Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 221-VII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:

      1) 9-баптың 5-тармағының бірінші бөлігіндегі "6-тармағында" деген сөздер "7-тармағында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 12-бапта:

      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) жария кадастрлық карта – Қазақстан Республикасының жер, құқықтық, қала құрылысы кадастрларынан алынған ақпаратты (мәліметті), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың өзге де мәліметтерін қамтитын цифрлық карта;";

      12-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12-1) жер комиссиясы – облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) және ауданның жергілікті атқарушы органының жанындағы жер учаскелеріне құқық беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің (елді мекендердің жерлерін қоспағанда) нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарауға және қорытындыларды дайындауға арналған алқалы орган;";

      24) тармақша ", жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықтардың (аукциондардың) қорытындылары бойынша хаттама" деген сөздермен толықтырылсын;

      27-1) тармақшадағы "елді мекен" деген сөздер "кент, ауыл" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 28-1) және 28-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "28-1) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты – жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен нысанға сәйкес бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда орналасқан жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын сәйкестендіру құжаты;

      28-2) жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі – жүргізу тәртібі осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын жер және құқықтық кадастрлардың мәліметтерін қамтитын ақпараттық жүйе;";

      32-1) тармақша алып тасталсын;

      3) 14-баптың 1-тармағында:

      4-8) және 7-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-8) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану тәртібін әзірлеу және бекіту;";

      "7-2) өтініштің, келісуші мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар қорытындысының, жер учаскесін таңдау актісінің, жер учаскесін бөліп беру схемасының және жер-кадастрлық жоспардың нысандарын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 7-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-3) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын келісу;";

      16-2) тармақшадағы "жер учаскесіне" деген сөздер "жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын қоспағанда, жер учаскесіне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 16-7) тармақшамен толықтырылсын:

      "16-7) жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың үлгілік тізбесін бекіту;";

      4) 14-1-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасындағы "облыстың" деген сөз "осы Кодекстің 44-2-бабында өзгеше көзделмесе, облыстың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақта:

      6) және 6-1) тармақшалардағы "ұсыныстары мен", "ұсыныстарын және" деген сөздер алып тасталсын;

      21) тармақша алып тасталсын;

      3-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы тармақтың 2-2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органының жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;";

      мынадай мазмұндағы 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-2) аудандық маңызы бар қала әкімінің аудандық маңызы бар қалалардың жерлерінде орналасқан жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі шешімдерінің жобаларын дайындау;

      2-3) облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының облыстық маңызы бар қалалардың жерлерінде орналасқан жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі шешімдерінің жобаларын дайындау;";

      20) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "20) жер-кадастрлық жоспарды, оның ішінде облыстық маңызы бар қалалардың әкімшілік бағынысына берілген аумақта бекіту;";

      5) 16-баптың 2-тармағында:

      1-2) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 1-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-3) үлгілік тізбеге сәйкес жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың тізбесін бекіту;";

      5-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-2) елді мекендердің аумақтарын жер-шаруашылық орналастырудың бекітілген жобаларын тұрғындар үшін қолжетімді орындардағы арнаулы ақпараттық стендтерде және ақпараттық ресурстарда электрондық нысанда орналастыру;";

      6) 17-баптың 5-2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-2) елдi мекендердің аумақтарын жер-шаруашылық орналастырудың бекітілген жобаларын тұрғындар үшін қолжетімді орындардағы арнаулы ақпараттық стендтерде және ақпараттық ресурстарда электрондық нысанда орналастыру;";

      7) 18-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-2) үлгілік тізбеге сәйкес жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың тізбесін бекіту;";

      5-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-2) елді мекендердің аумақтарын жер-шаруашылық орналастырудың бекітілген жобаларын тұрғындар үшін қолжетімді орындардағы арнаулы ақпараттық стендтерде және ақпараттық ресурстарда электрондық нысанда орналастыру;";

      8) 19-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Аудандық маңызы бар қала әкімінің құзыретіне үлгілік тізбеге сәйкес жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың тізбесін бекіту де жатады.";

      9) 37-бапта:

      2-тармақтың бірінші бөлігінде:

      "Уақытша өтеулі" деген сөздер "Осы баптың 2-2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, уақытша өтеулі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "жалға берушiнi" деген сөздер "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Өз міндеттерін тиісінше орындаған, республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала шегінде орналасқан жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалдаушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 44-2-бабы 4-тармағының 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда осы Кодекстің 44-2-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар.";

      10) 43-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші абзацтағы "44-1-бабында көзделген жағдайды" деген сөздер "44-1 және 44-2-баптарында көзделген жағдайларды" деген сөздермен ауыстырылып, "сондай-ақ" деген сөзден кейін "осы Кодекстің" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесін алдын ала таңдау;";

      6) тармақшадағы "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) тармақшадағы "елді мекен" деген сөздер "кент, ауыл" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-1-тармақта:

      бірінші бөліктегі "Елді мекен" деген сөздер "Кент, ауыл" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақты қоспағанда) және аудандық маңызы бар қалалардың жерлерінде орналасқан жер учаскесіне құқық беру тәртібі осы Кодекстің 44-2-бабында реттеледі.";

      екінші бөліктегі "43-1, 44 және 45-баптарына" деген сөздер "43-1 және 44-баптарына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөлік алып тасталсын;

      1-2-тармақ алып тасталсын;

      1-3-тармақтағы "45" деген цифрлар "44-2" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      2-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың," деген сөздер "облыстық маңызы бар қалалардың (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақта), аудандардың жергiлiктi атқарушы органдары және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөліктегі ", республикалық маңызы бар қаланың, астананың" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жерлерінде қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскесін беру туралы шешім осы Кодекстің 44-2-бабында көрсетілген тәртіппен қабылданады.";

      бесінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органының және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      алтыншы бөліктің бірінші абзацындағы және 2) тармақшасындағы "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      жетінші бөліктің бірінші абзацы "облыстық маңызы бар қала" деген сөздерден кейін "(оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта)" деген сөздермен толықтырылсын;

      сегізінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қалалар, астана" деген сөздер алып тасталсын;

      тоғызыншы бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      он бірінші бөліктегі "алтыншы бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында, жетінші бөлігінің 1) тармақшасында және сегізінші" деген сөздер "жетінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында, сегізінші бөлігінің 1) тармақшасында және тоғызыншы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      он үшінші және он тоғызыншы бөліктердегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      жиырмасыншы бөлікте:

      "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда," деген сөздер алып тасталсын;

      жиырма үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өтініш беруші жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде жерге орналастыру жобасын дайындайды. Жерге орналастыру жобасының құрамында берілетін жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері, жер учаскесінің аралас меншік иелері және жер пайдаланушылар, сондай-ақ берілетін жер учаскесінің ауыртпалықтары мен сервитуттары нақтыланады.";

      мынадай мазмұндағы жиырма төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда, жер учаскелерінің меншік иелеріне және жер пайдаланушыларға өтелуге (орнын толтыруға) жататын залалдардың, алып қойылатын алқаптардың түріне қарай ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісінің шығындарының есеп-қисаптары қоса беріледі.";

      2-1-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөліктегі "44 және 45-баптарында" деген сөздер "44-бабында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші және бесінші бөліктердегі "республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қалалардың (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақта), аудандардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы алтыншы және жетінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақты қоспағанда) және аудандық маңызы қалаларда орналасқан жер учаскесін қоспағанда, объект салу үшiн жер учаскесi сұралған кезде жер учаскесін алдын ала таңдау жүргiзiледi. Объект салу үшiн, ал қажет болған жағдайларда оның күзет немесе санитариялық-қорғау аймағын белгiлеу үшiн де жер учаскесін таңдау нәтижелерiн облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) және ауданның уәкілетті органы жер учаскесінің орналасқан жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жер учаскесiн таңдау туралы актiмен ресімдейді.

      Жер учаскесін таңдау және жер учаскесін таңдау туралы актіні ресімдеу осы баптың 2-тармағына сәйкес қарау және қорытындыны дайындау үшін кейіннен жер учаскесін таңдау туралы актіні жер комиссиясына жібере отырып, он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.";

      сегізінші бөлікте:

      екінші абзацтағы "осы Кодекстің 44-бабының 3-тармағына сәйкес дайындалатын" деген сөздер алып тасталсын;

      үшінші абзацтағы "6-тармағында" деген сөздер "7-тармағында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1. Жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықтарда (аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себепті осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда, облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органы, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты (аукционды) жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";

      7-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органының," деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші және үшінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жер учаскелерін беру жоғары тұрған жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіретін жағдайларда төмен тұрған жергілікті атқарушы орган, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жерге орналастыру жобасын осындай берудің мүмкін екендігі туралы өз шешімімен бірге жоғары тұрған жергілікті атқарушы органға түпкілікті шешім қабылдау үшін жібереді.

      Жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдау үшін облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның уәкілетті органы бекітілген жерге орналастыру жобасын облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органына, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне бір жұмыс күні ішінде жібереді.";

      төртінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының," деген сөздермен ауыстырылсын;

      бесінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7-1-тармақта:

      бірінші абзацтағы "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органының және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "жер учаскесінің орналасқан жері;";

      8-тармақтағы "беруді мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация" деген сөздер "беру" деген сөзбен, "асырады" деген сөз "асырылады" деген сөзбен ауыстырылсын;

      9-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақты қоспағанда) және аудандық маңызы бар қалалардың жерлерінде орналасқан жер учаскесін қоспағанда, мынадай құжаттар:";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақты қоспағанда) және аудандық маңызы бар қалалардың жерлерінде орналасқан жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты болып табылады.";

      10-тармақтың бірінші бөлігіндегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      14-тармақта:

      екінші бөліктегі "45-баптарында" деген сөздер "44-2-баптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөліктегі "мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің" деген сөздер "Мемлекеттік корпорацияның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 43-1-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Жер учаскесіне құқық беруді шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру бойынша конкурстарда жүзеге асыру қажеттілігі себепті мұндай беруден бас тартылған жағдайда, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органы сұралып отырған жер учаскесі бойынша конкурстарды жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізуге тиіс.";

      12) 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "44-бап. Жер учаскелерін сұралып отырған нысаналы мақсатына қарай берудің ерекшеліктері мен шарттары

      1. Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін беруді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде учаскелердің орналасқан жеріне және сұралып отырған нысаналы мақсатына қарай жүзеге асырады.

      2. Ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылысжайларын және (немесе) тіреуіштерді салу үшін жер учаскесін сұрау осы Кодекстің 44-1 және 44-2-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскесін сұрау осы Кодекстің 44-1 және 44-2-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Мұнай мен газды мұнай құбыржолдарымен тасымалдауға, кейіннен сақтауға және көліктің басқа түрлеріне ауыстырып тиеуге байланысты мұнай-газ көлік инфрақұрылымы объектілерін салу үшін жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесін таңдау актісі мен жерге орналастыру жобасы магистральдық құбыржол саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен де келісіледі.

      5. Ғибадат үйін (құрылысжайын) салу үшін жер учаскесін беру оның құрылысы туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасына сәйкес берілген шешімі болған кезде жүргізіледі.

      6. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беруге сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол беріледі.

      Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі.

      Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтінішхаттары) арнаулы есепке алынады және бөліп беруге арналған алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қағидаларын орталық уәкілетті орган бекітеді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін тегін негізде беру кезінде азаматтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі.

      Арнаулы есепке қою кезінде азаматтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі, олар туралы мәліметтер Мемлекеттік корпорациядан сұратылады.

      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бөліп беруге арналған алаңдардың дайындығы туралы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезектілік тізімдері туралы ақпаратты кемінде тоқсанында бір рет қазақ және орыс тілдерінде арнаулы ақпараттық стендтерде орналастыру арқылы және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен осы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.

      7. Құрылыс объектiсiн орналастыру үшін таңдалған аумақта бұзылуға немесе көшiрiлуге тиiс (оның iшiнде жердi бөлiп беру кезiнде өнеркәсiп орындарының санитариялық-қорғау аймағына кiретiн) тұрғын үйлер, басқа да ғимараттар мен құрылысжайлар, сондай-ақ инженерлiк коммуникациялар, жасыл екпелер мен басқа өсімдіктер орналасқан жағдайда, өтiніш беруші немесе оның сенiм бiлдiрген адамы жер учаскесiн бөлiп беру үшін талап етiлетiн келiсулерді өзі дербес қамтамасыз етедi.

      Өтініш беруші жылжымайтын мүлiктің меншiк иелерiнiң әрқайсысымен жасалған меншік иесіне шығындарды өтеу талаптары туралы шартты қосымша ұсынады.

      Шартта бар құрылыстарды, инженерлiк коммуникацияларды, жасыл екпелердi басқа жерге ауыстырудың, көшiрудiң нақты шарттары мен мерзiмдерi, құрылыс жүргiзушiнiң жылжымайтын мүлiктi бұзуға байланысты барлық шығындарды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерi көрсетiледi.

      8. Су объектісінің жағалау жиегінен бес жүз метр шегінде орналасқан жер учаскелерін беру ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қорының жерлерін қоспағанда, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары айқындалғаннан, сондай-ақ олардың шаруашылық пайдаланылу режимі белгіленгеннен кейін жүзеге асырылады.

      Жағалау жиегін айқындау тәртібі су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган бекіткен су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларында айқындалады.

      9. Арнайы экономикалық аймақтарды немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру үшін жер учаскелерін беру ерекшеліктері осы Кодекстің 119-2-бабына сәйкес айқындалады.

      10. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшiн жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты, қызмет түрлерiне қарамастан, ғимараттар (құрылыстар мен құрылысжайлар) салу және оларға қызмет көрсету ретiнде белгiленедi.";

      13) 44-1-бапта:

      тақырыптағы "Елді мекен" деген сөздер "Кент, ауыл" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Кенттің, ауылдың жерінен жер учаскесін беруді облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы, кенттің, ауылдың әкімі осы Кодексте белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады және ол мынадай тәртіппен жүргізіледі:";

      5) тармақшадағы "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергiлiктi атқарушы органының және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Кенттің, ауылдың жерінен жер учаскесін беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      Кенттің, ауылдың жерінен құрылыс мақсаттары үшін жер учаскесі сұралған кезде осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көзделген ерекше жағдайларға осы баптың ережелері қолданылады.";

      2-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың," деген сөздер "облыстық маңызы бар қалалардың (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергiлiктi атқарушы органдары және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бесінші бөліктегі "Мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін" деген сөздер алып тасталсын;

      3-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі" деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі өтінішті жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.";

      4-тармақтың бірінші, бесінші және алтыншы бөліктеріндегі "мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін", "Мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін" деген сөздер алып тасталсын;

      4-1-тармақтағы "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың," деген сөздер "ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6-тармақтағы "мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін" деген сөздер алып тасталсын;

      7-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Жер-кадастрлық жоспар он жұмыс күні ішінде дайындалады және облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасын бекіту және дайындау үшін облыстың, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның уәкілетті органына жіберіледі.";

      екінші бөлікте:

      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "жер учаскесінің орналасқан жері;";

      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "осы Кодекстің 107-бабының 3-тармағында көзделген функционалдық аймақтарға сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсаты;";

      үшінші және төртінші бөліктердегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала,", "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың," деген сөздер тиісінше "ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының және", "ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8-тармақта:

      бірінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергiлiктi атқарушы органының және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешімінің көшірмесі және жер-кадастрлық жоспар уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартын дайындау үшін облыстың, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның уәкілетті органына бір жұмыс күні ішінде жіберіледі.";

      үшінші бөліктегі "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың," деген сөздер "облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші бөліктегі "мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін" деген сөздер алып тасталсын;

      бесінші және тоғызыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы және кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешімінің көшірмесі және облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) және ауданның уәкілетті органы қол қойған уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалдау) шарты Мемлекеттік корпорация немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш берушіге қол қою үшін жіберіледі.";

      "Облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінде мыналар қамтылуға тиіс:

      жер учаскесіне құқық берілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауы;

      жер учаскесінің орналасқан жері;

      осы Кодекстің 107-бабының 3-тармағында көзделген функционалдық аймақтарға сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсаты;

      жер санаты;

      жер учаскесiнiң алаңы;

      жерге құқық түрi, ауыртпалықтар, сервитуттар;

      жер учаскесiн уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу мерзiмдерi;

      жер учаскесінің бөлінетіндігі (бөлінбейтіндігі) туралы мәліметтер;

      жер учаскесін беруге байланысты өзге де мәліметтер.";

      оныншы – он төртінші бөліктер алып тасталсын;

      14) мынадай мазмұндағы 44-2-баппен толықтырылсын:

      "44-2-бап. Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегіндегі жер учаскесіне құқық беру тәртібі

      1. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық және аудандық маңызы бар қаланың жерінен жер учаскесін беруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы және аудандық маңызы бар қаланың әкімі өздерінің осы Кодексте белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      2. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көзделген айрықша жағдайларға қолданылады.

      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі елді мекендердің бекітілген бас жоспарларының және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының не аумағын орналастыру схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

      Тұрғындарының есептік саны жиырма мың адамнан асатын елдi мекендердiң егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары немесе бас жоспарлары және тұрғындарының саны жиырма мың адамға дейінгі елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарымен біріктірілген бас жоспарлары (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасы) болмаса, сондай-ақ инженерлік желілер болмаған кезде құрылыс үшiн жер учаскелерiн беруге тыйым салынады.

      4. Жер учаскесін беру мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;

      2) қала құрылысы құжатына сәйкес сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындау;

      3) жер учаскесін бөліп беру схемасын қалыптастыру және келісу;

      4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және аудандық маңызы бар қала әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдауы;

      5) жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу;

      6) жергілікті жерде жер учаскесінің шекараларын белгілеу;

      7) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын дайындау және беру.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген әрекеттер мемлекеттік органдардың және өзге де тұлғалардың ақпараттандыру объектілері пайдаланыла отырып, электрондық форматта жүзеге асырылады.

      Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала шегіндегі жерден жер учаскесін беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      5. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскесін сұрату жағдайларын қоспағанда, жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі өтініш келіп түскен кезден бастап отыз жұмыс күніне дейінгі уақытты құрайды.

      Көрсетілген мерзімге:

      жер учаскесін бөліп беру схемасын өтініш берушімен келісу;

      жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу;

      жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу;

      жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын дайындау және беру кезеңдері кірмейді.

      6. Құрылыс мақсаттары үшін жер учаскесі сұралған жағдайда жер учаскесі жер пайдалану құқығымен беріледі. Жер пайдалануға берілген жер учаскесін жеке меншікке сатып алу объект пайдалануға берілгеннен кейін жүргізіледі. Жер пайдаланушының меншік құқықтарын алуы осы Кодекстің 47 және 49-баптарына сәйкес реттеледі.

      7. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелері сұралған жағдайда келісуші мемлекеттік органдар мен ұйымдардан оң қорытынды келіп түскеннен кейін жер учаскесін бөліп беру схемасы және жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы шешімінің жобасы соңғы қорытынды келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдарға қосымша келісуге жіберіледі.

      Қосымша келісу он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      8. Жер учаскесіне құқық алуға мүдделі жеке және заңды тұлғалар "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы жария кадастрлық картада сұралып отырған жер учаскесін бөліп беру схемасын өзі дербес қалыптастыра отырып, өтініш береді.

      Өтінішке:

      жер учаскесін бөліп беру схемасы;

      осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген, жер учаскелерін беруге байланысты өзге де құжаттар қоса беріледі.

      Құрылыс мақсаттары үшін жер учаскесі сұралған жағдайда өтінішке инженерлік желілерге қосуға арналған сұрау жүргізу парағы қоса беріледі.

      Жер учаскесін алуға өтініш берілгеннен кейін жеке және заңды тұлғаларға, олардың "электрондық үкімет" веб-порталындағы кабинетіне өтініштің келіп түскені туралы хабарлама жіберіледі, онда жер учаскесін бөліп беру схемасын келісудің болжамды күні көрсетіледі.

      9. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде оны жер учаскесінің орналасқан жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.

      Аудандық маңызы бар қаланың әкімі өтінішті жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауданның жергілікті атқарушы органының сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.

      10. Жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде оны бекітілген қала құрылысы құжатына сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындайды.

      Сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша берудің мүмкін еместігі айқындалған жағдайда, жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасай отырып, сұралып отырған жер учаскесін бөліп берудің мүмкін емес екенінің себебін негіздеп, оның "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне уәжді бас тартуды жібереді.

      Сұралып отырған жер учаскесін берудің мүмкін екендігі айқындалған жағдайда, бес жұмыс күні ішінде оны бөліп беру схемасы қалыптастырылады.

      Жер учаскесін бөліп беру схемасы дайындалған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде тізбесін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы және аудандық маңызы бар қаланың әкімі бекіткен мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға бір мезгілде келісуге жіберіледі.

      Жер учаскесін бөліп беру схемасында қолданыстағы инженерлік коммуникациялар көрсетіледі, ал қажет болған жағдайда инженерлік коммуникацияларды берілетін жер учаскесінің шекарасынан тыс жерге көшіру көзделеді.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қорытындысы жер учаскесін бөліп беру схемасы алынған кезден бастап бес жұмыс күн ішінде электрондық түрде ұсынылады.

      Жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу қандай да бір ескертулер мен ескертпелерсіз жүзеге асырылады.

      Табиғи монополиялар субъектілері инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды қосымша ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге, оның "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне жер учаскесіне құқық беруден уәжді бас тартуды жібереді.

      Уәжді бас тарту жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің белгіленген нысандағы қорытындысы түрінде ресімделеді.

      11. Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан оң қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде жер учаскесін бөліп беру схемасы өтініш берушіге, оның "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне келісуге жіберіледі.

      Өтініш беруші жер учаскесін бөліп беру схемасын келіп түскен кезінен бастап он жұмыс күні ішінде келісуге міндетті.

      Өтініш берушінің жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу мерзімінің өтіп кетуі жер учаскесіне құқық беруден уәжді бас тартуға негіз болып табылады, оны жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге, оның "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне жібереді.

      12. Жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі жер учаскесін бөліп берудің келісілген схемасы келіп түскеннен кейін оны келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде жер учаскесіне құқық беру туралы шешімнің жобасын дайындау үшін тиісті уәкілетті органға және аудандық маңызы бар қаланың әкіміне жібереді.

      Жер учаскесі құрылыс мақсаттары үшін сұралған жағдайда бөліп беру схемасына қосымша табиғи монополия субъектілерінен инженерлік желілерге қосуға арналған техникалық шарттар келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде дайындалатын сәулет-жоспарлау тапсырмасы қоса беріледі.

      Жер учаскесін бөліп берудің келісілген схемасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және аудандық маңызы бар қала әкімінің бес жұмыс күні ішінде жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдауына негіз болады және осындай шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

      13. Жер учаскесі қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін сұралған кезде бөліп берудің келісілген схемасы мен осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдардың оң келісімі бес жұмыс күні ішінде республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының жер учаскесіне құқық беру туралы шешім және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және аудан әкімінің жер учаскесіне құқық берудің мүмкін екендігі туралы шешім қабылдауына негіз болып табылады.

      14. Жер учаскелерін беру жоғары тұрған атқарушы органның құзыретіне кіретін жағдайларда төмен тұрған жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру мүмкіндігі туралы шешімі бір жұмыс күні ішінде осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде жоғары тұрған жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасын дайындау үшін тиісті уәкілетті органға жіберіледі.

      Жоғары тұрған жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы түпкілікті шешімі төмен тұрған жергілікті атқарушы органның шешімі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданады.

      15. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және аудандық маңызы бар қала әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінде мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      жер учаскесіне құқық берілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауы;

      жер учаскесінің орналасқан жері;

      осы Кодекстің 107-бабының 3-тармағында көзделген функционалдық аймақтарға сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсаты;

      жер санаты;

      жер учаскесінің алаңы;

      жерге құқықтың түрі, ауыртпалықтар, сервитуттар;

      жер учаскесін сатып алу-сату және уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу мерзімдері;

      жер учаскесінің бөлінетіндігі (бөлінбейтіндігі) туралы мәліметтер;

      жер учаскесін беруге байланысты өзге де мәліметтер.

      16. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және аудандық маңызы бар қала әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шарты электрондық түрде жасалады.

      Жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын уақтылы жасамау не оларды жасасудан бас тарту осындай шарт жасасу мерзімі өткен не бас тарту келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесіне құқық беру туралы шешімнің күшін жоюға негіз болып табылады.

      17. Жергілікті жерде жер учаскесінің шекарасын белгілеу өтініш берушінің жолданымы негізінде жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданғаннан кейін бір ай ішінде жүзеге асырылады.

      18. Жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын дайындауды және беруді, сондай-ақ жер учаскесіне құқықты мемлекеттік тіркеуді Мемлекеттік корпорация электрондық форматтағы өтініш негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.

      19. Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеусіз жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді.

      Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу ретінде сараланады және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылықты көздейді.";

      15) 45-бап алып тасталсын;

      16) 47-баптың 2-тармағындағы "45-баптарында" деген сөздер "44-2-баптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) 49-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "49-1-бап. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі

      1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жүзеге асырады.

      Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      2. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіште не "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш береді.

      Өтінішке қабылданған күні бойынша тіркеу нөмірі беріледі және өтініш берушіге өтініштің берілгенін растайтын хабарлама беріледі, онда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі бойынша шешім қабылданған күн көрсетіледі.

      Өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;

      жер учаскесінің сұралып отырған нысаналы мақсаты;

      жер учаскесінің алаңы;

      жер учаскесінің орналасқан жері;

      жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың және сәйкестендіру құжаттарының, жер-кадастрлық жоспардың күні мен нөмірі.

      3. Елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына және аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне келіп түскен кезден бастап сегіз жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралады.

      Көрсетілген мерзімге:

      жер учаскесін сатып алу-сату немесе жер учаскесіне уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу;

      жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын немесе жер-кадастрлық жоспарды дайындау және беру кезеңдері кірмейді.

      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы келіп түскен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті бір жұмыс күні ішінде тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.

      Аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі келіп түскен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті бір жұмыс күні ішінде жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауданның жергілікті атқарушы органының сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.

      Жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі (мүмкін емес екендігі) туралы тиісті қорытындылар ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесі өтініш берушіге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді.

      Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тарту жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесінің белгіленген нысандағы қорытындысы түрінде ресімделеді.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қорытындыны дайындайды және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімнің жобасын дайындау үшін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жібереді.

      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесінен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы түпкілікті қорытынды келіп түскен кезден бастап төрт жұмыс күні ішінде қабылданады.

      4. Елді мекеннің шегінен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органына келіп түскен кезден бастап он алты жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралады.

      Көрсетілген мерзімге:

      жер учаскесін сатып алу-сату немесе жер учаскесіне уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу;

      жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру кезеңдері кірмейді.

      Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы келіп түскен өтінішті бір жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына жібереді.

      Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы тиісті қорытындылар ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы өтініш берушіге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді.

      Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы белгіленген нысандағы қорытынды түрінде ресімдейді.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсынысы бар материалдарды жер комиссиясына енгізеді.

      Жер комиссиясының қорытындысы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс жер комиссиясына келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады.

      Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының тиісті шешімін дайындайды.

      Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде қабылданады.

      Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы шешімі жер комиссиясының теріс қорытындысы келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде қабылданады. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту уәжді болуға тиіс.

      5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісім беру не өзгертуден бас тарту туралы шешімі қабылданғанынан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жіберіледі.

      Өтініш "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертумен келісу не өзгертуден бас тарту туралы шешімі қабылданғанынан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өтініш берушіге электрондық құжат нысанында жіберіледі.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімінде мыналар қамтылуға тиіс:

      жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауы;

      жер учаскесінің өзгертілген нысаналы мақсаты;

      жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы қорытындының не жер комиссиясы қорытындысының күні мен нөмірі;

      жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;

      жер санаты;

      жер учаскесінің орналасқан жері;

      жер учаскесінің алаңы;

      нысаналы мақсаты жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін өзгертілген жағдайда жер учаскесі телімінің түрі;

      жерге құқықтың түрі, ауыртпалықтар, сервитуттар;

      жер учаскесінің сатып алу бағасы және өзгертілген нысаналы мақсат үшін жер учаскесінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджетке төлеу не өзгертілген нысаналы мақсат үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құны мен осы учаске бұрын мемлекеттен сатып алынған баға арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеу қажет болған жағдайда бөліп төлеуді беру мерзімдері;

      өзгертілген нысаналы мақсат үшін жер учаскесінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджетке төлеу не өзгертілген нысаналы мақсат үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құны мен осы учаске бұрын мемлекеттен сатып алынған баға арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеу қажет болған жағдайда жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жасасу мерзімдері.

      6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шарты жасалады.

      7. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген кезде сәйкестендіру құжаттарын немесе жер-кадастрлық жоспарды дайындау мерзімі төрт жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.";

      18) 145-1-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Жерді қашықтан зондтау және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру деректері негізінде оларды мақсаты бойынша пайдаланбау және (немесе) ұтымсыз пайдалану фактілері бойынша жүргізіледі.

      Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері аумақтық бөлімшенің есепке алуына жатады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқау қолма-қол табыс етіледі немесе бақылау субъектісіне табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында немесе аумақтық бөлімшенің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат арқылы "электрондық үкімет" веб-порталымен интеграцияландырылған ақпараттық жүйелер арқылы жіберіледі.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқау мынадай жағдайларда:

      1) нұсқауда алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап – қолма-қол;

      2) хабарламаны белгілеген күннен бастап – пошта арқылы;

      3) жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына жіберген күннен бастап – электрондық тәсілмен табыс етілді деп есептеледі.";

      10-тармақтағы "жазбаша түрде" деген сөздер алып тасталсын;

      11-тармақтағы "зондтау деректерін" деген сөздер "зондтау және ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру деректерін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      19) 152-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастры (республиканың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жер кадастры) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадастрлар жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады, оны Мемлекеттік корпорация және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне осы Кодекстің 153-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген іздестіру жұмыстары жатады.

      Мемлекеттік корпорация және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын орталық уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік органдар қатарынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган белгілейді.";

      20) 153-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесін жүргізуді;";

      21) 171-бап мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы Кодекстің 44-2-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттар мен сәйкестендіру құжаттары заңдық күшін сақтайды.".

      2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      163-1-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтерді көрсету кезінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері ақпараттандыру объектілерін пайдаланады, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидаларына сәйкес "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілеріне деректерді машинада оқылатын түрде береді.".

      3. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-3-баптың 2-тармағының 6) тармақшасындағы "кондоминиум объектісіне техникалық паспорттарды және көппәтерлі тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне, сондай-ақ жиналыс шешімі негізінде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, үй жанындағы жер учаскесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарды" деген сөздер "пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда жиналыс шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үйге және үй жанындағы жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы" 1998 жылғы 1 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына:

      4-баптың 6-1) тармақшасындағы "кондоминиум объектісіне техникалық паспорттарды және көппәтерлі тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, үй жанындағы жер учаскесіне құжаттарды" деген сөздер "көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үйге және үй жанындағы жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 27-баптың 1-тармағының 27-2) тармақшасындағы "кондоминиум объектісіне техникалық паспорттарды және көппәтерлі тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, үй жанындағы жер учаскесіне құжаттарды" деген сөздер "көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үйге және үй жанындағы жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 31-баптың 1-тармағының 16-1) тармақшасындағы "кондоминиум объектісіне техникалық паспорттарды және көппәтерлі тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, үй жанындағы жер учаскесіне құжаттарды" деген сөздер "көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үйге және үй жанындағы жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      6. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      16) тармақшада:

      екінші абзацтағы "және жобалау-сметалық құжаттама" деген сөздер ", жобалау-сметалық құжаттама" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "барлық деңгейдегі қала құрылысы жобалары бойынша жүргізілетін, аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді қала құрылысы сараптамасы;";

      16-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "16-1) жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері – сараптама ұйымдары, сондай-ақ сараптама ұйымдарының штаттағы қызметкерлері болып табылатын не осы ұйымдар жобаның құрамында жекелеген бөлім (бөлік) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманы немесе кешенді қала құрылысы сараптамасын орындау үшін штаттан тыс сарапшылар ретінде уақытша тартқан сарапшылар;";

      2) 17-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Сараптама жүргізу процесінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында объектінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін бұзушылықтар, сондай-ақ қала құрылысы жобасында бұзушылықтар, нормалар мен талаптардың бұзылуы анықталған жағдайда және анықталған бұзушылықтар сараптама жүргізудің белгіленген мерзімдерінде жойылмаған жағдайда, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, қала құрылысы жобаларын әзірлеген ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      Сараптаманың теріс қорытындысы (сарапшылардың айғақтары) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын және қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде анықталған бұзушылықтарды растау болып табылады.

      Құрылыс процесінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында салынып жатқан объектінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін бұзушылықтар анықталған кезде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеген ұйым, сондай-ақ жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша оң қорытынды берген сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      Қала құрылысы жобасында қолданыстағы нормалар мен талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде қала құрылысы жобасын әзірлеген ұйым, сондай-ақ қала құрылысы жобасы бойынша оң қорытынды берген сарапшы және мемлекеттік сараптама ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      Анықталған бұзушылықтар және сарапшылардың ескертулері уәжді болуға және Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тиісті нормативтік құқықтық актілерге, қала құрылысы регламенттерінің және техникалық регламенттердің, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің талаптарына жасалған сілтемелермен негізделуге тиіс. Ұсынымдық сипаттағы ескертулер беруге жол берілмейді.";

      3) 20-бапта:

      8) тармақша алып тасталсын;

      11-12) тармақша "сараптама" деген сөзден кейін "және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын" деген сөздермен толықтырылсын;

      15-1) және 15-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15-1) қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорында тіркеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      15-2) қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен құрылыс салу жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      4) 21-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының (негізгі ережелерді қоса алғанда) жобасын бекіту;";

      5) 24-баптың 1-тармағында:

      2-2) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      2-2) ведомстволық бағынысты әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ қалалық мәслихат мақұлдаған және кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен, халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларының жобаларын облыстық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;";

      "10) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшін әзірленетін, кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын (егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, құрылыс салу жобаларын) бекіту және іске асыру;";

      16) тармақша алып тасталсын;

      6) 25-бапта:

      1-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын (халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі бас жоспарларды) қалалық мәслихатқа бекітуге ұсыну;";

      мынадай мазмұндағы 5-1) және 5-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда, астанада жер учаскесіне құқық берудің мүмкін екендігін (мүмкін емес екендігін) айқындау;

      5-2) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда, астанада жер учаскесіне құқық берудің мүмкін емес екені туралы уәжді бас тарту түріндегі қорытындыны беру;";

      2-тармақта:

      3) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын, сондай-ақ қала аумағын абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету қағидаларын осы Заңның 22-бабына сәйкес тиiстi мәслихатқа бекiтуге ұсыну;";

      "6) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын (қала және қала маңы аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын) бекіту және іске асыру;";

      мынадай мазмұндағы 11-1) және 11-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "11-1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес облыстық маңызы бар қалаларда жер учаскесіне құқық берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындау;

      11-2) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес облыстық маңызы бар қалаларда жер учаскесіне құқық берудің мүмкін емес екені туралы уәжді бас тарту түріндегі қорытындыны беру;";

      3-тармақта:

      3) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын, сондай-ақ қала аумағын абаттандыру және инженерлiк жағынан қамтамасыз ету қағидаларын осы Заңның 22-бабына сәйкес тиiстi мәслихатқа бекiтуге ұсыну;";

      "6) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын (қала және қала маңы аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын) бекіту және іске асыру;";

      мынадай мазмұндағы 11-1) және 11-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "11-1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес облыстық маңызы бар қалаларда жер учаскесіне құқық берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындау;

      11-2) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес облыстық маңызы бар қалаларда жер учаскесіне құқық берудің мүмкін емес екені туралы уәжді бас тарту түріндегі қорытындыны беру;";

      7) 26-бапта:

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) аудан аумағында қала құрылысын дамыту схемаларын, сондай-ақ кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және өзге де ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және аудандық мәслихатқа бекітуге ұсыну;";

      мынадай мазмұндағы 16-1) және 16-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "16-1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскесіне құқық берудің мүмкін екенін (мүмкін емес екенін) айқындау;

      16-2) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскесіне құқық берудің мүмкін емес екені туралы уәжді бас тарту түріндегі қорытындыны беру;";

      8) 37-бапта:

      2-тармақ 6) тармақшадағы "қорғау кезiнде пайдаланылуға тиiс." деген сөздер "қорғау;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7) табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтерді көрсетуі;

      8) өңір аумағында объектілердің орналастырылуын мониторингтеу мен есепке алу құралы ретінде қала құрылысын жоспарлау кезінде пайдаланылуға тиіс.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдаланады.

      Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтымайтын мәліметтері мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде беріледі. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсынатын мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға міндетті көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтерін беру осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебінен ақысыз негізде жүзеге асырылады.";

      9) 38-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпаратын және (немесе) мәліметтерін жинау, өңдеу, сақтау және беру үшін Жерді қашықтан зондтау, жерүсті түсірілімдері мен байқаулар әдістері, қор деректері, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау кезінде алынған ақпарат қолданылады.

      Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне ақпарат және (немесе) мәліметтер берудің форматы және олардың деректерінің құрылымы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі мемлекеттік нормативтік құжатта белгіленеді.";

      10) 40-баптың 2-тармағында:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) жер, су кадастрларының және басқа да салалық кадастрлардың, тiркелiмдердiң және өзге де ақпараттандыру объектілерінің деректерi;";

      мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) жеке және заңды тұлғаларға міндетті көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерінің, квазимемлекеттік ұйымдардың деректері бастапқы ақпарат (мәлiмет) көздерi болып табылады.";

      11) 47-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Бас жоспарларды әзірлеуге қажетті бастапқы материалдардың құрамы мен көлемі мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.

      Бас жоспарлардың бастапқы материалдары барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес кешенді қала құрылысы сараптамасы жүргізілгенге дейін мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілуге тиіс.";

      12) 47-1-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуге қажетті бастапқы материалдардың құрамы мен көлемі мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.

      Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының бастапқы материалдары барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес кешенді қала құрылысы сараптамасы жүргізілгенге дейін мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілуге тиіс.";

      13) 61-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қала құрылысы жобалары мемлекеттік қала құрылысы кадастрының құрамдас бөлігі болып табылады және қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорында тіркеу қағидаларына сәйкес мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне міндетті түрде енгізілуге жатады. Қала құрылысы жобаларын әзірлеу, іске асыру, жаңартып отыру туралы мәліметтер мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне міндетті түрде енгізіледі.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу барысында орындалатын жұмыстардың құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен қағидаларға сәйкес айқындалады.";

      14) 64-1-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Аумақтарда қала құрылысын жоспарлау саласындағы жобаларға кешендi қала құрылысы сараптамасын мемлекеттік сараптама ұйымы барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізеді.";

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобалары;";

      2-1-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 14-тармақпен толықтырылсын:

      "14. Тапсырыс берушілер кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес құжаттардың толық жиынтығын ұсынуға міндетті. Сараптама жүргізу үшін ұсынылған құжаттардың анықтығы үшін тапсырыс беруші жауапты болады.

      Мыналар кешенді қала құрылысы сараптамасына тапсырыс берушілер болып табылады:

      жалпымемлекеттік маңызы бар жобалар бойынша – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;

      өңірлік маңызы бар жобалар және елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу жобалары бойынша жергілікті атқарушы органдар.

      Қала құрылысы жобаларына тапсырыс беруші осы жоба бойынша сараптама жұмыстарына тапсырыс беруші де болып табылады.";

      15) 64-3-баптың 1-тармағында:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) аккредиттелген сараптама ұйымдары немесе тиісті аттестаты бар сарапшылар жүзеге асыратын, құрылысқа арналған жобаларға сараптама (құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге, жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптама);";

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) кешенді қала құрылысы сараптамасы – мемлекеттік монополияға жатқызылған, барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобаларына сараптама;";

      16) 64-4-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттiк монополияға:

      1) барлық деңгейлердегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы;

      2) мыналар:

      қаржыландыру көздеріне қарамастан, ықтимал қауіпті құрылыс объектілеріне жататын жаңа өндірістік ғимараттар мен құрылысжайларды, сондай-ақ техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі жаңа объектілерді, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларын салу;

      бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен қаржыландырылатын, мыналарға:

      ықтимал қауіпті;

      техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызылған қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық жағынан қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу;

      квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын, жауапкершіліктің бірінші деңгейіне жатқызылған қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық жағынан қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу;

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті орган әзірлеген үлгілік жобалар үшін құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге, жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешендi сараптама жатады.";

      2-тармақтағы "кешенді ведомстводан тыс сараптаманы", "ведомстводан тыс кешенді сараптаманың", "кешенді ведомстводан тыс сараптама" деген сөздер тиісінше "қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы мен ведомстводан тыс кешенді сараптаманы", "қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы мен ведомстводан тыс кешенді сараптаманың", "қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы мен ведомстводан тыс кешенді сараптама" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) 64-6-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Құрылыс объектілерін жобалау және қала құрылысы жобалары саласында сараптама қызметімен айналысу құқығына аттестат алу үшін жеке тұлғаның тиісті мамандық бойынша жоғары білімі, объектілер құрылысына, қала құрылысы жобаларына арналған техникалық-экономикалық негіздемелердің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың тиісті бөлімі (бөлігі) бойынша жобалау саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға және аттестаттаудан өтуге тиіс. Аттестаттау рәсімі ағылшын тілінде өткізілуі мүмкін.";

      18) 64-8-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) кәсіптік мамандануына сәйкес қала құрылысы жобасының жекелеген бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптаманы жүзеге асыруға, олар бойынша сараптама қорытындысының тиісті бөліктерін жасауға, тапсырыс беруші кері қайтарып алынатын сараптама қорытындысының тұжырымдарында айтылған шарттарды (талаптарды) орындамаған жағдайда сараптама ұйымының бұрын берілген қорытындыны кері қайтарып алуына бастама жасауға;";

      19) мынадай мазмұндағы 68-1-баппен толықтырылсын:

      "68-1-бап. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы ақпараттық жүйелер

      1. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында барлық кезеңдерде, оның ішінде елді мекендердің аумақтарын жоспарлау, құрылыс объектілерін жобалау, сараптау, салу және пайдалану кезеңдерінде әртүрлі процестерді автоматтандыру және рәсімдерді оңайлату үшін ақпараттық жүйелер қолданылуы мүмкін.

      2. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы ақпараттық жүйелер меншік нысаны бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес болып табылады.

      3. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қолдануды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілер қызметін жүзеге асыру кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қолдануға міндетті.

      Өзге жағдайларда субъектілер қызметінің нәтижесі жарамсыз деп танылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қолданылуға жатады.";

      20) 74-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімі қоса берілген меншік иесінің салынған объектіні өз бетінше пайдалануға қабылдау актісі сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесінде міндетті түрде есепке алуына жатады.

      Меншік иесі объектілерді өз бетінше тапсырған кезде осы Заңның 60-бабы 2-тармағының 4), 11), 13), 16), 17) және 19) тармақшаларында көрсетілген объектілер үшін атқарушылық геодезиялық түсірілім талап етілмейді.";

      21) 75-1-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өтініш берушіден объектінің техникалық сипаттамалары және инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімі, сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындылар қоса берілген объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін алған кезден бастап бір күн ішінде бір мезгілде:

      1) объектінің орналасқан жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне – объектінің техникалық сипаттамалары және инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімі қоса берілген объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін;

      2) объектінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыстық бақылау органдарына объектінің техникалық сипаттамалары, сәйкестік туралы декларация және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындылар қоса берілген объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін жібереді.

      2. Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында айқындалған рәсімдерді сақтауын салыстырып тексереді және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі арқылы пайдалануға қабылдау актісін есепке алуды жүргізеді.

      Салыстырып тексеру қорытындылары бойынша құрылыс объектісінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының талаптарына сәйкес еместігі анықталған жағдайда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік сәулет-құрылыстық бақылау органдарына және тіркеуші органға жазбаша хабарлайды.

      Сәйкессіздік болмаған жағдайда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде тіркеуші органға жазбаша хабарлайды.".

      7. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      9-баптың 19-7) тармақшасындағы "кондоминиум объектісіне техникалық паспорттарды және көппәтерлі тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, үй жанындағы жер учаскесіне құжаттарды" деген сөздер "көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үйге және үй жанындағы жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      8. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      мынадай мазмұндағы 7-1) және 11-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-1) жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі – жүргізілу тәртібі осы Заңда және Қазақстан Республикасының Жер кодексінде айқындалатын жер кадастрларының және құқықтық кадастрлардың мәліметтерін қамтитын ақпараттық жүйе;";

      "11-1) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты – жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау жөніндегі уәкілетті орган және жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген нысанға сәйкес жылжымайтын мүліктің бастапқы немесе кейінгі объектісінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда орналасқан жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын сәйкестендіру құжаты;";

      25) тармақша алып тасталсын;

      2) 18-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "18-бап. Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау

      1. Жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің қажетті шарттары болып табылады.

      2. Жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүзеге асырылмайды және жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты ресімделмейді.

      Тіркеуші орган жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінде есепке алынуға жататын, объектіні пайдалануға қабылдау актісінің негізінде құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізеді.

      Құқық белгілейтін құжатта қамтылған сәйкестендіру мәліметтері мен техникалық мәліметтердің жаңадан құрылған жылжымайтын мүліктің нақты деректерінен алшақтығын анықтау мақсатында құқық иеленуші тіркеуші органға мұндай алшақтықтарды анықтау үшін өтініш беруге құқылы, оның нәтижесі бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды ресімделеді.

      Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке кадастрлық нөмір беру жылжымайтын мүлікті реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау нәтижесінде олардың техникалық және (немесе) сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде, мұндай сипаттамалардың өзгеруі жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүргізбестен жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортында көрсетіле алатын жағдайларды қоспағанда, оның ішінде кадастрлық нөмір, мекенжай, мекенжайдың тіркеу коды (бар болған кезде) өзгерген кезде жүргізіледі.

      Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты ресімделеді, онда анықталған өзгерістер көрсетіледі.

      3. Жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізу, жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне кадастрлық нөмір беру тәртібін, сондай-ақ құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізілуге міндетті мәліметтердің нысандарын, жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын уәкілетті орган айқындайды.";

      3) 18-1-бап мынадай мазмұндағы 4-2) және 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-2) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын әзірлейді және бекітеді;

      4-3) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      4) 39-баптың 3-тармағының екінші бөлігіндегі "автоматтандырылған" деген сөз алып тасталсын;

      5) 58-баптың 2-тармағындағы "жылжымайтын мүлік объектісіне жаңа техникалық паспорт" деген сөздер "жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      9. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      134-баптың 2-тармағы 28) тармақшасындағы "қорғау саласында жүзеге асырады." деген сөздер "қорғау;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 29), 30) және 31) тармақшалармен толықтырылсын:

      "29) құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге, жобалау-сметалық құжаттамаға) кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу;

      30) барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу;

      31) құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру мен жүргізу, сондай-ақ құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінен техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну саласында жүзеге асырады.".

      10. "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      11-баптың 4 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Энергия тиімділігінің талап етілетін сыныбы құрылыс (реконструкциялау, күрделі жөндеу) жобасын әзірлеуге арналған тапсырмада көрсетіледі және құрылысы (реконструкциялауы, күрделі жөндеуі) аяқталған объект пайдалануға берілгеннен кейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу кезінде жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортында көрсетіледі.

      5. Қазіргі бар ғимараттардың, құрылыстардың, құрылысжайлардың энергия тиімділігі сыныбы және оны қайта қарау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, энергия аудитін жүргізу қорытындылары бойынша белгіленеді және жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортында көрсетіледі.

      Энергия аудитінің қорытындысы жылжымайтын мүлік объектісінің (ғимараттардың, құрылыстардың, құрылысжайлардың) кадастрлық паспортына қоса беріледі.".

      11. "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      7-бап мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органмен және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу және бақылау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша жария кадастрлық картаны жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;".

      12. "Табиғи монополиялар туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 15-баптың 7-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "14-1) ақпараттандыру объектілерінен алынған табиғи монополия субъектісінің қуатын нақты пайдалану туралы деректер;";

      2) 24-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Сәулет және қала құрылысы органдарының өтініші бойынша табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беруді табиғи монополия субъектісі:

      1) техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін – екі жұмыс күні ішінде;

      2) техникалық жағынан күрделі объектілер үшін – бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосылуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттар жобалаудың, құрылыстың нормативтік кезеңіне беріледі және оларды сәулет және қала құрылысы органдары мемлекеттік қала құрылысы кадастрына ұсынады.";

      3) 25-бап мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:

      "6-2. Табиғи монополиялар субъектілері сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысандарға сәйкес мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде:

      1) мыналар:

      резерв;

      белгіленген қуат және (немесе) сыйымдылық;

      бос және қолжетімді қуаттардың және (немесе) сыйымдылықтардың бар-жоғы;

      желілердің өткізу қабілеттілігі;

      орналасқан жері (елді мекен көшелерінің атауын көрсете отырып);

      ұзындығы;

      брондалған қуаттардың және (немесе) сыйымдылықтардың саны және олардың брондау мерзімдері;

      көрсетілетін қызметтерді түпкі тұтынушыларға ұсыну үшін технологиялық процесте пайдаланылатын бос емес қуаттардың және (немесе) сыйымдылықтардың саны туралы ақпаратты;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын желілерді немесе өзге де мүлікті орналастыру схемаларын машинамен оқылатын түрде орналастырады және (немесе) жаңартып отырады.".

      2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін тоғыз ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6-тармағының 1) тармақшасын, 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 5) тармақшасын, 6) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он алтыншы, он жетінші және он сегізінші абзацтарын, 7) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 11) және 12) тармақшаларын, 13) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтарын, 14) тармақшасын, 15) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтарын, 16), 17) және 18) тармақшаларын қоспағанда, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады