1997 жылғы 8 сәуiрде Алматыда қол қойылған ҚазақстанРеспубликасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз
Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Инвестицияларды
көтермелеу мен өзара қорғау туралы
КЕЛIСIМ
2005 жылғы 1 мамырда күшіне енді (Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрлігінің ресми сайты)
Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi,
инвестицияларды қолдау мен өзара қорғаудың екi Уағдаласушы Тарап арасындағы өзара тиiмдi сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық интымақтастықтың дамуына жәрдемдесетiнiн, сондай-ақ екi мемлекеттiң де игiлiктi тұрмысын арттыратынын ұғына отырып,
бiр Уағдаласушы Тарап инвесторларының екiншi УағдаласушыТараптың аумағында инвестиция жасауы үшiн қолайлы жағдай жасауғаұмтыла отырып,
теңдiк, өзара құрметтеу, егемендiк және өзара тиiмдiлiк принциптерiне сүйене отырып,
мыналар жөнiнде келiстi:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
1. "Инвестициялар" терминi бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторы екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында салған кез келген актив дегендi бiлдiредi, атап айтқанда, бiрақ тек бұл ғана емес:
а) қозғалатын және қозғалмайтын мүлiк және аманаттық, ипотеканы немесе өзге кепiлдi ұстап қалу құқығын қоса алғанда, оларға байланысты кез келген басқа мүлiктiк құқықтар және банк шоттарындағы және басқа қаржы мекемелерiндегi ақша қаражаты;
б) акциялар, салымдар (пайлар), облигациялар және кәсiпорындарға, шаруашылық серiктестiктерi мен қоғамдарға, бiрлестiктер мен Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының заңдарына сәйкес тiркелген заңдармен танылған өзге де заңды тұлғаларға қатысудың кез келген басқа нысаны;
в) займдар, несиелер, банктiк және қаржылық мақсатты салымдар және инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты өзге де ақшалай талаптар;
г) авторлық құқықпен қорғалатын объектiлердi қоса алғанда, интеллектуалдық және өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне деген құқықтар, патенттер, тауарлық белгiлер, қызмет көрсету белгiлерi, фирмалық атаулар, өнеркәсiптiк үлгiлер мен "ноу-хау";
д) кiрiстер және негiзгi қарыз төлемдерi мен несие келiсiмдерi бойынша өсiмдердi қайта инвестициялау;
е) табиғат ресурстарын барлау, игеру, өндiру немесе пайдалану арқылы көрiнетiн концессия құқығын қоса алғанда заң немесе шарт бойынша алынған шаруашылық қызметке деген құқықтар.
2. "Инвестор" терминi:
а) Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылатын және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында оның қолданылып жүрген заңдарына сәйкес инвестицияны жүзеге асырушы жеке тұлға;
б) Уағдаласушы Тараптардың кез келгеннiң заңдарына сәйкес құрылған, оның аумағында орналасқан және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияны жүзеге асыратын заңды тұлға, заңды тұлға құқығы бар немесе онсыз бсқа бiрлестiктер дегендi бiлдiредi.
3. "Кiрiстер" терминi:
инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесiнде алынған немесе олармен байланысты пайданы, дивидендтердi, кәсiпорынды басқарғаны, техникалық қызмет көрсеткенi үшiн сыйақыны қоса алғанда, ақша немесе нақты нысандағы қаражат және заңды жолмен алынған кез келген басқа қаражат дегендi бiлдiредi.
4. "Аумақ" терминi:
Уағдаласушы Тараптарға қатысты:
Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқыққа сәйкес өзiнiң егемен құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын еркiн экономикалық аймақтарды, континенттiк шельфтi және жер қойнауын қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттiк аумағы дегендi бiлдiредi.
5. Аумағында инвестиция жасалған Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес рұқсат етiлген инвестицияның нысанын өзгерту оның инвестиция ретiндегi сипатын өзгертпейдi.
2-бап
Инвестицияларды көтермелеу мен қорғау
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторларының инвестицияларына жәрдемдеседi және мұндай инвестицияларға өзiнiң заңдарына сәйкес рұқсат бередi.
2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициясы үшiн әдiл және тең құқықты жағдайды қамтамасыз етедi және басқарудың бетiмен кетушiлiк немесе кемсiту шараларының есебiнен осы инвестициялардың айналысына, оларды пайдалануға немесе оларға билiк етуге қысым көрсетпейдi.
3-бап
Инвестициялардың құқықтық режимi
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында инвестициялар үшiн өз инвесторларының инвестициялары мен үшiншi елдер инвесторларының инвестициялары үшiн қолайлылығы жағынан кем емес режимдi қамтамасыз етедi.
2. Аталған режим:
а) Уағдаласушы Тараптардың бiрi жекелеген елдердiң инвесторларына олармен кедендiк немесе экономикалық еркiн сауда одағына бiрлесiп қатысуына байланысты беретiн артықшылықтарына;
б) Уағдаласушы Тараптардың бiрi жекелеген елдердiң инвесторына қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмнiң немесе салық мәселелерi жөнiндегi басқа келiсiмдердiң негiзiнде беретiн артықшылықтарына қолданылмайды.
4-бап
Экспроприациядан сақтау кепiлдiктерi
1. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң инвесторларының инвестициялары реквизицияланбайды, мемлекет қарамағына алынбайды, экпроприацияланбайды немесе реквизиция, мемлекет иелiгiне алу, экспроприация (бұдан әрi - экспроприация) сияқты салдарларға әкеп соғатын өзге шаралар қолданылмайды, бұған экпроприация қоғам мүддесiнде жүзеге асырылып және:
- заңдарда белгiленген тәртiпке сәйкес;
- кемсiтусiз;
- бара-бар өтемақыны кiдiрiссiз төлеу арқылы жүргiзiлген жағдайлар қосылмайды.
2. Аталған өтемақы экспроприация туралы шешiм қабылданған немесе жарияланған күннiң алындағы күнгi инвестициялардың нарықтық құнына тең болады. Өтемақы инвестициялардың қолданылып жүрген өсiм ставкасына сәйкес келетiн және экспроприация күнiмен өтемақы нақты төленген күн аралығындағы кезеңге есептелiнген өсiмдi қамтуға тиiс. Өтемақы инвестиция қандай валютада жасалған болса, сондай валютада не инвестордың келiсiмiмен кез келген басқа валютада төленедi. Өтемақы шетелге шектеусiз және артық кiдiрiссiз аударылуға тиiс.
5-бап
Зиянды өтеу
1. Бiр Уағдаласушы Тараптың аумағындағы соғыстың немесе басқа қарулы қақтығыстың, төтенше жағдайдың, азаматтық қақтығытардың немесе осындай жағдайлардың нәтижесiнде инвестицияларына зиян келтiрiлген екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторларына оларға жоғарыда аталған жағдайлардың нәтижесiнде шеккен зиянын өтеу кезiнде өз инвесторларына не үшiншi ел инвесторларына қатысты қолданылатыннан қолайлылығы жағынан кем емес режим ұсынылады. Бұл ретте жүргiзiлетiн төлемдер еркiн айналысқа салынатын және еркiн аударылатын болады.
2. Осы баптың (1)-тармағына зиянын келтiрместен, осы тармақта айтылған кез келген жағдайда бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторларына екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында:
а) олардың меншiгiн құқық қолдану органдары және әскери күштер немесе өкiмет алып қойғанда; немесе
б) олардың меншiгiн құқық қолдану органдары немесе әскери күштер немесе өкiмет әскери әрекеттерден немесе жағдай қажеттiлiгiнен туындамаған жағдайларда жоюының нәтижесiнде зиын келiтiрiлсе, зиынның орны толтырылуға немесе бара-бар өтемақы төленуге тиiс. Бұл ретте жүргiзiлетiн төлемдер еркiн айналысқа салынатын және еркiн аударылатын болады.
6-бап
Инвестицияларға байланысты төлемдердi аудару
1. Уағдаласушы Тараптар инвестицияларға байланысты барлық қаражат аударулар еркiн және артық кiдiрiссiз, капитал әуелде орналастырылған еркiн айналыстағы валютада немесе инвестормен және мүдделi Уағдаласушы Тараппен келiсiлген кез келген басқа валютада Уағдаласушы Тараптың заңдарында белгiленген рәсiмге сәйкес жүргiзiлетiнiне кепiлдiк бередi, ол рәсiмде:
- мұндай аударымдарды еркiн аударым құқығының өзiн бұзбау ескерiлген ресiмдеу ережелерi;
- салықтар, аударылатын сомалардан алымдар мен ұстап қалулар;
- несие берушiлердiң заңды құқықтарын қорғау немесе сот қарауы барысында шығарылған шешiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету көзделуi мүмкiн.
Осы Келiсiмге аударымдар:
- әуелi және қосымша инвестицияланған капиталды;
- пайданы;
- Осы Келiсiмнiң 4 және 5-баптарына сәйкес өтемақыларды;
- несие келiсiмiне сәйкес төлемдердi, сондай-ақ интеллеутуалдық және өнеркәсiптiк меншiкке деген құқықтарға байланысты сыйақыларды;
- екiншi Уағдаласушы Тараптың инвестицияларға байланысты қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалары үшiн тұрақты негiзде еңбекақы төлеудi;
- инвестицияның бiр бөлiгiн немесе барлығын сатудан немесе жоюдан түскен пайданы қамтиды.
2. Осы бапта аталған ресiм әдiл және кемсiтусiз болуға тиiс. Инвестормен басқа уағдаластық болмаған жағдайда аударымдар аударым жасау күнiндегi, қолданылып жүрген айырбас ережелерiне сәйкес белгiленген айырбас бағамы бойынша жүзеге асырылады.
Аударымға байланысты нысандық әрекеттердi орындау үшiн қалыпты талап етiлетiн уақыт iшiнде жүргiзiлген аударым "артық кiдiрiссiз" аударым болып есептеледi.
7-бап
Суброгация
1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол өкiлеттiк берген қандай бiр институт оның Мемлекетiнiң кез келген инвесторына кепiлдiк немесе инвестицияға байланысты жасалған сақтандыру шеңберiнде төлем жасаса, екiншi Уағдаласушы Тарап бiрiншi Уағдаласушы тарапқа немесе оның институтына инвесторға тиесiлi кез келген құқықтарды немесе талаптарды бергенi танылады. Инвестордың құқықтарын алған Тарап немесе оның кез келген институты инвестор иелiнiп отырған құқықтарына және осындай құқықтарды дәл сол көлемде талап етуге құқығы болады, бұл ретте осылайша сақтандырылған инвестицияларға байланысты инвестор мiндеттемелерiне қатысты жайлар ерекше айтылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген суброгация жағдайында инвестор, егер оған Уағдаласушы Тарап немесе оның кез келген институты өкiлеттiк бермесе, талап қоя алмайды.
8-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар
1. Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысы даулар дипломатиялық арналар бойынша шешiледi.
2. Егер дау туған күннен бастап алты айдың iшiнде Уағдаласушы Тараптар келiсiмге келмесе, дау кез келген Уағдаласушы Тараптың талап етуi бойынша құрамында үш мүшесi бар төрелiк сотқа берiледi. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы бiр төрешiден тағайындайды, ал тағайындалған төрешiлер Уағдаласушы Тараптардың екеуiмен де дипломатиялық қарым-қатынастағы үшiншi мемлекеттiң азаматы болып табылатын Төрағаны таңдап алады.
3. Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрi төрешi тағайындамаса және екiншi Уағдаласушы Тараптың осындай тағайындау жасау туралы шақыруымен екi айдың iшiнде келiспесе, төрешiнi осы Уағдаласушы Тараптың өтiнiшi бойынша БҰҰ-ның Гаага қаласындағы Халықаралық сотының Президентi тағайындайды.
4. Егер төрешiнiң екеуi де төрағаны таңдап алу жөнiнде олар тағайындалған күннен бастап екi айдың iшiнде келiсiмге келе алмаса, төрағаны кез келген Уағдаласушы Тараптың өтiнiшi бойынша Халықаралық соттың Президентi тағайындайды.
5. Егер осы баптың 3 және 4-тармақтарында аталған жағдайларда Халықаралық соттың Президентi аталған функцияны орындау алмаса, немесе егер ол Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса, онда мұндай тағайындауды Вице-президент жасайды, ал егер ол да тиiстi функцияларды орындай алмаса немесе Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса, онда тағайындауды Халықаралық соттың Уағдаласушы Тараптарының ешқайсысының азаматы болып табылмайтын ең жоғары рангсi бар судьясы жасайды.
6. Уағдаласушы Тараптар арасындағы басқа қаулыларды бұзбастан төрелiк сот ресiмiнiң өз ережелерiн белгiлейдi. Төрелiк сот көпшiлiк дауыспен шешiм шығарады.
7. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өзiнiң сот мүшесiн ұстау шығыстарды төрелiк рәсiмдегi өзiнiң үлесiне сәйкес төлейдi; төрағаны ұстау жөнiндегi шығыстар мен өзге шығыстарды Уағдаласушы Тараптар тең дәрежеде өтейдi. Бiрақ сот өзiнiң шешiмiнде Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң көбiрек қатысуын белгiлей алады және бұл шешiм Уағдаласушы Тараптың екеуiн де мiндеттейдi.
8. Сот шешiмi түпкiлiктi және Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы үшiн мiндеттi болып табылады.
9-бап
Инвестициялық дауларды реттеу
1. Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы инвестицияға қатысты дауды шешу мақсатында осы Келiсiмнiң 8-бабының қағидаларын кемiтпей, мүдделi тараптар арасында келiссөздер жүргiзiледi.
2. Егер келiссөз бастау жөнiндегi жазбаша ұсыныс жасалған күннен бастап алты ай iшiнде келiссөздер шешiммен аяқталмаса, даудың тараптары дауды мынадай ұйымдардың кез келгенiне беру туралы келiсiмге келе алады:
а) Инвестициялық дауларды шешу жөнiндегi халықаралық орталыққа (1965 жылы 19 наурызда Вашингтонда, Колумбия аймағы, қол қою үшiн ашылған Инвестиция мәселелерi жөнiндегi мемлекеттер мен басқа мемлекеттiң азаматтары арасындағы дауларды шешу жөнiндегi Конвенцияның қағидалары бойынша және Келiсiлетiн төрелiк және фактiлердi белгiлейтiн Әкiмшiлiк үшiн қолданылуы мүмкiн Қосымша қызметтерге); немесе
б) Халықаралық сауда палатасының Төрелiк Сотына; немесе
в) халықаралық төрешiге немесе ad hoc төрелiк трибуналына, ол арнайы келiсiммен тағайындалуға тиiс немесе БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөнiндегi комиссиясының төрелiк құқықтарына сәйкес құрылады.
3. Егер жазбаша талап қойылған сәттен бастап үш ай мерзiм iшiнде жоғарыда көрсетiлген балама рәсiмдердiң бiрiн пайдалану жөнiнде келiсiмге қол жеткiзiлмесе, онда бұл дау мүдделi инвесторлардың жазбаша нысандағы өтiнiшi бойынша БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы жөнiндегi комиссиясының қолданылып жүрген Төрелiк ережелерiне сәйкес төрелiкке берiлуi мүмкiн.
10-бап
Басқа ережелердi қолдану
Егер Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының заңдарының ережелерi немесе қазiргi кезде бар немесе кейiннен Уағдаласушы Тараптар арасында осы Келiсiмге толықтыру ретiнде белгiленген халықаралық құқық жөнiндегi мiндеттемелерi екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келiсiмде көзделгеннен неғұрлым қолайлы режимге құқық беретiн ережелердi қамтитын болса, онда мұндай ережелер Осы Келiсiмнен мейлiнше қолайлы болуы дәрежесiнде басым болады.
11-бап
Күшiне енуi
Осы Келiсiм бекiтiлуге жатады және бекiту грамоталарымен алмасқан күннен бастап күшiне енедi.
12-бап
Қолданылу мерзiмi және тоқтату
1. Осы Келiсiм он жыл бойы қолданылады. Мұнан соң ол Уағдаласушы Тараптардың бiрi оның күшiн тоқтату туралы екiншi Уағдаласушы Тарапқа жазбаша құлақтандыру жiберген күннен бастап он екi ай өткенге дейiн күшiнде қала бередi. Бұл ретте Осы Келiсiм қолданылған кезеңде жасалған инвестицияларға қатысты оның ережелерi Келiсiмнiң күшi тоқтатылған күннен бастап он жыл бойы қолданыла бередi және кейiн халықаралық құқық ережелерiне кемiтiлмей қолданылады деген шарт қойылады.
2. Осы Келiсiмге Уағдаласушы Тараптар арасындағы жазбаша келiсiм бойынша түзетулер енгiзiлуi мүмкiн. Егер Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екiншi Тарапты мұндай түзетудi күшiне енгiзуге кедергi болатын өзiнiң барлық шарттарының үйлестiрiлгенi туралы хабарласа, кез келген түзету күшiне енуге тиiс.
1997 жылғы 8 көкекте Алматы қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiн бiрдей күшке ие.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде алшақтықтар пайда болған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi Келiсiмнiң мәтiнiн басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн