Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 19 желтоқсандағы № 47-VIII ҚРЗ.

      2011 жылғы 19 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған, Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми ayдарма

Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты
факультативтік хаттама

      Бас ассамблеяның 2011 жылғы 19 желтоқсандағы 66/138 қарарымен қабылданды

      Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған қағидаттарға сәйкес адамдар отбасының барлық мүшелеріне тән қадір-қасиет пен тең әрі ажырамас құқықтарын тану бүкіл әлемде бостандықтың, әділдіктің және бейбітшіліктің негізін құрайтынын назарға ала отырып,

      Бала құқықтары туралы конвенцияға (бұдан әрі "Конвенция" деп аталады) қатысушы мемлекеттер нәсіліне, түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де нанымдарына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік жағдайына, баланың денсаулық . жағдайы мен тууына, оның ата-анасына немесе заңды қамқоршыларына немесе қандай да бір өзге мән-жайларға қарамастан, қандай да бір кемсітушіліксіз өздерінің юрисдикциясы шегіндегі әрбір балаға онда көзделген барлық құқықтарды танитынын атап өте отырып,

      адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарының әмбебаптығын, бөлінбейтіндігін, өзара тәуелділігі мен өзара байланыстылығын тағы да растай отырып,

      баланың құқық субъектісі ретіндегі және өзіне тән қадір-қасиеті мен даму мүмкіндіктері бар адам ретіндегі мәртебесін тағы да растай отырып,

      балалардың ерекше және тәуелді болу жағдайы олардың құқықтары бұзылған жағдайда, құқықтық қорғау құралдарын пайдалануда олар үшін нақты қиындықтар туғызуы мүмкін екенін мойындай отырып,

      осы Хаттама ұлттық және өңірлік тетіктерді күшейтеді және толықтырады және балаларға өз құқықтарының бұзылуына шағым беруге мүмкіндік береді деп есептей отырып,

      баланың құқықтары бұзылған жағдайда, құқықтық қорғау құралдарын қолдану кезінде баланың мүдделерін барынша жақсы қамтамасыз етуге бірінші кезекте назар аудару қажеттігін және мұндай қорғау құралдары баланың қажеттіліктеріне сай келетін рәсімдерді барлық деңгейде пайдалану қажеттілігін ескеруге тиіс екенін мойындай отырып,

      қатысушы мемлекеттерді құқықтары бұзылған баланың мемлекетішілік деңгейде құқықтық қорғаудың пәрменді құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тиісті ұлттық тетіктерді әзірлеуге шақыра отырып,

      баланың құқықтарын көтермелеу және қорғау міндеті тапсырылған ұлттық құқық қорғау мекемелері мен басқа да мамандандырылған мекемелердің маңызды рөлін еске сала отырып,

      осындай ұлттық тетіктерді нығайту және толықтыру үшін және Конвенцияны және бұл қолданылатын кезде Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына және балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты оған факультативтік хаттамаларды жүзеге асыруды одан әрі жетілдіру үшін Бала құқықтары жөніндегі комитетке (бұдан әрі "Комитет" деп аталатын) осы Хаттамада көзделген функцияларды жүзеге асыруға мүмкіндігін беру орынды болады деп есептей отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

I бөлім

Жалпы ережелер

1-бап. Бала құқықтары жөніндегі комитеттің құзыреті

      1. Осы Хаттамаға қатысушы мемлекет Комитеттің осы Хаттамада көзделген құзыретін таниды.

      2. Комитет осы Хаттамаға қатысушы мемлекет қатысушысы болып табылмайтын шартта көзделген құқықтарды бұзуға қатысты мәселелер бойынша осы мемлекетке байланысты өз құзыретін жүзеге асырмайды.

      3. Комитет осы Хаттаманың қатысушысы болып табылмайтын мемлекетке қатысты болса, ешқандай хабарламаларды қабылдамайды.

2-бап. Комитеттің функцияларын анықтайтын жалпы қағидаттар

      Комитет осы Хаттамада өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде баланың ең жақсы мүдделерін қамтамасыз ету қағидатын басшылыққа алады. Ол баланың жасына және жетілуіне сай баланың көзқарастарына тиісінше назар аудара отырып, баланың құқықтары мен көзқарасын да ескереді.

3-бап. Рәсім қағидалары

      1. Комитет өзіне осы Хаттамада жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде сақталуға тиіс рәсімдер қағидаларын қабылдайды. Бұл ретте ол, атап айтқанда, баланың қажеттіліктеріне сай келетін рәсімдерді пайдалануға кепілдік беру мақсатында осы Хаттаманың 2-бабын ескереді.

      2. Комитет өзінің рәсімдер қағидаларында баланың өз атынан әрекет ететіндер тарапынан айла-шарғы жасауына жол бермеуді бағытталған кепілдіктерді қамтиды және оның пікірінше, баланың ең жақсы мүдделерін қамтамасыз етуге жауап бермейтін кез келген хабарламаны қараудан бас тарта алады.

4-бап. Қорғау шаралары

      1. Қатысушы мемлекет өзінің юрисдикциясындағы адамдардың осы Хаттамаға сәйкес Комитетке хабарламалар жіберу немесе онымен ынтымақтастық жасау салдарынан адам құқықтарын қандай да бір бұзушылықтарға, қатыгездікпен қарауға немесе қорқытуға ұшырамауын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті қадамдарды қабылдайды.

      2. Кез келген тиісті адамның немесе тиісті адамдар тобының жеке басы олардың анық білдірілген келісуінсіз жария түрде ашылмайды.

II бөлім

Хабарлар рәсімі

5-бап. Жеке хабарлар

      1. Хабарларды қатысушы мемлекеттің юрисдикциясындағы адамдар немесе адамдар тобы беруі немесе осы қатысушы мемлекет бір тарапы болып табылатын мынадай шарттардың кез келгенінде көзделген құқықтардың кез келгенін қатысушы мемлекеттің бұзуының құрбандары болып табылады деп тұжырым жасайтын осындай адамдардың немесе адамдар тобының атынан берілуі мүмкін:

      a) Конвенция;

      b) Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты конвенцияға факультативтік хаттама;

      c) Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты конвенцияға факультативтік хаттама.

      2. Егер хабар адамның немесе адамдар тобының атынан ұсынылса, автор өзінің іс-әрекетін олардың атынан осындай келісусіз негіздей алатын жағдайларды қоспағанда, бұл олардың келісуімен жасалады.

6-бап. Уақытша шаралар

      1. Комитет хабарды алғаннан кейін және мәні бойынша шешім шығарылғанға дейін кез келген уақытта тақырыптарды шұғыл қарау үшін тиісті қатысушы мемлекеттің болжанатын бұзушылықтардың құрбанына немесе құрбандарына ықтимал орны толмас залал келтіруді болдырмау үшін төтенше жағдайларда талап етілуі мүмкін уақытша шараларды қабылдауы туралы өтінішті осы қатысушы мемлекетке жібере алады.

      2. Егер Комитет өз өкілеттігін осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырса, бұл оның хабардың қолайлылығына немесе мәніне қатысты шешім қабылдағанын білдірмейді.

7-бап. Қолайлылық

      Комитет:

      a) хабар иесі бүркемеленген болған;

      b) хабар жазбаша түрде баяндалмаған;

      c) хабар осындай хабарламаларды беру құқығын теріс пайдалануды білдірген немесе Конвенцияның және/немесе оған факультативтік хаттамалардың ережелерімен үйлеспеген;

      d) дәл осы мәселені Комитет қараған немесе халықаралық талқылау немесе реттеудің басқа рәсіміне сәйкес қаралған немесе қаралып жатқан;

      e) барлық қолжетімді ішкі құқықтық қорғау құралдары таусылмаған кезде хабарды қолайсыз деп есептейді. Бұл қағида құқықтық қорғау құралдарын жүзеге асыру негізсіз кешіктірілген немесе пәрменді көмек көрсетуі екіталай болған жағдайларда қолданылмайды;

      f) хабар айқын негізсіз немесе жеткіліксіз негізделген;

      g) хабардың мәні болып табылатын фактілер тиісті қатысушы мемлекет үшін осы Хаттама күшіне енгенге дейін орын алған кезде, егер бұл фактілер осы күннен кейін жалғаспаса;

      һ) хабар ішкі құқықтық қорғау құралдары таусылған кезден бастап бір жыл ішінде ұсынылмаған кезде, автор осы мерзім ішінде хабар жіберу мүмкін болмағанын дәлелдей алатын жағдайларды қоспағанда, хабарды қолайсыз деп есептейді.

8-бап. Хабарды жіберу

      1. Комитет хабарды тиісті қатысушы мемлекетті есіне салмай қолайсыз деп есептейтін жағдайларды қоспағанда, Комитет өзіне осы Хаттамаға сәйкес ұсынылған кез келген хабарды тиісті қатысушы мемлекеттің назарына құпия тәртіппен мүмкіндігінше тезірек жеткізеді.

      2. Қатысушы мемлекет Комитетке осы мәселе бойынша және құқықтық қорғау құралдарына қатысты ол бере алуы мүмкін болған түсіндірмелерді қамтитын жазбаша түсініктемелерді немесе өтініштерді егер олар бар болса, береді. Қатысушы мемлекет алты ай ішінде мүмкіндігінше барынша қысқа мерзімде жауап береді.

9-бап. Достық реттеу

      1. Комитет Конвенцияда және/немесе оған факультативтік хаттамаларда жазылған міндеттемелерді құрметтеу негізінде мәселені достық реттеуге қол жеткізу мақсатында тиісті тараптарға өзінің ізгі көрсетілетін қызметтерін ұсынады.

      2. Комитет аясында қол жеткізілген Достық реттеу туралы келісім осы Хаттамаға сәйкес хабарды қарауды тоқтатуға алып келеді.

10-бап. Хабарларды қарау

      1. Комитет осы Хаттамаға сәйкес алынған хабарларды, өзіне ұсынылған барлық құжаттама тұрғысынан осы құжаттама тиісті тараптарға жіберілген жағдайда мүмкіндігінше қысқа мерзімде қарайды.

      2. Комитет осы Хаттамаға сәйкес алынған хабарларды қарау кезінде жабық отырыстар өткізеді.

      3. Комитет уақытша шаралар қолдану туралы өтінішпен жүгінген жағдайларда ол хабарды қарауды жеделдетеді.

      4. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтардың бұзылу ықтималдығы туралы хабарларды қарау кезінде Комитет Конвенцияның 4-бабына сәйкес қатысушы мемлекет қабылдаған қадамдардың негізділігін қарайды. Бұл ретте Комитет қатысушы мемлекет Конвенцияда бекітілген экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды жүзеге асыру үшін бірқатар ықтимал саяси шараларды қабылдай алатынын ескереді.

      5. Хабар қаралғаннан кейін Комитет осы хабар бойынша өз пайымдауларын өзінің ұсынымдарымен бірге, егер олар бар болса, тиісті тараптарға кідіріссіз жолдайды.

11-бап. Кейінгі шаралар

      1. Қатысушы мемлекет Комитеттің пайымдауларын оның ұсынымдарымен бірге, егер олар бар болса, тиісті түрде қарайды және Комитетке жазбаша жауапты, оның ішінде Комитеттің пайымдаулары мен ұсынымдары аясында қабылданған немесе қабылдануы ықтимал кез келген іс-қимылдар туралы ақпаратты береді. Қатысушы мемлекет өз жауабын мүмкіндігінше қысқа мерзімде және алты ай ішінде ұсынады.

      2. Комитет қатысушы мемлекетке мән-жайларға қарай өзінің пайымдауларына немесе ұсынымдарына жауап ретінде қатысушы мемлекет қабылдаған кез келген шаралар туралы немесе егер ол бар болса, достық реттеу туралы келісімді жүзеге асыру туралы, оның ішінде, егер Комитет мұны орынды деп есептесе, Конвенцияның 44-бабы бойынша, Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты конвенцияға факультативтік хаттаманың 12-бабы бойынша немесе Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты конвенцияға факультативтік хаттаманың 8-бабы бойынша қатысушы мемлекеттің кейінгі баяндамаларында беруді ұсына алады.

12-бап. Мемлекетаралық хабарлар

      1. Осы Хаттамаға қатысушы мемлекет кез келген уақытта бір тарапы қатысушы мемлекет болып табылатын мынадай шарттардың кез келгеніне сәйкес бір қатысушы мемлекет екінші қатысушы мемлекет өз міндеттемелерін орындамайды деп тұжырым жасайтын хабарларды Комитеттің алу және қарау құзыретін танитынын мәлімдей алады:

      a) Конвенция;

      b) Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты конвенцияға факультативтік хаттама;

      c) Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты конвенцияға факультативтік хаттама.

      2. Комитет мұндай мәлімдеме жасамаған қатысушы мемлекетке қатысты хабарларды немесе мұндай мәлімдеме жасамаған қатысушы мемлекеттен келіп түскен хабарларды қабылдамайды.

      3. Комитет Конвенцияда және оған факультативтік хаттамаларда бекітілген міндеттемелерді құрметтеу негізінде мәселені достық реттеу мақсатында тиісті қатысушы мемлекеттерге өзінің ізгі қызметтерін көрсетеді.

      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қатысушы мемлекеттер мәлімдемені Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырады, ол оның көшірмелерін басқа қатысушы мемлекеттерге жібереді. Мәлімдеме Бас хатшыны хабардар ету арқылы кез келген уақытта кері қайтарып алынуы мүмкін. Мұндай кері қайтарып алу осы бапқа сәйкес жіберілген хабардың мәні болып табылатын кез келген мәселені қарауға кедергі келтірмейді; Бас хатшы өтінішті кері қайтарып алу туралы хабарламаны алғаннан кейін, егер тиісті қатысушы мемлекет жаңа өтініш жасамаса ғана, осы бап бойынша ешқандай кейінгі хабарлар қандай да бір қатысушы мемлекеттен қабылданбайды.

III бөлім. Тергеп-тексеру рәсімі

13-бап. Өрескел немесе жүйелі түрдегі бұзушылықтарды тергеп-тексеру рәсімі

      1. Егер Комитет Конвенцияда немесе оған Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына және балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты факультативтік хаттамаларда көзделген құқықтарды қатысушы мемлекеттің өрескел немесе жүйелі түрдегі бұзушылықтарды көрсететін сенімді ақпарат алатын болса, Комитет осы қатысушы мемлекетке осындай ақпаратты зерделеуде ынтымақтастық жасау және осы мақсатта тиісті ақпаратқа қатысты кідіртпей ескертулерін ұсынады.

      2. Тиісті қатысушы мемлекет ұсынуы мүмкін кез келген ескертулерді, сондай-ақ өзінде бар кез келген басқа сенімді ақпаратты ескере отырып, Комитет тергеп-тексеру жүргізу және Комитетке баяндаманы шұғыл ұсыну үшін өзінің бір немесе бірнеше мүшесін тағайындай алады. Бұл орынды және қатысушы мемлекеттің келісуімен болған жағдайларда тергеп-тексеру оның аумағына баруды қамтуы мүмкін.

      3. Мұндай тергеп-тексеру жасырын түрде жүргізіледі және бұл процестің барлық кезеңдерінде қатысушы мемлекет тарапынан ынтымақтастық сұралады.

      4. Мұндай тергеп-тексерудің тұжырымдарын зерделегеннен кейін Комитет бұл тұжырымдарды кез келген түсініктемелермен және ұсынымдармен бірге тиісті қатысушы мемлекетке жедел түрде жібереді.

      5. Тиісті қатысушы мемлекет өз ескертулерін Комитет жіберген тұжырымдарды, ескертулер мен ұсынымдарды алған кезден бастап алты ай ішінде мүмкіндігінше анағүрлым қысқа мерзімде Комитетке жібереді.

      6. Осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргізілген тергеп-тексеруге қатысты осындай процесті аяқтағаннан кейін, Комитет тиісті қатысушы мемлекетпен консультациялар алғаннан кейін осы Хаттаманың 16-бабында көзделген өзінің баяндамасына осы процестің нәтижелері туралы қысқаша есепті қосу туралы шешім қабылдай алады.

      7. Әрбір қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою немесе ратификациялау немесе оған қосылу кезінде 1-тармақта санамаланған кейбір немесе барлық шарттарда бекітілген құқықтарға қатысты осы бапта көзделген Комитеттің құзыретін танымайтынын мәлімдей алады.

      8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған кез келген қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы бұл мәлімдемені кез келген уақытта кері қайтарып ала алады.

14-бап. Тергеп-тексеру рәсімінің қорытындысы бойынша кейінгі шаралар

      1. 13-баптың 5-тармағында айтылып отырған алты айлық кезең аяқталғаннан кейін Комитет қажет болған жағдайда, тиісті қатысушы мемлекетке осы Хаттаманың 13-бабына сәйкес жүргізілген тергеп-тексеруге жауап ретінде қабылданған немесе көзделетін шаралар туралы оны хабардар етуді ұсына алады.

      2. Комитет қатысушы мемлекетке мән-жайларға қарай 13-бапқа сәйкес жүргізілген тергеп-тексеруге жауап ретінде қатысушы мемлекет қабылдаған кез келген шаралар туралы қосымша ақпаратты, оның ішінде, егер Комитет мұны орынды деп есептесе, Конвенцияның 44-бабы бойынша, Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты конвенцияға факультативтік хаттаманың 12-бабы бойынша немесе Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына қатысты конвенцияға факультативтік хаттаманың 8-бабы бойынша қатысушы мемлекеттің кейінгі баяндамаларында беруді ұсына алады.

IV бөлім

Қорытынды ережелер

15-бап. Халықаралық жәрдемдесу және ынтымақтастық

      1. Комитет тиісті қатысушы мемлекеттің келісуімен Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелеріне, қорларына және бағдарламаларына және басқа да құзыретті органдарға хабарлар мен тергеп-тексерулерге қатысты және техникалық жағынан консультациялық көмек пен қолдау қажеттігін көрсететін өз пайымдауларын немесе ұсынымдарын қатысушы мемлекеттің осы пайымдаулар мен ұсынымдар бойынша ескертулерімен және ұсыныстарымен бірге, егер олар бар болса, жібере алады.

      2. Комитет тиісті қатысушы мемлекеттің келісуімен осы Хаттамаға сәйкес қаралған хабарлардан туындайтын және олардың әрқайсысы өз құзыреті саласы шегінде Конвенцияда және/немесе оған факультативтік хаттамаларда танылған құқықтарды жүзеге асыруда прогреске қол жеткізуде қатысушы мемлекеттерге жәрдем көрсетуге ықпал етуі мүмкін халықаралық шаралардың орындылығына қатысты шешімдер шығарған кезде оларға көмектесе алатын кез келген мәселелерді осындай органдардың назарына да жеткізе алады.

16-бап. Бас Ассамблеяға баяндама

      Комитет Конвенцияның 44-бабының 5-тармағына сәйкес екі жылда бір рет ұсынылатын Бас Ассамблеяға өзінің баяндамасына осы Хаттамаға сәйкес өз қызметінің қысқаша мазмұнын енгізеді.

17-бап. Факультативтік хаттама туралы хабардар болуды арттыру және ақпарат

      Әрбір қатысушы мемлекет мүгедектерді қоса алғанда, ересектер үшін де, балалар үшін де қолжетімді форматтарда тиісті және пәрменді құралдарды қолдана отырып, осы Хаттаманы кеңінен жариялауға және таратуға және Комитеттің, атап айтқанда, осы қатысушы мемлекеттің мүддесін қозғайтын мәселелерге қатысты пайымдаулары мен ұсынымдары туралы ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетуге міндеттенеді.

18-бап. Қол қою, ратификациялау және қосылу

      1. Осы Хаттама Конвенцияға немесе оған алғашқы екі факультативтік хаттаманың біріне қол қойған немесе оны ратификациялаған немесе оларға қосылған кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық.

      2. Осы Хаттама Конвенцияны немесе оған алғашқы екі факультативтік хаттаманың бірін ратификациялаған немесе оларға қосылған кез келген мемлекеттің ратификациялауына жатады. Ратификациялау грамоталары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.

      3. Осы Хаттама Конвенцияны немесе оған алғашқы екі факультативтік хаттаманың бірін ратификациялаған немесе оларға қосылған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      4. Қосылу Бас хатшыға қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру арқылы жүргізіледі.

19-бап. Күшіне енуі

      1. Осы Хаттама оныншы ратификациялау грамотасы немесе қосылу туралы оныншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін үш айдан соң күшіне енеді.

      2. Оныншы ратификациялау грамотасы немесе қосылу туралы оныншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін осы Хаттаманы ратификациялайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекет үшін осы Хаттама өзінің ратификациялау грамотасы немесе қосылу туралы өзінің құжатын сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді.

20-бап. Күшіне енгеннен кейінгі бұзушылықтар

      1. Комитеттің құзыреті қатысушы мемлекеттің осы Хаттама күшіне енгеннен кейін болатын Конвенцияда және/немесе оған алғашқы екі факультативтік хаттамада көзделген құқықтардың кез келгенін бұзуына ғана қолданылады.

      2. Егер қандай да бір мемлекет осы Хаттама күшіне енгеннен кейін оған қатысушы болса, онда осы мемлекеттің Комитет алдындағы міндеттемелері тиісті мемлекет үшін осы Хаттама күшіне енгеннен кейін болатын, Конвенцияда және/немесе оған алғашқы екі факультативтік хаттамада көзделген құқықтардың бұзылуына ғана қатысты болады.

21-бап. Түзетулер

      1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Хаттамаға түзету ұсына алады және оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына ұсына алады. Бас хатшы қатысушы мемлекеттердің осы ұсыныстарды қарауы және олар бойынша шешім қабылдауы мақсатында ұсынылған кез келген түзетулерді оларға қатысушы мемлекеттердің кеңесін шақыруы үшін хабарлауды өтініп, қайта жібереді. Егер осындай хабарлау күнінен бастап төрт ай мерзімде қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен бірі мұндай кеңесті шақыруға пікірін білдірсе, Бас хатшы бұл кеңесті Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында шақырады. Дауыс беруде болған және оған қатысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екі көпшілік даусымен қабылданған кез келген түзетуді Бас хатшы Бас Ассамблеяның бекітуіне, содан кейін қабылдау үшін барлық қатысушы мемлекеттерге ұсынады.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған және бекітілген түзету сақтауға тапсырылған қабылдау туралы құжаттардың саны түзету қабылданған күнгі қатысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткеннен кейін отызыншы күні күшіне енеді. Осыдан кейін түзету кез келген қатысушы мемлекет үшін өзінің қабылдау туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Түзету оны қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін ғана міндетті болып табылады.

22-бап. Күшін жою

      1. Кез келген қатысушы мемлекет кез келген уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын жазбаша хабардар ету арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшы осы хабарламаны алған күннен бастап бір жылдан кейін күшіне енеді.

      2. Күшін жою осы Хаттаманың ережелерін 5 немесе 12-баптарға сәйкес ұсынылған кез келген хабарламаға немесе күшін жою күшіне енген күнге дейін 13-бапқа сәйкес басталған кез келген тергеп-тексеруге қолдануды жалғастыруға кедергі келтірмейді.

23-бап. Депозитарий және Бас хатшының хабарламасы

      1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың депозитарий! болып табылады.

      2. Бас Хатшы барлық мемлекеттерге:

      a) осы Хаттамаға сәйкес қол қою, ратификациялау және қосылу;

      b) осы Хаттаманың және 21-бапқа сәйкес оған кез келген түзетулердің күшіне енген күні;

      c) осы Хаттаманың 22-бабына сәйкес кез келген күшін жою туралы хабарлайды.

24-бап. Тілдер

      1. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылатын осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының архивіне сақтауға тапсырылады.

      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін барлық мемлекеттерге жібереді. Осымен мен жоғарыда келтірілген мәтін түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылған, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2011 жылғы 19 желтоқсанда қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарламалар рәсіміне қатысты Факультативтік хаттаманың дәл көшірмесі болып табылатынын растаймын.

      Бас хатшы, заң кеңесшісі үшін
(Құқықтық мәселелер бойынша Бас хатшының орынбасары)
      Патриция О' Брайеннің қолы
Біріккен Ұлттар Ұйымы
Нью-Йорк, 7 ақпан 2012 жыл

      Подтверждаю, что текст Факультативного протокола к Конвенции о правах ребенка, касающегося процедуры сообщений соотвествует аутентичному тексту на русском языке.

      Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманың мәтіні орыс тіліндегі түпнұсқа мәтінге сәйкес келетіндігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрлігінің
Балалардың құқықтар Комитетінің
Төрағасы
Н. Оспанова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады