Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 17 ақпандағы № 202-VII ҚРЗ.

      2021 жылғы 16 қарашада Мәскеуде жасалған Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждардың, салықтар мен алымдардың) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 5 қосымша) (бұдан әрі - Хаттама) 53-тармағын іске асыру мақсатында

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне кедендік әкелу баждары (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) (бұдан әрі - кедендік әкелу баждары) сомаларының толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып,

      өзара тиімді ынтымақтастықты қолдау ниеті туралы мәлімдей отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Жалпы ережелер

      1. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Хаттаманың ережелерін сақтауын тексеруді мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлескен бақылау іс-шаралары шеңберінде жыл сайын жүзеге асырады.

      2. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Хаттаманың ережелерін сақтауы мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу кезінде мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары осы Келісімді, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасын басшылыққа алады.

      3. Бірлескен бақылау іс-шараларының жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.

      Бірлескен бақылау іс-шаралары шеңберіндегі ақпарат пен құжаттар орыс тілінде не мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (олардың орыс тіліндегі аудармасын қоса бере отырып) ұсынылады.

      4. Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар Хаттамада айқындалған мағыналарда қолданылады.

2-бап

Бірлескен бақылау іс-шараларының мақсаттары

      Бірлескен бақылау іс-шараларының негізгі мақсаттары:

      кедендік әкелу баждарының бөлуге жататын сомаларын мүше мемлекеттің уәкілетті органының бірыңғай шотына есепке жатқызу;

      мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлуге жататын кедендік әкелу баждарының сомаларын толық және уақтылы аударуы;

      мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының әрбір мүше мемлекет үшін белгіленген кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін сақтауын тексеру және бақылау болып табылады.

3-бап

Бірлескен бақылау іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу

      1. Бірлескен бақылау іс-шаралары әрбір мүше мемлекеттің уәкілетті органында жыл сайын өткізіледі және барлық мүше мемлекеттер аумағында есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей аяқталуға тиіс.

      Бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу үшін мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы өкілдерін іссапарға жіберуге жұмсалатын шығыстар осы мүше мемлекеттің бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу үшін бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу бағдарламасы (бұдан әрі - бағдарлама) жасалады.

      Есепті жылға арналған бағдарламаны 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 8-бабының 4-тармағына сәйкес бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етуді жүзеге асыратын мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы әзірлейді.

      Бағдарламада бірлескен бақылау іс-шарасының нысанасы, объектілері, осындай іс-шара шеңберінде шешілетін мәселелер, оны объектілерде өткізу мерзімдері, мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өкілдерінен тұратын бірлескен бақылау тобының құрамы (бұдан әрі - бірлескен бақылау тобы), мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары алқасының (кеңестерінің, уәкілетті адамдарының) (бұдан әрі - бірлескен алқа) бірлескен отырысының өткізілетін күні мен орны белгіленеді.

      Бағдарламаны мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары келіседі және есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей олардың басшылары (олар уәкілеттік берген адамдар) бекітеді.

      Аумақтарында бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары көрсетілген іс-шараны ұйымдастыру және өткізу үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, бағдарламаны өз мемлекеттерінің уәкілетті органдарына жібереді.

      3. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары бірлескен бақылау тобының мүшелерін тиісті жұмыс жағдайларымен қамтамасыз етеді (уәкілетті органның аумағына кіруді ұйымдастырады, жеке үй-жай, ұйымдастыру техникасын, байланыс қызметтерін ұсынады) және бірлескен бақылау іс-шарасын өткізуге жәрдем көрсетеді.

      Бірлескен бақылау тобының мүшелері сол немесе өзге бақылау әрекеттерін жүзеге асыру қажеттігі мен мүмкіндігін, ақпаратты және құжаттарды алудың, талдамалық рәсімдер өткізудің әдістері мен тәсілдерін, сондай-ақ талап етілетін мәліметтер мен дәлелдемелерді жинауды қамтамасыз ететін деректерді іріктеу көлемін айқындайды.

      Бірлескен бақылау тобының мүшелері болу мемлекетінің заңнамасын, сондай-ақ осы мемлекетте қолданылатын бақылау іс-шараларын өткізу қағидалары мен рәсімдерін сақтауға міндетті.

      4. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызуға және бөлуге, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аударуға байланысты ақпаратты және құжаттарды бірлескен бақылау тобының мүшелеріне ұсынады.

      Бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу үшін мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарынан және ұлттық (орталық) банктерінен қосымша ақпаратты және құжаттарды алу қажет болған жағдайда, аумағында бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы мүше мемлекеттердің осындай орталық кеден органдарына және ұлттық (орталық) банктеріне тиісті ақпаратты және құжаттарды ұсыну туралы сұрау салуды жібереді.

      Сұрау салынған ақпарат пен құжаттар не түсіндірмелер (сұрау салынған ақпаратты және құжаттарды табыс ету мүмкін болмаған жағдайда) аумағында бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органына мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органының сұрау салуында көрсетілген мерзімде жіберіледі.

      Сұрау салынған құжаттар қағаз жеткізгіште көшірме түрінде және (немесе) электронды түрде ұсынылады.

      5. Мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтитын ақпаратты және құжаттарды қағаз жеткізгіште және (немесе) электронды түрде беру аумағында бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Көрсетілген мәліметтерді осындай мәліметтерді ұсынған уәкілетті органның, орталық кеден органының немесе ұлттық (орталық) банктің жазбаша келісімінсіз сұратылғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды. Осындай мәліметтерді жария еткені үшін жауаптылық осы мәліметтерді жария еткен адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасына және мүше мемлекеттер арасындағы қатынастарда қолданылатын халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

4-бап

Бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу нәтижелерін ресімдеу

      1. Бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу нәтижелері бойынша мынадай құжаттар:

      а) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарын тексеру бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу нәтижелері туралы актілер (бұдан әрі - тексеру актілері);

      б) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының жазбаша қарсылықтары (болған жағдайда);

      в) бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу нәтижелері туралы жиынтық есеп (бұдан әрі - жиынтық есеп) қалыптастырылады.

      2. Мүше мемлекеттің уәкілетті органын тексеру бойынша бірлескен бақылау іс-шарасын өткізудің нәтижелері тексеру актісімен ресімделеді.

      Тексеру актісінің нысанын мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының басшылары (олар уәкілеттік берген адамдар) айқындайды.

      Тексеру актісі мүше мемлекеттің уәкілетті органы үшін және әрбір мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы үшін бір данадан жасалады, оған бірлескен бақылау тобының мүшелері және мүше мемлекеттің уәкілетті органының басшысы (ол уәкілеттік берген адам) қол қояды.

      Мүше мемлекеттің өзіне қатысты бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін уәкілетті органының басшысына (ол уәкілеттік берген адамға) тексеру актісі онымен танысу үшін тексеру актісінің данасы ұсынылған күннен бастап 3 жұмыс күніне дейін ұсынылады.

      Тексеру актісі бойынша қарсылықтар болған жағдайда мүше мемлекеттің уәкілетті органының басшысы (ол уәкілеттік берген адам) қарсылықтардың бар екені туралы ескертпемен оған қол қояды. Жазбаша қарсылықтар қажетті ақпаратты және құжаттарды қоса бере отырып тексеру актісіне қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аумағында бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілген мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органына жіберіледі және ол жиынтық есепті дайындау кезінде ескеріледі.

      Бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу нәтижелері бойынша мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтитын құжаттарды ресімдеуді аумағында бірлескен бақылау іс-шарасы өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүзеге асырады.

      3. Бірлескен бақылау іс-шарасын өткізу қорытындысы бойынша осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының екінші абзацында көрсетілген мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей, тексеру актілерінде жазылған фактілер, ақпаратты және құжаттарды, оның ішінде мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының сұрау салуы бойынша алынған ақпаратты және құжаттарды талдаудың және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының жазбаша қарсылықтарын (болған жағдайда) қараудың нәтижелері, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қорытындылар мен ұсыныстар қамтитын жиынтық есептің жобасын қалыптастырады.

      Осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының екінші абзацында көрсетілген мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы бірлескен алқа отырысы өткізілетін күнге дейін 15 жұмыс күнінен кешіктірмей Еуразиялық экономикалық комиссияға осы отырысқа оның өкілдерінің қатысуы үшін (қаралуы жоспарланып отырған мәселелерді көрсете отырып) шақыру жібереді.

      Мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлескен алқа отырысы өткізілетін күнге дейін 15 жұмыс күнінен кешіктірмей өз мемлекеттерінің уәкілетті органдарына, орталық кеден органдарына, ұлттық (орталық) банктеріне бірлескен алқа отырысына әрбір уәкілетті органның, орталық кеден органының, ұлттық (орталық) банктің құзыреті шегінде олардың өкілдерінің қатысуы үшін (қаралуы жоспарланып отырған мәселелерді көрсете отырып) шақыру жібереді.

      Жиынтық есепке бірлескен алқа отырысында мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының басшылары (олар уәкілеттік берген адамдар) қол қояды.

      Бірлескен алқа отырысын осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының екінші абзацында көрсетілген мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы есепті жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей өткізеді.

      Мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының шешімі бойынша бірлескен алқа отырысы кейіннен қол қойылатын қорытынды құжаттармен алмаса отырып, бейне-конференция-байланыс режимінде өткізілуі мүмкін.

      4. Жиынтық есеп оған қол қойылған күнінен бастап 10 жұмыс күні ішінде:

      а) мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары - өз мемлекеттерінің үкіметтеріне;

      б) осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының екінші абзацында көрсетілген мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы - Еуразиялық экономикалық комиссияға жібереді.

      5. Бірлескен алқаның шешімі бойынша "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде жариялауға жататын бөлігінде жиынтық есепті мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өздерінің ресми сайттарында орналастырады және Еуразиялық экономикалық комиссияға Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жариялау үшін жібереді.

5-бап

Анықталған бұзушылықтарды жою және ұсыныстарды іске асыру тетігі

      1. Мүше мемлекеттің үкіметі жиынтық есепті алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде оны орындау үшін өз мемлекетінің жиынтық есепте көрсетілген мемлекеттік органдарына жібереді.

      Мүше мемлекеттің мемлекеттік органдары анықталған бұзушылықтарды жоюға, жиынтық есепте көрсетілген ұсыныстарды іске асыруды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауға және жиынтық есепте белгіленген мерзімдерге сәйкес өз мемлекетінің үкіметі мен жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органын бүл туралы хабардар етуге міндетті.

      Мүше мемлекеттердің бюджетіне бөлуге жататын кедендік әкелу баждарының сомаларын мүше мемлекеттің бюджетіне есепке жатқызу кезіндегі бұзушылықтарды жою осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мүше мемлекеттің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы өз мемлекетінің мемлекеттік органдарынан ақпаратты алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде басқа мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына және Еуразиялық экономикалық комиссияны анықталған бұзушылықтарды жою және ұсыныстарды іске асыру қорытындысы туралы хабардар етеді.

      2. Жиынтық есепте көрсетілген бұзушылықтарды жою және ұсыныстарды іске асыру туралы ақпарат келесі есепті жылдың жиынтық есебінде көрсетіледі.

6-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

      2. Мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы баптың 3-тармағына сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      3. Осы Келісім депозитарий осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткеннен соң күшіне енеді.

      4. Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.

      2021 жылғы "16" қарашада Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін


      Осымен осы мәтін 2021 жылғы 16 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылған Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тэртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімнің толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын:

      Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының Премьер-министрі Н.В. Пашинян;

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті A.Г.Лукашенко;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев;

      Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасының Президенті С.Н. Жапаров;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті B.В. Путин.

      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссиясы
      Құқықтық департаментінің директоры В.И. Тараскин

      Осымен қоса беріліп отырған мәтін Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімнің мемлекеттік тілде теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Республикалық бюджеттің атқарылуын
      бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрайымы Н. Годунова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады