Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының заңы 1997 жылғы 30 қазандағы N 179

      1992 жылғы 29 қыркүйекте Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы
КЕЛIСIМ *

(Келісім 1998 жылғы 15 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2004 ж., N 4, 16-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi, бұдан әрi "Уағдаласушы Жақтар" деп аталады,
      Қазақстан Республикасы мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға және кеңейтуге ұмтыла отырып,
      өзара теңдiк пен өзара тиiмдiлiк принциптерiн негiзге алып,
      Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының инвесторларының екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясында жүзеге асыратын инвестицияларын ынталандыру, қорғау және қолайлы жағдай жасау ниетiмен,
      инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау Уағдаласушы Жақтардың екеуiнiң арасындағы экономикалық қатынастарды дамыту iсiнде iскерлiк белсендiлiктi арттыратынын мойындай келiп,
      мына төмендегiлер жайында келiстi:

  1-бап
Анықтамалар

      Осы келiсiмде:
      а/ "Инвестиция" терминi экономикалық қызметпен байланысты құралдар мен мүлiктiк құнды заттардың барлық түрлерi деген мағыналы бiлдiредi және ол атап айтқанда мына төмендегiлердi қамтиды, бiрақ тек соларды ғана қамтып қоймайды:
      1/ жылжымалы және жылжымайтын мүлiк және кепiл хұқы сияқты басқа да мүліктiк құқықтар;
      2/ компанияларға салынған салымдар, акциялар және заңды ұйымдардың мүлкiне қатысудың басқа да нысандары;
      3/ ақша қаражаты жөнiнде талап қою хұқы, ақшалай борышты талап ету хұқы;
      4/ өнеркәсiптiк, коммерциялық және интеллектуалдық меншiк құқылары, оның iшiнде авторлық құхыларға, патенттерге, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, фирма атаулары мен өнеркәсiптiк үлгiлерге, коммерциялық құпияларға, технологиялық процестерге, "ноу-хау" және "гудвиллдерге" байланысты хұқықтар; 
      5/ коммерциялық қызмет пен концессиялар жөнiндегi хұқықтар, оның iшiнде табиғи ресурстарды барлауға, өндiруге, алуға немесе пайдалануға қатысты хұқықтар, сондай-ақ заңға немесе келiсiмге сәйкес берiлген барлық басқа да хұқықтар; 
      6/ осы Келiсiмде көзделген және жалгер заңға сәйкес пайдаланатын инвестициялармен байланысты жалға алынған инвестициялық тауарлар. 
      b/ "Инвестор" деген терминнiң мағынасы:
      1/ өз елдерiнде қолданылатын заңға сәйкес Қазақстанның немесе Финляндияның азаматы болып табылатын жеке адам не Қазақстанда немесе Финляндияда қолданылатын заңға сәйкес құрылған, сондықтан өз елiнiң заңына сәйкес екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясына инвестицияларды жүзеге асыруға хұқы бар заңды ұйым; 
      2/ Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң немесе үшiншi бiр мемлекеттiң территориясында орналасқан мекен-жайы бар заңды ұйым, оның үстiне Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң инвесторы оған көбiрек қатысады; 
      3/ 1 және 2-тармақтарда анықтамасы көрсетiлмеген заңды ұйым немесе жеке адам, бұл арада осы ұйым немесе жеке адам жоспарланған әрбiр жеке инвестициясын Уағдаласушы Жақтардың бiрлесiп мақұлдауы шарт. 
      с/ "Табыс" деген терминнiң мағынасы - инвестицияларға байланысты қызметтiң нәтижесiне түскен ақша сомасы немесе басқа да мүлiктiк құнды заттар, оның iшiнде атап айтқанда түскен пайда, өсiм, дивидендтер, роялтилер және осы Келiсiмнiң 6-бабында айтылған басқа да өтемдер, бiрақ тек осылар ғана емес.
      d/ "Территория" деген термин Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының мемлекеттiк территориясы, сондай-ақ экономикалық аймақ, балық ауланатын аймақ және Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының территориялық сулары шегiнен тыс жатқан кезде Уағдаласушы Жақтар халықаралық хұқыққа сәйкес табиғи ресурстарды барлау, пайдалану және сақтау мақсатымен өздерiнiң егемендi хұқықтары мен заңдарын жүзеге асыратын континенттiк шельф деген мағынаны бiлдiредi.

  2-бап
Келiсiмдi қолдану

      1. Осы Келiсiм территориясында инвестициялар жүзеге асырылып жатқан Уағдаласушы Жақтың заңына сәйкес iске асырылған инвестицияларға қолданылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып, бұл Келiсiм Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң инвесторлары екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясында жүзеге асырған барлық инвестицияларға осы Келiсiм күшiне енгенге дейiн де және одан кейiн де қолданыла бередi.

  3-бап
Мейлiнше қолайлылық режимi

      1. Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының өз территориясында осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар және олардан алынатын табыстар жөнiнде жасайтын режимiнiң қолайлылығы үшiншi бiр елдер инвесторларының осындай жағдайлардағы инвестициялары мен табыстары жөнiнде қолданылатын режимнен кем болмайды. 
      2. Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң инвестициялары соғыс немесе басқа да қарулы жанжалдар, төтенше жағдай жариялануы, қоғамдық тәртiпсiздiктер салдарынан шығындарға ұшыраса, екiншi Уағдаласушы Жақ оның инвесторларына қолайлылық режимiн жасауды қамтамасыз етедi, бұл режим мүлiктi қалпына келтiру, мүлiктiң есесiн қайтару орнын толтыру немесе материалдық құнды заттарға байланысты реттеудiң басқа да түрлерi жөнiнде екiншi Уағдаласушы Жақтың кез келген үшiншi бiр елдердiң инвесторларына қолданатын қолайлылық режимiнен кем болмауы керек.
      Осының алдындағы абзацта айтылған төлемдер еркiн айналымдағы валюта арқылы жүзеге асырылуы тиiс және бiр елден екiншi елге еркiн аударылуға тиiс.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген режим Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң үшiншi бiр елдердiң инвесторларына, инвестицияларына және табыстарына беретiн және де:
      - экономикалық кеңiстiк, кедендiк одақ немесе еркiн сауда аймағы туралы қазiргi бар және болашақтағы келiсiмнен;
      - екi жақтан салық салудан босату туралы келiсiмнен;
      - салық салумен толық немесе iшiнара байланысты басқа да халықаралық келiсiмнен туындайтын артықшылықтарға, жеңiлдiктерге немесе есесiн қайтарудың негiздерiне қолданылмайды.

  4-бап
Инвестицияларды қорғау

      Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға, сондай-ақ инвестициялардан түсетiн табыстарға барлық жағдайда және өзiнiң заңдары мен ережелерiнде көзделген шеңберде, сондай-ақ халықаралық хұқыққа сәйкес ақылға сыйымды және әдiл режим жасауды қамтамасыз етедi.

  5-бап
Экспроприация

      1/ Кез келген Уағдаласушы Жақ инвесторларының екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясында жүзеге асырған инвестицияларын мемлекет қарамағына алуға, экспроприациялауға немесе олар жөнiнде сол мемлекет қарамағына алудан, экспроприациялаудан туындайтын зардаптарға ұшырайтындай шараларды /бұдан әрi - "экспроприация"/ қоғамдық мүддеден басқа жағдайға қолдануға болмайды. Оның үстiне осы территорияда қолданылатын заң бойынша белгiленген тәртiп сақталады және тиiстi өтем төленедi.
      Мұндай шаралардың кемсiту сипаты болмауы керек.
      Өтем жөнiнде есеп айырысу, тура экспроприация жүзеге асырылар алдынан немесе осындай шаралардың қолданылатыны туралы шешiм халыққа жарияланғаннан кейiн жүргiзiледi, ол бұдан бұрын қандай оқиғалар болатынына байланысты етiп жүргiзiледi және бағалаудың халықаралық практикада қабылданған принциптерiне сәйкес айқындалады. Өтем еркiн айналымдағы валютамен мүлiктiң құны белгiленген күнi қолданылған ресми валюта курсы бойынша төленедi. Өтем қаржының сомасы, әдетте оны аударуға байланысты iстi хаттау үшiн керек болатын мерзiм iшiнде, бiрақ экспроприация жасалған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей негiздi себепсiз кiдiрiлмей аударылады. Өтем соманың мөлшерiне инвестициялар құнының өсiмi қосылуы тиiс, ол осы инвестициялардың нақты құны белгiленген күнiнен бастап Лондон банкаралық ұсыныс ставкасына /ЛИБОР/ сәйкес төленген күнiне дейiн есептеледi. Мұндай ставка жоқ болған күнде мәжбүр ету шараларын жүзеге асырып отырған Уағдаласушы Жақтың орталық банкi қолданатын әдеттегi коммерциялық өсiм мөлшерi пайдаланылады.
      Инвесторларына нұқсан келген инвестор экспроприация жасаушы Уағдаласушы Жақтың заңдарына сәйкес өзiнiң бұл iсiн тез арада сотта немесе осы Уағдаласушы Жақтың басқа бiр тәуелсiз органында қаратуға және осы тармақта айтылған принциптерге сәйкес өз инвестицияларының құнын анықтатуға құқылы. 
      2. Егер Уағдаласушы Жақтардың бiрi қолданылып отырған заңдарға сәйкес өз территориясының кез келген бөлiгiнде құрылған компанияның немесе кәсiпорынның мүлкiн экспроприацияласа және олардың акцияларын екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторлары иеленiп отырса, осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылады. 

  6-бап
Инвестицияларға байланысты төлемдердi, табыстарды аудару және жылжымалы мүлiктi қайтару

      Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторларына инвестицияға байланысты жылжымалы мүлiктi негiзделмеген себепсiз кiдiртпей, бiрақ үш айдан аспайтын мерзiмде кедергiсiз қайтарып берудi және инвестицияларға байланысты төлемдердi және атап айтқанда мына төмендегiлердi еркiн айналымдағы валютамен аударуды қамтамасыз етедi: 
      1/ пайда, дивидендтер, өсiмдер, роялтилер, лицензиялық төлемдер, комиссиялық сыйақы, техникалық көмек пен техникалық қызмет үшiн төлемдер және екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторы жүзеге асырған инвестициялардан алынатын басқа да табыстар;
      2/ қарыздар немесе тиiстi мiндеттемелердi орындауға байланысты ақша сомасы;
      3/ инвестицияларды сатуға, iшiнара немесе толық жоюға байланысты инвесторға берілуге тиiстi сома;
      4/ инвестор елiндегi азаматтардың жалақысы және инвестицияларға байланысты қабылдаушы елдiң территориясында атқарылған жұмыс үшiн берiлетiн табысқа байланысты басқа да кiрiстер.

  7-бап
Инвестицияларды жүзеге асыруға жәрдемдесу

      Уағдаласушы Жақтар өз заңдарының шеңберiнде инвестициялық қызмет үшiн қолайлы жағдайлар жасалуына көмектеседi.

  8-бап
Уағдаласушы Жақ пен инвестор арасындағы даулар

      1. Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Жақ территориясындағы инвестицияларына қатысты бiр Уағдаласушы Жақтың инвесторы мен екiншi Уағдаласушы Жақтың арасында хұқылық дау туып дауласушы жақтар оны реттеу туралы екi жақтың бiрi екiншi жаққа жазбаша талаптарын табыс еткен күннен бастап үш ай iшiнде уағдаластыққа қол жеткiзе алмаса, мұндай хұқылық даулар екi жақтың бiрiнiң талап етуiмен мына төмендегiлердiң қарауына берiле алады: 
      а/ инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi Халықаралық орталық /бұдан әрi "орталық" деп аталады/; бұл арада егер Уағдаласушы екi Жақ осы айтылған Келiсiмге қатысушылар болса, 1965 жылғы наурыз айының 18-iнде Вашингтонда жасалған мемлекеттердiң және басқа мемлекеттер азаматтарының арасындағы инвестициялар саласында дауларды реттеу туралы Конвенцияның /Конвенция IСSID/ оңтайлы ережелерi ескерiледi; немесе 
      б/ Бiрiккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда хұқы жөнiндегi комиссиясының қолданылып жүрген Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын "ad hoc" халықаралық төрелiк сотқа. 
      Дауласушы жақтар Төрелiк регламенттiң ережелерiндегi өзгерiстер туралы жазбаша уағдаласқан келiсiмдер жасаса алады. 
      2. Дауды төрелiк соттың қарауына беруге қатысты осы баптың 1-тармағының ережелерiне қарамастан инвестор оны шешудiң ретiн дауды төрелiк соттың қарауына бергенге дейiн таңдауына хұқы бар. 
      3. Уағдаласушы Жақтар төрелiк соттың шешiмiн мойындайды және оны шетелдiк төрелiк шешiмдердi мойындау және орындау туралы 1958 жылы Нью-Йоркте қабылданған  Конвенцияға сәйкес орындайды.

  9-бап
Уағдаласушы Жақтар арасындағы даулар 

      1. Уағдаласушы Жақтар арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты даулар мүмкiндiгiнше дипломатиялық арналар арқылы шешiлуге тиiс.
      2. Уағдаласушы Жақтар арасындағы дауды дипломатиялық арналар арқылы шешу мүмкiн болмаған жағдайда Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша оны төрелiк соттың қарауына берген жөн. 
      3. Мұндай төрелiк сот әрбiр нақты жағдай үшiн мынадай тәртiппен бөлек құрылатын болады. Төрелiк туралы өтiнiш алынғаннан кейiн екi ай iшiнде Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы бiр-бiрден төрешi тағайындайды. Осы екi төрешi бұдан кейiн Уағдаласушы Жақтардың келiсуi бойынша төрелiк соттың төрағасы болып тағайындалатын үшiншi бiр мемлекеттiң азаматын сайлайды. Төраға төрелiк соттың басқа екi мүшесi тағайындалған күннен кейiн екi айдың iшiнде тағайындалуға тиiс. 
      4. Егер қажеттi тағайындаулар осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мерзiмде жүзеге асырылмаса, Уағдаласушы Жақтардың қай-қайсысы да өзге уағдаластық болмаған жағдайда Халықаралық Соттың төрағасынан қажеттi тағайындаулар жүргiзуге өтiнiш жасай алады. Егер Төраға Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң азаматы болса немесе егер ол қандай да бiр себептерге байланысты аталған қызметтi жүзеге асыра алмайтын болса, онда қажеттi тағайындауларды жүргiзу Халықаралық Соттың Вице-Төрағасына ұсынылады. Егер Вице-Төраға Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң азаматы болса немесе егер ол да аталған қызметтi жүзеге асыра алмайтын болса, онда қажеттi тағайындауларды Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң азаматы болып табылмайтын және аталған қызметтi кедергiсiз жүзеге асыра алатын Халықаралық соттың үлкендiгi бойынша одан кейiн тұрған мүшесiне ұсынылады. 
      5. Төрелiк сот шешiмдi көпшiлiк дауыспен қабылдайды. Төрелiк соттың шешiмi Уағдаласушы Жақтардың екеуiне де мiндеттi болып табылады. Уағдаласушы Жақтар төрағаның шығынын теңдей бөлiп көтередi. Тағайындалған төрешiнiң қызметiне байланысты шығындарды Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы өтейдi. Төрелiк сот алайда өзiнiң шешiмiнде Уағдаласушы Жақтардың бiрi шығындардың көпшiлiк бөлiгiн көтередi деп белгiлеуi мүмкiн, ал мұндай шешiм Уағдаласушы Жақтардың екеуiне де мiндеттi болады. Iс жүргiзу тәртiбi туралы мәселенi соттың өзi шешедi.

  10-бап
Суброгация

      Егер Уағдаласушы Жақ немесе оның тағайындаған өкiлi осы Уағдаласушы Жақ инвесторының инвестициялары жөнiнде өздерi берген кепiлдiк негiзiнде инвесторға өтем төлесе, онда осы Уағдаласушы Жақ немесе оның тағайындаған өкiлi суброгация ретiнде инвестордың осы Келiсiмге негiзделген тиiстi хұқықтарына ие болады. 

  11-бап
Ұлттық заңдар мен халықаралық келiсiмдердi қолдану

      Егер Уағдаласушы Жақтардың бiрi өзiнiң заңдарына немесе Уағдаласушы Жақтардың екеуi де қатысатын Халықаралық Келiсiмге сәйкес екiншi Уағдаласушы Жақ инвесторларының инвестицияларына осы Келiсiм жасаған қолайлы режимнен қолайлырақ режим жасайтын болса, онда қолайлырақ режим қолданылады.

  12-бап
Келiсiмнiң күшiне енуi, мерзiмi және қолданылуының тоқтатылуы

      1. Осы Келiсiм Уағдаласушы Жақтар Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi конституциялық хаттай iстерiнiң орындалғаны туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы хабарланғаннан соң отыз /30/ күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм он бес /15/ жыл бойы қолданылады және егер осы баптың 3-тармағына сәйкес доғарылмаса, ол осы мерзiм аяқталғанға дейiн күшiнде болады. 
      3. Уағдаласушы Жақтардың кез келгенi алғашқы он бес /15/ жыл мерзiм өткеннен кейiн немесе бұдан кейiнгi кез келген уақытта бұл жайында екiншi Уағдаласушы Жақ дипломатиялық арналар арқылы алдын ала кемiнде бiр /1/ жыл бұрын хабардар етiп, оның қолданылуын тоқтата алады. 
      4. Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылғанға дейiн жүзеге асырылған инвестициялар жөнiнде I - II-баптардың ережелерi Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылғаннан кейiн он бес /15/ жыл бойы күшiнде қала бередi.
      Алматы қаласында 1992 жылғы 29 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, фин және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа дана етiп жасалды, барлық текстердiң күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасының    Финляндия Республикасының
      Үкiметi үшiн                 Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады