Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 7 қарашадағы № 134-VIII ҚРЗ.

      2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      1997 жылғы 2 маусымдағы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы келісімді тани отырып,

      екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,

      қоршаған орта бүгінгі және болашақ ұрпақтың денсаулығы мен саламаттылығы үшін қорғалуға тиіс екеніне көз жеткізе отырып,

      экономиканың орнықты дамуы табиғи ресурстарды экологиялық негізделген басқаруды талап ететінін мойындай отырып,

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық жаһандық қоршаған ортаны сақтау үшін екі мемлекеттің жауапкершілігі аясында өзара тиімді және маңызды болып табылатынын толық сезіне отырып,

      қоршаған ортаның жаһандық проблемалары бойынша дұрыс шешімдер қабылдау тұрғысынан экологиялық саясат пен тәжірибенің маңыздылығын мойындай отырып,

      тұрақты даму қағидаттарына негізделген экономикалық өсуге және өмір сүрудің неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізудің стандартын ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар заңнамалары мен өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес тендік пен өзара тиімділік негізінде қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық жасасады.

2-бап

      Тараптардың ынтымақтастығы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      атмосфералық ауаның ластануының алдын алу және бақылау;

      судың ластануымен байланысты төтенше жағдайлар туралы өзара ақпарат беруді қоса алғанда, судың ластануының алдын алу және оны бақылау, ластануды жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдау;

      тұрмыстық қатты қалдықтарды трансшекаралық заңсыз өткізудің алдын алуды және оны бақылауды қоса алғанда, оларды басқару;

      қауіпті қалдықтарды трансшекаралық заңсыз өткізудің алдын алуды қоса алғанда, оларды басқару;

      биологиялық саналуандылықты сақтау;

      экожүйелерді деградациядан қорғау және құмды дауылдың алдын алу;

      жер ресурстарын пайдалану кезінде қоршаған ортаны қорғау;

      қоршаған ортаға әсер ететін төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою;

      су сынамаларын бірлесіп іріктеуді, су сапасы бойынша деректерді және нормативтік құжаттарды талдауды және алмасуды жүзеге асыруды қоса алғанда, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жасау;

      климаттың өзгеруіне бейімделу;

      қоршаған ортаға мониторинг жасау саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу қызметі мәселелері бойынша бірлескен конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, сондай-ақ жұмыс топтарын өткізу (қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жасаудың Тараптар үшін қолайлы қағидалары мен көрсеткіштерін және оларға талдау жасау әдістемелерін келісу);

      экологиялық таза өндіріс технологияларын ендіруге және таратуға жәрдемдесу;

      бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді іске қосу, сондай-ақ қоршаған орта саласында кадрлар даярлау және бірлескен қызмет нәтижелерін танымал ету;

      қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды мемлекеттік бақылау бөлігінде өзара іс-қимыл жасау;

      Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлеу;

      өріс аударатын жануарларды, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумақтарын мекендейтін жануарлар түрлерін қорғау жөніндегі іс-шараларды үйлестіру;

      ынтымақтастықтың Тараптар келіскен өзге де бағыттары.

3-бап

      Тараптар бірлескен әзірлемелерді жүзеге асыру үшін басымдық беретін бағдарламалар ретінде мынадай бағдарламаларды айқындайды:

      Тараптар мемлекеттерінің шектесетін аумақтарындағы орман алқаптарын қалпына келтіруді ұйымдастыру жөніндегі;

      Қазақстан мен Өзбекстанның шектесетін өңірлеріндегі топырақтың және өсімдік жамылғысының тозуына қарсы күрес жөніндегі;

      қоршаған орта жай-күйінің мониторингін ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтардағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасу регламентін әзірлейді.

      Тараптар қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ететін төтенше жағдайлар туралы өзара хабардар етудің жұмыс тетігін жасайды.

      Тараптар өзара қолдау негізінде екінші Тарап мемлекетінің қоршаған ортасына зиян келтіретін төтенше жағдайлардың алдын алу үшін, сондай-ақ қоршаған ортаға трансшекаралық әсерді барынша жою немесе қысқарту бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру бойынша қызметті үйлестіруге жауапты уәкілетті органдары:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі;

      Өзбекстан тарапынан - Өзбекстан Республикасының Экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті болып табылады.

      Басқалар тағайындалған немесе Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының атауы өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

      Тараптар Қоршаған органы қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады, ол өзінің қызметі туралы ережені әзірлеуге және осы Келісімді іске асыру жөніндегі тиісті мәселелерді шешуге жауапты болады. Комиссия отырыстары жылына кемінде бір рет, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен өткізіледі. Комиссия шешімдері хаттамалармен ресімделеді.

6-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты қаржылық шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шеңберінде өздері дербес көтереді.

8-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жүргізу арқылы шешетін болады.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.


      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2022 жылғы "22" желтоқсанда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады