Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 3 шiлде N 146-1

      1996 жылғы 18 қазанда Мәскеуде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей
Федерациясы Үкіметтерінің арасындағы табыс пен
капиталға қосарланған салық салуды жою және салық
төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы
Конвенция

(1997 жылғы 29 шідеде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі екі Мемлекеттің арасындағы экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени байланыстарды нығайту және дамыту ұмтылысын басшылыққа ала отырып және табыс пен капиталға қосарланған салық салуды жою және салық төлеуден жалтаруға жол бермеуге ниет білдіре отырып,
      мынаған келісті:

1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар

      Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің де резиденті болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар

      1. Осы Конвенция алу әдістеріне қарамастан Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімдері яки жергілікті өкімет органдары алатын табыс пен капиталға салынатын салықтарға қолданылады.
      2. Жылжитын және жылжымайтын мүлікті шеттетуден алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсіпорындар төлейтін жалақы мен еңбек ақының жалпы мөлшерінен алынатын салықтарды, сондай-ақ капитал өсімінің табысынан алынатын салықтарды қосқанда табыстың немесе капиталдың жалпы сомасынан яки табыстың немесе капиталдың жеке элементтерінен алынатын барлық салықтар табыстан және капиталдан алынатын салықтар ретінде қаралады.
      3. Осы Конвенция қолданылатын қазір салынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
      а) Қазақстан Республикасында:
      (І) заңды және жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы;
      (ІІ) заңды және жеке тұлғалардың мүлігінен салынатын салық;
      (бұдан әрі "Қазақстан салығы" деп аталады);
      б) Ресей Федерациясында:
      (І) кәсіпорындар мен ұйымдардың пайдасына (табысына) салынатын салық;
      (ІІ) жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы;
      (ІІІ) кәсіпорындардың мүлкіне салынатын салық;
      (IV) жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық;
      (бұдан әрі "Ресей салығы" деп аталады).
      4. Сондай-ақ осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттер осы Конвенцияға қол қойған күннен бастап қолданылып жүрген салықтарға немесе солардың орнына қосымша алынатын бірдей немесе іс жүзінде ұқсас кез-келген салықтарға қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзырлы органдары өздерінің салық Заңдарына енгізілетін кез-келген елеулі өзгерістер жайында бір-бірін хабардар етіп отыратын болады.

3-бап
Жалпы айқындамалар

      1. Егер контекстен басқадай мағына тумайтын болса осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
      а) мына терминдер:
      (І) "Қазақстан" дегеніміз Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада пайдаланылған кезде оның аумағын, сондай-ақ онда Қазақстан Республикасының салық заңдары қолданылатын қызмет түрі жүзеге асырылатын, халықаралық құқыққа сәйкес белгіленетін аудандарды білдіреді.
      (ІІ) "Ресей" дегеніміз Ресей Федерациясын білдіреді және географиялық мағынада пайдаланылған кезде оның аумағын, сондай-ақ онда Ресей Федерациясының салық заңдары қолданылатын қызмет түрі жүзеге асырылатын, халықаралық құқыққа сәйкес белгіленетін аудандарды білдіреді.
      б) "тұлға" термині жеке тұлғаны, компанияны немесе тұлғалардың кез-келген басқа да бірлестігін білдіреді.
      в) "компания" термині салық салу мақсаттары үшін корпоративтік құрылым ретінде қарастырылған кез-келген корпоративтік бірлестікті немесе кез-келген экономикалық бірлікті білдіреді және, атап айтқанда, акционерлік қоғамды (жауапкершiлігі шектеулі серіктестікті) немесе кез-келген басқа заңды тұлғаны немесе ұйымды қамтиды;
      г) "Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа "Уағдаласушы Мемлекет" терминдері контекстке байланысты Қазақстанды немесе Ресейді білдіреді.
      д) "Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны және "басқа Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" термині тиісінше Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды және басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды білдіреді;
      е) "халықаралық тасымал" термині осындай тасымал басқа Уағдаласушы мемлекеттің пункттері арасында ғана жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорыны пайдаланатын теңіз, өзен, әуе кемесімен, темір жол немесе автомобиль көлігімен жүзеге асырылатын кез-келген тасымалды білдіреді;
      ж) "Ұлттық тұлға" термині:
      (І) Уағдаласушы Мемлекеттің азаматтығы бар кез-келген жеке тұлғаны;
      (ІІ) өзінің мәртебесін Уағдаласушы Мемлекеттің қолданылып жүрген заңдары негізінде алған кез-келген заңды тұлғаны, компанияны, серіктестікті немесе кез-келген басқа ассоциацияны білдіреді.
      з) "капитал" термині жылжитын және жылжымайтын мүлікті білдіреді және соларды қамтиды, бірақ солармен шектеліп қалмайды, қолма-қол ақша қаражатын, акцияларды немесе мүліктік құқықты растайтын басқа да құжаттарды, вексельдерді, облигацияларды немесе басқа да борыштық міндеттемелерді, сондай-ақ патенттерді, тауар белгілерін, авторлық құқықтарды немесе басқа да осындай құқықтар мен мүліктерді білдіреді;
      и) "құзырлы орган" термині:
      (І) Қазақстанда: Қаржы министрлігін немесе оның өкілетті өкілін;
      (ІІ) Ресейде: Қаржы министрлігін немесе оның өкілетті өкілін білдіреді.
      2. Уағдаласушы Мемлекет осы Конвенцияны қолданғанда онда айқындалмаған кез-келген термин, егер контекстен басқадай мағына тумаса, Конвенция қолданылатын салықтар жөнінде осы Мемлекеттің заңдары бойынша ол қандай мағынада пайдаланылса, сондай мағынаға ие болады.

4-бап
Резидент

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті" термині осы Мемлекеттің заңдары бойынша өзінің тұрғылықты жері, тұрақты орналасқан жері, басқару, тіркелу немесе құрылу орны, немесе осындай сипаттағы кез-келген басқа өлшем негізінде салық салынуға тиіс кез-келген тұлғаны білдіреді.
      Алайда бұл термин тек осы Мемлекеттегі көздерден алынатын табысқа байланысты немесе ондағы капиталға байланысты ғана осы Мемлекетте салық салынуға тиіс кез-келген тұлғаны қамтымайды.
      2. 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылатын жағдайда оның мәртебесі былай айқындалады:
      а) ол өзінің меншігіне жататын тұрақты баспанасы орналасқан Мемлекеттің резиденті болып есептеледі; егер оның Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінде де тұрақты баспанасы болса, ол барынша тығыз жеке және экономикалық байланыстары (өмірлік мүдделер орталығы) бар Мемлекеттің резиденті болып есептеледі;
      б) егер оның өмірлік мүдделер орталығы бар Мемлекетті айқындау мүмкін болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінде де өзінің иелігіндегі тұрақты баспанасы болмаса, ол өзі әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып есептеледі:
      в) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінде де тұратын болса немесе олардың біреуінде де тұрмаса, ол өзі азаматы болып отырған Мемлекеттің резиденті болып есептеледі;
      г) егер ол екі Мемлекеттің де азаматы болса немесе біреуінің де азаматы болмаса, Уағдаласушы Мемлекеттердің құзырлы органдары мәселені өзара келісе отырып шешеді.
      3. Егер 1-тармақтың ережелерін байланысты себеппен жеке адамнан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердің құзырлы органдары мәселені өзара келісе отырып шешуге тырысады, бірақ құзырлы органдар келісімге қол жеткізе алмаса, осындай тұлға осы Конвенцияға сәйкес жеңілдіктер алу мақсаттары үшін Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің де резиденті болып саналмайды.

5-бап
Тұрақты мекеме (өкілдік)

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "тұрақты мекеме (өкілдік) термині бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны басқа Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпкерлік қызметті толық немесе ішінара жүзеге асыратын тұрақты қызмет орынын білдіреді.
      2. Атап айтқанда, "тұрақты мекеме" термині мыналарды қамтиды:
      а) басқару орыны;
      б) бөлімше;
      в) кеңсе;
      г) фабрика;
      д) шеберхана;
      е) шахта, мұнай немесе газ скважинасы, кеніш немесе табиғи ресурстар өндіретін басқа да кез-келген орын.
      3. "Тұрақты мекеме" термині сондай-ақ мыналарды қамтиды:
      а) егер мұндай алаң немесе объекті 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған болса ғана немесе мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетілген болса, құрылыс алаңы яки құрылыс, монтаждау немесе құрастыру объектісі не болмаса осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер;
      б) егер осылай пайдалану 12 айдан астам уақытқа ғана созылса немесе мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы ғана көрсетілсе, табиғи ресурстар барлау үшін пайдаланылатын қондырғы немесе құрылыс яки немесе осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер немесе табиғи ресурстар барлау үшін пайдаланылатын бұрғылау қондырғысы немесе кеме;
      в) егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе соған байланысты жоба үшін) ел шеңберінде 12 айдан астам уақыт бойы көрсетілсе, резидент осындай мақсаттар үшін жалдаған қызметшілер немесе басқа да қызметкерлер арқылы резиденттер көрсететін қызметтер, соның ішінде консультациялық, қызметтер.
      4. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан "тұрақты мекеме" термині мыналарды қамтымайды:
      а) құрылыстарды кәсіпорынға тиесілі тауарларды немесе бұйымдарды тек сақтау, көрсету немесе жіберіп тұру мақсаттары үшін ғана пайдалану;
      б) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын тек сақтау, көрсету немесе жіберіп тұру мақсаттары үшін ғана ұстау;
      в) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын тек өзге кәсіпорынның ұқсату мақсаттары үшін ғана ұстау;
      г) тұрақты қызмет орынын тек тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшін ғана немесе кәсіпорынға арналған ақпарат жинау үшін ғана ұстау;
      д) тұрақты қызмет орынын тек кәсіпорын үшін дайындық немесе көмекші сипаттағы кез-келген басқа қызметті жүзеге асыру үшін ғана ұстау;
      е) тұрақты қызмет орынының осындай амал нәтижесінде туындаған жиынтық қызметі дайындық немесе көмекші сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орынын а) тармақшасынан д) тармақшасына дейін көрсетілген қызмет түрлерінің кез-келген амалын жүзеге асыру үшін ғана ұстау.
      5. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, егер 6-тармақ қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға кәсіпорын атынан әрекет етсе және Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорын атынан келісім шарттар жасауға өкілеттігі болса және оны әдетте пайдаланып жүрсе, онда бұл кәсіпорын осы тұлға кәсіпорын үшін жүзеге асыратын кез-келген қызмет жөнінде осы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылады, бірақ осындай тұлғаның 4-тармақта көрсетілген, тұрақты қызмет орыны арқылы жүзеге асырылған күннің өзінде осы тұрақты қызмет орынын осы тармақтың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмайтын қызметпен шектелетін жағдай бұған қосылмайды.
      6. Кәсіпорын кәсіпкерлік қызметін Уағдаласушы Мемлекетте делдал комиссионер немесе тәуелсіз мәртебесі бар кез-келген басқа агент арқылы жүзеге асырған үшін ғана, егер осындай тұлғалар өздерінің әдеттегі қызметі шеңберінде жүзеге асырған жағдайда, сол Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылмайды.
      7. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы яки осы басқа Мемлекетте кәсіпкерлік қызметпен айналысуы /не болмаса тұрақты мекеме арқылы немесе басқадай жолмен айналысуы/ фактісінің өзі-ақ осы компаниялардың бірін екіншісінің тұрақты мекемесіне айналдырмайды.

6-бап
Жылжымайтын мүліктен алынатын табыс

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алған табысқа (соның ішінде ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алған табысқа) осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. "Жылжымайтын мүлік" термині қаралып отырған мүлік орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің заңы бойынша қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады. Термин кез-келген жағдайда жылжымайтын мүлікке қатысты қосалқы мүлікті, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықтарды, жер меншіктілігіне қатысты құқық ережелері қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлік узурфруктын және минералдық ресурстарды, кен көздерін және басқа да табиғи қазбаларды игеру үшін берілетін өтемақы ретіндегі өзгермелі немесе тіркелген төлемдерге арналған құқықтарды және жоғарыда аталғандарды игеру құқығын қамтиды; теңіз және әуе кемелері жылжымайтын мүлік ретінде қарастырылмайды.
      3. 1-тармақтың ережелері жылжымайтын мүлікті тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез-келген басқа жолмен пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
      4. 1 және 3-тармақтардың ережелері сондай-ақ кәсіпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысқа және тәуелсіз жеке қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын жылжымайтын мүліктен алынатын табысқа қолданылады.

7-бап
Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналыспаса немесе айналыспаған болса, осындай кәсіпорнының пайдасына тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсіпорын, жоғарыда айтылғанындай, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын немесе айналысқан болса, онда оның пайдасына басқа Мемлекетте салық салынуы, бірақ мыналарға қатысты бөлігінде ғана салынуы мүмкін:
      а) осындай тұрақты мекеме:
      б) тұрақты мекеме арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға ұқсас тауарларды немесе бұйымдарды осы басқа Мемлекетте сату; немесе
      в) өзінің сипаты жөнінен осындай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметпен сәйкес келетін осы басқа Мемлекетте жүзеге асырылатын басқа кәсіпкерлік қызмет.
      2. 3-тармақтың ережелерін ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын немесе айналысқан болса, онда осы тұрақты мекеме нақ осындай немесе осыған ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе оған ұқсас қызметпен айналысып, өзі тұрақты мекемесі болып табылатын кәсіпорыннан мүлдем дербес әрекет жасағанда алуы мүмкін пайда әрбір Уағдаласушы Мемлекетте осы тұрақты мекемеге жатқызылады.
      3. Тұрақты мекеменің пайдасын айқындау кезінде төмендегі шығындар тұрақты мекеме орналасқан Мемлекетте немесе одан тысқары жерде жұмсалған-жұмсалмағанына қарамастан басқару және жалпы әкімшілік шығындарын қосқанда тұрақты мекеменің мақсаттары үшін жұмсалған, құжаттармен расталған шығындарды шегеріп тастауға болады. Кез-келген жағдайда мұндай шығындарға патенттер немесе басқа құқықтарды пайдаланғаны үшін берілетін әртүрлі төлемдер түрінде немесе көрсеткен қызметтері яки басқарғаны үшін төленетін комиссиялық ақы түрінде немесе банктерді қоспағанда, олардың тұрақты өкілдікке берген заемы үшін берілетін проценттер түрінде кәсіпорынға немесе оның басқа бөлімшесіне оның тұрақты мекемесі төлейтін /шын мәнінде жұмсалған шығындарды өтеуден басқа/ қандай да болмасын сомаларды қамтымауға тиіс.
      4. Тұрақты мекеменің кәсіпорын үшін тауарлар немесе бұйымдар сатып алуы негізінде ғана осы тұрақты мекемеге әлдеқандай пайда есептелмейді.
      5. Егер пайда осы Конвенцияның басқа баптарында жеке айтылатын табыс түрлері мен мүлік құнының өсімін қамтитын болса, онда осы баптардың ережелері осы баптың ережелеріне қатысты болмайды.
      6. Егер осындай тәртіпті өзгерту үшін жеткілікті және дәлелді себептер болмаса, тұрақты мекемеге тиесілі пайда жылма-жыл біркелкі тәсілмен айқындалады.

8-бап
Халықаралық тасымалдар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті теңіз, өзен, әуе кемелерін, темір жол немесе автомобиль көлігін халықаралық тасымалда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті көлік құралдарын, сондай-ақ контейнерлерді және оларды халықаралық тасымалдарда пайдалануға арналған жабдықтарды жалға беруден алған табыстарға тек сол Мемлекетте ғана салық салынады.
      3. 1 және 2-тармақтардың ережелері, сондай-ақ пулға, бірлескен кәсіпорынға немесе көлік құралдарын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйымдарға қатысудан алынатын пайдаға қолданылады.

9-бап
Ассоциацияланған кәсіпорындар

      1. Егер:
      а) Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны басқа Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорынын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
      б) белгілі бір тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорынын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорынын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса; және әрбір жағдайда екі кәсіпорынның арасында тәуелсіз екі кәсіпорынның арасында орын алуы мүмкін жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, солардың біріне есептелуі мүмкін, бірақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез-келген табыс осы кәсіпорынның табысына қосылып, оған тиісінше салық салынуы мүмкін.
      2. Егер Уағдаласушы Мемлекет басқа Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны осы басқа мемлекетте салық салынатын табысын осы Мемлекет кәсіпорнының табысына қосып, тиісінше салық салса және осылай қосылған табыс алғашқы аталған Мемлекеттің кәсіпорнына есептелуі мүмкін табыс болса, егер екі кәсіпорынның арасындағы қатынастар тәуелсіз кәсіпорындардың арасындағы қатынастардай болса, онда осы басқа Мемлекет осы табыстан алынатын салық сомасына тиісті түзетулер жасауы мүмкін. Осындай түзетулерді айқындау кезінде осы Конвенцияның басқа ережелері қаралуға тиіс, ал Уағдаласушы Мемлекеттердің құзырлы органдары қажет болған жағдайда бір-біріне консультация береді.

10-бап
Дивидендтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төлейтін дивидендтеріне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Алайда осындай дивидендтерге дивидендтер төлейтін компания резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ егер алушы дивидендтердің нақты иесі болса, онда осылай алынатын салық дивидендтердің жалпы сомасының 10 процентінен аспайды.
      Бұл тармақ дивидендтер төленетін пайдаға қатысты компанияға салық салуды қозғамайды.
      3. "Дивидендтер" термині осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе борыш талаптары болып табылмаған басқа да құқықтардан алынатын табысты, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлетін компанияның резиденті болып табылатын Мемлекеттің заңдарына сәйкес акциялардан алынатын табыс секілді дәл сондай салық реттеуіне жататын басқа да корпоративтік құқықтардан алынатын табысты білдіреді.
      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын дивидендтердің нақты иесі дивидендтер төлейтін компания резиденті болып отырған басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және төленіп жүрген дивидендтерге қатысы бар холдинг шын мәнінде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, онда 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретіне қарай 7-баптың (Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсіз жеке қызметтер) ережелері қолданылады.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компания басқа Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы басқа Мемлекет, мұндай дивидендтер осы басқа Мемлекеттің резидентіне төленетін немесе өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг шын мәнінде осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болатын жағдайды қоспағанда, компания төлейтін дивидендтерге қандай да болсын салық сала алмайды.
      6. Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің резиденті болып табылатын және кәсіпкерлік қызметін басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын компанияның пайдасына 7-бап (Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда) бойынша салық салынғаннан кейін оның қалған бөлігіне тұрақты мекеме орналасқан сол Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ осылай ұсталатын салық ставкасы 2-тармақта көрсетілген ставкадан аспауы керек.

11-бап
Проценттер

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін проценттерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Алайда мұндай проценттерге сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ егер алушы проценттердің нақты иесі болса, онда осылай алынған салық проценттердің жалпы сомасының 10 процентінен аспайтын болады.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің резиденті болып табылатын банктің басқа Уағдаласушы Мемлекеттегі өзінің тұрақты мекемесіне берген займы бойынша төленетін проценттерге осы басқа Мемлекетте осы баптың 2-тармағының ережелерін ескере отырып салық салынуы мүмкін.
      4. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын проценттер, егер оларды басқа Уағдаласушы Мемлекет, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі немесе жергілікті өкімет органы немесе осы Мемлекеттің кез-келген басқа агенттігі, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшелері немесе жергілікті өкімет органы алса және соларға тиесілі болса, осы Мемлекетте салық салудан босатылады.
      5. "Проценттер" термині осы бапта пайдаланылған кезде кепілдікпен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, борышкерлердің пайдасына қатысу құқығын беретін немесе бермейтін қандай да болсын борыш талаптарынан алынатын табысты, атап айтқанда, үкіметтің бағалы қағаздарынан алынатын табысты және осы облигациялардан немесе борыштық міндеттемелерден алынатын табысты, соның ішінде осы бағалы қағаздар, облигациялар яки борыштық міндеттемелер бойынша төленетін сыйақылар мен ұтыстарды білдіреді. Төлемдердің уақытында жасалмағаны үшін салынатын айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшін проценттер ретінде қарастырылмайды.
      6. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын проценттердің нақты иесі проценттер пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және проценттер төлеуге негіз болып отырған борыш талабы шын мәнінде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретіне қарай 7-баптың (Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсіз және қызметтер) ережелері қолданылады.
      7. Егер төлеуші Уағдаласушы Мемлекеттің өзі, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, осы Мемлекеттің жергілікті өкімет органдары немесе осы Мемлекеттің резиденті болып табылса, проценттер осы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер проценттер төлеуші тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті ме, жоқ па - осыған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте проценттер төленетін қарыз пайда болған тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болса және осындай проценттерді осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлейтін болса, онда мұндай проценттер осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
      8. Егер проценттер төлеуші мен оның нақты иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасындағы арнайы қатынастар болуына байланысты борыштық талапқа қатысты және соның негізінде төленетін проценттердің сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда проценттер төлеуші мен олардың нақты иесі арасында келісіле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің басы артық бөлігіне осы Конвенцияның басқа ережелерін ескере отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуға тиіс.
      9. Егер өзіне қатысты проценттер төленетін кез-келген борыш талаптарының туындауымен немесе тапсырылуымен байланысты кез-келген тұлғаның негізгі мақсаты осындай талаптарға құқықтар жасау және оларды тапсыру арқылы пайда табу болса, осы баптың ережелері қолданылмайды.

12-бап
Роялти

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін роялтиге осы басқа Мемлекетке салық салынуы мүмкін.
      2. Алайда мұндай роялтиге сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ егер роялти алушы және оның нақты иесі басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидің жалпы сомасының 10 процентінен аспауға тиіс.
      3. "Роялти" термині осы бапта пайдаланылғанда әдебиет, өнер және ғылым шығармаларына, соның ішінде компьютер бағдарламаларына, кинематографиялық фильмдерге және телефильмдерге, бейнефильмдерге немесе радио мен теледидарға арналған жазбаларға, кез-келген патентке, сауда маркасына, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға яки процеске кез-келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшін немесе пайдалану құқығын бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпарат (ноу-хау) үшін сыйақы ретінде алынатын төлемдердің кез-келген түрін және өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін төленетін төлемдерді білдіреді.
      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын роялтидің нақты иесі роялти пайда болған басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты базадан онда тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және роялти өздеріне қатысты құқық немесе мүлік шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, 1-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретіне қарай 7-баптың (Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсіз жеке қызметтер) ережелері қолданылады.
      5. Егер роялти Уағдаласушы Мемлекетте құқықтарды немесе мүлікті пайдаланғаны үшін немесе оларды пайдалану құқығы үшін төленсе, ол осы Мемлекетте пайда болған деп есептеледі.
      6. Егер роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасында арнайы қатынастар болуына байланысты өзіне қатысты пайдалануға, құқыққа немесе негізге алынып төленетін ақпаратқа қатысты роялтидің сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында келісіле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Бұл жағдайда төлемнің басы артық бөлігіне осы Конвенцияның басқа ережелерін тиісінше ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуға тиіс.
      7. Егер өзіне қатысты роялти төленетін құқықты жасауға немесе беруге байланысты бар кез-келген тұлғаның негізгі мақсаты осындай құқықтарды жасау немесе беру арқылы осы баптан пайда табу болса, осы баптың ережелері қолданылмайды.

13-бап
Мүлік құнының есімінен алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті 6-бапта (Жылжымайтын мүліктен алынатын табыстар) айтылған және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікті шеттетуден немесе активтері негізінен осындай мүліктерден тұратын компаниялардың акцияларын шеттетуден алатын табыстарға немесе активтері негізінен басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен тұратын әріптестіктегі немесе трастағы үлесіне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте иеленіп отырған тұрақты мекеме мүлкінің немесе тәуелсіз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшін Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан Уағдаласушы Мемлекет резидентінің қарамағындағы тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүліктің бір бөлігін құрайтын жылжымалы мүлікті шеттетуден алынған табыстарға, соның ішінде осындай тұрақты мекемені (жеке немесе бүкіл кәсіпорынмен қоса) немесе осындай тұрақты базаны шеттетуден алынған табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңіз, өзен, әуе кемелерін, темір жол немесе автомобиль көлігін немесе осындай көлік құралдарын пайдалануға байланысты жылжымалы мүлікті шеттетуден алған табыстарға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.
      4. 1 және 2-тармақтарда көрсетілмеген кез-келген мүлікті шеттетуден алынған табыстарға мүлікті шеттетуші тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

14-бап
Тәуелсіз жеке қызметтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті кәсіби қызметтер немесе тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметтер көрсетуден алған табысқа, оның осы қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін басқа Уағдаласушы Мемлекетте өзінің тұрақты қолы жетерлік тұрақты базасы болатын жағдайларды қоспағанда, тек осы Мемлекетте салық салынады. Егер оның мұндай базасы бар болса, табысқа басқа Мемлекетте, бірақ осы тұрақты базаға қатысты бөлігіне ғана салық салынуы мүмкін.
      2. "Кәсіби қызметтер" термині, атап айтқанда, тәуелсіз ғылыми, әдеби, артистік, білім беру немесе оқытушылық қызметті, сондай-ақ дәрігерлердің, заңгерлердің, инженерлердің, сәулетшілердің, тіс дәрігерлерінің және бухгалтерлердің тәуелсіз және қызметін қамтиды.

15-бап
Жалданып істейтін жұмыстан алынатын табыстар

      1. 16-баптың (Директорлардың сыйақылары), 18-баптың (Зейнетақылар), 19-баптың (Мемлекеттің қызмет) ережелерін ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті жалданып істеген жұмысына байланысты алатын жалақыға және басқа осындай сыйақыларға, егер тек мұндай жұмыс басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылмаса, тек осы Мемлекетте салық салынады. Егер жалданып істейтін жұмыс осылайша жүзеге асырылса, осыған байланысты алатын сыйақыға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. 1-тармақтың ережелеріне қарамастан, егер:
      а) алушы кез-келген 12 айлық кезең ішінде жалпы алғанда 183 күннен аспайтын кезеңде немесе кезеңдер бойы осы басқа Мемлекетте жүрсе; және
      б) сыйақыны басқа Мемлекеттің резиденті болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе жалдаушының атынан төленсе; және
      в) сыйақыны жалдаушының басқа Мемлекеттегі тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы төлемесе, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқа Уағдаласушы Мемлекетте жалданып істеген жұмысына байланысты алатын сыйақыға тек бірінші аталған Мемлекетте салық салынады.
      3. Осы баптың бұның алдындағы ережелеріне қарамастан 3-баптың (Жалпы айқындамалар) 1-тармағының е) тармақшасында айтылған және халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын көлік құралының үстінде жалданып істейтін жұмысқа байланысты алынған сыйақыға осы тасымалдарды жүзеге асыратын кәсіпорын резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.

16-бап
Директорлардың сыйақылары

      Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті директорлар кеңесінің немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның осындай органының мүшесі ретінде алатын директорлар сыйақыларына және басқа осындай төлемдерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.

17-бап
Артистер мен спортшылар

      1. 14-баптың (Тәуелсіз жеке қызметтер) және 15-баптың (Жалданып істейтін жұмыстан алынатын табыстар) ережелеріне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті театр, кино, радио немесе теледидар артисі немесе сазгер секілді өнер қызметкері ретінде немесе спортшы ретінде басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзінің жеке қызметінен алған табысына осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Егер өнер қызметкерінің немесе спортшының өзінің осы сипатында жүзеге асырған жеке қызметіне қатысты табысы өнер қызметкерінің немесе спортшының өзіне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа, 7-баптың (Кәсіпкерлік қызметтен алынған пайда), 14-баптың (Тәуелсіз жеке қызметтер) және 15-баптың (Жалданып істейтін жұмыстан алынған табыстар) ережелеріне қарамастан, өнер қызметкерінің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      3. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, егер бұл қызмет едәуір дәрежеде басқа Уағдаласушы Мемлекеттің қоғамдық қорлары есебінен қаржыландырылса немесе бұл қызмет Уағдаласушы Мемлекеттер арасында жасалған мәдени ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылса, осы бапта көрсетілген табыс артистің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынудан босатылады.

18-бап
Зейнетақылар және басқа төлемдер

      1. 19-баптың (Мемлекеттік қызмет) 2-тармағының ережелерін ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне бұрынғы жұмысына қатысты төленетін зейнетақыларға және басқа осындай сыйақыларға және осы резидентке төленетін кез-келген аннуитетке тек осы Мемлекетте салық салынады.
      2. "Аннуитет" термині балама және толық сыйақының орнына осындай төлем төлеу міндеттемесі болғанда бүкіл оның өмір бойы немесе белгілі бір не белгіленетін уақыт кезеңінде жеке тұлғаға белгіленген уақытта жүйелі түрде төленіп тұратын белгіленген соманы білдіреді.
      3. Алименттерге және Уағдаласушы Мемлекетте пайда болып, басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін басқа да осындай төлемдерге тек осы басқа Мемлекетте салық салынады.

19-бап
Мемлекеттік қызмет

      1. а) Жеке тұлғаға Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, немесе жергілікті өкімет органы осы Мемлекетке немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесіне, немесе жергілікті өкімет органына көрсеткен қызметтеріне қатысты төлейтін зейнетақыдан басқа сыйақыға тек осы Мемлекетте салық салынады.
      б) Алайда, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы Мемлекеттің резиденті болып табылатын жеке тұлға:
      (і) осы Мемлекеттің азаматы болып табылса; немесе
      (іі) қызметті жүзеге асыру мақсаты үшін ғана осы Мемлекеттің резиденті болмаса, осындай сыйақыға тек басқа Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі яки жергілікті өкімет органы төлейтін немесе олар құрған қорлардан жеке тұлғаға осы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі яки жергілікті өкімет органы үшін жүзеге асыратын қызметі үшін төленетін кез-келген зейнетақыға тек осы Мемлекетте салық салынады.
      б) Егер жеке тұлға осы Мемлекеттің резиденті және азаматы болып табылса, а) тармақшасының ережелеріне қарамастан мұндай зейнетақыға тек осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.
      3. 15-баптың (Жалданып істейтін жұмыстан алынатын табыстар), 16-баптың (Директорлардың сыйақылары) және 18-баптың (Зейнетақылар және басқа төлемдер) ережелері Уағдаласушы Мемлекеттің немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесінің яки жергілікті өкімет органының кәсіпкерлік қызметпен айналысуына байланысты жүзеге асырылатын қызметке қатысты сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.

20-бап
Студенттер, аспиранттар және практиканттар

      Уағдаласушы Мемлекеттердің біріне келердің нақ алдында басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резиденттері болған немесе болып табылатын және бірінші аталған Мемлекетте тек білім алу немесе практикадан өту мақсатында ғана тұрып жатқан студент, аспирант немесе практикант алатын төлемдерге, мұндай төлемдер басқа Уағдаласушы Мемлекеттегі көздерден пайда болған жағдайда, осы бірінші аталған Мемлекетте салық салынбайды.

21-бап
Басқа да табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекет резидентінің осы Конвенцияның бұның алдындағы баптарында айтылмаған табыс түрлеріне, олардың пайда болу көзіне қарамастан, тек осы Мемлекетте ғана салық салынуға тиіс.
      2. Егер 6-баптың (Жылжымайтын мүліктен алынатын табыс) 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүліктен алынатын табыстардан өзге табыстарды алушы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты база арқылы тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және табыс алуға негіз болған құқық немесе мүлік шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, мұндай табыстарға 1-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретіне қарай 7-баптың (Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсіз жеке қызметтер) ережелері қолданылады.

22-бап
Капитал

      1. Уағдаласушы Мемлекет резидентінің меншігі болып табылатын және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан, 6-баптың (Жылжымайтын мүліктен алынатын табыс) аталған жылжымайтын мүлік түрінде ұсынылған капиталға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекеме мүлкінің бір бөлігін құрайтын жылжымалы мүлік немесе тәуелсіз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшін басқа Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекет резидентінің қарамағындағы тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлік түрінде капиталға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      3. Уағдаласушы Мемлекет резидентінің меншігі болып табылатын және халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңіз, өзен, әуе кемелері, темір жол және автомобиль көлігі және осындай көлік құралдарын пайдалануға байланысты жылжымалы мүлік түрінде ұсынылған капиталға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Уағдаласушы Мемлекет резиденті капиталының барлық басқа элементтеріне тек осы Мемлекетке салық салынады.

23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Қазақстан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:
      а) Егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Ресейде салық салынуы мүмкін табыс тапса, немесе капиталға ие болса, Қазақстан:
      і) осы резиденттің табысына салынатын салықтан Ресейде төленген табыс салығына тең соманы шегеріп тастауға;
      іі) осы резиденттің капиталына салынған салықтан Ресейде төленген капиталға салынған салыққа тең соманы шегеріп тастауға мүмкіндік береді.
      Есептелетін салық сомасының мөлшері кез-келген жағдайда Қазақстанда қолданылып жүрген ставкалар бойынша Ресейде салық салынуы мүмкін табысқа немесе капиталға Қазақстанда есептелуі мүмкін салық сомасынан аспауы тиіс.
      б) Егер Қазақстанның резиденті осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес тек Ресейде ғана салық салынатын табыс тапса немесе капиталға ие болса, Қазақстан осы табысты немесе капиталды салық салу базасына, бірақ Қазақстанда салық салынатын осындай басқа табысқа немесе капиталға салынатын салық ставкасын белгілеу мақсаттары үшін ғана енгізе алады.
      2. Ресей жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:
      Егер Ресейдің резиденті Қазақстанда осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкін табыс тапса немесе капиталға ие болса, осындай табысқа немесе капиталға Қазақстанда төленетін салық сомасы осы резиденттен Ресейде алынатын салықтан шегеріліп тасталуы мүмкін. Мұндай шегеру, алайда, Ресейде оның салық заңдары мен ережелеріне сәйкес осындай табысқа немесе капиталға есептелген ресейлік салықтан аспайды.

24-бап
Кемсітпеу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы басқа Мемлекеттің ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салуға немесе соған байланысты міндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе соған байланысты міндеттемеге басқа Уағдаласушы Мемлекетте ұшырамайды.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденттері болып табылатын азаматтығы жоқ тұлғалар нақ осындай жағдайларда Мемлекеттің ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салынуға және соған байланысты міндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе соған байланысты кез-келген міндеттемелерге Уағдаласушы Мемлекеттердің ешқайсысында да ұшырамауы тиіс.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттер бірінің кәсіпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекемеге салық салу осы басқа Мемлекетте нақ осындай қызметпен айналысатын осы басқа Мемлекеттің кәсіпорнына салық салудан қолайсыздау болмауға тиіс.
      4. 9-баптың (Ассоциацияланған кәсіпорындар) 1-тармағының, 11-баптың (Проценттер) 6-тармағының, 12-баптың (Роялти) 6-тармағының ережелері қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төлейтін проценттер, роялти және басқа да төлемдер осы кәсіпорынның салық салынған пайдасын айқындау мақсаттары үшін бірінші аталған Мемлекеттің резидентіне олар қалай төленсе, нақ сондай жағдайларда шегеріліп тасталуы тиіс. Осы секілді Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнының басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне кез-келген қарызы осы кәсіпорынның салық салынатын капиталын айқындау мақсаттары үшін бірінші аталған мемлекеттің резидентінің қарызы қалай шегерілсе, нақ сондай жағдайларда шегеріліп тасталуы тиіс.
      5. Капиталы басқа Уағдаласушы Мемлекеттің бір немесе бірнеше резидентіне толық немесе ішінара тиесілі немесе олардың тікелей не жанама түрде бақылауында болатын Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорындары бірінші аталған Мемлекеттің басқа осындай кәсіпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салудан яки онымен байланысты кез-келген міндеттемелерден өзгеше яки анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе онымен байланысты кез-келген міндеттемелерге бірінші аталған Мемлекетте ұшырамауы тиіс.
      6. Осы бапта айтылған бірде-бір ереже Уағдаласушы Мемлекетті басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резиденттеріне салық салу мақсаттары үшін оның резиденттеріне берілетін қандай да бір жеке жеңілдіктерді, босатулар мен шегерулерді беруге міндеттейтіндей ереже ретінде пайымдалмайтын болады.

25-бап
Өзара келісіп алу рәсімі

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де іс-әрекеттері өзін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға душар етіп отыр немесе душар ететін болады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердің ішкі заңдарында көзделген қорғану құралдарына қарамастан өзінің ісін өзі резидент болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің құзырлы органдарының қарауы үшін бере алады. Арыз Конвенцияның ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға душар еткен іс-әрекеттер жайлы алғашқы хабар берілген сәттен бастап үш жыл ішінде берілуі тиіс.
      2. Құзырлы орган, егер ол шағымды орынды деп есептесе және өзі қанағаттандырарлық шешімге келе алмаса, Конвенцияға сәйкес келмейтін салық салуды болдырмау мақсатында мәселені басқа Уағдаласушы Мемлекеттің құзырлы органымен өзара келісе отырып шешуге ұмтылады. Кез-келген қол жеткізілген уағдаластық Уағдаласушы Мемлекеттердің ішкі заңдарында бар қандай да бір уақытша шектеулерге қарамастан орындалуға тиіс.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзырлы органдары мұның алдындағы тармақтарды келісіп алуға және түсініп алуға қол жеткізу мақсатында бір-бірімен тікелей байланыс жасай алады.

26-бап
Ақпарат алысу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзырлы органдары осы Конвенцияның ережелерін немесе Уағдаласушы Мемлекеттердің ішкі заңдары бойынша салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтіндей дәрежеде Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты осы заңдарды орындау үшін қажетті ақпарат алысып тұрады. Ақпарат алысу 1-баппен шектелмейді. Уағдаласушы Мемлекет алатын кез-келген ақпарат осы Мемлекеттің ішкі заңдарының шеңберінде алынған ақпарат секілді құпия ақпарат болып есептеледі және Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты айқындауға, алуға, күшпен өндіріп алуға, сотпен қудалауға немесе шағымдарды қарауға байланысты тұлғаларға, немесе органдарға ғана (соның ішінде соттар мен әкімшілік органдарына) хабарлануы мүмкін. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдаланады. Олар бұл ақпаратты ашық сот мәжілісі барысында немесе сот шешімдерін қабылдаған кезде аша алады.
      2. Ешқандай жағдайда 1-тармақтың ережелері Уағдаласушы Мемлекеттерге:
      а) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңдары мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;
      б) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңдары бойынша немесе әдеттегі әкімшілік практикасы барысында алуға болмайтын ақпарат беру;
      в) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны не сауда процесін ашуы мүмкін ақпарат немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа қайшы келуі мүмкін ақпарат беру міндеттемесін жүктейтіндей мағынада пайымдалмауға тиіс.

27-бап
Дипломатиялық және консулдық
мекемелердің қызметкерлері

      Осы Конвенцияның ешқандай ережесі дипломатиялық және консулдық мекемелер қызметкерлерінің халықаралық құқықтың жалпы нормалары берген немесе арнаулы келісімдердің ережелеріне сәйкес берілген салық артықшылықтарын қозғамайды.

28-бап
Күшіне енуі

      Әрбір Уағдаласушы Мемлекет өзінің заңдарына сәйкес осы Конвенцияның күшіне енуін әзірлеу жөніндегі ішкі рәсімнің аяқталғаны жайында басқа Мемлекетті дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді. Осы Конвенция осы хабарламалардың соңғысы жіберілген күні күшіне енеді және содан кейін:
      а) Конвенция күшіне енген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе содан кейін төленетін немесе есептелген сомалар бойынша дивидендтерге, проценттерге немесе роялтилер табыс көзінен ұстап қалынатын салықтарға қатысты;
      б) Конвенция күшіне енген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе содан кейін басталатын салық салынатын кезеңдер үшін басқа да салықтарға қатысты қолданылатын болады.

29-бап
Қолданылу күшін тоқтату

      1. Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердің бірі оның күшін тоқтатпайынша күшінде қала береді. Әрбір Уағдаласушы Мемлекет Конвенция күшіне енгеннен кейін 5 жыл өткен соң кез-келген күнтізбелік жылдың аяқталуынан кемінде алты ай бұрын Конвенцияның қолданылуы күшін тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлай отырып Конвенцияның күшін тоқтата алады. Мұндай жағдайда Конвенция:
      а) алты айлық кезең аяқталғаннан кейін келетін жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе содан кейін төленетін немесе төленуге тиісті сомалар бойынша табыс көзінен ұстап қалынатын салықтарға қатысты; және
      б) алты айлық кезең аяқталғаннан кейін келетін жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын салық салу кезеңдері үшін басқа да салықтарға қатысты өзінің қолданылу күшін тоқтатады.
      Мәскеу қаласында 1996 жылғы  18 қазанда екі дана етіп, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды, және де екі мәтіннің де күші бірдей. Мәтіндерді пайымдауда келіспеушілік туа қалған жағдайда орысша мәтін айқындаушы болады.

      Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
         Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады