Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 21 қазандағы № 132-VIII ҚРЗ.

      2022 жылғы 20 мамырда Минскіде жасалған Биологиялық материал алмасу туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Ресми куәландырылған мәтін

Биологиялық материал алмасу туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1993 жылғы 12 наурыздағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын болғызбау, жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің (штамдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыру және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғау мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Биологиялық материал алмасуда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіруде және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын болғызбауда Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы мен өзара көмегі осы Келісімнің нысанасы болып табылады.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін Тараптар өздерінің орталық мемлекеттік ветеринариялық органдарына құзыретті органдар ретінде уәкілеттік береді.

3-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:

      аккредиттелген зертхана (орталық) - Тараптың осы Келісімге қатысушы мемлекеттің аккредиттеу (аттестаттау) жүйесінде және қажет болған жағдайда халықаралық аккредиттеу жүйесінде аккредиттелген (аттестатталған) және ветеринария саласында зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізетін мемлекеттік ұйымы (мемлекеттік мекемесі) немесе осындай мекеменің құрылымдық бөлімшесі;

      Тараптардың құзыретті органдары - осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес ветеринариялық заңнаманың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету, жануарлардың жұқпалы және өзге де ауруларының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды іске асыру жүктелген орталық мемлекеттік ветеринариялық органдар;

      биологиялық материал (биоматериал) - зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізу мақсатында клиникалық сау жануарлардан, ауру жұқтырды деген күдік бар тірі немесе өлген жануарлардан алынған, инфекциялық не паразиттік қоздырғышта болуы мүмкін немесе бар сынамалар (үлгілер);

      референттік зертхана (орталық) - референттік функцияларды орындауға Тарап уәкілеттік берген, қызметтің референттік саласында өнімді өндірушілерге, берушілерге және тұтынушыларға тәуелді емес аккредиттелген мемлекеттік зертхана;

      өнім беруші - Тараптардың сынамаларды (үлгілерді) жіберетін құзыретті органдары немесе олардың ведомстволық бағынысты мекемелері;

      алушы - Тараптардың сынамаларды (үлгілерді) қабылдайтын құзыретті органдары немесе олардың ведомстволық бағынысты мекемелері.

4-бап

      Биоматериалды зерттеу Тараптардың аккредиттелген зертханаларында (орталықтарында) жүзеге асырылады.

      Биоматериалға зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізудің, зертханалық зерттеулер (сынақтар) үшін сынамаларды (үлгілерді) алу мен зерттеудің (сынаудың) мерзімділігі мен қажеттілігі эпизоотиялық жағдай, ғылыми мүдделердің ортақтығы ескеріле отырып және Тараптардың сұрау салуы бойынша айқындалады.

5-бап

      Жануарлардың аса қауіпті ауруларының қоздырғыштары бар биоматериалдың орнын ауыстыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Өнім беруші сынамаларды (үлгілерді) алушыға өтеусіз негізге береді.

      Алушы биоматериалды тиісті қорғау (биоқауіпсіздік) жүйесі бар өз зертханасында диагностикалық, мониторингтік жұмыстар және/немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады.

      Биоматериал коммерциялық лицензия талап етілетін коммерциялық өнімдерді немесе көрсетілетін қызметтерді өндіру немесе сату сияқты коммерциялық мақсаттарда пайдаланылмайды.

      Кез келген зерттеулер аяқталған соң алушы осы зерттеулерді жүргізу нәтижелері туралы өнім берушіні хабардар етуге міндеттенеді. Алушы өнім берушімен келісу бойынша материалды өзге де мақсаттарда пайдалана алады.

      Алушы биоматериалды осы Келісімнің шеңберінде ғана пайдаланады және зертханалық зерттеулері (сынақтары) аяқталған соң биоматериалдың барлық қалдығын жоюға міндеттенеді.

6-бап

      Алушыға бұрын белгілі болған немесе алушының кінәсінсіз жалпыға қолжетімді болып табылатын немесе болған немесе заңды негізде алушы ашатын немесе алушыға құпиялылықты сақтау міндеттемелерінсіз ашылған ақпаратты қоспағанда, алушы өнім берушінің биоматериал туралы кез келген жазбаша ақпаратымен жұмыс істеу кезінде құпиялылықты сақтауға келіседі.

      Алушы осы Келісімге сәйкес өзі қабылдаған міндеттемелерді орындаудың бүкіл мерзімі ішінде құпия ақпаратты жария етпеуге міндеттенеді.

      Алушы ашуға ұсынылатын ақпаратты өнім берушімен алдын ала келіскеннен және ол мұндай жариялауға немесе ашуға жазбаша келісімін бергеннен кейін ғана зерттеулердің нәтижелерін жариялай алады немесе жария аша алады.

7-бап

      Өнім беруші биоматериалдың меншік иесі болып табылады және оның зерттеулер жүргізу уақытында биоматериалға барлық құқықтары болады. Биоматериалды беру биоматериалға меншік құқығын алушыға беруді білдірмейді.

      Өнім беруші биоматериалды басқа тұлғалар арасында тарату және оны өзінің жеке мақсаттары үшін пайдалану құқығын өзіне сақтап қалады.

8-бап

      Материалды іріктеу, қаптау, жөнелту (тасымалдау) Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымының ұсынымдарына және басқа да халықаралық қағидалар мен стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Жөнелту бойынша шығыстар өнім беруші мен алушы арасында келісіледі.

      Биоматериалдың әрбір қаптамасымен биоматериалдың егжей-тегжейлі сипаттамаларын қамтитын техникалық деректер тізбесі (осы Келісімге қосымша) бірге жүреді. Өнім берушінің қалауы бойынша қосымша ақпарат берілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ынтымақтастықтың басқа да нысандарын пайдалануы мүмкін.

      Осы Келісімді орындау бойынша үйлестіру мәселелері Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңеске жүктеледі.

10-бап

      Тараптардың құзыретті органдарының жануарлардың аса қауіпті аурулары таралуының алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу бойынша, оның ішінде биологиялық материал алмасу бойынша іс-шаралар жүргізу кезіндегі өзара іс-қимылы қаражатты бірлесіп жоспарлауды, пайдалануды және мамандар тартуды, осы іс-шараларды жүргізудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат алмасуды қамтуы мүмкін.

11-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржылық қамтамасыз етуді Тараптардың құзыретті органдарының ұлттық бюджеттерінде өз функцияларын орындауға көзделетін қаражат есебінен және соның шегінде жүзеге асырады.

12-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Тараптардың арасындағы осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

      Материалдық сипаттағы ықтимал даулар мен талаптарды шешу мақсаттары үшін осы Келісімнің ережелері одан шыққан Тарапқа қатысты барлық даулы мәселелер толықтай реттелгенге дейін қолданылуын жалғастырады.

      Зертханалық зерттеулер (сынақтар) жүргізу кезінде даулы жағдайлар туындаған кезде референттік зертханада (орталықта) алынған зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) нәтижелері түпкілікті нәтижелер болып танылады.

      Даулы жағдайларды шешу үшін дау тараптары болып табылмайтын Тараптардың референттік зертханалары (орталықтары) немесе үшінші елдердің Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымы тиісті өкілеттіктер берген референттік зертханалары (орталықтары) тартылуы мүмкін.

      Зертханаларға (орталықтарға) референттік функциялар беру және референттік зертханалардың (орталықтардың) құзыреттілігін растау осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Зертхана (орталық) жүргізген зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) нәтижелеріне шағымдану рәсімі осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      Референттік функциялары көрсетілген референттік зертханалардың (орталықтардың) тізбесі Интернетте Тараптардың құзыретті органдарының сайттарында орналастырылады.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келісетіні туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

16-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін кемінде алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып және осы Келісім қолданылған уақытта туындаған міндеттемелерін реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2022 жылғы 20 мамырда орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін М. Мишустин
      Армения Республикасының Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Р.Головченко
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Ә. Смайылов
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін А. Жапаров
      Молдова Республикасының Үкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін К.Расулзода
      Түрікменстан Үкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
      Украина Үкіметі үшін

  202_ жылғы_________
  Биологиялық материалмен
алмасу туралы келісімге
қосымша

Техникалық деректер тізбесі

(биоматериалдың әрбір жеткізілімімен бірге жүреді)

      202_ жылғы_______№_____ Биоматериалдарды беруге қатысты келісім шеңберінде әрбір жеткізілім үшін толтырылады және Келісімнің шарттары мен мерзімдеріне сай болады.

Үлгінің сипаттамасы

Сынама алу күні (кк /мм/ жж)

Жануардың түрі мен жасы, жеке нөмірі, аты және т.б.

Жануардың мекенжайы, орналасқан жері, иесі

Сипаттама, эпизоотологиялық деректер

Терінің зақымдануы (афтозды материал), 1 контейнер (№1 сынама)

07/01/2020

Сиыр, 5 жасар, № 00099901ХХ "Зоръка"

Ресей, Приморск өлкесі, Владивосток к., Героев көш., 5-үй.
Иесі А.А. Иванов
Жеке аулада күтіп- бағылады

Биоматериал аусылдың клиникалық белгілері бар сиырдан алынды.
Алғашқы белгілерін иесі 01.01.2020 жылы байқаған. Жануар аусылға, ТЖД қарсы вакцинацияланбаған. Аулада өзге жануарлар жоқ






      * Кестеде келтірілген деректер толтыруға арналған үлгі болып табылады.

      _______________атынан қол қойылды _________________атынан қол қойылды
      Директор немесе уәкілетті тұлға күні Директор немесе уәкілетті тұлға күні

      Электрондық қолтаңбалар қабылданады. Материалды алушы алғанын растау үшін қол қоюға және қайтаруға тиіс.

      Осымен қоса беріліп отырған мәтіннің бейнеконференцбайланысты пайдалана отырып, 2022 жылғы 20 мамырда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысына қатысқан ТМД-ға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының қол қоюы нәтижелері бойынша рәсімделген Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімнің орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылғанын куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқа қолдар қойылған даналары ТМД-нің Атқару комитетінде сақталады.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы вице-министрі
А.Султанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады