Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 21 қазандағы N 3300 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 593 Заңымен

      Жануарлар дүниесi - айналадағы табиғи ортаның негiзгi құраластарының (компаненттерiнiң) бiрi. Қазақстан Республикасы табиғи байлықтарының маңызды құрамдас бөлiгi.
      Осы заң жануарлар дүниесiн тиiмдi қорғауды, өсiмiн молайтуды және ұтымды пайдалануды, бүгiнгi және болашақ ұрпақты табиғатқа деген ықтияттылық пен адамгершiлiк көзқарас рухында тәрбиелеудi қамтамасыз етуге тиiс.

  I бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
             және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы
             заңдарының мiндеттерi

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңдарының мiндеттерi жабайы жануарлардың табиғи еркiн тiршiлiк жағдайларын қамтамасыз ету, табиғи үйiрлердiң түр жағынан сан алуандылығы мен тұтастығын сақтау мақсатында оларды қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп отыру, сондай-ақ осы саладағы заңдылықты нығайту болып табылады. 

       2-бап. Жануарлардың дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
             және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы
             заңдары

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар осы Заңмен және осыған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарымен реттелiп отырады. 

       3-бап. Жануарлар дүниесi ұғымы

      Жануарлар дүниесiне құрғақта, суда, атмосферада және жер қыртысында табиғи еркiн жағдайда тұрақты немесе уақытша мекендейтiн барлық жабайы жануарлар (сүт қоректiлер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қос мекендiлер, балықтар, сондай-ақ ұлутектiлер (молюскалар), шыбын-шiркейлер (насекомдар) және басқалар) жатады. 
      Ауыл шаруашылық және басқа да үй жануарларын, сондай-ақ шаруашылық, мәдени өзге де мақсаттар үшiн табиғи ортадан айырылып, ырықсыз немесе жартылай ырықсыз жағдайда ұсталатын жабайы жануарларды пайдалану, өсiмiн молайту және қорғау саласындағы қатынастар Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен реттеледi. 

       4-бап. Жануарлар дүниесiнiң мақсатты мiндетi

      Мақсатты мiндетiне сәйкес жануарлар дүниесi мынадай топтарға бөлiнедi: 
      - жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген түрлерi; 
      - жануарлардың аң аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi; 
      - жануарлардың балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi; 
      - жануарлардың (аң аулау мен балық аулаудан басқа) өзге де шаруашылық мақсатында пайдаланылатын түрлерi; 
      - жануарлардың шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бiрақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлерi; 
      - жануарлардың халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығын және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу мақсатында бас санын реттеп отыруға жататын түрлерi. 

       5-бап. Жануарлар түрлерiн топтарға жатқызу және бiр
             топтан екiншi топқа аудару

      Жануарлардың түрлерiн осы заңның 4-бабында аталған топтарға жатқызу олардың негiзгi мақсатты мiндетiне сәйкес, ал жануарлар түрлерiн бiр топтан екiншi топқа аудару олардың негiзгi мақсатты мiндетi өзгерген реттерде жүргiзiледi. 
      Жануарлар түрлерiн топтарға жатқызуды және бiр топтан екiншi топқа аударуды Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар өз құзыретi шегiнде жүргiзедi. 

       6-бап. Жануарлар дүниесiне меншiк

      Қазақстан Республикасындағы жануарлар дүниесi республиканың айрықша меншiгiнде болады. 
      Жануарлар дүниесiне иелiк етудi, билiк жүргiзудi және пайдалануды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi тiкелей немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдары мен жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады. 
      Жануарлар дүниесiн пайдалануға беру және жануарлар дүниесiне меншiк құқығын iс жүзiне асыру жөнiнде басқа да iс-әрекеттер жасау жануарлар дүниесiн басқарудың мемлекеттiк органының мiндеттi түрде қатысуымен жүзеге асырылады. 

  II бөлiм. АЗАМАТТАРДЫҢ, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН
БIРЛЕСТIКТЕРДIҢ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ, ӨСIМIН
МОЛАЙТУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНА ҚАТЫСУЫ

       7-бап. Азаматтардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн
             молайту және пайдалану саласындағы құқықтары

      Қазақстан Республикасы азаматтарының және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдардың: 
      - жануарлар дүниесi мәселелерi жөнiндегi заң жобаларын және шараларды талқылауға қатысуға; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiнде қоғамдық құрылымдарға бiрiгуге; 
      - жануарлар дүниесiнiң жай-күйi туралы толық әрi анық-қанық ақпарат алуға; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi жұмыстар, сондай-ақ осы мәселелер бойынша қоғамдық сараптама жүргiзуге қатысуға; 
      - жануарлар дүниесiн заңда белгiленген тәртiппен пайдалануға құқығы бар. 
      Мемлекеттiк органдар азаматтардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөнiндегi заңды және негiзделген ұсыныстарын ескеруге мiндеттi. 

       8-бап. Азаматтардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн
             молайту және пайдалану саласындағы мiндеттерi

      Қазақстан Республикасы азаматтары және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдар: 
      - жануарлар дүниесiн сақтап, қорғауға; 
      - осы Заңның және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарының талаптарын қастерлеуге; 
      - жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға бақылауды жүзеге асыратын органдардың заңды талаптарын бұлжытпай орындауға және де оларға көмек көрсетуге; 
      - жануарлар дүниесiне және оның мекендеу ортасына келтiрiлген нұқсанның орнын толтыруға мiндеттi.

       9-бап. Қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң жануарлар
             дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
             саласына қатысуы

      Қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қызметi олардың жарғылары мен қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

  III бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ, ӨСIМIН МОЛАЙТУ
ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК ӨКIМЕТ ПЕН
БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ

       10-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң
              құзыретi

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына:
      - жануарлар дүниесiне меншiк құқығын жүзеге асыру;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңдарды әзiрлеп, жетiлдiру;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты айқындау;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында заңдардың орындалуына бақылау жасау;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарды бекiту және оның күшiн жою жатады.
       Ескерту. 10-баптан 5 абзац алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .

       11-бап. Жергiлiктi өкiлдi өкiмет органдарының құзыретi

      Жергiлiктi өкiлдi өкiмет органдарының қарауына:
      - жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және пайдалануды бақылау;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердi дамытуға жәрдемдесу; 
      - жануарлар дүниесiн пайдаланушылар құқығын қорғау жатады. 

       12-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқару

      Қазақстан Республикасы аумағында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары және жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар жүзеге асырады. 

       13-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына: 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзу; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық пен балық шаруашылығын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды бекiту; 
      - облыстық атқарушы өкiмет органдарының, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi қызметiн үйлестiру, оған басшылық және бақылау жасау; 
      - жануарлар дүниесiн пайдалану тәртiбiн белгiлеу; 
      - жануарлар дүниесiн пайдаланудың лимиттерiн және квоталарын бекiту; 
      - жануарларды сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген жануарлар түрлерiнiң, сондай-ақ аң аулау және балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерiнiң топтарына жатқызу; 
      - жануарларды мемлекеттiк есепке алу мен жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк жиынтық мәлiметiн (кадастрын) жүргiзу тәртiбiн белгiлеу; 
      - зоологиялық жүйелi жинақтар (коллекциялар) жасау және оларды мемлекеттiк есепке алу тәртiбiн белгiлеу; 
      - Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы Ереженi бекiту; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру жатады. 

       14-бап. Облыстық атқарушы өкiмет органының құзыретi

      Облыстық әкiмiшiлiк шекарасында облыстық атқарушы өкiмет органының қарауына: 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмін молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзу; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық пен балық шаруашылығын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды iске асыру; 
      - төменгi атқарушы өкiмет органдарының, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту, және пайдалану жөнiндегi қызметiн үйлестiру, оған басшылық және бақылау жасау; 
      - аңшылық шаруашылық жүргiзу құқығын беру және аңшылыққа пайдаланылатын жердi бекiтiп беру туралы шешiмдер қабылдау;
      - балық пен басқа су жануарларын кәсiпшiлiк аулауға құқық беру және балық шаруашылығы суаттарын бекiтiп беру туралы шешiмдер қабылдау;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастыққа қатысу;
      - жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға бақылау жасау жатады.

       15-бап. Аудандық, қалалық атқарушы өкiмет органдарының
              құзыретi

      Ауданның, қаланың әкiмшiлiк шекарасында аудандық, қалалық атқарушы өкiмет органдарының қарауына:
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық пен балық шаруашылығын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды келiсу; 
      - кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi қызметтi үйлестiру, оған басшылық және бақылау жасау;
      - аңшылық шаруашылығын жүргiзуге және балықты, басқа да су жануарларын кәсiпшiлiк аулауға құқық беру, сондай-ақ аң аулайтын жерлер мен балық шаруашылығы суаттарын бекiтiп беру жөнiндегi ұсыныстарды келiсу;
      - жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға бақылау жасау жатады.

       16-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы
              уәкiлдiк берiлген органдардың құзыретi

      Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың қарауына:
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк саясат жүргiзу;
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық пен балық шаруашылығын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу және бекiтуге ұсыну; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық пен балық шаруашылығын жүргiзу жөнiндегi қалыпты құжаттарды әзiрлеу және бекiту; 
      - жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға, аңшылық пен балық шаруашылығын жүргiзуге мемлекеттiк бақылау жасау; 
      - аңшылық шаруашылығын жүргiзу және аң аулайтын жерлердi бекiтiп беру құқығын, балықты, басқа да су жануарларын кәсiпшiлiк аулау және балық шаруашылығы суаттарын бекiтiп беру құқығын табыс ету туралы ұсыныстарды әзiрлеу және енгiзу; 
      - жануарлар дүниесiн пайдалануға шарттар жасау; 
      - жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi биологиялық негiздемелердi қарау және бекiту; 
      - берiлген лимиттер мен квоталарға сәйкес және белгiленген басқа да ережелердi сақтай отырып жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат беру; 
      - жануарларды мемлекеттiк есепке алуды ұйымдастыру және жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк жиынтық мәлiметiн (кадастрын) жүргiзу; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық пен балық шаруашылығын жүргiзу саласында ғылыми-зерттеу және жобалау-iздестiру жұмыстарын ұйымдастыру; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастық жөнiндегi шараларды жүзеге асыру жатады. 
      Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың өз құзыретi шегiнде қабылданған шешiмдерiн барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдар орындауға мiндеттi. 

  IV бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ, ӨСIМIН МОЛАЙТУ
ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ЖӨНIНДЕГI НЕГIЗГI ТАЛАПТАР

       17-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
              және пайдалану жөнiндегi негiзгi талаптар

      Жануарлардың мекендеу ортасы мен жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне ықпал етуi мүмкiн шараларды жүзеге асырған кезде мынадай негiзгi талаптардың сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс: 
      - жануарлардың табиғи үйiрлерiнiң тұтастығын сақтау; 
      - жануарлардың түр жағынан сан алуандығын табиғи еркiндiк жағдайында сақтау;
      - жануарлардың мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдарын және шоғырланған жерiн қорғау;
      - жануарлар дүниесiн ғылыми негiзделген түрде және ұтымды пайдалану;
      - жануарларды, әсiресе олардың сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген түрлерiн қолдан өсiрiп, кейiн оларды табиғи ортаға жiберудi қоса жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту;
      - халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылық және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау, халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу мақсатында жануарлардың бас санын реттеп отыру.

       18-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
              және пайдалану жөнiндегi негiзгi талаптарды
              қамтамасыз ету

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi негiзгi талаптарды қамтамасыз ету мақсатында экологиялық бағдарламаларда арнайы шаралар көзделедi, олардың орындалуы қаржымен, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етiледi.
      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi арнайы шараларды қаржыландыру экономикалық жағынан негiзделген нормативтер бойынша республикалық бюджет және өзге де қаражаттар есебiнен жүзеге асырылады.

  V бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ
ӨСIМIН МОЛАЙТУ

       19-бап. Жануарлар дүниесiн қорғауды және өсiмiн
              молайтуды қамтамасыз ету

      Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту:
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ережелер мен нормаларды белгiлеу;
      - жануарлар дүниесiн пайдалануда тыйым салу мен шектеулердi белгiлеу;
      - жануарлардың мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдары мен шоғырланатын жерлерiн қорғау және сақтау; 
      - қорықтар, қорғалымдар (заказниктер) құру және басқа қорғалатын аумақтар бөлу; 
      - ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру; 
      - өндiрiстiк процестердi жүзеге асырған кезде жануарлардың қырылуына жол бермеу; 
      - өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар қолдану кезiнде жануарларды қорғау; 
      - зоологиялық жүйелi жинақтар үшiн жануарларды айырып алуды шектеу; 
      - ауырған кезде, табиғи апат және басқа себептер салдарынан қырылу қатерi төнген ретте жабайы жануарларға көмек көрсету;
      - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жануарлар дүниесiн насихаттау;
      - жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi шараларды негiздеуге бағытталған ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру;
      - азаматтарды жануарлар дүниесiне деген адамгершiлiк рухында тәрбиелеу;
      - жануарлар дүниесiн қорғау жөнiнде басқа шараларды жүргiзу және өзге талаптарды белгiлеу жолымен қамтамасыз етiледi.
       ЕСКЕРТУ. 19-бап 6-азатжолмен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381  заңымен .
       ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.01.23. N 151  Заңымен .

       20-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалануға тыйым салу
              және шек қою

      Жабайы жануарларды сақтау және өсiмiн молайту мақсатында облыстық атқарушы өкiмет органдары мен Қазақстан Республикасының Үкiметi жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың ұсынуы бойынша және ғылыми мекемелердiң ұсыныстары негiзiнде жануарлар дүниесiн пайдалануға белгiлi бiр аумақта және белгiлi бiр мерзiмге тыйым салуды немесе шек қоюды белгiлейдi.

       21-бап. Елдi мекендердi, кәсiпорындар мен басқа да
              объектiлердi орналастыру, салу және жобалау
              кезiнде жануарлардың мекендеу ортасын және
              көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдары мен
              шоғырланған жерiн қорғау жөнiндегi шаралар

      Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және салу, қазiргi бар технологиялық процестердi жетiлдiру және жаңаларын енгiзу кезiнде, тың жерлердi, батпақты, жағалаулық және бұталы аумақтарды шаруашылық аумағына қосқан кезде, жердi мелиорациялау, орман және су пайдалануды жүзеге асыру, геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзу, пайдалы қазбалар өндiру, ауыл шаруашылық жануарларын жаятын және айдайтын жерлердi белгiлеу, туристiк маршруттар жасау және халықтың жаппай демалатын орындарын ұйымдастыру кезiнде жануарлардың мекендеу ортасын және көбею жағдайларын сақтау жөнiндегi шаралар көзделуге әрi жүзеге асырылуға, сондай-ақ жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды учаскелерге ешкiмнiң тимеуi қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      Темiр жол, тас жол, құбыр жүргiзу және басқа тасымал тораптарын, электр және байланыс желiлерiн, арналарды, бөгеттердi және өзге де гидротехникалық құрылыстарды орналастыру, жобалау және салу кезiнде жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырланған жерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылуға тиiс. 

       22-бап. Сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген
              жануарлар түрлерiн қорғау мен ырықсыз және
              жартылай ырықсыз жағдайда өсiру

      Сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген жануарлар түрлерi Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына жазылады. 
      Сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген жануарлар түрлерiнiң қырылуына, санының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкiн әрекеттерге тыйым салынады. 
      Табиғи жағдайда ұдайы өсiру қиын немесе мүмкiн емес сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген жануарлар түрлерiн сақтау мақсатында жануарлар дүниесiн басқарудың мемлекеттiк органдары бұл жануарларды ырықсыз және жартылай ырықсыз жағдайда өсiрiп, кейiннен табиғи ортаға жiберу жөнiнде шаралар қолдауға мiндеттi. 
      Айрықша реттерде Қазақстан Республикасының Үкiметi жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы өкiлеттiк берiлген органдар мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң ұсынуы бойынша сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген жануарлар түрлерiн арнайы жасалған жағдайларда өсiрiп, кейiннен табиғи ортаға жiберуге, ғылыми және өзге де мақсаттар үшiн аулауға рұқсат бередi.

       23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарлар
              дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
       ЕСКЕРТУ. 23-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381  заңымен .

       24-бап. Өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру және көлiк
              құралдарын пайдалану кездерiнде жануарлардың
              қырылуын болдырмау

      Өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру және көлiк құралдарын пайдалану кезiнде жануарлардың қырылуын болдырмау жөнiнде шаралар қолданылуға тиiс.
      Жануарлардың қырылуын болдырмау жөнiнде белгiленген шаралар қабылданбайынша материалдарды және өндiрiс қалдықтарын сақтауға, қамыс оруға және құрғақ өсiмдiктi өртеуге, томарлардан тазартып, өзеннен ағаш ағызуға, уылдырық шашу кезiнде маңызы бар өзен арналарын жөндеуге тыйым салынады.

       25-бап. Өсiмдiк қорғау құралдарын, минералдық
              тыңайтқыштарды және басқа препараттарды
              қолдану кезiнде жануарларды қорғау

      Өсiмдiк қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және халық шаруашылығында пайдаланылатын басқа да препараттарды қолдану кезiнде жануарлар дүниесi мен жануарлардың мекендеу ортасын қорғау талаптары орындалуға тиiс. 
      Жануарлардың қырылуын және олардың мекендеу ортасының нашарлауын болырмау мақсатында кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар мен жекелеген адамдар аталған препараттарды тасымалдау, сақтау және қолдану ережелерiн сақтауға мiндеттi.
      Жаңа препараттарды жасаған кезде олардың айналадағы ортада шоғырлануының жол берiлер шегiнiң жануарларды және олардың мекендеу ортасын қорғауды қамтамасыз ететiндей нормативтерiн әзiрлеуге тиiс.
      Өсiмдiк қорғау құралдарын, материалдық тыңайтқыштар және халық шаруашылығында пайдаланылатын басқа да препараттарды қолдану ережелерi, сондай-ақ аталған препараттардың тiзбесi жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi мемлекеттiк органдармен келiсiлуге тиiс.

       26-бап. Жабайы жануарлар ауырған кезде, табиғи апат
              және басқа себептер салдарынан қырылу қатерi
              төнген ретте оларға көмек көрсету

      Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдары және барлық табиғатты пайдаланушылар жабайы жануарлар ауырған кезде, табиғи апат және басқа себептер салдарынан қырылу қатерi төнген ретте оларға көмек көрсетуге мiндеттi.

       27-бап. Жабайы жануарларды көшiру, жерсiндiру, қайта
              жерсiндiру және будандастыру, оларды әкелу
              және Қазақстан Республикасы шегiнен әкету

      Жабайы жануарларды жаңа мекендеу орнына көшiруге, фауна үшiн жануарлардың жаңа түрлерiн жерсiндiруге, жануарларды қайта жерсiндiру мен будандастыруға, оларды әкелуге және Қазақстан Республикасы шегiнен әкетуге тиiстi ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң қорытындылары ескерiле отырып жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға аранйы уәкiлдiк берiлген органдардың берген рұқсаты бойынша ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсатта жол берiледi. 

       28-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану жөнiндегi ғылыми зерттеулер

      Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға мүдделi ғылыми-зерттеу мекемелерiн қатыстыра отырып, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiнде ғылыми зерттеулер ұйымдастырылады. 
      Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдары, жануарлар дүниесiн пайдаланушылар ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану ғылыми-зерттеулер жүргiзiлуiне жәрдемдесуге мiндеттi.

       29-бап. Жануарлар дүниесiн қорғаудың және өсiмiн
              молайтудың өзге де шаралары

      Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту мақсатында табиғат пайдаланушылардың құқықтары, оларға Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi мiндеттер жүктеле отырып, шектелуi мүмкiн.

  VI бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ПАЙДАЛАНУ

       30-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану

      Жануарлар дүниесi кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, Қазақстан Республикасы азаматтарының және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдардың пайдаланылуына берiледi.

       31-бап. Жаруарлар дүниесiн пайдалану түрлерi

      Қазақстан Республикасы аумағында жануарлар дүниесiн пайдаланудың мынадай түрлерiне жол берiледi:
      - аң аулау;
      - судағы омыртқасыздар мен теңiз сүт қоректiлерiн аулауды қоса балық аулау;
      - аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану;
      - жануарлардың тiршiлiгiндегi пайдалы қасиеттер мен өнiмдердi пайдалану.
      Қазақстан Республикасы задарымен жануарлар дүниесiн пайдаланудың басқа да түрлерi көзделуi мүмкiн.
      Жануарлар дүниесiн биологиялық қару ретiнде пайдалануға тыйым салынады.

       32-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмдерi

      Жануарлар дүниесi тұрақты немесе уақытша пайдалануға берiледi.
      Жануарлар дүниесiн алдын ала белгiленбеген мерзiммен пайдалану тұрақты пайдалану деп танылады.
      Жануарлар дүниесiн тұрақты пайдалану мерзiмдерi тиiстi шарттармен белгiленедi.

       33-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалануды ресiмдеу тәртiбi

      Жалпы табиғатты пайдалану тәртiбiмен жануарлар дүниесiн пайдалануды жүзеге асыру қандай бiр рұқсатты талап етпейдi. 
      Табиғатты арнайы пайдалану тәртiбiмен жануарлар дүниесiн пайдалануды жүзеге асыру шарт пен тиiстi рұқсат негiзiнде жүргiзiледi. 
      Жануарлар дүниесiн пайдалану туралы шарт аңшылық шаруашылық жүргiзуге немесе балық және басқа су жануарларын кәсiпшiлiк аулауға құқық беру, аң аулайтын жерлердi немесе балық шаруашылығы суаттарын бекiтiп беру туралы шешiмдер қабылдағаннан кейiн пайдаланушы мен жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген орган арасында жасалады.
      Жануарлар дүниесiн пайдалану туралы шартта:
      - шаруашылық және өзге де қызметке жол беруге жағдай жасайтын экологиялық талаптар;
      жануарлар дүниесiн пайдалану үшiн төлемдер мөлшерлерi;
      - жануарлар дүниесiн қорғау шарттары;
      - жануарлар дүниесiн пайдаланушыға берiлетiн жеңiлдiктер;
      - шарт талаптары мен жағдайларын бұзғаны үшiн талаптардың жауаптылығы;
      - шарттың қолданылу мерзiмi;
      - Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн өзге де қажеттi талаптар көзделедi.
      Шарт негiзiнде жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар жануарлар дүниесiн пайдалануға тиiстi рұқсат бередi.
      Жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төленетiн ақының бюджетке толық енгiзiлгенiн растайтын құжат бар болған жағдайда ғана берiледi.
       Ескерту. 33-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .

       34-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың
              құқықтары мен мiндеттерi

      Жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың жануарлар дүниесiн пайдаланудың өздерiне рұқсат етiлген түрлерiн ғана жүзеге асыруға құқығы бар. 
      Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар пайдалану түрiне қарай: 
      - жануарлар дүниесiн пайдаланудың белгiленген ережелерiн, нормалары мен мерзiмдерiн сақтауға; 
      - жануарлардың мекендеу ортасының бұзылуына жол бермеуге; 
      - жануарлар дүниесiн халыққа және айналадағы табиғи ортаға қауiпсiз, табиғи үйiрлердiң тұтастығын бұзуға жол бермейтiн және пайдалануға берiлмеген жануарлардың сақталуын қамтамасыз ететiн әдiстер арқылы пайдалануға; 
      - пайдаланылатын жануарлардың бас саны мен жай-күйiне, сондай-ақ олардың мекендеу ортасының жай-күйiне есеп жүргiзуге; 
      - жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға бақылау жасауды жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдарға барынша көмек көрсетiп отыруға; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа талаптарды орындауға мiндеттi. 
      Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың жануарлар дүниесiн пайдаланушылар құқықтарын шектейтiн, заңға негiзделмеген тыйымдарының күшi болмайды және орындауға тиiс емес. Жануарлар дүниесiн пайдаланушының өз қызметiне заңсыз кедергi жасалуы салдарынан шеккен барлық шығыны сот тәртiбiмен өтелуге тиiс. 

       35-бап. Жануарлар дүниесi бойынша төлемдер

      Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн бюджетке енгiзiлуге тиiс ақы алынады. 
      Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төленетiн ақының ставкалары, бюджетке есептеу және төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi.
      Жануарларды табиғи ортадан айырмай және оларға зиян келтiрместен өздерiнiң эстетикалық және басқа да қажеттiлiктерiн қанағаттандыруы үшiн пайдалану ақысыз, жалпы табиғат пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 35-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .

       36-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған
              лимиттер мен квоталар

      Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған лимиттер мен квоталар жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi биологиялық негiздемеге сәйкес белгiленедi.

       37-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласындағы қызметтi ынталандыру
              жөнiндегi жеңiлдiктер

      Қазақстан Республикасында жануарлар дүниесiн ұтымды пайдалануды, өсiмiн молайтуды және қорғауды ынталандыру мақсатында мынадай жеңiлдiктер белгiленедi:
      - жануарлар дүниесiн ұтымды пайдалану, өсiмiн молайту және қорғау жөнiндегi шараларды iске асыру үшiн жеңiлдiктi шарттармен ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi несиелер берiледi;
      - негiзгi табиғат қорғау қорларының күн өтеу жарнасының (амортизациясының) және табиғат қорғау объектiлерiнiң жедел күн өтеу жарнасының жоғары нормалары белгiленедi.
       Ескерту. 37-баптың 2 бөлігі алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276  Заңымен .

       38-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын тоқтату
              негiздерi

      Жануарлар дүниесiн пайдалану құқығы:
      - пайдаланудан өз еркiмен бас тартқанда;
      - пайдалану мерзiмi өтiп кеткенде;
      - пайдаланушының қызметi тоқтатылғанда;
      - жануарлар дүниесiн басқа мақсатта пайдаланғанда немесе ережелердi, нормаларды және өзге де талаптарды ұдайы әрi өрескел бұзған кезде;
      - мемлекеттiк немесе қоғамдық қажеттер үшiн жануарлар дүниесiн пайдаланудан алып қойғанда тоқтатылуға тиiс.

  VII бөлiм. АҢ АУЛАУ

       39-бап. Аң аулау ұғымы мен түрлерi

      Табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн сүт қоректiлер (теңiз сүт қоректiлерiнен басқа) мен құстарды, бауырымен жорғалаушылармен қосмекендiлердi аулау аң аулау болып табылады. 
      Жабайы жануарларды шаруашылық жағынан пайдалы өнiм алу мақсатымен аулау - кәсiпшiлiк аң аулау, ал азаматтардың спорттық және эстетикалық қажеттерiн қанағаттандыру мақсатымен және ауланған өнiмдi жеке тұтынуы үшiн аулау - әуесқойлық және спорттық аулау болып есептеледi. 

       40-бап. Аң аулау құқығы

      Аңшылықтың жеңiл шарты бойынша сыннан өткен және мемлекеттiк бажды төлеген Қазақстан Республикасының барлық азаматтары және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдар Қазақстан Республикасында аң аулау құқығын пайдаланады. Аңшылық билет аң аулау құқығын беретiн куәлiк болып табылады және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi органдар бередi. 

       41-бап. Аң аулайтын жер және аңшылық шаруашылығын
              жүргiзу құқығы

      Аң аулау және аңшылық шаруашылығын жүргiзу үшiн пайдаланып жүрген немесе пайдаланылуы мүмкiн барлық жер, су және орман аң аулайтын жер болып табылады. Аң аулайтын жердi бекiтiп беру, пайдалану және қорғау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. 
      Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар аң аулауды экономикалық жағынан зерттеп, шаруашылықаралық аң аулауды ұйымдастыруға, ал жануарлар дүниесiн пайдаланушылар өздерiне бекiтiлiп берiлген аң аулайтын жерде - шаруашылық iшiнде аң аулауды ұйымдастырып, жабайы жануарларды қорғау және өсiмiн молайту жөнiнде шаралар өткiзуге мiндеттi. 
      Аңшылық шаруашылығын жүргiзу құқығы Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердiң заңды ұйымдарына, Қазақстан Республикасының азаматтарына және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да нақты адамдарға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен берiледi. 

       42-бап. Аңшылық шаруашылығын жүргiзу тәртiбi мен аң
              аулау ережелерi

      Аңшылық шаруашылығын жүргiзу тәртiбi мен аң аулау ережелерiн ғылыми мекемелер ақыл кеңестерiнiң және аң аулау шаруашылығы ұйымдары ұсыныстарының негiзiнде жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

  VIII бөлiм. БАЛЫҚ АУЛАУ ЖӘНЕ БАСҚА
СУ ЖАНУАРЛАРЫН АУЛАУ

       43-бап. Балық аулау және басқа су жануарларын аулау
              түрлерi

      Балық және басқа су жануарларын кәсiпшiлiк аулау шаруашылық жағынан пайдалы өнiм алу мақсатымен, ал спорттық және әуесқойлық балық аулау азаматтардың спорттық және эстетикалық қажеттерiн қанағаттандыру үшiн және аулаған өнiмдi жеке тұтынуы үшiн жүргiзiледi.

       44-бап. Балық және басқа су жануарларын кәсiпшiлiк
              аулау құқығы

      Балық және басқа су жануарларын кәсiпшiлiк аулау құқығы Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердiң заңды ұйымдарына, Қазақстан Республикасы азаматтарына және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да нақты адамдарға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен берiледi.

       45-бап. Спорттық және әуесқойлық балық аулау құқығы

      Қазақстан Республикасында спорттық және әуесқойлық балық аулау құқығын Қазақстан Республикасының барлық азаматтары және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да нақты адамдар пайдаланады.

       46-бап. Балық аулаудың және басқа су жануарларын
              аулаудың ережелерi

      Балық аулаудың және басқа су жануарларын аулаудың ережелерiн ғылыми мекемелердiң ақыл-кеңестерi мен балық шаруашылығы ұйымдарының ұсыныстары негiзiнде жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

       47-бап. Балық шаруашылығы суаттары

      Балық аулау үшiн пайдаланылып жүрген немесе пайдаланылуы мүмкiн не балық қорларының өсiмiн молайту үшiн маңызы бар барлық суаттары (iшкi теңiздер, өзендер, көлдер, тоғандар мен бөгеттер және олардың қосымша суы) балық шаруашылығы суаттары деп есептеледi. Балық шаруашылығы суаттарын бекiтiп беру, пайдалану және қорғау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

  IХ бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ПАЙДАЛАНУДЫҢ
ӨЗГЕ ТҮРЛЕРI

       48-бап. Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне
              жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсатында,
              сондай-ақ ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелiк
              және эстетикалық мақсаттарда пайдалану

      Жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсатында, сондай-ақ табиғи ортадан айырмай немесе айырып ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда пайдалануға рұқсат етiледi.
      Жануарларды табиғи ортадан айыру жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

       49-бап. Зоологиялық жүйелi жинақтарды (коллекцияларды)
              жасау, сақтау және мемлекеттiк есепке алу

      Зоологиялық жүйелi жинақтарды (жануарлардың тiрi экспонаттары, тұлыптары, препараттары мен мүшелерi) табиғи ортадан жануарларды айырып алу жолымен жасауға жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органның рұқсаты бойынша жол берiледi. 
      Ерекше ғылыми, мәдени-ағарту, оқу немесе эстетикалық жағынан құнды зоологиялық жүйелi жинақтар мемлекеттiк есепке алынуға тиiс. 
      Кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары және оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдар жануарлар дүниесi объектiлерiнiң жүйелi жинақтарын сақтаудың, есепке алудың және пайдаланудың жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар бекiтетiн ережелерiн сақтауға мiндеттi.

       50-бап. Жануарлар тiршiлiгiндегi пайдалы қасиеттердi
              және өнiмдердi пайдалану

      Жануарлар тiршiлiгiндегi пайдалы қасиеттердi және өнiмдердi табиғи ортадан жануарларды айырмай, олардың мекендеу ортасын бұзбай, ал жекелеген реттерде жануарларды табиғи ортадан айырып пайдалануға жол берiледi.
      Жануарлар тiршiлiгiндегi пайдалы қасиеттердi және өнiмдердi пайдалану ережесiн жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар белгiлейдi.

  Х бөлiм. ЖАНУАРЛАРДЫҢ БАС САНЫН РЕТТЕУ

       51-бап. Халық денсаулығын сақтау мақсатында жануарлардың
              бас санын реттеу

      Халық денсаулығын сақтау мақсатында жануарлардың бас санын реттеу тәртiбiн жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiмен келiсiм бойынша белгiлейдi.

       52-бап. Ауыл шаруашылық және басқа да үй жануарларын
              аурудан алдын ала қорғау мақсатында жабайы
              жануарлардың бас санын реттеу

      Ауыл шаруашылық және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау мақсатында жабайы жануарлардың бас санын реттеу тәртiбiн жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен келiсiм бойынша белгiлейдi. 

       53-бап. Халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол
              бермеу мақсатында жануарлардың бас санын реттеу

      Халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу мақсатында жануарлардың бас санын реттеу мүдделi кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың негiзделген өтiнiштерi негiзiнде жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың рұқсаты бойынша жүргiзiледi.

  ХI бөлiм. ЖАНУАРЛАРДЫ МЕМЛЕКЕТТIК ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ
ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIНIҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЖИЫНТЫҚ МӘЛIМЕТI
(КАДАСТРЫ)

       54-бап. Жануарларды мемлекеттiк есепке алу және
              жануарлар дүниесiн мемлекеттiк жиынтық
              мәлiметi (кадастры)

      Жануарлар дүниесiн қорғауды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшiн жануарлар мемлекеттiк есепке алынады және жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк жиынтық мәлiметi жүргiзiледi, мұнда жануарлардың географиялық таралуы, олардың жай-күйi мен бас саны туралы мәлiметтер жиынтығы, олардың мекендейтiн жерлерiнiң сипаттамасы, жануарлардың шаруашылыққа пайдаланылуы туралы және басқа деректер болады.

       55-бап. Жануарларды мемлекеттiк есепке алу және
              жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк жиынтық
              мәлiметiн жүргiзу тәртiбi

      Жануарларды мемлекеттiк есепке алу және жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк жиынтық мәлiметiн жүргiзу жануарлар дүниесiн мемлекеттiк басқаруға арнайы уәкiлдiк берiлген органдар бекiтетiн бiрыңғай әдiстемелер бойынша жүзеге асырылады.
      Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар жабайы жануарлардың таралуы, бас саны және пайдаланылуы туралы өздерiнде бар мәлiметтердi жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк жиынтық мәлiметiн жүргiзушi органдарға табыс етуге мiндеттi.

  ХII бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIНIҢ ҚОРҒАЛУЫН, ӨСIМIНIҢ
МОЛАЙТЫЛУЫН ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН БАҚЫЛАУ

       56-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
              және пайдалану саласындағы бақылаудың
              мақсаттары мен мiндеттерi

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы бақылаудың мiндетi жануарлар дүниесiнiң жай-күйi мен олардың шаруашылық және өзге де қызметтiң салдарынан өзгеруiн қадағалау, шаралардың орындалуын тексеру, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңдардың бұзылуын дер кезiнде тоқтату мен олардың талаптарын сақтау болып табылады.

       57-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласындағы бақылау органдары мен
              қызметтер

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы бақылау iсiн:
      - жергiлiктi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдары;
      - жануарлар дүниесiн басқарудың мемлекеттiк органдары жүйесiнде әрекет ететiн жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау жөнiндегi арнайы уәкiлдiк берiлген органдар; 
      - жануарлар дүниесiн пайдаланушылар болып табылатын министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар, кәсiпорындар мен ұйымдар жанындағы бақылау қызметтерi; 
      - жарғыларында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қызмет қарастырылған қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктер жанындағы бақылау қызметтерi жүзеге асырады. 

       58-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
              және пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау
              жөнiндегi арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың
              құқықтары

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау жөнiндегi арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың: 
      - Қазақстан Республикасы аумағында тұратын немесе мекендей тұратын азаматтардың, лауазымды және басқа адамдардың жануарлар дүниесiн пайдаланудағы белгiленген ережелер мен нормаларды, тыйымдар мен шектеулердi сақтауын талап етуге, тәртiп бұзушылықты тоқтату туралы орындалуға мiндеттi нұсқаулар беруге; 
      - жануарлар дүниесiн өз бетiмен пайдалануды тоқтатуға, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ережелердi, нормалар мен өзге де талаптарды бұзатын жұмыстарды тоқтата тұруға; 
      - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ережелердi, нормалар мен өзге де талаптарды бұзушыларды белгiленген тәртiппен жауаптылыққа тартуға немесе тәртiп бұзушылықтар туралы материалдарды тиiстi буындарға жiберуге құқығы бар. 
      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау жөнiндегi арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органның өз құзыретi шегiнде бекiтiлген ережелерi мен нұсқауларын барлық министрлiктер, ведомстволар, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар, меншiк түрiне қарамастан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтары мен оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын адамдар орындауға мiндеттi. 
      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау жөнiндегi арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк орган қызметкерлерiнiң арнаулы құралдар мен атыс қаруын сақтауға, алып жүруге және айрықша жағдайларда қолдануға құқығы бар. Осы құқық берiлген лауазымды адамдардың тiзбесiн, арнаулы құралдар мен атыс қаруын сақтау, алып жүру және қолдану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау жөнiндегi арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк орган қызметкерлерi мiндеттi түрде сақтандырылуға тиiс және өлген немесе жарақаттанған жағдайда зиянның белгiленген тәртiппен өтелуiне құқығы бар. 

       59-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласында ведомстволық, өндiрiстiк
              және қоғамдық бақылау iсiнiң құқықтары мен оны
              жүзеге асыру тәртiбi

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында ведомстволық, өндiрiстiк және қоғамдық бақылау iсiнiң құқықтары мен оны жүзеге асыру тәртiбi белгiленген тәртiппен бекiтiлген әрi қолданылып жүрген заңдарға қайшы келмейтiн ережелермен және жарғылармен белгiленедi.
      Ведомстволық, өндiрiстiк және қоғамдық бақылау қызметтерiнiң арнаулы құралдар мен атыс қаруын сақтау, алып жүру және қолдану құқығы берiлген лауазымды адамдарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. Ондай лауазымды адамдар мiндеттi түрде сақтандырылуға тиiс және өлген немесе жараланған жағдайда зиянның белгiленген тәртiппен өтелу шарттары қолданылады.

  ХIII бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРI
ЖӨНIНДЕГI ДАУЛАРДЫ ШЕШУ

       60-бап. Жануарлар дүниесін пайдалану жөніндегі дауларды
              шешудің тәртібі

      Жануарлар дүниесiн пайдалану жөнiндегi дауларды соттар мен төрелiк соттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қарайды.

  ХIV бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ, ӨСIМIН МОЛАЙТУ
ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ БҰЗҒАНДЫҒЫ ҮШIН
ЖАУАПТЫЛЫҚ

       61-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
              және пайдалану туралы заңдарды бұзғандығы
              үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының:
      - жануарлар дүниесiн тиiстi шартсыз және рұқсатсыз пайдалануға, аң аулау және аңшылық шаруашылығын жүргiзу құқығын, балық аулау мен басқа да су жануарларын кәсiпшiлiк аулау құқығын, аң аулайтын жер мен балық шаруашылығы суаттарын бекiтiп беру, пайдалану және қорғау тәртiбiн, аң аулау, балық аулау тәртiбiн ережелер және жануарлар дүниесiн пайдаланудың өзге де түрлерiн бұзуға; 
      - жануарлардың мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдары мен шоғырланған жерiн қорғау ережелерiн бұзуға; 
      - елдi мекендердi, кәсiпорындарды және басқа объектiлердi орналастыру, жобалау мен салу кезiнде, өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру және көлiк құралдарын пайдалану, өсiмдiк қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және басқа да препараттарды қолдану кезiнде жануарларды қорғау ережелерiн бұзуға; 
      - халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылық және басқа үй жануарларын аурудан қорғау, халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу мақсатында жануарлардың бас санын реттеу тәртiбiн бұзуға; 
      - сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген жануарлардың қырылуына, бас санының азаюына немесе мекендеу ортасының бұзылуына, жануарларды өз бетiмен көшiруге, жерсiндiруге, қайта жерсiндiруге және будандастыруға, жануарларды республикаға әкелуге және одан тысқары әкетуге, сондай-ақ жануарлардың жаппай қырылуына әкеп соққан iс-әрекетке; 
      - зоологиялық жүйелi жинақтарды жасау, сақтау, есепке алу және пайдалану ережелерiн бұзуға; 
      - жануарлар дүниесiнiң қорғалуын, өсiмiнiң молайтылуын және пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыратын адамдарға қасақана бағынбауға, сондай-ақ олардың өмiрi мен қадiр-қасиетiне қылмыстық қол сұғушылыққа кiнәлi лауазымды адамдары, азаматтары, оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа адамдар, 
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк, азаматтық, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапты болады. 
      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңдарды басқадай бұзушылық үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында жауаптылық белгiленуi мүмкiн. 

       62-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
              және пайдалану туралы заңдардың бұзылуынан
              келтiрiлген зиянды өтеу

      Кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары, оның аумағында тұратын немесе мекендей тұратын басқа да адамдар жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңдарды бұзылуынан келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленетiн мөлшерде және тәртiппен өтеуге мiндеттi. 
      Кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың зиянды өтеуiне байланысты шығынға ұшырауына кiнәлi лауазымды адамдар мен басқа да қызметкерлер белгiленген тәртiппен материалдық жауапты болады.

       63-бап. Заңсыз ауланған жануарлар мен олардан
              өндiрiлген өнiмдi алып қою тәртiбi

      Заңсыз ауланған жануарлар мен олардан өндiрiлген өнiм Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен алып қойылуға жатады.
      Заңсыз ауланған жануарлар мен олардан өндiрiлген өнiмдi алып қою мүмкiн болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленетiн бағалар бойынша олардың құны өндiрiлiп алынады.

  XV бөлiм. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ, ӨСIМIН МОЛАЙТУ
ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

       64-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттар осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiлеген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       65-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ұйымдардың қызметiне, халықаралық конференцияларды әзiрлеп, өткiзуге, халықаралық бағдарламалар жасап, оларды iске асыруға қатысады.

       66-бап. Шет мемлекеттердiң заңды ұйымдары мен
              азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың
              жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану жөнiндегi мiндеттерi

      Шет мемлекеттердiң заңды ұйымдары мен азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асырған кезде осы Заңның талаптарын сақтауға мiндеттi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады