Табыс пен капиталға қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Канада Үкiметiнiң арасындағы конвенцияны бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 24 ақпандағы N 74

      1996 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда қол қойылған Табыс пен капиталға қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуденжалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi менКанада Үкiметiнiң арасындағы конвенция бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Табыс пен капиталға қосарланған салық салуды жою
және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Канада
Үкiметiнiң арасындағы
Конвенция

(1998 жылғы 30 наурызда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Канада Үкiметi екiМемлекеттiң арасындағы экономикалық, ғылыми, техникалық және мәденибайланыстарды нығайту және дамыту құлшынысын басшылыққа ала отырыпжәне табыс пен капиталға қосарланған салық салуды жою және салықтөлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция жасауға ниет бiлдiреотырып
      мына мәселелер жайында уағдаласты:

1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар

      1. Осы Конвенция табыс пен капиталға салынатын салықтарды алу тәсiлдерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң атынан алынатын осы салықтарға қолданылады.
      2. Табыстың жалпы сомасынан, капиталдың жалпы сомасынан, немесе табыстың яки капиталдың элементтерiнен алынатын барлық салықтар, соның iшiнде жылжитын немесе жылжымайтын мүлiктi шеттетуден түсетiн табыстардан алынатын салықтар, сондай-ақ капитал құнының артуынан алынатын табысқа салынатын салықтар табыс пен капиталға салынатын салықтар болып есептеледi.
      3. Конвенция қолданылатын алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мынадай салықтар болып табылады:
      а) Қазақстан жағдайында:
      (i) заңды және жеке тұлғалардың табысына салынатын салық;
      (ii) заңды және жеке тұлғалардың мүлкiне салынатын салық;
      (бұдан әрi "Қазақстан салығы" аталатындар);
      б) Канада жағдайында:
      "Табыс салығы туралы" Заң бойынша Канада Үкiметi алатын салықтар;
      (бұдан әрi "Канада салығы" аталатындар).
      4. Конвенция сондай-ақ оған қол қойылған күннен кейiн қолданылып жүрген салықтарға қосымша немесе солардың орнына алынатын кез-келген бiрдей немесе iс жүзiнде соларға ұқсас салықтарға қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары өздерiнiң қолданылып жүрген салық заңдарына енгiзiлетiн кез-келген елеулi өзгерiстер жайында бiр-бiрiн хабардар етiп отырады.

3-бап
Жалпы айқындамалар

      1. Егер контексте басқадай мағына көзделмесе, осы Конвенцияның мақсаттары үшiн:
      а) мына терминдер:
      (i) "Қазақстан" - Қазақстан Республикасын бiлдiредi. Жағырапиялық мағынасында қолданғанда "Қазақстан" терминi халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан белгiлi бiр мақсаттар үшiн егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыра алатын және Қазақстанның салықтарын реттейтiн заңдар қолданылатын аумақтық суларды, сондай-ақ тек қана экономикалық аймақ пен континенталдық шельфтi қамтиды;
      (ii) "Канада" - жағырапиялық мағынасында қолданғанда Канада аумағын, соның iшiнде халықаралық құқыққа және Канада заңдарына сәйкес Канада теңiз түбi мен жер қойнауы және олардың табиғат ресурстары жөнiндегi құқықтарын жүзеге асыра алатын аймақ болып табылатын Канаданың аумақтық теңiзiнен тысқары жердегi кез-келген аймақты бiлдiредi;
      б) "тұлға" терминi жеке адамды, компанияны және тұлғалардың кез-келген басқа бiрлестiгiн қамтиды, Канада жағдайында термин сондай-ақ трасты қамтиды;
      в) "компания" терминi салық салу мақсаттары үшiн корпоративтiк құрылым ретiнде қарастырылатын кез-келген корпоративтiк құрылымды немесе кез-келген заңды тұлғаны бiлдiредi және, атап айтқанда, Қазақстан жағдайында пайда салығы салынатын акционерлiк қоғамды, жауапкершiлiгi шектеулi қоғамды немесе кез-келген басқа заңды тұлғаны не ұйымды қамтиды;
      г) "Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа Уағдаласушы Мемлекет" терминдерi контекске байланысты Қазақстанды және Канаданы бiлдiредi;
      д) "халықаралық тасымал" терминi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне байланысты сапардың негiзгi мақсаты басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң iшiндегi пункттер арасында жолаушылар немесе мүлiк тасымалдау болып табылатын жағдайлардан басқа кезде теңiз немесе әуе кемесiнiң жолаушылар немесе мүлiк тасымалдау жөнiндегi кез-келген сапарын (және де оны осы резидент пайдалана ма әлде қолдана ма, жоқ па - осыған қарамастан) қамтиды;
      е) "құзырлы орган" терминi:
      (i) Қазақстанда: Қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн;
      (ii) Канадада: Ұлттық табыстар министрiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн бiлдiредi;
      ж) "ұлттық тұлға" терминi:
      (i) Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығын алған кез-келген жеке адамды;
      (ii) өздерiнiң мәртебесiн Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданылып жүрген заңдарының негiзiнде алған кез-келген заңды тұлғаны, серiктестiктi немесе кез-келген басқа ассоциацияны бiлдiредi.
      2. Уағдаласушы Мемлекет белгiлi бiр уақытта Конвенцияны қолданғанда онда айқындалмаған кез-келген термин, егер контексте басқадай мағына көзделмесе, салықтарына осы Конвенция қолданылатын сол Мемлекеттiң заңдарына сәйкес нақ сол уақытта қандай мағынаға ие болса, дәл сондай мағынаға ие болады.

4-бап
Резидент

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi" терминi:
      а) осы Мемлекеттiң заңдары бойынша онда өзiнiң тұратын жерiне, резиденттiгiне, басқару орнына, құрылған орнына немесе осындай сипаттағы қандай да болсын басқа өлшемге байланысты салық салынатын кез-келген тұлғаны;
      б) осы Мемлекеттiң Үкiметiн немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесiн яки жергiлiктi өкiмет органын не болмаса осы Үкiметке, бөлiмшеге немесе өкiмет органына қарайтын кез-келген заңды тұлғаны бiлдiредi. Ол сондай-ақ зейнетақы қорын немесе қызметкерлерге төленетiн басқа да жәрдемақы қорын және осы Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған кез-келген қайырымдылық ұйымын қамтиды.
      Алайда бұл термин осы Мемлекеттегi көздерден алынатын табысқа ғана қатысты осы Мемлекетте салық салынуға тиiс кез-келген тұлғаны қамтымайды.
      2. 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болған жағдайда оның мәртебесi былай айқындалады:
      а) ол өзiнiң қарамағына жататын тұрақты баспанасы бар Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледi; егер оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де өзiнiң қарамағына жататын тұрақты баспанасы болса, ол неғұрлым тығыз жеке және экономикалық байланыстары бар (өмiрлiк мүдделер орталығы) Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледi;
      б) егер оның өмiрлiк мүдделер орталығы бар Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнде де өзiнiң қарамағына жататын тұрақты баспанасы болмаса, онда ол өзi әдетте тұрып жатқан Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледi;
      в) егер ол әдетте Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын болса немесе олардың бiреуiнде де тұрмаса, ол өзi азаматы болып табылатын Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледi;
      г) егер ол Мемлекеттердiң екеуiнiң де азаматы болса немесе бiреуiнiң де азаматы болмаса Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары мәселенi өзара келiсе отырып шешедi.
      3. Егер 1-тармақтың ережелерiне байланысты компания Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болып табылса, оның мәртебесi төменде көрсетiлгендей айқындалады:
      а) ол өзi ұлттық тұлғасы болып табылатын Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледi;
      б) егер ол Мемлекеттердiң бiреуiнiң де ұлттық тұлғасы болып табылмаса, ол өзiнiң нақты басқару орыны орналасқан Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледi.
      4. Егер 1-тармақтың ережелерiне байланысты жеке тұлғадан басқа бiреу немесе компания Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болып табылса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары мәселенi өзара келiсе отырып шешуге тырысады, бiрақ құзырлы органдар мұндай келiсiмге қол жеткiзе алмаса, тұлға осы Конвенцияның жеңiлдiктерiн алу мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнiң де резидентi болып есептелмейдi.

5-бап
Тұрақты мекеме

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "тұрақты мекеме" терминi Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң кәсiпкерлiк қызметi толық немесе iшiнара жүйеге асырылатын тұрақты қызмет орынын бiлдiредi.
      2. "Тұрақты мекеме" терминi, атап айтқанда, мыналарды қамтиды:
      а) басқару орыны;
      б) бөлiмше;
      в) офис;
      г) фабрика;
      д) шеберхана; және
      е) шахта, мұнай немесе газ скважинасы, кенiш немесе табиғи ресурстарды барлаумен немесе өндiрумен байланысты кез-келген басқа орын.
      3. "Тұрақты мекеме" терминi сондай-ақ мыналарды қамтиды:
      а) құрылыс алаңы немесе құрылыс, монтаждау немесе құрастыру объектiсi яки осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер, егер осындай алаң немесе жоба 12 айдан астам уақытқа созылса немесе мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе; және
      б) табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын қондырғы немесе құрылыс яки осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер, немесе табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын бұрғылау қондырғысы яки кеме, егер осылай пайдалану 3 айдан астам уақытқа созылса, яки мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе; және
      в) қызметтер көрсету, оның iшiнде осындай мақсаттар үшiн резидент жалдаған қызметшiлер немесе басқа да адамдар арқылы резиденттер көрсететiн консультациялық қызметтер, бiрақ (осындай немесе онымен байланысты жоба үшiн) мұндай сипаттағы қызмет ел iшiнде 12 айдан астам уақыт бойына көрсетiлуi қажет.
      4. Осы баптың осының алдындағы ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекет резидентiне байланысты "тұрақты мекеме" терминi мыналарды қамтымаған болып есептеледi:
      а) ғимараттарды резидентке тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана пайдалану;
      б) резидентке тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана сақтау;
      в) резидентке тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын тек басқа бiр тұлғаның ұқсату мақсаттары үшiн ғана сақтау;
      г) тұрақты қызмет орынын резидентке тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшiн немесе ақпарат жинау үшiн ғана ұстау;
      д) тұрақты қызмет орынын резидент дайындық немесе көмек сипатындағы кез-келген басқа бiр қызметтi жүзеге асыру мақсаттарында ғана ұстау;
      е) тұрақты қызмет орнының қызмет түрлерiнiң қандай да болсын амалын жүзеге асыру нәтижесiнде пайда болатын жиынтық қызметi дайындық немесе көмек сипатында болған жағдайда тұрақты қызмет орынын а) тармақшасынан д) тармақшасына дейiн көрсетiлген қызмет түрлерiнiң осындай амалын жүзеге асыру үшiн ғана ұстау.
      5. I және 2-тармақтардың ережелерiне қарамастан, егер 6-тармақ қолданылатын тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi атынан әрекет етсе және басқа Уағдаласушы Мемлекетте резиденттiң атынан келiсiм шарттар жасауға өкiлеттiгi болса және оны әдетте пайдаланып жүрсе, онда ол осы тұлға резидент үшiн жүзеге асыратын кез-келген қызмет жөнiнде осы басқа Мемлекетте тұрақты мекемесi бар резидент ретiнде қарастырылады, бiрақ осындай тұлғаның қызметi 4-тармақта көрсетiлген, тұрақты қызмет орыны арқылы жүзеге асырылған күннiң өзiнде осы тұрақты қызмет орынын осы тармақтың ережелерiне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмайтын қызметпен шектелетiн жағдай бұған қосылмайды.
      6. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi осы басқа Мемлекетте делдал, қатардағы комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез-келген басқа агент арқылы осы басқа Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғаны үшiн ғана, мұндай адамдар өздерiнiң әдеттегi қызметi шеңберiнде әрекет еткен жағдайда, осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi бар тұлға ретiнде қарастырылмайды.
      7. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе осы басқа Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын (яки тұрақты мекеме арқылы не болмаса басқадай жолмен) компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы фактiсiнiң өзi осы компаниялардың бiрiн екiншiсiнiң тұрақты мекемесiне айналдыра алмайды.

6-бап
Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алатын табысқа (соның iшiнде ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алатын табысқа) осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. "Жылжымайтын мүлiк" терминi қаралып отырған мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады. Термин кез-келген жағдайда жылжымайтын мүлiкке қатысты қосалқы мүлiктi, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайданылатын мал мен құрал-жабдықты, жер меншiгiне қатысты жалпы құқық ережелерi қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлiктiң узуфруктын және минералдық ресурстарды, кен көздерiн және басқа да табиғи қазбаларды игергенi немесе игеру құқығы үшiн өтемақы ретiнде төленетiн өзгермелi немесе тұрақты төлемдер құқығын қамтиды; теңiз және әуе кемелерi жылжымайтын мүлiк болып есептелмейдi.
      3. 1-тармақтың ережелерi жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе оны қандай да болсын басқа жолмен пайдаланудан алынған табыстарға және осы меншiктi шеттетуден алынған табыстарға қолданылады.
      4. 1 және 3-тармақтардың ережелерi сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн немесе тәуелсiз жеке қызметтер көрсету үшiн пайдаланылатын жылжымайтын мүлiктен алынатын табысқа қолданылады.

7-бап
Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсiпкерлiк қызметпен айналыспайтын болса ғана резиденттiң кәсiпкерлiк қызметтен тапқан пайдасына осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер резидент жоғарыда айтылғанындай кәсiпкерлiк қызметпен айналысып жүрсе немесе айналысқан болса, резиденттiң кәсiпкерлiк қызметтен тапқан пайдасына басқа Мемлекетте салық салынуы, бiрақ оның:
      а) осындай тұрақты мекемеге;
      б) осы басқа Мемлекетте осы тұрақты мекеме арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға сәйкес келетiн тауарлар мен бұйымдарды сатуға; немесе
      в) осы басқа Мемлекетте тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметке сәйкес келетiн басқа кәсiпкерлiк қызметке қатысты бөлiгiне ғана салық салынуы мүмкiн.
      2. 3-тармақтың ережелерiн ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметпен сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы айналысса немесе айналысқан болса, онда ол осындай немесе осыған ұқсас жағдайда нақ осындай немесе осыған ұқсас қызметпен айналысатын дербес және жеке тұлға болғанда және резидентпен немесе кез-келген басқа тұлғалармен арадағы өзiнiң қатынастарында мүлдем тәуелсiз түрде iс-әрекет жасағанда кәсiпкерлiк қызметтен алуы мүмкiн пайдасы әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттегi осы тұрақты мекемеге жатады.
      3. Тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк қызметтен алатын пайдасын айқындау кезiнде тұрақты мекеменiң мақсаттары үшiн жұмсалған шығындарды, соның iшiнде тұрақты мекеме орналасқан Мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалды ма, жоқ па - осыған қарамастан жұмсалған басқару шығындары мен жалпы әкiмшiлiк шығындарды шегерiп тастауға болады.
      Тұрақты мекемеге патенттердi немесе басқа құқықтарды пайдаланғаны үшiн роялти, қаламақылар немесе осыған ұқсас төлемдер түрiнде, көрсеткен нақты қызметтерi үшiн немесе менеджмент үшiн комиссиялық төлемдер түрiнде, немесе тұрақты мекемеге берiлген қарыз үшiн проценттер түрiнде компанияның бас офисiне немесе басқа офисiне төленген сомаларды (нақты шығындарды өтеуге арналған сомадан басқа) шегерiп тастауға рұқсат етiлмейдi.
      4. Бiр жақтың кәсiпкерлiк қызметтен тапқан пайдасы тұрақты мекеменiң сол жақ үшiн тауарлар немесе бұйымдар сатып алғаны үшiн ғана осы тұрақты мекемеге есептелмейдi.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң құзырлы органының қолында бар немесе ол оңай ала алатын ақпарат тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк қызметтен тапқан пайдасын яки шығындарын айқындау үшiн жеткiлiктi болмаса, пайда осы Мемлекеттiң салық заңдарына сәйкес есептелуi мүмкiн. Осы 5-тармақтың мақсаттары үшiн, егер салық төлеушi ақпаратты оны сұратқан құзырлы органға осындай ақпаратты құзырлы орган жазбаша сұратқан күннен бастап 91 күн iшiнде берсе, онда осындай ақпарат оңай алынған ақпарат болып қарастырылады.
      6. Егер кәсiпкерлiк қызметтен алынған пайда осы Конвенцияның басқа баптарында бөлек айтылған табыс түрлерiн қамтыса, онда бұл баптардың ережелерi осы баптың ережелерiн қозғамайды.
      7. Алдыңғы тармақтардың мақсаттары үшiн тұрақты мекемеге қатысты кәсiпкерлiк қызметтен алынған пайда, егер мұндай тәртiптi өзгерту үшiн жеткiлiктi және дәлелдi себептер болмаса, жылма-жыл бiрдей тәсiлмен айқындалады.

8-бап
Теңiз және әуе көлiгi

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалда теңiз немесе әуе кемелерiн пайдаланудан алған пайдаға осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. 1-тармақтың және 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) ережелерiне қарамастан, егер сапардың негiзгi мақсаты басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi пункттер аралығында жолаушылар немесе мүлiк тасымалдау болса, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi теңiз немесе әуе кемелерiнiң сапарынан алған пайдаға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. 1 және 2-тармақтардың ережелерi сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi пулға, бiрлескен кәсiпорынға немесе халықаралық пайдалану агенттiгiне қатысудан алған осы тармақтарда айтылған пайдаға да қолданылады.
      4. Осы бапта:
      а) "пайда" терминi жалпы түсiмдердi және халықаралық тасымалда теңiз және әуе кемесiн пайдаланудан тiкелей алынған табысты қамтиды;
      б) тұлғаның "халықаралық тасымалда теңiз немесе әуе кемесiн пайдалануы" терминi:
      (i) теңiз немесе әуе кемесiнiң чартерiн яки оларды жалдауды, және
      (ii) мұндай чартер немесе жалдау осы тұлғаның халықаралық тасымалда теңiз және әуе кемесiн пайдалануымен байланысты болған жағдайда осы тұлғаның контейнерлердi және соларға байланысты жабдықтарды жалдауын қамтиды.

9-бап
Ассоциацияланған тұлғалар

      1. Егер:
      а) Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң басқаруына, бақылауына немесе капиталына тiкелей яки жанама түрде қатысса, немесе
      б) бiр ғана тұлғалар Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң және басқа Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң басқаруына, бақылауына немесе капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса,
      және әрбiр жағдайда екi тұлғаның арасында олардың коммерциялық және қаржы қатынастарында екi тәуелсiз тұлғаның арасында орын алуы мүмкiн жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда осы жағдайлар болмаған кезде олардың бiрiне есептелуi мүмкiн, бiрақ осы шарттардың болмауы салдарынан оған есептелмеген кез-келген табыс осы тұлғаның табысына енгiзiлiп, оған тиiстi салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер Уағдаласушы Мемлекет басқа Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң осы басқа Мемлекетте салық салынатын пайдасын осы Мемлекет резидентiнiң пайдасына қосса және тиiсiнше салық салса және осылай қосылған пайда бiрiншi аталған тұлғаға есептелетiндей пайда болып табылса, егер екi тұлғаның арасында жасалған жағдайлар тәуелсiз тұлғалардың арасында орныққа жағдайлардай болса, онда осы басқа Мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиiстi түзетулер жасауы мүмкiн. Мұндай түзетудi айқындау кезiнде осы Конвенцияның басқа ережелерi қаралуы тиiс және Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары қажет болған жағдайда бiр-бiрiмен ақылдасып отырады.

10-бап
Дивидендтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерiне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда мұндай дивидендтерге сондай-ақ осы Мемлекеттiң заңдарына да сәйкес дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi дивидендтердiң нақты иесi болса, онда осылай алынатын салық:
      а) резидент емес жаққа тиесiлi Канаданың резидентi болып табылатын инвестициялық корпорация төлейтiн дивидендтерден басқа жағдайларда, егер алынатын дивидендтердiң нақты иесi дивидендтер төлейтiн компанияда дауыс беру құқығының кемiнде 10 процентiн тiкелей немесе жанама түрде бақылайтын компания болса, дивидендтердiң жалпы сомасының 5 процентiнен;
      б) қалған барлық жағдайларда дивидендтердiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспайтын болады.
      Бұл тармақтың дивидендтер төленiп отырған пайдасына қатысты компанияға салық салуға қатысы жоқ.
      3. "Дивидендтер" терминi осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынатын табысты, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлетiн компания резидентi болып табылатын Мемлекеттiң заңдарына сәйкес акциялардан алынатын табыс секiлдi дәл сондай салық реттеуiне жататын басқа да құқықтардан алынатын табысты бiлдiредi.
      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын дивидендтердiң нақты иесi дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып отырған басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсете және төленiп жүрген дивидендтерге қатысы бар холдинг шин мәнiнде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, онда 2-тармақтың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) ережелерi қолданылады.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания басқа Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы басқа Мемлекет, мұндай дивидендтер осы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг шын мәнiнде осы басқа Мемлекеттегi тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болатын жағдайды қоспағанда, компания төлейтiн дивидендтерге қандай да болсын салық сала алмайды, тiптi төленiп отырған дивидендтер немесе бөлiнбеген пайда тұтастай яки iшiнара осы басқа Мемлекетте пайда болған пайдадан немесе табыстан құралған күннiң өзiнде компанияның бөлiнбеген пайдасына бөлiнбеген пайдаға салынатын салықты сала алмайды.
      6. Осы Конвенцияда ешнәрсе Уағдаласушы Мемлекеттiң осы Мемлекеттiң ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның табыстарына есептелетiн салыққа қосымша ретiнде осы Мемлекеттiң тұрақты мекемесiне жататын компанияның табыстарына салық салуына кедергi келтiретiндей болып түсiндiрiлмеуге тиiс, мұндай жағдайда осылайша есептелген кез-келген қосымша салық осының алдындағы салық салынатын жылдары осындай қосымша салық салуға ұшырамаған осындай табыстар сомасының 5 процентiнен аспауы қажет. Осы тармақтың мақсаттары үшiн "табыстар" терминi пайданы, соның iшiнде сол жылы және осының алдындағы жылдары Уағдаласушы Мемлекеттегi тұрақты мекемеге қатысты табыстардың кез-келген өсiмiн бiлдiредi, бұл орайда пайдадан жоғарыда айтылған қосымша салықтан өзге осы Мемлекеттiң осындай пайдаға салатын барлық салықтары шегерiп тасталады.

11-бап
Проценттер

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн проценттерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда мұндай проценттерге сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi проценттердiң нақты иесi болса, онда осылайша алынатын салық проценттердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспайтын болады.
      3. 2-тармақтың ережелерiне қарамастан:
      а) Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және осы Мемлекет Үкiметiнiң немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесiнiң яки жергiлiктi өкiмет органының қарызына қатысты төленетiн проценттердiң нақты иесi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болған жағдайда осы проценттерге тек осы басқа Мемлекетте ғана салық салынады;
      б) Қазақстанда пайда болған және Канаданың резидентiне төленетiн проценттерге, егер олар Экспортты Дамыту Корпорациясы кемiнде 3 жыл кезеңге берген, кепiлдiк жасаған немесе сақтандырған займға, немесе кемiнде үш жыл мерзiмге берген, кепiлдiк жасаған немесе сақтандырған несиеге қатысты төленетiн болса, Канадада ғана салық салынады; және
      в) Канадада пайда болған және Қазақстанның резидентiне төленетiн проценттерге, егер олар Қазақстанның Экспорттық-Импорттық Банкi немесе осы Конвенцияға қол қойылған уақыттан кейiн құрылған және Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдарының арасында хат алмасу арқылы аталған және келiсiлген кез-келген басқа экспорттық несие ұйымы берген, кепiлдiк жасаған немесе сақтандырған займға, немесе солар берген, кепiлдiк жасаған немесе сақтандырған несиеге қатысты төленетiн болса, Қазақстанда ғана салық салынады.
      4. "Проценттер" терминi осы бапта пайдаланылған кезде кепiлмен қамтамасыз етiлген немесе қамтамасыз етiлмеген борыш талаптарының кез-келген түрiнен алынатын табысты және, атап айтқанда, үкiметтiң бағалы қағаздарынан алынатын табысты және облигациялардан немесе борыштық мiндеттемелерден алынатын табысты, соның iшiнде осы бағалы қағаздар, облигациялар немесе борыштық мiндеттемелер бойынша төленетiн сыйлықтар мен ұтыстарды бiлдiредi және олар осы табыс пайда болатын Мемлекеттiң заңдары бойынша берiлген ақшалай несиенiң займ ақшасынан алынған табыс сияқты дәл осындай салық салу режимiне жататын табыспен бiрдей. Алайда "проценттер" терминi 10-бапта (Дивидендтер) қарастырылған табысты қамтымайды.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын проценттердiң нақты иесi проценттер пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және өзiне қатысты проценттер төленетiн борыш талабы шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, 2-тармақтың ережелерi қолданылмайды. Мұндайда жағдайға қарай 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) ережелерi қолданылады.
      6. Егер төлеушi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болса, проценттер осы Мемлекетте пайда болған деп есептеледi. Алайда, егер проценттер төлейтiн тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па - осыған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте проценттер төленiп отырған тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы болса және осындай проценттердi осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлейтiн болса, онда мұндай проценттер тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болған деп есептеледi.
      7. Егер проценттер төлеушi мен олардың нақты иесi арасында немесе сол екеуi мен қандай да болсын басқа бiр тұлғаның арасында арнайы қатынастар болуына байланысты борыштық талапқа қатысты және соның негiзiнде төленетiн проценттердiң жалпы сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда проценттер төлеушi мен олардың нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомада асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Бұл жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiне осы Конвенцияның басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.
      8. Егер өзiне қатысты проценттер төленетiн борыш талаптарын жасаумен немесе тапсырумен байланысты кез-келген тұлғаның негiзгi мақсатты немесе негiзгi мақсаттарының бiрi осы борыш талаптарын жасау немесе тапсыру арқылы осы баптан пайда табу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.

12-бап
Роялти

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда мұндай роялтиге сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi роялтидiң нақты иесi болса, онда осылайша алынатын салық роялтидiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауға тиiс.
      3. "Роялти" терминi осы бапта пайдаланылғанда әдебиет, өнер шығармаларына немесе ғылыми шығармаларға, соның iшiнде компьютер бағдарламаларына, кинематографиялық фильмдерге және кинопленкада, көру таспасында немесе теледидарда пайдаланылатын басқа да көру құралдарында түсiрiлген шығармаларға, кез-келген патентке, сауда маркасына, дизаинға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға яки процеске берiлетiн кез-келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшiн немесе оны пайдалану құқығын бергенi үшiн яки өнеркәсiптiк, коммерциялық не ғылыми тәжiрибеге қатысты ақпарат (know-how) үшiн сыйақы ретiнде алынатын төлемдердiң кез-келген түрiн және өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн төлемдердi бiлдiредi.
      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын роялтидiң нақты иесi роялти пайда болған басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты базадан онда тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және роялти өздерiне қатысты төленетiн құқық немесе меншiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, 2-тармақтың ережелерi қолданылмайды. Мұндайда жағдайға қарай 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) ережелерi қолданылады.
      5. Егер төлеушi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болса, роялти осы Мемлекетте пайда болған деп есептеледi. Алайда, егер роялти төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па - осыған қарамастан оның Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы болса, соларға байланысты роялти төлеу мiндеттемесi туындаса және мұндай роялти осы тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болған деп есептеледi.
      6. Егер роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында немесе сол екеуi мен қандай да болсын басқа бiр тұлғаның арасында арнайы қатынастар болуына байланысты өзiне қатысты пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидың сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Бұл жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiне осы Конвенцияның басқа ережелерiн тиiсiнше ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.
      7. Егер өзiне қатысты роялти төленетiн құқықты жасауға немесе беруге байланысты кез-келген тұлғаның негiзгi мақсаты немесе негiзгi мақсаттарының бiрi осы құқықты жасау немесе беру арқылы осы баптан пайда табу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.

13-бап
Мүлiк құнының өсiмiнен алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан, 6-бапта (Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс) айтылған жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алған табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi:
      а) басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен тiкелей немесе жанама түрде құнын яки оның үлкен бөлiгiн алатын ресми танылған қор биржасында елеулi және тұрақты негiзде сатылатын акциялардан өзге акцияларды, немесе
      б) мүлкi негiзiнен басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен немесе жоғарыда а) тармақшасында көрсетiлген акциялардан тұратын әрiптестiктегi немесе трастағы үлестi шеттетуден алынған табыстарға осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн. Осы тармақтың мақсаттары үшiн "жылжымайтын мүлiк" терминi а) тармақшасында ескертiлген компанияның акцияларын, немесе
б) тармақшасында ескертiлген әрiптестiктегi немесе трастағы үлестi қамтиды, бiрақ жалға алынып, соның негiзiнде компанияның, әрiптестiктiң немесе трастың кәсiпкерлiк қызметi жүзеге асырылатын мүлiктен басқа қандай да болсын өзге мүлiктi қамтымайды.
      3. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi тұрақты мекемесiнiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiктi шеттетуден немесе Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекетте қарауында бар тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiктен тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн алынған табыстарға, соның iшiнде осындай тұрақты мекеменi (жекелей немесе бүкiл кәсiпорынмен қоса алғанда) яки осындай тұрақты базаны шеттетуден алынатын осындай табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңiз немесе әуе кемелерiн яки осындай әуе не теңiз кемелерiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiктi шеттетуден алған табыстарға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынуы мүмкiн.
      5. 1, 2, 3 және 4-тармақтарда ескертiлгеннен өзге кез-келген мүлiктi шеттетуден алынатын табыстарға мүлiктi шеттетушi тұлға резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      6. 5-тармақтың ережелерi басқа Уағдаласушы Мемлекетте резидент болып табылатын және мүлiктi шеттетудiң тiкелей алдындағы 6 жыл iшiнде кез-келген сәттен бiрiншi аталған Мемлекеттiң резидентi болған жеке тұлға кез-келген меншiктi шеттетуден алған өсiмге өз заңдары бойынша салық салу жөнiндегi Уағдаласушы Мемлекеттiң құқығын қозғамайды.

14-бап
Тәуелсiз жеке қызметтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын жеке тұлға тәуелсiз сипаттағы кәсiптiк немесе басқа қызметтерге қатысты алған табысқа, егер мұндай қызметтер басқа Уағдаласушы Мемлекетте көрсетiлмесе немесе көрсетiлмеген болса, осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады; және
      а) табыс жеке тұлға басқа Мемлекетте тұрақты негiзде ие болып отырған немесе ие болған тұрақты базаға қатысты болса; немесе
      б) осындай жеке тұлға осы басқа Мемлекетте кез-келген реттегi он екi айлық кезеңде жалпы ұзақтығы 183 күннен асатын кезең немесе кезеңдер бойы қатысса немесе қатысқан болса, тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      Мұндай жағдайда қызметтерге байланысты табысқа кәсiпкерлiк қызметтен алынған пайданың және тұрақты мекемеге байланысты кәсiпкерлiк қызметтен алынған пайданың сомасын айқындайтын 7-баптағыдай (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) принциптерге сәйкес осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. "Кәсiпкерлiк қызметтер" терминi, атап айтқанда, тәуелсiз ғылыми, әдеби, артистiк, бiлiм беру немесе оқытушылық қызметтердi, сондай-ақ дәрiгерлердiң, заңгерлердiң, инженерлердiң, сәулетшiлердiң, тiс дәрiгерлерiнiң және бухгалтерлердiң тәуелсiз қызметтерiн қамтиды.

15-бап
Тәуелдi жеке қызметтер

      1. 16-баптың (Директорлардың сыйақылары), 18-баптың (Зейнетақылар және басқа да төлемдер), 19-баптың (Мемлекеттiк қызмет) ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi жалдамалы жұмысқа байланысты алған ырзықақыға, жалақыға және басқа да осындай сыйақыларға, егер жалдамалы жұмыс басқа Уағдаласушы Мемлекетте орындалмайтын болса, тек осы Мемлекетте салық салынады. Егер жалдамалы жұмыс осылайша атқарылатын болса, сол жерден алынған осындай сыйақыға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер:
      а) сыйақы алушы кез-келген реттегi 12 айлық кезеңде жалпы ұзақтығы 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер бойы осы басқа Мемлекетте болса, және
      б) сыйақыны басқа Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын жалдаушы төленсе немесе ол жалдаушының атынан төленсе, және
      в) сыйақыны жалдаушының басқа Мемлекеттегi тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы төлемесе,
      1-тармақтың ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте атқарылған жалдамалы жұмысқа байланысты алған сыйақыға тек бiрiншi аталған Мемлекетте ғана салық салынады.
      3. Осы баптың осының алдындағы ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалда пайдаланатын теңiз немесе әуе кемесiнiң бортында атқарылатын жалдамалы жұмысқа қатысты алынған сыйақыға, егер сыйақыны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi алмаған болса, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

16-бап
Директорлардың сыйақылары

      Басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның директорлар кеңесiнiң немесе соған ұқсас органның мүшесi ретiнде Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi алған директорлардың сыйақыларына және басқа да осындай төлемдерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

17-бап
Артистер және спортшылар

      1. 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) және 15-баптың (Тәуелдi жеке қызметтер) ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi театр, кино, радио немесе теледидар артисi яки сазгер секiлдi өнер қызметкерi ретiнде немесе спортшы жеке қызметiнен алған табысқа осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер өнер қызметкерi немесе спортшы өзiнiң осы тұрпатында жүзеге асыратын жеке қызметiне қатысты табыс өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда осы табысқа 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда), 14-баптың (Тәуелдi жеке қызметтер) ережелерiне қарамастан өнер қызметкерiнiң немесе спортшының қызметi жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Егер өнер қызметкерi де немесе спортшы да, соларға қатысты тұлғалар да 2-тармақта айтылған тұлғаның пайдасына тiкелей немесе жанама түрде қатыспаса, онда бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.
      4. Басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi Уағдаласушы Мемлекетте басқа Мемлекеттiң пайда келтiрмейтiн ұйымының бiрiншi аталған Мемлекетке сапары шеңберiнде көрсеткен қызметтен алған табысқа, егер сапарды қоғамдық қорлар едәуiр дәрежеде қолдаған болса, 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды.

18-бап
Зейнетақылар және басқа да төлемдер

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болған және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн зейнетақылар мен аннуитеттерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болған және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн зейнетақылар мен аннуитеттерге сонымен бiрге олар пайда болған Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн. Алайда әлеуметтiк қорғау жөнiндегi жәрдемақылардан өзге мерзiмдi төленiп тұратын зейнетақылық төлемдер жағдайында осылай өндiрiп алынатын салық төлемнiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспауы тиiс.
      3. Осы Конвенцияның кез-келген ережелерiне қарамастан:
      а) Қазақстан Үкiметi немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшелерiнiң яки жергiлiктi өкiмет органдарының бiрi немесе Қазақстан Үкiметi не бөлiмшесi яки өкiмет органы үшiн жүзеге асырылатын қызметке қатысты олар құрған қорлардың бiрi төлейтiн кез-келген зейнетақыға тек Қазақстанда ғана салық салынады. Алайда осындай зейнетақыға, егер жеке тұлға Канаданың резидентi және азаматы болса, Канадада ғана салық салынады;
      б) Уағдаласушы Мемлекетте әлеуметтiк қорғау туралы Заң бойынша төленетiн жәрдемақыларға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады; және
      в) Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн алименттер мен басқа да осындай төлемдерге тек осы басқа Мемлекетте ғана салық салынады.

19-бап
Мемлекеттiк қызмет

      1. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы осы Мемлекетке немесе саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесiне не жергiлiктi өкiмет органына көрсетiлетiн қызметтерге қатысты кез-келген жеке тұлғаға төлейтiн зейнетақыдан өзге ырзықақыға, жалақыға және соларға ұқсас сыйақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      б) Алайда, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және жеке тұлға осы Мемлекеттiң резидентi бола отырып әрi:
      i) осы Мемлекеттiң азаматы болса; немесе
      ii) қызметтi жүзеге асыру мақсаты үшiн ғана осы Мемлекеттiң резидентi болудан қалса, ырзықақыға, жалақыға немесе соларға ұқсас сыйақыға тек басқа Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Уағдаласушы Мемлекет немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке байланысты қызметке қатысты сыйақыларға 1-тармақтың ережелерi қолданылмайды.

20-бап
Студенттер

      Уағдаласушы Мемлекетке келердiң нақ алдында басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе болған және бiрiншi аталған Мемлекетте тек қана оқу немесе бiлiм алу мақсатымен жүрген студент, кәсiптiк оқудан өтушi тұлға яки стажер алатын және тұруға, оқуға және бiлiм алуға арналған төлемдерге, мұндай төлемдер осы Мемлекеттен тыс жерлердегi көздерден пайда болған жағдайда, осы Мемлекетте салық салынбайды.

21-бап
Басқа табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң осы Конвенцияның бұдан бұрынғы баптарында қарастырылмаған табыс түрлерiне, олар қайда пайда болмасын, 2-баптың ережелерiн ескере отырып, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Алайда, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi мұндай табысты басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi көздерден алатын болса, онда мұндай табысқа сонымен бiрге ол пайда болған Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн.

22-бап
Капитал

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне тиесiлi және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан 6-бапта (Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс) аталған жылжымайтын мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiк немесе басқа Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң қарауындағы тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi халықаралық тасымалдарда пайдаланатын теңiз және әуе кемелерi және осындай теңiз және әуе кемелерiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Уағдаласушы Мемлекет резидентi капиталының барлық басқа элементтерiне тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Қазақстан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:
      а) Егер Қазақстанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Канадада салық салынуы мүмкiн табыс тапса немесе капиталға ие болса, Қазақстан:
      i) осы резиденттiң табысына салынатын салықтан Канадада төленген табыс салығына тең соманы шегерiп тастауға;
      ii) осы резиденттiң капиталына салынатын салықтан Канадада төленген капиталға салынған салыққа тең соманы шегерiп тастауға мүмкiндiк бередi;
      Бұл шегерулер кез-келген жағдайда Қазақстанда осындай табыс пен капиталға есептелуi мүмкiн салықтан аспауға тиiс;
      б) Егер Қазақстанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес тек Канадада ғана салық салынатын табыс тапса немесе капиталға ие болса, Қазақстан осы табысты немесе капиталды салық салу базасына, бiрақ Қазақстанда салық салынатын осындай басқа табысқа немесе капиталға салынатын салық ставкасын белгiлеу мақсаттары үшiн ғана енгiзе алады.
      2. Канада жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:
      а) Канадада төленетiн салықтан Канадада тыс аумақта төленген салықты шегерiп тастауға қатысты Канада заңдарының қолданылып жүрген ережелерiн және олардың жалпы принципiне қатысы жоқ осы ережелердiң бұдан былайғы кез-келген өзгерiстерiн ескере отырып - және де Канада заңдары неғұрлым iрi шегерудi немесе босатуды көздемесе ғана, - Қазақстанда туындаған пайдадан, табыстан немесе құн өсiмiнен Қазақстанда төленетiн салық осындай пайда, табыс немесе құн өсiмi жөнiнде төленетiн кез-келген канадалық салықтан шегерiп тасталады;
      б) шетелдiк филиалдан алынған табысқа салық салуға қатысты Канада заңдарының қолданылып жүрген ережелерiн және олардың жалпы принципiне қатысы жоқ осы ережелердiң бұдан кейiнгi кез-келген өзгерiстерiн ескере отырып, канадалық салықты есептеудiң мақсаттары үшiн Канаданың резидентi болып табылатын компанияға ол Қазақстанның резидентi болып табылатын шетелдiк филиалдың салық салынбайтын пайдасынан алған оның кез-келген дивидендтерiнiң салық салынатын табысын есептеу кезiнде шегерiм берiледi;
      в) егер Конвенцияның кез-келген ережесiне сәйкес Канаданың резидентi алған табыс немесе капитал Канадада салықтан босатылған болса, соған қарамастан Канада осындай резиденттiң қалған табысына немесе капиталына салынатын салық сомасын есептеу кезiнде босатылған табысты немесе капиталды есепке ала алады.
      3. Осы баптың мақсаттары үшiн осы Конвенцияға сәйкес басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынған Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң пайдасы, табысы немесе құн өсiмi осы басқа Мемлекеттегi көздерден пайда болған деп есептеледi.

24-бап
Кемсiтпеу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы басқа Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемеге басқа Уағдаласушы мемлекетте ұшырамайтын болады.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие тұрақты мекемеге салық салу осындай қызметпен айналысатын осы басқа Мемлекеттiң резиденттерiне салық салуға қарағанда осы басқа Мемлекетте одан қолайсыздау болмауға тиiс.
      3. Осы баптың мазмұнында ешнәрсе де Уағдаласушы Мемлекеттi азаматтық мәртебесiне немесе отбасылық мiндеттемелерiне байланысты оның өз резиденттерiне берiлетiн осындай жеке салық жеңiлдiктерiн, салықтан босатуларды немесе кемiтулердi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерiне беруге мiндеттейтiндей болып пайымдалмайды.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылатын, капиталы басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резиденттерiне толық немесе iшiнара қарайтын немесе олар тiкелей не жанама түрде бақылайтын компаниялар бiрiншi аталған Мемлекеттiң резиденттерi болып табылатын, капиталы үшiншi бiр Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резиденттерiне толық немесе iшiнара қарайтын немесе олар тiкелей не жанама түрде бақылайтын басқа осындай компаниялар ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты болатын кез-келген салық салуға немесе соған байланысты кез-келген мiндеттемелерге бiрiншi аталған Мемлекетте ұшырамауға тиiс.

25-бап
Өзара келiсiп алу рәсiмi

      1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар етiп отыр немесе душар етедi деп есептесе, ол осы Мемлекеттердiң iшкi заңдарында көзделген қорғану құралдарына қарамастан өзiнiң iсiн осындай салық салуды қайта қарау талабын негiздейтiн жазбаша өтiнiшпен өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органдарының қарауына бере алады. Өтiнiш Конвенцияның ережелерiне сәйкес емес салық салуға душар еткен iс-әрекеттер туралы алғашқы хабар тиген сәттен екi жыл iшiнде берiлген болса, ол қабылда алынады.
      2. Құзырлы орган, егер ол талапты орынды деп есептесе және өзi қанағаттандырарлық шешiмге келе алмаса, Конвенцияға сәйкес келмейтiн салық салуды болдырмау мақсатында мәселенi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органымен өзара келiсе отырып шешуге ұмтылады.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары Конвенцияны пайымдау немесе қолдану кезiнде туындайтын кез-келген қиындықтарды немесе күдiктердi өзара келiсе отырып шешуге ұмтылады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары Конвенцияда ескерiлмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою үшiн бiр-бiрiмен ақылдаса алады және Конвенцияны қолдану мақсатында бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасай алады.
      5. Егер осы Конвенцияны пайымдауға немесе қолдануға байланысты туындайтын кез-келген қиындықтарды немесе күдiктердi құзырлы органдар осы баптың мұның алдындағы тармақтарына сәйкес шеше алмаса, құзырлы органдардың екеуi де және салық төлеушi келiсiм берген жағдайда, егер салық төлеушi төрелiк соттың шешiмiн мiндеттi деп тануға жазбаша келiсiм берсе, мәселе төрелiк соттың қарауына берiлуi мүмкiн. Төрелiк соттың нақты мәселе бойынша шешiмi осы мәселе жөнiнде екi Мемлекет үшiн де мiндеттi болып табылады. Мемлекеттер мұндай мәселелердi қараудың рәсiмiн дипломатиялық арналармен ноталар алмасу арқылы белгiлейдi. Осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн үш жыл уақыт өткен соң құзырлы органдар дипломатиялық ноталар алмасудың дұрыс-бұрыстығын айқындау үшiн бiр-бiрiмен ақылдасады. Осы тармақтың ережелерi Мемлекеттер дипломатиялық ноталар алмасу арқылы келiсiмге келген соң күшiне енедi.

26-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары осы Конвенцияның ережелерiн және салық салу осы Конвенцияның ережелерiне қайшы келмейтiндей дәрежеде ол қолданылатын салықтарға қатысты Уағдаласушы Мемлекеттердiң iшкi заңдарын орындау үшiн қажеттi ақпарат алысып тұрады. Ақпарат алысу 1-баппен (Конвенция қолданылатын тұлғалар) шектелiп қалмайды. Уағдаласушы Мемлекет алатын кез-келген ақпарат осы Мемлекеттiң iшкi заңдарының шеңберiнде алынған ақпарат секiлдi құпия ақпарат болып есептеледi және осы Конвенция қолданылатын салықтарға баға берумен немесе оларды жинаумен, күштеп өндiрiп алумен, сондай-ақ сотпен қудалаумен және осы салықтарға байланысты шағымдарды қараумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға ғана (соның iшiнде соттар мен әкiмшiлiк органдарға) хабарланады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осындай мақсаттар үшiн ғана пайдаланады. Олар бұл ақпаратты ашық сот мәжiлiсi барысында немесе сот шешiмдерiн қабылдаған кезде хабарлай алады.
      2. 1-баптың ережелерi ешбiр жағдайда Уағдаласушы Мемлекеттерге:
      а) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына және әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларын қолдану;
      б) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары немесе үйреншiктi әкiмшiлiк практикасы бойынша алуға болмайтын ақпарат беру;
      в) қандай да болмасын сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсiптiк құпияны не сауда процесiн ашуы мүмкiн ақпарат немесе ашылуы мемлекеттiк практикаға (қоғамдық практикаға) қайшы келуi мүмкiн ақпарат беру мiндеттемесiн жүктейтiндей мағынада пайымдауға тиiс.
      3. Егер ақпаратты Уағдаласушы Мемлекет осы бапқа сәйкес сұратып отырса, басқа Уағдаласушы Мемлекет сұрау салынған ақпаратты сұрау салу оның өзiнiң салық салуына қатысты болып отырғандай дәрежеде алуға ұмтылуға тиiс және мұндай ақпарат дәл сол сәтте оның өзiне қажет емес екенiне назар аудармауы тиiс. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органының өтiнiшiнде мұндай ақпараттың берiлуге тиiстi нысаны нақты көрсетiлсе, онда басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органы осы бапқа орай ақпаратты осы Мемлекеттiң өзiнiң салықтарына қатысты заңдары мен әкiмшiлiк практикасына сәйкес куәгерлiк айғақтар және құжаттардың (соның iшiнде бухгалтерлiк кiтаптардың, құжаттардың, есептердiң, жазбалардың, шоттардың және жазбахаттардың) түзетiлмеген түпнұсқаларының көшiрмелерi секiлдi талап етiлген нысанда беруге ұмтылады.

27-бап
Дипломатиялық агенттер және консул қызметкерлерi

      Осы Конвенцияда ешнәрсе де дипломатиялық агенттердiң немесе консул қызметкерлерiнiң халықаралық құқықтың жалпы нормалары берген немесе арнаулы келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес берiлген салық артықшылықтарын қозғамайды.

28-бап
Басқа ережелер

      1. Осы Конвенцияның ережелерi Уағдаласушы Мемлекетте алынатын салық сомасын анықтау кезiнде осы Мемлекеттiң заңдары рұқсат ететiн кез-келген босатудың, рұқсат етудiң, есептеудiң немесе басқа да шегерiп тастаулардың қандайда да болсын жағдайында шектеу ретiнде пайымдалмауға тиiс.
      2. Конвенцияда ешнәрсе де Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң үлесi бар серiктестiкке, трастыға немесе компанияға қатысты осы тұлғаның табысына қосылатын сомаға салық салу жөнiнде осы Уағдаласушы Мемлекетке кедергi болатын тосқауыл ретiнде пайымдалмайды.
      3. Егер компанияның, трастының немесе серiктестiктiң табысынан немесе капиталынан алынатын салықтың сомасы осы Мемлекетте есептелуi мүмкiн сомадан әлдеқайда аз болса, егер компанияның акционерлiк капиталының барлық акциялары немесе трастыдағы не серiктестiктегi барлық үлестерi осы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылатын бiр немесе одан көп жеке тұлғалардың нақты иелiгiнде болса, Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын және осы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылмайтын бiр немесе бірнеше тұлғаға нақты тиесілі яки олар тікелей немесе жанама түрде бақылайтын қандай да болмасын компанияға, трастыға немесе серiктестiкке қолданылмайды.

29-бап
Күшiне енуi

      1. Осы Конвенция әрбiр Уағдаласушы Мемлекетте бекiтiлуге тиiс және бекiту грамоталарын алмасу мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде... болады.
      2. Осы Конвенция бекiту грамоталарын алмасқан күнi күшiне енедi және оның ережелерi:
      (i) 1996 жылғы 1 қаңтардан бастап немесе одан кейiн төленетiн немесе есептелетiн сомалар үшiн табыс көзiнен алынатын салықтарға қатысты; және
      (ii) 1996 жылғы 1 қаңтардан немесе одан кейiн басталатын салық салу кезеңi үшiн басқа салықтарға қатысты қолданылады.

30-бап
Қолданылу күшiн тоқтату

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi оның күшiн тоқтатпайынша күшiнде қала бередi. Әрбiр Уағдаласушы Мемлекет Конвенция күшiне енгеннен кейiн бес жыл өткеннен кейiнгi кез-келген күнтiзбелiк жылдың аяқталуынан кемiнде 6 ай бұрын қолданылу күшiн тоқтату туралы нота жолдап, дипломатиялық арналар бойынша Конвенцияның қолданылу күшiн тоқтата алады. Бұл жағдайда Конвенция:
      а) алты айлық кезең аяқталғаннан кейiн келетiн жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап немесе одан кейiн төленетiн немесе есептелетiн сомалар үшiн табыс көзiнен алынатын салықтарға қатысты; және
      б) алты айлық кезең аяқталғаннан кейiн келетiн жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап немесе одан кейiн басталатын салық салу кезеңдерi үшiн басқа салықтарға қатысты қолданылу күшiн тоқтатады.
      Осыны куәландыру ретінде тиiстi Үкiметтер тиiстi дәрежеде өкiлеттiк берген төменде қол қоюшы өкiлдер осы Конвенцияға қол қойды.
      Алматы қаласында 1996 жылғы қыркүйек айының 25 күнi қазақ, орыс, ағылшын және француз тiлдерiнде жасалды, және де барлық текстердiң де күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасы               Канада Үкiметi
         Үкiметi үшiн                         үшiн

Хаттама

      Бүгiн табыс пен капиталға қосарланған салық салуды жою және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Канада Үкiметi арасындағы Конвенцияға қол қоя отырып төменде қол қоюшылар осы Конвенцияның ажырамас бөлiгiн құрайтын мына ережелер жайында келiсiп алды:
      1. 12-бапқа байланысты
      Егер Қазақстан Конвенцияға қол қою сәтiнде Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымына мүше болып табылатын басқа мемлекетпен жасасқан шартта 2-тармақта көрсетiлген роялти ставкасынан неғұрлым төмен ставкаға келiсiм берсе, екi Уағдаласушы Мемлекет:
      а) кез-келген әдеби, драмалық, музыкалық немесе көркем шығарманы қоюға немесе қайта көрсетуге қатысты авторлық құқықтар үшiн төленетiн роялти және басқа да ұқсас төлемдер (бiрақ кинофильмдерге қатысты роялти және кинопленкадағы немесе бейне көру таспасындағы яки басқа да жазба құралдарындағы шығармаларды теледидар хабарлары үшiн пайдалану мақсатында олар жөнiнде төленетiн роялти бұған қосылмайды); немесе
      б) компьютерлердi бағдарламамен қамтамасыз етудi пайдалану немесе пайдалану құқығы үшiн төленетiн роялти; немесе
      в) егер роялти төлеушi мен оның нақты иесi 9-баптың (Ассоциацияланған тұлғалар) а) немесе б) тармақшаларының мағынасындағы тұлғалармен байланысты болмаса, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми тәжiрибеге қатысты кез-келген патенттi немесе кез-келген ақпаратты (бiрақ жалдауға немесе франшизм шартына байланысты берiлген кез-келген осындай ақпарат бұған қосылмайды) пайдалану немесе пайдалану құқығы үшiн төленетiн роялти жөнiнде 2-тармақта көрсетiлген ставкадан осы неғұрлым төмен ставканы қолданатын болады.
      2. 22-бапқа байланысты
      22-баптың (Капитал) мақсаттары үшiн "капитал" терминi жылжитын және жылжымайтын мүлiктi бiлдiредi және қолма-қол ақша қаражатын, акцияларды немесе мүлiктiк құқықтарды растайтын басқа да құжаттарды, вексельдердi, облигацияларды яки басқа да қарыз мiндеттемелерiн, сондай-ақ патенттердi, тауар белгiлерiн, авторлық құқықтарды немесе соған ұқсас басқа құқықты не мүлiктi қамтиды (бiрақ олармен шектелiп қалмайды).
      3. 28-бапқа байланысты
      Уағдаласушы Мемлекеттер, егер Қазақстан Республикасы Қызметтер Саудасы жөнiндегi Бас Келiсiмге қосылса және ол оған қосылған кезде және де осы Келiсiмнiң ХХII бабының 3-тармағына қарамастан, осы Конвенцияның кез-келген ережесiнiң объектiсi болып табылатын салыққа қатысты шара осы Конвенцияның құзырына жататын-жатпайтынына байланысты олардың арасындағы қандай да болсын дау, жоғарыда айтылған 3-тармақта көзделгенiндей, екi Уағдаласушы Мемлекеттiң келiсiм беруiмен ғана Қызметтер Саудасы жөнiндегi Кеңестiң қарауына ұсынылуы мүмкiн екенiне келiстi.
      Осыны куәландыру ретінде тиiстi Үкiметтер тиiстi дәрежеде өкiлеттiк берген төменде қол қоюшы өкiлдер осы Хаттамаға қол қойды.
      Алматы қаласында 1996 жылғы қыркүйек айының 25 күнi қазақ, орыс, ағылшын және француз тiлдерiнде жасалды, және де барлық текстердiң де күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасы                Канада Үкiметi
          Үкiметi үшiн                          үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады