тиісті қатысушы мемлекетке Конвенцияның 35-бабында көзделген өз баяндамасына осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес жүргізілген тергеп-тексеруге үн қосу тәртібімен қабылданған кез келген шаралар туралы мәліметтерді енгізуді ұсынуы мүмкін.

      2. Қажет болған кезде Комитет 6-баптың 4-тармағында айтылған алты ай мерзім өткен соң тиісті катысушы мемлекетке мұндай тергеп-тексеруге үн қосу тәртібімен қабылданған шаралар туралы ақпарат беруін ұсынуы мүмкін.

8-бап

      Әрбір қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою, оны ратификациялау немесе оған қосылу кезінде 6 және 7-баптарда көзделген Комитеттің құзыретін танымайтынын мәлімдеуі мүмкін.

9-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың депозитарийі болып табылады.

10-бап

      Осы Хаттама Конвенцияға қол қойған мемлекеттер мен өңірлік интеграция ұйымдарының қол қоюы үшін Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде 2007 жылғы 30 наурыздан бастап ашық.

11-бап

      Осы Хаттама Конвенцияны ратификациялап немесе оған қосылып, қол қойған мемлекеттердің ратификациялауына жатады. Конвенцияны ресми растап немесе оған қосылып, қол қойған өңірлік интеграция ұйымдарының оны ресми растауына жатады. Ол Конвенцияны ратификациялаған, оны ресми растаған немесе оған қосылған және осы Хаттамаға қол қоймаған кез келген мемлекеттің немесе өңірлік интеграция ұйымының қосылуы үшін ашық.

12-бап

      1. "Өңірлік интеграция ұйымы" белгілі бір өңірдің егемен мемлекеттері құрған, оған оның мүше мемлекеттері Конвенцияда және осы Хаттамада реттелетін мәселелерге қатысты құзырет берген ұйымды білдіреді. Мұндай ұйымдар ресми растау немесе қосылу туралы өз құжаттарында Конвенцияда және осы Хаттамада реттелетін мәселелерге катысты өз құзыретінің көлемін көрсетеді. Кейіннен олар депозитарийге өздерінің құзыретінің көлеміндегі кез келген елеулі өзгерістер туралы хабарлайды.

      2. Осы Хаттамадағы "қатысушы мемлекеттерге" сілтемелер мұндай ұйымдарға олардың құзыреті шегінде қатысты болады.

      3. Осы Хаттаманың 13-бабының 1-тармағы мен 15-бабының 2-тармағының мақсаттары үшін өңірлік интеграция ұйымы сақтауға тапсырған бірде-бір құжат есептелмейді.

      4. Өңірлік интеграция ұйымдары өздерінің құзыретіне жататын мәселелерде қатысушы мемлекеттер кеңесінде өзінің осы Хаттамаға қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттерінің санына тең дауыс санымен дауыс беру құқығын пайдалана алады. Егер мүше мемлекеттерінің бірі өз құқығын жүзеге асырса, мұндай ұйым өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды және керісінше болуы мүмкін.

13-бап

      1. Конвенция күшіне енген жағдайда осы Хаттама оныншы ратификациялық грамота немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Мұндай оныншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін осы Хаттаманы ратификациялаушы, оны ресми растаушы немесе оған қосылушы әрбір мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін Хаттама олар өздерінің осындай құжатын сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

14-бап

      1. Осы Хаттаманың объектісі мен мақсатына сай келмейтін ескертпелерге жол берілмейді.

      2. Ескертпелер кез келген уақытта алып тасталуы мүмкін.

15-бап

      1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Хаттамаға түзету ұсына алады және оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына бере алады. Бас хатшы ұсынылған кез келген түзетулерді қатысушы мемлекеттерге олардың осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін катысушы мемлекеттердің кеңесін шақыруды қалайтын-қаламайтындығы туралы хабардар етуін сұрай отырып хабарлайды. Мұндай хабарлау күнінен бастап төрт айдың ішінде қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен бірі мұндай кеңес өткізуді жақтаған жағдайда Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында кеңес шақырады. Кеңесте болған және дауыс беруге катысатын қатысушы мемлекеттердің үштен екі көпшілігі мақұлдаған кез келген түзетуді Бас хатшы бекіту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына, сосын қабылдау үшін барлық катысушы мемлекетке жібереді.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекітілген түзету сақтауға тапсырылған қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетуді мақұлдау күніндегі катысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткен кезден кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Кейіннен түзету кез келген катысушы мемлекет үшін ол қабылдау туралы өз құжатын сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Түзету оны қабылдаған катысушы мемлекеттер үшін ғана міндетті болып табылады.

16-бап

      Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын жазбаша хабардар ету арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшының мұндай хабарламаны алған күнінен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

17-бап

      Осы Хаттама мәтінінің қолжетімді форматтарда болуы қамтамасыз етілуге тиіс.

18-бап

      Осы Хаттаманың ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіні теңтүпнұсқалы болып табылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған өздерінің тиісті үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген, төменде қол қоюшы уәкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.

      Осымен жоғарыда аталған мәтін 2006 жылғы 13 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған, түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысында сақталатын Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманың төлнұсқа көшірмесі болып табылатынын растаймын.

      Бас хатшы үшін Заң консультанты
(Бас хатшының құқықтық мәселелері

жөніндегі орынбасары)

Николя Мишель

(қолы)

Біріккен Ұлттар Ұйымы Нью-Йорк, 2007 жылғы 8 ақпан

      2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманың қазақ тіліндегі аудармасы ағылшын тіліндегі мәтінімен сәйкес келетінін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік

қорғау министрлігі Заң қызметі

департаментінің директоры
      А.Парсегова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады