Мемлекеттердiң Айдағы және басқа да аспан денелерiндегi қызметi туралы келiсiмге Қазақстан Республикасының қосылуы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 15 мамыр N 105

 


     1979 жылғы 18 желтоқсанда Нью-Йоркте қол қойылған Мемлекеттердiң

Айдағы және басқа да аспан денелерiндегi қызметi туралы келiсiмге

Қазақстан Республикасы қосылсын.


     Қазақстан Республикасының

          Президентi


                Мемлекеттердiң Айдағы және басқа да аспан

                  денелерiндегi қызметi туралы Келiсiм


                   Осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер,



 
       мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн зерттеудегi және пайдаланудағы қол жеткiзген табыстарын атап өте отырып,
 
      Жердiң табиғи серiгi болып табылатын Ай ғарышты зерттеуде маңызды рол атқаратындығын мойындай отырып,
 
      мемлекеттердiң арасындағы Айды және басқа да аспан денелерiн зерттеудегi және пайдаланудағы ынтымақтастықты одан әрi дамытуға теңдiк негiзiнде жәрдемдесуге толық бел байлай отырып,
 
      Айды халықаралық қақтығыстар ауданына айналдыруға жол бермеудi тiлей отырып,
 
      Айдың және басқа да аспан денелерiнiң табиғи ресурстарының игеруден алынуы мүмкiн пайдаларды ескере отырып,
 
      мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шартты, ғарыш кеңiстiгiне жiберiлген ғарышкерлердi құтқару, ғарышкерлердiң қайтып оралуы және объектiлердiң қайтып оралуы туралы келiсiмдi, ғарыш объектiлерiне келтiрiлген залал үшiн халықаралық жауапкершiлiк туралы Конвенцияны және ғарыш кеңiстiгiне

 

ұшырылатын объектiлердi тiркеу туралы конвенцияны еске ала отырып,


     ғарыш кеңiстiгiн зерттеудiң және пайдаланудың бұдан арғы

процесiн ескере отырып, осы халықаралық құжаттарды Айға және басқа да

аспан денелерiне қатысты нақтылаудың және дамытудың қажеттiгiн

назарға ала отырып,


     мына төмендегiлер туралы келiстi:


                        1-бап



 
       1. Айға қатысты осы Келiсiмнiң ережелерi осы аспан денелерiнiң кез келгенiне қатысты нақты құқықтық нормалар күшiне енген жағдайларды қоспағанда, Жерден басқа күн жүйесiндегi басқа да аспан денелерiне де қолданылады.
      2. Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн Айға сiлтемелер Айдың төңiрегiндегi орбиталарды немесе Айға немесе оның төңiрегiне ұшудың басқа да траекторияларын қамтиды.
      3. Осы Келiсiм табиғи жолмен Жер бетiне келiп жеткен жердiкiнен тыс материалдарға қолданылмайды.
 
                         2-бап
 
      Айды зерттеудi және пайдалануды қоса алғанда, ондағы барлық қызмет Бас Ассамблея 1970 жылғы 24 қазанда қабылдаған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және өзара түсiнiстiкке сәйкес мемлекеттердiң арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық принциптерi туралы Декларацияны ескере отырып халықаралық құқыққа, атап айтқанда, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес және барлық басқа қатысушы мемлекеттердiң тиiстi мүдделерiн тиiсiнше ескере отырып жүзеге асырылады.
 
                         3-бап
 
      1. Айды барлық қатысушы мемлекеттер тiкелей бейбiт мақсаттарға ғана пайдаланады.
      2. Айда күш қолданып қорқытуға немесе күш қолдануға немесе кез келген басқа да дұшпандық iс-әрекетке немесе дұшпандық iс-әрекет жасаумен қорқытуға тыйым салынады. Айды Жерге, Айға, ғарыш кемелерiне, ғарыш кемелерiнiң адамдарына немесе жасанды ғарыштық объектiлерге осындай iс-әрекеттер жасау немесе кез келген осындай қорқытулар қолдану үшiн пайдалануға да тыйым салынады.
      3. Қатысушы мемлекеттер ай төңiрегiндегi орбитаға немесе Айға немесе оның төңiрегiне ұшудың басқа да траекториясына ядролық қару немесе халықты жаппай қырып-жоятын қарудың басқа да түрлерi бар объектiлер шығармауға, сондай-ақ мұндай қаруларды Айдың бетiне немесе оның қойнауларына орналастырмауға және пайдаланбауға мiндеттенедi.
      4. Айда әскери базалар, құрылыстар мен бекiнiстер салуға, қарудың кез келген үлгiсiн сынауға және әскери маневрлер өткiзуге тыйым салынады. Әскери адамдарды ғылыми зерттеулер немесе қандай да болмасын өзге де бейбiт мақсаттар үшiн пайдалануға тыйым салынады. Сонымен бiрге Айды бейбiт мақсатта зерттеу немесе пайдалану үшiн қажеттi кез келген жабдықты немесе құралды пайдалануға тыйым салынбайды.
 
                         4-бап
 
      1. Айды зерттеу және пайдалану бүкiл адамзаттың қол жеткiзген жетiстiгi болып табылады және олардың экономикалық немесе ғылыми даму дәрежесiне қарамастан барлық елдердiң игiлiгiне және мүддесiнде жүзеге асырылады. Бұл ретте қазiргi және келешек ұрпақтардың мүдделерiне, сондай-ақ өмiр сүру деңгейiн арттыруға және экономикалық және әлеуметтiк прогрестiң және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес дамудың шарттарын жақсартуға ықпал етудiң қажеттiлiгiне лайықты назар аударылады.
      2. Қатысушы мемлекеттер Айды зерттеуге және пайдалануға байланысты өздерiнiң барлық қызметiнде ынтымақтастық пен өзара көмек принципiн басшылыққа алады. Халықаралық ынтымақтастық осы Келiсiмге сәйкес мүмкiндiгiнше неғұрлым кең болуы тиiс және көпжақты негiзде, екiжақты негiзде немесе халықаралық үкiметаралық ұйымдар арқылы жүзеге асырыла алады.
 
                         5-бап
 
      1. Қатысушы мемлекеттер барынша мүмкiн болатын және iс жүзiнде жүзеге асырылатын дәрежеде Айды зерттеуге және пайдалануға байланысты өздерiнiң қызметi туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын, сондай-ақ жұртшылықты және халықаралық ғылыми қоғамдастықты хабардар етедi. Әрбiр экспедицияға қатысты ол Айға ұшырылғаннан кейiн мүмкiндiгiнше тезiрек оның уақыты, мақсаты, ұшырылған жерi, орбиталардың параметрлерi және ұшу мерзiмiнiң ұзақтығы туралы мәлiмет хабарланады, ал ғылыми нәтижелердi қоса алғанда, әрбiр экспедицияның ғарышқа болуының нәтижелерi туралы ақпарат ол аяқталғаннан кейiн берiледi. Егер экспедиция алпыс күннен астам жалғасатын жағдайда кез келген ғылыми нәтижелердi қоса алғанда, осы экспедицияның барысы туралы ақпарат әрбiр отыз күннен кейiн мерзiмдi түрде берiлiп тұрады. Алты айдан астам жалғасатын экспедицияға қатысты соңынан мұндай ақпаратқа тек айтарлықтай маңызды толықтырулар ғана хабарлануы керек,
      2. Егер қатысушы мемлекетке басқа қатысушы мемлекеттiң бiр мезгiлде Айдың төңiрегiндегi сол ауданда немесе сол орбитада, Айға немесе оның төңiрегiне ұшу траекториясында қызмет жүргiзудi жоспарлап отырғаны белгiлi болса, ол өзiнiң қызмет жүргiзу уақыты мен жоспары туралы келесi мемлекеттi жедел хабардар етедi.
      3. Осы Келiсiмге сәйкес қызметтi жүзеге асыру кезiнде қатысушы мемлекет Айды қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiндегi олар анықтаған адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қатер төндiруi мүмкiн кез келген құбылыстар туралы, сондай-ақ органикалық тiршiлiктiң кез келген түрiнiң белгiлерi туралы Бас хатшыны, сондай-ақ жұртшылықты және халықаралық ғылыми қоғамдастықты хабардар етедi.
 
                         6-бап
 
      1. Айға барлық қатысушы мемлекеттер қандайда бiр болмасын кемсiтушiлiксiз теңдiк негiзде және халықаралық құқыққа сәйкес жүргiзетiн ғылыми зерттеулердiң еркiндiгi жарияланады.
      2. Осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес ғылыми зерттеулер жүргiзу кезiнде қатысушы мемлекеттердiң минералдық және басқа да заттардың үлгiлерiн жинауға және оларды айдан әкетуге құқығы бар. Мұндай үлгiлер оларды жинауды қамтамасыз еткен қатысушы мемлекеттердiң иелiгiнде қалады және оны олар ғылыми мақсаттар үшiн пайдалана алады. Қатысушы мемлекеттер ғылыми зерттеулер жүргiзу үшiн мұндай үлгiлердiң бөлiктерiн басқа мүдделi қатысушы мемлекеттердiң және халықаралық ғылыми қоғамдастықтың иелiгiне берудiң дұрыстығын назарға алады. Қатысушы мемлекеттер ғылыми зерттеулер жүргiзу кезiнде өз экспедицияларының тiршiлiк әрекетiн қолдау үшiн осы мақсатқа қажеттi мөлшерде Айдың минералдық және басқа да заттарын пайдалана алады.
      3. Қатысушы мемлекеттер Айға экспедициялар мен ондағы ғимараттардың арасында барынша мүмкiн болатын және iс жүзiнде жүзеге асырылатын дәрежеде ғылыми және басқа қызметкерлер алмасу жүргiзу дұрыс деп таниды.
 
                         7-бап
 
      1. Қатысушы мемлекеттер Айды зерттеудi және пайдалануды жүзеге асыра отырып бұл ортаға қолайсыз өзгерiстер енгiзудiң салдарынан оның ортасының қалыптасқан тепе-теңдiгiнiң бұзылуын, осы орта үшiн бөтен заттар әкелудiң салдарынан немесе қандай да болмасын өзге жолмен оның зиян әкелетiн ластануын болдырмау үшiн шара қолданады. Қатысушы мемлекеттер жердiкiнен тыс зат келудiң салдарынан немесе қандай да болмасын өзге жолмен Жердiң қоршаған ортасын қолайсыз өзгертуден қашу үшiн де шаралар қолданады.
      2. Қатысушы мемлекеттер осы Баптың 1-тармағына сәйкес олар қабылдаған шаралар туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын хабардар етедi, сондай-ақ барынша мүмкiн болатын дәрежеде олар айға радиоактивтi материалдар орналастырған барлық жағдайлар туралы және мұндай орналастырудың мақсаты туралы оны күнi бұрын хабардар етедi.
      3. Қатысушы мемлекеттер Бiрiккен Ұлттар Ұйымының құзыреттi органдарымен консультация өткiзе отырып, өздерiне қатысты арнаулы қорғау шаралары келiсiп алынуға тиiс. Айдың ерекше ғылыми ықылас туғызатын аудандарын халықаралық ғылыми қорықтар деп жариялау туралы мәселенi басқа қатысушы мемлекеттердiң құқығына нұқсан келтiрмейтiндей етiп қарау үшiн осы аудандар жайында өзге қатысушы мемлекеттерге және Бас хатшыға хабарлама жолдайды.
 
                         8-бап
 
      1. Қатысушы мемлекеттер осы Келiсiмнiң ережелерiн сақтау шартымен Айды оның бетi мен қойнауларындағы кез келген жерде зерттеу және пайдалану жөнiндегi өз қызметтерiн жүзеге асыра алады.
      2. Қатысушы мемлекеттер осы мақсатта, атап айтқанда:
      а) өздерiнiң ғарыштық объектiлерiн айға қондыруды және оларды Айдан ұшыруды жүзеге асыра;
      б) Айдың бетiндегi немесе оның қойнауындағы кез келген жерге өз қызметкерлерiн, ғарыштық аппараттарын, жабдықтарын, қондырғыларын, станциялары мен ғимараттарын орналастыра алады.
      Қызметкерлер, ғарыштық аппараттар, жабдықтар, қондырғылар, станциялар және ғимараттар айдың бетiнде немесе оның қойнауларында еркiн қозғала алады немесе қозғалынады.
      3. Қатысушы мемлекеттердiң қызметi осы Баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес Айда басқа қатысушы мемлекеттер жүзеге асыратын қызметтер үшiн кедергi жасамауы тиiс. Мұндай кедергiлер туындаған жағдайда мүдделi қатысушы мемлекеттер осы Келiсiмнiң 15-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес консультация өткiзедi.
 
                         9-бап
 
      1. Қатысушы мемлекеттер Айда адамдар тұратын және тұрмайтын станциялар құра алады. Станция құрған қатысушы мемлекет осы станцияның қажетiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi алаңды ғана пайдаланады және ол станцияның орналасқан жерi мен мақсаты туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жедел хабарлайды. Одан әрi әр жылы осы мемлекет осы станцияны пайдалану жалғасуды ма және оның мақсаты өзгердi ме сол туралы Бас хатшыға хабарлайды.
      2. Станциялар айдың барлық аудандарына осы Келiсiмнiң немесе Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шарттың 1-бабының ережелерiне сәйкес Айда қызметтi жүзеге асырудың басқа қатысушы мемлекеттiң қызметкерлерiнiң, аппараттарының және жабдықтарының еркiн баруына кедергi жасамайтындай болып орналасады.
 
                         10-бап
 
      1. Қатысушы мемлекеттер Айда жүрген адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау үшiн барлық мүмкiн болатын шараларды қабылдайды. Осы мақсатта олар Айдағы кез келген адамға Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шарттың V бабының тұрғысында ғарышкер ретiнде, Ғарышкерлердi құтқару, ғарыш кеңiстiгiне ұшырылған ғарышкерлердiң қайтып оралуы және объектiлердiң қайтып оралуы туралы Келiсiмнiң тұрғысында ғарыш кемесi экипажының мүшесi ретiнде қарайтын болады.
      2. Қатысушы мемлекеттер Айдағы апатқа ұшыраған адамдарға өз станцияларында, ғимараттарында, аппараттарында және басқа да қондырғыларында қорғану құқығын ұсынады.
 
                         11-бап
 
      1. Ай мен оның табиғи ресурстары осы Келiсiмнiң ережелерiнде, атап айтқанда, осы Баптың 5-тармағында өзiнiң көрiнiсiн табатын адамзаттың ортақ мұрасы болып табылады.
      2. Ай оған егемендiк жариялау жолымен де, пайдалану немесе басқыншылық жолымен де, кез келген басқа да құралдармен де ұлттық иеленуге жатпайды.
      3. Айдың бетi немесе қойнауы, сондай-ақ оның бетiндегi немесе қойнауындағы учаскелер немесе олардың орналасқан жерлерiндегi табиғи ресурстары қандайда да болмасын мемлекеттiң, халықаралық, үкiметаралық немесе үкiметтiк емес ұйымның, ұлттық ұйымның немесе мемлекеттiк емес мекеменiң немесе кез келген жеке адамның меншiгi бола алмайды. Айдың бетiне немесе оның қойнауларына оның бетiмен немесе қойнауымен тығыз байланысты конструкцияларды қоса алғанда, қызметкерлердi, ғарыш аппараттарын, жабдықтарды, қондырғыларды, станцияларды және ғимараттарды орналастыру Айдың бетiне немесе қойнауына немесе олардың учаскелерiне меншiк құқығын құрмайды. Жоғарыда мазмұндалған жағдай осы Баптың 5-тармағында айтылған халықаралық режимге залал келтiрмейдi.
      4. Қатысушы мемлекеттердiң қандай да болмасын кемсiтушiлiксiз, теңдiк негiзде және халықаралық құқық пен осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес Айды зерттеуге және пайдалануға құқы бар.
      5. Қатысушы мемлекеттер осымен мұндай пайдалану таяу уақытта мүмкiн болатыны шындыққа айналғанда айдың табиғи ресурстарын пайдалануды реттеу үшiн тиiстi рәсiмдердi қоса алғанда, халықаралық режим орнықтыруға мiндеттенедi. Бұл ережелер осы Келiсiмнiң 18-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Осы Баптың 5-тармағында айтылған халықаралық режимдi орнықтыруға жәрдемдесу мақсатында қатысушы мемлекеттер барынша мүмкiн болатын және iс жүзiнде жүзеге асырылатын дәрежеде олар Айда ұшырата алатын кез келген табиғи ресурстар туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына, сондай-ақ жұртшылық пен халықаралық ғылыми қоғамдастыққа хабарлайды.
      7. Орнықтырылуы тиiс халықаралық режимнiң негiзгi мақсаты:
      а) Айдың табиғи ресурстарын тәртiпке келтiрiлген және қауiпсiз игерудi;
      b) осы ресурстарды тиiмдi реттеудi;
      с) осы ресурстарды пайдалану iсiнде мүмкiндiктердi кеңейтудi;
      және
      d) барлық қатысушы мемлекеттердiң арасында дамушы елдердiң мүдделерi мен қажеттiлiктерiн, сондай-ақ айды зерттеуге тiкелей немесе жанама өз үлестерiн қосқан елдердiң күш-жiгерiн айрықша ескере отырып осы ресурстардан алынатын игiлiктердi әдiл бөлудi қамтиды.
      8. Айдың табиғи ресурстарына қатысты барлық қызмет осы Баптың 7-тармағында көрсетiлген мақсатқа және осы Келiсiмнiң 6-бабының 2-тармағының ережелерiне сәйкес келетiндей тұрғыда жүзеге асырылады.
 
                         12-бап
 
      1. Қатысушы мемлекеттер Айдағы өзiнiң қызметкерлерiне, ғарыштық аппараттарына, жабдықтарына, қондырғыларына, станцияларына және ғимараттарына иелiгi мен бақылау жасауын сақтайды. Ғарыштық аппараттарға, жабдықтарға, қондырғыларға, станцияларға және ғимараттарға меншiк құқығы олар Айда болған уақытта қозғаусыз қалады.
      2. Олардың орналасуы белгiленгеннен тысқары жерлерде ұшыратылған аппараттарға, ғимараттарға және жабдықтарға немесе олардың құрамдас бөлiктерiне Ғарышкерлердi құтқару, ғарыш кеңiстiгiне ұшырылған ғарышкерлердiң қайтып оралуы және объектiлердiң қайтып оралуы туралы келiсiмнiң 5-бабының ережелерi қолданылады.
      3. Адамның өмiрiне қатер төнуiне байланысты төтенше жағдайларда қатысушы мемлекеттер басқа қатысушы мемлекеттердiң Айдағы жабдықтарын, аппараттарын, ғимараттарын, қондырғыларын немесе қорларын пайдалана алады. Мұндай пайдалану туралы хабарлама кешiктiрiлместен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына немесе мүдделi қатысушы мемлекетке жолданады.
 
                         13-бап
 
      Айда олар ұшырмаған ғарыштық объектiнiң авариялық, мәжбүрлiкпен немесе өзге де ойластырылмаған қонуы болғанын немесе мұндай объектiлердiң құрамдас бөлiктерiнiң құлауын байқаған қатысушы мемлекет ол туралы ұшыруды жүзеге асырған қатысушы мемлекетке және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына кешiктiрмей хабарлайды.
 
                         14-бап
 
      1. Осы Шартқа қатысушы мемлекеттер оны үкiметтiк орган немесе үкiметтiк емес заңды тұлға жүзеге асыруына қарамастан айдағы ұлттық қызмет үшiн және ұлттық қызметтiң осы Келiсiмде қамтылған ережелерге сәйкес жүргiзiлуiн қамтамасыз ету үшiн халықаралық жауапкершiлiкте болады. Қатысушы мемлекеттер олардың қарауындағы үкiметтiк емес заңды тұлғалардың айдағы қызметтi тиiстi қатысушы мемлекеттiң бақылауымен және үнемi байқауымен ғана жүзеге асыруын қамтамасыз етедi.
      2. Қатысушы мемлекеттер Айдағы қызметтiң жандануының нәтижесiнде Айда келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiк туралы егжей-тегжей келiсiмдерге, Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шарттың ережелерiне және Ғарыштық объектiлерге келтiрiлген залал үшiн халықаралық жауапкершiлiк туралы конвенцияға толықтыруларға деген қажеттiлiк туындауы мүмкiн екендiгiн мойындайды. Кез келген мұндай Келiсiм осы келiсiмнiң 18-бабында көзделген ресiмге сәйкес жасалады.
 
                         15-бап
 
      1. Әрбiр қатысушы мемлекет басқа қатысушы мемлекеттердiң Айды зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметi осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес жүргiзiлетiндiгiне көз жеткiзе алады. Осы мақсатта Айдағы барлық ғарыштық аппараттар, жабдықтар, қондырғылар, станциялар және ғимараттар басқа қатысушы мемлекеттер үшiн ашық. Бұл қатысушы мемлекеттер тиiстi консультациялар өткiзуге және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және болуға жататын қондырғыдағы қалыпты операциялар үшiн кедергiнi болдырмау үшiн барынша сақтану шараларын қабылдауға мүмкiндiк беру үшiн жоспарланған бару туралы орынды күнi бұрынғы мерзiмдерде хабарлайды. Осы Бапқа сәйкес кез келген қатысушы мемлекет дербес немесе кез келген басқа қатысушы - мемлекеттiң толықтай немесе iшiнара көмегiмен немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының шеңберiнде және Жарғысына сәйкес тиiстi халықаралық рәсiмдер арқылы әрекет ете алады.
      2. Басқа қатысушы мемлекет оған осы Келiсiммен жүктелген мiндеттемелердi орындамайды немесе басқа қатысушы мемлекет алғашқы мемлекет осы Келiсiмге сәйкес пайдаланатын құқықты бұзады деп ойлауға негiзi бар қатысушы мемлекет осы қатысушы мемлекетпен консультация өткiзудi сұрай алады. Осындай сұраныс жасалған қатысушы мемлекет мұндай консультацияға кiдiрiссiз қатысады. Мұндай консультацияларға оны талап еткен кез келген басқа қатысушы мемлекеттiң қатысуға құқы бар. Мұндай консультацияларға қатысушы әрбiр қатысушы мемлекет кез келген дауды өзара тиiмдi реттеуге ұмтылады және барлық қатысушы мемлекеттердiң құқықтары мен мүдделерiн ескередi. Мұндай консультациялардың нәтижелерi туралы алынған ақпаратты барлық мүдделi қатысушы мемлекеттерге ұсынатын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдайды.
      3. Егер консультациялар барлық қатысушы мемлекеттердiң құқықтары мен мүдделерiн тиiсiнше ескере отырып өзара тиiмдi реттеуге әкелмесе, мүдделi тараптар даудың жәй-күйi мен сипатына сәйкес өз қалаулары бойынша дауды басқа да бейбiт құралдармен реттеу үшiн барлық шараларды қабылдайды. Егер консультацияның басталуына байланысты қиындықтар туындаса немесе консультациялар өзара тиiмдi реттеуге келуге мүмкiндiк бермесе, кез келген қатысушы мемлекет дауды реттеу мақсатында даудағы келесi жақтың келiсiмiн алмастан жәрдем көрсетуге Бас хатшыға жүгiне алады. Келесi мүдделi қатысушы мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас ұстамайтын қатысушы мемлекет мұндай консультацияларға өзiнiң қалауы бойынша не тiкелей не басқа қатысушы мемлекет немесе делдал ретiнде араласатын Бас хатшы арқылы қатысады.
 
                         16-бап
 
      Осы Келiсiмде, 17-21-баптарды қоспағанда, мемлекетке сiлтемелер егер осы ұйым өзiне осы Келiсiмде көзделген құқықтар мен мiндеттердi қабылдайтындығын мәлiмдесе және егер осы ұйымның мүше Мемлекеттерiнiң көпшiлiгi осы Келiсiмге және Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шартқа қатысушы мемлекеттер болып табылатын болса ғарыштық қызметтi жүзеге асыратын кез келген халықаралық үкiметаралық ұйымға қатысты ретiнде қаралады. Осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер болып табылатын, кез келген осындай ұйымның мүше мемлекеттерi осы ұйым осы Баптың ережелерiне сәйкес мәлiмдеме жасауын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды.
 
                         17-бап
 
      Келiсiмге қатысушы - кез келген мемлекет осы Келiсiмге түзету ұсына алады. Түзетулер оларды Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң көпшілiгi қабылдағаннан кейiн Келiсiмге қатысушы әрбiр мемлекет үшiн, ал соңынан Келiсiмге қатысушы әрбiр қалған мемлекет үшiн олар осы түзетулердi қабылдаған күнi күшiне енедi.
 
                         18-бап
 
      Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн он жыл өткен соң Келiсiмдi алдағы уақытта қолдануға орай ол қайта қарауды талап ететiндiгiн талқылау үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алдын ала күн тәртiбiне осы Келiсiмнiң қолданылуын қарау туралы мәселе енгiзедi. Алайда осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiнгi бес жылдан кейiнгi кез келген уақытта Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы депозитарий ретiнде Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үштен бiрiнiң талап етуi және қатысушы мемлекеттердiң көпшiлiгiнiң келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң қолданылуын қарау үшiн қатысушы мемлекеттердiң конференциясын шақырады. Келiсiмнiң қолданылуын қарау жөнiндегi конференция осы Баптың 1-тармағында көрсетiлген принциптiң негiзiнде және, атап айтқанда, кез келген тиiстi техникалық жетiстiктердi ескере отырып 11-баптың 5-тармағының ережелерiн жүзеге асыру туралы мәселенi де талқылайды.
 
                         19-бап
 
      1. Осы Келiсiм барлық мемлекеттер оған қол қоюы үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегi Орталық мекемелерiнде ашық болады.
      2. Осы Келiсiм оған қол қойған мемлекеттердiң бекiтуiне жатады. Осы Баптың 3-тармағына сәйкес ол күшiне енгенге дейiн осы бапқа қол қоймаған кез келген мемлекет оған кез келген уақытта қосыла алады. Бекiту грамоталары мен қосылуы туралы құжаттар Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
      3. Осы Келiсiм бесiншi бекiту грамотасы сақтауға тапсырылғаннан кейiнгi отызыншы күнi күшiне енедi.
      4. Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн өзiнiң бекiтiлген грамотасын немесе қосылуы туралы құжатты сақтауға тапсырған әрбiр мемлекет үшiн ол мұндай құжатты сақтауға тапсырғаннан кейiнгi отызыншы күнi күшiне енедi.
      5. Бас хатшы осы Келiсiмге қол қойған немесе қосылған барлық мемлекетке әр қол қоюдың күнi, әрбiр бекiтiлген грамотаның немесе қосылуы туралы құжаттың сақтауға тапсырылған күнi туралы, осы Келiсiмнiң күшiне енген күнi туралы, сондай-ақ басқа да құлақтандырулар туралы хабарлайды.
 
                         20-бап
 
      Осы Келiсiмге қатысушы кез келген мемлекет Келiсiм күшiне енгеннен кейiн бiр жыл өткен соң жазбаша хабарлау жолымен өзiнiң одан шығатындығы туралы хабарлай алады. Мұндай шығу осы хабар алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң күшiне енедi.
 
                         21-бап
 
      Орысша, ағылшынша, арабша, испанша, қытайша және французша мәтiндерi бiрдей болып табылатын осы Келiсiм оның расталған көшiрмелерiн осы Келiсiмге қол қойған және оған қосылған барлық мемлекеттерге қайта жiберетiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылатын болады.
 
      Оған өзiнiң тиiстi үкiметтерi тиiстi түрде уәкiлеттiк берген төменде қол қоюшылар ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРЫП 1979 жылы 18 желтоқсанда Нью-Йоркте қол қою үшiн ашылған осы Келiсiмге қол қойды.
 

                                        Ұлттық Аэроғарыш Агенттiгi



                                        Бас директорының орынбасары




Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады